Бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев Сауран ауданына арнайы келіп, Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай елді мекенінде орын алған су тасқынынан зардап шеккен үйлердің жағдайымен танысып, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев бірге болды. Бұл туралы Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап өтетін болсақ, өткен аптада Сауран ауданына қарасты Бабайқорған және Шаға ауылдық округтерінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жауын-шашынның шамадан тыс жаууына, таудан жиналған судан және жауған қар, мұздақтардың еруіне орай, арық атыздардан келетін су арналарының тасып кетуінен елді мекендерді су алып, төтенше жағдай орын алған болатын.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарымен кездесіп, залал келген тұрғын үйлерді аралап көріп, арнайы комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп, келтірілген шығындар бойынша комиссияның шешімі негізінде өтелетінін жеткізді.
Айта кетейік, ақпан айының алғашқы күндерінде ауа райы күрт жылынып, қалың қардың еруі мен толассыз жауған жаңбырдың салдарынан Түркістан облысының Бәйдібек, Созақ, Сауран аудандары мен Кентау, Арыс қалаларына қарасты бірқатар елді-мекендерде су тасқыны орын алған еді. Апат айтып келмейді. Бұл ретте, су тасқынынан төнген қауіп кезінде аталған аудан, қаланың мемлекеттік қызметшілері ауыл аймақтардың тұрғындарымен бірге суды бөгеу жұмыстарына араласып, өз көмектерін көрсетті.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», мемлекеттік қызметшілер әрқашан елмен бірге!