БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ – БОЛАШАҚТЫ ҚАМДАУ

Қазір дүниежүзінде адамзат алаңдайтын мәселе көп. Солардың ең бір өзектісі – балаларға қарсы орын алатын құқықбұзушылықтар. Бұл санаттағы тәртіпсіздіктер ақпараттық технология дамып, қулық-сұмдықтың түр-түрі пайда болған бүгінгі қоғамда тіптен жиілеп кетті.
Сол себепті әлемдегі ықпалды ұйымдар мен мемлекеттердің басшылықтары осы проблемамен тоқтаусыз күресіп келеді. Өз кезегінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстардың жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді.
«Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар, Президент мұндай бассыздықтардың бір бөлігі отбасындағы зорлық-зомбылықтан туындайтынын, кейбір ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жататынын атап өтті. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже бермегендіктен, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарау керек екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы кеңес барысында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейтіп, отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн екенін айтты. Оған қоса, қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болатынын және азаматтар еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет екенін ескертті.
Демек, алдағы уақытта бұл салада да өзгерістер орын алып, балалар мен нәзікжандыларды жалпы қоғамдағы зорлық зомбылықтан қорғау шаралары күшейеді деп ойлаймын. Себебі, мемлекет басшысының әрбір ескертуі мен тапсырмасы бүгін айтылып, ертең ұмытылып кетпеуі қажет. Балалар – біздің болашағымыз. Яғни, бүгін оларды қорғап, дұрыс тәрбие мен білім беріп, жарқын өмір сүрулеріне мүмкіндік жасай алмасақ, болашағымыз қоғамнан тепкі көрген азаматтардың қолында болады деген сөз.

Индира Икапова,
«Түркістан Оқушылар сарайы – ЮНЕСКО клубының» директоры

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған