Бәйдібек ауданының әкімдігі мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі су тасқынының алдын алу бойынша Қапшағай су қоймасынан бастау алатын Шаян өзені арнасына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Бәйдібек ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған өзен Алғабас, Шаян, Жамбыл және Бөген ауылдық округіне қарасты 7 елді мекеннің аумағынан ағып өтеді. Аудан әкімінің орынбасарлары Бағдатбек Жанғазиев пен Бақыт Қырғызалиев және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қанат Әуелбеков Қазата, Таңатар, Шаян, Жамбыл, Шыбыт, Тасқұдық және Жиенқұм елді мекендерінен ағып өтетін Шаян өзені арналары мен Жамбыл су қойманың қазіргі жағдайын көріп бақылады.
Жамбыл су қоймасындағы жиналған судың беткейінде мұз қатып тұр. Су мұздың астымен дамбы және қосымша қашыртқы арқылы өзенге құйылуда. Қазата, Таңатар, Шаян, Жамбыл, Шыбыт және Тасқұдық елді мекендеріндегі Шаян өзені суының тасу деңгейі төмен. Өз арнасымен ағуда. Жиенқұм елді мекені аумағынан ағып өтетін арнасы 6 шақырым Шаян өзенінің 4 шақырымында мұз кептелісі орын алуда. Мұздың қалыңдығы шамамен 50 см-ге жуық. Жағдай бақылауда. Мұзды бұзу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, бұған дейін аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков, сала бойынша орынбасарларымен және жауапты мамандармен бірге арнайы Жиенқұм елді мекеніне барған болатын. Аталған елді мекен тұрғындармен және ел ағаларымен кездесті. Жиенқұмдық тұрғындар елді мекен аумағынан өтетін Шаян өзені суының тасуы мүмкін екендігін айтып, алаңдап отырғандарын жеткізді.
Ержігіт Шәріпбеков тұрғындармен және ел ағаларымен бірге Шаян өзеніндегі мұз кептелісі орын алып жатқан аумақта болды. Мән-жағдайды толық көрген соң сала бойынша орынбасарларына және аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен ауыл әкіміне толық зерделеу жүргізіп, мұзды бұзу жөнінде тапсырма берді.