АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ПОЛЬША ТЕХНОЛОГИЯСЫ ЕНГІЗІЛМЕК

Түркістан қаласында «Түркістан: польшалық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық Қазақстан-Польша бизнес-форумы өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шетелдік делегаттар құрамында экономика, ауыл шаруашылығы, телекоммуникация және машина жасау салаларында қызмет ететін кәсіпкерлер мен компания өкілдері болды. Делегацияны Польшаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Селим Хазбиевич бастап келді.

«Түркістан» ӘКК» АҚ-ның филиалы «Turkistan Invest» компаниясы ұйымдастырған форум аясында қос тарап бірігіп жүзеге асыратын жобалар, экспорт пен импортқа қатысты мәселелер жайында сөз қозғады. «Инвестиция және сауда бойынша польшалық агенттік» АҚ шетелдік сауда офисінің басшысы Юлия Городецкая:

– Форум Польша мен Түркістан облысы арасындағы сауда-экономикалық дамудың жаңа жолдарын айқындауға үлкен үлесін қосады. Орталық Азияға жол ашатын Қазақстан Еуропа мен Азия үшін маңызды рөлге ие. Еуропалық Одақ нарығына жетелейтін Польша да сіздер үшін тура сондай маңызды ел болып табылады. Қазақстан мен Польша – инвестициялық байланыс бойынша да жақсы әріптес елдер, – деді.

Кездесу барысында польшалық технологияларды Түркістан облысы аумағындағы ауыл шаруашылығы саласына ендіру туралы ұсыныс айтылды. Оның ішінде, шетелдік кәсіпкерлер су, сүт және сұйық майды құю бойынша бизнестердің дайын нұсқаларын таныстырды. Польшалық бизнес өкілдері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етумен қатар, жұмысшыларды оқытып, үйрететіндіктерін де жеткізді.

– Бізге бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешен бойынша көшбасшы болып табылатын польшалық технологиялар қажет. Өңірімізде қайта өңдеуге болатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі үлкен. Оларды тек Қытай мен Ресейге ғана емес, сондай-ақ, Польшаға да тасымалдай аламыз, – деді «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның филиалы «Turkistan Invest» компаниясының директоры Нариман Ильясов.

Іс-шара барысында екі тарап ынтымақтастықты ары қарай дамытып, оны нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Айта кетерлік жайт, Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 1 млрд. АҚШ долларынан астам соманы құрайды. Қазақстанға Польша фармацевтикалық, косметикалық өнімдер мен қантты тасымалдайды. Ал Қазақстан минералдық өнімдерді, көмір мен бидайды экспорттайды. Бүгінгі таңда елімізде 200-ден астам польшалық компания қызмет етеді.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған