БАЛАЛАРДЫҢ СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІГІ ТУРАЛЫ АТА-АНА НЕНІ БІЛУІ ТИІС?

Шомылу маусымы басталғалы Түркістан облысына қарасты Төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлері тыным табар емес. Суға түсіп, сергіп қайтқысы келетіндердің қауіпсіздігін ойлап, шомылатын аймақтарды үздіксіз қадағалаумен келеді.

Иә, тыныш ағып жатқан тынық судың өзі зиянсыз сияқты көрінгенімен, оның да өзіндік қауіптілігі бар.  Көп жағдайда жүзе алмайтын балалар қайғылы жағдайларға ұрына бермейді. Жүзе алмайтынын білгендіктен олар судың терең тұсына бара бермейді. Керісінше, жақсы жүзе аламын деп санайтын балалардың өздеріне тым сенімділігі опық жегізеді.

Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында Қазығұрт ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мен №13 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері Қазығұрт ауданы ерікті жастарымен бірлесіп суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау тақырыбында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ су айдындарына рейдтер жасап, шомылып жүрген азаматтар мен балаларға судағы қауіпсіздік ережелері туралы жадынамалар таратты.

Өкінішке қарай, жазатайым оқиғалар суға шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алады. Ата-аналар ғана емес, ересек балалар суда жүзе білу және суда өзін дұрыс ұстау ережелерін біліп қана қоймай, судағы қиын жағдайларда өзін ұстай білу машығын да меңгеруі тиіс. Олар егер аяқтың тырысуы болған жағдайда, өзін қалай ұстау керектігін, суға батып бара жатқан адамды шамалауды, оған  алғашқы медициналық көмек көрсетуді және тағы басқаларды білуі қажет.

Балалардың судағы қауіпсіздігі туралы ата-ана нені білуі тиіс?

– суға тамақтанғаннан кейін біржарым сағаттан соң шомылуға болады;

– егер судың температурасы +16 °С төмен болса, суға түсуге болмайды. Себебі суық судан аяқ-қолдың тырысуы немесе естен айрылу жағдайлары болуы мүмкін;

– суға тек қана суға түсуге арналған қауіпсіз, арнайы жабдықталған жерлерде түсу керек. Егер жабайы табиғи жерлерде шомылуды бекінсеңіз, суы таза, тереңдігі 2 метрден аспайтын, судың түбі қиыршық тасты немесе құмды жерді және ағысы жай 0,5 м/с жоғары емес орынды таңдаған дұрыс. Әрқашан су түбін тексеру қажет және шомылып жатқан балаларды бір сәт те назардан тыс қалдырмау қажет. Балалар су жағасында шомылулары қажет.

Балалардың судағы қауіпсіздігінің негізгі ережесі:

Белгі қойылған жерден асып жүзуге болмайды, ол болмаған жағдайда жағадан алыс жүзбеу керек;

Таяз жерге немесе белгісіз тереңдікке секіруге болмайды;

Қайық, айлақ, көпір үстінен және арналмаған жерлерден секіруге болмайды;

Күнге қыздырынғаннан кейін немесе ұзақ жүгірістен соң суға секіруге болмайды, себебі естен айырылып қалу немесе жүректің тоқтап қалуы мүмкін. Алдымен сумен шайынып алу керек;

Дауыл немесе толқын болған жағдайда шомылуға болмайды;

Қарсыласты суда ұстап тұру ойынымен ойнауға болмайды, себебі жолдасың тұншығып және есін жоғалтуы мүмкін.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған