ҚЫЗҒАНЫШ

Аяжан ұйқысынан көзін ашты да, жан-жағына алақтай қарады. Өзі көрген түске таңданып жатыр. Жаңа ғана көргенінің барлығы түсі екеніне көзі жеткен соң барып:

—   Бұл не тағы? — деп күлімсіреді.

Жатақханада бір бөлмеде Аяжанмен бірге жататын

Сәуле құрбысының әлденеден елегізіп оянғанын көріп:

—   Аяжан, не болды? — деді.

—   Мен біртүрлі түс көрдім. Осы сенің түс жоритын апаңнан қалған қасиетің бар еді ғой, жорып берші, — деп Аяжан сыңғырлай күлді.

—   Неге кекетіп айтып тұрсың? Айтшы қане, түсіңді жорып көрейін, — деп ол да қулана күлген.

Қос құрбы біраз күліп алды да, содан соң Аяжан көрген түсін баяндауға кірісті.

—   Мен бір жігітпен танысып, сонымен қол ұстасып ұзақ уақыт жүріппін деймін. Содан соң ол маған үлкен махаббатпен үйленетінін айтыпты. Сол сәтте жүрегім жарылардай қуанып, мен де тұрмысқа шығуға келістім. Екеуміз үйлеген екенбіз. Мен шымылдық құрылған тамда отырғанымда, жаныма жетіп келген әлгі күйеуім:

—   Аяжан, нан берші? — деді.

—   Не? Не деп тұрсың сен? Нан жоқ. Бар болса да, саған нан бермеймін. Нан таусылды үйде. Иә, таусылды! — деп айқайлап бердім.

—   Неге нан жоқ? Ана көршінің үйінде де нан жоқ екен, сұрап көріп едім. Берші, жалынамын саған, Аяжан. Қарным ашып тұр, — деп ол жалына түсті. Оның жыларман болғанына назар да салмаған мен:

—   Неге түсінбейсің? Нан жоқ. Саған нан бере алмаймын. Нан таусылған үйде. Нан таусылған… — деп сан мәрте айқайлай бердім. Өзімнің осы үнімнен шошып ояндым ғой, Сәуле. Мұның не екенін ұғына алмадым. Бірақ, қорқынышты дейін десем, қорқынышты түс емес. Неге екенін қайдам, мен осы түстің өзінен шошынып ояндым ғой. Не үшін?

Құрбысының жүзіне таңдана қараған Сәуле сол сәтте Аяжанның түсін жорып берді. Иә, жорып берген болатын.

Сәуленің түсті жорығанын естіп, жағасын ұстаған Аяжан:

—   Қойшы, қайдағы жоқты айтпай. Адам да түсті осылай жориды ма? Оның не сенің, Сәуле? — деді.

—   Мен өзімнің емес, сенің көрген түсіңді жорып тұрмын. Сен не көрсең, мен сол түстің мағынасы мен не болатынын айттым. Маған несіне ренжисің?

—   Қойшы, түс түлкінің боғы ғой. Соған бола көңілімді түсіріп қайтемін? Не болса да, кейін тағдырымнан көрермін, — деген Аяжан бұл әңгімені жылы жауып қоя салды.

Десе де, оның құлағында Сәуленің түсті қалай жорыған сөздері қалып қойып еді. Иә, сол түстің жорылғанын көпке дейін ұмыта алмай жүрді…

Әйтсе де, уақыт өте келе сол түс жайында Аяжан ұмыта бастаған еді. Иә, Сәуленің не айтқанын есінен шығара бастаған. Өмірдің күйбең тіршілігі барлығын ұмыттырғандай болып еді. Бірақ, араға қаншама жылдар салып, Сәуленің түсті жорығаны айна-қатесіз алдынан шыққан сәтте Аяжанның есіне сол кез түсті. Сол бір әулие көретін құрбысының сөздері түсті. Өйткені, ол шындықты, сол көрген түсіндегі шындықты айтқан екен. Осы кезге дейін мойындай алмаса да, арадан қаншама уақыт өткеннен кейін Аяжан Сәуле айтқан сөздің шындық екенін мойындады. Мойындағысы келмесе де, өмір, тағдыр, уақыт оған  бәрін де мойындатты…

* * *

Ауылдан арқаланып қызының үйіне келген Дәмештің ойында бір тірлік бар. О баста ауылдан қалаға сорлы кейуананы сүйреген де сол ой болатын. Енді міне, қызының үйіне келді, екеуі дастархан басында отыр.

Әңгімені қай жерінен бастарын білмей кібіртіктеген сорлы ана, шарт-пұрт мінезі бар қызына батылы жетіп айта алмай отыр. Оның үстіне, сол бір атышулы оқиғадан кейін кішкене есінде де ауытқушылық пайда болып, есеңгіреп қалған қызы мұның сөзін қалай қабылдайтыны да белгісіз. Айтпайын десе, тағы болмайды. Аяжан бармаса да, ана екі бала әкелерінің үлкен асына баруы керек.

Иә, Аяжанның күйеуінің өлгеніне де үш жыл болды. Кімге өз перзентінің жастайынан ажал құшып кеткені ұнайды дейсіз?! Артында шулап қалған ата-анасы мен бауырлары сол Ғабиттің қайтқанына үш жыл толуына байланысты үлкен ас беріп жатыр. Бірақ, оған сол Ғабиттің артында қалған жесірі Аяжан мен қос жетімегі Олжас пен Ләззатты шақырмағандары белгілі. Мейлі, олар шақырмаса да, Аяжанның баруы парыз. Соны ойлаған шешесі қалайда сол асқа баруға қызын үгіттемек. Өзі үшін болмаса да, мына екі жетім жүрек балалар үшін баруы керектігін түсіндірмек болып отыр.

—   Аяжан, мен саған бірдеңе айтайын деп едім.

—   О, не тағы, мама?

—   Естідің бе, Ғабиттің қайтқанына үш жыл болды, соған үлкен ас бермекші екен аналар, — деді.

Анасы айтқан “аналар” дегеннің кім екенін Аяжан жақсы түсінеді. О баста Ғабиттің жұртын Аяжанның өзі солай атап кеткен болатын.

—   Оқытса оқыта берсін. Маған не дейсің?

—   Олардың саған айтпағанын да, сенімен ақылдаспағанын да, сені шақырмағанын да жақсы білемін. Бірақ, сен ол асқа баруың керек-ау осы.

—   Қойшы, мама, бармаймын. Барғым да келмейді.

—   Неге олай дейсің? Сен жазықты жансың. Олардың өкпесінің қара қазандай болатыны заңды құбылыс. Енді бұлай аяғыңды артқа тартып жүре берсең, соңы не болады? Балаларыңды ойласаңшы, сорлы-ау. Осы екеуінің өмірін неге ойламайсың? Түбінде бұлармен араласатын да, олардың ыстық-суығына тоңатын да сол Ғабиттің туыстары болады. Ертең балаларыңа араласатын ағайын керек. Ең құрығанда өлім-жітіміне келетін біреу керек қой. Ертеңіңді неге ойламайсың?

—   Ертеңімді о баста өзім ойлай алмадым. Енді кімге ренжимін? Ойлағанымда бұлай болмас еді ғой. Оның үстіне, олардың ешбірінің түрін де көргім келмейді. Барғым да келмейді. Олар да осы екі баланы ойлауы керек. Жаманды-жақсылы солардың баласынан туғанмын. Мен төркінімнен екі баланы солардың әулетіне көтеріп барғаным жоқ. Олар да балалар жайлы ойлауы керек еді. Үш жылда іздерінен біреуі іздеп келмеді ғой. Ең болмаса “қалай күн көріп жатыр? Не ішіп, не жеп жатыр?” деген ой болған жоқ саналарында. Мен аштан өлсем де қарамайтындарын білемін. Бірақ, мына екі баланы неге олар ойламайды?

—   Өзің ойланатын ба едің? Сен кімге ренжіп отырсың, сорлы-ау? Сенің ренжімек түгілі, оларға сөйлеуге құқың жоқ қой. Басыңды иіп, баратын орның. Баруың керек.

—   Сіз де менің жанды жеріме ине сұғып, мазамды ала бермеңізші. Өзім де жақсы білемін. Туған анам сіздің өзіңіз осылай дейсіз. Өзгелерге өкпелемесем де болады ғой. Сіз менің бетіме басасыз, ал олар ше? Олар мен барсам құшақ жайып қарсы алады дейсіз бе? Қай ойыңыз соны айтып тұрған?

—   Олар сені кешіріп, құшақ жайып қарсы алмайтынын жақсы білемін. Десе де, баруың керек. Бара беруің керек. Түбінде бір нәтиже болады.

—   Маған ешқандай да нәтиже керек емес. Бармаймын. Мені көрсе олардың қалай өзгеріп кететінін жақсы білемін. Барғым келмейді.

—   Ең болмаса ана балаң мен қызыңды алып бармайсың ба?

—   Жоқ. Ол екеуінің де оларға керек болып жатқаны шамалы.

—   Барсаңшы, қызым.

—   Жоқ, егер осыны айту үшін келген болсаңыз, керегі жоқ! — деген Аяжан тоқетерін айтқандай болды.

Дәл қазір не айтса да қызын райынан қайтара алмайтынын білген Дәмеш ары қарай ештеңе айтқан жоқ. Үнсіз қалды. Қызын көндіруді басты мақсаты етіп келген ананың көңілі сынып, ауылына көңілсіз қайтты. Десе де, ауылға баратын көлікке мініп жатып соңғы рет Аяжанға:

—   Менің айтқанымды ойлан, балам, — деді.

Бірақ, қызы үнсіз қалды. Оның үнсіздігінің өзі

Дәмешке күш бергендей болды. Бірден ашуға беріліп, Аяжанның қарсылық білдірмегенінің өзі ойланғаны

болар деп түсінді…

* * *

Бүгін он тоғызыншы қараша. Ертең Ғабитке арнап ас берілетін күн. Анасы келіп-кеткелі сол елге бару жөнінде, не бармай қалу жөнінде ойланған Аяжанның санасы сан сақты шарлауда. Барғаны дұрыс па, бұрыс па? Үш жыл болды ол әулеттен қол үзгелі бері. Соңғы рет сот залында көргені бар. Ол кезде есіне алатын болса, сол сәттегі Ғабиттің жұртының айтқан сөздерін қайта есіне түсіретін болса, жүрегі дүрсілдейді. Бірақ, Аяжан да ер екен. Барлығын қасқайып тұрып қарсы алды. Жазықты болса да, өзі жазықты жан болса да, олардың ешбірінің сөзіне мойымады. Енді қайтып сол жерге баруы қиынға соғып тұр. Десе де, көп ойланған Аяжан баруға бел буды. Көрші бөлмеде сабақтарын дайындап отырған ұлы Олжас пен қызы Ләззатты жанына шақырды.

—   Олжас, ертең аталарыңның үйіне барлығымыз барамыз, — деді кібіртіктей сөйлеп.

Ес біліп қалған ұлы анасының бетіне жалт қарап:

—   Не үшін? — деді.

—   Папаңа арнап құран оқытып жатыр екен. Соған барайық, балам.

—   Баруына барамыз ғой. Бірақ, сізді қалай қарсы алады олар өзі? Қуып шығатын шығар. Бізді де құшақ жайып, сағынып отырмағандары шыңдық, — деді Олжас.

Жетінші сыныпта оқитын ұлы әжептеуір ес білер жанның әңгімесін айтып отыр. Ол көп нәрсені пайымдап, соңғы кездері тұйықталып барады. Шындығына келгенде, Аяжан мен ұлының арасы қатты алшақтап кеткен болатын. Онымен Аяжанның сөйлесуі де қиынға соғып жүр. Әкесі өлгенде кішкене де болса ес біліп қалған бала сол сәттегі оқиғаларды ұмыта алмай жүрген сыңайлы. Тіпті, екі дүниеде де ұмытпайтын шығар. Ұлының соңғы кездері өзін тым жазықты етіп сөйлейтінін Аяжан сезіп жүр. Иә, бар кнәні Аяжанға жауып сөйлейтінді шығарып жүр. Осының барлығын сезіп жүрген ана жүрек кейде сол қуыс кеудесіне сыймай дүрсіл қағып кетеді. Қазір де оған не айтарын білмей, кібіртіктеп қалды. Сәл тамағын кенеп барып:

—   Иә, қуанып күтіп алмайтындары рас. Сонша жұрттың алдыңда Ләззат екеуіңмен бірге барсам, қуып шыға қоймас. Олар да ет пен сүйектен жаралған адам ғой. Қандай жағдай болмасын, ол сенің туған әкеңнің рухына беріліп жатқан ас қой.

—   Олар сіздің істеген ісіңізді естерінен шығара қоймаған шығар. Мен де сіздің істеген ісіңізді ұмытпаймын. Иә, ешқашан ұмытпаймын. Білемін, менің әкесіз жетімдігіме кімнің жазықты екенін жақсы білемін және оны ұмытпаймын. Ұмыта да алмаймын. Олар да сіздің істегеніңізді ұмыта қоймаған шығар. Ондайды ұмыту оңай емес, — деген Олжас ары қарай анасын тыңдамастан ызалана орнынан тұрып кетіп бара жатты.

—   Олжас?! Тоқтасаңшы, сөйлесейік, Олжас, — деген Аяжан ұлының ізінен сұрлана қарап қалып қойды.

Соңы кездері ұлының өзгерген мінезі Аяжанды шошытып жүр. Бірақ, өзі жазықты ғой барлығына. Сол үшін ештеңе істей алмады. Ал төртіншіде оқитын қызы Ләззат болса:

—   Мен ертең сізбен еріп барамын, — деді де, ол да суық түр танытып, бөлмеден шығып кетті.

Олардың мына мінезі Аяжанның жанына жара салуда. Естері кірген сайын оларға өзінің қаншалықты жазықты екенін түсіндірермін деп ойлайтын. Жоқ, түсіндіре алмайды екен. Соңғы кездері өсіп, жастарына жас қосқан сайын ұлы мен қызы Аяжанды түсінуден қалып бара жатыр. Ол оқиғаны да түсіне алмас. Кішкене өмір көріп, өмірдің қаншалықты әділетсіз екенін көрген соң, не үшін, неге бұлай болғанын ұлы мен қызына түсіндірермін деп ойлайтын. Олардың мына қылығына қарап, өзінің қатты қателескенін ұқты.

* * *

Таңертең ұлы мен қызын алып жолға шыққан Аяжан үнсіз келе жатқан баласына қарап:

—   Олжас, қазір барған кезде қандай жағдай болса да ашуланып, артық сөз айтпа! Сен әлі баласың. Көп нәрсені түсінбейсің. Ұқтың ба? Не болса да үнсіз тыңдайық. Олар бізді сағынып отырған жоқ. Көрсе, атылуға дайын тұратындары рас. Сондықтан сабырлы болайық, балам, — деді.

Анасына оқты жанарын қадаған Олжас:

—   Мен олардың алдында ештеңеге де жазықты емеспін. Олар маған ешқандай кінә таға алмайды. Сондықтан артық сөйлеуге құқықтары да жоқ. Менің бар жазығым сіз секілді анадан туғаным ғана. Иә, сіз туған перзент болғаным — менің жазығым. Бұл жерде артық сөз еститін де, естуге тиісті адам да сіз ғанасыз!

Ал біз тек қана сіз істеген сол күнәға жазықсыз болсақ та жауап беретін жандармыз. Иә, солай мама.

—   Не болды сонша көгеріп? Олжас, саған не болған? Кіп-кішкентай болып алып, тілің мен жағыңа сүйеніп болмайсың ғой, тегі! Бұл мінезді қайдан шығарып алғансың сен осы? Не мінез мынауың, балам-ау? — деп Аяжан айқайлап жіберді.

Өзіне айқайлаған анасының жүзіне қараған Олжас:

—   Мен өзімнің ойымдағыны ғана айтып отырмын, — деді де, үнсіз қалды.

Бұдан кейін ана мен бала арасында ешқандай да әңгіме болған жоқ. Зулаған көлікпен қала шетінде орналасқан ас өтетін зәулім үйге де келді. Аяжанның жүрегі дүрсілдеп тұр. Көліктен түсуге ыңғайсызданып біраз отырды. Есік алдында адам өте көп. Сабылған адамдар. Бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Барлығының да қабақтары қатулы. Осыдан үш жыл алдыңғы болып өткен сол бір қасіретті оқиғаны естеріне түсіріп, қайта еске алу қиынға соғып тұрғандай. Иә, сол кездегі қарғыс атқан Ғабиттің ажалын еске алу кім-кімге болса да ауыр қасірет болатын. Бұлай көлік ішінде отыра беруге болмайтынын біліп, дірілдеп тұрған Аяжан балаларына бұрылып:

—   Түсейік, — деді.

Алдымен көліктен Олжас пен Ләззат шықты, содан соң барып ұлы мен қызынан кейін Аяжан шықты. Ашық тұрған зәулім қақпадан ішке ене берген Аяжан өзіне қадалған сансыз көздерге тап болды. Иә, барлығы бұған жақтырмай қарайды. Соны іші сезіп тұр. Тіпті, анадайдағы әйелдер мен еркектердің де арасында күбірлескен әңгімелер естіліп қалды. Барлығы да екі баласын жетектеп келе жатқан Аяжанды көріп, таңданып тұр. Таңданыстан бұрын олардың көздерінен жеккөрушілікті, қарғыс айтқан көздерді көрді. Иә, олардың жанары мына әйелге тек қана қарғыс айтып тұрғандай еді. Осы бір сансыз қадалған жанарлардың арасында Құдайым-ау, бір мүсіркей, аяй қараған көз жоқ. Барлығы да “неге келген? Не үшін келген, астың қадірін қашырып?” деп тұр еді. Ешкімге де мән бермеуге тырысқан Аяжан бірден есік алдындағы орындықтарда қатар отырған күйеуі Ғабиттің әкесі мен бауырларына келді.

—   Амансыздар ма? — дей берген Аяжанға оқты жанарын қадаған қайынатасы Нұрым:

—   Неге келдің, баламның асын былғап? — деді салған жерден ашулы да, ызғарлы үнмен.

Аяжанда жауап жоқ, үнсіз қалды. Оның келгені іштегі әйелдерге де жеткен болса керек, тура осы сәтте іштен енесі шықты. Иә, Аяжанның бір кездердегі бақуатты енесі, белі бүгілмей қасқайып жүретін енесі қартайыпты, жүзі әжімге толып, бұрынғы келбетінен түр қалмапты. Оны осыншалықты уайымға салып, қартайтқан да Ғабиттің мезгілсіз ажалы екенін Аяжан бірден ұқты. Мұның жанына жалма-жан жеткен енесі Күләш:

—   Сені кім шақырды, қарабет? — деді өксікке тұншығып тұрып.

—   Апа, бұл менің күйеуімнің рухына бағышталған ас. Мен келмесем де, оның балаларының осында келуге құқығы бар, — дей беріп еді енесі:

—   Жап аузыңды! Сөйлеме, қарабет. Қай бетіңмен келдің? Қай бетіңмен көрінбекшісің мына жұртқа? Құры! Көрінбей кет көзіме. Мен айтқанмын, Ғабиттен ұрпақ қалмаған. Оның сендей арсыздан туған перзенттері керек емес маған. “Апа” деп атама мені. Ғабит өлген күні оның ұрпағы да өлген. Ұқтың ба? Сенің қағынған құрсағыңнан жаратылған бала да, қыз да керек емес маған. Иә, керек емес. Құры! Жанымды езіп, жүрегімді жылатып, мына асты менің жаназама айналдырғың келмесе, қараңды батыр! Құры! — деп еңкілдеп жылап жіберді.

—   Мен сіздерді жылатуға келгенім жоқ. Үш жыл өтті ғой. Менің де келгім келгенінен келген жоқпын. Мені ешқашан қабылдай алмайтындарыңызды жақсы білемін. Бірақ, оның ізінде қос перзенті қалды ғой. Мен қандай адам болсам да, Олжас пен Ләззат Ғабиттің перзенттері. Соның ұрығынан жаралған ұрпағы. Бұл Құдай алдында да, адам алдында да, сіздердің алдарыңызда да дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Мен сол екеуі үшін келдім бұл жерге. Маған да оңай болған жоқ, түсініңіздер. Маған да осында келіп, сіздердің табаларыңыз бен қарғыстарыңызды есту оңай болған жоқ. Оны естігім келіп те келген жоқпын. Маған салса, мына табалдырықты екі дүниеде де қайтып аттамас едім. Бір рет аттап, опа таппағанымды жақсы білемін. Бірақ, менің бауырымда Ғабиттің екі перзенті өсіп жатқанын ұмытып кетпеңіздер. Солар үшін ғана, сол екі құлыншақ үшін ғана осында келдім. Тағы да қайталап айтамын, бұл екеуі ешкімнің сұрауынсыз-ақ, Аллаһтың алдында да, адамның алдында да Ғабиттің ұрығынан, қанынан жаралған соның перзенттері. Мойындағысы келмеген адам мойындамасын. Бірақ, бұл шындық. Солар үшін ғана келіп отырмын, — деп қорғаныш күтіп, жалынышты сыңаймен ата-енесіне қарады.

—   Жүрегім, үһ-һ, жүрегім. Не дейді мына, қарабет? Үһ-һ, жаным-ай. Ботам-ау, балам-ай, тағы да келді ғой мына қара албасты басқыр. Тағы келді ғой. Кетші, көрінбеші көзіме. Менің жанымды езіп, жүрегімді суырып алғың келмесе, кетші. Кетші, жан жүрегім езіліп, өзегім өртеніп жатқанда көрінбеші көзіме, жалынамын саған. Кетші! Кетші, — деп енесі еңіреп жатыр.

—   Менің еріккеннен сондай қадам жасамағанымды жақсы білесіздер ғой, — дей берген Аяжанға енесі:

—   Тоқтат! Қанша жерден ерікпеген болсаң да, адамды соншалықты қорлауға болмайды. Иә, қорлауға болмайды! — деп шыңғырып жіберді.

Жазықты жан болып, бүгін басы салбырап алдына келіп тұрған келініне қатулы қабағын көрсеткен Нұрым да оның келгеніне қуанып тұрған жоқ. Оны көргісі келмей тұрғаны анық. Дәл бүгін оны келер деп ойламап еді. Нұрым іштей: “Енді ол қарабет біздің жүзімізге тіке қарауға ұялатын шығар. Ары бар, намысы бар болса, енді көзімізге көріне қоймас. Тілгіленген жүрегімді қайтадан тілгілеп, алдымыздан шыға қоймас” деп ойлаушы еді. Жоқ, қателескен екен. Оның бейшара кейіпке ене қалған түріне жақтырмай назар салған Нұрым:

—   Мен саған сот залында-ақ айтарымды айтқанмын. Үш жыл дейсің. Жанып тұрған перзентіңнен айрылу оңай ма? Ажал – Аллаһтың бұйрығы. Аллаһтың әмірімен алды ғой жанын. Десе де, адам қолынан қазалы болған жанды ұмыту оңай емес. Көрінбе көзімізге, кет! Ешқашан келме! Бала жоқ Ғабитте. Балаларды да алып келме! Көргім келмейді. Бауырыма да ешбірін баса алмаймын. Өйткені, оларды сен, сен туғансың, Аяжан. Сол үшін кет! Мына жерде тағы біріміздің тағдырымыз бен ажалымызға жазықты болғың келмесе, балаларыңды ал да, кет! Көрінбе, балаларды да көзімізге көрсетпе! Сенің осылай тірі жүргеніңнің өзін көру біз үшін қасірет. Сенің бостандықта жер басып жүргеніңнің өзін көру біз үшін үлкен қасірет! Жоғал, Аяжан! Осылай жүргізіп қойғанымыздың өзіне шүкіршілік етуің керек, әйтпесе, әйтпесе… — деп қарт әке кіжініп қалды.

Осы сәтте қартайған қарияның жанарында өшпенділік пайда болды да, қолдары жұдырық болып түйіліп қалды. Мұның өзі әлі де қарт көңілінің жіби қоймағандығын, әлі де ызалы жүрегі кек алуға дайын екендігін сездіргендей еді.

—   Ең болмаса балалардың алдында осындай ауыр сөз айтпасаңыздаршы. Неге олардан бас тартасыздар? Менен бас тартсаңыздар да, бұл екеуінен бас тарпаңыздар! Олардың ешқандай да жазығы жоқ. Олар менің істеген қылмысым үшін, менің үлкен қателігім үшін жауап берулері шарт емес. Және менің істегенім үшін бұл екеуін сонша қорлауға құқықтарыңыз жоқ. Бұлар бәрібір Ғабиттің перзенттері. Иә, перзенттері! — деген Аяжанның ызалы үні шықты.

—   Жоқ! Ғабиттің перзенттері болса, онда бұлар әкесіз жетім қалмас еді. Егер шынында да солай болса, сен оларды жетімек етпес едің, Аяжан. Бұлар жазықты емес, бірақ, сенің қағынған құрсағыңнан жаралғаны үшін жазықты. Иә, Аллаһ әркімге әртүрлі бақ пен әртүрлі сор береді. Бұлардың бағынан соры басым еткен, сенің перзенттерің болғаны үшін. Иә, сол ғана бұлардың бағын сорға айналдырған. Сен ғана олардың бақытын бақытсыздық еткен! Енді көп сөйлемей жоғал, кет! Өзі қан жылаған жүрегімізді жылата бермей қараңды батыр, Аяжан! Сені көргіміз де келмейді, сенің сөзіңді естігіміз де келмейді. Бұл тек қана жақсылықпен айтылған сөз. “Кет” дегенде ит те кететінін жақсы білесің! — деп Нұрым қария гүр етті.

Осының барлығын естіп тұрған Олжастың жанары жасаурап тұр еді. Ызалы көзбен анасына қараған балғын баланың бұл көзқарасы тым ересектердікіндей болатын. Жетінші сынып оқитын балаға мүлдем ұқсамайтын еді. Оның көзқарасында ыза мен кек, қасірет пен қайғы тұнып тұрған болатын. Ол осы сөздерді естіп тұрып, анасын, өзінің туған анасын жек көріп тұрғаны анық болатын. Бәрі оның осы жағымсыз да, адамға ой салатын көзқарасынан-ақ білініп тұрған болатын.

—   Айттым келмейікші деп, айттым сізге, мама! Неге келдік? Не үшін келдік? Неге әкелдің бізді мұнда? Осының барлығын естісін, тағы да тағдырға мән беріп, өздерінің қандай анадан туғандарын сезінсін деп әкелдің бе? Сол үшін бе? Осы сөздерді естірту үшін бе? — деп айқайлап жіберді.

Оның ызалы үні жиналған жұртты селк еткізіп еді. Оның дауысының өзі ащы, адам жанын езіп жіберетіндей еді. Содан соң қарындасына бұрылған Олжас:

—   Ләззат, кеттік! Бұл үйге енді ешқашан келмейміз. Біз келе алмаймыз. Олар бізден бас тартқан. Әкеміз ажал құшқан күні-ақ олар бізді мына жер бетінен сызып тастаған, — деді.

Сөйтті де, тістеніп тұрған қарындасын жетектеп алған бала артына бұрылмастан жүгіріп, қақпадан көшеге шығып кетті.

—   Олжас?! Балам, тоқташы, — деген Аяжан да ұлының ізінен шығып бара жатты.

Ал мына көріністен әжептеуір өсек жинап алған жұрт күбірлесіп жатты.

—   Соры қайнаған, неге келді десеңші?

—   Соны айтсайшы, Нұрым қарттың жүрегін жаралап…

—   Қай бетімен келді екен, қарабет?!

—   Мұндай әйелде қайбір бет бар дейсің?

—   Соны айтсайшы, — деп бірінен бірі өтіп жатты.

—   Қайда жүгіріп барасыңдар, балам-ау? Тоқташы, — деген Аяжан аяқтарын жылдам басқан қызы мен ұлына жете алатын емес.

Жанарынан жасы төгіліп, өкіре жылаған Олжас тоқтай алатын емес. Қарындасы Ләззат та ағасының жылағанын көріп, еңіреп қоя берді. Көшенің басына дейін тоқтамай жүгіріп барған Олжас анадай жерге барып, сылқ етіп отыра кетті. Ырсылдап, ұлының жанына жеткен Аяжан:

—   Балам, мұның не? — дей беріп еді:

—   Естідің бе? Аналардың не айтқанын естідің бе, мама? Біз жазықтымыз иә, сен бізді туғаның үшін жазықтымыз. Иә, барлығын жақсы білемін. Бекер келдік. Бекер келдім, — деп ұлы басын тоқпақтай берді.

Өмірден орнын таба алмаған бір үлкен азамат секілді. Олжас жарқын балалығы бар жасөспірім секілді емес еді. Өкіріп жылайды, өміріне өкініп жылайды. Ызалы адам. Тағдырына налалы бір ересек адам сыңайлы еді.

—   Балам, құлыным, кешірші мені, — деген Аяжан еңкілдеп жылаған күйі ұлы мен қызын бауырына басты.

—   Мен кешірсем де, кешірмесем де бәрібір ғой. Атам мен әжем кешіре алмайды сені, мама. Ешқашан кешіре алмайды. Шынында да, әлі жер басып, бостандықта тірі жүргеніңіз үшін рахмет айтуыңыз керек оларға, — деп Олжас өкіріп жіберді.

Не айтып, не деп ақталарын білмеген Аяжан іштей егіліп жылады. Өткен күндері үшін өкінді. Қала сыртындағы ауылдан, қалаға демде жетті. Үйіне келе сала барғаны үшін өкініп, төсегіне құлаған Аяжан құс жастықты құшақтап тоқтаусыз еңіреді. Ұлы мен қызы да бұл кезде жансарайлары алай-дүлей болып, өздерінше азапталауда болатын. Өзінің жанын жаралағаны, өзгелердің жүрегін жаралағаны аздай, екі перзентіне де кім екенін, өзінің кім екенін көрсеткеніне өкінді.

Иә, Ғабиттің туыстарының алдында айтылған сөздерден-ақ ұлы мен қызы аналарының қандай жан екенін ұққандай еді. Осылайша үлкен жазалы тірлік істегеніне өкінді. Онсыз да екі перзентімен соңғы кездердегі қарым-қатынасы жетісіп тұрмаған болатын. Екі баланы сүйрелеп барғанына өкінді. Анасының тілін алғанына өкінді. Одан да бұрын Ғабитпен танысқанына, соны құлай сүйгеніне өкінді. Сол сәттерді қайта есіне алды. Көз алдына өткен күндердің елесі келді. Иә, барлығы басынан басталып еді. Ғабит пен Аяжанның махаббатынан басталып еді барлығы. Барлығын есіне алды. Құс жастықты құшағына басып жатып, барлығын көз алдына келтірді. Сол күндер-ай…

* * *

Ғабит пен Аяжан кездейсоқ үйлене салған жоқ. Олар да жұрт секілді жүріп, ұзақ уақыт болмаса да, алты айдай бір-бірін көріп, танып, содан соң барып бір шаңырақ астында бас қосқан. Аяжан оны жақсы көретін еді. Иә, Ғабит те Аяжанға махаббат көзімен қарай алатын. Екеуінің жұптастығы өздерінің бірге өмір сүруіне жететін еді. Бірақ, Ғабитке қарағанда Аяжан оны құлай сүйді. Мұны қыз жүрегінің өзі де жақсы сезетін. Кейде тұйықталып, өзін құшағына алып тұратын Ғабиттің санасы өзге жақты шарлап кететінін Аяжан талай рет байқаған. Сонда да ол өз махаббаты үшін Ғабиттің мұндайларына көңіл аудармастан, оған тұрмысқа шығуға келісімін беріп еді. Десе де, алғаш келін болып Ғабиттің шаңырағын аттаған кезде-ақ Аяжан бір құпияның ұшын сезгендей болған. Ол құпияның сырын білмесе де, шет жағын алғаш шымылдық ішінде отырған кезде-ақ қайынсіңлісінен естіген.

Шымылдық ішінде отырған келінді көруге жұрт құмар- ақ емес пе? Аяжан шымылдықта отырған кезде де көпшілік жан келіп, мұны көріп кетіп жатты. Жайылған дастарханның бұрышында отырған бұл келіндік ізеттілігін сақтап, келгендерге тұрып бойын көрсететін еді. Жанында бірнеше қыздар бар. Бірі өзімен еріп келген құрбысы болса, қалғандары Ғабиттің жақын-жуық қарындастары болатын. Осылай сызылып шымылдық ішінде отырған кезде, бір қыз бөлмеге кіріп келді де:

—   Мынау ма Ғабиттің сондағы тапқан қызы? — деді.

Сөзінде кемсіту мен кекету, мұқату мен көре алмаушылық тұнып тұр еді. Иә, ақ арманына қол жеткізгендей болып отырған жас келінге бұл сөз әсер етпей қалмады. Бірден әлгі қызға жалт қараған. Көзі ботадай сұлу-ақ қыз екен. Ауылдың анау-мынау қарапайым қызы емес екендігі түрінен-ақ көрініп тұрды. Оның сөзіне жауап бермей қалғысы келмеген Аяжан:

—   Иә, мен Ғабиттің тапқан қызы. Не болды? — деді кекесінді түрде жауап қатып.

—   Ештеңе де болған жоқ. Менен артық тапқаны кім екен деп көруге келген едім. Иә, ауылдың бір қызы екенсің ғой. Бірақ, ол өзі де жақсы біледі, менен асқан адам таба алмайтынын. О баста-ақ мойындап қойған, — деп жағымсыз күлкімен сыңғырлай күлді.

Күлкісі неткен ащы еді өзінің. Неткен сұр күлкі мен адамға жағымсыз ұсқын еді. Иә, мынадай жандарды сұлудың сұмпайысы деп айтуға да келетіндей.

—   Сенен артық болғаным үшін маған үйленген болар! — деп Аяжан да шаға сөйлеген.

—   Тілі мен жағына сүйенген қандай жас келін мынау өзі? — деген әлгі қыз бөлмеден шығып кетті.

Оның сөзі, көзқарасы, әрбір қылығы көз алдында қалып қойған Аяжанның жанары бірден жасаурап кетті. Жас келіннің көңілінде бірден “бұл кім?” деген сұрақ туды. Бағанағы жарқын жүзі сұрланып кеткен Аяжан жанындағы қыздардың біріне қарап:

—   Мынау кім өзі? — деді.

—   Әсел деген қыз. Ғабиттің туған бөлесі ғой. Өзі сондай мінезі нашар қыз, оған көңіл аударма, — деп жұбату айтып атты.

—   Ғабит екеуінің арасында не болған? — деді.

—   Ештеңе де болмаған.

—   Ештеңе болмағанға ұқсамайды ғой, тек шындықты айтшы маған, — деп Аяжан әлгі қызға жалына қарады.

—   Білмеймін ол жағын, араларында не болса да, туған бөлелер ешқашан бір шаңырақ астында тұра алмайды ғой, Аяжан. Оған назар салмашы.

—   Қалай назар салмаймын? Мені келіп кекетіп, жаныма жара салып кетсе. Одан да барып Ғабитті шақырып келші, — деді.

Арадан көп өтпей-ақ күлімсіреп Ғабит келді. Бойы ұзын, қасы қап-қара, бұйраланған шашы бар Ғабитті жігіттердің сұлтанына жатқызуға болатын-ақ жан еді. Иә, мұндай жігіттер жайлы көптеген қыздар армандайды. Ол күлімсірей келіп:

—   Не болды, Аяжан? — деді.

—   Ғабит, мен бірдеңе сұраймын, тек шыныңды айтшы.

—   Жарайды, шынымды айтайын. Саған не болды өзі, түрің өзгеріп кетіпті ғой?

—   Әсел екеуіңнің араларыңда не болған? — деген Аяжанның сұрағына Ғабит бірден жауап бере алмай қалды.

Жанындағы қыздарға, қарындастарына қараған ол:

—   Шыға тұрыңдаршы, мен жеңгелеріңмен сөйлесіп алайын, оңашада, — деді.

Олар шығып кеткен соң барып жанары жасаурап тұрған Аяжан:

—   Сен оны сүйесің бе? Шыныңды айтшы, туысқандығына қарамастан сүйесің бе оны? — деді.

—   Жаным-ау, бұл не сөзің тағы? Аяжан, мен сені алдамаймын. Иә, ол менің туған бөлем. Әсел екеуміздің аналарымыз бір әке, бір шешеден туған. Екеуміз бала кезден бірге өстік, бір мектепте оқыдық. Тіпті, бір сыныпта оқыдық. Сондықтан бір-бірімізге жақын өстік. Махаббатқа келгенде ол мені сүйді. Иә, сүйдім де талай жылап-еңіреді де. Бірақ, өзің айтшы, туған бауырымдай болып кеткен, әрі туған бөлемді мен қалай жақсы көремін? Ол тек қана менің туысым ғана. Оның мені сүйем дейтіні, жай ғана бауырмалдық сезім. Өзі де соны білмейді. Оған мән берме, Аяжан. Екеуміздің арамызда ол тұрмайды ешқашан, — деді.

—   Маған үйленетініңді алғаш естігенде, өзінің тамырын өзі кесті ме? Өзіне солай қол жұмсады ғой, иә?!

Бұл өсекті жаңа ғана жанындағы күбірлескен қыздардан естіп қалған болатын.

—   Иә, ол да рас.

—   Онда бұл оңай емес қой. Ол сені бауыр ретінде емес, шынында да сүйеді. Өзіңе ол қыз соншалықты байланып қалатындай сенен де бір жауап болған ғой. Меніңше, сен де оны сүйген секілдісің. Сендердің махаббаттарыңа туысқандықтарың ғана тосқауыл болған-ау шамасы. Ғабит, мен сенің қай кезде шын, қай кезде жалған айтатыныңды жақсы білемін.

—   Неге олай дейсің? Мені Әселге тек қана бауырымдай қарағанмын, Аяжан. Сондықтан бұл үшін екеуміздің ренжісетін орнымыз жоқ. Сондықтан ашуға берілме! Ол мені сүйсін, сүймесін, мен сені сүйем. Мен сені таңдадым. Ең бастысы да осы, жаным.

Өзін ерітіп жіберетін Ғабиттің сөздері Аяжанның жүрегіне жол тауып бара алды. Өйткені, қыз көңілі жігітті құлай сүйетін еді. Сондықтан өрекпіген көңілі басылғандай болды. Десе де, тағдырының талқаны болар сәтке баратын жаман жолды Әсел осы күні-ақ Аяжанның өміріне салып қойғанын жас келін түсінген жоқ. Білген де, сезген де жоқ.

Беташар өтті. Тойлары да өтті дүркіреп. Аяжан да бақытты, Ғабиттің де көңілінде қуаныш. Барлығы да тамаша болды…

Уақыт зымырап өтіп жатты. Сөйтіп жүргенде Аяжан жүкті болып, өмірге Олжасын алып келді. Өзіндей азамат болар Олжастай ұл туып берген Аяжанды Ғабит те құрметтейтін еді. Атасы Нұрым мен енесі Күләш та немере сыйлаған келіндері десе жандарын беруге даяр болатын. Олжастан кейін өмірге Ләззат келді. Осылайша Ғабит пен Аяжан көтерген шаңырақ іші жас нәрестелермен толығып жатты. Дегенмен, соңғы кездері Аяжан күйеуінің соншалықты салқын тартып бара жатқанын сезіп жүр. Екі перзентіне келгенде еміреніп, оларды жеп қоюға даяр Ғабит Аяжанды еркелетпейтін еді. Бұрынғыдай тәтті сөздер, жан жылытар сөздер айтпаушы еді. Тіпті, кейде мұның бар екенін де екі перзентімен отырғанда ұмытып кететіндей әсер қалдыратын. Әйел үшін ең ауыры – тәтті сөз естімей, еркелетуді сезінбей қалу емес пе? Құлақпен жақсы көретін нәзік жан болғандықтан шығар, Аяжан да өз үйінде өзін жалғыз сезінетін жағдайға жетті. Күйеуінің құшағында жатып, жалғыздықтың суық ызғарына тоңатын. Бірақ, батылы жетіп, мұның астарында не бар екенін күйеуінен сұрай алмайтын. Соңғы кезде Ғабиттің құшағында жатып сезінетін жалғыздықтан құс жастықты құшақтайтынға ауысты. Өйткені, ол жұмысынан келмей қала беретін. Уақыт өте түн жарымнан асқанда келетін әдет тапты. Қызыққұмар болып, “сайтан суға” да үйір болып бара жатты. Енді сәл кешіксе өз жарынан, өзінің жүрегінің дүрсілі болған махаббатынан, өзі құлай сүйген Ғабитінен, өзінің қос перзентінің әкесінен айрылып қалатынын түсінген Аяжан үнсіз қалуды қаламады.

Міне, бүгін де түн жарымы болды. Жалғыз отыр. Екі кішкентайы пысылдап ұйықтап кеткен. Аяжанның өзі болса, Ғабиттің әруағын күтіп отыр. Иә, оның келуін күтіп, есікке телміре қарап отыр. Бүгін ол тағы да келген жоқ. Осы аптада үшінші рет үйге қонбай қалды. Таңға дейін кірпік ілмей күйеуін күткен Аяжан ұйықтамады. Таң сыз беріп атып келе жатқанда барып Ғабит келді. Қабағы қатулы. Өзі жазықты болса, ол үнемі осылай ызғар шашып келеді. Оның ызғарлы түрін көріп, Аяжан үнсіз қала салатын. Бұл жолы да қабағы түйіліп, жауар бұлттай болып түнеріп келген. Бірақ, Аяжан үнсіз қалған жоқ. Жатын бөлмеге кіріп, киімдерін шешіп, төсекке құлай берген күйеуіне қарап:

—   Ғабит, не болып жүр өзі? — деді.

—   Не? Тыныш ұйықтайықшы адам секілді. Мазамды алмашы! — деді қатқыл үнмен.

—   Ғабит, сен мені тыңда! Не болып жатқанын айт маған. Кім ол? Қайда барып жүрсің? Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Мен бұдан артық шыдай алмаймын.

—   Не? Неге шыдай алмайсың?

—   Сенің осы жүрісіңе шыдай алмаймын.

—   Мен не істеп қойыппын?

—   Ғабит, кімге барып жүрсің? Қандай адам тауып алғансың?

—   Не? Не айтып тұрсың? Кім айтты саған мені адам тауып алған деп? Жұмыспен жүрмін…

—   Бір аптада үш рет таңға дейін жұмыс істейтін болғансың ба? Мүмкін емес. Олай мені мазақ етпе! Одан да кімге барып жүрсің, соны айт?! Мейлі, ол әйел кім болса да, маған бәрібір. Бірақ, сен екі жолдың біреуін таңдау керексің. Не екеуміз ажырасамыз. Не сен бұл жүрісіңді қоясың! Қайсысын таңдайтының өз еркіңде. Мен мұндай қорлыққа шыдай алмаймын. Өйткені, менің де жүрегім бар жараланатын. Менің де көңілім бар. Менің де махаббатым бар. Мен де адаммын. Мейлі, сені қаншалықты сүйсем де, қиналсам да, ажырасып, біржолата бір қиналайын, — деді.

—   Сен маған шарт қоймай-ақ қой. Одан да жатшы, адамның қанын ішпей. Ешкім де ажыраспайды. Ешқайда да кетпейсің! Олай мені қорқытпа! Қайда барсам да, қанша жүрсем де өзім білемін, — деген Ғабит әйелінің сөзін сөз деместен жатып қалды.

Осындай сәттердің бірінде Аяжан жаман хабар естіді. Сумаңдаған өсекші бір абысыны Ләззатын емізіп отырған Аяжанға келіп:

—   Келін-ау, сен естідің бе? — деді.

—   Не болды, жеңеше? Нені естуім керек еді?

—   Ана, Әсел ше, бай таңдап жүріп қалып еді, сорлы. Сол екіқабат болы қалыпты.

—   Не?

—   Иә, күйеуге тимей жатып көтеріп қойыпты. Алдырту жайында ойлап көрген деседі. Белін байлап, ішін жасырып жүре берген екен. Енді алдыртуға болмайтындай болып өсіп кетіпті. Ішіндегі некесіз, көшеден көтерген бала алты айдан асыпты. Оны енді тек туу керек екен. Осы жаман жаңалықтан әке-шешесі күйіп отыр екен ғой. Масқара-ай, — деді.

Мына жаңалықты естіген кезде Аяжанның жүрегі мұздап кетті. Иә, төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Бұған дейін де бір-екі рет әйелдерден “Ол сенің күйеуіңе жақын, екеуінің арасында бірдеңе бар емес пе?” деген секілді сөздер естіп қалатын. Өзі де Әсел мен Ғабиттің арасынан бір жылылық сезетін. Десе де, күйеуінің ақ көңілі мен аялы сезіміне дақ салудан қорқатын Аяжан оған мән бермеуге тырысып бағатын еді. Мән берген күннің өзінде Ғабит оның туған бөлесі екенін айтып, Аяжанды сөйлетпей қоятын. Енді мынадай жаңалық шығып тұр. Аяжанның санасына бірден: “мүамкін баланың әкесі Ғабит болар” деген ой келді. Өз ойынан өзі шошып кеткен келіншек есін бірден жиып алды да, абысынына қарап:

—   Құдай сақтасын, ондай жаңалық естіген жоқпын.

—   Естімесең сол, шулап жатыр ғой әулеттері.

—   Баланың әкесі кім екен? — деді абысынының бетіне сұрлана қарап.

—   Білмеймін, әркім әрқалай айтуда.

—   Ана қарабет қыздың өзі не айтып жатыр екен?

—   “Ешкімнің шаңырағын шайқалтқым келмейді. Әкесі кім екенін айтпаймын” депті ғой.

Мына сөз Аяжанның жүрегін одан сайын жылатты. Абысынының не үшін бұл сөздерді өзіне айтып отырғанын да іші сезіп отыр. Сонда да ештеңе сездірмеген адамдай болып күлімсіреді.

—   Құдай сақтасын, беті аулақ! Өзіміздің де ұлымыз, қызымыз бар дегендей, беті аулақ! Өзі де жеңілтек қыз еді ғой, — деген Аяжан әңгімені жылы жауып қоя салды.

Оның жүзінен абыржудың нышанын көре алмаған абысыны айтқанына өкініп қалды ма, әйтеуір, бірден тыйылып:

—   Ой, мені үйде күтіп қалған болар, кеттім, — деп бір кесе ұйытқыға сұраған айранын алып шығып кетті.

Ол кеткен соң көңілі алабұртып, ойға шомған Аяжанның санасынан Әсел шықпай қойды. “Ол неге шындықты айтпай қойды? Ішіндегі баласының Ғабиттен болуы мүмкін бе?” Осыны ойлағанда жүрегі тілім-тілім болып, жан жарасына біреу тұз сепкендей әсерде қалады. Көзімен көріп, қолымен ұстап алмағаннан кейін бұл жөнінде Ғабиттен де ештеңе сұрай алмады. Десе де, соңғы кездері оның жүзінде кірбің мен шаршау байқалып жүр. Ол күйеуінің әлденеге қатты қобалжып жүргенін іштей сезіп жүрген еді.

* * *

Ғабит пен Аяжанның арасы күннен-күнге бұзылып бара жатқан. Осындай күндердің бірінде Ғабиттің жақын туыстарының бірі үлкен той жасады. Сол тойға қарны қампиып, ұялмастан Әсел де келген болатын. Оның тойға келгенін жұрт өсектеп жатты. Абысындарының жанында тұрған Аяжан да олармен өсектемесе де, әңгімелерін тыңдап тұрған. Осы сәтте Әсел бұлардың жанына келіп:

—   Иә, ауыздарың ауыздарыңа жұқпай мені өсектеп тұрсыңдар ма? — деді қағына сөйлеп.

—   Өзің өсектейтіндей-ақ тірлік істесең, біз үнсіз қала алмаспыз, — деді аузы жылдам біреуі.

—   Иә, сендерді жақсы білемін ғой. Бірақ, мен некесіз туамын ба, некелі туамын ба, жұмыстарың болмасын. Өйткені, өмір өзімдікі, тағдыр да өзімдікі. Сондықтан өзім ғана өз өмірімді шешемін. Сендердің ешбірің менің тағдырыма араласа алмайсыңдар. Тыныштарыңа жүріңдер, — деді.

—   Саған ешкім ештеңе деген жоқ. Тиіспегенге тиісіп, қадіріңді кетіріп не қыласың, Әсел? Одан да өз жөніңмен жүре бер, — деді Аяжан.

Осы сәтте Аяжанның бетіне қулана қараған Әсел:

—   Ойпырмай, мынаған да тіл бітіп, ақыл кіріп қалыпты ғой. Өзінше данагөйсіп сөйлейтінін қарашы. Жұртқа ақыл айтып өзіңше болғанша, бір байыңа ие болмайсың ба? Сен оның қайда, кіммен не істеп жүргенін білесің бе? — деп анайы күлкімен күлді.

Даусының өзі неткен жағымсыз, адам жанын жиіркендіретін үн еді.

—   Жұрттың байында жұмысың болмасын! Өзің айтпақшы, менің де ол жеке өмірім. Оған сенің қол сұғуға ешқандай да құқығың жоқ.

—   Мүмкін менің құқығым жоқ шығар. Бірақ, сұғып қойған болсам не істей аласың? Сенің қолыңнан не келеді, сорлы-ау? Сен білесің бе, мына менің ішімдегі перзенттің әкесі кім екенін? Білмейсің. Білгің-ақ келеді ғой. Ішің сезеді, — деді де, Аяжанға кекесінді түрде көзінің астымен қулана қарап, бұрылып кетіп қалды.

Оның нені, қандай тірлікті меңзегенін түсінген Аяжанның жүзі сұп-сұр болып кетті. Тура осы жерде Әселге тіл қатқаны үшін сорлы келіншек өкініп кетті. Бірақ, енді артқа қайтуға жол жоқ, амалсыз абысын- ажындарының жанында қалып қойды. Ал олардың бірі болса:

—   Ойпырмай, мына сайқал не айтып кетті өзі? Одан барлығын күтуге болады. Аяжан, сен жақсы білесің ғой, кезінде Ғабит екеуінің үйленбекші болып, елді бір дүрліктіргенін. Абайлашы әйтеуір, сенің күйеуіңнің басын қайта айналдырып жүрген болмасын тағы. Бұл соншалықты арам қыз, — деді.

—   Мейлі, қолынан не келсе де, істей берсін. Менің нем бар? Тартып алып жатса, көрермін, — деді де, қазан-ошақ басынан кеткенше асықты.

Ішінің барлығы алай-дүлей от болып жанып тұр. Қайта-қайта санасында “шынында да ішіндегі бала Ғабиттікі ме?” деген сұрақ қылаң береді. Ертерек барлығының құпиясын шешпесе болмайды. Байғұс әйел қызғаныштан жарылып кетер. Соны ойлаған Аяжан күйеуі мен Әселді барынша аңдуға тырысты.

Ауылдың тойы. Есік алдына ұзыннан-ұзын үстелдер жасалып тасталған. Тамада сайрап тұр. Ауыл адамдары ығы-жығы болып, жиналып алған. Бала-шаға жүр жағаласып. Әйтеуір, той өтіп жатты. Аяжан болса, Ләззатын жетектеген күйі Әсел мен Ғабитті ешкімге сездірмей сырттай аңдып жүр. Сөйтіп жүргенде мұны енесі бірдеңеге жұмсап жіберді. Оның айтқан тірлігін бітіріп, той болып жатқан алаңға қайта оралған сәтте Аяжан өзінің күйеуін де, Әселді де таппай қалды. Олардың бірге екендерін бірден сезіп, аласұрып іздей бастады. Жан-жақтан іздеп таппаған соң үйді көрді. Үйде де жоқ. Енді болмаған соң үй артында орналасқан үлкен гаражға келді. Осы жерге ілби басып келіп, құлақ түрін көрген…

Қарны қампиып, той болатын үйдің қақпасынан кіргенде-ақ Ғабит оны бақылап тұрған болатын. Әсел бірден қазан-ошақ басындағы әйелдерге қарай жүрді. Онда Ғабит өзінің келіншегінің де бар екенін көріп тұр.

Солардың маңына барған Әселдің әлденені бүлдіргенін бірден сезді. Өйткені, сол сәтте Аяжанның түрі қатты өзгеріп кетіп еді.

—   Мына қыз бүлдірді-ау, — деп Ғабит ешкімге естіртпестен күбірлеп тұрды.

Кешке дейін келіншегінің өзі мен Әселді аңдығанын сезіп, оған жолай алмады. Бір сәтке Аяжанның жоқ болғанын пайдаланған Ғабит Әселдің жанына барып:

—   Осы сен бірдеңені бүлдірдің-ау шамасы, — деді.

—   Ештеңені бүлдірген жоқпын. Жай ғана сенің әйеліңнің айтқан сөзіне жауап бердім. Болғаны сол ғана. Өзі ғой бәленің бәрін бастап, маған ызғар шашып тиісе бастаған.

—   Оған не айттың өзі?

—   Оны қайтейін деп едің? Әйеліңнен қорқып тұрсың ба?

—   Әңгіме онда емес. Жүрші былай, сөйлесіп келейік. Көпшіліктің көзіне түспей-ақ қояйық.

Сонымен Аяжанның бір сәтке жоқ болғанын пайдаланып, екеуі бірінен соң бірі жұртқа байқатпай гараж ішіне кіріп кетті.

—   Оған не айттың, Әсел?

—   Не болды сонша? Сен Аяжаннан мүлдем қорықпаушы едің ғой.

—   Қорқып тұрғаным жоқ. Ол қандай жан болса да, менің екі перзентімнің анасы. Сондықтан ештеңені білмегенін қалаймын. Ол онсыз да менің бөтен біреуге барып жүргенімді жақсы біледі. Оған мүлдем назар да салмай жүрмін қазір.

—   Сен не айтпақшысың мына сөзіңмен. Мен ештеңені білмеймін, Ғабит. Қандай жағдай болса да, көп ұзамай мен мына баланың әкесі кім екенін елге айтуым керек. Және бұл жұрт ойлағандай некесіз сәби емес. Жұрттар біздің мешітке барып мұсылмандық парызбен неке қидырғанымызды, баламның некелі сәби екенін білу шарт. Сен мені бұлай алдаусыратпа! Мейлі, келісемін, Аяжанмен ажыраспай-ақ қой. Бірақ, мені де әйелің деп тануың керек. Жұрт менің осы жағдайымның өзін мазақ етуде. Мен ешкімге де мазақ бола алмаймын, Ғабит.

—   Мен сенен бас тартайын деп тұрғаным жоқ, жаным. Және екі дүниеде де бас тартпаймын. Өйткені, сен менің бәрібір алғашқы махаббатым, менің жүрегімнен орын алған жалғыз жан болып қаласың. Сені сүйемін. Оны өзің де білесің. Егер сүймейтін болсам, осыншалықты жан жарыма опасыздық жасап, сенімен некелеспес едім. Сондықтан сәл шыдашы. Бала туылғанша мен Аяжанға барлығын түсіндіріп айтып, сенімен некелескенімді, ендігі тағдырымыз осылайша үштік болып жалғасатынын айтамын.

—   Енді қашан? Қашан айтпақшысың? Туылғанша дейсің, білесің бе, оның туылуына бар болғаны екі ай ғана қалды. Менің қазіргі күнімді білесің ғой. Өзімнің арсыздығым мен сенің махаббатыңнан алған күшіммен ғана барлығына қарсы тұрып келе жатырмын. Менің күңде әкем мен шешемнен, туыстарымнан, бауырларымнан еститін сөздерімді сен де естісең ғой. Маған табалай қараған сан көздермен сен де арбасып көрсең ғой, Ғабит, сол кезде түсінетін едің.

—   Мен сені түсінемін, жаным. Неге о баста саған үйлене салмадым екен? Не ҮШІН? Ата-анамның айтқанына көніп, “бөлелер үйленбейді” дегенге көніп, неге ғана Аяжанға үйлендім? Олай етпеуім керек еді. Бекерге өзімнің де, оның да, сенің де тағдырыңды шыр көбелек айналдырып жібергендеймін. Енді соны түзеуім керек.

—   Қалай түзесең де, түзейсің, Ғабит. Ендігі табалау мен өсекке мен шыдай алмаймын, — деген Әсел еңкілдеп жылап жіберді.

—   Жаным, жыламашы. Жаным сол, — деген Ғабит оны аймалай құшағына алған.

Ол бір қолымен Әселдің білініп қалған ішін махаббатпен аялай сипап тұр. Бұл оның сүйіктісін жұбатқан түрі. Осының барлығын естіп, өз көзімен көрген Аяжанның жүрегі тілім-тілім болып кетті. Өзін мына әлемдегі ең аңқау, ең сорлы жандай сезініп кетті. Іші күйіп-жанғаны сонша, сорлы әйел бір орнында тағат тауып тұра алатын емес. Олардың әңгімесін естіген сайын екі көзінен тамшылап моншақ жастар төгіле берді, төгіле берді. Тұрып-ақ махаббатпен айналысып, рахаттанған әлгі екеуінің ырсылдаған үні Аяжанды одан сайын ашуға міндірді. Десе де, баса көктеп гараж ішіне кіріп баруға айбаты жетер емес. Тек қана сыртта өртенуде. Әлден уақытта тірліктерін бітірген екеуі ырсылдап барып басылды.

—   Жаным, бүгін менімен қалшы.

—   Жоқ, олай ете алмаймын. Бүгін үйге бармасам, Аяжан бірдеңені біледі. Оның үстіне, сен де оның анадай әңгімелер айтып, жүрегін ұшырып қойыпсың. Бүгін емес, ертең жолығамыз. Бүгінге осы да жетер.

—   Неге соған-ақ тығыла бердің, түбінде біледі ғой. Ертерек бойы үйреніп, біле бергені жақсы ғой. Бәрібір ол өзінің ғана күйеуі болмайтыныңды біледі ғой.

—   Біледі, бірақ, өзі білгені дұрыс емес. Мен өзім айтуым керек. Сонда барлығы әділетті болады. Бүгін емес, ертең міндетті түрде жолығамыз, жаным сол. Жаным менің, — деген Ғабит оны тағы да аймалады да, есікке қарай беттеді.

Осының барлығына жүрегі шыдап естіген Аяжан ештеңеге қарамастан ұлы мен қызын алып үйіне кетіп қалды. Оның іші алай-дүлей өртке оранып барады. Тағат тауып отыра алмады. Иә, үйінде де жүрегі дүрсілдеп қатты соғып, әдеттегіден де бетер мазасын алды.

—   Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес. Ол менің сыртымнан өзге біреумен, Әселмен некелесуге құқығы жоқ еді. Бұл мұсылмандық жол емес. Бұл күнә! Маған айтпай өзге жанмен некелескені күнә! Шыдай алмаймын мен бұған. Жоқ, бір амалын табуым керек. Бұлай өмір сүре алмаймын мен, — деп жанын қоярға жер таппай қиналған әйел іштей әлденеге дайындалды.

Аяжан қос құлынын ұйықтатып тастап, күйеуінің келуін тағатсыздана күтті. Түн жарымнан асқанда тәлтіректеп араққа тойып алған Ғабит келді. Тілі күрмеліп, әрең сөйлейді.

—   Аяжан, мені төсегіме жатқызшы.

—   Жүр, жатқызамын, — деген Аяжан тістене сөйлеп, оны жатын кереуетке әкелді.

Тәлтіректеген Ғабит төсекке құлай кеткен. Осы сәтте өзі дайындап қойған арқанмен әйел оның аяқ қолын тас қылып байлап тастады. Өзін матап жатқан әйелін көріп, Ғабиттің көзі шарасынан шыға жаздады. Әп-сәтте мастығы тарқап кеткендей болған ол:

—   Аяжан, не істегелі жатырсың? — деді.

—   Сен қалай ойлайсың, Ғабит? Мен барлығын білемін. Мен бүгін кеште гаражда болдым. Иә, мен барлығын естідім. Не үшін? Неге? Не жазығым бар еді соншалықты қорлайтындай? Сен о баста неге айтпадың? Сұрадым ғой мен Әсел жайлы. Сенен шымылдық ішінде отырғанда-ақ сұрап едім ғой. Неге сол кезде шындықты айтпадың? Сол кезде ақиқатын айтқаныңда мен бұл үйде, сенің жаныңда өлсем де қалмас едім ғой. Сонша уақыт өмірімді арнасам да, сыртымнан сатып, көзіме шөп салдың. Ол аздай, маған айтпай туған бөлеңмен некелестің. Бұл адал неке емес, Ғабит. Оның құрсағындағы шарана да, некелі шарана болып есептелмейді. Ол бәрібір некесіз шарана. Қандай топас молда қиды некелеріңді? Менің білуім керек еді, бірінші некелі әйелің екінші некеге тұрайын деп жатқаныңа қарсы болса да білуі тиіс еді Бұл шариғатқа да, Исламға да қайшы дүние. Мен, мен бұлай қорлауға жол бермеймін. Мен ендігі өмірімді үштік тағдырмен жалғастыра алмаймын. Мүмкін о баста айтқаныңда, адамшылықпен ескерткеніңде болар ма еді? Сыртымнан пышақ тыққандарың үшін олай ете алмаймын! – деп тістенген Аяжан еңкілдеп жылап жіберді. Ебіл-дебілі шығып жылаған әйелінің бетіне қараған Ғабит:

—   Енді не істемекшісің Аяжан? — деді.

—   Сені өлтіремін. Оған да, маған да жоқ боласың!

—   Не? Есіңнен адасқансың ба?

—   Жоқ, сен есіңнен адастың! Сен мені есімнен адастырдың! Мен сені өлтірмей тынбаймын. Тыныштық таба алмаймын сені өлтірмей. Жаным сені жайратып салғаннан кейін, сенің мына жер бетінде жоқ екеніңді білгеннен кейін ғана жайланады. Солай, Ғабит. Мен сені сүйдім. Сүйгенім ҮШІН, ана сайқалға қия алмағаным ҮШІН өлтіремін сені. Екеумізге де жоқ боласың. Екеуміз ҮШІН де жоқ боласың сен! – деген Аяжанның көзері от шашып, түрі шынында да бұзылып кетіп еді.

Бұл бейне артқа қайтпайтын, опасыздықтан  жаны ауырып, жүрегі қан жылаған жанның бейнесі болатын. Иә, кезде қызғаныш пен махаббаттың орны ауысып кеткенде осындай ессіздіктер орын алып жататыны белгілі ғой. Тек оны ешкім дәл сол сәтінде ессіздік деп ойламайды ғой.

—   Балалар ше? Мен олардың әкесімін ғой. Жоқ, сен олай ете алмайсың! Мені өлтіре алмайсың!

—   Оны қазір көреміз. Ал балаларға өзім түсіндіремін. Олар өскенде барлығын түсінеді. Олар да біреуді жанындай жақсы көреді, сол сәтте менің не ҮШІН, неге бұлай істегенімді ұғынады олар.

Ғабит әлі де сене алмай тұр. Ашумен жасалып жатқан дүние деп ойлайды. Оның үстіне мастығы тарқағандай болғанымен әлі де масаңдау болатын.

—   Мейлі, өлтірсең де ризамын. Бірақ, соңғы рет балаларымды көруге рұқсат етші. Өлерімнің алдында бір көруге рұқсат ет, — деп Ғабит әйеліне қарады.

Бұл арқылы Ғабит әлі де «рас па, өтірік пе екен сөзі» деген сұрақтың жауабын іздеуде болатын.

—   Олар ұйқыда жатыр. Қазір балалардың бөлмесінің есігін ашамын, көріп ал! Соңғы тілегің сол болса, оны да істеймін. Бірақ, сені бүгіннен қалдырмай өлтіремін, — деді де, қос перзенті жатқан бөлменің есігін ашты. Томпиып ұйқыда жатқан ұлы мен қызына махаббатпен сүйсіне қараған Ғабит:

—   Енді өлтірсең өлтіре бер, — деді көзін тарс жұмып күлімсіреді.  Ол әлі де ойын деп ойлап тұр. Әселден қызғанғанынан, барлығын тойда гаражда көріп қойғандығынан ызаланып жасап жатқаны деп ойлап тұр.

Көзі қызарып, өзінің істеп жатқан тірлігіне өзі жауап бере алмай, ақылын дос ете алмай, дұшпаны болған ызасына жеңілген Аяжан қайтқан жоқ. Ол асханадан мал соятын пышақты алып келді де, күйеуінің жүрегіне жарқылдаған пышақты сұғып алғысы келіп ойланып қарап тұрды. Осы сәтте қызғаныш жанын жеген Аяжанның көздері қызарып, құтырған иттің көзіндей болып тұр еді. Ашуға булығып тұрған оны бір ойы «өлтір!» десе екінші ой «жоқққ!» деп арпалысуда. Бір кезде жүзі өткір пышақты Ғабиттың жүрек тұсына сұғып-сұғып алды. Оның ыңырсыған үніне құлақ түруге уақыты жоқ. Ызадан жарылардай болған әйел:

—   Мә, саған! Мә! Мынау мені жылатқаның үшін! Мынау менің махаббатымды бағаламағаның үшін! Мынау менің жанымды жаралағаның үшін! — деп өкіре жылап, тоқтаусыз пышақты сұға берді, сұға берді.

Әлден уақытта есін жиған ол жан-жағының барлығы қанға малынып жатқанын көрді. Есін жиғанда барып, ақ төсектің үстінде қанға бөгіп жатқан күйеуі Ғабитті көрді. Өзінің қандай тірлік істегенін енді барып сезген әйел әлден уақытта:

—   Жоқ-қ! — деп шыңғырып жіберіп еді…

Ол өз күйеуін өлтірді. Ол қызғаныштан өз жарына пышақ сұқты. Осы жағдай бүкіл ауылды шулатып жатты. Ғабиттің ата-анасы, бауырлары қан жылады. Жоқтау айтып ауылды күңірентті. Әсел қатты қайғыдан баласын жеті айлық етіп босанып қойды. Бірақ, бөлелердің арасындағы ессіз махаббаттан пайда болған сәби мүгедек болып туылды. Оның қараған адамның жүрегін ауыртатын ұсқынсыз түрі қан жылаған Әселді одан сайын шошытып жіберді.Ол елге де туысқа да қарабет болып улы жыландай шаққан тілімен бірге мүгедек баланы құшақтап қала берді.

 Ал Аяжан болса өзінің қалай істегенін, не үшін күйеуін өлтіргенін, барлығын мойындап, барлық шындықты айтып беріп, полицияға өз еркімен берілді. Ұлдарынан айрылған Нұрым қария мен Күләш ана қанша зар жыласа да, келіндеріне кешірім берді. Иә, Ғабиттің әруағы үшін кешірім берді.

Үш ай бойы тергеуде  түрмеде болған Аяжан бостандыққа шыққан болатын. Өзінің некелі жарын өлтірсе де, туыстарының көп ақша сарп еткенімен ата-енесінің кешірім бергенінің, қос перзентінің әлі балағатқа толмағандығының арқасында ол бостандыққа шықты. Бірақ, Нұрым қария оған:

—   Мені іздеме, Ғабиттің балаларын да көрсетпе көзіме! Сен ұлымды ажалға итерген күні оның перзенттері де өлген. Сенің құрсағыңнан жаралған балалар маған керек емес. Көзімізге көрініп, жанымызға жара салмай, қараңды батыр! Бұл менің соңғы сөзім! — деді.

Осылайша Аяжан құлай сүйгені үшін қанішер атанып, өз күйеуін өзі өлтіріп еді. Міне, содан бері де үш жыл өте шығыпты. Бүгін жарының асына барып тағы да еңсесі езіліп келді. Оның үстіне сол бір қаралы күннен  кейін Аяжанның санасында, ішкі жүрегінің түкпірінде бір ауытқушылық, бір түсініксіз сезім пайда болып еді. Өзі жанынан артық жақсы көрген адамды пышақтап тастағанын, өз балаларының әкесін өлтіргенін мойындап өмір сүру де ол үшін ауыр жүк еді. Осының барлығын ойлап, құс жастықта жатқан Аяжан енді өмір сүре алмайтынын, мұндай ауыртпалықты көтеріп жүре алмайтынын ұққан болатын. Ол ойланып жатты да, өзі жанына әкеліп қойған кішкентай ғана алмаспен қос қолының күре тамырларын тіліп-тіліп жіберді.

—   Мен өмір сүруге лайықты емеспін, — деп күбірледі.

Қос білегінен атқылаған қан төңіректі қызыл түске бояп жатты. Барған сайын әлсіреп, көзі қарауытып, Аяжан о дүниеге кетіп бара жатты. Осы кезде оның есіне, оның көз алдына сол бір бойжеткен кезінде көрген түсі елестеді. Сол түсті құрбысы Сәуленің қалай жорығаны құлағында жаңғырып тұрды. Ол Аяжанның нан сұраған жігіт жайлы көрген түсін:

—   Аяжан, сен тұрмысқа шығасың, бақытты-ақ боласың. Бірақ, түбінде өз күйеуіңнің түбіне өзің жетесің! Сен оны өз қолдарыңмен өлтіресің! Не болмаса сенің кесіріңнен өліп кетеді. Сенің көрген түсің соны меңзейді, — деп жорып еді.

Міне, осы айтылған сөз араға қаншама жыл салып шындыққа айналып, ең соңында Аяжанның өзіне-өзі қол жұмсауына келіп тірелді. Ол өлді. Иә, ізінде қос құлыны қалды жетімек болып. Оны ажалға жетелеген де сол қос құлынымен арасындағы суық қатынас болатын. Иә, өмір бойы олардың алдында ақталып өмір

сүргісі келмеді… Мүмкін оны тағдыр жазалаған болар…

Бұл ең алдымен «жақсы сөз жарым ырыс» деген мақалға сүйеніп өмір сүруге үндейтін оқиға. Иә, қаншалықты мықты түс жорушы болсаңыз да жақсылыққа жорып, түс көрген адамды ізгілікке бағыттау керек деп ойлаймын.

Сонымен бірге бұл оқиға  ата-ананың ұлы мен қызына «Туыспен сезімдесуге, жақындасуға болмайтынын» ұқтырып тәрбиелеуге үндейтін оқиға.

Бұл ер азаматтардың некелескен кезде, адал жарына аялауға, оның адал махаббат лайламауға үндейтін оқиға.

Бұл қазақтың: «еркекке сенгенше екі босағаңа сен» деген мақалын үнемі қазақ әйелінің ойында ұстап, құлай сүйсең де берілмей сүюге үндейтін оқиға.

Бұл оқиға ананың балалары алдындағы иә, ең алдымен өзі өмірге әкелген балаларының алдындағы міндетін естен шығармауға үндейтін оқиға.

P.S. Міне, құрметті оқырман, қызғаныштың қырсығы мен жалғанның жабайылығы адамды осыншалықты айуандыққа жетелейді екен. Дегенмен, қайда жүрсек те, қандай мақсатпен өмір сүрсек те, “ашу дұшпан, ақыл дос, ақылыңа ақыл қос” деген даналы сөзді ұмытпайық. Хадистің өзінде қатты ашуланғанда отыру керек, оған ашу басылмаса, жату керек, онда да болмаса ұйықтап тұру керектігі айтылған емес пе?!

НұрСая –Нұрсұлу БАЗАРБАЙҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған