АРЫСТА БІРНЕШЕ ҮЙ ТОЛЫҚ СҮРІЛІП, ЖАҢАДАН СОҒЫЛАДЫ

Арыстың дамуы құрылыс жұмыстары аяқталған соң да қарқынды жалғаса бермек. «Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласында өткен апталық аппараттық мәжілісте қадап айтты» деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдағы уақытта Арыс қаласындағы экономикалық-әлеуметтік даму жұмыстары жаңа қарқында жалғасын таппақ. Отырыста Арыста атқарылып жатқан жұмыстар мен жол, кәріз жүйесі және құрылыстың құжаттандыруы жайлы соңғы мәліметтер талқыланды. Жиында Нұр-Сұлтан, Ақмола, Ақтөбе, Шымкент, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері құжаттарды толық рәсімдеп, орталыққа тапсыру жағын кешіктіріп жатқаны айтылды. Облыс басшысы бұл мәселені жылдамырақ шешуді тапсырды.

Сондай-ақ, Ақтөбе секторына қарайтын бірнеше үйдің қайта сараптаудан өткені белгілі болды. Нәтижесінде олар толық сүріліп, жаңадан соғылады. Құрылысты облыс өз қолына алды.

Жарылыстан 8 мыңнан астам тұрғын үйдің 7634-і зақымданған болса, зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін тұруға жарамсыз деп танылған 474 үй қайта басынан салынуда. Қазіргі таңда 330 үйдің құрылысы аяқталған. Толық сүріліп тастап, қайта көтерілген 144 үйдің құрылысы да бітуге жақын. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Қаладағы инфрақұрылымды реттеу барысында Арыс қаласының кәріз жүйелері толық жөндеуден өтіп, автоматтандырылған. Арыс жылыту маусымына да толық дайын. Зақым келген Арыс көшелері де жөндеуден өткен. Бүгінде 16 көшенің аяқжол салу жұмыстары аяқталып, жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

MIXNEWS.KZ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған