БҰЙРЫҚТАР 2021 ЖЫЛДАН БАСТАП ЛАТЫНША ЖАЗЫЛАДЫ

2021 жылдан бастап әкімдіктерде бұйрықтар латын негізді емледе жазылады деп хабарлайды Жамбыл облысы, Меркі ауданы әкімі аппаратының ақпараттық порталы.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев, аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова, аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың қатысуымен аудан тұрғындарына Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын түсіндіру бойынша кездесу өтті.

– Өздеріңізге белгілі, латынға негізделген әліпбиге көшу мәселесі – Тәуелсіздік алғалы бері зерттеліп, жан-жақты таразыланып, салмақтанып барып қолға алынған бағдарлама. Өткен жылы латыннегізді қазақ әліпбиіне көшуге байланысты ұлттық комиссия құрылып, орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, ақпараттық-технологиялық жұмыс тобы жасақталды. Қазіргі уақытта біз өтпелі кезеңді бастап өткеріп жатырмыз. Бұқара қауымда сауатсыздық мәселесі, аға буын мен кейінгі ұрпақтың бір-бірінің жазуын түсінбеушілік белең алудың алдын алу мақсатында дәстүрлі орфографияны сақтап қалудың үлгісі – әзірбайжан мемлекетінің тәжірибесі пайдаланылуда.

Кириллица әзірге қолданыста жүре береді. Мектепте білім алуда емле мәселесіне қатысты айтатын болсақ, болашақта жалпыға бірдей типтегі білім беру жүйесі енгізіледі. Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап әкімдіктерде бұйрықтар латын графикасына негізделген үлгіде жазылатын болады. Ал, бұқаралық ақпарат құралдары 2023 жылдан бастап жаңа емлеге көшеді. Мұндайда «Асықпау керек және кешікпеу керек» деген қағиданы ұстанған жөн, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев.

Басқосуда облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жаңа заман талабына сай интернет технологияларды пайдалана отырып, жазуды меңгеру, оқылуда көзшалым мен қолдағдысын үйрететін жалпыға арналған qasalipbi.kz онлайн-курсының мақсаты мен тиімділігі таныстырылды.

Кездесу соңында Қуат Қаһарманұлы облыстық басылым редакторларының тақырып төңірегінде қойылған сауалдарына тұщымды жауаптар қайтарып, «Туған жерге тарту» деп, өз авторлығымен жазған кітаптарын табыс етті.

Mixnews.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған