БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Олар бүгінгі күннің батырлары. Иә, қарапайым ғана азаматтық борыштарын адал атқарып, елге үлгі-өнеге бола білген жандар. Қай    кезде болмасын қол ұшын созуға, көмектесуге , ел үшін, жер үшін отан үшін аянбай еңбек етуге әзір жандар бар ортамызда. «Батырлар тек соғыста ғана танылады» деген бекер… Батырлық – тек атойлап атқа мініп, жауға шабу емес. Бейбіт заманда да ерліктің білекте емес, жүректе екенін өмірде орын алған оқыс оқиғаларда қара басын қатерге тігіп, адамды ажал аузынан арашалап қалған қаһармандар дәлелдеп жүр. Бейбіт заманда да небір ерлік жасалады. Өмір мен өлім қатар келген қас-қағым сәтте әрбір адамның бойында болатын қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге барған талай ержүрек азамат  бар қазақта.  Олардың ерлігі – елге мұра, ұрпаққа – үлгі… Осы орайда қауіпті сәтте өзгенің өмірін қорғап, ерлік көрсеткен азаматтар түркістандық жастармен кездесті.

Бұл кездесу жастардың бойында ізгілікке, патриоттық сезім, адами болмыс қалыптастыру үшін де маңызды кездесу болатын. Сайрам ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығынан шыққан өрт кезінде мемлекеттік рәміздер – Ту мен Елтаңбаны аман алып қалған орталықтың маманы Қансейіт Мұхаммед, құбырға құлап кеткен 2 жасар баланы құтқарып қалған Кентау қаласы, №12 Өрт сөндіру бөлімі, бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Нұрғали Керімбеков, әжетханаға түсіп кеткен бір жасар баланы құтқарған 20 жастағы Рысбек Мейрамбек, кейуананы өрттің ортасынан аман алып шыққан Жетісай аудандық полиция бөлімі миграция бөлімшесінің басшысы Аян Хайруллаев оқыс оқиға кезінде тек адам өмірін сақтап қалуды мақсат еткендерін айтты.

«Отаншылдық – жалаң ұран ғана емес, күнделікті өмірде кездесетін тосын жайттарда тосылып қалмай, өзгелерді құтқару, қол созу деп білемін. Ешкім де ерлікті жоспармен жасап, елге танылайын демейді. Дәл сол сәтте біреуге көмек көрсету, өзгенің өміріне араша түсу – жүрек қалауы» деді жастармен кездесуде Аян Хайруллаев.

«Ту өртеніп жатқанда қарап тұра алмадым», деген Сайрам ауданы, «Сайрам аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының» қызметкері төтенше жағдайда қорқынышты ұмытып, мемлекеттік рәмізді оттан аман алып шыққан.

Жастар бүгінгі күннің батырларымен ашық сұхбаттасып, замандастарының ерлігін елге кеңінен насихаттауды, олардың әр ісін үлгі етуді мақсат ететіндерін айтты. Кездесу барысындағы қойылған сұрақтар, берілген жауаптар, жастардың көтеріңкі көңіл-күйі, өздерінің ішкі толғаныстарын еркін білдіре білген замандастарына қарап аталмыш кездесу өзінің діттеген мақсатын толық орындай алды деуге болады. Оны жалынды жастардың көздеріндегі шынайы ұшқыннан, жүздеріндегі сезіліп тұрған ерекше күйден-ақ байқауға болатын еді.

Атап өтейік, бейбіт күнде болған оқыс оқиғаларда батырлық танытып, адам өмірін құтқарып қалған батыл жандарға бүгін облыс әкімі құрмет көрсетіп, «Түркістан облысына сіңірген еңбегі» үшін төс белгісін тақты. Жастар осы құрметке шынында да лайықты еді.Өз кезегінде құрмет көрген жастар да өздеріне білдірілген сенімді ақтауға, бұл көрсетілген құрметтің бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік артатынын, сол жауапкершілікті ақтауға барын салатынын айтты. Арқа сүйер азаматтар аман, жастар жігерлі де намысты болсын! Сонда жаңа Қазақстанның да болашағы жарқын болары сөзсіз!

mixnews.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған