Айтпай келетін апаттың бірі – жер сілкінісі. Өкінішке қарай, жерасты дүмпулерін алдын ала болжап білу мүмкін емес. Сонау Түркия елінде тіркеліп, бірнеше мыңдаған адамның өмірін жалмаған жер сілкінісі Түркістан облысының аймағында да тіркелді. Сол себепті бұндай табиғи апатқа қашанда дайын болу қажет.
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан батысқа қарай Қазақстан аумағында 628 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 11,7. Магнитудасы MPV 5,4. Эпицентр координаттары – солтүстік ендік 42,72° және шығыс бойлық 69,24°. Тереңдігі – 5 км. Шымкенттегі жер сілкінісі 2-3 баллдық болған.
Жер сілкінісі Тараз қаласында да – 2 балл және Темірлан ауылында – 3 балл (Түркістан облысы, Ордабасы ауданы) болған.
Назар аударыңыз! Жер сілкінісіне бірден, бірінші сейсмикалық толқыннан кейін 10-15 секунд ішінде әрекет ету керек!
ҒИМАРАТТА:
– Бірінші қабатта болсаңыз – дереу далаға шығыңыз.
– Бірінші қабаттан жоғары болсаңыз – дереу жақын жердегі қауіпсіз орынға тұрыңыз: көтергіш арқалықтың астында немесе іргелі қабырғалардың бұрышында, тірек бағандарының жанында немесе есіктерді ашып, есік ойығында тұрыңыз. Үстелдің немесе кереуеттің астына жасырынып, құлап жатқан сылақтан, әйнектен және т. б. заттардан бетіңізді қолыңызбен жауып, қорғана аласыз.
ДАЛАДА:
– Ғимараттар мен құрылыстардан, биік бағаналар мен қоршаулардан, маңдайшалардан, әйнектерден және т. б. құлап кету қаупі бар заттардан мүмкіндігінше алысқа кетіңіз.
– Адамдар көп жиналатын жерлерде (базар, стадион, саябақ, алаң) құрылымдардан аулақ болыңыз, ашық кеңістікке шығыңыз, жұлынған сымдардан сақ болыңыз.
– Сығылыс кезінде көпшіліктің қозғалысына қарсы жүрмеңіз, киіміңізді бекітіңіз, қолдарыңызды бүгіп, кеудеңізге қарай айқара қысыңыз;
– Кедергі келтіретін заттарды тастаңыз. Құлаған жағдайда бір тізеге тұрып, серпіліспен көтерілуіңіз жөн.
КӨЛІКТЕ:
– басқа көлікке кедергі жасамайтын жерде тоқтаңыз, көлік зақымдалған жағдайда есіктері қарысып қалмас үшін оларды ашыңыз. Құлаған заттардан жарақат алып қалу қаупі болғандықтан, көлікте қалыңыз.
МАҢЫЗДЫ:
– өзіңізді үрейлендірмеңіз және басқалардың дүрбелеңін болдырмаңыз;
– жер сілкінісі кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз;
– терезелер мен шынысы бар ара қабырғалардан аулақ болыңыз;
– егер сіз бірінші қабаттан жоғары тұрсаңыз, терезелерден немесе қылтималардан (балкондардан) секірмеңіз;
– жер асты дүмпулері тоқтағаннан кейін үй-жайдан шығып, басыңызды жабыңыз және жалаңаш электр сымдары мен басқа да бұзылу салдарынан сақ болыңыз;
– жаңа жер асты дүмпулеріне дайын болыңыз.
Жер асты дүмпулері тоқтағаннан кейін электр құралдарын, газды, суды ажыратыңыз. Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіңіз, телефон желісі бос болуы керек. Ашық отты қолданбаңыз!
Егер сіз үйінділердің астында қалсаңыз:
– үрейленбеңіз, құтқару қызметтерінің әрекеттері туралы есте сақтаңыз;
– кеңістікте қайда тұрғаныңызды анықтауға тырысыңыз;
– үйінділердің астында ұзақ уақыт болған кезде жарылыс немесе газдың таралып кетуіне жол бермеу үшін от жақпаңыз;
– су табуға тырысыңыз;
– сигнал беріңіз (темірді темірге ұрыңыз: батарея, құбырлар және тағы басқалар арқылы).