ТҮРМЕ КӨРГЕН КЕЛІНШЕК

Үлкен айна алдында отырған Қаракөз өз жүзіне үңіле қарап, көңілі толмағандай тыжырынды. Азып-тозған жадау жүз, арық дене, көзінің айналасы майда әжім. Бұрын от шашып тұратын жанарында қазір мұң ұялаған. Ол бір қуанышты сәтті басынан кешіріп отырғандай сезініп күліп еді, онысы күлгеннен гөрі жылағанға ұқсап кетті.

«Түрің құрып кетсін!» деп айнаға ашулана қарап, орнынан тұрып кетті.

Жатақхананың тар бөлмесінде отырып аласұрған Қаракөз үстелде көзін жұмып отырып ойша шомды.

«Жұмысты қайдан тапсам екен? Кімге барып не айтсам екен? Менің өткен өмірімді естігендер маңайына да жолатпайтын шығар? Мектеп бітіргелі бері жолым болмай жылап келемін. Неткен бақытсыз сорлы едім мен? Көз жасым құрғайтын күн болар ма екен?» деп отыздан енді асқан келіншек өмірден түңіле ойға батты.

Отыз рет ойланып, тоқсан рет толғанса да, тап қазір бел буып бір іске кірісе алмасы анық. «Жүргенге жөргем ілінеді» демекші, көшені бір айналып келейін» деп ойлаған ол үстіне іліп алар жалғыз көйлегі мен аяғына сүйретпесін киді. Онысы тозығы жеткен арзан сүйретпе. Ескі сөмкесін қолтығына қысып, жоғарғы қабаттан баспалдақпен түсіп келеді. Төменгі қабатқа жеткенде жерде жатқан ұзын шланганы байқамай сүрініп құлады.

«Үйден шықпай жатып құладым, енді жолым болмайды!»

Тас еденнің қаттылығынан ауырсынған Қаракөз ыңырсып отырып қалды. !Әйтседе «біреу көрсе ұят қой» деген оймен жан-жағына жалтақтай қарап орнынан әрең дегенде тұрды. Алға қадам басып еді, жалп етіп қайта отыра кетті. Осы кезде жертөледен шыққан бір жігіт қолындағы темі-терсегін жерге қоя салып Қаракөзге көмекке ұмтылды. Жігіт оның қолтығынан демеп тұрғызды. Есік алдында орналасқан орындыққа отырғызып, анадай жерге ұшып түскен сөмкесін келіншекке алып берді. Қаракөз шыдатпай ашып бара жатқан тізесі мен шынтағы қайта-қайта сипап қойып ыңырсыды. Көмектескен жігітке басын көтеріп қарап:

  • Рахмет, сізге! Жерде жатқан шланганы байқамаппын ғой.  Құлап қалып, масқара болдым-ау… – деген Қаракөз ыңғайсыздана жымиды.
  • Кешіріңіз, кінә бізден болды. Жертөледе бір құбыр жарылған екен. Күрделі жөндеуден өткізіп жатыр едік. Жігіттер шланганы қалай болса солай лақтыра салған ғой, – деп ақталып жатыр.

Қаракөз орнынан тұрып, аяғын ақсаңдай басып бөлмесіне кіріп кетті. Көмектескен дәнекерлеуші жігіт кетіп бара жатқан келіншектің соңынан қарап қалды.

«Жымиып күлгенімен, көзінде мұң бар жұмбақ келіншек екен. Өзінің отбасы бар ма екен?..» деп ойланып қалды.

Қаракөз көшеге ертеңіне шықты. Жоғарғы қабаттан баспалдақпен түсіп бара жатып аяғын абайлап басып о жақ, бұ жағына қарайлап қояды. Кешегіден қорқып қалған. Кешегі шұбатылып жатқан шланга жоқ бүгін. Ол сыртқа шықты. Қай жаққа жүрерін білмей біраз тұрып қалды. Сөйтіп тұрғанда оның көзі анадайда орындықтың астында жатқан бос бөтелкеге түсті. Еңкейіп алмақ болып еді, әріректе тағы да біреуі жатыр екен. Ол қолсөмкесінен пакет шығарып соған салды.

«Енді тағы біреу тапсам, бір бөлке нанға жетеді» деп көңілі көтеріліп қалды.

Үлкен жолмен келе жатып қоқыс тастайтын жәшікке келді де, жан-жағына алақтай қарап біраз тұрып қалды. Қолына таяқ алып қоқыс ішін түткілеп, ішінен бір шыны алды. Алғашында жиіркенгенмен бос бөтелке саны көбейген сайын жан-тәнімен кірісіп кетті. Сонымен бүгінге жейтін тамағына ақша тапқанынан көңілі көтеріліп қалды. Ертеңіне сөмкесіне көбірек пакеттер алып шықты. Қаланы білмесе де, көп қабатты үйлерді жаяу аралай берді. Екі-үш үй сайын қойылған қоқыс жәшіктерінен бос бөтелке ғана емес, баклашкаларды да жинай берді. Түнімен сыра ішіп сайрандаған серілерден қалған бос шынылар табылып қалар деген оймен әр талдың түбін, аяқ жолдың жанындағы арықтардың ішін көзімен сүзіп жүріп кешегіден көбірек жинады. Алла жаратқан пендесін өлтірсін бе? Аштықтан басы айналып бара жатқан соң Қаракөз амалсызлдан осы тірлікке өткен. Келеді де жақсылап жуынып-шайынып алып, терлеп-тепшіп шәй ішіп алады. Бүгін көп жүріп шаршаса да көбірек тапқан табысына көңілі толып, өзіне риза болып отыр. Содан үш күннен соң тағы да шықты. Жиі-жиі шығып тұрған соң ба оның еті үйреніп қалды. Бір сөмкесін шыныға толтырып, енді екінші сөмкесін ыңғайлай бергенде ту  сыртынан:

  • Қарындас, – деген дауыс естілді.

Жалт бұрылып еді, өзіне бір жігіттің жымия қарап тұрғанын көріп «оңбаған, менің қоқыс аралып жүргенімді мазақ етіп тұр ғой» деп ашуланып, бұл жерден тез кеткісі келді. Шапшаң қимылдап сөмкесін ұстап жүре бергені сол еді, әлгі жігіт оның қолынан шап беріп ұстай алды.

  • Сіз мені танымадыңыз ба деймін? – дейді жігіт.

Қаракөз жігітті бір жерде көрген сияқты, бірақ есіне түсіре аломады.

  • Қарындас, өткенде сіз подъезде құлап қалып, мен сізге көмектескен едім ғой…

Қаракөз сонда барып бас изеді.

  • Иә, иә, сонда ыңғайсыз жағдай болып қалып еді.

Сонан соң екеуі бір-біріне не айтарын білмей үнсіз тұрып қалды.

  • Мені жай тоқтаттыңыз ба? – деп сұрады Қаракөз.
  • Мен сізді автобуста өтіп бара жатып көріп қалдым. Мен бір көрген адамымды ұмытпаймын. Сізді танып қалып түсіп қалдым.
  • А-аа, солай ма?- деп Қаракөз ыңғайсызданып қалды.
  • Сіздің соңыңыздан келе жатқаныма 10-15 минуттай уақыт болды дегенде Қаракөз ұяттан өртене жаздады. «Яғни менің қоқыс ыдыстарды ақтарып ары-бері жүргенімді көріпті ғой әбден» деген Қаракөз іштей ұяттан өртеніп кете жаздады.Ол басын көтерместен жерде тұрған сөмкесін алып кетуге ыңғайланды.
  • Әкеліңіз,  көмектесейін! – деді жігіт.
  • Керегі жоқ, өзім… – деп,  ол кейін шегіншектенді.
  • Беріңізші енді сөмкені, мен көтерейін!
  • Сізбен жақынырақ танысайын бір жағынан! – деп жымиып күлген жігіт, оның тқолындағы сөмкелерді қоярда-қоймай алды.
  • Менімен танысып қайтесіз, керегі жоқ!
  • Күйеуіңіз бар ма? Бірақ…. Күйеуіңіз болса сізді бұлай көшеге шығарып қоймас еді-ау. Ар-ұяты бар азамат болса!
  • Күйеуім жоқ.

Біраз жерге дейін үндемей барған жігіт:

  • Танысып қояйық, менің есімім — Ерғали! — деп, күректей алақанын созды.
  • Қаракөз, – деп ол да көңілсіз қолын созды.
  • Әдемі есім екен. Танысқаныма қуаныштымын! Тағы қандай сұрақ қойсам екен?… Імм… Не істейсіз?…
  • «Не істейсіз?..» көрмей тұрсыз ба, қоқыс арасынан бөтелке жинап жүргенімді. Бұл менің сүйікті ісім, яғни хоббиім! — деп, жігітке жақтырмай қарады.
  • Кешіріңіз, сіздің көңіліңізге тием деп ойлаған жоқпын.
  • Жарайды осы жерге дейін келдіңіз, енді қайта беріңіз! — деп, Қаракөз жігіттің қолындағы сөмкелеріне қолын созып еді, ол бере қоймады.
  • Қаракөз, ана орындыққа барып отырайықшы біраз.
  • Жо-жоқ, рахмет! Сөмкені беріңіз! — дегенге жігіт бере қоймаған соң, Қаракөз оның қолынан жұлқып алды. Сөйтті де:
  • Менің кім екенімді білесіз бе? Мен түрмеден жақында келгенмін!

– Не болды аңырайып қалдыңыз? Білемін, шошып кеттіңіз-ғой! Енді, алды-артыңызға қарамай зытып, қашып қалыңыз. Бірақ, аузыңызды жабыңыз. Мына жерде, шыбын-шіркей көп екен, кіріп кетіп жүрер! — деп, теріс бұрылып кете берді.

Ерғали сол орнында қалып қойды. Ойға батып, Қаракөзге жаны ашыды. Жас келіншектің бөтелке жинап жүргені оны қатты қыңжылтты. Қаракөз айтса да, айтпаса да ол оның соңынан келе жатып бәрін көріп еді. Оның бөтелке жинап жүргенін көре тұра теріс айналып кетпеді. Соңынан қалмай, танысып та үлгерді. Ерғали өткендегі оқиғадан кейін бір-екі рет Қаракөздің подъездінің алдыда күтіп тұруменен кеткен болатын. Ол сонда Қаракөзді «қонаққа яки жұмысқа кетті» деп ойлаған. Ал, есігін тықылдатып тұруға жүрегі дауламаған. Ал, бүгін автобуста отырып, терезеден сол таныс жүзді көріп қалған еді. Әйтсе де, Қаракөздің бөтелке жинап, қоқыс жәшіктерді түрткілеп жүргеніне таңырқағаны да рас.

Ертеңіне үйінен шыққанда, есігінің алдында отырған Ерғалиды көріп, Қаракөз есігін жауып, қайта үйіне кіріп кетпекші еді, Ерғали тоқтатты.

-Қаракөз, тоқташы! Мен сенімен сөйлесейін деп келдім. Қаракөз оған қарай бұрылып:

– Не жөнінде? Қай жерде бөтелке, бакалашка көп екенін айтуға келдің бе? Жоқ әлде мені «пайдалануға» ма?

– Жоқ, тіпті де олай емес. Екеуміз, жақсылап сөйлесейікші Қаракөз! Сенің үйінде емес, әрине! Жақын маңда кафе көп қой. Жоқ демеші Қаракөз, жүрші. Сонда отырайық. Кеңінен сөйлесейік…..

– Менімен? Кафеде? Осы жерде-ақ айта бер, айтатынынды! Тез-тез айт, көршілердің көзіне түспейін.

– Екеуміз бір-бірімізді жете түсінуіміз үшін, бұл жерде көршілерден қорқып тез-тез сөйлесуге болмайды ғой. Өтініш, менімен бірге жүрші, кафеге.

– Менімен, мына жұпыны киіміммен кафеге алып кірмекшісің бе? Жарайды, базар ішіндегі арзан асханалардың біріне барайық! – деді Қаракөз.

Екеуі таксимен базарға келді. Бұрыштағы бір орынға келіп жайғасты.

  • Менің үйім негізі ауылда, – деді Ерғали. – Үйленіп, ажырасқанмын. Бес жыл отандасқан әйелім ауылда жүріп-ақ жезөкше атанды. Мен оны сезбей жүре берген екенмін. Кейін бар айыбы ашылып, өзі арамза тірлігін мойындап, қызымды алып біржолата төркініне кетті. Содан менің ауылда жүруге бетім шыдамай, қалаға осында жұмысқа келдім. Ауылдағы гу-гу өсектер басылссын дедім.

Қаракөз үндемей тыңдап отыр. Бір кезде иісі бұрқыраған тағам келген соң иегін қағып:

  • Не ішеміз, коньяк па шарап па? – деп сұрады.
  • Жо-жоқ, ішімдік керек емес! Тек салқын сусын болса…
  • Жарайды! Жақсылап тамақтанып ал, – деген Ерғали өзі барып екі-үш түрлі сусын алып келді.
  • Рахмет!

Қаракөз шөлдеп отырған. Салқын сусынды ішіп жадырап қалды.

  • Мен осында сварщик болып істеп жүрмін. Пәтер жалдап тұрамын. Ал енді өзің жайлы айтшы? Қаракөз, сенің кім екеніңді білгім келеді, – деді Ерғали.
  • Отырған жеріңнен ыршып тұрып қашып кетпейсің бе?
  • Неге олай дейсің? Қайдағыны айтасың-ау сен де!
  • Мнн де сен секілді ауылдың қарпайым қызымын! Мектепті бітірген соң осы қалаға оқуға келдім. Институттың бірінші курсында оқып жүріп, қыстың күні кітапханада ұзақ отырып қалып, ымырт түсе шықтым. Қыстың күні тез қараңғы болатынын білесің ғой. Жан-жағыма алақтап жатақханаға қарай жүгіріп келе жатыр едім, қайдан шыққаны белгісіз бір қарулы күш келіп менің аузымды басып, бұрышқа қарай сүйрей жөнелді, – деген Қаракөз одан ары сөйлей алмай тамағына тас тығылғандай кідіріп қалды.

Қатты күрсініп, жанарынан үзілген жасты сүртіп, терең демалды да ары қарай сөзін жалғады.

  • Қараңғыда әлгі жексұрын жүзін көрсетпей желке жағымнан аузымды басып, дауыс шығаруға шамамды келтірмеді. Қорыққаным соншалықты мені өлтіріп кетеді ме деп қалтырап кеттім. Содан соң әлгі арамза ниетіне жетіп, білгенін істеген соң теріс қарап шалбарын киіп тұрды. Ал мен жан-дүнием өртеніп, ішім күйіп егіле жылап жатырмын. Кенет қолым қол созым жерде жатқан ауыр тасқа түсті. Тасты жылдам жерден көтердім де, теріс қарап тұрған айуанның шүйдесінен періп қалдым. Ол жерге тізерлей отыра қалды. Және, және ұрғылай беріппін. Көзіме ештеңе көрінбенй, миым шыңылдап кетті. Бір кезде сылқ етіп жерге құлаған әлгінің желкесінен атқылаған қанды көргенде ғана есімді жидым. Мен оны шалажансар етіп қойдым деп ойладым. Орнымнан тұрып бар күшіммен айқайлай беріппін. Менің айқайыма бірен-саран жүргіншілер жиналып қалды. Жедел жәрдем, полиция қызметкерлері келді. Сөйтіп мен сот үкімінен соң түрменің төрінен бір-ақ шықтым. Өзімді-өзім қорғау кезінде абайсызда кісі өлтіргенім үшін жазам жеңілденіп, жеті жыл бас бостандығымнан айрылдым. Түрмеден шыққаныма үш айдан асып барады. Өзің көрген жатақхананың бір бөлмесін алып беруге анамның сіңлісі Үрбіш әпкем жәрдем берді. Әке-шешемнен кетіп қалғанмын. Ауылдға қалай барамын? Біріншіден абыройымнан айрылғанмын. Екіншіден түрмеден шыққанмын. Сонымен өз бетіммен күн көруге әрекеттендім. Бәрінен де баспанамның барына қуанамын. Кішкентай бөлме болса да өз үйім. Қанша дегенмен ана деген алтын адам ғой. Сіңлісіне ешкімге білдірмей ақша беріпті. Ех, қазір туған ауылымды, ағайын-туысты, бауырларымды, әке-шешемді қалай сағынғанымды білсең ғой! Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес!  Әттең… Бара алмаймын… Оларды құшағыма алып, жүздерінне сүйе де алмаймын. Әкем «қызыңның өзінен де бәле бар. Той тойлап жүріп орға жығылғанын өзі де білмей қалған да. Енді өзінен көрсін, ауылға қарай аяқ баспасын! Міне, сен туған қыздың қандай екенін бүкіл ауыл біліп, өсекпен өрелері толып қалды. Әне, сенің қызыңа берген тәрбиең!» деп анамды өлімші етіп ұрып тастапты. Міне, менің өмірім осы. Қазір өзің білетіндей бөтелке, баклашка жинаймын. Мені еш жерге жұмысқа алмайтынын өзің де білесің. Әйтеуір өлместің қамы ғой менікі. Жер басып тірі жүрген соң тіршілік жасауың керек қой. Міне мен жайлы білгің келсе – менің тағдырым осындай. Ал, енді тамағыңа рахмет, мен қайтайын! – деп Қаракөз кетуге ыңғайланды.
  • Жарайды, Қаракөз, егер сен қарсы болмасаң мен сені үйіңе дейін шығарып салайын
  • М-м… Мейлің, оны өзің білерсің.

Сол күнгі кездесуден соң арада апта өтті. Қаракөз азын-аулан ақшасына азық-түлік әкеліп, бөлмесінен шықпай отыр. Бір жағы есік алдындағы орындыққа келіп мұның шығуын күтіп отырған Ерғалидың көзіне түскісі келмеді. Ымырт түскенде тіпті үйінің шырағын да жақпады. Ол есікгшін тықылдатып келіп қалатындай көрінді. Өзі енді бостандыққа шықанында ешкіммен араласпай, тыныш өмір сүргісі келген. «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» демекші, Ерғалидың қандай жан екенін кім білсін? Сондықтан онымен кездесуден бас тарттты. Қашанғы төрт қабырғаға қамалып отырады. Тамағы таусылды. «Жұмысына» шығуы керек. Асығыс киінген Қаракөз терезеден сыртқа көз тастады. Біресе темекі шегіп, біресе пісте шағып жүретін Ерғали көрінбейді.

«Қой, неғып отырмын? Біреу маған нан әкеліп бере ме? Қазір шыға салысымен қаланың басқа бұрышына кетейін».

Қаракөз өзі жататын жатақхананың бұрышынан айнала бере бір бойжеткеннің екі сөмке толы бөтелке көтеріп кетіп бара жатқанын көрді. Ол қоқыс жәшігіне жеткенде аяғының ұшымен жүріп, сөмкені лақтырып жіберді. Сол кезде Қааркөз жүгіріп барып ішіндегі өзіне керектілерін алып жатты. Оны сыртынан байқап тұрған қыз жақын келіп:

  • Апай, сізге бөтелкелер керек пе?
  • Иә, керек, керек, жаным.
  • Олай болса кеше менің мамамның туған күні болған. Үйде бөтелке деген көп. Алатын болсаңыз мен сізге берейін, жүріңіз үйге!  – деген бойжеткенге риза болған Қаракөз оның соңынан ерді.

Қыз үйіне кіріп, анасына бірдеңе айтып шықты. Шешесі есік алдында тұрған Қаракөзге ала көзімен ата қарап, менсінбей иығындағы сүлгіге қолын сүртіп тұрды. Басынан аяғына дейін тіміскілей қараған мына әйелдің көзқарасына шыдай алмаған Қаракөз көзін тайдырып әкетті. Қыз әлгіден де көп ыдыс алып шықты.

  • Апай, сіз келгенше осында тұрады. Мыналарды үйіңізде апарып келіңіз, – деді әлгі қыз.
  • Жарайды.

Қаракөз қолындағы бөтелкелерді тіке өткізетін жерге алып келді де ақшасын санап алды. Қайта әлгі үйге келіп еді, әлгі қыздың шешесі:

  • Арайлым, келді досың! – деп мырс ете қалды.

Әйелдің семіз мойны мен быртиған саусақтары тола алтын. Қаракөзге менсінбей қарап, аяғын алшаң басып үйіне кіріп кетті. Сәл қиялай ашық тұрған есіктен мойнын соза қараған Қаракөз бұлардың бақуатты тұратынын білді. Бойжеткен әлгі бос ыдыстармен бірге Қаракөзге тағы да бір сөмке ұстатты.

  • Мынау не? – деді Қаракөз сұраулы жүзбен.
  • Бұл… Кешегі түннен қалған тамақатар ғой. Салаттар, тамақ, қазы-қарта…

Қаракөздің қуанып кеткенін жалт еткен жанарынан білді Арайлым.

  • Рахмет, сіңлім! Көп рахмет! Бақтты бол, жаным!
  • Апай, сіз жұма күні, жоқ, жексенбі күні үйге келсеңізші?
  • Неге?
  • Үйде үлкендер болмайды. Бәрі де тойға кетеді құрдастарының үйіне. Мен сізге әдемі киімдер дайындап қоямын. Тұрмысқа шығып кеткен әпкемдікі және өзімдікі. Бәрі де сізге сияды.
  • Оған берер менің ақшам жоқ қой…
  • Керегі жоқ ақшаның. Сол киімдер үйде қор болып тұр. Оны ешкім де киіп жатқан жоқ. Одан да сіз киіп тастаңыз. Келесіз ғой, ә?
  • Көрермін.
  • Келіңіз. Сізді күтемін!

Ары қарай сөйлеуге шамасы келмей үйіне қайтты. Үйіне келіп, бөтелкеге қарауға шамасы келмей, әлгі тағамдардың бәрін үстел үстіне қойып, шәй жасады. Сол кезде есік тықылдады.

«Бұл кім болды екен? Мен ешекімді де күтіп отырған жоқпын ғой. Көршілермен араласпаймын. Сонда бұл кім?»

Есікті ақырын ашып еді, Ерғалиды көріп таң қалды.

«Мен жаңа ғана көшеден келдім, ешкім де жоқ еді ғой» деп ойлады Қаракөз. Осылай аз ойланып қалған Қаракөзге:

  • Кірейін бе, кетейін бе? – деп қалды Ерғали.

Сырына қанық емес еркекті үйіне кіргізуге жүрегі дауламаған Қаракөз:

  • Мен… Мен жұмысқа баратын едім… – деді жай ғана.
  • Себебің жұмыс болса, бүгігне қоя тұрсаң да болады, – деп Ерғали да тұрып алды.
  • Кір…

Ерғали қуана табалдырықтан аттады. Екеуі оны-мұны айтып әңгімелесіп отырды.

  • Менің үйім осы. Жағдаймыа қанық болған шығарсың? – деп кекесінмен күлді Қаракөз.
  • Үй ішіне емес, осы үйдің егесі Қаракөз деген сұлуға тоймай қарап отырмын. Менің бар ойым осы Қаракөз сұлумен өмірімді сабақтау. Демек, екі жарты бір бүтін болайық деген сөз. Бала-шағалы болып, бір шаңырақтың астында қартаю.
  • О-о, арманың зор екен! Менің өткен өмірімнен хабардар болсаң да осындай сөз айтуға қолрықпайсың ба? Онда сенің есің дұрыс емес! Жан-жағыңда небір әдемі қыз-келіншектер жүргенде сенің маған келуің тіпті ақылға да сыймайды. Одан да сен ақылыңды жинап, бұрынғы әйелдіңмен қайта татуласып қосыл. Ал маған енді келуді доғар!
  • Мен сені бір көргеннен ұнатып қалдым, Қаракөз! Сенің өткен өміріңді өз аузыңнан есіттім. Сен әдейі солай болсын деген жоқсың ғой. Оны тағдыр дейді. Сені қорлап, намысыңды аяқ асты еткені үшін сен өміріңді осылай қор етпекшісің бе? Басыңды көтеріп, өмірді қайта баста! Сен ондай қадамға өзіңді қорлаған еркектен есеңді алу үшін бардың! Сен ешкімге ақыңды жіберген жоқсың! Сенің арың таза жансың! Ал менің қыздай алған әйелім ше? Алғашқы түндегі пәктігін қайтемін, егер оның кейінгі өмірі арам болса? Маған жеңіл жүрісті, әдемі келіншектьер емес, сен секілді өмір көрген жан керек!
  • Мені сүйгендіктен емес, мені аяғандықтан айтып отырған сияқтысың осы сөздеріңді.
  • Екеуі де!
  • Ім-м-м… солай де?
  • Солай, мен айтқанымнан қайтпаймын!
  • Мұны қалай түсінуге болады?
  • Сен қалай түсінсең, солай түсін. Ал мен саған үйленемін!
  • Шешімді тез қабылдап отырған жоқсың ба?
  • Жоқ! Мен әбден ойландым!
  • Қайдам… Маған ойлануға мұрсат бер енді. Менің басыма түскен тауқыметтен сенің босағаңды аттау қиын. Соны түсін! Ал, енді айтатыныңды айтып болсаң онда тұрайық. Мен жұмысқа шығуым керек.
  • Онда сен мені күте тұр. Қазір келемін. – деп Ерғали шығып кетті де, үлкен бір сөмкені көтеріп кірді.
  • Бұл не?
  • Ашып көр.

Сөмкеде біраз күнге жететін азық-түлікті көріп Қаракөз ойланып қалды.

  • Мұны неге алып келдің?
  • Мен енді сені көшеге қаңғыртып, қоқыс аралатпаймын. Бүгіннен бастап мен сені өз қамқорлығыма аламын. Көресің әлі, уақыт өте біз өте бақытты жандар боламыз. Тек сен маған сенші. Маған одан артық ештеңе де керек емес!
  • Мен не айтырымды да білмей отырмын. Әйел болған соң жақсы күндерден үміт күтесің ғой. Бірақ сол үмітім ақталар ма екен деген күдік те жоқ емес.
  • Мейлі, енді ол жағын өзің ойланып шеш. Жауабын тез бер деп асықтырмаймын. Мен қанша керек болса сонша күтемін! Мен күтуден жалықпаймын.
  • Жарайды, олай болса келіп тұр. Сенімен жақынырақ танысайын. Бірақ жақын маңда үйленеміз деген сөзді қозғаушы болма. Ол жағына асықпайық..
  • Жарайды.
  • Көрерміз. Шыдамың мен ақылың қай уақыта дейін жетеді екен?
  • Қаракөз, егер сен маған тұрмысқа шықсаң өмір бойы алақанымда аялап өтер едім. Тек сен маған адал жар болсаң маған одан артық ештеңе де керек емес, – деген Ерғали Қаракөзді құшақтап сүймек болып еді, Қаракөз оны маңына жолатпады.
  • Жарайды, бүгінге осы да жетер. Мына жәрдеміңе көп рахмет! –деген ол дастархандағы азық-түлікті көзімен көрсетті.
  • Енді маған «үйіңе қайт» дегенің бе?

«Иә» дегендей ол басын изеді. Сол күннен кейін Ерғали бір апта бойы Қаракөзбен жолыға алмай жүрді. Жұмысы басқа жаққа ауысқан соң уақыты болмай кетті. Бір жағы «біраз уақыт өткізіп барайыншы. Қаракөз мені сағынады ма екен, соны білейін» деген ой да болатын.  Сол оймен арада апта өткенде Қаракөздің есігін қақты. Көңілсіз келіп есікті ашқан Қаракөз кенет мұны көргенде көзі жарқ ете қалды. Ерғали оның жүзінен өзіне деген сағынышты, қуанышты сезді. Ол Қаракөзді құшақтай алып оның жүзінен сүйе берді. Ол да үндемеді, кеудесінен итермеді.

  • Қаракөз, жүрші, кафелердің біріне барайықшы? Үйде отыра беруден ажлықпайсың ба? – деді рғали.
  • Неге? «Жұмысым» бар ғой. Бірауық сол жұмысыма барып келемін. Басқа амалым жоқ. Мені басқа жұмысқа алмайды. «Түнгі көбелек» болып, түнгі жеңіл жүріске салып ақша табу менің қолымнан келмейді.
  • Құдай сақтасын! Беті аулақ ондай жұмыстың! Ал кеттік пе?
  • Қазір!

Киініп шыққан Қаракөзді Ерғали танымай қалды. Үстіндегі қынама бел алқызыл көйлегі тым жарасымын тауып тұр. Жеңіл боянып алыпты. Қолында әдемі қол сөмке. «Мұндай заттарды қайдан алған?» деген ойын сезіп қойды ма Қаракөз:

  • Көрші көпқабатты үйлерлдің бірінде тұратын Арайлым деген қыз берді мұның бәрін. Өткенде мамасының туған күнінде босаған шыныларын беріп, мен сол күні ақшаға да тамаққа да байып қалғанмын. Үйінен өздеріне керек емес деген бірталай заттарын қосып берді. Кірсей, неге босағада тұрып қалдың? Қарашы бөлме ішін, ас бөлмені қара!  – деп оның қолынан ұстап, асбөлмеге қарай жетелей жөнелді.

Үй ішінде қолданылған болғанымен, әлі әрі кете қоймаған кілем мен төсеніштер, жастық пен жамылғы, перделер пайда болыпты.

  • Арайлым шешесі үйінде жоқ кезінде сарайынан алып берді. Жақында диван және біраз заттар бермекші. Мына киімдерді айтсайшы! Бәрі де әдемі. Үйінде не зат болса да маған бергісі келіп тұрады. Өте мейірімді, жақсы қыз! – деген Қаракөз бар заттарды қуана көрсетіп жүр.
  • Қаракөз, енді ол қыздан ештеңе де алушы болма! Керек емес! Бір күні біреу-міреу көріп қалып, әке-шешесінің құлағына жетсе, сені тыныш қоймайды!  Оларды бай-бақуатты дейсің, алайда олардың тиынға тісін сындыратынын сен ұмытпа! Енді сенің бар тағдырың менің қолымда. Не керек бәрін де мен әперемін! – деген Ерғали Қаракөзді қолтықтай сыртқа шықты.

Олар сол күні ұзақ сырласып, кафеде отырды. Араларында айтылмаған сыр қалмады. Кафеден шыққан соң қаланың түнгі көрінісін тамашалап, таза ауада біраз қыдырды. Таксимен үйге жеткен олар бір-біріне «қайырлы түн» тілеп, Қаракөз есікті жауып алды. Есікті жапқанымен тың тыңдап тұр. Ерғалидың аяғының дыбысы естілдген жоқ. Қаракөз есікке құлағын түріп әлі тұр. Тым-тырыс.

«Ерғали кетті ме екен, көрейінші» деп есікті ақырын ашып қарай бергенінде сол орнында әлі тұрған оны көріп, күліп жіберді.

  • Кір үйге, ақымақ! – деп оған қолын созды.

Сол күні Ерғали Қаракөздің үйінде түнеп шықты. Түнімен екеуі махаббат сезімінен арыла алмай, айқара құшақтасып, бірін-бірі аймалай сүйіп жатып таңның қалай атқанын сезбей де қалды. Сол күннен кейін Ерғали Қаракөздің үйіне біржолата кіріп алды. Екі сөмке киімімен келіп, екеуі ерлі-зайыптылардай тұрып жатты. Ерғали жұмысқа кеткенде Қаракөз оның бар киімдерін жуып, тамағын дайындап, тағасыздана күтіп отырады. Кешке ол кіріп келгенде жымиып қарсы алып, бар жақсыны оның аузына тосады. Бүгін Ерғали Қаракөзге көптен бері айта алмай жүрген ойын айтты.

  • Қаракөз, осылай жүре береміз бе? Екеуміздің бас қосқан қуанышымызды басқалармен бөлісейік те? Сені үйдегілермен таныстырғым келеді, – деді қуана.
  • Қойшы, Ерғали! Менің өткенімді естіп қалса олар үшін қадірсіз келін атанамын ғой.
  • Өткеніңді ешкімге де айтпаймыз!  Әке-шешеңді жоқ дей саламыз, Құдайдың өзі кешірсін!
  • «Ешкімі жоқ» деп те бөлектеуі мүмкін ғой. Біреу-міреу танып қалып, масқарам шығып қалмай ма?
  • Үнемі қорқып өмір сүруге де болмайды ғой, Қаракөз! Денеңді тік ұста! Уайымдап, ойлана берме! Осы сенбі дайындалып отыр, ауылға барамыз. Сені ауылдағылармен таныстырамын. Ал ертең мен өзім барып, келіншек әкелетінімді айтып келемін.
  • Қашан? Ертең бе?
  • Иә!
  • Япырай, қалай болар екен? Әке-шешесі жоқ болса балалар үйінде тәрбиеленген болар деп ойлайтын шығар? Оның үстіне пәктігім таза қыз болсам екен бір сәрі. Бұл қайда жүріп бүлінген деп ойлатын шығар әке-шешең? Ерғали, былай ойлап қарасам саған тұрмысқа шығуға да жүрегім дауламай тұр. Осыншама жаман атпен қарай келін боламын? Әке-шешең ауыл арасында басын көтеріп жүре алмай қалады ғой. Ерте ме, кеш пе бәрібір жалған сөз жарыққа шығады ғой. Одан да ешкімге тұрмысқа шықпай-ақ өзіммен-өзім тыныш өмір сүрейін де. Мүмкін, менің тағдырыммен тағдардас бір бейбақ шығып қалар?.. Сен одан да басқаға үйлен! – деп әзер айтты Қаракөз.
  • Сонда мен сені оңай ғана басқаға қиып тұрғаным ба? Мен сені ешкімге де бермеймін. Сен тек мендіксің!  Мені ешкімнің сөзі қызықтырмайды! Менде сенің көңіліңнің барын өз аузыңнан естісем деймін. Шамалы болса да менде көңілің бар болса, сол да жетеді маған, – деді Ерғали.

***

Ертеңіне ауылына кеткен ол кешке қарай келіп қалды. Өзі қуанышты, аздап «ақаңнан» татып алған сияқты.

  • Жаным, асылым менің! Сені ауылға алып баратын болдым! Апама айтып едім. Ол кісі разылығын б ілдірді. Ертең ауылға барамыз, беташар жасаймыз!
  • Шынымен бе?! – деген Қааркөз қуанышитан жылап жіберді.
  • Қалада не бар дейсің? Мен жай өткенімді ұмыту үшін осында келдім ғой. Енді жанымда сен барсың. Ауылға барып тұрсақ деймін. Апама айтып едім, қуанып кетті. Өзінің де соңғы кезде мазасы болмай жүрген. «Қолым ұзаратын болды» деп қуанып қалды, – деген Ерғали Қаракөзді қапсыра құшақтады.

Сонымен олар сенбі күні ауылға келді. Қаракөз қатты толқығаны сонша, үйге жақындағанда аяқ-қолдары дірілдеп кетті.

  • Өзіңді қолға алсаңшы, қаракөз! Саған не болды? Он сегізге толған қызға ұқсап, – деп күлді Ерғали.
  • Басымнан өткен жағдайлардан гөрі, он сегіз жасар қыз орнында болғаным жақсы еді-ау… – деп күрсінді Қаракөз.
  • Болды, бәрін ұмыт! Қане, әдемі жымиып, сұлу қалпыңа кел! Дос-дұшпан бар ауылда. Көргенде «Ерғалидың келіншегі әдемі екен» деп мақтап кетсін.
  • Мақұл, сенің айтқаның болсын, жаным!

Қаракөз Ерғалидың қолынан қыса ұстап, езу тартты. Есік алды әжептеуір адамдарға толы. Қаракөздің басына ақ ормал жауып, босағаны оң аяғымен аттатқызып, беташар өткізді. Тойға келгендер арасында «келіншек әке-шешесі жоқ, отырып қалған қыз екен» деген сыпсың сөздер жүріп жатты. Шындықты тек Ерғали мен шешесі ғана біледі. Шындық болғанда да ұлы мен келінінің біраз уақыттан бері бірге тұратынын ғана біледі. Ал одан артық Ерғали анасына ештеңе де айтпаған.

Адам аяғы басылып, отбасы өз-өздерімен қалып, бәрі күнделікті тіршіліктеріне кірісіп кеткен. Ерғалидың әке-шешесі және мектепте оқитын жалғыз інісі ғана бар. Қаракөз енесімен жақсы қарым-қатынаста. Қайнысына «Еркебала» деп ат қойған. Ол да «жеңеше» деп құрақ ұшып тұрады. Тек… Тек атасының ғана Қаракөзге көңілі толмай-ақ қойды. Қаракөздің бой түзілісіне, тірлігіне емес. Оның «балалар үйінен» келгеніне, құда-құдағиының жоқтығына налиды. Үнемі тұнжырап, қабағы бір ашылмай-ақ қойды. Келінінің тас жетім екеніне ашуланып, маңдайының қыртысы жазылмай, тырысып сөйлемей жүр. Қазір де дастархан басындағыларды жиікендіріп, қолындағы шыбын ұрғышпен үстелді тарс-тұрс ұрып, шыбынды езгілеп отыр. Әдейі істеп отыр. Келініне қасарысқаны. Қаракөз атасының жақтырмағанын бірінші келген күні-ақ білген. Дастархан басында да, есік алдында жүрсе де атасы әйетеуір бір жақпас қылық жасайды. «Дап-дардай кісінің мұнысы несі екен?» деп ойланып қалады Қаракөз.

Келінінің қаһарлы атасының алдында отыра алмай қиналып жүргенін сезген енесі:

  • Жұмысың бар болса бара ғой, айналайын! Шәйді өзім-ақ құямын! – деп шәйнекті өзінің алдына сырғытып алады.

Қаракөз сыртқа шығып кеткен соң кемпірімен оңаша қалған Саттар шал:

  • Қызыңды ұрайын… Тексіз жерден қыз алып мәз болдық… – деп бір боқтап сөйлеп алады.
  • Әй, қойшы сен де! Тегің бар жерден қыз алып оңдың ба? Жүзіңді жерге қаратып кетпеді ме? Балаңның қалағаны екен, үйленді міне! «Жүзі жылыдан түңілме» деген. Жүзі жылы келінімнің! Жүзімізді жерге қаратып кеткен сайқалдан әрең құтылдық емес пе? Оған қарағанда мұның ақөыл-есі, адамгершілігі жақсы. Саған адам жағушы ма еді? Қашан көрсең шеке-басың тырысады да жүреді. О несі-ей! Төріңнен көрің жақын болып отырғанда жақсылық тілемейсің бе ұрпағыңа? – деген Ұлмекен кемпір шалын тыйып тастады.

«Жәй сөйледік» деп ойлаған кемір мен шалдың сөздері ашық тұрған есіктен Қаракөздің құлағына жетіп жатыр. Ол атасының сөзіне өкпелегенімен, енесіне риза. Қашанда кеолінінің сөзін сөйлеп, өз қызындай көріп отырады. Бұл үйде ол енесі мен қайнысының құрметіне риза. Бәрінен де жанында сүйген жары барына шүкіршілік етеді. Ал атасын «мүмкін уақыт өте келе мені түсінер» деп ойлайды.

Таң атқаннан күйбең тірліктен қолы босамайтын келініне Ұлмекен кемпір қайта-қайта алғыс жаудырып отырады. Тек Саттар шал ғана саұқалы жыбыр-жыбыр етіп, келінін боқтап тастағысы келіп тұрады. Бірақ оған ілік таба алмайды. Әншейін кемпірінің «қой-қойымен» отыр. Әйтпесе осы уақытқа дейін тілі тиген болар еді. Осы үйдің бар тірілігін тындырып істеп, бәрінің көңілінне шығып жүрген инабатты келініне неге шалының көңілі толмайтынына таң қалады. Өмірдің небір қулық-сұмдықтарын бастан кешіріп келе жатқан қақпас шал келінінің бірдеңені жасырып жүргенін сезетіндей ме?..

Арада күндер өтіп, Ерғали келіншегінің жүкті екенін білгенде қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздады. Үйдің бар ауыр тірлінің енесі ұлдары Ерғали мен Жанғалиға тапсырған. Қаракөз ауыл емханасына барып, тіркеуге тұрмақшы болды. Келгелі үйден шықпайтын ол ауыл адамдарын тани да бермейді. Алайда қарияларды көрсе, иіліп сәлем сала береді. Емхана есігінен әзер кірді. Кезек күтіп отырған қыз-келіншектер. Арасынан танитын біреу шығып қалып «сен сотталғансың» деп қалатындай өз-өзінен қысылады. Бұрышқа барып бос орынға отырды. Мені ешкім танымаса екен» дейді іштей. Сол-ақ екен біреу оның есімін атап шақырды.

«Менімен аттас біреу шығар» деп ойлаған ол басын көтермей отыра берген. Бірақ әлгі дауыс тағы да қайталанды.

  • Қаракөз!

Таныс дауыс. Кім болды екен? Басын көтерген ол Арайды көріп таң қалды.

  • Арай?..
  • Қаракөз.
  • Сен мұнда не сітеп жүрсің? – деп Арайға сұрақ қойды Қаракөз.
  • Мен бе, мен… Осында жұмыс істеймін. Өзің ше?
  • Мен… Осы ауылға келін болып түстім.
  • Келін болып?.. Кімге? Кімнің әйелісің? Бұл ауылда мен танымайтын ешкім жоқ , – деген Арай сарнап сөйлеп кетті.
  • Ерғалидың келіншегімін!
  • Ерғали? Ә, анау Саттаров дегендер ме?
  • Иә.
  • Е-е, енді есіме түсті. Жүргіш қатынымен ажырасып, біреуге үйленді дегенді естіп едім. Саған үйленген екен ғой?
  • Иә.
  • Япырай, міне қызық! Сөйтіп Ерғали саған үйленген ғой?!
  • Імм-м… – деп жауап қатқанымен, Қаракөздің іштей жыны қозды.

«Түу-у, мына бәлені қайдан жолықтырып қалып едім? Менің таңғдырымды түгел білетін бұл өсекші енді бәріне жаятын болды ғой. Енді не болады?» деп тұрғанда кезегі де жетті.

  • Жарайды, Арай,  мен кірейін.

Ол ішкі кіріп кетісімен сол жерде медбике болып істейтін Арай жанындағыларға әңгіме ете бастады.

  • Үйбүй, масқара-ай… Мынау біздің ауылға қалай келін болдып келген? Жап-жақсы жігіттің басын айналдырып алған ғой. Қап, Ерғалиға обал болды-ау… – деп екі бетін кезек-кезек шымши берген соң оған ашуы шыққан бір әйел:
  • Әй, ойбайлай бермей, бұл келінің несі бар еді, соны айтсаңшы! – деді Қаракөз жайлы естігенше шыдамы таусылып.

Арай көздері жыпылықтап бір сәт тұрып қалды да, даусын бәсең етіп «Қаракөз естіп қалмасын» дегендей есік жаққа бір қарап қойып:

  • Ойбай, Қаракөздің өткен өмірі жаман, жаман! Ол бір жігітті өлтіріп қойып, түрмеде жатып шыққан, – деді.

Әйелдердің көздері алақандай болып кетті.

  • Арай, сен кейде біліп-білмей сөйлей салатын кездерің болады. Мына сөзіңе дәлелің бар ма? Егер жалған болса басың бәлеге қалатынын білесің ғой. Өйткені, мен жүзі жыл мына келіншектен ондай қатыгездік шығалды деп ойламаймын, – деді бір келіншек
  • Сонда немене, мен ойымнан құрастырып отырмын ба? Мен де мисыз емеспін. Үстімдегі халатым қандай ақ болса, жүрегім де сондай ақ менің. Менің біреуге нақақатан нақақа жала жабатын әдетім жоқ! – деп аузы бұртиып шыға келді Арайдың.
  • Ойпырмай… Шын болса қиын екен, – деді екінші әйел.
  • Әрине шын! Қаракөз біздің ауылдың қызы. Керек десең бір сыныпта оқығанбыз. Мен оның тарихын жақсы білемін. Ерғалиды «жетім, отырып қалған қызға үйленіпті» дедік те қойдық. Сөйтсе-е-ем өзіміздің Қаракөз екен ғой!
  • Қиын, қиын… Бұл қыз ол жігітті неге өлтірді екен?
  • Ол жағын анық білмеймін. Бірақ өлтіргені анық. Біреулер «жігітінің басқа қызбен жүріп кеткеніні қызғанып өлтірген» дейді, – деп бөсіп сөйлеген Арай мына әйелдерге біраз уақытқа жетер өсек тауып бергеніне мәз болып, масаттана сөйледі.

Бұл өсек сол күні-ақ бүкіл ауылды жайлап кетті. Бірі:

  • Иә… Мұндай сұмдықты ешкімнің басына бермесін. Бәрінен де Ұлмекенге қартайғанда қиын болды, десе, екіншісі:
  • Оған неге жаның ашып отыр? Өзі біле тұрып, жасырғаны ғой өзінше. Бәрібір бір күндері арты ашылып қалатынын білді ғой Ұлмекен? Келін түсірген күні ол жұртқа «балам қыз алып келді. Отырып қалған қыз. Жетім балалар үйінде тәрбиеленген екен» деп мақтанып еді ғой, сорлы!  Сол керек оған! Өткенде Жамалбектің үйіндегі шілдеханада менімен айтысып қалып еді. Енді міне, қарғысым көп ұзамай-ақ келіпті оған!  Сауап болған! – дейді.
  • Қой-ей, Жамал!  Табалама, тәубе де! Сол тойда Ұлмекенге өзің тиістің ғой. Ұлмекен жаман адам емес!
  • Неге сен оны жақтай қалдың? Сені мәз деп жүр ме сол? Өзің естімейсің де? Егер естісең төбе шашың тік тұратын еді. Сөйткен адамды жақтап отырысың не?
  • Соқпа өтірікті! Ұлмекен ешқашан мені жамандамайды. Біздің арамызға от тастама!
  • Мен шындықты ған айтамын. Тегі баласының да бағы ашылмаған сорлы екен. Бірінші әйелі анадай болды, мұнысы мынадай! Енді Ерғали әйелінің өткенін естіп жынданып кетпесе болғаны.

Осы кезде сөзге араласқан Гүлбаршын деген келіншек:

  • Кім білсін, бұл сұрқия Ерғалидың басын айналдырып, өзінің жымын білдірмей жіберген болар? Мынадай заманда адамдардан бәрін де күтуге болады!- деп басын шайқап қойды.

Жаңа «жаңалық» естігендер жағасын ұстады. Бұл жаңалық күндердің күнінде Саттар шалдың да құлағына жетті. Әншейінде келінінне риза болмай, қабағын түйіп жүретін шал мына сұмдық естігенде тіпті құтырынып кетті. Мал базардан қайтан шал сондағы еркектерден есітген әңгімесінен қаны басына шауып, үйге әзер жетті.

  • Әй, әкеңнің… – деп кемпірін сыбап алды. – Анау келін емес, келсабың қайда?
  • Е, не болды, тыныштық па?
  • Қайдағы ытыныштық, қайдағы? Сенің жер-көкке сыйғызбай мақтап жүрген келінің түрме көріп келген екен ғой?
  • Сен де қайдағыны айтасың-ау, шал? Келінге тағар басқа мін таппадың ба? Қартайған шағыңда сен де титімдей келінмен тайталастың да қалдың ғой, – деп Ұлмекен кемпір шалына жақтырмай қарап, қолын бір сілтеді.
  • Ей, нақұрыс! – деген шал кеміпрдің қолына салып қалды.  – Сен не, әлі өсек естімедің бе?
  • Не өсек? Сенің-ақ естімейтіннің жоқ екен осы!
  • Мен басқа жайлы өсек айтылса бұрылып та қарамайтын едім. Өсек сенің сұңғыла келінің жайлы болып жатса неге тыңдамаймын? «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, жұрт біздің келін туралы өсекті бекерге айтып жатқан жоқ қой. Мен сенімен босқа мыжғыласып отырғаным жоқ. Шақыр анау сұңғыла келініңді, шақыр!  Қазір мен оны үйден қуып шығамын!
  • Әй, мен оны қалаға базарға жұмсап едім. Сен миы жоқ қақпас шал болайын депсің ғой, ә? Енді балалардың ортасына кірмексің бе?- деп кемпірі айқай салғанда үйге Ерғали кіріп келді.

Шал енді ұлына тиісті. Есіктен кіргеннен:

  • Әй, бозөкпе! Алған қатыныңды танып алдың ба? Жоқ әлде алған қатыныңның түріне қарап мәз болып жүрсің бе? Оның қандай адам екенін білдің бе әуелі?
  • Көке, не болды, ашық айтсаңызшы?
  • Айтамын, айтамын!  Осы қатыныңның үлкен шикілігі барын келген күні-ақ білген едім. Бізге біткен келіннің бәрі Құдайдан безген безбүйректер болды ғой, түге!  Анауың осы ауылдың бар еркегін суарып кетті. Мынауың түрмеде жатып шыққан «зэк» болып шықты! – деген әкесі тоқтамай сөйлеп жатыр.
  • Көке, мұны маған несіне айтып отырсыз? Мен үшін жаңалық емес бұл. Мен бәрін де жан-жақты сұрастырып, біліп барып үйлендім оған! – дегенде шал қайта қаһарына мінді.
  • Бүгін, тап бүгін құрт қатыныңды! Үйімнен көрмейтін болайын оны!
  • Қаракөз менің әйелім! Ол кетпейді ешқайда да! Оның үстіне оның аяғы ауыр. Жақында ата боласыз, әке! – дегенде әкесі қалшылдап кетті.
  • Ой, еркек емес, ез! Мен не деймін, домбырам не дейді? Маған ондай түрімшік қатыннан туған немере керек емес! Болмай-ақ қойдым ата!  «Отырып қалған кәрі қыз» деп жұрттың бәрін алдап, тірі әке-шешесін өлтіріп, сұм қатынға қосылған сен де сұңғыла болғаның ба? Қатынышылын қарасайшы мұның! Көшедегі салдақыға үйленіп, оны тәрбиеге салу үшін үйлендің бе сонда? Өңшең күйіктер-ай!  Бәрің жабылып мені өлтіретін болдыңдар ғой! – деген Саттар шалдың аузы көпке дейін жабылған жоқ.
  • Мені жұрттың әңгімесі қызықтырмайды! – деген Ерғали қолын бір сілтеп шығып кетті.

Өзі түскі асқа келіп еді, аш күйінде кетті. Ұлмекен кемпір аңырайып, есін жия алмай отырғанда келіні келіп қалды. Жаңа ғана үйден шығып кеткен Ерғали да қайта кірді. Танауы желбіреген шал жаңа баласына айтқан сөздің бірін қалдырмай келініне де айтты.

  • Мысық секілді жымысқыланып кіріп келе жатқанын қарасайшы мұның? Бір басына сонша атақ жабыстырып, қарабеттің түк болмағандай шайқалып жүрісін қара! Ит, харам! Бірінің орнын тазалай алмай жүргенде екіншісі тайраңдап жүр төрімде, бізді жұртқа күлкі етіп, – деген шал отырған жерінде еденге шырт түкірді.
  • Көке, мен…
  • Көке деме мені! Миы жоқ топас! Қатын таңдай алмайтын сорлы! Жүр ғой жұрттың балалары тәп-тәуір отан болап. Біздің бала миғұла! Тірідей көмдің бізді жерге! Бірінші жезөкшеден күйіп едік, енді түрімшіктен күйетін болдық. Жетістің қатын алып! Баяғыдан бері біздің айтқандарымызды өзіңе менсінбей жүргенде тапқаның осы болды ма? Ал енді кімді ертіп келдің үйге? Бір күні жатқан жерімізде бауыздап кетіп жүрмесін бізді де! – деген шал Қаракөзге ала көзімен ата қарады.

Келіні қос қолымен бетін басып жылап бөлмесіне кіріп кетті. Соңынан кірген Ерғали келіншегінің иығынан құшақтап:

  • Жаным, жыламашы! – деді өзіне тарта құшақтап.
  • Ерғали, осындай боларын әу баста-ақ білгенмін! Мен осыдан қорқушы едім. Басында басымызды ашып алуымыз керек еді. Немесе мен мүлдем саған тимеуім керек еді. Енді не болады? Бәсе, маған қалай тез бақыт қона қалды деп ойлап едім? Мен тек жылауға ғана жаралғандаймын. Ерғали, мені жібер жөніме! Қаладағы пәтерімді сатпай, жалға бергенім жақсы болған екен. Сонда барып тұрамын! – деген Қаракөз көз жасын сүртіп, жылауын тоқтатты.
  • Жоқ, мен сені ешқайда жібермеймін! Әлі-ақ әкем райынан қайтар. Кәрі адам ғой. Олар не десе де көтере берейік. Әлі-ақ біз жеңіп шығамыз. Тек сен сәл шыдашы?
  • Бір шаңырақтың астында осылай жүру өте қиын ғой. Қандай ауыр сөздер. Әйел адам айтса да жеңілдеу тиеді екен. Қайынатаңның айтқаны қиын екен. Үйдегі майда-шүйде ұрыс болса да мән бермеуге болады. Мынау деген сұмдық болды ғой. Бар айыбым ашылып, ел арасында гу-гу өсек сөз болып жатқанда мен қалай түк болмағандай жүремін? Енді жұрт менен айналып өтетін шығар? Жо-жоқ, мұндай өмір керек емес маған! Маған рұқсат бер, кетейін! Қорықпа, аман-есен босанып алайын, балаңа жақсы тәрбие беремін. Сен қариялардың көңілінен шыққан жақсы қызға үйленіп, үй бол! Үйдің үлкенісің ғой. Келіні текті жерден болғанын қалайды олар да. Солай істе!
  • Әкемнің ашуы басылар, сонда…
  • Ерғали, мен бұл ауылда басымды көтеріп тұра алмаймын. Түу-у, Құдайым-ай, қайдан ғана сол сормаңдай Арайды көріп қалды десеңші? Сол Арай болмағанда өмірім бірқалыпқа түсер еді ғой. Амал қанша, бізге бақытты өмір сүру бұйырмапты да.
  • Болды, Қаракөз, жылама! Балаға зиян болады! Мен сені ешқайда да жібермеймін. Жұрт недесе о десін. Баламды тірі жетім етіп, әйелімді тентіретіп жібермеймін. Бір күндері сөйлеп-сөйлеп әкем де, жұрт та қояр. Ал мен сол кезде бала-шағаммен, әйеліммен тату-тәтті өмір сүріп жатамын. Оған дейін екеумізге де сабыр керек! Тек қана сабыр!

Қаракөз күйеуін тыңдап, үй тірлігін атқарып жүре берді. Енесі бұрынғыдай емес, салқын тартып қалған. Атасы жындана айқайлап:

  • «Кет» дегенде ит те кетеді емес пе Сенің түсінігің иттен де төмен болғаны ма? Сенде өзі намыс деген бар ма, жоқ па? – деп қанша сөйлеп жатса да кетпеді.

Ерғалиды жақсы көргені үшін, жүрегінің астында оның баласын көтеріп жүргені үшін де бәріне шыдауға бел буған. Ерғали айтқандай перзентін тірі жетім еткісі келмеді. Сондықтан қанша ауыр болса да Ерғалидан кеткісі келмеген.

***

Уақыт өтіп жатты. Қаракөздің іші үлкейіп, босанатын уақыыт да келіп жетті. Әр күні арадай ызыңдап жүйкесін тоздыратын сөздер сөйлейтін атасына ол да қарсы сөйлегісі келеді. Бірақ Ерғалиды ойлайды да сөйлемейді. Аталы сөз айтып отырудың орнына небір бейәдеп сөздерді шұбыртатын атасының аузы бір тынбайды. Әйтеуір оның қыр-соңына түсіп алған. Қаракөз атасының көзіне көп түспеуге тырысады. Әйтседе сөз сүйектен өтеді емес пе? Ондайда ол көзінің жасын бір сығып алып, қайта тірлігіне кірісіп кетеді.

Мезгілі жетіп Қаракөз ұл туды. Қуанышы қойнынан сыймаған Ерғали нәрестенің есімін қоюды ата-анасынан сұрап еді, оның қуаыншына селт етпеген Саттар шал:

  • Түремшіктің баласын менің немерем деп атамаймын! – деп баласына ежірейе қарады.

Ерғалидың жүзінен қуаныштың табы қалмады.

  • Көке, мына сөзді шын айтып тұрсыз ба? Кім туса да ол балада менің қаным, яғни сіздің де қаныңыз бар ғой! – деп тістене сөйледі. – Сіз қоймасаңыз қоймай-ақ қойыңыз, онда апам қояды немересінің есімін.

Ерғали шешесіне қарады. Ұлмекен шалына бұрылды. Шалы оған ала көзімен ата қарап отыр екен. Жерге қарап күмілжіген шешесі:

  • Балам-ау, бізді қайбір ат қояып қатырады дейсің? Өзің қазіргі жаңа аттың бірін қойсаңшы! – деген ол да қызушылық танытпады.
  • А-а, солай ма?.. Мейлі, өздеңіз біліңіздер!  Алдарыңыздан өттім, өкпелемейтін шығарсыздар? – деген Ерғали үйден шығып кетті.

Бір аптадан соң Ерғали Қаракөзді перзентханадан алып шықты. Оған қуанған шал мен кемпір болмады. Нәрестені қолдарына алып иіскеген де жоқ. Есімін де сұрамады. Анда-санда Ерғалидың «Нұрғали, Нұрғалижан» дегенінен есімін біліп алған. Қаракөз бәз-баяғыша зырылдап үй тірлігімен жүр. Басқа келіншектер секілді жас босандым деп шіреніп жатып та алған жоқ. Шал мен кемпірдің ызғарлы қас-қабағына қарап, соларлдың көңілінен шыуға тырысады. Бірақ бір еңбегі де еленіп жатқан жоқ. Баласы жылап жатса да қарамай, бірінгі қариялардың ас-суы, дәрет суы, төсек орнын баптап әлек. Нәресетенің даусы қатты шығып кетсе Саттар шал бар білген былапыт сөздерімен балағаттап шығады. Үй тірлігін бітіре алмай күйбеңдеп жүрген Қаракөз баласының жылағанына тез арада бара қоймап еді, Саттар шал тағы да баяғы әуеніне көшті:

  • Өй, әкеңнің… Бала болмай, балшыққа батқырдың даушы қандай жаман еді? Бәленің даусын маған естіртпеңдер дегенім қайда? Басымды ауыртып жіберді-ау, үнің өшкір! – дейді атасы.

Тұла бойын ашу кернеген Қаракөз тұңғыш рет атасына кірпік қақпай, тік қарады.

  • Өй, тексіз атаңанәлет! Мені шауып алардай едірейе қарайды ғой. «Аттың басындай айыбым бар, елге қарабет қатын атандым» деп жүрген бұл жоқ. Қайта мені көрдің бе дегендей кекірейіп жүрісін қарашы, қарабеттің! Қарама маған!  Көздеріңді ойып аламын қазір!  – деген Саттар келінін ұрмақ болып, қолындағы таяғын ала ұмтылды.

Өзіне таяқ тимей тұрып, Қаракөз атасының көкірегінен итеріп жіберді. Шал тәлтіректеп барып шалқасынан құлады.

  • Ойбай, ойбай, Ұлмекен! Қайдасың? Кел тезірек!  Мына адам өлтірген түремшік мені де өлтірейін деп жатыр! Қайдасың, кім бар, келіңдер жәрдемге!

Айқайды естіп кемпірі жүгіріп келді. Тұра алмай жатқан шалын көріп:

  • Ойбай, жазған-ау, көзіңе қарасаң қайтеді? Оңбай жығылғансың ба? – деп тұрғызбан болып шалының жанына келді.
  • Ойбай, жығылған жоқпын! Мынау нағыз қанішер екен. Мен ұрып, өлтіріп қоя жаздады. Әу бастан жатырынан қағынып туған бәле ғой бұл. Түрмеде жатып шыққан бәледен не үміт күтіп отырмыз біз? Бұл әлі бәрімізді шетімізден өлтіріп тынады. Қай қазақтың қызын көрдің адам өлтіріп қамалған? Мынадан бәрін де күтуге болады! – деген шал сұқ саусағын безеп шәңкілдеп жатты.

Аңырайып қалған Ұлмекен кемпір келініне жақтырмай қарап:

  • Ұятсыз, тәрбие көрмеген көргенсіз! Атаңа қол жұмсағаның не, оңбаған!  О заман да, бұ заман қайынатасына қол жұмсаған келінді бірінші рет көріп тұрмын. Біреу айтса сенбес едім. Қандай екеніңді тағы да көрсеттің бе? Мұны біз ешқашан да кешірмейміз! – деді жекіп.

Кемпірінң сөздерін естіп риза болған шалы одан сайын еліре түсті.

  • Бұл бәлені тудырмай жатып құрту керек еді! Тумай туа шөккір! Түрімшіктен түрімшік туады да! Келіннің түрі мынау, анау тұздай көкбақасы ертеңгі күні біздің басымыздан сипайды ғой демісің? Кеш болмай тұрғанда екеуін де үйден шығарып жіберу керек! Әй, сорлы балам-ай… Жуас, момын баламды қайдағы біреулер басынып бітті ғой. Обал, обал! Елге күлкі болған бізге обал! – деп зарлана сөйледі шал.

Қаракөз бөлмесіне кіріп тоқтаусыз жылап жатқан баласын емізіп еді, баласы жылауын қоя салды.

  • Жалғызым, жаным менің! Маған ренжідің бе? Тез келе қоймады деп ренжіп жатқан боларсың? Менің тірлігім көп қой, ботам! Жақсылап еміп ал да, жақсы бала болып ұйықта. Мен тірлігімді бітіріп алайын. Атаң мен әжең маған ренжіп жатыр. Бір минут та тынштық бермейді олар маған. Қайтемін енді, бір сен үшін, әкең үшін бәріне де көнемін де! – деп егіле жылаған Қаракөздің көзінен аққан жас тамшылары баласының бетіне тамған саын ол жалт қарап, тағы да омырауға жабысады. – Кетеміз бе балам бұл үйден? Біз кетпей әкеңе де, бізге тыныштық жоқ-ау деймін? Кетейік те, бәріміз тыныш табайықшы! Иә, солай етейік!  Одан кейінгі тағдырымызды көре жатармыз! –деп нәрестесіне сыбырлай сөйлеген Қаракөз орнынан тұрды.

Ұлы екеуінің киімдерін сөмкеге салды да, ұлын көтеріп сыртқа шықты. Әншейінде бір-бірімен ит пен мысықтай ырылдасып жүретін ата-енесі бір-біріне тақау, кемпірі шалының тізесін баса отырып алыпты. Қаракөз баланы құшақтап шығып бара жатқанда олар «қайда барасың?» деп сұрамады да. Бұрылып бір қарады да шәйін ішіп отыра берді. Сыртқы дарбаза сарт етіп жабылғанда Саттар шал:

  • Алды-артыңа бір уыс топырақ!  Ерғали келсе жақсылап тұрып ұрғызамын деп ойлап едім. Таяғын жемей тұрып қашып кетті ғой, сұрқия!  Көзге шыққан сүйел секілді болып жүруші еді. Жақсы болды кеткені. Енді мына біздің топас балаға жақсы жерден тәрбиелі қыз іздейік! Өзінің қалағанын алып мәз болды дам? – деп қатындар секілді аузы көпіріп отырғанда үйге Ерғали баласы мен келіншегін жетектеп кіріп келді.

Кішкентай Нұрғалиын көтеріп аялдамада тұрған Қаракөзді Ерғали көріп қалып, қайта үйге алып келген. Жол бойы Ерғали үндеген жоқ. Келіп, өз бөлмелеріне кірген соң Ерғали жөн сұрады.

  • Маған бір ауыз айтпай қайда кетіп барасың? Мен сен туралы жаман сөйлегендермен жаға жыртысып жүрсем, саған бәрібір ме? Сен үшін менің ешкім болмағаным ба? Неге мені күтпейсің? Неге маған бір ауыз айтпайсың? Үндемей кетіп, мені тағы да масқара етпек пе едің? Ұят емес пе? Менен көңілің қалып па еді? Саған жаман сөз айттым ба бетіңе қарап? Айтшы, Қаракөз?
  • Жо-жоқ, Ерғали! Мен сені алғаш көргенде қалай сүйген болсам, әлі сол сезімім өзімде. Мен сенің адамгершілігіңе, маған деген көңіліңнің ақтығына ризамын. Сен маған кездесітрген тағдырыма ризамын. Бірақ… Атам мен апамның сүйектен өтер сөздерінен шаршадым. Сен ғой ертелі-кеш жұмыстасың, білінбейді саған. Ал мен көзімді тырнап ашқаннан, кешке төсекке құлағанша сүйектен өтер небір ауыр сөздерді естимін. Өзің теңдес біреу болса сөз таластырып, немсе жағасынан ал кетесің. Ал атаң қалай? Бірақ… Мен бүгін атамды итеріп құлатып қойдым. Сенің алдыңда кінәлімін!  Атамның сөздері жүрегімді тіліп жіберді. Өзімді-өзім ұстай алмай қалдым. Бұрынғы жаман атыма және дақ салдым. Енді бұдан кейін қалай жүремін? Мұнда мен еркін тыныс ала алмай қалдым ғой. Күн өткен сайын апам мен атамның арасындағы қарым-қатнасымыз шиеленісіп барады. Бір шаңырақтың астында ит пен мысықтай ырылдасып жүрген қиын екен. Шаршадым…
  • Қашанға дейін айта береді дейсің, көкем мен апам бір күні қояр. Бәрінен де екеуміздің сый-құрметміз дұрыс болса болды емес пе?
  • Иә, әрине! Бірақ мұна тек екеуміз ғана тұрып жатқан жоқпыз ғой. Егер қалада тұрғанда өміріміз басқаша болар еді.
  • Мен қазір әке-шешемнен бөлек кете алмаймын. Әлі інім жас. Ол үйленемін дегенше, бірнеше жыл бар. «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген сөз бар ғой. Енді әке-шешем ғой… Оларға ақыл айта алмасам, ұрса алмасам… Шыдаймыз да…

Ерлі-зайыптылар өзара келісімге келіп, Қаракөз үй киімін киіп аулаға шықты. Сөйтті де үй тірлігімен айналысып кетті. Ерғали ұлын көтеріп әке-шешесінің жанына келіп отырды. Әке-шешесі нәресеге қарамай, қиялай отыр.

  • Мынауың тағы қайтып келді ме? – деді шешесі жақтырмаған үнмен.
  • Оның ендігі үйі осы!  Мына баламмен бірге қаңғыртып жібере алмаймын! – деді Ерғали.

Осы кезде сөзге әкесі араласты.

  • Балам, осы қатының келді де, үйден береке кетті. Ауылдың өсегі де өлтіріп бара жатыр. Бұрынғыдай бас көтеріп жүре алмай қалдық. Саған айтарым «қатын жолда, бала белде» деген, ажырас мұнымен. Не көп, байға тимеген қыз көп. Шекесінен шертіп жүріп аласың!  Мына бәледен құтқар бізді!  Түрме көрген адамның қаны бұзық болады!
  • Көке, мен сіз айтқандай шертіп жүріп алатын жастан кеткенмін. Болды енді, мұндай әңгіме айтпаңыздаршы маған! – деген Ерғали ұлын көтеріп тұрып кетті.
  • Әне, әне, бізбен қалай сөйлеседі, ә? Бұның басы дуаланып қалған ғой. Басы сау емес мұның!Анау қаншық дуалап тастаған мұны! – деп жанып тұрған отқа май тамызып жіберіп еді, шалы іліп алып, орнынан ыршып тұрып ұлының соңынан жүгірді.

Бөлмесіне кіріп, енді отыра берген ұлының жағасынан алды. Кішкентай Нұрғалиы өзінің кереуетінде жатыр еді.

  • Кет, кет үйден! Түремшік қатыныңды да, анау көкбақаңды ала кет! Құрып кетіңдер көзіме көрінбей! Әке-шешеңнің жағдайын ойлаудың орнына қайдағы шөпжелкені ойлап… Еркек емес езсің сен!  Қайта қатыныңды сүйреп алып келіп менен кешірім сұратудың орнына оның сөзін сөйлеп отырсың! Әрине, енді бұған бізден гөрі қатын жақын болғаны да?
  • Көке…
  • Өшір үніңді! Сен менің балам емессің! Сен шіріген бір жұмыртқасың! Кет, қатыныңды ал да кет менің шаңырағымнан!  Елге масқара етіп бітірдіңдер ғой, масқара-а-а… Басқа балалардың әке-шешелерін көрсең… Ақылды бала, әдепті, инабатты келін, сүйкімді немере, бақытты шаңырақ! Ал бізде ше? Біздің жүрісіміз мынау! Әбден күйік болып біттіңдер! Жанғали үйленгеше өлмеспіз! – деп айқай салды әкесі.

Ашуланып кеткен Ерғали баласына қарады да ашуы тарқай салды. Ол өзіне жәудірей қарап отырған келіншегіне де жаны ашыды. Ал Қаракөз болса өзі үшін әке-шешесімен жанжалдасып жүрген Ерғалиға риза еді. Бірақ… «Не істесем екен? Қайтсем бәрі жақсы болады? Қайтсем күйеуімнің көңіл-күйі жақсы болады?» деген ойлар Қаракөздің басын ауыртып жіберді.

Ол күйеуінің шашынап сипап отыр.

  • Ерғали… Саған да таяқтың бір ұшы тиді ме? – деді жәй дауыспен.

Ерғали жауап қатпады. Әйеліне қарамастан үйден шығып кетті.

  • Ерғали қайда? Қайда барасың, Ерғали? – деген даусықа жауап бермей есікты тарс жапты.

Ұлының кетіп бара жатқанын терезеден көрген Ұлмекен кемпір дереу келінінің жанына келді.

  • Сен сұрқия кетпей неге қайта келдің? Балаңды ал да, үйді босат! Сені көрген сайын жүйкеміз тозатын жағдайға жеттік!  – деді долданып.

Қаракөз үндеген жоқ. Енесіне алара бір қарады да, есігін жауып бөлмесінде баласын емізіп жата берді. Өн бойындағы ашу мен ыза бол бір көзқрасына сыйып кеткен еді.

«Мына сұрқияның маған ал көзімен ата қарағанын-ай, ә? Бұл түрімен бізді бір күні өлтіретін шығар?» деген кемпір күңкілдей сөйлеп орнына барып отырды.

Бөлмесінде жатқан Қаракөз көпке дейін өзіне-өзі келе алмай жатты. Іші алай-дүлей.

«Ерғали қайда кетті екен? Оның да миын ашытып жібердік-ау, ә? Байға тиіп нем бар еді? Бай менің не теңім еді? Өз күнімді өзім көріп жүре берсемші? Адамдар неге біреудің бақытын қызғанады екен? Неге көре алмайды қызықты күндерін? Ашуымды тежей алмай істеген сол бір қылмысым үшін өмір бойы опық жеп өтуім керек пе? Жалған-ай десеңші? Бес күн жалғанда неге адамдар бірінің бақытын бірі бағаламайды екен? Неге түсінбейді бірін-бірі?»

Қатты ойға кеткен Қаракөз жылап жатқан баласына мән-мағынасыз қарап тұра берді. Шыңғырып жылап жатқан баланың даусына жүгіріп келген енесі есікті жұлқи ашты.

  • Әй, қатын, тентек болып қалдың ба Жұбатсай анау бәлеңді!  – дегенде барып селк етіп оянғандай болды.

Дереу баланы қолына алып, бөлмеде ары-бері жүрді. Баласының жергөгін ауыстырып, тамағын тойдырып еді, баласы қайта ұйқыға кетті. Ара-тұра өксіп-өксіп қояды. Сүйкімді ұлының жүзінен, маңдайынан сүйді.

«Жарығым, қуанышым! Кішкентай ботаұаным менің! Неге адамдар сәбилердей пәк болмайды екен? Сонда дүние атьаулы озбырлықтан, қылмыс пен өшпенділіктен ада болар еді» деп ойлап жатып ұйықтап кетті. Бүгін жүйкесі қатты шаршапты. Сол шаршауы шығып, денесі балбырап ұйқыға кетті. Кенет түн тыныштығын бұзып шелектің даңғырынан оянып кетті. Орнынан ыршып тұрды Қаракөз. Ауладан біреудің біртүрлі даусы шықты. Қаракөзден бұрын есікті ашқан Ұлмекен кемпір тоқтаусыз сөйлей жөнелді.

  • Ой, жүгермек, тойып ішіп келіпті ғой мынау! Бұл ішпеуші еді ғой? Бәрі анау сұрқия салдақының кесірі! Соған күйгеннен ішкен ғой сорлы бала! Іштен тынып жүру оңай дейсің бе? Еркек болған соң күйініп ащы арақпен басты да! Ойбүй, енді бұл арақты серік ететін болды енді. Шал-ау, тұрсаңшы, өліп қалдың ба? Қарсы ал балаңды!  – деп сөйлей жүріп Ерғалиды ішке кіргізді.

Қабырғаны жағалап зорға кірген ұлы аяқтары тітіреп, тілі күрмеліп сөйлей бастады. Шешесін итеріп жіберіп құлатып қоя жаздады. Үсті-басы шөп-шалам, әр жерге аунап үйге әзер жеткен секілді.

  • Қ-қара-а-к-к-өз! – деді тілі күрмеле. – Қаракөз қайда?
  • Оны қайтесің? Бұрылқы иттей жатыр бұралып. Кет дегенде ит те кетуші еді, бұл иттен де жаман болды ғой. Бері жүр, мына жерге отыр! – деген кемпір өзінің төсегінің жанына жастық қойып ұлын жатқызбақшы еді, оған Ерғали жата қоймады.

Бағанадан бері күйеуінің мас екенін даусынан біліп жатқан Қаракөз, халатын киіп, есік артында тұрған. Енесінің сөздерін естіп жыны қозды. Есік сарт етіп ашылғанда құлауға шақ қалған күйеуін ол ұстай алды.

  • Әй, сайқал, әжептеуір баламды сен алкаш ететін болдың!  – деп зарлап келе жатқан енесінің сөзін естікісі келмей күйеуін үйге кіргізе алмай жатқан ол, есікті аяғымен сарт еткізіп жапты.

Есік кемпірдің бетіне қатты тиіп кете жаздады.

Келінінің мына қылығына ашуы шыққан кемпір жабылған есікті қайта жұлқи ашты.

  • Әй, қыршын! Мына қатынсымағың шешеңнің мұрнын сындырып жібер жаздады ғой есікті қатты жауып. Кеше әкеңді ұрды, бүгін мені. Кім бұл біздің үстімізден билік жүргізетін? Көрген-баққаның осы қатын болса да неге таятың астына алмайсың ол бізге қол көтеріп жатқанда? Әлде еркектік намысың жоқ па? Осы қатын сені дуалап алған-ау, шамасы? – деп аузы-аузына жұқпай сөйлеп тұрған шешесіне жалт қараған Ерғали жанында тұрған келіншегінің дәл шеке тұсынан қойып қалды.

Қаракөз шалқалай құлап бара жатып, терезенің жақтауынан ұстап үлгерді. Тағы да екпіндей қасына келген Ерғали қатынын бас-көз демей төбелеп ұра берді. Бір кезде ырсылдап демігіп тағы да қолын көтере бергенде шыр еткен баласының даусын естіп кілт тоқтады. Ерғали Қаракөзді ұрып жатқанына мәз болып тұрған шешесінің алдына жетіп барды да:

  • Осы ма еді саған керегі? Тағы да ұрайын ба? Өлтір десең қазір-ақ жайратып саламын! Өлтірейін бе? – деп айқай салды.

Баласының түрінен шошынған Ұлмекен ештеңе деместен кері бұрылып, бөлмесіне кіріп кетті. Жерде бүктеліп жатқан Қаракөзге қараған Ерғали:

  • Ей, сен неге менің әке-шешеме қол көтересің? Ұрмақ түгілі мен оларға дауыс көтеріп те сөйлей алмаймын ғой. Апам айтқандай кімсің сен бізге билік жүргізетіндей? – деп әйелін одан сайын ұрып-соққылай берді.

Ерғалидың мінезі ішкенде тіпті бөлек екен. Не өзі ұйықтамайды, не Қаракөзді ұйықтатпайды. Оны қарама-қарсы отырғызып қойып сөйлей берді, сөйлей берді. Қаракөз не десін, үндемей отыр. Мас адам бәрібір ештеңе де түсінбейді ғой. Әйтеуір бір кезде Ерғали әбден болдырып, шаршап құлады. Бұл кезде таң құланиектеніп атып келе жатқан болатын. Таң да атты. Күнде ерте тұрып тірлік істейтін Қаракөз әлі тұрмай жатыр. Енесі қайта-қайта аулада жүріп, үй жаққа қарап қояды. Ал Қаракөз тұрмай жата берді. Баласы қыңқылдап жылап еді, бесіктен шешіп алып қойнына тықты. Тағаты таусылған кемпір:

  • Әй, келін болмай келсап болғыр! Тұрмайсың ба? Не, маған қырсығып жатырсың ба?- деп айқай салды ыбір кезде.

Шешесінің айқайына Ерғали оянып кетті бір кезде.  Жанында теріс қарап жатқан келіншегін иығынан түртіп:

  • Тұр, Қаракөз, апам далада айқайлап жүр ғой. Көршілер естісе ұят болады, – деді.

Күйеунің түнде ұрғаны есіне түсіп кетіп, Қааркөз иығы дірілдеп жылап жіберді. Ештеңеге түсінбеген Ерғали келіншегінің жүзін өзіне бұрғанда, таңданыстан көздері бақырайып кетті. Өйткені Қаракөздің бет-аузы көнектей болып көгеріп кетіп еді.

  • Қаракөһз, мен сені ұрдым ба?..

Екеуі қосылғалы бері бірінші рет таяқ жеген Қаракөз бар екпінімен «иә» деді де, өксіп-өксіп жылап жіберді.

  • Қаракөз, саған жаным ашып кетті. Кешірші мені, Қаракөз, жаным! – деп оны сүймекші болып еді, ол жүзін бұрып алды.

Күйеуі кешірім сұраған сайын Қаракөз одан сайын егілді. Тұрғандарын бәрін түгел жылап отырып айтып салды.

  • Кешір мені, кешірші? Енді арақ ішпеймін! – деп келіншегін құшақтап, маңдайынан сүйді. – Қалай ғана саған қол көтергенмін?

Мастықпен не істеп, не қойғанын өзі де білмейді. Келіншегіне қарайды да оны аяп кетеді.Ұрғанына өкінді.Ұрмай қайтсін, құлақ алдында ызыңдап әке-шешесі әйелін жамандап тұрса. Бүгін Ерғали әйелінің бетіне қарай алмай, күні бойына қипақтаумен болды. Кешке қарай дастархан басында үн-түнсіз отырды.  Ал Қаракөз бар жұмысын тез-тез бітірп тастап, ата-енесінің көзіне көрінбеу үшін өз бөлмесіне кіріп кетті. Ата-енесін жек көргені соншалықты, олардың ас-суын дайындап, кірлерін жуғысы да келмейді. Амалсыздан өзін-өзі итермелеп әрең істейді үй тірліктерін. Жо-жоқ, Қаракөз тасжүректіңтен не болмаса ессіздіктен олай етпейді. Қаракөздің жүрегі кең, мейірімді, адамгершілігі мол. Тек ата-енесінің өзін түсінбейтіндігі, тым қорлап, сүйекте тиер сөздерді айтқандары қинайды оны. Кешегі жанжалдан кейін бәрі де бір-бірімен сөйлеспей қалған. Безірейіп, ішімдегін тап дегендей тымырай ып жүр. Бұл үндеместік тек үш күнге созылды. Үш күннен соң түннің бір уағында келген Ерғали тағы да ішіп келіпті. Кіргеннен жата кетпекші еді, шешесі:

  • О, сорлы бала! Қатыннан бағы ашылмаған сорлы! Ішіңдегі уытыңды ащы арақпен басып жатырсың ба? И-й, сорлы-ай, сорлы-ай… Қайтесің енді, маңдайыңа жазылғаны осы болса көресің де! – деген сөздерден оның ашуы шықты.

Егер тап қазір шешесі оған жақ ашпағанда, ол бөлмесіне кіріп жатып қалатын еді. Ал шешесі мастықтан буындары босап, көз алды тұманданып, кім қандай сөз айтады екен деп бәле іздеп тұрған ұлын одан сайын қайрай берді. Ерғалидың көздері тарс жұмулы. Қабырғадан ұстап әрең теңселіп тұр. Шешесінің сөздері миына құйылып жатыр, құйылып жатыр. Жүйкесін тоздырар сөздер бір тоқтамады-ау. Бағанадан бері күйеуінің мас екенін біліп отырған оның түрін көріп қорқып кетті.

  • Ерғали, ұрмашы мені? Үш күн бұрын ұрғаның жетпей ме? Денем әлі ауырып жатыр. Көгерген ісіктері де қайтқан жоқ. Мен…

Үлкен жұдырық маңдайына сарт етіп тигені сол, диванның жақтауына басы тиіп құлады. Тұра бергенінде ішіне тиген тепкіден бүгіліп қалған ол отырып қалды. Содан кейінгі тепкілерден қанша қорғанса да, ең жанды жерлеріне тиіп жатты. Бір кезде Қаракөз есінен танып құлады. Оны көрсе де көрмегендей бөлменің есігін жай жапқан Ұлмекен кемпір өз төсегіне келіп қисайды.

  • Е, не болды?
  • Екеуі ұрсып жатыр ғой.
  • Сол керек ол сұрқияға!

Екеуі ештеңе көрмегендей, ештеңе естімегендей теріс қарап жата кетті. Әбден сілесі қатқанша әйелін тепкілеген Ерғали бір кезде сылқ етіп Қаракөздің жанына отыра кетті. Ақырын басын көтеріп әйеліне қарады. Шамалы мастығы тарқаған секілді. Қасында сұлайып жатқан Қаракөзді түртіп көрді. Қимылсыз. Денесін аздап қорқыныш биледі. Тағы да Қаракөзді түртті. Ол қимылсыз. Бір кезде оны жұлқылады.

«Қаракөз… Ол неге еденде жатыр, диванда емес? Оған не болған? Мен өзі не сітеп қойдым? Мен маспын ба? Мен тағы да мяына бейгшараны ұрып тастағанмын ба? Неге ұрдым? Оның не жазығы бар еді?» деп ойлап екі қолымен басын ұстап отыра кетті.

Сонда құлағына әлдеқайдан талып естілген шешесінің даусы жетті. Небір былапыт сөздер мен шешесінің көгереңдеген жүзі келді көз алдына. Шешесінің екі езуіне түкіріп жиналып, көздері шақшиып сөйлеп жатыр:

  • Апа, болды, жетер!

Қалай айқайлап жібергені өзі де білмей қалды. Өз даусына нәрестенің жылағаны даусы қосылып, сонда ғана Ерғали есін жиғандай болды. Ыршып тұрып Қаракөзді сілкілей берді. Енді әйелін қоя салып, шырылдаған баласын қолына алды. Көнбей жылап бара жатқан соң емізігін аузына салып еді, ол жылағанын қоя салды. Қайта әйеліне келді.

  • Қаракөз… Көзіңді ашшы, жаным?.. – деп басын көтеріп, әйелінің бетінен сипады.

Сол кезде Қаракөз ауыр тыныс алып, ыңырсыды. Ерғали басын қалай бұроса солай былқ-сылқ болып жатыр. Үрейі ұшқан Ерғали дәлізге атып шықты. Сол кезде әкесі қарсы алдынан шыға келді.

Жаңа шалы қыңқылдап сұрап қоймаған соң Ұлмекен кемпір көргендерін түгел айтып берген. Әйтседе екеуі де үндемей жата берді. Енді ұлының сыртқа шыққаны сезген шал орнынан тұрды.

  • Қайда барасың?
  • Жедел жәрдем шақырамын!
  • Керек емес, қамалып кететініңді білесің бе?
  • Шаруам жоқ!
  • Отыр жайыңа! Ауылдағы Серкбайдың қатынын алып кел!
  • Ол түкті де білмейді.
  • Өзім барамын. Сен үйге кір!  – деген әкесі үйден шығып кетті.

Серікбайдың әйелі Қаракөзге ине егіп, бір екі дәрі берді. Қаракөз сол жатқаннан он күн тапжылмай жатты. Ауладағы әжетханаға зорға шығып келеді. Қараусыз қалған баласы кешке Ерғали келгенше су болып, жылап жатады. Бүгін шамалы басын көтерген Қаракөз баласын шомылдырып, бескіке бөлеп еді. Ол рахаттана ұйқыға кетті. Ал бір аптадан соң Қаракөз өзінің және ұлының киімдерін ғана жинады да үйден шығып кетті. Ол ауладан шығып бара жатқанда аулада жүрген ата-енесі аузын да ашып сөйлемеді. Ол үйден ұзап кеткенде ғана екеуі бір-бірне қарап жымиып қойды.

  • Кемпір, а, кемпір, мына сұрқия осы жолы қайтып келмейтін шығар? Жүр үйге, осы жолы баламызды өзіміз қалаған қызға үйлендіру туралы ақылдасайық, – деген шал үйге кіріп бара жатты.

Соңынан кемпірі кірді. Олар ары ойланып бері ойланып бірталай адамдардың қыздарын ойша тізімге алды. Бірақ оны балалары Ерғали қалай көреді ол жағын ойлаған да жоқ.

Кешке жұмыстан келген Ерғали есіктен кіре бере баласы мен әйелінің кетіп қалғанын сезді. Бөлмесіне кіріп, аңырап қалған бөлмеге қарап қатты ойға кетті. «Не істеу керек? Мен неге өз бақытымнан айрылыуым керек?  Мен де кетемін қалаға. Егер менің сүйгенімді әке-шешем қаламаса, онда оларға менің де керегім жоқ болғаны да. Мен тірі тұрып баламды жетім, әйелімді жесір еткім келмейді» дегенге тоқталды.

Таңертең ұйқыларынан оянған кемпір мен шал үстел үстінде жатқан бір парақ қағазға көздері түсті. Онда былай деп жазылған екен:

«Көке, апа! Мені кешіріңіздер! Мен бұдан артық сіздермен бірге тұра алмаймын. Маған сіздер өте қымбат жансыздар. Сондықтан осыншама уақыт көрсеткен қорлықтарыңызға шыдап келдім. Енді осылай қалаға кетуге мәжбүр болып отырмын. Мен әйелім мен баламды тірі жетім еткім келмейді. Бәріңді сыйлаймын, құрметтеймін! Мені түсініңіздер, Сәлеммен ұлдарыңыз Ерғали.»

Қағаздағы хатты шал мен кемпір оқып болып, кемпір зарлап жылай бастап еді, шалы тыйып тастады.

  • Отыршы-ей, зарламай! Өзім де тиісерге қара таппай отырмын! – деген шалы құс жастыққа жантая кетті.

Осы күннен бастап екеуі де тым-тырыс тірлікке көшті. Бір-бірімен жарытып та сөйлеспейді. Өздерімен өздері ойланады да жүреді. Бірақ оны сырқа шығарып айтқылары да келмейді. Не болса да іштерінде…

Ал Қаракөз бен Ерғали ұлдарымен бақытты бір бөлмелі жатақханада шатыққа толы өмір сүріп жатты. Ерғали ішіуін қойған. Қайтып аузына татып алмайтынын айтып ант су ішкен. Ең тамаша жаңалық бар жағдайды сіңлісінен естіген анасы әкесін көндіріп оларды келесі жексенбіге немересі мен күйеу баласымен бірге қонаққа шақырыпты. Бұл күн Қаракөз үшін ең бақытты күннің бір еді. Әлі үш күн бар болса да жүрегі дүрсілдеп күтіп жүр…. Ал кей қарттарымыз, кей қазыналарымыз жастарды түсінбей бақыттарын қырқып жүргенін ұмытып кететіндей көрінеді маған…

С. Талғат.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған