АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕН САЛАСЫНДА 30 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

Түркістан облысында 2022 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1 трлн 37 млрд. теңгені құраған. Нәтижесінде 2021 жылмен салыстырғанда 100 млрд. теңгеге артық орындалды. Бұл жайында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Гүлнар Күнтуғанова мәлім етті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Түркістан облысы республикада алдыңғы қатарда. Елдегі жалпы өнім көлемінің 12%-ы біздің өңірге тиесілі. Облыста 74,2 мың шаруа қожалығы тіркелген, бұл республикалық көрсеткіштің 31%-ын құрайды.

2022 жылы облыста ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің едәуір үлесі Сайрам (12%), Сарыағаш (11,5%) және Жетісай (10,2%) аудандарына тиесілі. Өңірде ауылшаруашылық дақылдарының жалпы егістік алқабы 861 мың гектарға жетіп, 2021 жылға қарағанда 1,8%-ға ұлғайғандығын көрсетіп отыр. Түркістан облысы – республика бойынша мақта өсіретін жалғыз аймақ. Мақтаның жалпы егістік көлемі – 126 мың гектар. Былтыр облыс бойынша 362 мың тонна мақта жиналған.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 74,7 млрд. теңге инвестиция тартылды немесе өсім +18,7% болды, тамақ өнеркәсібіне 10,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім +7,4%-ды құрады. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында 19,5 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 671 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға 9 бюджеттік бағдарлама бойынша 30,3 млрд. теңге бөлініп, 25 112 агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне қолдау көрсетілді.

Жылыжайлардың жалпы көлемі 101 гектарға жетіп, жалпы көлемі 1 569,0 гектарды құрады. Елдегі жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысында. Жаңадан 1293 ауыл шаруашылығы техникалары алынып, техника паркін жаңалау үлесі 5,6%-ға жетті.

Түркістан облысы 2022 жылдың қорытындысымен ет өндірісі бойынша Алматы облысынан кейін 2-орынды алып отыр. Ал қой саны жағынан Түркістан облысы республика бойынша бірінші орынды иемденді. 2023 жылдың 1 қаңтардағы көрсеткіш бойынша өңірдегі қойдың саны 4 млн 276 мыңға жеткен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған