Бүгін аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков жұмыс сапармен Алмалы және Борлысай ауылдық округтеріне барды. Бұл туралы Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бірінші кезекте аудан басшысы ауылдық округтердегі су алу қауіпі бар аумақтардағы өзендер мен каналдарды және арықтар мен сай салаларды аралады. Екі ауыл әкімі округтердегі су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Алмалы және Борлысай ауылдық округтеріндегі өзендерде судың ағу деңгейі төмен. Қошқарата ауылындағы өзен жағалауларына бетон тастар тасталып, топырақ төселген. Байжансайдан өзен арқылы келіп жатқан судың деңгейі төмен ағуда.
Жалпы екі ауылдық округте болған аудан басшысы Ержігіт Шәріпбеков алдағы бейсенбі, жұма күндері қар жауатынын ескертіп, ауыл әкімдеріне барлық қырдан сай-саламен келетін суларды, су тасу қауіпі бар өзендер мен аумақтарды бақылауға алуды тапсырды.
Сонымен қатар аудан басшысы өткен аптада барлық ауылдық округі әкімдеріне тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда ауыл әкімдерінің бақылауымен өздеріне қарасты елдімекендерде су басу оқиғаларының алдын алу бойынша арық-атыздарды қазу және тазалау, қашыртқы жасау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.