ЖЕТІКӨЛ – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛАДЫ

Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Жетікөл көлдер жүйесінде құстар мен балықтар саны артқан. Қазіргі таңда аталған көлде құстың 200-ден астам түрі мекендеген. Ең бастысы – су көлемі анағұрлым молайды. Облыс әкімі Жетікөл және «Кеңсай-Қосқорған-2» су реттегішіне арнайы барып, жай-күйімен танысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өмірзақ Шөкеев аталған су реттегішінің маңында Кентау қаласы мен қала маңындағы ауыл тұрғындарымен, шаруалармен кездесті. Тұрғындар ағын су мәселесін шешу бағытындағы қайраткерлігі үшін өңір басшысына алғыстарын айтты. Алдағы уақытта аталған су қойма тек ауыл шаруашылығы ғана емес, туризм үшін де пайдаға асырылмақ. Су спортын дамытуға де серпін береді.

Түркістан қаласы маңындағы су нысандарын әуеден бақылаған облыс әкімі Отырар ауданындағы Жетікөлге барып, табиғат жанашырлары мен инспекторлармен, аңшылармен кездесті.

Мамандардың айтуынша, Жетікөлде су молайған соң құстар мен балықтар саны артқан. Олардың көбею кезеңінде аңшылықпен айналысуға жол берілмейді. Өңір басшысы мен табиғат жанашырлары және БАҚ өкілдері Жетікөл жүйесіндегі көлді қайықпен аралап, танысып шықты. Жалпы Жетікөл көлдер жүйесінің аумағы шамамен 52 мың гектардан асады. Алқапта бірнеше табиғи көл орналасқан. Аймақта құстар, балықтармен қатар жабайы аңдар да кездеседі. Жетікөлде жалпы аумағы 20 мың гектарға жуық 3 аңшылық алқабы, балық шаруашылығын жүргізу орындары бар. Бүгінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласының аңшылары мен балықшыларының сүйікті орнына айналған. Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат реттеуді пайдалану басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің айтуынша, облыстың экологиялық мәселелерін кешенді шешудің Жол картасы бекітілген. Облыс әкімінің бастамасымен «Кеңсай-Қосқорған-2» және «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы аяқталған.

– Жетікөлге 500 млн текше метрге дейін су сияды. Егер толық көлемде толатын болса, су буланып, ылғал көбейіп, Отырар ауданы ғана емес, Түркістанның экологиялық жағдайы жақсарады. Өңір басшысы Жетікөлді басқарманың бақылауына алып, табиғатты қорғауды тапсырды. Бүгінде инспекторлар рейдтерге шығып, браконьерлерге қарсы күресті күшейтіп жатыр.  Алдағы уақытта Жетікөл – экологиялық туризм орталығына айналып, өңірдің туристік әлеуеті арта түседі. Сонымен бірге осы су жүйесі арқылы Түркістандағы жасыл белдеудің жағдайы да жақсарады, – дейді басқарма басшысы.

Түркістан қаласы маңында ағын су мәселесі шешіліп, жасыл алқап аумағы көбейген соң ауасы тазарған. Жол картасына сәйкес бүгінде облыс аумағында абаттандыру, көгалдандыру және газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған