ШЫНАЙЫ СЕЗІМДІ БАҒАЛАЙ АЛМАҒАН ЖАН

Мереке күні болатын. Күйеуім Жолдас балаларымызды алып қыдыратынымызды айтып қоңырау шалған. Өзі бір жұмыстарын тындыруға үйден ерте шығып кетіп еді. Ол келемін дегенше ұлым мен қызымды киіндіріп, өзім де барынша дайындалып күтіп отырдым. Әлден уақытта Жолдас келді.

– Жаным, дайынсыңдар ма? – деп сөйлей кірген оның алдынан ұлым мен қызым жүгіріп шықты.

Олардың киініп алғанын көріп Жолдас күлімсіреп:

– Иә, дайын екенсіңдер ғой. Түу-у, менің қызым қандай әдемі болып кеткен өзі? – деп қызын еркелетіп, енді ғана жүруді үйреніп жүрген баламыз Әлиханды да иіскеп: – сен де сымбатты болып кетіпсің, – деп басынан сипады. Содан соң менің жаныма келіп: – Ал енді, қайда барамыз? Ойланып қойдың ба? – деді.

Мен күліп:

– Не ойланатыны бар, сол «қиял әлеміне» барайық. Сонда біраз болса, ары қарай Мега орталыққа соғармыз, – дедім.

– Иә,екеуіне сонда қыдырған ұнайды ғой. Алдыменен түскі тамағымызды бір кафеге кіріп жақсылап ішіп алайық, – деді.

Мен де еш қарсыласпастан келісе кеттім. Сонымен барлығымыз машина6а отырып алып, қаланың сырт жағында орналасқан кәуап орталығына барып кәуап жедік. Сонда тамақтанып отырған мен әлдекімнің тура арт жағымнан тесіле қарағанын сездім. Бұрылып қарауға күйеуімнен ыңғайсызданып отырмын. Өзі қызғаншақ емес пе? Бұрылып қарасам, әрине тесіле қарап отырған жанның әйел емес екенін ішім сезеді. Сондықтан бір пәлеге тап болармын деп, тыныш отырмын. Бір кезде қызым маған:

– Анашым, сыртқа шыққым келеді, – деді.

Оның сөзіне мен қуанып кеттім. Сыртқа шығатын әйелдер бөлмесі сол менің арт жағымда. Егер қызымды алып барсам, маған сонша тесіле қарап отырған жанның кім екенін де көретінім анық еді, сондықтан ойланбастан:

– Жүре ғой, қызым, – деп тапшаннан түсе бастадым.

Ол да лезде түсіп бұрылып жүре беріп көзім сол тесіле қараған жанға түсті. Көзіме оттай басылған жанды жазбай таныдым. Ол Оспан еді. Иә, сол баяғы Оспан болатын. Денем түршігіп, лезде қабағым түйіліп кетті. Иә, бетін түк басқан, жүзі сұсты еркек менің көзіме көзін қадап қарап отыр. Оның мына көзқарасынан одан сайын шоши түстім. Бірақ, артқа қайтуға жол жоқ . Сол бір уақыт қойнауына еніп, есімнен шығып кеткен, оқиғалар әп-сәтте көз алдыма келіп, кино лентасындай айнала түсті. Есім шығып қызымның сұрағына жауап беруге мұршам болмай оны жетектеген күйі әйелдер бөлмесіне кіріп терең дем алып қабырғаға сүйеніп тұрып қалдым.

– Бұл сұмырай мұнда қайдан жүр? – деп күбірледім өзіме-өзім.

Қызымның тірлігін бітіріп әйелдер бөлмесінен шығып келе жатыр едім қарсы алдымнан Оспан шыға келді. Ол да менімен жолығу үшін ізімнен келген екен. Екеуміз бетпе-бет кездесіп қалған сәтте ол миығынан күліп, кекете қарап маған:

– Өзің әлі өзгермепсің. Сол сұлу қалпың ғой. Екі бала туған әйелге ұқсамайсың. Анауың да бір мықтылардың бірі-ау деймін, – деді тістене сөйлеп.

– Жоғал ары. Сен мұнда не істеп жүрсің? Жұмысың болмасын менде, – деп қарсы алдымда тұрған оны айналып өтуге тырыса беріп едім, шап беріп білегімнен ұстады да:

– Маған қара, мен әлі мына бетімдегі тыртықтың оқиғасын ұмытқан жоқпын. Айнаға әр қараған сайын сені есімнен шығарған емеспін. Айнаға қараған сайын көз алдыма сен елестеп, көз алдыма сені көріп тұрам. Есіңде болсын мен ештеңені де, ешқашан да ұмытпайтындарданмын. Ал мына тыртық менің сол қасиетімді одан сайын тереңдете түседі ұқтың ба? Мен бәрібір сені де тура осындай етпей тынбаймын. Есіңде болсын, тынбаймын, – деді.

– Сен ол тыртықты менің қалай салғанымды емес, не үшін салғанымды ұмытып кеткенге ұқсайсың ғой. Бірақ, сен ұмытсаң да, мен ұмытсам да, дүние есігін ашпай кеткен сәбидің наласы ұмыта қойған жоқ екеніне сенімдімін. Сондықтан әлі де сол наланың тағдырыңды талқан ететінін ұмытпағайсың! – дедім мен де тістеніп.

Қызым мына бөтен еркектің маған жағымсыз сөздер айтып тұрғанын түсініп тұр. Көзі алақандай болып шошына қарап:

– Анашым, кетейікші анау-у, – деп шырылдай түсті.

Көзіне қызымның жас айналып жыларман, болды. Мен:

– Қазір жаным, қазір, – деп оны жұбатуға тырыстым да, Оспанға қарап: – Екі дүниеде де сенің арам ойың іске аспайды. Ұқтың ба? Сен менен кек алуды ойлап, қалай бетімді тыртықтауды ойлағанша, сол сәбидің наласынан, обалынан қалай құтылатыныңды бір сәтке неге ойламадың? Соны ойласаң ғой бәлкім бәрі дұрыс болар ма еді? Өзгерген шығарсың, осыншама жылда есің кіріп адам болған боларсың десем. Керісінше бұрынғыдан да өткен наданға айналған екенсің. Өзіңнің өткен өміріңе істеген ісіңе түріңе қарасам бір сәтке де өкінбейсің ғой. Мейлі, сен өкінбесең де, өмір, тағдыр өкіндірер әлі, – дедім.

– Мен не үшін өкінуім керек? Өкінбеймін. Және есіңде болсын сенің істеген ісіңді ұмытпаймын, ұмытқым да келмейді ұқтың ба? Сенің де жүзіңе тура осындай тыртық салмай тыншымаймын мен, ұқтың ба? – деді Оспан тістене сөйлеп.

Осы сәтте оның көздері бұрынғыдан да қорқынышты болып, осы айтып тұрғандарынан, жағымсыз сөздерінен ләззат алып тұрғандай болды. Оның бұл қылығынан іштей сескеніп тұрсам да мен айылымды жимай:

– Естуімше әлі балалы болмағанға ұқсайсың. Біраз әйелмен некелесіп, барлығымен ажырасып та үлгеріпсің. Әрине балаң жоқтықтан басыңды неге ұрарыңды білмей жүрсің. Осының өзі сенің сол сәбидің наласын арқалағаныңа бір дәлелі ғой. Қойсаңшы енді сандала бермей. Жолымнан қаш! Жоғал әрмен! – деп ертерек кетуге асыға бердім.

Алайда менің соңғы айтқан сөзім ауыр тиіп кетті білем Оспан:

– Жап аузыңды. Менің бала-шағам мен алған қатындарымда жұмысың болмасын. Бәлкім олар сен секілді күйеулерін рахаттандыра алмаған болар. Сен қусың ғой бір еркектің басын айналдыра алатын қабілетің бер екен байқаймын. Мен де сол қабілетіңді көрсем болады екен, – деп әңгіме ауанын ашулана төсекке бұра берді.

Ал менің оның мына халіне іштей ашуым келіп, бір жағынан жаным аши оның жанынан алыстай бердім. Түрім бұзылып, өңім қуарып кеткен болса керек осыны сезген Жолдас:

– Шынар, тыныштық па? – деді жанына жайғаспай жатып.

Осы сәтте үштен асқан қызым:

– Анда бір кісі анама тиісті ғой. Ол анамды қорқытты, – деп ары қарай сөйлей алмай жылап жіберді.

Қызымды бауырыма басып:

– Қой, қой енді балапаным, қоя ғой, – деп жұбатып жатқан менің де көзімнен еріксіз тамшылар шыға берді. Не болғанын ұқпай қалған Жолдас мына көз жасымызды көріп шошып кетті:

– Жаным-ау, не болды өзі? Кім? Қандай адам ол?– деп жұлқына орнынан тұра бергені сол еді, сумаң етіп Оспанның да жанға жағымсыз бейнесі көрініп бізге қарай жүріп келе жатты. Оны көріп қызым:

– Ана кісі, әні келе жатыр ана кісі, – деп шошына Жолдастың арқасына тығыла түсті.

– Ол сендерге не істеді? – деп маған күйеуім оқты жанарын қадап нақтырақ сұрады. Мен сасқаннан не айтарымды білмей сәл кідіріп барып:

– Жай, ештеңе, ескі танысым ғой, Жолдас. Қойшы, соны, тезірек кетейікші мына жерден. Қалғым кеп тұрған жоқ, – дедім мен.

Бірақ, күйеуім менің ол жауабыма қанағаттанбастан бізге қарай аяңдап келе жатқан Оспанға қарсы жүрді. Екеуі біз отырған тапшанның маңында беттесті.

– Әй, еркек болсаң, еркекше сөйлеспейміз бе? Қатын мен балаға тиісіп не болды сонша ? Бөріктілердің намысына кір келтіріп? – деді Жолдас бірден Оспанның намысына тие сөйлеп.

– А-а, олар саған келіп шағымданып үлгерді ме? Алайда, әйелің менің кім екенімді, неге оған кенеше жабысып қалғанымды, айтпады ма? Біздің бір кездері қол ұстасып жүрген күндерімізді де айтпады ма? Ол бір кездері мені құлай сүйген еді ғой. Оны ше? – деп Жолдастың ашуына тиетін сөздер айтып жатты.

Мен оның нашар жан екенін білетінмін. Алайда осыншалықты төмендер деп ойламап едім. Иә, аяқ астынан мені Жолдаспен ұрыстырудың орайын тауып айтып тұрған сөзін естігенде еріксіз мырс етіп күліп жібердім де:

– Оңбаған! Ойыңа одан өзге арамдық келмеді ме? – дедім жүзіне бір түкіріп.

Одан ары қарай оны тыңдап отыруға шыдай алмаған Жолдас Оспанның жағасынан тартып жіберді. Сол жерде екеуі жаға жыртысып төбелесе кетті. Мейрамхананың күзетшілері, сонда отырған қонақтар жабылып жүріп екеуін әрең ажыратты. Қыдыруымыздың сиқы кетіп, киімі алқам-салқам болған Жолдаспен бірге көлікке отырып үйге қайтуға мәжбүр болдық. Жол бойы бір ауыз тіл қатпай сұп-сұр болып келген күйеуім үйге келген соң барып диванға сылқ түсіп отыра кетті де:

– Ол кім? Қайдан танисың? Немене шыныменен араларыңды бірдеңе болған ба еді? – деді дауысы гүрілдей.

Мен балаларды алдаусыратып, бөлмелеріне кіргізіп жібердім де, Жолдастың жанына келіп жайғастым. Тағаты таусылып отырған Жолдас:

– Кім ол? Не айтып сандырақтады жаңа? Ескі танысың болса қайтейін? Не болғанын барлығын маған айтып бер! Түрінің өзі қандай жаман? Жүзі тыртыққа толы, өзі отырып шыққан біреу ғой анауың! Сонымен де жүрген болсаң онда саған сөзім жоқ!– деді.

Мен оның Оспанды маған тели сөйлегеніне ашуланып:

– Ол менің ешкімім де емес. Не болды сонша? Айтып беремін тек ашуыңды басшы. Қайдағы біреудің сандырағы үшін енді екеуміздің ренжісуіміз қалып еді, – дедім.

– Ал онда ашуымызды бастық баяндай бер не болғанын. Кім екенін. Сенің де түрің бұзылып кетті ғой соны көргенде. Екеуің жүрмеген болсаңдар да танитының анық қой, тыңдайық ал айта бер, – деді.

Содан соң барып мен Оспан жайлы жағымсыз жайттарды есіме ала бастадым…

* * *

Менің Ғайша есімді құрбым болатын. Екеуміз егіз қозыдай бір-бірімізден ажырамай жүретініңіз. Тіпті, кей кездері бір-біріміздің үйімізге қонысып, ажырағымыз келмей жүретін. Екеуміздің достығымызға ауыл адамдары қуана, әрі қызыға қарайтын. Сондықтан болар Ғайша екеуміз қатты жақын болдық. Бойжете бастаған сәтте де сырларымыз көбейіп, құпияларымыз молайып екеуміз бұрынғыдан да жақын болдық. Сөйтіп жүргенде ауылға көрші ауданның бір отбасы көшіп келді. Өздерінің жалғыз ұлдары бар екенін естіп білгенбіз. Оның да әскерде екенін айты. Сонымен арадан екі айдай өткенде ұлдары әскерден келді. Сымбатты, бойы ұзын, бір қараған қыз құлай кетпесе де іштей. «сымбатты жігіт екен» деп ойлайтындай Оспанның көзі ауылға келе салып Ғайша екеумізге түсті. Мен жігіттерге келгенде салмақтырақ болатынмын. Ғайшаның жүрегі жұмсақтау, әрі сенгіш аңғал, пәк көңілді еді. Сол пәктігіне, аңғалдығынан болар, ол ең алғаш рет, және ең соңғы рет дейін Оспанға құлай ғашық болды. Уылжыған жас кезіміз. Ауылда бір кеш өтіп сонда барғанымызда әскерден жақында келіп дүркіреп жүрген Оспан маған:

– Шынар, сен маған ұнайсың. Тіпті, қатты ұнайсың. Осы ауылға ең алғаш келген сәтте-ақ ішімнен «неткен сұлу қыз» деп ойлағам. Маған жауабыңды бер. Сені жүрегім қалап жүр, – деп сөз салды.

Ғайшаның көңілі құлап, түнде армандап күндіз сол жайлы айтып, көрсе сызылып, есінен адасардай болып жүргенін білетін мен оған опасыздық жасағым келмеді. Оның үстіне Оспанды адам ретінде сыйласам да, жігіт ретінде, жігітім ретінде елестетіп көрмеген болатынмын. Сондықтан мен оған:

– Оспан, сен сымбатты жігітсің. Алайда мен сені сыйлаймын, бірақ өз жігітім ретінде елестете алмаймын. Сені бақытты ете алатын, сенің жүрегіңнің егізіне айналатын жанның кім екенін мен жақсы білемін, – дедім.

Ол күліп:

– Білсең айта ғой, ол кім екен сонда? – деді.

Мен бар сырды ақтармасам да жақауратып Ғайшаның өзіне деген көңілін айтып:

– Ол әдемі қыз. Адал да ақ көңілді. Соңғы кездері байқаймын сен жайлы әңгімесі де, көзқарасы да өзгеріп келеді. Байқап көрсеңші. Менің ойымша екеуің өте тамаша жұп боласыңдар, – дедім.

– А-а, солай ма? Шыныменен құрбыңнан маған деген көзқарасы сондай ма? – деп Оспан қайта сұарй бастады.

– Мен саған құлай ғашық дегенім жоқ. Жай көңілі кет әрі емес секілді дедім ғой, – деп күлімсіредім.

Ол менің сөзіме иланғандай болды. Сол оңаша кездесуімізді тіпті қолымнан да ұстамастан:

– Жарайды онда, Ғайшамен сөйлесіп көрейін. Ол да жаман қыз емес, – деді.

Ғайшаның өзіне ыңғайы бар екенін сезіп, сонымен Оспан арадан көп өтпей жүре бастады. Араларындағы махаббат біз оныншы сынып оқып жүргенде басталды. Оспанмен жүре бастаған, соң Ғайша менен алыстай түсті десем де болады. Бірақ, мен сонда да оған ренжіген жоқпын. Оның ақ адал махаббатына түсіністікпен қарап, мейлінше оларға кедергі келтірмеуге тырысып жүрдім. Іштей Ғайшаны Оспаннан қызғанып, арамыздың алыстай түскеніне қынжылсам да, онымды құрбыма білдірмеуге тырысып бақтым. Сөйтіп жүріп Ғайша менен мүлдем алыстай түсті. Екеуміз енді бұрынғыдай жұптасып алып емес тек қана үйдегі телефонмен сөйлесетінбіз. Шынайы да құлай ғашық құрбымның аузынан Оспан түспейтін. Ол былай деді, ол мені былай еркелетті. Былай сүйді деп сорлы қыздың бар сөзі Оспан еді. Кейде мені өзімнің бұрынғы құрбымды сағынып Оспан жайлы айтпауын өтінсем де ол Оспанды сөзге қоспай тұра алмайтын. Амал не шынайы ғашық болғаны шығар.Бұрынғыдай болмасақ та бірге кештерге барып, ауылда туған күндерге баратынбыз. Бірде менің туған бөлемнің туған күні болды. Сонда бүкіл ауыл жастары жиналды. Сол туған күн өткен соң ертеңіне таңертең мен үй жинасуға әпкеме көмекке бардым. Сонда менімен оңаша қалғанда Бөлем Еркін:

– Шынар, ана Ғайша құрбыңның жайы қалай?– деді.

Мен түк ұқпай:

– Не болды, Еркін? «Жайы қалайың» не? Бәрі жақсы. Егер Оспанмен жүретінін айтсаң ол оны құлай сүйеді. Жігіті де оны сүйетін секілді. Махаббат та күнә ма? – дедім таңырқай.

– Маған сол жігіт жылпос қой мүлдем ұнамайды. Ал Ғайша болса одан аулақ та жүрмейді. Енді жүре де алмайтын шығар, – деді.

Мен оның не айта алмай тұрғанын ұқпай:

– Не болды? Айтсаңшы, жайшылық па? – дедім.

– Лажы болса, сол Ғайшадан да ана жігітінен де аулақ жүрші, – деп Еркін маған шегелей айтты.

– Неге? – дедім түрім бұзылып.

– Олардың кешегі менің туған күнімдегі қылықтары ұнаған жоқ, – деген бөлеме:

– Не істеп қойды саған соншалықты? – дедім.

– Олар менің бөлмемде болды екі-үш сағаттай. Оспаны сұрап алып қызды алып кіріп кеткен. Мен қажетті затымды іздеп амалсыз кіріп қалып едім, жайсыз қылықтарының үстінен түстім. Қыз басымен ондайға барғаны жақсылықтың нышаны емес, – деді.

Мен өз құлағыма өзім сенбей:

– Жоқ, сен көргеніңді қате түсініп қалған шығарсың. Екеуінің арасында бірдеңе болса маған айтар еді. Ғайша міндетте түрде айтатын еді. Айтпай қалуы мүмкін емес, – деп мен қарсыласып бақтым.

– Мейлі сенбесең сенбе маған. Алайда, алыстау жүрші екеуінен де, – деп Еркін мені сақтандырып қойды.

Ғайшаны ондайға қимасам да ойым бұзылып жүрді. Алайда батылым жетіп одан сұрай алмадым. Егер ондай болса өзі де айтар деген сенім мені сұратуға жібермеді. Өйткені жан құрбым мұндай маңызды жайтты менен жасырсам деген сенімім мол болды. Әрі айтпаса да еркі бар. Өйткені жеке өмірі екенін ойлап мазасыздансам да үндемеуге тырысып бақытым.

Мазасызданып, жүрегі айнып, қайта-қайта лоқсып жүрген Ғайша өзінің шынында да көтеріп қойғанын сезе бастады. Кімге барып айтарын білмей қиналған қыз телефон тұтқасын қолына алып ең алдымен жан құрбысы Шынарға хабарласты.

– Шынар, үйге келші… – деді көңілсіздеу.

– Жаным-ау, не болды? Даусыңның өзі адам шошытады ғой, тыныштық па? – деп Шынар сөйлеп келе жатыр еді, өксігіне тұншыға сөйлеген Ғайша:

– Келсеңші, сосын сөйлесерміз, – деп тұтқаны тастай салды..

Кітапханада кітап қарап отырған Шынар барлық кітаптарды тапсырып құстай ұшып шықты да, Ғайшаның үйіне жетіп келді. Ғайша төсегінде бүрісіп жатыр екен. Мұның келгенін көріп:

– Жаным, Шынар келдің бе? – деді.

– Иә, не болды өзі? Түсіндіріп айтшы, – деді.

– Шынар, мен саған бірдеңе айтпағанмын. Иә, кейде ешкімге айтпауға тырысатын, айтқың келмейтін сырларың болады. Менің де саған айтпаған сырым бар. Біз Оспан екеуміз қосылып қойғанбыз. Бір ғана рет емес, ол жағдай арамызда бірнеше рет болған. Үйленетінімізге сеніп осылай болуына жол беріп қойып едім. Сезімге берілгенде адамның бүкіл денесі балқып, өз ісіңе жауап бере алмайтын халге жетеді екенсің. Бізде сондай жағдайда амалсыздан десем өтірік айтқаным, сезімге беріліп қойдық. Қазір енді тамаққа тәбетім болмай, мазасыз күй кешіп жүрмін. Соған қарағанда жүкті болуым керек. Енді не істеймін? Айтшы, не істеймін енді? – деп жыларман болып тұр.

Алғашында ағынан жарылған құрбысына не айтарын білмей қалған Шынар әлден уақытта барып:

– Өзім де, солай болар-ау деп күдіктенетін едім. Алайда, сұрауға батылым бармайтын. Мейлі, енді осылай болуы керек болып тұрған, ғой. Ештеңені де, еш жамандықты да, адам әдейі істемейді ғой. Оның үстіне бұл жамандық та емес қой. Екеуің ертерек үйленесіңдер ең құрығанда. Онда тұрған не бар екен? Енді анықтадың ба? Қанша апталық екен? – деді.

– Жоқ, тіпті жүктімін бе, жоқ па оны да білмеймін. Бірақ мұны әке-шешем білсе өлген жерім сол ғой. Оларға білдірместен ертерек тұрмысқа шығып кеткенім дұрыс. Мұны Оспанға қалай айтатынымды да білмеймін, – деген Ғайша құрбысына жалына қарады.

– Жаным-ау, сонша уайымдап не болды? Үйленесіңдер ғой. Оспан сені тастап кетеді дегенге сенбеймін. Қайта қуана-қуана үйленетін шығар. Жүр, сыртқа шығайық. Адам жүктілігі үшін де сонша қайғырады ма екен? Қуансаңшы сен ана боласың. Мейлі, жұрт не айтса айта берсін. Ең бастысы сен ана боласың, – деген Шынар барынша құрбысын тыныштандыруға тырысты.

– Сонда да, мен Оспанға деген өзімнің махаббатыма сенсем де, бәрібір бұл жақсы жайт емес. Өйткені, мен оның маған деген махаббатына сенбеймін. Ол менен теріс айналса не болады? Ауылдағылардың бетіне қалай қараймын. Әлі мектепте оқимын ғой. Уыз сүтім кеппей жатып әке-шешеме жаманат алып келгім келмейді. Енді не болса да ертерек Оспанмен сөйлесіп бұл мәселені шешу керек. Қалай сөйлесерімді де білмеймін. Оған осыны айтатын кезде сен де жанымда болшы, – деп Ғайша Шынарға жалына қарады.

Ол ең алғаш Оспанның Шынарды ойы болғанын білетін. Сондықтан оның жанында баладан бас тарта алмас деп ойлаған.

– Неге олай дейсің? Жаным-ау, сонша өмірден түңіліп не болды? Мұндай тағдыр әркімнің басында бола береді ғой. Уайымдамашы. Ең бастысы екеуің үйленесіңдер. Оспан сенен бас тартпайды уайымдама. Бірақ менің араларыңда болғаным жақсы емес қой, одан да өзіңнің айтқаның дұрыс. Мен сені барынша қолдап, қоштап, осы қиындықтан шығып кетуіңе көмектесемін. Алайда өзінің әке болатынын естіген сәтте бөтен жанның жанында болғаны Оспанға ұнай қояды дегенге сенбеймін. Сондықтан өзің айт. Бүгіннен қалдырмай айт. Ертерек айтқаның өзіңе де, оған да жақсы. Не істейтіндеріңді алдағы жоспарларыңды пысықтап алсаңдар, – деп ақыл қостым.

– Ол баланы қаламаса ше? Ол баладан бас тартса мен көтере алмаймын, Шынар. Өліп кететін шығармын. Мен ондай қасіретті көтере алмаймын, – деп Ғайша байғұс есеңгіреп қиналуда.

– Қалайша бас тартады? Өз перзентінен бас тартуы мүмкін емес. Олай болмайды, жаным. Олай болуы мүмкін емес. Ол сені елге масқара етіп, сені жұртқа масқара етіп, тастап кете алмайды. Қолымен істегенін мойнымен көтере алады ол. Ол сені сүйеді ғой, – дедім.

Құрбымды барынша тыныштандырып қайтқан менің есіме бөлем Еркіннің айтқандары түсті. Оның шынында да көргенінің расқа айналғанын таңдандым. Үйге ойланып келіп төсегіме жатып қалдым. Кешкі асты да ішуге зауқым болмаған. Жеті түнде телефон шырылдайды. Менің бөлмемде тұратындықтан тұтқаны көтердім. Ар жақтан Ғайша:

– Бітті, бәрі бітті Шынар, – деп еңіреп жіберді.

Шошып кеткен мен:

– Не болды? Не айттың ба? – дедім.

– Иә, ол баладан да, менен де бас тартып отыр. Баланы алдыруым керек екен. Қазір үйленетін уақыты жоқ екен. Иә, жоқ екен. Болды мен де, бала да керек болмасақ мейлі. Құтылады екеумізден де. Бәрі құтылады! – деді де ары қарай ештеңе айтпастан тұтқаны тастай салды.

Өзіне бірдеңе жасап қояр деп қорыққан мен қайта тұтқаны көтеріп, теріп едім, тіпті қоңырау шықпай тұрды. Желі бос емес. Не істерімді білмей ары жатып, бері жатып болмаған соң ешкімге білдірмей орнымнан тұрып төрт-бес үй ары тұратын Ғайшаның үйіне бардым жеті түнде. Бөлмесінің терезесіне келіп едім, ол бетін басып ұйықтап жатқанға ұқсады. Көз алмай қарап тұрдым. Демалысын байқағаным ғой. Шынында да ұйықтап жатыр екен. Оның тыныштығына, амандығына көзім жеткен соң үйге келіп ұйықтап қалдым.

Таңертең мені анам оятты. Әдеттегідей емес еркелетіп маңдайымнан иіскеп оятты. Түк ұқпай қалған мен:

– Мама, не болды? – дедім.

– Қызым, тұра ғой, жайсыз хабарым бар. Тұр қалқам, – деп анашым көзіне келген жасты жаулығына сүрте берді.

Жүрегім тас төбеме шықты. Бірден Ғайшаны ойладым. Не болғаны түсінбеген менің ұйқысырап жатқан түрім лезде өзгеріп ұйқым шайдай ашылып жастықтан басымды жұлып алып анама қарадым:

– Не болды? Айтыңызшы? Не болды? – дедім.

– Не болғанда қызым, өмір бар жерде өлім де бар екенін ұмытпа. Адам баласына бұл өмір жай сынақ үшін берілген. Аманат жанын Аллаһқа әйтеуір бір алады. Тек айырмашылығы, біреудікін ерте, біреудікін кеш алады. Бұл да өзегімізді өртеген жайт қой. Ерте келген ажал жастардың еңсесін езеді ғой. Солай қалқам, – деді.

Мына сөздерден жүрегім мұздап не айтарымды білмей сасқалақтап қалдым. Анам бауырына басып құшақтап тұрып:

– Ғайшадан айрылып қалдық, қызым. Сенің Ғайша құрбың мәңгілік сапарға аттанып кетті, – деді.

Мына сөз менің құлағыма ащы естілгені сонша көзімнен жас ақпай бір сәтке қатып қалдым.

– Мама, не айтып тұрсыз сіз?Айрылып қалғанымыз қалай? Қалайша? – деп еңіреп жылап жібердім.

– Қызым, жыла-жыла сағынышың, қимастығың – көз жасың ғой, – деп жатты.

Ал менің құлағым бітіп қалғандай дүние айналып жерге түскендей жаным азапталуда еді.

– Қалайша, қалай айрылып қалдық? – деп анамды сілки бердім, екі иығынан ұстап сілки бердім.

– Қарағым-ау, жап-жас қыз еді ғой. Сонша ажалға асыққанына жаным қиналады. Қарашы ажалдың да азапты түрін таңдап. Сорлы қыз өзін-өзі өртеп жіберіпті қызым. Өртеніп кетіпті, – дегенде менің жүрегім одан сайын мұздап кетті.

Иә, мен сол сәтте барып құрбымның ажалының қайдан келгенін ұқтым. Иә, байғұс құрбым Оспанға жаңалығын айтқанда ана ез жан баладан бас тартқан еді. Соған шыдай алмаған ғой. Егер олай болмаса Ғайша мұндай қадамға бармас еді. Иә, бармас еді. Қимастық жанымды езіп қатты азаптандым. Енді Ғайшаның мына жер бетінде жоқ екеніне сене алмай қиналдым. Олай болатынын ойлаған сайын өзегім өртеніп жан дүнием алапат күй кешіп әлдене жетіспей тұрғандай азаптала түстім. Жалма-жан орнымнан атып тұрып еңіреп жылап жүріп:

– Мүмкін емес, мені, бізді тастап кетуі мүмкін емес, – деп жүріп киімімді әрең ауыстырып Ғайшаның үйіне қарай жүгіре жөнелдім.

Анасы байғұс мені көріп бауырына басып өкіре берді.

– Ол кетіп қалды ғой? Менің Ғайшам кетті ғой, – деп анасы еңірегенде менің де өксіктен тамағым тұншығып, жаным қинала берді.

Алайда біз қанша жыласақ та Ғайшаны тірілтіп ала алмадық ол заңдылық та. Қанша егілсек те ол жан енді қайтып оралмайды. Ол қайтпас сапарға, оралмас жаққа кеткен болатын…. Анасы қызын іздеп мені бауырына басып еңірегенде мені іштей өзіме-өзім: «Оңбаған Оспан. Мен сенен әлі кек алармын! Мен мына өртеніп өлген құрбымның да, оның ішіндегі бейкүнә шарананың да обалын сенен аламын. Өшін сенен аламын» деп іштей серт беріп жаттым.

Ғайша жерленбес бұрын мәйітті зерттеуге алып кетпекші еді, ата-анасы қарсыласып отырып алды. Онсыз да бүлінген қыздарының өлі денесін қорлатпауға барларын салды. Ақыры сол кісілердің дегені болып Ғайшаның мүрдесі зерттелмеді. Сондықтан оның жүкті екенін де ешкім білген жоқ. Мен білдім, және ана оңбаған Оспан ғана білді бұл құпияны. Сол күйі сорлы құрбым азабын да, жүктілігін де өзімен бірге ала кетті. Егіз қозыдай бірге өскен құрбым жерленіп, жетісі, қырық күндік асы, жүз күндік асы өтті. Бұл қасіретті оқиға ұмытыла бастады. Ешкім де бұл азапты оқиғаның негізінде не үшін болғанын білмейтін. Оны тек мен, және Оспан ғана білетін. Бірде кеш батқанда дүкеннен келе жатқан менің алдымнан Оспан шығып қалды. Ғайша қайтқалы оны көрмеген болатынмын. Өзі бір жаққа кетіп қалды ма, әлде сыңарымдай болған құрбым болмағасын мен сыртқа шығуды қойдым ба әйтеуір көрмеген едім. Оны көргенде құрбымның жазықсыз ажалы есіме түсіп:

– Сен оңбайсың Оспан! Әлі-ақ жазаңды тартасың. Мына мен оның кегін аламын әлі. Мен жақсы білемін оның не үшін ажалға асыққанын, – дедім тістеніп.

Ол менің сөзімнен шошып кетіп, шашымнан тарта ұстап:

– Тісіңнен шығармайсың! Ұқтың ба тісіңнен шықса сені де өртеп жіберемін! – деді.

Осы сәтте мен мына әлемді ұмытып көзім қарауытқаным сонша қолымдағы анам жұмсап әкел деп жіберген сірке қышқылының бөтелкесімен бірге Оспанның басынан беріп-беріп жібердім. Бөтелке сынып ащы қышқылдың суы оның жүзін жуып бара жатты. Қан қақсай шыңғырған үні естіле берді… Болған жайт тергелгенде мен оның өзіме тиіскенін, қорғанғанымды айттым. Қызқұмар, қыз көрсе тиіспек болып тұратын Оспанды жақсы білетін ел бұған шынында да сенді. Мен осылайша өз құрбымның азғантай да болса кегін алуға тырыстым. Менің арымды аяққа таптамақ болғаны үшін, Оспан төрт жылға сотталып кетті. Оның жүзіндегі тыртықты осылайша мен салдым. Содан кейін оны көрмеген едім. Көріп тұрғаным осы Жолдас, – деп бар шындықты баяндап бердім.

– Ол өтірік айтады біздің арамызда махаббат та, басқа да болған емес. Бағана әжетхана жақта менің де бетімде тыртық қалдыратынын айтып маған тиісті. Білегімнен ұстап жібермеуге тырысты. Қызыңның айтқаны сол, – деп болған оқиғаның түгін қалдырмай Жолдасқа баяндап бердім.

Ол менің сөздеріме сеніп, басылды. Алайда көпке дейін менің есімнен өртенген құрбым, бейкүнә шарана, жазықсыз зарлап қалған оның ата-анасы шықпай қойды. Жанымда ұйқыға кетіп бара жатқан Жолдастың ойында не барын білмеймін менің ойымда тек сол түн Ғайша тұрды. Ғайша жаның жәннаттан орын алсын құрбым. Одан өзге менің қолымнан не келеді? Бар қолымнан келгенін жасап бақытым емес пе? Сол жасағаным үшін кейін өкіндім де. Мен оны жазалауға тырысқаным үшін кейін өкіндім. Өйткені, нағыз есеп берер күн, нағыз жазаға тартылар күн Аллаһтың алды екенін мен есейе келе ұқтым. Сондықтан адасудан сақтанайық…

НұрСая

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған