ӘЛЕМ ТАНЫҒАН АБАЙ

Жырларыңда тұнып тұрған ұлылық,

Жабырқасам жанға құяр жылылық.

Абай деген жұмбақ әлем, биік шың,

Болғаным жоқ әлі өзіңді ұғынып – деп ақын жырлағандай дала данышпаны Абай әлі де құпиясы ашылмаған ұлы тұлға. Абайдың әр сөзі үлгі, өнеге, өсиет.

Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай біздің Шымкент жоғары медицина колледжінде дара әрі дарынды тұлғаның өмірінен сыр шертер «Әлем таныған Абай» атты әдеби-музыкалық кеш болып өтті. Тағлымы мол жиынды колледжіміздің жалпы гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық пәндер бірлестігінің төрайымы Дүйсенкүл Әлайдарқызы кіріспе сөзбен ашты. Ұстаздың пікірінше бүгінгі, болашақ ұрпақ халқымыздың ұлы перзенті – Абай Құнанбайұлының өмір жолын терең әрі жан-жақты танып білу арқылы рухани тұрғыдан дамуына кең жол ашылмақ.

Кеште оқытушы Сандуғаш Алимбетова өз баяндамасында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына қысқаша тоқталып өтті.

Бұл әдеби кештің мәні мен маңызын, сондай ақ мазмұнын Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының актеры Сапарбай Өтемісұлы арттыра түсті. Ардагер өнер иесінің өмірі мен өнері туралы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Оңтүстік» телеарнасының аға редакторы Уәлихан Қожақ әңгімеледі. Журналист өнер иесінің ұлы Абай бейнесін, дәлірек айтқанда оның балалық, жастық және егде жастағы кезеңдерін бүкіл өнер жолында сомдағанын айтып өтті. Бүгінде ардагер актер Абайдың ес тоқтатып, егде тартқан шағын бейнелеп, көрерменге ұсынып отыр.

Кеш қонағы, әйгілі актер Сапарбай Өтемісұлы Абай кейіпкерін сомдау – өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. «Абай бейнесін сомдау үшін Абай дәуірін, сол заманның, қоғамның тыныс тіршілігін ұзақ уақыт жан жақты зерттедім» – деді әртіс. Өзі ұлы философтың бірнеше шығармаларын орындады. Абай шығармаларының ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны ерекшеліктеріне тоқталды. Абай бейнесіне енген әртіс өзін оқу ордасында емес, Жидебайда, Абайдың туған елінде жүргендей сомдады.

«Театр – өмір мектебі. Сіздер болашақ денсаулық сақшысыздар. Адам ағзасындағы дертті дәрімен бірге Абай аталарыңыздың дәріден де артық емдік қасиеттерге ие сөздерімен де емдей аласыздар» – деді қарт актер.

Жүздесуде журналист Уәлихан Қожақ белгілі драматург Иран Ғайыптың Ерғали Оразымбетовтың режиссерлығымен «Мен ішпеген у бар ма?» атты драмалық дастанында Сапарбай ақсақалдың Абайдың кейіпкерін ойнауы туралы тілге тиек етті. Бұл туындыны Сыр елінің, қызылордалық көрермен назарына ұсынғанда автор: «Менің Абайым. Абай осындай болған шығар» деп өз ризашылығын білдірген екен. Ал 2014 жылы Сапарбай Өтемісұлы астанада өнер көрсеткенде белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Қазіргі Абайды ойнап жүргендердің ішінде сізге жететін Абай жоқ» деп, Сәкеңнің қолын қысыпты. Міне, бұл актердің Абай бейнесін көрермен назарына, өнерсүйер қауымға ұсынудағы үлкен жетістіктері.

Жастармен жүздесуде тәжірибелі әртіс Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты өлеңін де оқыды. Абай сөздері мен өлеңдерінің құдіретіне тәнті болған студенттер көзі тірі Абай атасымен кездескендей әсер алды. Студенттер халқымыздың ұлы қайраткерлерінің Абай туралы айтқан сөздерімен таныстырды, әндерін орындады.

Танымал актер жастарды толғандырған сұрақтарына жауаптар қайтарды. Кездесуді Дүйсенкүл Әлайдарқызы қорытындылап, қонаққа мазмұнды да пайымды әңгімелері үшін алғыс айтып, сый құрмет көрсетті.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сапарбай Өтемісов ақсақалмен кездесу кеші мазмұнды өтті. Бұл жүздесу колледж жастарына Абай ұлылығы сырларын ұқтырды.

 Дүйсенкүл Әлайдарқызы ҚОЖАНАЛИЕВА,

Сандуғаш Лесбекқызы АЛИМБЕТОВА,

 Шымкент жоғары медицина колледжінің оқытушылары

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған