«БҰЛ МӘСЕЛЕДЕ ХАЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТАДЫ ДЕП ҮМІТТЕНЕМІЗ»

«Nur Otan» партиясы басшылығының аймақтарға сапары осы аптада еліміздің Оңтүстік өңірлерінде жалғасты. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек алдымен Шымкентке ат басын тіреп, қаладағы бірқатар проблемалық нысандарды аралады. Сондай-ақ бүгін кезектен тыс конференцияда қала әкімі Мұрат Әйтенов қалалық филиал төрағасы болып сайланды.

Ол жұмыс сапарын қала әкімімен бірге Шымкенттің Абай ауданындағы М. Водопьянов көшесінің өткен жылы үйлері өртенген тұрғындарымен кездесуден бастады. Бұл проблемалық нысан партия төрағасы Бірінші орынбасарының алдыңғы сапарының қорытындысы бойынша қыркүйекте партиялық бақылауға алынған болатын. Қазіргі уақытта «Отау строй» құрылыс компаниясы тұрғын үйдің іргетасын қалап, екінші қабатына құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде.

Жергілікті биліктің мәліметіне қарағанда, 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысына жуырда бюджетті нақтылау кезінде қажетті қаражат бөлінеді. Тұрғын үй жыл соңына қарай пайдалануға беріледі.

Содан соң Бауыржан Байбек қалаға бұдан бес жыл бұрын қалаға қосылған «Таскен» ықшам ауданына барды. Мұнда 2 мыңдай үй мен бірқатар әлеуметтік нысан электр энергиясының ауық-ауық үзіліп қалуынан қиындық көріп отыр.

Кездесу кезінде тұрғындар басқа да түйткілдерді, соның ішінде шағын аудандағы жолдардың сапасына қатысты мәселелерді ортаға салды. Жергілікті биліктің айтуынша, көктемде осындағы бірнеше көшені жөндеу жұмыстары басталады.

Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының белсенді тұрғындарымен, зиялы қауыммен, жастармен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірнеше кездесу ұйымдастырып, қаланың өзекті мәселелерін бірлесе талқылады. Олардың қатарында қаланың дамуы, инженерлік және жол инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, мәдени-әлеуметтік жағдайы, идеология саласы, руханият жайы бар. Бауыржан Байбек жұртшылық көтеріп отырған мәселелердің барлығы әзірленіп жатқан қаланы дамытудың 5 жылдық бағдарламасына енетінін атап өтті.

Бас қосуда зиялылар мен ел ағалары да өз сауалдарын қойып, ойларын ортаға салды. Әсіресе, елде идеологиялық жұмыстарды жолға қою, телеарналарды арзанқол, татымсыз хабарлардан арылтып, пайдалы ақпаратпен толтыру, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, төтенше жағдай, жол полициясы, т.б. сала қызметкерлеріне алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін үйрету секілді ұсыныстар берілді.

– Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасы бойынша, біз барлық өңірлердегі осындай «әлсіз тұстарды» орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүйелі шешу үшін анықтаймыз. Бұл мәселеде халық белсенділік танытады деп үміттенеміз. Біз бірге, диалог және өзара сенім арқылы ғана ел Президенті ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыра аламыз, – деді Бауыржан Байбек.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған