БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Түркістан облысында жауған қалың қар мен қатты желдің зардаптарын жою және құтқару жұмыстарының барысы бойынша брифинг өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Талғат Досалиевтың айтуынша, өңірде 3 қаңтар күні оңтүстік-батыстан 15-20 м/с қатты жел тұрған. Таулы аудандарда қар аралас жаңбыр жауып, асуларда желдің екпіні 30 м/с-тан асқан.

– Төлеби ауданы, Абай ауылы Кемеқалған көшесінде қатты желдің салдарынан орташа қысымды жер үсті газ құбырына ағаш құлап, 80 абонент газсыз қалды. Сонымен қатар, Қошқар ата көшесінде 100 абонент көгілдір отынсыз қалған. Бұл мәселе бойынша «Қазтрансаймақ» АҚ қызметкерлерінің көмегімен газ беру жұмыстары қалпына келтірілді. Сондай-ақ, Арыс қаласында қар аралас жаңбырдың толассыз жаууынан 20 тұрғын үйдің ауласына су кірген. Төтенше жағдайды қалпына келтіру үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті 1 техника, 2 мотопомпа, 9 адам жұмылдырды. Бұдан өзге, департаменттің 25 қызметкері, 5 техникасы жұмылдырылып Созақ, Бәйдібек аудандарында қар құрсауында қалған 10 жеңіл автокөлік, 2 жолаушылар автобусы мен 4 жүк автокөлігі шығарылып, 92 адам құтқарылды, – деді Талғат Серікұлы.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан республикалық, облыстық жолдарды қардан тазарту үшін жалпы 133 адам, 74 техника, ал жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазарту үшін жалпы 97 адам, 41 техника көмекке жіберілген.

Брифингке қатысқан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов ауа райына байланысты смс хабарламалар келген жағдайда тұрғындардың ұзақ жолға шықпауын және тек ресми ақпараттарға сену керектігін жеткізді.

– Қаңтар айының 1-4 аралығында Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт, Созақ, Сайрам, Бәйдібек, Сауран аудандарындағы облыстық маңызы бар жолдарды қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қарды тазалау, инертті материалдарды шашу жұмыстарына 75 дана арнайы техника, 322 жұмысшы жұмылдырылды. 4 қаңтардағы мәлімет бойынша қатты жауған қардың және бұрқасын жел мен боран салдарынан 8 облыстық маңызы бар жол уақытша жабылды. Қар құрсауынан 103 жеңіл және жүк көлігі, 110 адам шығарылды,- деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, ауа райының қолайсыздығынан бірнеше ауданның электр желілеріне зақым келіп, қазіргі таңда оларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– 3 қаңтар күні Созақ, Бәйдібек, Қазығұрт, Сауран, Төлеби, Отырар аудандарында электр желілеріне зақым келген. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан 37 бригада, 41 бірлік техника залалды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Жұмыстарды жеделдету мақсатында зақымдалған электр желілерін қалпына келтіру бойынша қосымша бригадалар жасақталу үстінде», – деді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған