«ЕЛ ДАМУЫ ҮШІН ТЫНЫШТЫҚ ПЕН БІРЛІК ҚАЖЕТ»

Мақтаарал ауданында өткен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің халықпен кездесуіне жүздеген адам жиналды. Бұл аумақты дамытуға мемлекет, облыс бюджеті тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан тұрғындарымен жүздесуде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халықтың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Алдымен Мырзакент кентіндегі қайта қалпына келтіру жұмыстарын қажет ететін орталық саябақтың жағдайымен танысты. Осы жерде бір топ тұрғынмен кездесіп, пікір алмасты. 

«Нұр-шамы» ЖШС-нің электр қозғалтқыштары мен трансформаторларды жөндеу цехының жұмыстарымен танысу барысында да облыс әкімі тұрғындармен жүздесті. Ал мәдениет үйі маңында өткен ашық аспан астындағы негізгі кездесуде өңір басшысы тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдады. Баяндама мен есеп емес, халықтың ұсыныс пен тілектеріне басымдық берілді. 

– Ел Президенті жаңа саяси реформаларын ұсынып, өңірлік деңгейдегі атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктеп отыр. Ел дамуы үшін ең бірінші тыныштық пен бірлік қажет. Тыныштық болмаса, береке болмайды. Әкімдер мен жергілікті басшылар осыған мән берулері тиіс. Екіншіден, қуатты экономика маңызды. Тұрғындарды жұмыспен қамту ісіне басымдық беріп жатырмыз. Облысымыздағы 2 миллионнан астам тұрғынның 700 мыңы еңбекке қабілетті. Олардың отыз пайызға жуығында тұрақты жұмыс жоқ. Осы бағытта жұмысты күшейткен жөн. Өндіріс орындарын көбейтіп, бұрынғыдай деңгейге жеткізу күн тәртібінде тұр. Осы бағытта біз облыста бірнеше ірі әрі ауқымды жобаларды жүзеге асырудамыз. Жаңа мұнай өңдеу зауыты, цемент зауыты, фосфор өңдеу зауыты салынады. Облыста ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Ескі тәсілдер мен технологиямен жақсы жетістікке жете алмаймыз. Жаңа технологияларды батыл енгізу қажет. Түркістанға келсеңіздер жаңбырлатып суғару технологиясын көзбен көруге мүмкіндіктеріңіз бар. Су үнемделіп, еңбек өнімділігі артуда. Ол үшін бірігу, ірілену қажет. Мақтаарал ауданы екі-үш жыл көлемінде қатты өзгерді. Жаңа әлеуметтік нысандар, мектептер, үйлер салынып, жол жөнделді. Жұмыс жалғасады, – деген Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. 

Кездесуде мектеп салу, шекара маңындағы жерді тиімді пайдалану, ағын су, экология және өзге де түйткілдер айтылды. 

Осы күні облыс әкімі бірнеше тұрғынды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Қабылдауда әлеуметтік көмек, инфрақұрылым, қаржы пирамидасы және өзге де мәселелер қозғалды. 

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған