ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ПУЛ ШЫМКЕНТ ПЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АУМАҒЫНДАҒЫ ҮШ ЖОБАМЕН ТОЛЫҚТЫРЫЛДЫ

Қазақстан мен Өзбекстан Қазақстан Президентінің 2022 жылғы желтоқсандағы Өзбекстанға сапары шеңберінде қол қойылған инвестициялық келісімдер мен сауда келісімшарттарын іске асыру жөніндегі Жол картасын өзектендірді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылғы 2 наурызда Шымкентте өткен кооперациялық жобалардың іске асырылу барысына мониторинг жүргізу және импортты алмастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысы кезінде екі ел Премьер-Министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Жамшид Ходжаев жаңартылған құжатты келісті.

Өзектендірілген Жол картасы қазақстандық астықты 1 миллион тоннаға дейін терең өңдеу бойынша кластер құруды және «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында өсімдік майын тазарту жөніндегі жобаны іске асыруды көздейді. Сонымен қатар, инвестициялық пул Шымкент пен Түркістан облысының аумағында тоқыма өнеркәсібін жандандыруға және дамытуға серпін беруге арналған үш жобамен толықтырылды.

Әңгіме Шымкентте қуаттылығы жылына 18 000 тонна мақта талшығы бар тоқыма фабрикаларын іске қосу, мұнда қуаттылығы жылына 5500 тонна мақта талшығы бар тоқыма кешенін және 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылатын Түркістан облысында тоқыма кластерін ұйымдастыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы болып отыр.

Сондай-ақ Тараптар Өзбекстан Республикасының Чирчик қаласында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің базасында Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалдарын ашу мәселесін жан-жақты пысықтауға келісті.

Сондай-ақ кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылысының орнын анықтады. Тиісті хаттамаға Қазақстан мен Өзбекстан Премьер-министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Жамшид Ходжаев қол қойды.

Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының орналасқан жері «Атамекен» (ҚР) – «Гүлистан» (ӨР) халықаралық (көпжақты) өткізу пункттері ауданында айқындалған. Енді тараптар әрқайсысы 50 гектардан халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын салу үшін жер телімдерін бөлу және резервке қою мәселелерін пысықтайтын болады.

Сондай-ақ, хаттамамен 2023 жылғы 15 наурызға дейінгі мерзімде халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында орналастыру үшін әлеуетті жобалардың тізбелерімен алмасу уағдаластығы бекітілді.

Қазақстандық және өзбекстандық сауда ведомстволары жобаның кураторлары ретінде бір ай мерзімде халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында өндірілетін тауарлар мен жүктерді өткізу үшін «жасыл» дәліздің қолданылуын тарату мәселелерін келісуге, сондай-ақ халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында қолданылатын жеңілдіктер мен преференцияларды тепе-тең негізде айқындауға келісті.

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин кооперациялық жобалардың іске асырылу барысына мониторинг жүргізу және импортты алмастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысынан кейін Шымкент қаласының тұрғындары мен кәсіпкерлерімен кездесу өткізді.

Бұл шымкенттіктермен соңғы жарты жылдағы екінші кездесу, бірінші кездесуде бизнес өкілдер олардың бизнесінің толыққанды дамуына кедергі келтіретін көптеген маңызды мәселелер көтерді.

Бұл жолы Серік Жұманғарин Үкіметтің халық пен кәсіпкерлерді қолдау аясындағы шаралары туралы хабардар етумен қатар, қарашадағы бірінші кездесуде айтылған мәселелер бойынша жұмыстың іске асырылу барысы туралы есеп берді.

Шешілгендердің ішінде – өңірлерде жиі көтерілетін мәселе жүн мен тері экспортына кедендік жеңілдіктер туралы.

«Бұл мәселе әртүрлі өңірлерде, ШҚО-да, Астанада қой шаруашылығымен айналысушылармен кездескен кезде бірнеше рет көтерілді», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Жақында ол бойынша шешім қабылданды: 22 ақпанда ведомствоаралық комиссияның отырысында жүнге ЭКБ нөлдік мөлшерлемесін ұзарту мәселесі мақұлданды. Республикалық бюджет комиссиясының оң қорытындысын алғаннан кейін СИМ өздеріне қатысты кедендік әкету баждары қолданылатын тауарлардың тізбесіне өзгерістер енгізу бойынша барлық қажетті рәсімдерді жүргізеді.

Жұмыста тағы бір маңызды мәселе – жергілікті қамту үлесі бөлігінде «Самұрық-Қазына» қорының мемлекеттік органдары мен компаниялары сатып алған жеңіл өнеркәсіп тауарларына СТ-KZ тауарларының шығу сертификаттарының болуы. Бұл мәселемен СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті айналысады. Комитет Қордың сатып алуларына талдау жүргізіп, ықтимал сәйкессіздіктерді анықтап, оларды жою жөніндегі шараларды қормен пысықтап жатыр.

Өткен жылдың қараша айында оңтүстік өңірлердің кәсіпкерлері Еуропа елдеріне өнім экспорттау үшін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының еурокодты аккредиттеу және алу процесін жеделдетуді сұрады. Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселемен өте тығыз айналысатынын түсіндірді. Жақында Брюссельге сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорының орынбасары Әсел Егембердиева еуропалық комиссарлармен кездесті. Келіссөздер нәтижесінде а. ж. 15 наурызда ресми түрде балық жеткізушілердің тізімін жаңартуға қол жеткізілді. Франция мен Швейцариямен қазақстандық балық өнімдерін сатып алуға коммерциялық уағдаластықтар қолда бар. Қазіргі таңда балық шаруашылығы өндірушілердің аудит жұмыстары аяқталуда. Бұл шара бал, сүт ет өнімін өндіретін экспортерлерін реестрге енгізу жұмыстарын бастауға ықпал етпек.

Екінші кездесу барысында қала тұрғындары мен кәсіпкерлері астық тасымалдау, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау, Қазақстанның батыс немесе шығыс өңірлеріне тауарларды жеткізу үшін оңтүстік өңірлер өндірушілерінің көлік шығыстарын субсидиялау мүмкіндігі, ел ішіндегі қазақстандық тоқыма бұйымдарының бәсекеге қабілеттілігі және т.б. мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, «Отан-Агро» ЖШС басшысы Берік Орынтаев жылыжайларды субсидиялау мәселесін көтерді.

«Бүгінде республиканың өнеркәсіптік жылыжайларының негізгі үлесі Шымкентте шоғырланған. Маусымаралық кезеңде коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жылыжай шаруашылықтарының жағдайын нашарлатады. Коммуналдық қызметтер үшін жылыжай төлемдерінің 50% субсидиялауға бола ма?», – деп сұрады ол.

Серік Жұманғарин Үкіметтің жылыжай шаруашылықтарын қолдау шаралары жөніндегі жұмысы туралы айтып берді.

– Ақпан айында мен Түркістан облысының Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында болдым, қыста қалыптан тыс суық ауа райы және қардың көп болып түсуі, көмірдің жетіспеушілігінен жылыжайлар зардап шекті. – Өңірде 2 миллионнан астам адам тұрады және мемлекеттің басты міндеті – өндірістерді, жаңа жұмыс орындарын дамыту үшін барынша жағдай жасау. Жылыжай шаруашылықтарын қолдауға субсидиялар бөлу туралы шешім қабылданды. Қазір жылыжайлар үшін ұлттық стандарт әзірленуде, ол бекітілгеннен кейін жылыжай шаруашылықтарына субсидиялар бөлу мүмкіндігі үшін заңнамаға өзгерістер енгізілетін болады. Көмір бойынша жақында Шұбаркөл көмір қорының басшылығымен жылыжайларға көмірді тікелей биржа арқылы, дилерлердің көмегімен сату мүмкіндігі бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондықтан бұл мәселе жақын арада шешіледі деп ойлаймын.

Бизнес-қоғамдастықпен кездесуден кейін Серік Жұманғарин азаматтарды жеке қабылдап, БАҚ үшін брифинг өткізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған