БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛ ОЗАР

Бүгін санаулы сағаттардан соң ҚР Президенттігі үшін сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталады. Қазіргі таңда орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырған 6 үміткердің қаншасының аты-жөні сайлау бланкілеріне түсетінін уақыт көрсетер. Ең бастысы, Қазақ елінің жарқын болашағын қамтамасыз ете алатын кандидатты таңдауымыз қажет.

Бұл сайлаудың ерекшеліктері туралы көп айтылды. Меніңше, бұл дер кезінде қолға алынған саяси қадам. Әлем мың құбылған, соғыс-дағдарыс жан-жақтан жаңғырған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Алысқа бармай-ақ қояйық, Орталық Азиядағы көршілеріміз, Қырғыз, Тәжік, Өзбек республикалары шекара дауынан көз аша алмай, қолға қару алды. Ресей-Украин дауы да өршіп барады. Мұның бәрі өздігінен тұтанған жоқ. Сыртқы күштердің арандатуы, тұрақтылықтан айыру саясатының нәтижесі екені айдан анық. Арандатулардың кесірі елімізді де айналып өтпеді. Қаңтар оқиғаларынан сабақ алуымыз керек деп ойлаймын.

Адам баласы жұмысқа кіріспес бұрын етегін қымтап, белбеуін тартып, бой түзейді. Заманның тезіне, алда келетін сынақтарға жауап беруге дайындық барысында мына сайлаудың рөлі де солай деп білемін. Болашағымыз үшін, ел болып қалуымыз үшін әр белесте бірлігімізді көрсетуіміз керек. Алдағы сайлауды да абыроймен өткізіп, Әділетті Қазақстан құру жолында қадам басамыз деп сенемін.

Алишер САТВАЛДИЕВ,
«Жанубий Қозоғистон» облыстық қоғамдық-саяси газетінің Директор-Бас редакторы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған