Түркістан облысында су басқан аумақтарда жағдай тұрақталды. Дегенмен қауіп сейілгенімен су тасқынына қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда облыстағы аудан, қалаларда аққан су арналарына бағытталып, құм салынған қаптарды төсеу және су бұру шаралары атқарылуда.
Жетісай ауданындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарын су басу қаупінің алдын алу әлі де тоқтаған жоқ.
2023 жылға аудан әкімдігі есебінен су тасқынының алдын алу мақсатында арық-атыздар мен қашыртқылар қазу мақсатында жалпы соммасы 86 млн 770 мың теңге қаражат қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Нақтырақ айтар болсақ, Жаңа ауыл ауылдық округіне 5 млн 214 мың, Жылысу ауылдық округіне 1 млн 389 мың, Қарақай ауыл ауылдық округіне 3 млн 363 мың, Қазыбек би ауыл ауылдық округіне 43 млн 812 мың, Асықата кентіне 17 млн, Ж.Ералиев ауылдық округіне 11 млн 489 мың, Мақталы ауылдық округіне 4 млн 503 мың теңге қаржы қаралған.
Сонымен қатар, қосымша 10 дана су сорғыш (100Д, 80Д, 50Д) құрылғыларымен қатар 1000 метр (80Д, 50Д) рукава (шланг), 10 мың дана қап пен 100 тонна құм сатып алынып, резервте сақталуда. Аудан аумағында қазіргі таңда тиісті сала мамандарынан тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылып, жағдай тұрақты бақылауға алынған.
Айта кетсек, өңірдің өзге де аудан, қалаларында су тасқынының салдарын жою жұмыстары қызу жүргізілуде.
Бұл орайда, сенбіліктер ұйымдастырылып, арық-атыздар, ирригациялық жүйелер мен су арналары тазартылуда.