БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ИНВЕСТОРЛАР ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев хабарлады.

Басқарма басшысының айтуынша, 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін, тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. 2022 жылы 6199,85 тонна тауарлы балық өндіріліп, жоспар 101,4 пайызға орындалған. Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында аудан, қалаларда 2023-2025 жылдары жаңадан балық шаруашылықтарын ашу, іске асыру жоспары бекітілді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

– 2023 жылға бекітілген 6640 тонна тауарлы балық өндіру бойынша аудан, қала әкімдіктері кесіндісінде жоспар жасалып, орындау үшін жолданды. Бүгінде аталған жоспарларды орындау бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл облыс аумағынан жаңадан 5 балық шаруашылығы және жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Түркістан ӘКК» АҚ арқылы осы салаға жеңілдетілген несие беру жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта несие алуға 14 кәсіпкерден 5 млрд 400 млн теңгеге болжамды ұсыныстар түсті. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, саланы дамыту үшін инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде, – деді Қайрат Амангелдіұлы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған