ГАЗБЕН УЛАНУ ҚАУІПТІ

Қазығұрт ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудандағы тұрғын үйлерде қауіпсіздік талаптарының сақталуы бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Пешті қолдану ережелерін бұзу адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, қайғылы жағдайлар орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайлар қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамау салдарынан туындайды. Сондықтан аудан тұрғындарын ескерту мақсатында Қазығұрт ауданы аумағындағы тұрғын үйлерді аралау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Аралау барысында тұрғындарға «Тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі», «Улы газдан сақтану» бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға жадынама парақшалары таратты.

Газ иісі мен түсінің жоқтығынына және тез таралатындығына байланысты өте қауіпті. Улы газды сумен немесе басқа да заттармен басуға мүмкіндік жоқ. Газбен улану жағдайы көбінесе түнгі уақыттарда тіркеледі. Пеші бықсыған бөлмеде ұйықтап жатқан адамға бірнеше минут болудың салдары қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін.

Газбен уланудың жиі орын алатын түрі «иіс тию» деп аталады. Бұл көп жағдайда пешті қолдану қағидаларын бұзу салдарынан немесе өрт кезінде болады. Газбен улану жағдайы көлікті гаражда қыздыру немесе жөндеу кезінде де орын алатынын ескерген жөн.

Қазығұрт ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері пештің дұрыс жұмыс істемеуінен, жанып жатқан отынның бықсуынан, түтіндеуінен адамдарға иіс тиюі ықтимал екенін ескертеді.

Иіс тиюдің алдын алу шаралары қандай? Иіс тиюдің алдын алу үшін әуелі пештің дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізу керек. Мысалы, адамдар ұсақ дүние деп қарайтын пештегі кішкентай жарық, пеш түтіндігінің дұрыс тартпауы, осының бәрі қайғылы жағдайға себепкер болуы әбден ықтимал.

Жылыту маусымы кезінде үйді жақсы желдетіп тұру керек. Көпқабатты тұрғын үйлерде газдан улану, әсіресе күздің аяғында немесе қыстың басында орын алады. Орталық жылу әзірге қосыла қоймаған соң, адамдар үйлерін газ плиталарды қосу арқылы жылытады. Желдеткіштері дұрыс жұмыс істемейтіндіктен газ плитаның өзі адам өміріне қауіп төндіреді.

Иісті газбен улану белгілерін қалай білеміз? Улану белгілері әртүрлі болуы мүмкін. Ағзаның жалпы жай-күйін, бұрыннан бар аурулардың қозу мүмкіндігін және басқа да мән-жайларды ескерген жөн. Дегенмен, сіз бастың айналуына, бастың ауруына, жүректің айнуына, құсу, құлақтағы шуға, ентігу, жөтел және көздің жасаурауына міндетті түрде көңіл бөліңіз. Бұл иіс тиюдің симптомдары болуы ықтимал.

Иіс тиген адам кейбір жағдайларда тым ширақтық байқатуы мүмкін. Кейде керісінше әлсіздік және ұйқышылдық байқалады. Сондай-ақ, адамның вестибулярлық аппаратының жұмысы бұзылып, есту, көру қабілеттері нашарлауы мүмкін (тепе-теңдікті жоғалту, өзін-өзі ұстай алмау). Бұл белгілер естен тануға себеп болады. Ауыр және орташа санатты улану кезінде жүрек-қан тамырлары жүйесі жұмысында проблемалар болуы мүмкіндігі жоғарылайды. Аритмия пайда болып, қан қысымы мен дене температурасы төмендейді. Осындай жағдайда зардап шегушіге медициналық көмек көрсетілмесе, жүрек тоқтап немесе миокард инфарктісі орын алып, адам қайтыс болуы да ықтимал.

Алғашқы көмек туралы айтар болсақ, улы газбен уланғанда (бас айналуы), адамды жылдам таза ауаға шығару қажет. Ауыр және орташа санаттағы иіс тию кезінде адамды ауруханаға жатқызған абзал.

Тез арада медициналық жедел жәрдем бригадасын шақырыңыз. Мұндай кезде оқиғаның қалай өрбитінін болжау қиын: кейде зардап шегуші жүрегінің тоқтап қалуынан бірден қайтыс болып кетеді. Кейде тырысулар басталып, адам сал ауруына шалдығуы мүмкін.

Байқалуы мүмкін тыныстың тежелуі және өзге де белгілер, дәрігерлердің дер кезіндегі көмегін қажет етеді.  Газбен улану қауіпті. Ол бас миы, тыныс алу ағзаларының, жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларының асқынуына септігін тигізеді. Уақтылы көрсетілген дәрігерлік көмек осы айтылған жағдайлардың алдын алуға себеп болады.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған