Ауа райының күрт жылуы мен жауын-шашынның толассыз жаууы салдарынан Жетісай ауданына қарасты қала, кент, ауылдық округтердегі тұрғын үйлердің ауласы мен көшелерге жиналған суларды қашырту жұмыстары жүргізілуде. Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлының басшылығымен жедел штаб отырысы өткізіліп, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жергілікті әкімдіктерден 200-ден астам жеке құрам және еріктілер, 37 техника, 64 су сорғы (МП-80, МП-100, МП-150, МП-350) насостары жұмылдырылған. Одан бөлек, су тасқынының алдын алу мақсатында қазіргі таңда «Жетісай қызмет» мекеме теңгеріміндегі 15 дана су сорғыш құрылғылары жұмысқа дайын тұр. Аудан бойынша коммуналдық меншіктегі 12 тік дренаждың 3-і істеп тұрса, 5-еуі белгілі себептермен жұмыс істемейді. Жерасты сулары көтерілген жағдайда қалған 4 тік дренаж іске қосылатын болады.
«Табиғи апатты болдырмау, адам шығынының алдын алу мақсатында жергілікті әкімдіктер мен еріктілер тарапынан арнайы техникалар мен су сорғы насостары, 200-ден астам жеке құрам жұмыс істеуде. Айта кетейік, бізге келіп түскен хабарламаларға сәйкес жеке құрам мен қажетті техникалар бірінші кезекте аса мұқтаж жандарға, яғни, көпбалалы отбасылар мен асыраушысынан айырылған жалғызбасты аналарға, қоғамның әлсіз топтары саналатын отбасыларға және әлеуметтік нысандарға жіберіледі. Тұрғындардан жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз», дейді аудан басшысы.
Қазіргі таңда «Жетісай қызмет» мекемесі тарапынан қаладағы ирригация жүйелерін тазалау жұмыстары, төтенше жағдайлар бөлімі мен жергілікті әкімдіктер тарапынан қажетті техникалар, жеке құрам жұмылдырылып, су қашыру жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Шұғыл шығындар есебінен қосымша су сорғы насостары сатып алынып, қажетті құрал-саймандар мен жанар-жағар май қажеттілікке сәйкес бөлініп отыр.
Бүгінде тұрғын үйлерге келетін қауіп жоқ. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен аудандық әкімдік тарапынан тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылып, жағдай толықтай бақылауға алынған.