БЕКНАЗАР БАТЫР БҮЛДІРШІНДІ ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ 

Түркістан облысы Жетісай қаласының 11 жасар тұрғыны Бекназар Мейрамбек жеке тұрғын үйге арналған кәріз жүйесінің шұңқырынан 2 жасар Бақытбек Сабыржан есімді сәбиді өлім аузынан құтқарған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

– 2019 жылдың 2 сәуір күні сағат 19:40 шамасында Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласы А.Қалыбеков көшесінде ойнап жүрген балалар №57 тұрғын үйдің сыртында орналасқан жеке үйдің кәріз жүйесінің шұңқырынан кішкентай бүлдіршіннің құлап түскенін байқап қалған. Дереу жүгіріп жеткен балалар құдықтың ішіндегі 1 метрден аса лас судан кішкентай бүлдіршінді көре алмаған. Осы мезетте 2008 жылы туған 5-сынып оқушысы Бекназар Мейрамбек еш ойланбастан дереу құдықтың ішіне түседі. Лас су мойын тұсына келгеніне қарамастан, тұншыққан 2017 жылы туған 2 жасар Бақытбек Сабыржанды шұңқырдан көтеріп шығарған, – деді Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов.

С.Бақытбек ауруханаға жеткізіліп, қазіргі таңда бүлдіршіннің денсаулығы бірқалыпты, ем қабылдауда. Осылайша 11 жасар Бекназар Мейрамбек өзінің батылдығын, қайсарлығын көрсетіп, бүлдіршіннің өмірін сақтап, өз ісімен ерлік көрсетті.

Айта кетейік, құтқарушы Бекназар Мұсаұлы Жетісай қаласындағы №2 Шоқан Уәлиханов мектебінің 5 «а» сынып оқушысы. Жас батыр Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы грамотасымен және сыйлықпен марапатталды.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған