ҰЛЫН УЛАҒАН АНА

Жұмысынан ертерек шығып үйіне келген Асылбек келіншегінің де жұмысытан келуін күтіп отырып қалды. Ойланып отырған ол, терең ойға шомғаны сонша Айзаданың үйді өзінің кілтімен ашып, ішке кіргенін де сезбей қалған екен.

– Жаным-ау, не ойлап отырсың? – деген оның нәзік те жүрекке жағымды үнінен Асылбек селк ете қалды.

– Келіп қалғансың ба?

– Иә, не мені емес өзге біреуді күтіп отыр ма едің? – деп келіншек күйеуінің тізесіне отыра кетті.

– Сенен, өзге кімді күтемін? Бүгін жұмыстан ертерек шығып сені күтіп отырмын. Киініп, дайындал, кешке қонаққа барамыз.

– Қандай қонаққа?

– Болаттар кішкентайларына бесік той жасап жатыр екен. Соған барамыз. Бағана жұмысқа келіп атап-арнап шақырып кетті. Бармасақ ұяты болады, жинал, – деді.

Мына сөзді естіп бірден түрі өзгеріп кеткен Айзада:

– Асыл, мен бармай-ақ қояйыншы. Өтінемін сенен, – деді қиылып.

– Не? Саған не болды? Тыныштық па әйтеуір? Неге бармауың керек екен? Барасың, сенсіз қалай отырамын  жалғыз өзім?

– Керегі жоқ, Асылбек бармаймын! – деп Айзада тоқ етерін айтты.

– Неге? Не үшін?

– Олай жаралы жанымды езе бермеші. Онсыз да өзі қиналып жүргенімді жақсы білесің ғой. Саған білдірмеуге тырыссам да, әлі күнге баласыз жүргенім жүрегімді езіп, ішіме түскен құртс екілді мені жеп тұрады. Ондай бесік тойларға барсам, сенің қатарластарыңның балаларын көрсем одан сайын көңілім құлазып кетеді. Саған перзент сыйлап әке болу бақытын көрсете алмағаным үшін өзімді өзім жазғырып өліп кете жаздаймын. Одан да бармағаным абзал, – деді.

– Жоқ, Айзада, неге олай дейсің? Сенің не жазығың бар екен? Сол үшін Болаттың үйіне бармай қоямыз ба?

– Сен бара бер, бірақ, мен бара алмаймын. Бекерге отырыстың сәнін құртып, жанарыма жас алып өткенегідей жылап жүрсем тағы да екеуміз ренжісіп қаламыз. Мен қазір ондай жерлерде өзімді-өзім ұстай алмайтын болып қалғанмын. Сен ренжімеші.

– Сен әлі соған ренжіп жүр екенсің ғой. Сол оқиға үшін бірнеше рет кешірім сұрадым ғой. Енді неге ұмыта салмайсың?

– Жоқ, ренжіп жүргенім жоқ. Сенің кешірім сұрағаныңды да білемін, кешіріп те қойғанмын. Бірақ, айтып тұрмын ғой, Асылбек, – деген Айзада сөзінің соңын айтпастан үндемей қалды.

Аузына сөз түспей отырып қалған Асылбек бармайын десе досынан ұялып отыр, барайын десе Айзаданы тастап кетуге ыңғайсызданады. Сөзсіз ондағы достарының өздері де, әйелдері де Айзаданы сұрайтыны хақ. Оларға не Айтарын білмей ойланып отыр. Болмаған соң Айзаданың өзінен:

– Сені сұраса ше? Олардың жамырап маған жабылып кететінін білесің ғой, сені сұрап.

– “Мазасы болмай қалып кетті” де, не болмаса “төркініне кетіп еді” дей сал. Әйтеуір бірдеңе тапсаңшы өзің, – деген Айзада күйеуіне қарамастан бетін теріс бұрып жатын бөлмеге кіріп кетті.

Олай етуіне себеп те бар болатын. Айзада өзін-өзі тоқтата алмай тұрған болатын. Іштей: “Бұл Болаттың үшінші перзенті. Ал бізде, бізде біреуі де жоқ. Аллаһ неге сонша бізді азаптайтынын түсінбеймін? Асылбектің де қазір бірнеше баланың әкесі болып отыратын кезі. Мені тастап, қолын бір сілтеп кетсе де ренжи алмаймын. Өйткені, мен оған перзент сыйлай алмай келемін. Бірақ, ол неге солай етпейді? Неге? Осыншама қорлықты көріп жүре бермек пе? Қорылық емей немене, өз қатарластарының балаларының алды мектепке барады. Ал біз әлі екеуміз ғанамыз…” деп ойлады. Осыны ойлағаны мұң екен, жанарынан моншақ жастар төнгіле берді. Сол көз жастарын күйеуіне көрсетпеу үшін жуынбастан, шешінбестен жатын бөлмеге кіріп кеткен болатын.

Енді Айзаданың ізінен барып жалынғанмен ештеңенің өзгермейтінін ұққан Асылбек айнаға бір қарады да сыртқа беттеді. Есіктен шығар сәтте:

– Жаным, мен кеттім! – деді.

Айзада оған ештеңе де айтқан жоқ. Тіпті, күйеуін шығарып салуға да тұрмады. Сол жатқанынан Айзада  екі көзіне ерік беріп жылай берді. Тамақ та ішкен жоқ. Аллаһтың бір шаранаға зар етіп қойғанына жүрегі қан жылап жалғыз өзі өкіріп, езіліп еңіреп жылай берді, жылай берді. Біресе үнсіз тістеніп жылады, күйеуінің жоқтығын пайдаланып дыбысын шығарып, өкіріп жылады. Әйтеуір Асылбек оралғанша жанын езген азаппен жалғыз арпалыса берген. Түн жарымы болғанда  пәтердің есігін әлдекім дүрсілдетіп ұра бастады. Орнына ұшып тұрған Айзада :

– Бұл кім болды екен? – деп есікке беттеді.

Әдетте Асылбек өз кілтімен ашатын.

– Бұл кім? – деп еді, ар жақтан Асылбектің жолдас жігіттерінің бірі Талғаттың:

– Айзада есікті ашшы, біз ғой, – деген даусы шықты.

– Талғат, сен бе? – деп есікті ашқан Айзада Асылбекті сүйеп тұрған Талғатты көрді.

Күйеуі аяғынан тұра алмай өлгенше ішіп алыпты. Үсті-басының барлығы бүлінген. Жолда келе жатып құсқан болуы керек, үстінен жағымсыз иіс шығып тұр. Айзада мұны көріп шошып кетті. Өйткені, Асылбек араққа құмар еместін. Тіпті, мүлдем ішпейтін жігіттерден еді.

– Бұған не болған? – деп көзі атыздай болды.

– Көп ішіп қойды-ау шамасы. Айзада, уайымдама еркектерде ондай-ондай болып тұрады,- деп күлімсіреді де Асылбекті ішке кіргізді.

– Болып тұрғаны құрып кетсін, бұлай ішпеуші еді ғой. Талғат, шыныңды айтшы, бірдеңе болды ма?

– Жоқ, ештеңе де болған жоқ. Өзінің бір ішкісі келген шығар. Анда-санда онда         жайттар болып тұрады ғой.

– Жоқ, Асылбекке бірдеңе болған ғой, айтсаңшы не болғанын. Ол біреу бірдеңе демесе бұлай ішіп мас болмайтын еді, – деп Айзада күйеуінің үстіндегі лас киімдерді шешіп жүріп, сұрап жүр.

Кетіп қалайын десе кете алмай қипақтап жүрген Талғатқа Айзада:

– Не болғанын айтпай жатып кетпейсің! – деді.

Өз күйеуін соншалықты жақсы білетін Айзадаға таңданған Талғат:

– Жай балдармен ерегісіп қалды.

– Не? Кіммен?

– Өзіміздің жігіттердің біреуімен. Бірақ, кіммен екенін айта алмаймын.

– Не үшін?

– Керегі жоқ, кейін өзінен сұрап білерсің, – деп Талғат қоштасып есікке беттеді.

Есікті кілттеп алу үшін оның ізінен ілескен Айзада Талғатқа қарап:

– Рахмет, Талғат, – деді.

– Не үшін?

– Алып келіп тастағаның үшін үлкен рахмет, – деді де қайта жатын бөлмеге келді.

Ештеңеден бейхабар, бейне өлі адамдай былқ-сылқ еткен ол қорылдап ұйықтап жатыр. Асылбектің өмірінде бұлай мас болғанын көрмеген Айзада:

– Жанына ауыр тиетін ерегісу болған-ау шамасы, – деп ойлады да бағанағы тағдырына деген өкпені де, шаранаға деген сағынышты да ұмытып күйеуінің жанына жастыққа бас қойды.

Ұйықтап кеткен екен, Асылбектің сөйлеп жатқанынан оянып кетті. Ұйықтап жатып самбырлап сөйлеп жатқан ол:

– Көресіңдер әлі, менің де балаларым болады, көресіңдер. Керек болса он ұл туып беретін жап-жас қызға үйленемін, – деп сандырақтап жатыр екен.

Ол көп сөздер айтты. Оның сандырағынан Айзаданың бар түсініп қалған сөздері осы ғана болды. Жүрегі мұздап кетті. Үнемі өзі “ажырасайық,  мен саған перзент сыйлай алмадым” деп айта беруші еді. Оның барлығын Асылбек ажыраспайтынын білгендіктен айтатын. Шындап келгенде Айзада ондай құрбандыққа бара алмайды, барған күннің өзінде мойын ұсынуы қиын болатын шығар. Күйеуінің мына сөздерін естігенде Айзада өзінің әлі ажырасуға дайын емес екенін анық сезінді. Өйткені, күйеуінің бұл сандырағы болса да, шындыққа айналса шыдай алмасын ұқты. Көзіне тағы да мөлтілдеп тамшылар үйіріле берді…

Таңертеңмен ерте тұрған Айзада күйеуінің бар жағдайын жасап төменге түсіп айран алып келді. Таңертеңмен жұмысына кетерден алдын тәті етіп бас жазатын сорпа әзірледі. Одан соң барып Асылбекті оятты. Басын біреу балталап тастағандай сынып ауырып тұрған, ол ыңыранып әрең көзін ашып еді, мұрынына тәтті сорпаның иісі келді. Тәбеті ашылып кеткендей болды. Бірақ, тұрғысы келмей жатыр.

– Асыл, тұрсаңшы, тамақ ішіп, жуынып-шайынып содан соң деміңді ал. Мен жұмысыңа ауырып жатыр деп хабарлап қойдым. Олар бүгін сені іздемейді. Тек басыңның ауырғаны аз да болса басылсын, сорпа ішіп ал, барлығын дайындап қойдым. Мен жұмысқа кетіп бара жатырмын, – деп қоярда қоймай оятып жуынатын бөлмеге кіргізіп кетті.

Кешегі оқиға жайлы ештеңе де сұраған жоқ. Не болса да кешке келіп әңгімелеспекші…

Жұмысынан кешке үйге оралған Айзада күйеуінің аз да болса өзіне келіп, теледидар қарап отырғанын көрді. Бірақ, ауыз ашып ештеңе деместен киімін ауыстырып шықты. Содан соң барып Асылбектің жанына келіп жайғасты.

– Асыл кеше не болды? – деген Айзаданың бетіне таңдана қараған Асыл жастықтан басын көтеріп, тұрып отырды.

Ол Айзаданы айқай шығарып осыншама мас болып ішкені үшін ренжитін болар деп ойлаған. Келіншегінің жай сөз бастағанына таңданып:

– Білмеймін мас болып қалыппын ғой, – деді.

– Мас болып қалғаныңды өзім де көрдім. Кіммен ерегісіп қалдың? Не үшін іштің? – деп сұраулы жүзбен назар салған әйелінің сөзінен кейін Асылбек кеше болған оқиғаны жасыра алмады.

– Сен болғандықтан барлығы күліп жүреді екен ғой. Сенсіз отырысқа барып едім, бәрі туатын әйел алуыма кеңес беріп кеткені. Жаныңа ауыр тиетінін білемін, бірақ, сені алдағым келмейді Айзада, – деп Асыл күмілжіп  қалды.

– Айта бер, ыңғайсызданбай-ақ қой.

– Сосын мен сені сүйетінімді айттым. Барлығы жамырап кетті. Маған ең ауыр тигені Жандостың сөзі болды. Сонымен ерегісемін деп арақ іше беріппін ғой.

– Иә, түнімен сандырақтап шықтың, – деген Айзада шыдай алмай жылап жіберді.

Жаңа ғана күліп отырған әйелінің жылап жібергеніне түсінбей қалған Асыл:

– Не болды? Не деп сандырақтадым? – деп бәйек бола берді.

– Сен “Көресіңдер әлі, менің де балаларым болады, көресіңдер. Керек болса он ұл туып беретін жап-жас қызға үйленемін” дедің. Естіген кезде жүрегім езіліп кете жаздады. Бірақ, ол ащы шындық. Біз ажырасуымыз керек Асылбек. Саған шынында да ұл туып беретін әйел керек, – деген Айзада жаны азапталып тұрса да осы соңғы сөзді айтты.

– Жоқ, олай етуге болмайды. Ажыраспаймыз. Аллаһ берген күні бірдеңесі болар.

– Жоқ, ештеңе де болмайды, сенің араққұмар болып кеткеніңді қаламаймын. Бұл адам көтере алмайтын тағдырдың арқалатқан ауыр жүгі. Оған қолымыздан келгенше шыдап бақтық. Енді біз шыдағанмен, өмір шыдатпайды. Ажырасамыз, – деп сенімді түрде айтқан Айзаданы құшақтай алған Асылбек:

– Енді аузыма арақ алсам атым өшсін, Айзада. Мені тастап кетпейсің, сені сүйемін. Сен менің махаббатымсың. Мейлі, тағдыр арқалатқан азап болса көтереміз. Бірақ, біз бұлай қу бас болып қалмаймыз. Көресің ғой әлі-ақ перзентті боламыз. Тек сол сәтті шыдамдылықпен күтейікші. Ажырасу жайлы айтпашы жалынамын, – деп Асылбек жанарына жас алды.

Ол әйелін жақсы көреді. Талай жерге барып емделді. Екеуінің де денсаулығының балалы болуға жарайтынын айтқан. Бәрі жер емес бірнеше тексерілген жерлері солай деген. Сондықтан Асылбек сабырмен Аллаһтың беруін күтуге бел буып еді. Қазір де әйеліне жалынып отырғаны сол әлі де сөне қоймаған үміті болатын. Асылбектің жанарына жас алып жалынғанын көріп Айзада да басылғандай болды. Олар құшақтасып тұрып қалды. Ажырасу жайлы сөз тағы да кейінге ысырылып қала берді…

*   *   *

– Балам, қашанғы мына бедеудің бетіне қарап жүресің? Туатын біреуін тауып алмайсың ба? Жетер енді, жеті жыл күттің. Менің әні-міне деп отырған жайым бар. Маған немере сыйлайтын қатын ал. Кенедей осының бетіне жабысыпсың да қалыпсың, – деп Асылбекке анасы тағы да әдеттегі жырын жырлай бастады.

Анасының осы сөздерінен мезі болғандықтан Айзаданы алып бөлек шығып кетіп еді.

Енді міне, бөлек шықса да, анасы екі күннің бірінде келіп миын жейді де отырады.

– Апа, сіз де қоймайды екенсіз, – дей берген ұлына қарап Ұрқия:

– Қалай қоямын? Қалай? Жеті жылдық өмірің қор болып бекерге өтіп кетті. Егер қазір балаларың болғанда мектепке барып шауып жүретін еді. Ал сен болсаң мені тоқтатуға тырысасың. Егер “кет, сен бала туа алмайсың. Бедеу әйелмен бірге өмір сүрмеймін,” деп айта алмасаң, мен-ақ айтайын, – деп желпіне берген анасына қарап Асылбек:

– Жоқ, ешкім де Айзадаға ештеңе айтпайды. Мен оны сүйемін, балаға бола ажыраса алмаймын, апа. Неге түсінбейсіз? Баланы Құдай бермесе қалай туады? Мүмкін одан емес менен шығар?

– Тәйт, әрі! Не айтып кеттің? Соның өзінен. Әйтпесе біздің әулетімізде тумайтын, не перзентсіз қалып кететін ешкім де болмаған. Миымды қатырмай ажырасасың. Саған алатын қызды да дайындап қойдым, – деп Ұрқия диванға шалқалай отыра кетті.

– Не? Не дедіңіз? – деп Асылбек таңырқап боламын дегенше қайта сөйлеп бастаған Ұрқия:

– Саған өзім, бақуатты әулеттің аяқ-қолы балғадай тамаша қызын таптым. Соған үйленесің. Олар еш қарсылықсыз қызын беруге даяр. Тек сен мына бедеудің көзін құртсаң болды.

– Апа, неге түсінбейсіз, мен олай ете алмаймын.

– Неге олай істей алмайды екенсің? Істейсің! Қашанғы соның бетіне қарап жүре бересің? Онсыз да қаншама уақыттан бері сол туады деп аңдыдық қой, енді шыдамның да шегі болады. Үйленесің басқа біреуге. Егер, сен көнбесең де мен, ол қызды келін етіп түсіретін боламын айтпады деме.

– Есіңізден адасқаннан саусыз ба? Тыныш жүріңіз, Айзадаға тиісуші болмаңыз. Ештеңе де айтпаңыз оған. Мен ешкімге де үйленбеймін! – деп ашуланып кеткен Асылбек орнынан тұрды да пәтердің есігін тарс еткізіп жауып шығып кетті. Ашуланып кеткен ұлының өз еркімен ажыраспайтынын түсінген Ұрқия ойланып қалды. Келіні де оңайлықпен мұны тастап кете қоймайды. Оның енесі жақсы біледі. Сондықтан қабағы түйіліп кеткен Ұрқия:

– Қалайда басқа амалын тауып екеуін ажырастыру керек! – деп өзіне өзі өктем үнмен күбірлей берді…

Осы сәтте есік ашылып ішке Айзада кірді. Ол енесінің келгенін аяқ киімінен-ақ біліп, мұрнын тыржитып қойды.

–  Келдің бе?

– Амансыз ба, мама?

– Аманбыз. Аман болмағанда өліп қалды дейсің бе? Баламның миын әбден айналдырып алыпсың… – деп сөйлеп келе жатқан енесіне Айзада:

– Тағы да сол жырыңыз ба? Ең болмаса үйге кіріп алайық та, қойсаңызшы. Ол ажырасуға көнбей жүр. Әйтпесе баяғыда-ақ тастап кетер едім балаңызды, – деп асханаға өте берген келініне қарап Ұрқия:

-Басын айналдырып алсаң қалай кетеді ол сеннен? Сен оны дуалап алғансың, – деп келінінің ізінен ере үйреншікті ұрысын бастай берді.

Соңғы кездері онсыз да осы жара жанын езіп жүргендіктен Айзаданың мұндай ауыр сөздерді әдеттегідей үнсіз тыңдауға шыдамы жетпейтін еді.

– Не маған оңай дейсіз бе? Аллаһ бермеген баланы не істейміз енді? Бедеу болуды тілеппін бе мен? Қоясыз ба осындайыңызды, жоқ па? – деп шыңғырып жіберді.

Үнемі айтқан сөздерін үнсіз тыңдап анда-санда ғана жауап қататын келінінің мына бетінен ала кеткені Ұрқияға мүлдем ұнамады. Сынықтан сылтау іздеп тұрған аяр ене:

– Неге маған қарап шыңғырасың? Иә, сен, сен! Сенің кесіріңнен балам ұрпақсыз отыр. Бетімнен алып айқайлама маған, – деп ашудан қалшылдап кетті.

– Неге айқайламаймын екен? Неге? Біздің өмірімізге араласасыз да жүресіз? Ол біздің, біздің өміріміз ғой. Түсінесіз бе?

– Нені түсінуім керек? Баламның миын айналдырып, дуалап өзіңнен кете алмайтын қылып қойғаныңды түсінуім керек пе? Баяғыда-ақ бала сүйіп отыратын балам еді. Сен оны құртып жүрген! – деп Ұрқия  келініне жеки берді, иә сол бір сөзді қайталай берді.

– Иә, иә дуалап алғанмын. Көңіліңіз көншіді ме енді? Мені тынышыма қойыңыз. Иә, мен оны дуалап алғанмын, дуалап! Осы ма еді естігіңіз келіп, құлағыңызды қышып тұрғаны?! Қанды ма енді қышуыңыз? – деп жанарынан жас аққан Айзада енесіне шыңғырып-шыңғырып берді.

Осы сәтте ойна арам ой сап етіп, келінінен ақысын алмақ болып тұрған Ұрқия ашуменен терезе жанында тұрған келінін итеріп кеп жіберді. Үшінші қабаттан Айзада жерге құлап бара жатты. Бұл Ұрқияның арам ойы еді. Иә, ол мына келінінен оңайлықпен құтылмайтынын біліп итеріп жіберді. Келіні жерге түскен сәтте-ақ терезеден басын шығарып:

-Ойбай-й! Ойбай-й, көмектесіңдер, келінім өзін үшінші қабаттан тастап жіберді. Жедел жәрдем шақырыңдар, ойбай! – деп айқайға басып жыларман хәлде әртістікке салынып төменге қарай жүгіре жөнелді.

Ұрқияның көмек сұрап жалынышты да, аянышты шыққан үніне көп қабатты үйдің тұрғындары бір сілкініп қалды да, Айзаданың жанына жиналып жатты.

Жерге құлаған Айзада қимылсыз жатыр еді. Ал Ұрқия болса оның басын сүйеп:

– Жаным-ау, келінім-ау, Неге? Неге өзіңді-өзің тастап жібердің? Түсінетін едім ғой, түсіндіріп айтсаң өзім-ақ, барлығын түсінетін едім ғой. Неге тастап жібердің өзіңді? Балам не айтамын енді? Не деймін енді?  Бір рет шалыс қадам басқаны үшін өзіңді өлімге қиюға бола ма екен? Қарағым-ау, қарағым…м Ойнасыңның бар екенін айтпайтын едім ғой күйеуіңе. Сол үшін өзіңді өлімге қиғаның не? – деп өз қолымен ажалға итерген келіні үшін жалған азап шегіп жатты…

Ұрқияның мына сөзін естіген жиналған көрші-қолаң:

– Енесінің ашынасы бар екенін көріп қойғанына шыдай алмай өзін-өзі тастап жіберіпті.

– Сорлыға, сол керек. Соған біреу ашына ұстасын депті ме?

– Соны айтсайшы әп-әдемі өзі десе өліп тұратын күйеуі бар ғой.

– Не жетпейді екен осыған. Бала тумаса да тастап кетпей бетіне қараған күйеуінің қадіріне жетпей қарасайшы қылып жүргенін?!

– Мүмкін “ашынадан бала туармын” деп ойлаған олар, – деп жұрт Айзадана өсек қыла берді.

Осы сөздерді естіп тұрған Ұрқия болса:

– Құрысын барлығы, келінімнің аманат жаны аман қалса болар еді. Айтпайтын едім ұлыма ештеңе. Тек келінімнің жаны аман қалса екен, – деп жанқиярлық танытып жатқан Ұрқия іштей өзінің ойлап тауып, аузынан шыққан өтірігіне дән риза.

Өйткені, көрші-қолаң мұның айтқан сандырағына сеніп әл үстінде жатқан Айзаданы өсектеуге кірісіп те кетіп еді. Бұл Ұрқия үшін өте пайдалы болатын.

Көп ұзамай жедел жәрдем келді де Айзаданы алып кетіп бара жатты. Онымен бірге бармай қалған Ұрқия үйіне кіре салып ұлына қоңырау шалды.

Анасына ренжіп кетіп қалған Асылбек:

– Не болды ? -деді өктем үнмен.

– Ойбай масқара болдық, масқара… – деген Ұрқия өкіріп жылап жіберді.

Анасының мына зарлы даусынан шошып кеткен Асылбек:

– Не болды? Не? Тыныштық па? – деп абдырады да қалды.

– Айзада, Айзада масқара қылды балам… Тірі өлім ғой мынау тірі өлім… – деп ештеңе айтпай ұялы телефоннан еңірей берді.

– Айтсаңызшы не болғанын? Не болды? Не?!

– Ол … Ол үйге ойнасын ертіп келді.

-?..

– Менің келгенімді білмеді ме өзінің кілтімен есікті ашып ішке кірді. Жанында бір еркек бар. Екеуі сүйісіп тұрған еді кіре берісте, мен асханадан атып шықтым. Мені көріп сасып қалған сорлы өзін-өзі терезеден тастап жіберді. Ойнасының түрін де көріп үлгермедім, Айзаданың қайғысымен жүріп, оның кетіп қалғанын да байқамаппын… – деп келінінің адал арына арам күйені жаға берді.

Өз құлағына өзі сенбей тұрып қалған Асылбек:

– Жоқ, жоқ… – дей береді.

– Неге жоқ дейсің, ел көрді ғой балам, кел үйге кел…- деп жыламсыраған Ұрқия телефонды өшіріп ауруханаға бармақ болып жиналып жатты.

Осы сәтте жалма-жан үйге жүгіріп Асылбек кірді.Оның түрі өрт сөндіргендей түтеп кетіпті. Есеңгіреп естіген жаңалығынан жанын қоярға жер таппай келе жатқан мұны подъезд алдында жаңағы оқиғадан ес жия алмай отырған бір топ әйел қарсы алған болатын.  Олар мұны көре сала:

– Сорлы қарасайшы әп-әдемі күйеуі бар, ойнастың керегі не екен соған?

– Соны айтсайшы естіген болуы керек жаны қиналып келе жатыр ғой.

– Иә, ит те болса әйелі ғой, жаны күйзеліп келеді де.

– Ой, мұндай ойнасы бар қатынның көтіне бір теуіп қарасын да көрмес едім.

– Соны айтсайшы мен де көлеңкесіне де жоламайтын едім мұндай қатынның.

– Өз үйіңде, ақ төсегін ойнаспен арамдаған әйелден не қайыр?

– Сол пейілі үшін шығар Аллаһ оған перзент бермей жүргені,- деп өсектеп еді.

Асылбек үшін соңғы айтылған сөз ауыр тиді. Бір сәтке өзі де перзентсіздіктерін содан көрді. Көршілердің де бұл оқиғадан хабардар екенін біліп, олардың айтқан сөздерін естіп Асылбек үйге жаны қиналып кірді.

Ұлының азапталып тұрған жүзіне қарап Ұрқия:

– Балам, айттым ғой. Айттым ол оңбайды деп айттым саған…- деп еңкілдеп жылаған Ұрқия өз рөлін тамаша сомдап жатты.

– Көршілерде көріпті. Көріпті оның ойнасын. Неткен қорлық?! Не деген азап?! Құдайым-ау, мен сонда арқамнан пышақ сұғып ақ некемді арамдап жүрген әйелге сенгенмін бе? Не деген топас едім мен. Сіздің айтқаныңызға сенбеп едім, тас төбемнен тақ еткенде білдім ғой, – деп Асылбек шешесінің бауырына басын қойды.

Ұлының өзіне қайта орлағанынан жаны жадырап сала берген Ұрқия іштей қуанып т ұр. Онысын байқатпай:

– Балам, жүр иттік жасаса да қатының ғой ауруханаға барайық. Хәлі мүшкіл шығар сорлының. Сөйтіп күнәсін жумақ болған түрі ғой, – деді.

-Жоқ! Бармаймын, сіз де бармайсыз. Соншалықты сеніп бетіне қарап сүйіп келген Айзада енді мен үшін өлді. Иә, ол осы жайттан кейін тірі қалса да, өлсе де мен үшін бәрібір. Бармаймыз, бармаймыз… – деп ашудан қалш-қалш еткен сорлы жанын қоярға жер таппауда.

– Олай деме балам, ит те болса қатының ғой бір барып көрейік , – деді.

Бірақ, Асылбек барған жоқ. Ол баруға ниет те білдірмеді. Аяқ астынан жанашырлығы оянып кеткен Ұрқия болса:

– Балам, жаман да болса келінім ғой, барып жағдайын білейін. Ең болмаса болған жайтты төркініне айтып қыздарын тапсырайық өздеріне. Сен бармасаң да мен барайын, – деді.

– Маған бәрібір барасыз ба, жоқ па?! Мен үшін еді Айзада өлген!  Өлген,- деп шыңғырып жіберген Асылбек кетіп бара жатқан анасына қайрылып та қарамады…

Барлық тірлікті тындырған Ұрқия көршілерге айтып қол қойдырып, болған жайтты өзінше жазып полицияға тапсырды. Ол келіннің ойнаспен келіп, енесі көріп қойғасын шыдай алмай секіріп кеткенін жазып берді. Ал көршілер мұны растап қол қойды. Осылайша енесінің арамдығынан Айзада жан тапсыру бөлімінде жұрт үшін ақ некені арамдаған жан болып қала берді. Екі өкпесін қолына алып ауруханаға жеткен Айзаданың анасын көрген Ұрқия:

– Не болса да шыдап, тіпті, қызыңды бөлек те шығардым. Сондағы бар арманы не екенін білдік, – деді құдағиына бас сала.

Не болғаны түсінбеген Айзаданың анасы Зейнеп:

– Құдағи-ау, не болды өзі? Айзада аман ба? Не болды? Түсіндіріп айтыңызшы, – деп  тапырақтай берді.

Ол тіпті қызының жан тапсыру бөлімінде жатқанын да білмейтін. Ұрқия оны “Айзада ауырып қалды” деп қана шақыртқан.

– Түсіндіріп айтудың керегі не? Қызың арамза, опасыз  екен! – деді.

– О не дегеніңіз тағы? Қызыма не болды? Түсіндірсеңізші, – деді Зейнеп.

Болған оқиғаның барлығын ұшындыра айтып Зейнепке жеткізген Ұрқия:

– Баламның көңілі қалды қызыңнан. Тумаса да періштедей көріп дегенінен шықпайтын еді. Енді өлім аузында жатқан Айзаданы көргісі де келмей үйде қалып кетті. Енді бізді іздемеңдер де, қызың аман қалса қуан. Дүние салса да өздеріңе. Балам бас тартып отыр. Ойнаспен арамдалған қызыңды тапсырдық өзіңе, – деп Ұрқия түк болмағандай Зейнепті қалдырып кетіп бара жатты.

– Жоқ, Айзадам менің ондай емес, – деп шыр-шыр етіп перзентін ақтаған ана зарына залым ене қайрылған да жоқ.

Сорлы Зейнеп жан тапсыру бөлімінің алдында етегі жасқа толып қала берді. Иә, бәрібір ана жүрек қызының ақ екеніне, оның ондай арам жолға түспегеніне сенімді еді. Ол қандай жағдайда да қызының бармайтынына сенімді еді…

*    *    *

Айзаданың опасыздық жасағанына ұлын әбден сендіріп оның санасын улап тастаған Ұрқия:

– Болды жетер енді, төрт айдан бері жаныңды қоярға жер таппай жүрсің. Егер ол ақ болса, адал болса алдыңа келер еді. “Аурухадан шығыпты, мүгедек болып қалыпты” деп естіп жатырмын. Мүгедек те болса келер еді ғой жаны таза болса. Аллаһ оны жазалады, осы істеген ісі үшін. Ол мүгедек болып қалды. Ақ некені арамдап опа тапты дейсің бе? Ұмыт оны, балам. Жап-жас қызға үйленіп алуыңа болады,- деп айта берді.

Анасының айтқанына көнген Асылбек үйленуге бел буды. Ол үшін енді кімге үйленсе де бәрібір еді. Өйткені өзі сеніп жылдар бойы жанын түсініп аялаған адал махаббаты опасыздық жасап кетті. Сондықтан енді ол махаббат үшін емес, болашақ үшін, ұрпақ үшін, анасы үшін ғана үйленуге бел буды. Ақыры Ұрқия арманына жетіп өзінің ойны іске асырып Ләззат есімді қазды Асылбекпен таныстырды. Екеуі үйленбекші болып шешті…

*   *   *

Есін жиып аз да болса өзіне келген Айзада болған оқиғаны естігенде екі күн бойы өзіне келе алмай азапталып жатты. Тіпті, анасы Зейнепке де ештеңе айтпастан тек жылай берген. Тек екі күннен соң ғана анасымен тілдесті.

– Апа, тек мынаны біліп алғаныңызды қалаймын. Мен некеме арамдық жасап, ойнастық жасаған жоқпын. Осыған сеніңізші, – деп езіліп жылады.

– Сенемін қызым, мен саған сенемін, тек өзіңді азаптамашы. Олай болмағанына сенемін, тек не үшін? Неге өзіңді өлімге қидың құлыным-ау, – деп еді, ойланып қалған Айзада ештеңе айтқан жоқ.

Ол енесінің итеріп жібергенін анасынан жасырып қалды. Бар айтқаны:

-Бала ғой арманым, баласыздығымнан ғой жүйкем тозған шығар, – деді де қойды…

Қызының көз жасын сүрткен Зейнеп Айзадаға:

– Қызым, мен саған бірдеңе айтпақшымын,-  деді.

– О не тағы, апа?

– Сен бекер секірдің ғой бекер, – деп Зейнеп жылап жіберді.

– Неге, апа? Не үшін?

– Сен жүкті екенсің, бірақ… бірақ тастап қойдың.

– Не? Не дедіңіз? – деген келіншек талықсып бара жатты.

Мынадай жаңалық оның жанды жарасының аузын осып түсіп еді. Иә, шынында да Айзада жүкті екен. Өзі де сезбеген. Екі айлық шарана үшінші қабаттан секіргенде іште өліп, дәрігерлер оны алып тастауға мәжбүр болып еді. 

Уақыт зымырап өтіп жатты. Бел омыртқасы зақымданған Айзада мүгедектер арбасына таңылды. Бірақ, сонда да жанын езіп еңіремеді. Өйткені, одан да ауыр жағдайды басынан өткізді. Ол ауыр жағдай – сонша уақыт армандаған сәбиінен айрылуы болатын. Оған қоса Асылбектің өзін іздеп бір келмегені болатын. Ол енесінің жасаған арамдығына сенген күйеуінің осыншама жылдық махаббатының бір ауыз сөзге бола сөнгені үшін өмірден де күдерін үзгісі келді. Алайда жанды да Аллаһ керек кезінде алады екен. Аманат жаны кеудесінде қалғасын қол арбаға таңылып қала берді. Тек ештеңе айтпай езіліп жылай беретін. Күннен-күнге қызының іштен тынып жоқ болып бара жатқанын сезген Зейнеп:

– Қызым, барып сөйлесіп көрсеңші. Алып барайын, Асылбек түсінер сені, әлі де ойланшы, – деп көндіруге тырысты.

– Апа, өлім аузында жатқанымда шешесінің жалғанына сеніп ізімнен бір рет келмеді. Ол мені сүймеген. Барлығы да жалған болған. Мен оны жек көремін, түсіндіріп айтқым келмейді ештеңе, – деп қарсыласып бақты.

Алайда жас жаны азапқа түскен келіншектің жүрегінде күйеуіне деген сағыныш тұнып тұрды. Иә, ең болмаса барлық сөзді Асылбектің өзінен естуді жөн көрді. Оның үстіне жанын езіп азапқа салған сағынышын сейілтпек болып оның үйіне баруға көнді. Айзада кеткелі Асылбек анасымен бірге қаладан шыға беріс ауылда тұрып жатқан болатын. Осылайша анасы Айзаданы Асылбектердің ауылдағы үйіне алып бармақ болды…

*   *   *

Жол бойы толқып, анасына мөлдірей қараған Айзада Асылбекпен жолығатын сәтін көз алдына елестетіп, оған не айтатынын ойластырып келе жатты. Алайда дайын көлікпен Асылбектердің үйінің алдына келгенде Айзаданың бар ойы да арманы да, ең болмаса сағынышының да күл-талқаны шықты. Есік алдына бұлар мінген көлік келіп тоқтаған сәтте байқады үй маңында адам көп екен. Бұлар түспей тұрып Айзада анасына:

– Апа, не болып жатыр? – деді.

– Білмеймін, қызым.

– Ол үйленіп жатыр.

– Тәйт ары, қайдағыны айтпай.

– Шын айтамын, үйленіп жатыр ол, – деген Айзаданың жанары жасқа толып тұрды.

Ол жылай алмай азапталып тұрған сәтте іштен аппақ көйлек киген сұлу қалыңдықты қолтықтап Асылбек шығып келе жатты. Айзаданың жүрегі парша-парша болып кетіп еді. Ол қуаныштан екі езуі құлағында тұрған енесін көрді. Күлімдеп жүрген Асылбекті көрді, еңсесі түсіп кетті. Қаланы шарлауға шығайын деп жатқан болу керек, көліктері безендірілмеген. Соған қарағанда той қыдыруларына шығатын жерге барып сол жерден безендірілген көліктерге мінетін болса керек. Зейнептің есі шықты. Ол қызын осында ертіп келегіне өкініп тұрды.

– Жаным, қызым… -кешірші… – дей беріп еді, Айзада:

– Апа, сенің жазығың жоқ. Осыны көргенім де дұрыс болды. Енді үмітімді мәңгіге үземін. Дұрыс болды. Бұл жерден кетейікші, ештеңені де көргім келмейді. Кетейікші, – деді анасына.

Осылайша жаны езіліп қайтқан Айзаданы анасы зар еңірер деп ойлады. Бұған дейін жылап жүрген қызы жылауын осы оқиғадан кейін сап тыйды. Арадан көп өтпей Айзада анасына:

– Апа мен бөлек шығамын, – деп ұсыныс айтты.

Бауырлары, әкесі қарсы болғанымен Айзада өзінің айтқанынан қайтпады. Ақыры ол ата-анасынан бөлініп жалғыз өзіне пәтер сатып алдырып, сонда көшіп кетті. Өзін бейшара сезінгісі келмеген қыз барлығын басынан бастағысы келді. Иә, басынан…

*   *   *

Дәрігердің қабылдауында болып сыртқа шыққан Айзаданың жанары мұңға толы. Қиналып тұрған оны көрген жұрттардың барлығының да аяй қарағаны белгілі. Өйткені, Айзада қоларбада отыр еді. Сыртқа өздігінен шыға алмайтынын біліп, үнсіз тұр. Әйелдің үнсіздігін айтпай-ақ ұққан кезек күтіп тұрған кісілер, оның сыртқа шығуына көмектесті. Олардың көмектескені, өз еркімен мына текпішектерді басып жүре алмайтындығы Айзаданың жанын езіп барады. Есіне дәрігер әйелдің жаңа ғана айтқан сөзі оралды:

– Сіңлім, егер қаржы табылатын болса, Алматыда өте жақсы маман жұмыс істейді. Сол кісі мұндай операцияларды өте жақсы жасайды. Оның қолынан көптеген жандар жазылып кетіп жатыр. Егер тума мүгедек болмаса, емдеу жолын табады. Сіз де барып көріңіз. Қанша көп қаржы кетсе де, ең бастысы өз аяғыңызбен жер басып жүресіз, – деген болатын.

Әжептеуір үміт оты жылт еткендей болып, қуанып кеткен Айзада:

– Апай, ол операция шамамен қанша қаражатты қажет етеді? – деп сұраған.

Күліп тұрған түрі сәл мұңданған дәрігер әйел:

– Жиырма мыңдай АҚШ доллары қажет шығар. Өйткені, сенің омыртқаңа жасалатын операция оңай емес,– деді.

Бұл қаражатты Айзада үш ұйықтаса да түсінде көрмеген. Қайдан табады? Ешқайдан да таба алмайды. Соны ойлап еңсесі түсіп кетті. Еңіреп жылағысы келді. Онсыз да өзіне жаутаңдап қарап, көз салған адамдарды одан сайын өзіне аударғысы келмей жанарына іркілген жасты ысырып, тамағына тығылған ащы өксікті тежей берген. Мына аурухана алдында көп тұрғысы келмей такси шақыртты да, соған жүргізушінің көмегімен отырып үйіне келді. Жүргізуші кісі иманжүзді жан екен, мұны бірінші қабаттағы үйіне кіргізіп барып содан соң ақшасын алып кетті. Оған рахметін айтып есігін жауып алған Айзада:

– Неге? Не үшін? О, қу тағдыр неге мені қинай бердің? – деп шыңғырып жылап жіберді.

Мына қаңыраған екі бөлмелі үйге сыймай бара жатыр. Бұлай үмітін жағып, сол үмітіне жеткізбей қинағанша, ешқашан жазылмайтын болғаны жақсы еді. Байғұс келіншек соны ойлап қиналды. Түк көңіл-күйі болмай таңертеңгі ауруханадан келгелі бері, нәр тартпай төсегіне жатып қалған болатын. Төсекте жай жатпай, ұзақ жылап жатты.

Содан беті күп болып ісіп кетіп еді. Тағы да жанарына жас айнала бергенде есік қоңырауы безілдей жөнелді. Қиналса да асыға тұрып қоларбасына жетіп отырды да, есікке келді.

– Бұл кім? – деп еді, арғы жақтан құрбы келіншегі Маржан:

– Мен ғой, Айзада, – деп жатты.

Есікті ашып екеуі мәре-сәре болып амандасты. Құрбысының ісіп кеткен бетін көрген Маржан:

– Не болды? Не деді дәрігер? Жазылмайсың деп айтты ма не? Болуы мүмкін емес, сен жазылуың керек еді ғой? – деп сұрақты үсті-үстіне қойған келіншек құрбысына жаны ашып сөйлеп жатыр.

– Кірсеңші, Маржан содан соң әңгімелесеміз, – деп екеуі ішке кірді.

Дабырлап сөйлеп жүрген Маржан бұл үйге келіп үйреніп қалған. Шай дайындады. Өзі алып келген тәттілермен дастарханды жайнатып тастады.

– Шайды дайындадым, Айзада отыр алдымен шай ішіп алайық, – деді Маржан.

Екеуі асханадағы аядай үстелдің үстінде әңгімелесіп отырып шай ішті. Ананы-мынаны сөз етіп отырып бір кезде Маржан.

– Енді дәрігер не деді? Соны айтшы маған. Неге сонша көңіл-күйің жоқ?

– Маржан, дәрігер не айтты деп ойлайсың маған? Мені қуантатын ештеңе де жоқ.

– Жазылмайсың деді ме?

– Жазыласың деді.

– Қойшы шынымен бе? Мынауың ең керемет жаңалық қой, – деп қуана беріп еді.

– Жоқ, жаман жаңалық, – деді Айзада қабағын түйіп.

– Не үшін жаман?

– Білесің бе, ол маған не айтты? Алматыда мені емдеп жазуға болатын дәрігер бар екенін айтты. Бірақ, оған жиырма мың АҚШ доллары қажет деді. Мен ондай ақшаны қайдан табамын? Аяғымнан жүремін деп, өлгенімше қарыз төлеймін бе? Тіпті, мына мен секілді мүгедекке ондай қарызды кім береді мына заманда? Ондай ақшаны таба алмаймын ғой. Апамдардан да сұрай алмаймын. Онсыз да олардың бастарына аз қайғы алып келген жоқпын, – деді.

Мына көп қаржыны естігенде Маржанның да көңіл-күйі түсіп кетіп еді. Екеуі осы жиырма мың долларды қалай табу жайлы көп әңгімелесті. Бірақ, шешімін таба алмай-ақ қойды.

– Айзада апаңдарға айтайық. Олар тауып бере алады. сенің жүргенің олар үшін үлкен қуаныш қой, – деді.

Өзінің мүгедектігіне жаны ауырған Айзада:

– Жоқ. Айтпаймын. Олай ете алмаймын Маржан. Олар ақша төлемеуі керек. Онсыз да мен үшін аз ақша жұмсаған жоқ. Мына пәтерді алып берген қарыздарынан әлі күнге құтыла алмай келеді, – деді.

– Мүмкін бір жақтан ата-анаң табар?

– Құрысыншы барлығы, оларды қинамаймын. Өлсем өлейін, осы мүгедек күйімде өмір сүрейін, қойшы, ақшасы құрысын! Жоқ қой, таба алмаймыз бәрібір! Мен енді осылай өмір бойы мүгедек болып өтемін! Маған ешқандай да бақыттың керегі жоқ! Мен бақытты болу үшін жаралған жан емеспін! Мені тағдыр тек қинап қойған! – деп Айзада еңкілдеп жылап жіберді.

– Қойшы жаным, қиналмашы, бір амалын табатын шығармыз… – деп Маржан оны жұбатуда, бірақ өз сөзіне сенімсіз болатын…

Кетіп бара жатып Маржан:

– Айзада, әлі де ата-анаңа айтып көрейік. Сенің амандығың олар үшін ақшадан да қымбат. Ойлан, – деді.

– Жоқ, Маржан, айтпаймыз. Егер сенің де айтқаныңды байқайтын болсам ренжіп қаламын. Оларды уайымдатпа. Өзімнің уайымдап жүргенім де жетер. Айтушы болма, – деп қатаң тапсырып құрбысын шығарып салды.

Айзада Алматыға баруды армандайды, бірақ қаражат табу қиынның қиыны. Соны ойлай-ойлай әбден миы қатып кетті. Тіпті соңғы кездері үйде отырып өзінен-өзі ашуланып, айқайлап жіберетін әдет те тауып алды. Бүгін де жаны қиналып отыр. Сол бір дәрігерге барып, өзінің жиырма мың доллар тапса Алматыға барып операция жасатып жазылып кететінін естігелі бері де бір айдан аса уақыт өтті. Осы бір айда

Айзада жанын жеп, өзінен-өзі мүжіліп бара жатты…

*   *   *

Кешке жұмысынан шығып Айзаданың ата-анасының үйіне баруды жөн санаған Маржан сонда келді. Қызының құрбысын көрген Зейнеп:

– Маржан, амансың ба, айналайын? Қалың қалай? – деп құрақ ұшып қарсы алды.

– Жақсы, Зейнеп әпке, өзіңіз қалайсыз?

– Аллаһ деп жүріп жатырмыз, отыр қызым шай дайындайын, – дей беріп еді, Зейнепке Маржан:

– Әпке, ештеңе де керек емес, мен сізге бірдеңе айтуға келдім, – деді.

– Тыныштық па? Не болды?

– Айзада жөнінде?

– Оған бірдеңе болды ма?

– Жоқ, ештеңе де болған жоқ. Бірақ, өзі сіздерге айтпауымды тапсырып еді. Алайда айтуды жөн санадым.

– О не тағы? – деген Зейнеп қорқып кетті.

– Зейнеп әпке, оны емдеуге болады екен, – деді Маржан.

– Не? Не дедің, қызым-ау? Сен не айттың? – деген Зейнептің есі шығып кете жаздады.

– Оны емдеуге болады.

– Құдайым-ау, ману тамаша жағалық қой. Ақсарбас, Аллаһым бір өзһң қолды. Қызымның жанын азапқа салып жүргенін, арбаға таңылып жүргенін көргенде жаным езіліп жүрегім кеудеме сыймай азапқа түсемін. Жазылып кетсе жарар еді. Қалайша, кім айтты қайда барып емделеді екен? – деген ана көңілі қуаныштан жадырап сала берді.

Барлық жайтты Зейнепке түсіндіріп айтқан Маржан сөзінің соңында:

– Ол ақшаны қалайда тауып, емдету керек. Бірақ мен таба алмаймын Зейнеп әпке. Табуға тырысып едім мүмкіндік жоқ екенін білесіз ғой. Ал сіздердің тауып бергендеріңізді ол қаламай отыр. Егер таба алатын болсаңыздар өзіне білдірмей емдететін едік, – деді.

Мынаны естіген Зейнеп көп ұзамай-ақ күйеуімен ақылдасып ақшаны тауып Маржанды шақыртып қолына берді.

– Міне, ақша. Қалайда қызымды емдет Маржан. Бізден алғаныңды айтпа. Өзің де “таптым” деме. Бір амалын ойластыр, – деді.

Құрбысын емдеуге ақша тапқанына қуанған

Маржан ақшаны алып кетті.

*   *   *

Жұмысында отырған Маржанға Айзада қоңырау шалды.

– Не болды, Айзада? – деп еді, ол:

– Кешке үйге келші. Ертең емес бүгін келші, – деп қиылды.

– Не болды? Тыныштық па әйтеуір?

– Тыныштық, кешке жұмыстан кейін маған соқшы, саған айтатын бір жаңалығым бар, – деді.

– Қандай жаңалық?

– Білмеймін өзім де жақсы болуы да, жаман болуы да мүмкін. Келген соң білесің ғой барлығын, тек ертерек келші менің тағатымды тауыспай! – деді.

– Жарайды барамын. Тек жыламай, өзіңді ұстап отыршы, – деп Маржан тұтқаны қойды.

Кешке дейін Айзада үйге сыймай кетті. Көрші келіншекке қоңырау соғып, өзін сыртқа шығарып жіберуін өтінді. Ол да мұның бетін қайтармастан келіп сыртқа шығуға көмектесті. Қоларбасымен сыртта біраз жүріп, таза ауада көңілін сергітіп қайта үйге келді. Әйтеуір тықыршып жүріп кешті де батырды-ау…

– Маржан, келдің бе? – деп Айзада Маржанды құшақтап біразға дейін жібермей тұрып қалды.

– Не болды?

– Маған біреулер жиырма мың доллар ақша аударыпты. Кім екенін білесің бе сен? Әлде үйдегілерге айтып қойдың ба? – деді Айзада.

Ештеңені сездірмеген Маржан:

– Айзада, мынау шыныменен де өте керемет қой. Бірақ, мұны кім берген?

– Менің өзім де соны білмей басым қатып отыр ғой. Өзің ойланшы, кім беруі мүмкін? Үйдегілер берген, шығар. Әйтеуір Алматыдағы емде орнынан маған шақырту келді. Барлық қаражатты төленгендігі де шақыртуда айтылған екен, – деді.

– Керемет қой мынау, – деп Маржан қупанып отыр.

– Ақшаны үйдегілер төлеген, не болмаса Асылбек аударған. Ол шешесінің мені итеріп жібергенін біліп қойған шығар, – деді.

– Қой ол қалай білсін. Ендігі үйленіп бақытты болып кетті ғой. Оны ойламашы жаныңды жаралап. Ол саған ақша аудармайды, – деп Маржан ашуланып кетті.

– Онда кім болуы мүмкін? Кім Маржан? Ондай дүниелі ешкімді өз басым танымаймын, – деді.

Ары ойланды, бері ойланды ең соңында Маржан:

– Не болса да сол ақша шыныменен бар болса, сен Алматыға емделуге барасың, – деді.

– Тегін келген ештеңе де жоқ қой, Маржан. Ақшаның иесі кім екенін білмей, бармаймын! – деді Айзада.

– Мүмкін оны емделіп болған соң білерсің, – деп

Маржан құрбысын баруға көндірді.

*   *   *

Айзаданы Алматыға алып барған Маржан оны емделу орнына алып барып, барлық тексеруден өтуіне көмектесіп, сонда тастап қайтты. Ондағы дәрігерлер оны бір ай емдейтінін ескерткен болатын. Маржан құрбысымен телефон арқылы хабарласып тұратынын айтып үш-төрт күн Айзаданың қасында болып, қайтадан жұмысы болған соң өзі тұратын қалаға қайтты.

Айзаданың емделуі өте жақсы өтіп жатты. Үнемі ультрасәулелі аппараттармен емдеп он бес күн бойы оның беломыртқасына дәрілер егіп, операция жасауға дайындады. Айзаданың бұл жерде барлық жағдайы жасалған, тіпті бес мезгіл тамақ та беріледі. Осының барлығы да тегін, белгісіз құпия жан барлығына төлейтін ақыны төлеп қойған. Айзада үнемі дәрігердің алдына барғанда:

– Мені емдеуге сізге қаражат төлеген жанды айтыңызшы, менің білгім келеді, – деп жалынып сұрайды.

Күлімсіреп қоятын дәрігер:

– Білмеймін, тек мен саған оның көмектеспек болғанына қуанамын. Егер тағы да бір жылдай уақыт мына қоларбада отырғаныңда сенің жазылуың екіталай болып қалатын еді. Білмей-ақ қойғаның жақсы ғой, олай өзіңнің миыңды өзің шаршатқанша, операцияның сәтті аяқталуын ойласаңшы. Сенің жүйкең де бір қалыпта болғаны жақсы. Әйтпесе болмайды, – деді.

– Менің ол адамның кім екенін білгім келеді. Мен оған үлкен рахмет айтып, алғысымды білдірсем деймін. Айтыңызшы, кім екенін, – десе де, дәрігер:

Жоқ, айта алмаймын. Айтуға болмайды. Шынын айтсам мен білмеймін, – деп құтылады.

Бірақ, Айзададың іші сезеді, мына дәрігер оның кім екенін жақсы біледі. Тек айтпауын мықтап тапсырған болса керек, әйтеуір уәдесіне берік болғаны сонша, Айзадаға оны білуге тіптен мүмкіндік бермейді.

Мұндағы дәрігерлер Айзадаға үлкен ықыласпен қарап, оның операциясына да қатты дайындалды. Сөйтіп Айзаданың сынып майдаланып кеткен бел омыртқа сүйегі жаңартылып, операция жасалды. Операция уақыты ұзаққа созылды. Бірақ, сәтті аяқталды. Үш күн бойы ессіз жатқан Айзада төртініш күні көзін ашты. Бұл көзін ашқанда Маржан да сұранып үйінен келіп қалған екен. Жанында отыр. Жан құрбысын көріп қуанып кеткен Айзада ештеңе айта алмайды тек қана жанарынан жас тамшылап жылап жатыр. Үнсіз жылап жатыр.

– Айзада, дәрігер барлық жағдайыңның жақсы екенін айтты. Енді біраз уақыт күтінсең, өз аяғыңнан жүріп кетеді екенсің. Мен де кеше келдім. Операция болатын күнге үлгеруге тырысып едім, жұмыстан босатпай қойды. Сен енді жазыласың, – деді.

Айзаданың сөйлеуге әлі жоқ, тек жылап жатты. Иә, ол қуанғаннан жылап жатты.

– Енді тағы он бес күн гипсте жатады екенсің. Содан соң, сені үйге жіберетін көрінеді. Бүгін жаныңда болсам, ертең қайтамын, – деді Маржан.

Иә, шынында да Маржан айтпақшы, біраз уақыт белінен төмен қарай оралып тасталған гипстен қиналып жүрді.

Гипс шешілгенде Айзада өзін өте жеңіл сезінді. Жанында өзіне көмектескен мейірбикелер тұр. Барлығы Айзадаға күлімдеп қуана қарайды. Оның да жанары қуанышқа толы болатын.

– Ал, шештік, енді жайлап қозғалып көр. Тек оқыс емес, тез емес, бірте-бірте қозғал, – деді дәрігер.

Басын көтерген, Айзада аяғын қимылдатып көрді. Иә, оның аяқтары қимылдайды. Құдайым-ау, оның жанды сезінбей қалған аяқтары өзіне бағынады. Не деген бақыт? Не деген қуаныш? Не істерін білмей кеткен Айзада:

– Менің аяқтарым қозғалып жатыр. Менің аяғым қозғалады! – деп еңкілдеп жылап жіберді.

Оның жылағанына дәрігерлер мен мейірбикелер күліп жатыр.

– Рахмет, сіздерге рахмет! Бірінші Аллаға, екінші сіздерге рахмет, – деп Айзада жылап жүріп күлуде.

– Туыстарыңызға хабарлайық, сізді алып кетсін, – деді.

– Жоқ, мен өзім барамын,– деді Айзада.

Сөйтіп, қоларбада Алматыға келген Айзада балдақтың күшімен жерді өз аяғымен басып үйіне асығып бара жатты…

*   *   *

Айзаданың аяғы жазылып, жүруге жарағанымен де, әлі оған ауыр тірлік істеуге болмайтын еді. Сондықтан ұзақ уақыт өзін күту үшін үйінен шықпайтын. Анасы Зейнеп келіп қызына көмектесті. Өзінің аяққа тұрып, өз аяғымен жүргеніне қуанып Аллаға рахмет айтқан сайын есіне белгісіз жан түседі. Өзіне осыншама үлкен қамқорлық жасаған жанның кім екенін білгісі келеді. Сол сұрақ жанын жейді. Оның қиналып жүргенін көріп Маржан бар шындықты айтып берді. Ата-анасының ақша бергенін. Өзінің Зейнептен ақшаны алып Алматыға аударғанын. Айтпауға уәде бергенін, барлығын да айтты. Өз аяғымен жер басып жүргеніне қуанған Айзада барлығын да кешірді. Қайта жүргесін жұмысқа шықты. Жұмысына шыққасын өмірге басқаша көзбен қараған Айзада бұрынғыдан да мейрімді, сұлу болып кеткен еді. Жаны да, тәні де сұлу келіншекке ер азаматтар да құмар болды. Ақыры өзінің іздегенін тапқандай болған Айзада Асылбектен де өзін қатты сүйетін, өзін құрметтейтін бір ұлы бар, келіншегі қайтыс болған жасы өзімен шамаласы Жолдас есімді жігітке тұрмысқа шықты…

Ол бақытты ана, бақытты әйел, сүйікті жар, адал махаббаттың иесі бола алды…

*    *    *

Өзі қалап алған келіні Ләззатпен де бір үйге сыйспай жүрген Ұрқияға ол да ұнамай бара жатыр. Өйткені оның өзі жан баласын жақтырмайды. Бүгін де екеуі кешке қарай ұрысып қалды. Қарны шермиіп жүрген Ләззатқа Ұрқия:

– Неге тамақ дайындамағансың? – деп айқайлады.

– Апа, майдың исінен жүрегім айнып жүр. Өзім ай-күнім жақындап қалды ғой, неге жанымды жей бересіз? – деп еді,

– Неге маған сөз қайтарасың? Сен менің балама тигеніңе қуан. Менің арқамда тидің. Мына ішіңдегі бәленің өзінікі емес екенін біліп қойса өлтіреді ол сені.

– Ол мені тастап кетпейді, апа. Оған бала керек. Оның үстіне мен оны сүйемін.

– Иә, тастап кетпейді?! Мен оның махаббатынан айырғанмын. Сенің де түбіңе мен жетіп жүрмейін.

– Айзаданы сіздің итеріп жібергеніңізді білсе сізді де құшақтай қоймас. Тіпті, Айзаданың сіздің кесіріңізден  ішіндегі өз баласын тастап қойғанын білсе Асылбек не істейді екен? Жүдә, мені қорқытпаңызшы, – деді.

Мына сөзді естіген Ұрқия:

– Бұл шындыққа өлсе де Асылбек сенбейді. Мен оны жалғанға сендіріп қойғанмын, – деп шыңғырып жатты.

Ал мұның барлығын қақпа сыртында естіп тұрған Асылбектің жаны жаралынып, жүрегі шаншып бара жатты.

– Құдайым-ау, Құдайым-ау… – деген ол Айзадасына асығып барады.

Сол азапты күннен кейін  іздемеген Айзадасының жазығы жоқ екенін біліп соған асықты. Алайда Асылебк барғанда Айзада бақытты жан болып, сүйікті күйеуінің жанында еркелеп отыр еді. Оның Жалғаспен бақыттан балбұл жанған жүзін көріп тоқтап қалды. Осы күннен бастап араққа салынған Асылбек ең соңында ата-анасының үйін сатып арақ ішіп, қу құлқынның соңында кетті. Баласын әйелінен ажыратып өзіне қаратамын деген Ұрқияның сұрқия ойы ақырында өзін қаңғытып жіберді. Ал Ләззат төркініне кетіп қалды. Ұрқия болса бүгінде төркіндерінің үйінде сыймай жүр. Қартайған қақпас кімге керек? Әр үйдің нанын жеп, әр туысының сөзін естіп бейшара күй кешуде… Ұлының ойын улаған ана аярлығымен тек өзін ғана емес ұлын да азапқа салып қойды. Тек оны мойындағысы келмейді. Әлі де бәріне жазықты Айзада деп жұртты сендіргісі кледі… Өзі сорлап көшеде қалса да өзгеге күйесін жағырп жүр.  Иә, өзгенің бақытсыздығынан жырып алған бақыттың баянды болмайтыны ақиқат қой…

НұрСАЯ (Нұрсұлу) БАЗАРБАЙҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған