«КЕЗ КЕЛГЕН КЕЛЕҢСІЗ ЖАЙТТЫ БОЛДЫРМАУДЫҢ ЕҢ БАСТЫ ҚАҒИДАСЫ – САҚТАНУ»

Нұрғали Сырлыбайұлы ЖҮНІСОВ, ҚР ТЖМ Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

«КЕЗ КЕЛГЕН КЕЛЕҢСІЗ ЖАЙТТЫ БОЛДЫРМАУДЫҢ ЕҢ БАСТЫ ҚАҒИДАСЫ – САҚТАНУ»

Мемлекеттік органдардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алумен оларды жою жөніндегі қызметін, оның ішінде өрт сөндіру, құтқару қызметін ақпараттық қолдау және түсіндіру жұмыстары – халқымыздың қауіпсіз өмір сүруінің кепілі екені анық. Біздің Түркістан облысы халқының тығыздығы жағынан алғашқы орындарда тұратынын, сонымен қатар жаз айларының аптап ыстық өңірге жататын аймақ екенін ескерсек табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлармен күресу жұмыстарының да үздіксіз, жан-жақты жүргізіліп жататынын аңғарамыз.

Осы орайда біз Қазақстан Республикасы ТЖМ Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жүнісов Нұрғали Сырлыбайұлынан бірқатар толғандыратын сұрақтарға жауап беруін өтініп едік.

ҚЫСҚАША ӨМІРБАЯН

Қазақстан Республикасы ТЖМ Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, Азаматтық қорғау полковнигі Жүнісов Нұрғали Сырлыбайұлы 1975 жылы 23 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қаратөбе ауылында дүниеге келген.

1998 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы жоғары техникалық училищесін бітірген. Білімі бойынша «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бар.

ЕҢБЕК ЖОЛЫ:

1997 жылдың тамызынан 1998 жылдың мамырына дейін – Оңтүстік Қазақстан облысы МӨҚҚ № 1 жасағының инженері.

1998 жылдың мамырынан 1998 жылдың желтоқсанына дейін – Оңтүстік Қазақстан облысы МӨҚҚ жедел бөлімінің инженері.

1998 жылдың желтоқсанынан 2002 жылдың шілдесіне дейін – Оңтүстік Қазақстан облысының МӨҚҚ жедел басқармасының аға инженері.

2002 жылдың шілде айынан 2005 жылдың ақпан айына дейін – Оңтүстік Қазақстан облысы МӨҚҚ ММ материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы.

2005 жылдың ақпан айынан 2006 жылдың шілде айына дейін – «ӨСжАҚЖҚ» ММ ОҚОФ техника және байланыс құралдары бөлімінің бас маманы.

2006 жылдың қыркүйегінен 2007 жылдың желтоқсанына дейін – Оңтүстік Қазақстан облысы ӨҚД әкімшілік жұмыс басқармасының бастығы.

2007 жылдың желтоқсан айынан 2008 жылдың шілде айына дейін Қызылорда облысы «ӨСжАҚЖҚ» ММ 11 – МӨСБ бастығының орынбасары.

2008 жылдың қыркүйек айынан 2010 жылдың қазан айына дейін – Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД Мемлекеттік сатып алу және материалдық техникалық қамтамасыз ету және активтер бөлімінің бастығы.

2010 жылдың қараша айынан 2012 жылдың ақпан айына дейін – Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД МТҚ және активтерді Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы.

2012 жылдың ақпан айынан 2013 жылдың ақпан айына дейін – Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Өрт сөндіру және АҚЖ басқармасының бастығы.

2013 жылдың ақпан айынан 2014 жылдың тамыз айына дейін – Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Өрт сөндіру және АҚЖ басқармасының бастығы.

2014 жылдың тамыз айынан бастап 2017 жылдың ақпан айына дейін – Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы.

2017 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың тамыз айына дейін – Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖД бастығының орынбасары.

2018 жылдың шілде айынан бастап 2018 жылдың тамыз айына дейін – Түркістан облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы.

2019 жылдың тамыз айынан – Түркістан облысы ТЖД бастығы

– Өңіріміздегі сіз басшылық жасайтын саланың жауапкершілігі өзге салаларға қарағанда өте жоғары екенін баршамыз білеміз. Ең алғаш еңбек жолыңызды бастаған кезіңіз, туған жеріңіз жайлы айтсаңыз.

– Өте дұрыс айтасыз. Бұл сала ең алдымен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі қызмет, сонымен қатар өрт сөндіру, құтқару қызметімен айналысады. Ең алдымен адам өмірі үшін көбірек жауапкершілік артылатын сала. Сондықтан бұл саланы таңдаған кезде, осы салада қызмет еткен әрбір жан қиындығы мен жауапкершілігін сезіне отырып таңдайды деп ойлаймын.

Ал менің туған жеріме келетін болсақ, мен Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан), Сайрам ауданы, Қаратөбе ауылында дүниеге келгенмін. Алғашқы еңбек жолымды 1997 жылдың тамыз айында Оңтүстік Қазақстан облысы МӨҚҚ №1 жасағының инженері ретінде бастағанмын. Содан бері осы салада қызмет етіп келемін.

Төтенше жағдайларға жалпы не жатады? Осы жайтты қарапайым оқырманның бірі білсе, екіншісінің білмейтіні анық.

– Төтенше жағдай дегеніміз – аты айтып тұрғандай аяқ асты орын алатын түрлі табиғи және адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтамағаннан туатын апатты жайттар.

Тарқатып айтар болсақ, төтенше жағдай – белгілі бір аумақта халықтың өмір сүруіне қауіп төндіретін табиғи құбылыстар, апаттар, стихиялық немесе басқаша түрде болатын апаттар арқылы халықты материалдық шығындарға ұшыратып, олардың денсаулықтарына залал келтіретін, адам құрбандығына алып келетін жағдайлардың орын алуы.

Орын алған төтенше жағдайлардың көлемі, сипаты, тудырып отырған залалдары алдындағы жағдайлар арқылы анықталады. Сонымен қатар апаттан кейінгі кезең апаттың әлеуметтік-мәдени, экономикалық, өндірістік, психологиялық, демографиялық процестерге тигізетін деструктивті әсерлерін шын мәнінде анықтауға мүмкіндік береді.

– Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға нелер жатады? Ара жігін тарқатып айтып берсеңіз…

– Біздің еліміз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет болғандықтан кез-келген сала заңмен қорғалған. Осы орайда Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды «Азаматтық қорғау туралы» ҚР заңының 1-бабында толықтай тарқатып жазылған. Атап айтар болсақ:

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті табиғи құбылыстар (геофизикалық, геологиялық, метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрогеологиялық қауіпті құбылыс), табиғи өрттер, эпидемиялар, ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдануы салдарынан қалыптасқан төтенше жағдайлар;

Техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен, көлiк авариялары мен басқа да авариялардан, өрттерден (жарылыстардан), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар жайылатын (жайылу қатері бар) авариялардан, ғимараттар мен құрылыстардың кенеттен құлауынан, бөгеттердің бұзылуынан, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр энергетикасы және коммуникация жүйелерiндегi, тазарту құрылыстарындағы авариялардан болған төтенше жағдайлар;

Осынау заңда төтенше жағдайға айрықша тоқталғанын да айта кеткім келеді. Төтенше жағдай – адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай.

– Аталған апаттар қандай қауіптердің орын алуына әкеледі?

– Қазақ халқы өте дана халық қой. Бір ауыз сөзге кез келген бір кітаптық даналықты сыйғызып жіберетін. «Апат айтып келмейді» дейді емес пе, дана қазақ? Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар да сол айтып келмейтін апаттарға жатады.

Қарапайым ғана мысал, біздің Түркістан облысына келсек, биылғы Мақтаарал мен Қазығұрт аудандарындағы қатты жауын-шашыннан орын алған су басу жағдайларын табиғи сипаттағы төтенше жағдайға жатады. Мұндай жайттарда Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесе отырып қарапайым халық та жұмыла жұдырық болып кірісудің арқасында төтенше жағдайдың салдарын жеңіп шыға алдық. Осы орайлы сәтті пайдаланып мамандармен бірлесе жүріп қолдау көрсеткен облыс тұрғындарына алғыс айтқым келеді.

Ал техногендік жағдайды айтсақ, 2019 жылдағы Арыстағы әскери бөлімдегі оқ-дәрілердің жарылуы пен 2020 жылдағы Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуынан орын алған төтенше жағдай кіреді. Сондай-ақ, былтырғы Арыстағы темір жолдағы сары фосфордың жануы сияқты т.б. оқиғалар. Салдарынан қаншама адам зардап шегіп, үлкен материалдық шығын келді.

Міне, бұл жайттардың қай-қайсысы болмасын қауіпті де қатерлі. Осы орайда алдын алу мен ескерту, жаднамалық түсіндіру жұмыстары біздің департамент мамандарының атсалысуымен үздіксіз әрі ауқымды жүріп отырады.

– Өңірдегі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі жұмыстар ауқымды түрде жүргізіліп жатқанын атап өттіңіз. Десек те, біздің Түркістан облысы жаз мезгілі ең аптап ыстық болатын өңірге жатады. Өрттің алдын алу жұмыстарына тоқтала кетсеңіз.

– Биылғы жылы жаңбыр молынан жауып облыс аумағында шөп қалың болды, қазіргі таңда күннің ысып, өрт қауіпті кезең өтуде. Департаментпен және жергілікті атқарушы органдардың жүйелі жұмыстарының нәтижесінде облыс аумағында бүгінгі күнге орман өрті тіркелген жоқ. 2021 жылы басынан орман шаруашылығында жалпы көлемі 67,2 га. құрайтын 6өрт оқиғасы тіркелді (материалдық шығын – 482 000 тг.)

Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері алдын алу бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Атап өтер болсам:

Облыс аумағында орман-дала өрттерін алдын алу мақсатында «Орман, дала өрттерін алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар» жоспар бекітіліп бірқатар іс-шаралар атқарылды.

Дала орман өрттерін алдын алу мақсатында облыс бойынша өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілуде

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 412; (орындалғаны – 412)

Облыстық маңызы бар автомобиль жолдары: 2262; (орындалғаны – 2262)

Қазақстан Теміржолы Түркістан облысы бойынша филиалы – 284/ (орындалғаны – 284)

(ҚР Жануарлар әлемін қорғау комитетіне қарасты қорықтар – 602/ (орындалғаны – 602 шм)

Табиғатты қорғау және реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығы мекемелері – 9068/ (орындалғаны – 9068 шм)

Егіс алқаптарында – 3257/ (орындалғаны 3257)

Қала,аудандық әкімдіктер – 2385/ (орындалғаны 2385)

Жылда облыстық төтенше жағдайлар департаментімен мамыр және маусым айында минералды жолақ жырту жұмыстарына комиссия құрамында бақылау жүргізіледі.

Өрт қауіпті кезеңде жеке тұлғалардың болуын және көлік құралдарының мемлекеттік орман қоры аумағына кіруін шектеу бойынша рейдтік іс-шараларды жүзеге асыру үшін облыс бойынша бірлескен мобильді топтар құрылды (азаматтық қорғау, Ішкі істер органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар және Ормандарды қорғау мекемелерінің қызметкерлері қатарынан 93 адамнан тұратын жалпы 14 топ).

Бүгінгі күнге мобилді топтармен 108 рейд жүргізілді. Рейдтік іс-шаралар барысында жұмылдыру топтары өрт қауіпсіздігін бұзғаны үшін жалпы сомасы 459 450 теңгеге 18 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары А. Жетпісбаймен 2020 жылғы 28 қыркүйекте Түркістан облысы аумағында мемлекеттік өртке қарсы қызметі құрылмаған елді мекендерде 2021-2023 жылдарда кезеңімен өрт сөндіру бекеттерін құру жоспары бекітілген.

Жоспарға сәйкес 2022 жылы 10 маусымдық өрт сөндіру бекетін құруды қажет етеді. Қазіргі таңда 6 өрт сөндіру бекеті құрылып, қалған бекет құру жұмыстары қала, аудан әкімдіктерімен жұмыстар жүргізілуде.

Соңғы жылдары осы құрылған табиғи өрттерді өз күштерімен біздің қатысуымсыз тиісті аумақтардағы өрттерді дер кезінде сөндіруге үлкен септігін тигізді (918 га құрайтын 113 өрт ошақтарын сөндірді).

– Облысымызда қанша орман шаруашылығы мекемесі бар? Жалпы ауданы қандай?

– Облыста жалпы 12 орман шаруашылығы мекемесі орналасқан. Орман қоры жерлерінің жалпы ауданы 3 млн. 453 мың 441 га, оның ішінде орманды алқабы 2 млн. 405 мың 332 га, ормансыз алқабы 1 млн. 048 мың 109 га. Осы орман шаруашылықтарында жалпы 22 өрт сөндіру автокөліктері мен 50 бейімделген қосалқы техникалары, 3 тонналық суы бар 45 тіркемелі бөшкелер, 45 мотопомпа, 398 өрт сөндіру құралдары (аспалы 311, ауалы 87), 1944 өрт сөндіргіш, 48 өрт бақылайтын биік мұнаралары және 362 адамды құрайтын ерікті өртке қарсы құрылымдарымен бірге өрт-химиялық стансаларымен қамтамасыз етілген.

– Сол жаз айларында болатын аптап ыстықпен қатар шомылу маусымының да нағыз қызатын шағы. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы айтсаңыз.

– Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысы республикамыздың климаты ең ыстық аймақтардың бірінде орналасқандықтан, бізде шомылу маусымы сәуір айынан басталып, қазан айының соңына дейін жалғасады. Сонымен қатар, шілде айларында күннің ыстықтығы 50 +С градусқа дейін барады.

Түркістан облысы өз кезегінде, қала, аудан әкімдіктерімен және басқа құзырлы мекемелермен бірлесе отырып, су айдындарында адамдардың қаза болуын алдын алу мақсатында облыс әкімімен бекітілген жоспарға және облыстық ТЖК отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, тиісті жұмыстар ұйымдастырылып, жүргізілуде.

Аталған жоспарды жүзеге асыру барысында Арыс қаласы және Шардара, Жетісай ауданы әкімдігімен 33 дана каркасты бассейндер сатып алынып, шомылу орындары жоқ елді-мекендерде орнатылды.

2022 жылы шомылу кезеңінде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Департаментпен ЖАО, Полиция департаменттері және басқа да ұйымдармен бірлескен жоспарлар бекітілген.

Атап айтатын болсақ, бүгінгі таңда 1796 рейдтік жұмыстар, 33 – теледидардан және радиодан сөйлеу, 6 – брифинг, 82 көрнекі стендтер, «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша әлеуметтік желілерде 11 – бейнеролик орналастырылды, 41 740 – үгіт-насихат материалдары таратылды, 128 – интерактивті сабақ, газетте және журналдар мен БАҚ-да – 684 мақала жарияланды. Сондай-ақ, облыс бойынша 112 қауіпті учаскелер анықталып, аталған орындарға 170 «Шомылуға тыйым салу» белгілері орнатылды.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 440 бабы бойынша 184 жеке тұлғаға 2 млн.052 мың 210 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, 364-бап «ескерту» бойынша 218 жеке тұлғаға берілді.

Сонымен қатар, айта кету қажет Отырар, Арыс аудандарында жұмыспен қамту орталығынан ЖҚЖ-ның оқытуымен 33 жасақшылар құтқарушылар (спасатели дружинников) дайындалды.

Балалардың қауіпсіздігін ұйымдастыру үшін жеке меншік бассейндері бар кәсіпкерлермен 21 меморандум түзіліп, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балаларын ақысыз суға шомылдыру ұйымдастырылуда.

Нәтижесінде, 500-ден аса балалар тегін шомылдырылып, жүзуге үйретілді.

Жүргізілген жан-жақты және тұрақты профилактикалық жұмыстарға қарамастан, өкінішке орай, су айдындарында адамдардың қаза болуы бүгінгі таңда біз үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Биылғы жылдың басынан облыс аумағында 10 (2021 ж. – 29) жағдайы тіркелді. Ең өкініштісі, қайтыс болғандардың арасында 7 (2021 ж. – 21) кәмелетке толмаған бала болып отыр. Жағдай өткен жылмен салыстырғанда жағдай 34%-ға азайды. Сондай-ақ, суаттардың маңында ата-ананың қарауынсыз жүрген 200-ге жуық бала ата-анасына тапсырылды.

– «Сақтансаң сақтаймын» дейді. Төтенше жағдайлар саласындағы мамандардың ең басты ұраны шығар деп ойлаймын. Дегенмен, түрлі сипаттағы апатты жағдайлар орын алмас үшін олардың алдын алу мақсатында қандай шаралар қолданылуда? Халыққа жүргізілетін үгіт-насихат, түсіндірме жұмыстарына тоқтала кетсеңіз.

– Сұрағыңызға жауап бермес үшін ең біріншіден орын алған өрттерге тоқталып өтсем, 2022 жылдың I жартыжылдығында 179 өрт тіркелді (2021ж. – 182, -1,6%-ға немесе 3 өртке азайды). Өрт салдарынан 6 адам (2021ж.– 5 адам, +20%-ға көбейген) қайтыс болды, 1 адам жарақат алды (2022 ж. – 3 адам, -66,7%-ға азайған). Өрттен келген материалдық шығын 698 млн. 812 мың теңгені құрады (2021ж. – 336 млн. 599 мың теңге, 2 есеге көбейген). Департаментпен өрттерде 105 адам эвакуацияланды (2021 жылғы 6 айда —0) және 2 адам құтқарылды, 1 млрд. 017 млн. 610 теңге сомасында материалдық құндылықтар құтқарылды (2021 жылғы 6 айда – 1 млрд. 043 млн. 610 теңге).

Өрт шыққан орындар бойынша ең жоғары көрсеткіш тұрғын үй секторында – 111 (2021 ж – 107), көлік құралдарында-29 (2021 ж – 37) байқалады. Қалған өрттер: өндірістік ғимараттар мен құрылыстарда – 3 (2021 ж. – 4) білім беру мекемелерінің ғимараттарында – 1, әкімшілік – қоғамдық ғимараттарда – 2 (2021 ж -3) ауыл шаруашылығы объектілерінде – 2 (2021 ж -1), денсаулық сақтау ғимараттарында – 1, сауда нысандарында – 1(2021 ж -2), тауар сақтау қоймалары – 3 (2021 ж – 4).

Осындай қайғылы жағдайларды әрбір адамның өзінің қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан орын алуда. Құрметті облыс тұрғындары және қонақтары өрт қауіпсіздік ережелері бойынша Төтенше жағдайлар қызметкерлері тарапынан жүргізілген үгіт жұмыстарына құлақ асуларыңызды сұраймын.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің құрамдас бөлігі халық арасында өрттің алдын алу жұмыстарын жүргізу болып табылады. Үгіт-насихат жүргізудің дәстүрлі тәсілі болған жергілікті теледидардан 188 рет сөз сөйлеу ұйымдастырылды, жергілікті газеттерде 388 мақалалар жарияланды, радиоэфирде, сондай-ақ радио тораптардан 333 сөз сөйленді.

Өртке қарсы тақырыпта 3139 плакат, 1410 жадынама, 232 нұсқаулық және тұрмыста өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау бойынша лифлеттер әзірленді. Сондай-ақ, 36 билборд пен 4 баннер орнатылды.

Жыл басынан өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілуде, оның ішінде 119 560 (жеке және көп қабатты тұрғын үйлер) аулаларды аралау, 569 240 адам қамтылды.

Кез келген төтенше жағдай сіздердегі мамандардың біліктілігін қажет ететіні белгілі. Түркістан облысы ТЖ мамандарының даярлық деңгейі бүгінгі таңда қандай деңгейде?

– Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою, атап айтқанда, су басу, апатты су жайылу, жер сілкінісі, қар көшкіні, өрт (жарылыс) және т.б. авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстар жүргізуді ұйымдастыру кезінде жеке құрамның тактикалық арнайы дайындығын арттыру мақсатында, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөліністерінде жылдық жоспарға және жоспардан тыс теориялық және практикалық оқу-жаттығулар мен сабақтар өткізіліп тұрады. Бұл жүйелі түрде өткізіліп, мамандардың алдын алу жұмыстары кезіндегі даярлығын шыңдай түседі. Сондықтан қызметкерлеріміздің даярлық деңгейі жоғары деуге толықтай негіз бар.

– Осы биыл Түркістан облысының әйелдер құрамасы Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жүлделі орын алғанын білеміз. Жалпы нәзікжандылар үшін қиындау салада олардың саны көп пе?

– Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөліністерінде қазіргі таңда 66 қыз баласы яғни, нәзікжандылар жұмыс жасайды. Оның 46-сы – аттестатталған қызметкерлер, 20-сы – азаматтық қызметшілер.

Нәзікжандылардың жетістіктеріне келер болсақ, 2022 жылғы 22-26 ақпан күндері аралығында Шығыс Қазақстан облысында өткен әйелдер арасындағы VІІІ өрт сөндіру құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатына қатысты. Аталған чемпионатта жалпы 11 әйелдер құрама командалары өнер көрсетті. Нәтижесінде Түркістан әйелдер құрама командасы жалпыкомандалық есепте 2-орынды иеленді. Сондай-ақ, Түркістан облысының әйелдер құрама командасының мүшесі Тұрсын Айдана шабуыл сатысымен оқу мұнарасының екінші қабатына көтерілу сайысында жүлделі 2-орынды иеленді.

2022 жылғы 23-28 мамыр күндері аралығында Ақтау қаласында «Өрт – сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясы» ҚБ Кубогы V турнирі өтті. Аталған іс-шараға Түркістан облысының әйелдер құрама командасы қатысып, аталған чемпионатта Түркістан әйелдер құрама командасының мүшесі Айдана Жақсыбекқызы Тұрсын 100 метрлік кедергімен жүгіру сайысында II жүлделі орынды иеленіп, жалпыкомандалық есепте Түркістан облысының құрама командасы 13 команданың ішінен 2-орынды иеленді.

– Ақсу шатқалындағы Ақсу өзеніне 21 жастағы Үндістанның екі азаматы суға түсіп, өкінішке орай батып кеткенін білеміз. Іздестірілу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

– Түркістан облысының құтқарушылары Төле би ауданындағы Ақсу өзеніне батып кеткен үндістандық екі азаматты іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Екі шетелдік студенттің бірінің әкесі оқиға орнына келді. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов іздестіру жұмыстарының барысымен таныстырып, әрмен қарай жалғасатынын айтты.

26 маусым күні сағат 20:10-да Түркістан облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне Төле би ауданының Ханарық ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан Ақсу шатқалындағы Ақсу өзенінде 2001 жылғы 2 студенттің белгісіз жағдайда суға түсіп, батып кеткені туралы ақпарат түскен болатын. 21 студенттен құралған топ Шымкент қаласынан келген. Барлығы – Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында оқитын студенттер.

– Жалпы маман ретінде халыққа апатты жағдайлардан аулақ болып, төтенше оқиғадан сақ жүру үшін не айтар едіңіз?

– Төтенше жағдайларды алдын алу кезеңінде жергілікті тұрғындардың көмегі яғни, ұқыптылық пен тиянақтылық үлкен септігін тигізеді. Төтенше жағдай кезінде мамандардың айтқанына құлақ асып, бірлесіп жұмыс атқару нәтижесінде болуы мүмкін төтенше жағдайларды жою жұмысы едәуір жеңіл болады. Қазіргі таңда күннің ыстық болуына байланысты суға бату жағдайлары, сондай-ақ, тұрғын үйлерде орын алған өрттердің кейбір жағдайлары балалардың ықпалымен яғни, үйде жалғыз қалдыру себептерінен орын алуда. Жергілікті тұрғындар тарапынан осындай келеңсіз жағдайларға жол бермеу үшін жауаптылықпен қарап, балаларыңызды ұдайы бақылауда ұстасаңыздар дейміз.

– Биыл балалар жылы екенін білеміз. Балалардың қараусыз қалуынан да кейбір апатты оқиғалар орын алып жатады. Ата-аналарға ескеретін жайттарға тоқтала кетіңізші сөз соңында.

– Балалар үшін өрт қауіпсіздігі балабақшадағы тәрбиешілер, үйде ата-аналары және тиісінше азаматтық қорғау органдары көп көңіл бөлуі тиіс маңызды мәселелердің бірі.

Мемлекет басшысы біздің өскелең ұрпаққа үлкен көңіл бөледі, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету де ерекшелік емес, осыған байланысты 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланды.

Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті өскелең ұрпақтың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде белгілі бір үлес қосуда.

2022 жылғы 1 мамырда Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс аумағында балалар жылы мен Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған «Қауіпсіз балалық шақ» акциясын өткізді, оның мақсаты балалардың отпен абай болу дағдыларын қалыптастыру және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттілігін түсіну болып табылады.

Балалармен өртке қарсы тақырыпта жарыс ойындары, өрт шыққан жағдайда эвакуациялау бойынша жаттығулар өткізілді. Бұл іс-шара облыс аумағының барлық жерінде өтеді.

Балалар үшін шартты өрт сөндіру бойынша жауынгерлік өрістетумен өрт техникасын байқау ұйымдастырылды. Осы акцияның құрметіне Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті және ойын Өрт сөндіру кішігірім көлігінде орнатылған өртке қарсы тақырыпта баннер түрінде қайырымдылық сыйлық жасады.

Балалар, бұл біздің жарқын болашағымыз және біз бәріміз бірге олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қорғауға ұмтылуымыз керек. Балалардың өрт сөндіруші мамандығына деген құрмет сезімін тәрбиелеу. Ептілікті, батылдықты, жылдамдықты, өзара көмек сезімін және бір-біріне мейірімді қатынасты дамыту.

– Сөз соңында облыс тұрғындарына айтарыңыз.

– Құрметті облыс тұрғындары, сақтық шараларын естен шығармауды ескеріңіздер дер едім. Кез келген апатты жағдай, өрттің тұтануы, суға шомылу кезіндегі батып кету жағдайлары сақтық шараларына немқұрайлы қарағаннан орын алады. Үйде, сыртта, табиғат аясында өздеріңіз де сақ болып, балаларды да қараусыз қалдырмауға тырысыңыздар. Кез келген келеңсіз жайтты болдырмаудың ең басты қағидасы – сақтану.

Орманды алқапта демалыс кезінде сіріңке мен темекі қалдығын сөндірусіз қалдырмау, сөндірілмеген шоқ қалдықтарын қалдырмау, шыны ыдыстарды құрғақ шөптің үстіне, күн сәулесіне қалдырмау қажет. Рұқсат етілмеген жерлерде от жағуға тыйым салынады. Тез тұтанатын жанармай өнімдері сіңген маталарды тастамауға, ауыл шаруашылығы алқаптарында ақаулы техникасын пайдаланбауға кеңес беремін. Кез келген өртті байқаған жағдайда «101» нөміріне хабар беріңіздер.

Уақыт бөліп сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рахмет.

Нұрсұлу БАЗАРАБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған