АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ КЕҢІНЕН ТҮСІНДІРІЛУДЕ

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген пайызбен несиелендіру бағдарламалары мен Мемлекет басшысының бастамасымен ауылдағы халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын ауыл тұрғындарына кеңінен түсіндіруді тапсырған болатын.

Осыған сәйкес, қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық өзі жетекшілік ететін сала басшылары мен мамандарынан арнайы жұмысшы топ құрып, ауыл тұрғындары мен шаруа қожалық иелерімен кездесулер өткізуде. Бұл туралы Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіруге құжаттар қабылданып жатыр. Арыс қаласы бойынша бұл бағдарламаны пилоттық режимде Ақдала, Дермене ауыл округтерінде іске асыру жоспарлануда.

Осыған орай, қалалық Сәулет және қала құрылысы, Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік, Жер қатынастары бөлімінің басшылары мен мамандарынан құралған топ өкілдері Ақдала, Дермене ауылдық округтары мен аумағындағы елді мекендерді аралап шықты. Онда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алатындығы және техниканы лизингке рәсімдеуге болатындығы түсіндірілді.

Бұдан бөлек, үй іргелік және кәсіпкерлік нысан жерін заңдастыру мен жеке кәсіпті дамытуға қатысты қолдау, көмек шаралары туралы дербес бөлім басшылары мен сала мамандары тарапынан әр азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құжаттарды рәсімдеуде нақты көмектер мен кеңестер берілді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған