ТАЛАЙДЫҢ ТАҒДЫРЫН ТАЛҚАН ЕТКЕН ӘЙЕЛ

– Уһ, белім-ай! Шаршап кеттім ғой, – деген Айсара әдейі ұлына естірте аһылап-уһілей берді. Қанша жалын ата күрсінсе де міз бақпай, теледидар тамашалап, төрде шәниіп жатқан Айдарға зығырданы қайнап, айқайлай жөнелді.

– Мейірімі жоқ, тасжүрек! Мен өлейін деп жүрсем де жаның ашымайды. Саған шеше керек емес. Мен ауырып, өліп қалсам да саған бәрібір. Жұрттың балалары анасының қас-қабағына қарап, алдында зыр жүгіреді. Ал сен болсаң…

– Маған не қыл дейсіз, мама? Неге миымды ашытқанды жақсы көресіз? Қойыңызшы, өз-өзіңізді мүсәпір етіп көрсететін әдетіңізді!

Айдар қарлыққан даусымен анасына айқайлап берді. Түндегі ішкен арағынан басы мәңгіріп, миы аузына түсердей солқылдап тұрғанда, анасының сөздері одан сайын ауырған басын ұрғылағанмен бірдей болуда. Ащы судан шімірікпестен қағып сала беруден алдына жан салмайтын Айдар ертеңіне ешкімді де жақтырмай, шеке басы тырысып ауыратыны бар. Сол «ауруын» білсе де арақтан бас тарта алмай-ақ келеді. Анасына күнде уәде беруден де шаршамайды. «Болды, енді ішпеймін. Бүгіннен кейін арақ деген пәлені аузыма да татып алмаймын» деп, ант-су ішкеніне де біраз жылдың жүзі болыпты. Анасы да әр берген уәдесіне сеніп, үміттенуден шаршамайды-ақ. Бет-аузы көлкілдеп ісіп кеткен ұлының жүзіне қараған Айсара жыларман хәлде.

– Қане, сенің осы арақтан шыққан мүйізің? Шығар болса, осы уақытқа дейін қарағайдай болар еді-ау. Неге қоймайсың? Сен қашан адам боласың? А, қашан? Құрдастарыңнан ұялмайсың ба? Солардан неге үлгі-өнеге алмайсың? Олардың бала-шағаларының алды мектеп бітіруге жақын қалды. Ал сенің жүрісің мынау. Отыз төртке келсең де әлі бір балаң жоқ. Неге үйленбейсің?

– Үйлендік қой.

Айдар діңк ете қалды. Айсара одан сайын даусын зорайта түсіп, жаттанды «жырын» жырлай жөнелді.

– Үйленгенің сол ма? Мен айтқан қызды алмай, бедеу біреуді алып келдің. Содан көсегең көгеріп, өндің бе? Сол салдақыға ерегіскенде неге он сегіздегі уыздай қызға үйленбейсің? Сенің балалы-шағалы болғаныңды көріп, іші күйгендіктен менің табаныма жығылар еді. Көрер едім сол кездегі бізді кінәлаған түрін. Тезірек бір шүйкебасты әкелші. Мен де немеремді бір құшып, бұл пәниден армансыз болып өтейін.

Анасының бір сөзін ұқса, бір сөзін ұқпай, басының мың-дыңы шығып ауырып тұрған Айдардың дәл қазір «бас жазудан» өзгесін ойлауға мұршасы жоқ. Шыр-пыры шығып отырған анасының сөздері қаперіне де кірер емес, қолын бір сілтеген күйі сыртқа беттей берген. Басы салбырай сыртқа шыққан Айдар қарсы алдында тұрған адамды қағып кете жаздады. Басын көтеріп қарады да, өз көзіне өзі сенбей, көздерін жыпылықтата берді. Бір сәт өзін әлі де «мас екенмін ғой» деп ойлап та үлгерді.

– Немене, амандық сұрасуға да шамаңның жетпегені ме?

Нығыздай айтылған сөзден лезде есін жиған Айдар қипақтап, шетке ығыса берді.

– Амансыз ба? Неге тұрсыз? Кіріңіз үйге, кірсеңізші.

– Мамаң үйде ме? – деген Толқынның үнінде ызғар сезіліп тұр еді. Бұрынғы күйеубаласының арақ сасыған алба-жұлба түрінен жиіркеніп те кетті. Табалдырықтан аттай бере, жан-жағына барлай қараған келіншектің көңілі құлазыды. Алайда, Айсараны көргенде, бірден қаны басына шауып, көкірегінде кегі қайнай, ашуға булықты. Бұрынғы құдашасының үйіне кіріп келе жатқанын көргенде, Айсара да ернін бір сылп еткізе, жақтырмағанын білдіріп орнынан да тұрмастан отыра берді. «Менің сіңлімді үйіңізге кіргізіп, келін етіңізші. Сіздің ұлыңызды жанындай жақсы көреді. Екеуін қайта қосайық» деп жалынғалы келген шығар» деген Айсара өркөкіректеніп, менсінбеген сыңай танытты. Оның жылы қабағына зәру еместігін сездіре Толқын да отырмастан, бірден «сенге» көшті.

– Менің періштедей пәк сіңлімді қаралап, жұртқа масқара еткенде қай ұшпаққа шығамын деп ойладың? Қане, балаңа он сегіздегі қызды әпергенің? Әлде, сандығыңа тығып қойдың ба?

Жан адамды бетіне қаратып сөйлетпеген көкбет Айсара үйіне келіп, «сенсіреп» отырғанына өті жарыла жаздап, екі бүйірін таянып, көзі аларып шыға келді.

– Ия, он сегіздегі қызды әперемін! Іштерің күйсін! Сенің бедеу сіңліңді әйел етпек түгілі, малайлыққа да ешкім алмайды. Ит екеш ит те бұл өмірге ұрпағын көбейту үшін келеді.

– Баянды «бедеу» деген сенің балаң бедеу. Сендердей пасық жандардан ажырағанымызға мың да бір шүкіршілік айтамын. Құдайға шүкір, Баянды бағалайтын жан кезікті. Құда түсіп, ырғалтып-жырғалтып, алып кетті.

Айсараның сұп-сұр жүзі бір бозарып, бір қызарды. Лезде ұлынан бұрын үйленіп кеткеніне шамданып, іші күйетіндей, жүзі өрт сөндіргендей әлемтапырақтанып кетті. Сонда да айылын жимастан, жыландай сусылдаған ащы тілін безей берді.

– Маңдайының соры бес елі бір байғұсты алдап тиген шығар, сірә. Қуанышың көпке созыла қоймас. Тумайтын әйелді не қылсын? Ертең-ақ әкеліп тастар.

Аяр әйелдің әрбір сөзі өңменінен өтіп, ызасын туғызып жатса да, Толқын сабырлық сақтап, күлімсірей берді.

– Жұрттың бәрі сен дейсің бе? Баян күйеуінен аумай қалған шекесі торсықтай егіз ұлдарды өмірге әкелді. Баян ана болды, – дей бергенінде Айсара жынды адамша долданып, селкілдеп кетті.

– Өтірік! Сен бәрін ойыңнан шығарып айтып тұрсың. Баянның ана болуы мүмкін емес. Өтірік!

– Сенесің бе, сенбейсің бе, ол өз шаруаң. Мен тек сіңілімнің еш кінәсі жоқтығын айтуға келдім. Адамды сонша қорлап, жәбір көрсеткен сендерге Алланың да назары түспес,- деген Толқын үйден шыға бере жанары жасқа толған Айдарды көзі шалып қалды. Соқталдай азаматтың жасқа шыланған жанары сезімін селт еткізбеді де. Керісінше, кегі қайтқан жандай, бойын құрсаулаған ашу-ызасы сәл де болса серпілгендей көңілі орнына түсті.

Тосын хабар жанын жаншып, ішін күйдірген Айсараның тынышы кетіп, аласұра бастады. Баянның бақытын көре алмаған арам пиғылы да дегбірін қашыруда. Жынды адамша көзіне көрінген заттарды қабырғаға лақтырып, өз-өзіне есеп беруден қалды. Сең соққан балықтай есеңгіреп, босағада состиып тұрған Айдарға шешесінің қылықтары оғаш көрінуде. Елуді еңсеріп, егде тартқан шағына тіпті де жарасар емес. Түрі сұрланып, көздері шарасынан шыға жаздап, аузынан түкіріктері шашырай:

– Жетпей желкесі қиылсын! Балаларымен қосыла өмірем қапсын! Өлмесе тұрмасын! – деген Айсара есінен алжасқандай. Анасының қарғысынан жаны түршіккен Айдар бір-екі аттап, долданып тұрған анасын өзіне жұлқып қаратты да, сілкіп-сілкіп жіберді.

– Гүлдей келіншегімді жүндей түтіп жіберген өзің емес пе едің? Баянның қадірін білмей, қор қылған өз пейіліңді неге қарғамайсың? Бақытты болсын! Баян бақытты болуға әбден лайық жан. Біздің бақытсыздығымыздың бәріне де сен кінәлісің! Сенің кесіріңнен біз де сорлап жүрміз ғой. Неге өз кінәңді білмейсің? Мама, қашанға дейін осылай жалғаса бермек?

Бұрын-соңды ұлының бұндай суық та сұсты жанарын байқамаған Айсараның лезде аптығы басылды да қалды. Арнасынан асып-тасыған ашуы басылса да, жазықсыз жанды жазғыруын жалғастыра берді.

– Ол сұрқияның ойын мен білемін ғой. Ол бұл үйде жүргенінде әдейіге біздің шаңырағымызға перзент әкелуден бас тартты. Арамдықтан тынған қатын әдейіге бала көтермеудің амалын жасап баққан ғой. Әйтпесе, неге өзге біреудің отанына бара салысымен-ақ бір емес, екі балалы бола қалады, жүдә?!

– Өйткені, сіздің пейіліңіз тар еді ғой. Бала қайдан болсын?! Баянды кінәлай бергенше, неге өз болмысыңызға бір үңіле қарап көрмейсіз?

Айдардың салмақтап айтқан сөздері Айсараның қараңғы санасын дүр сілкіндіріп өткендей, сонау бір жылдардағы өз жастық шағы есіне түсіп, тұңғиыққа батып-ақ кетті.

 ***

Нәпсінің жетегіне ерген Айсарадан тіпті ар-ұяттың жоғалғаны сондай, нақсүйерімен жар төсегінде өзге әлемді ұмытып, ұмар-жұмар болып жатты. Әскерге кеткен жолдасының көзіне шөп салып, опасыздық жасап жүргені аздай, міне, бүгін киелі ақ төсегін арамдап, ләззатқа мас болуда. Ата-енесінің қонаққа кеткенін пайдаланып, Сапарды үйіне кіргізген. Оңашада армансыз қауышқан имансыздар Серік түгілі Құдайдың да барын ұмытқандай, жабайы әрекеттерге де жол берген. Досының төсегінде шалқалай жатқан Сапар өз ісіне масайрайтындай, риза кейіппен Айсараға қарап:

– Серік келсе, оған қарағың да келмей қалатын шығар, – деп дарақылана күліп қояды. Ой-өрісі бір сәттік қызықты ғана көксейтін Айсара көздерін ашуға да ерінетін секілді.

– Серік келсе, сен маған келмей қоясың ба?

– Енді, досымның көзін бақырайтып қойып, келе алмаймын ғой.

– Анда-санда болса да жасырынып кездесіп тұрайық та, – деп қиылған Айсарадан көзін алып қашқан Сапар үнсіз тұрып киіне бастады. Бәлкім, досының аманатына қиянат жасап жүргендігі тап қазір ар-ұятын мазалап тұрды ма екен? Әйтеуір, қылымсып жатқан келіншектің жанынан тезірек кетуге тырысып бағуда.

Серік жан жарының адалдығына, тұрақтылығына күмәнданды ма, әскерге баратын уақыты таянған сайын, жанын қоярға жер таппай, аласұрып, тыпыршып кетіп еді. Еркек кіндік көрсе, көзінен от шашып, ойнақшып шыға келетін келіншегіне сенім таныта алмай, қайта-қайта жан досы Сапарға өтініш білдіре берген.

– Сапар, мен әскерде жүргенде келіншегіме бас-көз болшы. Жарай ма? Сенен өзге кімге сеніп тапсыра аламын? Бала кезден құлын-тайдай тебісіп бірге өскен досымсың. Айсара әлі жап-жас қой. Көп нәрсені тереңінен сезініп, ойлана бермейді. Бекер ерте үйленіппін. Алдымен әскерге барып келуім керек еді, – дей берген досының күйзелісін түсінгендей болған Сапар нық сеніммен жауап беріп еді.

– «Екі жыл» деген көзді ашып-жұмғанша-ақ өтеді де шығады. Сен отан алдындағы азаматтық борышыңды өтеуге кетіп бара жатырсың. Келмес сапарға аттанып бара жатқандай, бордай езілгенің не сонша? Көтер еңсеңді! Айсараның басынан өзге үйдің шыбынын да ұшырмауға уәде етейін.

Сапар өз сөзіне өзі қарқылдай күліп тұрса да, ұнжырғасы түскен Серіктің көңілі бір көтерілмей, қобалжи берді. Сірә, өзіне жасалар опасыздық пен сатқындықтың құрбаны болатындығын құрғыр жүрегі алдын ала сезді ме екен? Кәрі әке-шешесінің жағдайынан да күлегеш келіншегінің жайын көбірек ойлаған көңілі күпті еді. Шынайы сезіммен құлай сүйген жүрегін жан жарының түсіне алмай, келеке ететіндігі жанына батқан Серіктің әскерге тек құр сүлдері ғана кетіп бара жатқандай, артына қайта-қайта қарайлаумен болды. Соңында еш сезімсіз жымия қарап тұрған Айсара қолын бұлғап қана тұрды. Досына уәдені үйіп-төккен Сапар да ол кезде аманатқа қиянат жасайтын өзі екендігін білген жоқ. Жанары мұңға толған досын қимай-қимай шығарып салды.

Сапардың көз алдынан сол бір оқиғаның көлбеңдей өтуі мұң екен, жалма-жан асығыс киінді де, сыртқа тұра қашты. Артында айқайлап қалған Айсараның жалынышты даусын да елең қылмай, жүгіре жөнелді.

Төлен ата мен Ағайша апа бірін-бірі жетелей, үйлеріне әрең жеткендері де осы еді. Барған үйлерінде мазасызданып, көп отыра алмай, кері қайтқан. Ауласына кіре бергендерінде, үйден асығыс шыққан адамның сұлбасын байқап, екі қария да демдерін іштеріне тартып, үнсіз тұра қалды. Айдың жарығымен әлгі адамның ер кісі екендігін анық байқаған қариялардың жүректері зырқ етті. Әсіресе, Төлен атаның шоқша сақалы селкілдеп, ашудан тұла бойы қалшылдап кетті.

– Азаматы жоқ үйде жүрген бұл не қылған есуас! Әлде…

– Қайдағыны айтпашы! Жәй, бізді сұрап келген біреу-дағы, – деген Ағайша апа шалының айтар ойын ішкі түйсігімен сезіп, жаны түршігіп кетті. Өз-өзін алдарқатқанымен соңғы кездердегі келінінің жүрісінен секемденіп жүретін. Қартайғанда Жаратқанға жалбарынып жүріп, үміттерінің үзілер шағында әрең көрген жалғыз ұлдарының намысы тапталып жатқанына жаны шырқырай, азап шексе де көзбен көрмеген соң, сабыр сақтап жүрген. Енді міне, күдігінің бір шеті көзге көрініп келе жатқандай. Әйтсе де, ашуы мұрнының ұшында тұратын қызба мінезді шалының алдында ішкі сезімін жасырып, күле сөйлеп, көңілін аулауға барынша тырысып бағуда.

– Әкесі-ау, енді сәл шыдасақ, қарашығымыздың да келетін күні таяу. Я, Раббым, сол күнге аман-есен жетсек… – деп күрсініп салған кемпірінің жан жарасын ұғына алмаған отағасы жекіп тастады.

– Тәйт, әрі! О несі-ей, өліп бара жатқан жанға ұқсап? Біз әлі немерелерімізді жұбатып, қызықтарын қызықтап отыратын боламыз.

«Қайдам, мына келін немерені біздің ұлдан сүйгізе ме, әлде… Кім білсін, әйтеуір, сылқымданып, сәнденуі тегін емес қой. Серік келгенше тыныштық болса екен. Келіннің жаман атын естіп, жүрегіміз жарылып кетпесе жарар еді». Көңілі құлазып, салы суға кетіп тұрған кемпірін бүйірінен бір түртіп:

– Не қылып тұрсың? Кірмейміз бе үйге? – деген Төлен қария алға түсті.

Шағын ауылда сатушы болып істейтін Айсара таң атпастан үйден шығып, кеш қарая дүкенін жауып бір-ақ келеді. Кей күндері Сапармен кездесіп, түн жарымында оралатын. Келіндері келмейінше ұйқы бетін көрмейтін қос қарияны жас балаша алдап қоятын.

– Тауар кештетіп келді. Соны есептеп, қабылдап аламын дегенімше түн болыпты. Қатты шаршадым. Қашан Серік келер екен?

Ұлдарының есімін естіген сәтте екеуі де күрсініп салатын. Әркім өз ойларымен болып, Айсараның кештетіп келгендігі естен шығатын. Баладай аңқау ата-енесінің момындығын пайдаланған Айсара тіптен есірді. Сапардың өзінен қашқақтап жүргеніне қарамастан, желімдей жабысты.

– Сапар, бүгін соңғы рет келші. Тым болмаса, баянсыз махаббатымызбен қош айтысайық. Содан кейін екеуміздің де жолымыз екіге айрылатынына уәде етейін.

Нәпсінің құлына айналған Айсара    Сапардың қыр соңынан қалмай, қиылып жүріп, дегеніне көндірді.

Келінінің бүгін де кешігіп жатқанына көңілі алаңдап, Ағайша апа өзін қоярға жер таппай кетті. Қайта-қайта көше жаққа қарайлаумен көзі талды. Жүрегі әлденені сездіріп жатқандай, алқымына тығыла жаздап бұлқынады. Көңіліндегі күдіктері де бас көтере қылтиған сайын, аласапыран күй кешуде. Небір ойлардың жетегіне ерген байғұс кейуана біресе ашуға ерік берсе, біресе көңілі құлазып, ұнжырғасы түсіп кетеді. Шалын жас балаша алдарқатып, ұйықтатып тастаған соң байыз тауып, қол қусырып отыра алмады. Жан- дүниесіндегі арпалысқан сезімдері түн жарымы ауып кетсе де ауыл ортасында орналасқан дүкенге қарай жетелей жөнелді. Ойы онға, санасы санға бөліне, дүкенге әрең жеткенде, келіні әлдекіммен құшақтасып шығып келеді екен. Қапелімде енесін өзін іздеп келер деп ойламаған Айсара сасқалақтап, қипақтап қалды. Құшақтасып келе жатқан сүйіктісі апаны көре жалт бұрылып, қаша жөнелді. Лезде қараңғылыққа сіңіп, тайып тұрған еркекті жыға тани алмаса да шырамытқан Ағайша ашу-ызадан тұла бойы үздіксіз дірілдеп кетті. Сүмірейіп тұрған келініне аса бір жиренішпен қарады.

– Екіжүзді сұрқия! Сен менің ұлыма лайық емессің. Сен тіпті, жер басып жүруге де лайық емессің.

Ағайша басқа ләм-лим деместен, келген ізімен кері қайтты. Арсыз, имансыз келінінің жетесіне ешқандай сөздің де жетпейтіндігін түсініп, сөздерін қор қылғысы келмеді. Дәлірек, опасыз келініне айтар теңеу сөз таппады. Жердің үстімен барып, астымен қайтқандай болған апаның да көңілі жермен-жексен еді. Көзінің қарашығындай жалғыз ұлының намысын таптап, көзіне шөп салып жүрген келінінің қылығы жүрегін пәршелеп жатқандай. Көзінен парлай аққан жасын тыя алмай, өксігіне тұншыққан бейбақ ана опасыздыққа жаны шыдай алмай, өзегі өртеніп барады. «Құдай-ау, бұл қай мазағың? Бұндай масқараны көргенімше, өлгенім артық еді ғой. Өлгенім артық еді».

– Апа, тоқтаңызшы. Апа!

Соңынан сүметіле еріп келе жатқан келінінің даусы да намысына тиіп, құлағына түрпідей тиюде.

– Көзіме көрінбей, кет! – десе де, арсыз келін алдын кес-кестей берді.

– Апа, құлыңыз болайын, ешкімге тіс жармаңызшы. Мен шайтанның арбауына еріп, адасыппын. Құдай үшін мені кешіре көріңіз. Енді қайталамаймын. Шын сөзім.

Сол бір сәтте Ағайшаның бойына алапат күш жиналғандай, Айсараны бар пәнімен итеріп жіберді. Жасқа булыққан ана өз-өзін игере алмады. Шалқасынан құлап жатқан келінін қолына іліккен шыбықпен сабалай берді.

– Ессіз-ау, менің баламның көзіне шөп салатындай, қандай түлен түртті сені? Ерің өліп қалған жоқ, тірі ғой. Неге ұлымның ар-намысын таптайсың? Неге?

Ызаланған Ағайшаның көз алдына ұлының торыққан бейнесі елестеп, жаны ышқынды. «Жалғызымның таңдап алған қалаулысы ғой» деп, Айсараны келініндей емес, қызындай көріп, мәпелеуші еді. Өмірі бітпейтін үйдің күйбең тірлігін белі қайысып жүрсе де өз мойнына алып, келінін еркіне жібергендегі жеткен жетістігі осы ма еді? «Үйде күйеуі жоқта қамығып қалмасын» деп, дүкенге сатушы етіп қойды. Қабағы түйіліп, қара аспанды төндіре жаздап, зіркілдеп жүрсе де, «жас қой, жар төсегін аңсағандықтан туған дүлей сезім болар» деп, кешіріммен қарап, асты-үстіне түсіп, бәйек болатынын да ессіз келін түсінбепті. Қас-қабағына қарап, жағдайын жасап, бетінен қақпай, қызындай көріп жүрген ата-ене қадірін түсінбей, көңіліне желік бітіп есірген келінін Ағайша аямады. Ұрып та, ұрсып та жатты. Түн жарымында ашынып шыққан Ағайшаның даусына біраз адам құлақ түре, жағаларын ұстап, бастарып шайқап жатты. Ертеңіне бүкіл ауылға бұл тосын хабар лезде тарап, ел іші дүрлігіп кетті. Ал Ағайша апа сол түннен кейін қан қысымы көтеріліп, төсек тартып жатып қалды.

 ***

«Қайтып келген қыз жаман» деген атқа ие болған Айсара төркініне әрең сыйып жүр. Қыздарының теріс қылығынан хабардар әке-шешесі де жер-жебіріне жетіп, жерден алып, жерге соққан. Жеңгесі де жақтырмай, «тұрса сопақ, отырса опақ» көріп, кірген-шыққан сайын түртпектеп, жанын қажап бітті. Ол аз болғандай, өзінің аяғы ауырлағанын кеш біліп, өзегі өртенді. Қара басын сыйғыза алмай, аяғының ұшымен әрең жүргенде… Айсара баланы түсіруге қанша әрекет жасаса да, онысынан түк шықпады. Күннен-күнге білініп келе жатқан ішін орамалмен байлап, бөлмесінен шықпайды. Енді қайтып қыс түспейтіндей, жаз бойы асыр салып ойнақ салған шегірткедей, шырылдап қалған Айсара шерменде күй кешіп жатты. Үрлеген шардай болып, домаланып келе жатқан ішін жасырумен болды. Жан адаммен тілдеспейтін Айсара қадірінің қашып, Құдайдың берген бағын өз қолымен қиратқанын кеш те болса түсініп, өзегі өртене жылап жатты. Кенет, ешкім кірмейтін бөлмесінің есігі ашылып, ішке жеңгесі кіріп келді. Жүзінде мысқал күлкі.

– Жаңа ғана естіп келдім. Серік үйленіпті. Көргендер келіншегінің сұлулығын айта алмай, ауыздарының суы құрып жүр. Жақсы жігіт еді. Бақытты болуға әбден лайық жан. Негізінде, сенің шын бет-пердең ашылып, жақсы болды. Әйтпесе, жап-жақсы отбасын құрдымға кетірер едің.

– Үйленбесе одан ары! – деп дүңк ете қалды.

Әйтсе де, ішін қызғаныштың қызыл иті тырналап бара жатқан еді. Жеңгесінің де табалап, күлкі етіп тұрғаны жанына батып-ақ барады. Тек тақасып жүрген жеңге алдында мұқалып қалмас үшін немқұрайлы кейіп танытып, барынша сабырлылық танытуға тырысып бақты.

– Әу бастан сүймей қосылғанмын. Сүймеген адамыңмен бір шаңырақ астында тұру қиынның қиыны екен. Менің соңымнан телмірмей, үйленгені жақсы болыпты. Маған тыныштық беретін болды.

Жеңгесі Сәлима шек-сілесі қата, рахаттана күліп алды.

– Байғұсым-ау, саған тыныштық бермей, күнде артыңнан келіп жүр ме еді? Әскерден келгелі сені әлі бір де бір рет іздеп келген жоқ қой. Осында келгеніңнің де себебін сұрап, сөйлесуге бір келмеген Серік сенің қашан тынышыңды алып еді? Сенің құның қайда жүрсең де көк тиын екенін қашан ұғынар екенсің?

Айсараның аузына құм құйылғандай, ләм-лим деместен, ашуға булығып қала берді. Жеңгесі әбден айызы қана күліп, бөлмесінен шығып кетті. Байғұстың қайынсіңлісін табалайтынындай-ақ бар. Қыз күнінде Айсара жеңгесіне не бір құқайды көрсетіп, зар еңіреткен. Өтірік жала жауып, енесімен де араз етіп, үйдің шырқын бұзатын. Көзбе-көз ағасымен де шағыстырып, себепсізден-себепсіз соққыға да жығылған күндері қаншама? Үйдің де, даланың да күйбең тірлігінен шаршап, қайынсіңлісі мен енесінің жанын қажайтын не бір қитұрқы сөздері де жанын жегідей жеп, ыстық-суықтары басыла қоймаған, нағыз ерлі-зайыптылық рахатты бастан кешер сәттерде, жазықсыз тепкінің астында қалып, жаны жабырқап, бұл пәниден де баз кеше түңіліп, оңашада талай-талай егіле жылаушы еді. Қаны бұзық, пейілі тар Айсара әдейіге жеңгесінің көзін ала бере пісіріп жатқан тамағына тұзды аямай салып жіберетін. Ал содан кейін тамақ итке төгіліп, рәсуа болатын. Түн жарымы ауғанша Сәлиманың шырқырап, ақталып жатқан даусымен қатар ағасының балағаттап ұрысқаны мен ұрғаны естіліп жататын. Құлағын түріп жататын Айсараның жеңгесінің солқылдап жылағанын естіген сайын жаны кіріп, жайраң қағатын. Ертеңіне жеңгесінің жылай-жылай бұлаудай болып ісіп кеткен қабағы мен көгерген бет-жүзін көргенде, пасық көңілі арам ісінің «жемісін» көріп көтеріліп қалушы еді. Әр ісінен мін іздеп, шешесіне екі еселеп талай рет жамандап, жексұрын ететін. Шешесі екеуі екі жақтап, көжектей дірілдеген келінді ортаға алып, жер-жебіріне жете сөгетін. Ал кешке ағасының алдынан «сүйінші» сұрап шығып, жеңгесі тағы соққыға жығылатын. «Желдің қай жақтан есетіндігін» түйсігімен сезетін Сәлима қайынсіңлісін қарғамаса да, іштей қапа болып, «қашанғы сенің дәуренің жүрер екен. Әлі-ақ Құдай бар болса, бір-ақ сәтте сабаңа түсірер» деп налитын. «Дүние-кезек» деп текке айтылмаса керек-ті. Көп жыл өтпей-ақ, «барған жерінде тастай батып, судай сіңісе алмай» Айсара өз қадірін-қасиетінен жұрдай болып, қарабет күйінде қайтып келді. Бұрынғы қыз күніндегі ерке де шолжаң кезеңі әлдеқашан өтіп кеткенін де сезбей қалыпты. «Шыққан қыз шиден тысқары» дегендей, бөтен адам секілденіп, оқшаулана берді. Сөзін сөйлеп, дем беріп отыратын шешесін де әкесі бір-ақ сөзбен тыйып тастағалы, Айсара тірі жетімнің күйін кешуде. Сөзін сөйлеп, еркелетер тірі жан болмағандықтан, уақыт өте келе үні де шықпай, жеңгесінің қас-қабағына жаутаңдап қаларын соқыр көкірегі қайдан ұқсын? Сәлима екі ұлдың анасы болып, бұрынғыдай бұға беретін бейшара күйінен әлдеқашан арылыпты. Сол күндердегі жазықсыз төгілген көз жастары мен жапа шеккен күндерінің есесін қайтарғысы келетіндей. Айсараның әрбір қылығын қалт жібермей, кекетіп-мұқатып, жанын қажай түсті. Кейде бәрін ұмытқысы келіп, санасынан өшіріп тастауға қанша тырысса да, жүрекке түскен жара жазылмайды екен. Күн өткен сайын сол «жара» ушығып бара жатқандай, Айсараға деген ызасы кеудесіне сыя алмай, түртпектейтінді шығарды.

Тастай қараңғы сарай ішінде Айсараның жаны мұрнының ұшына тірелгендей, ішін ұстап, ышқына түсті. Бұрын-соңды бұндай ауруды бастан кешіп көрмеген Айсара бір сәт өзін «өлетін шығармын» деп те ойлады. Белінен төмен жағы қақсап, сыздап ауырғанда, жаны көзіне көріне жаздап, егіле жылады.Толғағы қысқан сайын жанында демеу болар ешкімнің жоғы да жанын қинап, көңіліне қорқыныш ұялатты. Өмірінде бірінші рет өзінің шалыс басқан қадамы үшін өзегі өртене өкінді. Тұңғыш рет өмірге сәби әкелер шағында жұрттан жасырынып, мал ұстайтын сарайда тезектермен араласып, жерде ішін ұстап, аунап жатқанына күйінді. Құдай қосқан қосағын күтіп, ата-енесінің қас-қабағына қарап, көргеніне шүкіршілік айтып, түтінін түзу шығарып отырғанда, бұндай масқаралыққа ұрынбасын кеш түсініп, өкіре жылады. Барды бағалай алмайтын, қанағатсыз, тойымсыз нәпсінің жетегіне ерген өзінің пейілін жек көре берді. Тастай қараңғы сарай ішін толғағы қысқанда еңбектеп, кезіп кетеді. Шашылып жатқан тезектерді қолымен уыстай, не істерін білмей аласұрып кетті. Жайшылықта Құдайдың барын да ұмытқан имансыз жүрегі жан алқымына тығылған сәтте жалбарына жылап, істеген күнәлары үшін кешірім сұрай берді. Соқыр нанымы құдіретті күштерге сенбеуші еді. Жан деген тәтті екен. Қиналып жатып естіген, білгендерін күбірлеп, шатып-бұтып айта берді. Әйтеуір, әбден қиналып, таң қылаң бере әрең босанды. Көрген-білгендерін жасап, алдын ала алып шыққан пышағымен кіндігін де кесіп үлгерді. Шақалағы тұншығып барып шыққан соң ба, даусы шықпай, әрең тыныс алып жатты. Қанша қиналса да, жаны сірі екен. «Біреу-міреу көріп қала ма?» деген қорқыныштан бойын тез жиып ала қойды. Жалма-жан қоқыстардың үстінде жатқан шақалағының «кім» екенін де көрместен, қапшыққа салды. Із қалдырмас үшін, босанған жерінің топырағын араластырып жіберді. Құрсағын жарып шыққан перзентін өз басының қамы үшін үй маңындағы қазылған ескі құдықтың ішіне тастай салды. Терең етіп қазылған құдықтан су шықпағандықтан бетін тақтаймен жапқан болатын. Сәбиінің өлі-тірісіне, тіпті не ұл, не қыз екенін де білместен, сезімі селт етпей, үстіне топырақтарды шамасының келгенінше сырғытып, тастай берді, тастай берді.

– Мама, мені өлтірмеші. Маматайым, мен сенің қолғанатың боламын. Үстіме топырақ тастамашы, өліп барамын. Мама! – деп шырылдаған сәби өзгеше қорқынышты кейіпке еніп, Айсараның алқымынан қыса ұстап, қылқындыра бастады.

– Маған жаның ашымай, өз қолыңмен өлтіргің келді ме? Осынау жарық дүниені көруіме бөгет болдың ба? Ендеше, мен де сені өз қолыммен өлтіремін.

Айсара демі тарылып, ауа жетпей, қырылдап кетті. Орнынан тұрып кетейін десе, үстінен басып тұрған құбыжық кейпіндегі өз баласы тырп еткізер емес. Сәт сайын дем алысы қиындаған Айсара бар даусымен айқайлап, жылай берді. Алғашында қанша айқайласа да, даусы шықпай, тұншыға берген. Кенет үстіндегі құбыжық кейпіндегі баласын бар күшімен итеріп тастап, қашпаққа ұмтылды. Енді тұра бергені сол, баласы одан сайын үлкейе түсіп, қайта бас салды. Қорыққанынан шыңғырып жіберген Айсара өз даусынан өзі шошып оянып кетті. Өз-өзіне келе алмай, түсі екендігіне қуанып, терең күрсініп салды. Су терге малыныпты. Ентігіп әрең дем алады. Көрген түсінің әсерінен арыла алмай, жүрегі атқақтай соғып, аузынан шығып кетердей. Құлағынан сәбидің жалынышты шыққан шырылдаған үні кетер емес. Көз алдына құбыжыққа айналған сәби елестеп, зәре-құты қашты. Қорыққаннан ба, әйтеуір, дір-дір етіп, көрпені басына бүркеніп, жылай берді. Көзін тарс жұмып алса да, көлбеңдеген түсініксіз бейнелер кетер емес. Өзіне төніп келіп, әлденелерді айтатын секілді. Айсара бір уыс болып бүрісе берді.

Таңертеңнен бері көзге көрінбей, төсегінен тұрмай жатқан қызының қатты шыққан даусынан секемденіп, мамасы жүгіріп келді. Көрпенің ішінде бүрісіп жатқан қызын көріп, таң қалды. Аяғының ұшымен жайымен қызының төсегіне жақын келіп:

– Айсара, не болды? Неге айқайладың? – деп еді, Айсара одан сайын бүрісіп, жиырыла түсті. Қорқыныштан дірілдегені көрпенің сыртынан-ақ білініп тұр. Ешнәрсенің байыбына бара алмаған Әтіркүл көрпені тартып қалып еді, Айсара шыңғырып жіберді.

– Тимеші маған, тимеші, – деп көздері аларып, түрі өзгеріп барады. Қапелімде бұндайды күтпеген Әтіркүл қорқып кетті. Су терге малынған қызын құшақтай алды.

– Қызым-ау, не болды? Мен ғой, шешең. Жаман түс көрдің бе?

Айсара мамасы екендігіне көзі жеткен соң құшағына кіріп, еңірей жөнелді. Бойын билеген үрейден арыла алмай, қоянның көжегіндей дірілдейді. Өзіне пана болар аяулы анасына көрген азабы мен түсінің бәрін-бәрін айтып-ақ салғысы келеді ғой. Әттең, соны айтуға тілі қысқа болып, сорлап тұрған жоқ па? «Күйеуіңнің әскерге кеткеніне екі жыл болды. Сен күлге аунап көтердің бе?» демесіне кім кепіл? Енесі үйінен қуып шыққанда, бар жаланы соларға жауып, өзін «судан таза, сүттен ақ» етіп көрсеткені қайда қалмақ? Әкесі сұсты жанарымен өңменінен өткізе тесіле қарап:

– Құдағидан естігендерім рас па? Сен жар төсегін адал сақтай алмаған опасыз ба едің? – деп ашудан қалшылдағанында, беті бүлк етпестен жер бауырлай жата қалып, өлердегі сөзін айтып, жылаған еді.

– Олар маған жала жауып отыр, әке. Өзіңіз де білесіз, мені олар әу бастан қаламаған тұғын. Өздерінің жекжаттарының қыздарын келін еткілері келіп, әдейі ойлап тапқан амалдары. Енді, мен де ол босағаны аттамаймын. Олар мені адам құрлы көрмей, қорлайды, – деп еді-ау. Сынаптай сусылдаған қыздарына кәміл сене алмаса да, ебіл-дебілі шығып, жылап тұрған соң лажсыз сенгендей кейіп танытқан. Бұрынғыдай сыйға ие бола алмаса да, әйтеуір, сол үйде тұрып жатқан. Енді, соның бәрін жоққа шығарып, шындықты қалай жайып салмақ? Өз өксігіне тұншыққан Айсара тілін тістей, егіле берді. Қызы жылаған сайын ет-жүрегі езілген Әтіркүл күнәға белшесінен батқан қызын жас балаша өбектей, бәйек болып жатты.

– Құлыным-ау, қиналдың ғой. Қызым менің. Қойшы соларды. Серіктен де басқа тәуір жігіт жолығар, иншаллаһ. Қадіріңді түсінбеген жандарға қор болмай, үйде жүргеніңе шүкіршілік ет! Артыңнан бір де бір рет іздеп келуге жарамаған адам саған жар болып жарыта ма?

«Серіктің үйленіп кеткеніне қапа болып, жылап жатыр» деп ойласа керек. Әтіркүл қызын барынша ақтап алуға тырысып бағуда. Жағдайдың мән-жайына қанық болмаса да, қызының айтуы бойынша «түсінігі жоқ, надан» құдалары мен Серікті жерден алып, жерге тыға жамандай берді.

Сол күні Айсараның қызуы шамадан тыс көтеріліп, түсініксіз әлденелерді сандырақтай берді. Порша-порша терге малынып, көзі аларып, аласұрған қызын құшақтап, сабырға шақыра алмай, Әтіркүл де әуре-сарсаңға түсті. Сәлима да айналшықтап жүріп, қайынсіңлісінің шатып-бұтып, сандырақтаған сөздеріне күмәндана бастады. Қырағы көзі Айсараның бойынан өзгешелікті аңғарып қалушы еді. Енді міне, көкейіндегі сол күмәнінің бір шеті көрінуде.

Бәрібір шындық судың бетіне қалқып шықпай қоймайды екен. Айсара қанша жасырмақ болып тыраштанса да, сүт толған көкірегі сыздап, жанын көзіне көрсете шырқыратты. Тырсылдап кеткен көкірегі уақыт өте келе ісініп, ауруға шалдықты. Ыстығы бір түспей қойған Айсара одан арыға шыдай алмай, анасына жылап отырып бәрін жайып салған.  

Әтіркүл үйінің дәл іргесінде жатқан сәбидің сүйегі барын естігенде, шалқасынан құлай жаздады. Мұсылманшылыққа мүлде жат қылыққа қызының қалай дәті шыдап барғанына жағасын ұстап, қайран қалды. «Ешкімге айтпаңызшы» деп ботадай боздап отырған қызының сөзін де елең етпестен, үлкен ұлына дереу құдықты ашқызды. Ауласында жазықсыз сәбидің мүрдесі қор болып жатқанда қалай тіс жармай, емін-еркін жүре алсын? Қалай тамағынан ас өтсін? Қаннен-қаперсіз «жабулы қазан жабулы күйінше қалсын» деп, ұйықтай беретін жүрексіз де емес қой. Қызының етегіне жабыса еңірегеніне де қарамастан, үйдің ішін тік тұрғызды. Мына сұмдықты естіген әкесінің түрінен түр қалмай, әлемтапырақтанып кеткен.

Қапшыққа салынған сәби денесін ілгекпенен әрең алып шыққан ағасының да өңі бозарып, адам танымастай өзгеріп кетіпті. Қапшықты ақырын ашқан Әтіркүлдің жүрегі қарс айрыла жаздап, дір-дір еткен күйі отырып қалды. Құйтақандай жалаңаш сәбиге қарап, Сәлиманың жаны түршікті. Қабырғасы қайыса, еріксіз көзінен жасы ыршып шығып кетті.

– Сен мен ойлағаннан да қатігез, жауыз екенсің ғой. Қалай дәтің барды?

Әкесі ләм-лим деместен, еңіреп тұрған қызының жағынан шапалақпен салып жіберді де, теріс бұрыла берді. Қатып қалған өз қанынан жаралған сәбиінің денесін емес, өзінің ендігі өмірін уайымдаған Айсара қорқыныштан дірілдей берген.

– Көзін құрт! Көрмейтін болайын енді ол кәпірді.

Әлімбай жан дүниесін түршіктірген көрінісінің әсерінен әлі де арыла алмай, ашудан қалшылдап кетті. Қызының жетесіне жеткізіп, ұрсар сөз таппады. Мұндай сорақылықты өңі түгілі түсінде де көрермін деп ойламаған әкесі әлі де болған жайтты санасына сіңіре алмай, есеңгіреп отырды. Қызынан біржолата түңіліп, жиреніп те кетті. Әтіркүл қызының қылығынан есінен тана есеңгіресе де, ана емес пе еді? Қызының қатігездігінен шошынса да, іштен шыққан шұбар жыланын тентіретіп жіберуге жүрегі дауаламады.

– Әкесі-ау, қызың ғой. Қаңғыртқанда қайда бармақ? «Күнәсінен арылып, есі кірер» деймісің? Жоқ! Керісінше, біз оны сыртқа тепкен сайын, ол жазған құрдымға кете бермек. Соны қалайша ұқпайсың? Шариғат жолымен жүрген қариялар айтады ғой, «күнәсы көп жандар тозаққа кетіп бара жатып, әке-шешесін қарғайды» деп. Перзентімізге дұрыс тәрбие бере алмаған біз де тозақтың отына жануымыз мүмкін. Бәрі Алланың әмірінде. Тура жолдан адасқан қызымызды кеш те болса жөнге салайық. Ұрпағын тәрбиелей алмай, тентіретіп жіберген қай ата-бабаңды көріп едің? Айтшы, қайдан көріп едің?

Отағасының бетіне қарап сөйлемейтін Әтіркүл қызы үшін қарсы уәжін айтып, етегі жасқа толып отыр. Қайран ана жүрегі десейші! Адамның санасына кірмейтін, жан түршігерлік қылмысқа барған қызын қызғыштай қорып әлек. Перзенті үшін өз басын қатерге тігетін шексіз ана махаббаты неліктен Айсараның бойына дарымады екен? Қазақи отбасында өмірге келіп, әке-шеше мейрімімен сусындап өссе де, жүрегінің түбінде өсіп-жетілген сәбиіне сол көрген мейірімінің бірін де көрсете алмаған оның жүрегінде тозаңның түйіріндей де иман жоқ еді.

Әлімбай сай-сүйегін сырқыратар сол оқиғадан кейін қызының көз алдында жүргенін қаламады. Қызын көрсе, құдықтан алып шыққан сәби көз алдына әртүрлі кейіппен көлбеңдеп, есін шығарды. Келіні де балаларын Айсарадан алшақ ұстауға тырысқанын көрген сайын, жүрегіне қанжардай қадалатын. Содан көп ұзамай шалғай аудандағы ескі тамырларының ұлына ұзатып жіберді.

 ***

Нәсірмен бас қосқалы алты жыл болса дағы құрсақ көтере алмай, Айсара біраз дәрігерлердің кеңесіне жүгінді. Естіген емші-тәуібінің де есігін тоздырып жүріп, Айдарды дүниеге әкелген. Содан араға екі жыл салып, Айдана атты қызы өмір есігін ашты. Тәубесіне келмеген Айсара Нәсірге тиіп, бағының ашылып, адам болып отырғанына шүкіршілік айтудың орнына, момын күйеуін жүндей түтіп жіберетін көк долы еді. Негізінде, Айсара басына іс түсіп, жаны қиналғанда ғана Құдайдың бары есіне түсіп, құлшылық етіп қоятыны болмаса, көкті тіреп тұрған құдды өзі секілді кекіреюші еді. Табиғатынан момын жаратылған Нәсірдің намысына да тиіп, көкірегін көтере, астамшылдық жасайтын кездері де жоқ емес. Не өлі, не тірісін де анықтап білмей жатып, сәбиін қапшыққа сала, құдық түбіне лақтыра салған кездері есінен тарс шығып кеткен. Өмірге енді ғана қадам басқан, пәк періште сәбидің өміріне өз қолымен балта шапқан қараниеттілігіне кешірім сұрауға да таяз ой-өрісінің жетпегені де. Сондай ниетіне перзент сыйлаған Тәңірге де шүкіршілік айтып, тоба қылуға шамасы жетпеді. Дәлірек, имансыз жүрегі ырық бермеді.

Өсірген ұл-қызының нағыз қызықшылығын көрер шақта Нәсір мезгілінен бұрын қайтыс болды. Бәлкім, қанағатсыз әйелінің жүйкесін жұқартар сөздерінен әбден жаны қажалған да шығар. Ұйқыға жатқан күйі мәңгілікке көз жұмып кете барды. Барында қадіріне жетіп, бағаламаған, төрдегі басын есікке сүйреген, еркектік намысын қорлаған Айсара жұртқа көзбояу ретінде шашын тарқатып жіберіп, жағымсыз даусымен зарлай жөнелгенде, көпшілік бір-біріне таңырқай қарап қалысты. Бір-біріне жапсарластырып салынған өкіметтің үйінде тұратын абысын-ажындары Нәсірді балағаттап, бақырып жүретін Айсараның даусын талай рет естіп, құлақтарын жабатын. «Қан құсқыр, сүмелек! Жерге кірмей, жатып алдың ғой сен де бір. Сен қара жерге кірген күні менің бағым ашылатын шығар. Қашан өлесің, қашан?» деген жантүршігерлік қарғыстарын ести-ести құлақ еттері де үйрене бастап еді. Енді, мына көрініске қарап, таң-тамаша қалысты. Мың құбылатын Айсараның әртістік, әккілік өнеріне тең келер пенде жоқ шығар, сірә. Бойжетіп келе жатқан қызы да тура өзіне ұқсаған, арсыз еді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген осындайдан туындаған нақыл сөз шығар. Алайда, Айдана «тон пішетін» жағын емес, бір мезетте сан құбылатын екіжүзділікті меңгеріп келеді.

Айдар шешесінің қарсылығына қарамай, өз сүйген қызы Баянды алып қашты. Айсара келісімінсіз әкелген келініне ризалығын бермей, біраз тулады.

– Керегі жоқ. Әкелген жағыңа апарып таста! Соңыңнан сүмірейіп ілесіп келе берген қыздың қайбір абыройы болсын? Ары таза болмаған соң да дымы шығар емес.

– Мама, жайырақ! Естіп қалады ғой. Ұят емес пе?

Айдар шешесінің қылығынан намыстанып, жаны ышқынып барады. Жанындай жақсы көретін Баянына қолы әрең жеткенде айрылып қалу қаупінен қорыққан көздері алақандай болды. Ұлының сезімімен санаспаған Айсараның өз ішкі есебі бар тұғын. Көптен бері көздеп жүрген адамы бақуатты отбасының қызы. Санасын ақша билеген Айсара ұлының бақытынан гөрі байлықты көбірек қалайтын. Көрші ауылдағы ең бақуатты отбасымен құда болуды аңсап жүргенінде… «Қарашы, бұл желөкпенің бір шүйкебасты жетелеп келгенін? Бәрібір мен ол жетпегірді «келінім» деп қабылдамаймын. Ақ батамды бермеймін!» деген теріс ниетін де Құдай да қабыл етті ме? Әйтеуір, Айдар мен Баян бір-бірін қалтықсыз, шынайы сезіммен сүйіп қосылса да, бір перзентті зарыға күтті. Бұл жағдай Айсараның келініне тиісуінің ең үлкен себептерінің бірі болды. Таңертеңгілік шайға отырысымен жаттанды «жырын» жырлай жөнелді.

– Жұрттың келіндері келе салып жылма-жыл топырлатып туып жатыр. Олардың ниеттері ақ, таза болған соң да Құдайдың етектеріне топырлатып беріп жатқаны. Әйтпесе, біздің келін ұқсап отырар еді ғой өз-өзін сылап-сипап.

Бұл сөздер әрине, Баянның өңменінен өтетін. Жеп отырған нанын жұта алмай, жанары жасқа толып кетуші еді. Келіншегінің мұңға толы жанарын көргенде Айдардың жүрегі сыздап кетеді. Күнделікті қайталана беретін жаттанды жырдан жаны қажалып-ақ бітті. Үндемей құтылатын қалпынан айнып, мамасына жек көре қарап:

– Мама, қашан қоясыз осындай әңгімелеріңізді? Ұялмайсыз ба? – деді зілдене дауыс шығарып. Келіншегінің сөзін сөйлеп, күйін күйіттегендей болып көрінген ұлының мына сөздеріне жаны шығып кете жаздап, әрең отырған Айсара әлден уақыттан кейін айқайды салды.

– Өтірік пе? Келгеніне жылдан асты. Қане, туғаны? Пұшпағы да қанамаған әйелдің кімге керегі бар? Мен қашан немеремді иіскейді екенмін? Қашан? Осы ниеті арамның кесірінен немеремді көре де алмай, өліп кететін шығармын, бәлкім. Кім білсін, бұл жексұрынның қандай пиғылмен жүргенін? Бір күні болмаса, бір күні тамағымызға у қосып, бәрімізді арам қатырар. Көзінен сорасы ағып, сүмірейе қалуы тегін емес. Мөлиген көзінен қорқамын мен бұның.

«Ауыз өзімдікі» дегендей, Айсараның аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Қызынан да кіші еліктің лағындай ғана сүп-сүйкімді келінін дүниедегі ең сұрықсыз, сорлы жанға теңеп, жер-жебіріне жете, ар-намысын әбден қорлады. Сүйегінен өтер сөздерден жаны ауырған Баян «мені арашалап алшы» дегендей, мұңлы жас жуған жүзімен Айдарға жаутаңдап қарайды. Жанындай жақсы көретін жан-жарының қорғансыз, дәрменсіз кейпін көргенде Айдар да шыдап отыра алмады. Үстелді дәу жұдырығымен қойып қалды. Аузы көпіріп, небір сорақы, анайы сөздерді келінінің «мекенжайына» қарша боратып отырған Айсара кілт тоқтады.

– Бұдан кейін осындай сөздеріңіздің бірін еститін болайын, бұл үйден еншімді алып, бөлек кетемін.

Ұлынан бұндай сөзді естимін деп ойламаған Айсараның көздері шарасынан шыға жаздап барады.

– Сонда мені жалғыз тастап кете бермекшісің бе?

– Сіздің «арқаңызда» бақытымнан айрылғым келмейді.

– Байлығың жоқ, балаң жоқ, қайдан бақытты боласың? Мен айтқан қызды алғаныңда, әлдеқашан шіреніп мәшине мініп, екі-үш баланың әкесі болып жүрер едің.

Шешесіне дауа жоғын түсінген Айдар ашуменен үстел үстіндегі кеселерді лақтырып жіберді. Сынған ыдыстардың даусымен қатар ұлының айқайлаған даусы қосарлана шығып, Айсара жым болды.

– Жетер енді! Мама, қоясыз ба, жоқ па?

Басын изей берген Айсара момақан күйге енгенімен, көкейіндегі арам ойлары сайрап тұрған еді.

Жоғарғы оқу орнында оқитын қызы қаладан келгені сол, Айсара теперіш (қорлық) көрген жандай ебіл-дебілі шыға алдынан жылап шықты. Себебін сұрап, бәйек болған қызына мұңын шағып, өксігін тыя алар емес.

– Қызым-ау, сен барда ғана екен ғой бұл үйде қадірімнің бары. Сен кеткелі анау жеңгең мені ағаңа жамандап, шағыстырып жүр. Көзін шел басқан ағаң мені адам құрлы көрмейді. Қатынының сөзін сөйлеп, мені аяғына жығып беріп отырады. Қайтемін, енді? Не істеймін? Қойнына кірген сұр жыланы сусылдап, «бөлек шығамыз» деп күндіз-түні үгіттеп, шайтаннан да ары азғырып жүр. Жалғыз ұлымды менен әдейіге ажыратпақшы. Ойбай-ай, енді қайттім? Келіннің түртпегіне айналғанша өлгенім артық еді. Өлгені-і-ім.

Өзіне тартқан қызы шешесінің қырық өтірігінің бірін де саралап жатпастан, асүйде тамақтың қамымен күйбеңдеп жүрген жеңгесіне екі бүйірін таянып, жетіп барды. Қаннен-қаперсіз әлдебір әуеннің ырғағымен ыңылдап, тірлік істеп жүрген Баянды жұлқып өзіне қаратты. Әупірімде алаңсыз жүрген Баян оқыс қимылдан шошып кетті. Онысына мән беріп тұрған Айдана жоқ, бетінің қаны қашып, адам өлтірердей болып сұрланып кеткен.

– Ей, сен кім едің? Кім едің сен біздің үйде өз билігіңді жүргізетіндей? А, кім едің? – деп, түкке түсінбей көздері жыпылықтап тұрған Баянның бетіне шапалақпен салып жіберді. – Сен түгілі анау есерсоқ байың да менің шешеме қарап сөйлеуші болмаңдар! Ұқтың ба? Кеткенім кеше еді, үйдің шырқын бұзып жіберіпсің білген ойраныңды салып. Сусылдағанша туып алмайсың ба қара басың сопайып жүре бермей.

Баян аузына сөз түспей, өксігіне тұншығып қала берді. Елірген қайынсіңлісі аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыға жеңгесін сөзбен түйреп, тұқыртып тастады. Есіктің жақтауынан сығалап тұрған Айсара қызының «ақылдылығына, ерлігіне» сүйсініп, пасық көкірегін мақтаныш керней берді. Қайынсіңлісіне бір ауыз тіл қата алмай, ботадай боздап тұрған келінінің түрін көріп, айызы қана рахаттанды. Негізінде, Айсара келінінің күліп жүргенін емес, дәл осылай көзі жасқа толып, мүсәпір болып жүргенін қалайтын надан жан. Ұлымен сәл әзілдесіп, жүзіне күлкі үйіріле қалған сәттерін көргенде, қабағынан қар жауып, қара аспанды төндіріп жіберердей, долданып шыға келеді. Келіннің күлкісін де көре алмайтын іші тар ене. Ене деймін-ау, ене деген сөзге де татымайтын бақталас, күндесі секілді. Жап-жас келінімен тақасып, іштей ерегісіп жүргені. Әттең, ішін күйдіріп жүрген келіннің жақсылап тұрып сыбағасын берер еді. Тек оған ұлы мұрша берер емес. Қызғыштай қорып, маңына да жуытар емес. Ұлының келініне деген ілтипатын көрген сайын іштегі ыза-кегі қайнай түсетін. Тышқан аңдыған мысықтың кейпін киіп, орайлы сәтті күтіп жүргелі қашан? Әлдене деуге тағы жүрексінеді, «ұлыма айтып, мені жалғыз тастап, бөлек шығып кете ме?» деген қаупі де жоқ емес. Үн-түнсіз жүре беруге іштегі қызғаныштың қызыл иті көкірегін тырналап, шыдатар емес. «Тумайсың ба? Қашан немеремді иіскеймін» дегені де жәй тиісудің амалы. Әйтпесе, өзі де келінінің балалы болғанын қаламайды. Балалы болса, ұлы тіптен келіншегінің шашбауын көтеріп, төбесінен шыбын ұшырмайтын хәлге жетер. Осындай арам пиғылмен өз ұлының бақытын да қызғанып, мысық тілеулес жанға айналған. Ішін күйдіріп, діңкелетіп жүрген келіннің сыбағасын беру үшін ең алдымен ұлымен екеуінің ара-жігін ажыратып алуға барынша білек сыбана кірісті. Қызын сол оймен әдейіге шақыртып алған. Қызы өзінен де асып түсетін. Екеулеп, тездетпесе іші кеуіп, жарылғалы жүр.

Айдардың жұмыстан келер уақыты таяған сәтте, Айсара аңырай жөнелді. Еш себепсіз аңырап отырған енесін түсіне алмай, Баян үрейленіп кеткен.

– Апа, не болды? Бір жеріңіз ауыра ма? Дәрігер шақыртайын ба? Су ішесіз бе?

Асты-үстіне түсе бәйек болып жүрген келініне жек көре қарайды. Дәл осы сәтте есік жақтан Айдардың көрінуі мұң екен, даусын зорайта түсіп, аңырай бастады.

– Не жазығым бар еді менің? Айтшы, келін-ау? Неге мені сонша итересің? Сенің де мен сияқты анаң бар емес пе? Қалай ғана дәтің барып мені итердің? Ойбай-ай, белім, жамбасым. Қақсап барады, кеміріп жеп барады, – деп беті бүлк етпестен аңырап отырған енесіне Баян таңдана қарады. Бір сәт «енем ақылынан алжасайын деген екен. Ақыл-естен айрылыпты» деп те ойлап үлгерді. Кең пейіл, ақ жүрегі сыздап та тұр. Енесінің ақылынан алжасқанына шындап жаны ашыды. Қайдан білсін, әккіс енесінің өзіне мықтап тұрып қақпан құрып жатқандығын? Түкке түсінбей, есік ауызда аңтарылып тұрған ұлына айқай салды.

– Не қылып мелшиіп тұрсың? Мені қатының баспалдақтан итеріп жіберді. Енді міне, белімді ала алмай жатқаным.

– Мама, Баянның сізді итеріп жіберуі мүмкін емес. Өзіңіз абайсызда құлап қалған шығарсыз?

Мамасының ауырмаған жамбасы мен белін уқалап, әлекке түсіп жатқан қызы араласты екі бүйірін таянып алып.

– Сонда мамам «өтірік айтады» дейсің бе? Мен өз көзіммен көрдім ғой қалай итеріп жібергенін? «Немерем болса, арқама салып жүрер едім» деп еді, анау келді де, «қақсап болмадың ғой, арқалағыш арқаңды сындырып тастайын» деді де, итеріп жіберді. Мамам домалаған күйі жерге бір-ақ барды.

– Өтірік!

– Сен немене қатыныңның іші-бауырына кіріп, мамамды кері теуіп жүрсің? Саған шеше керек емес, әйелің керек екен ғой. Саған керек болмаса, маған керек. Әйеліңмен қосыла кете бер! Сендей ұлды өмірге әкелгенде неге сонша қуанды десейші. Әйелінің өтірігіне сеніп, шешесін жазғырған сендей ұлдың барынан жоғы. Намыссыз, шіріген жұмыртқа!

Айдардың мына сөздер намысын осып өткендей. Босағада көзі жыпылықтап тұрған келіншегіне шатынай қарады.

– Баян, мамамды итергенің рас па?

– Саған не болған? Сен де ақылыңнан алжасайын дегенсің бе?

– А-а, біз сонда бәріміз ақылымыздан алжасқан екенбіз ғой. Ойбай, белім-ай.

Айсара ешкім тең келе алмас әртістік өнеріне салып, «ойбайлай» жөнелді. Лезде мүсәпір күйге де еніп, көзінің жасын көл қылды. Тосын жайтты санасына сіңіре алмай, есеңгіреп тұрған Айдарды қарындасы да намысына тиіп, қамшылап қояр емес. Мына көрініс жан дүниесінің аласапыранын шығарды. Күдігін шындыққа бір табан жақындатқысы келгендей, Баян да үнсіз тұр.

– Сені бұндай әйелінен қорқатын, дәрменсіз деп ойламаппын.

Адамның азғырғаны мен іштегі шайтанның бас көтеруі бір-бірімен үндестік тауып жатқандай. Сәт сайын Айдардың түрі де, мінез-құлқы да өзгеріп барады. Баяны көзіне көрінсе болды, ындыны құрып, сұқтанып қарай беруден көзі де, өзі де бір тоймаушы еді. Ал дәп қазір Баяны көзіне албастыдай көрінуде. Тұла бойын ашу қысқан Айдардың көзін шел басқандай, ақылы зым-зия жоғалғандай. Бір-екі аттап келіншегіне барды да, бар күшімен бір ұрып, жерге құлатты. Баянның жан даусы шықты. Айсара мен Айдана бір-біріне жымың-жымың ете қарады. Айдар бойын билеген ашудан арыла алмай, есікті аяғымен бір теуіп, сыртқа шығып кетті. Сол кеткеннен мол кетті.

Түн жарымында бір-ақ оралған Айдардың аяғынан әзер тұрғанын көргенде ана жүрек қынжылудың орнына, жүрегі жарыла қуанды. Қисалаңдап келе жатқан ұлының алдынан ақсаңдай басып шықты.

– Құлыным-ау, неге сонша кешіктің? Сені уайымдап ұйықтай алмай жатырмын. Мына белім мен жамбасым да қақсап жатқызар емес. Мен сендерді әйелдеріңнен жапа шегуім үшін туыппын ба? Тоғыз ай, тоғыз күн толғатып жүргендегі көрер қызығым осы ма еді? Ендігі жетпегені ынжық ұлымның әйелінен таяқ жеу еді.

Анасының сөздері санасына ызыңдап жетіп жатқан Айдардың көзі аларып шыға келді. Бүгін кештегі болып жатқан оқиғалар қат-қабатымен жүйкесін шаршатып-ақ жіберіпті. Ақыл таразысына салып саралап та жатпастан, шырт ұйқыда жатқан Баянды тарпа бас салды. Есік сыртында Баянның шыңғырған даусынан ерекше ләззат алып, Айсара мен Айдана бір жасап қалды.

Сол оқиғадан кейін-ақ айрандай ұйып отырған отбасыдан береке кете бастады. Айдар мен Баянның бір-біріне деген ыстық сезімдерінің орны өшпенділікпен алмастырылып жатқандай. Көңіліне кірбің ұялаған Баянның ұнжырғасы түсіп жүргенін көргенде, Айдар жын ұрған бақсыдай еліріп шыға келетін. Күні бойы шешесінің айтқан сөздері құлағында жаңғырып тұратын Айдар ашуына ерік бере, жазықсыз келіншегінің жүрегін аяусыз жаралайтын.

– Сен қай ойнасыңды ойлап, қайғырып жүрсің? Дүкенге барып, сүйіктіңді көріп, көңілің тояттап келді ме? – деген сияқты ақылға қонымсыз әңгімелерімен жігері жасып жүрген Баянның жанын қажайтын. Көзі көрмесе де, адал жарына қара күйені аямай-ақ жағатын. Онысына дем беріп, әсірелеп отыратын әрине, өз шешесі. Қарындасы да өтірікті шындай етіп, сүйреңдеп қалысар емес. Сөйтіп, жеңіс туын өз жақтарында желбіреткеніне масаттанған Айсараның қуанышында шек жоқ. Жазықсыз келінді тұқыртып, мұқатып отырғанына өз-өзіне дән риза. Жауды жеңген сарбаздай, онысын өзіне мәртебе санайды.

Қосағының дөрекілігін түсіне алмай, Баян көпке дейін жаны ауыра қиналып, жылаумен болды. Сүйген адамынан әр кез дөрекілікті көре беріп, көңілі де суып кетті. Аялап, қамқорлық көрсетіп жүретін Айдардың лезде өзгеруінің себебін неге жорырын білмей, дал болды. Күні бойы енесінен қағажу көріп, кешке күйеуінің таяғын жеп, байғұс келіншектің әбден көңілі құлазып, күйзеліске ұшырады. «Тамшы тама-тама тас жарады, сөз бас жарады» демекші, Баянның да берекесі мен болашағы жоқ үйден әбден жүйкесі тоза шаршады. Енесінің әрбір сөзі өңменінен өтіп, тіпті өмірге деген құлшынысын да біржолата жойып жібергендей. Жарқын өмірден түңілген Баян күннен-күнге мәңгүрт жанның кейпіне еніп барады. Кей-кейде ғана ұйқысынан оянған арыстанша ызыңдап отыратын енесін тарпа бас салады. Жанын қажап біткен жанды аямайды-ақ. «Сен тумайсың!» деген сөздері де іштей жанын жегідей жеп кеміруде.

Қайта-қайта түсіне жүдеу кейіпте кіре берген сіңлісін уайымдап, Толқын жолға шықты. Сұрастырып жүріп, Айдардың үйіне де жетті. «Сіңлімді көретін болдым» деп алып-ұшқан көңілі ауладан кіре бере-ақ су сепкендей басылды да қалды. Тоз-тозы шыққан аула іші көңіл құлазытады. Еш жөндеу көрмеген үйі де көрер көзге тым оғаш. «Баян тірлігіне тап-тұйнақтай, ұқыпты еді ғой. Мынаусы несі?» деп таңданған Толқын табалдырықты аттай бере қалт тұрып қалды. Үйдің ішкі бөлмелерінің бірінен шығып жатқан құдағиының даусын жазбай таныды.

– Тумасаң неге жүрсің бұл үйде? Құрымайсың ба? Әлде, біздің ас-ауқатымызға жармасып жүре бергің келе ме? Адам түгілі мал да туып жатыр ғой. Сенің пейіліңнің тарлығынан Құдай саған бала бермей жатыр. Маған бедеу келін керек емес. Құрт көзіңді! Баламның бағын байламай, кет!

Толқынның денесі мұздап сала берді. Сіңлісінің сыңсыған даусын естіп шыдап тұра алмады. Туфлиін де шешпестен, кіріп кетті. Баянды тұрғызып қойып, үйді басына көтере айқайлап отырған Айсара Толқынды көріп, аузына құм құйылғандай жым болды. Мына жанын езгілер ауыр сөздерден құтқарар, қорғансыз бейшара күйіне пана болар әпкесін көргенде Баян дауыс салып, жылап жіберді. Түрі өрт сөндіргендей, түтігіп кеткен әпкесінің мойнына асыла кетті.

– Әпке, әпкетай…

Одан ары қарай сөйлей алмай, өксігіне тұншыққан сіңлісін құшақтаған Толқынның қабырғасы қайыса жаздады. Жүрегі аузына тығыла жаздап, көңілі босап тұрса да, босаңсуға жол бермеді. Сіңлісінің біраз мауқын басқанша құшақтап, құшағынан босатты. Бетін тілсе қан шықпайтын сұп-сұр жүзімен бедірейіп отырған құдағиына тістеніп тұрып, әзер тіл қатты.

– Амансыз ба, құдағи?

Ернін ғана жыбырлатқан Айсара жақтырмаған кейіп танытып отыра берді. Ашуын ақылға әрең жеңдіре білген Толқын сабырлық сақтай білді. Дәлірек, сіңлісінің абыройын ойлап, даусын жұмсарта сөйледі.

– Құдағи, Құдай бермеген перзентті бұлар тартып алмақ па? Неге сонша сіңілімді тұқыртып барасыз? Өзі жабырқап жүрген жанға сонша сөз айтуға бола ма екен? Сіз жасы үлкен анасыз. Үлкендігіңізді көрсетіп, жайымен түсіндіріп айтсаңыз, жерде жатқан сіңіліміз жоқ. Алып кетер едік. Егер шынымен де кінә менің сіңілімнен болса.

Үн-түнсіз түнеріп отырған Айсара жағымсыз даусымен дарылдай жөнелді.

– Немене, тумағаны үшін біздер де кінәліміз бе сонда? Әлде, оның жатырын мен тігіп тастаппын ба? Бедеу болған соң тумайды да.

– Әдептен озбаңыз! Сөйлер болсақ, бізде де тіл бар.

– Білемін тілдеріңнің сала құлаш екенін. Тілдеріңнің ұзындығын қайтейін, бір баланы да туып бере алмаған соң. Алып кет бедеу сіңліңді!

Бұндай сөздерге Баянның әбден құлағы үйреніп, еті өліп кетсе де, бұрын-соңды мынадай бейәдеп сөздерді естіп көрмеген Толқынның көзі шарасынан шыға жаздап, бақырайып барады. Дөрекі сөздер жанын аяздай қарып кетті. Сіңлісінің азып-тозған жүзіне қарап, ет-жүрегі елжіреп, езіліп кетті. Әлі де болса, сыйластықтан аттап өтпей, ізетін сақтап тұр.

– Келініңізді босағаңыздан аттағалы бері бір рет болса да дәрігерге алып бардыңыз ба?

– Жаман ауруларың бар ма еді?

– Құдағи, мүмкін Баян суықтап қалған шығар. Дәрігерге көрсетіп, емдетіңіз. Бәлкім, сіз күткен немере де болып қалар. Құдайдың құдіретінде шек жоқ қой.

– Баян туатын болса, есігімнің алдындағы қара өгізім де (бұқа) туатын шығар. Мүмкін, екеуін де жетелеп дәрігерге апарармын.

Толқын ақылға сыйымсыз сөздерді көкіп отырған құдағиына қарап, жағасын ұстады. Бәрібір сөз өтпейтін, жетесіз екендігіне көзі жетіп, сіңлісінің маңдайының соры бес елі екендігіне жүрегі ауыра қиналды. «Алып кет сіңліңді!» деп бақырған Айсараның сөзін елең де қылған жоқ. Ерегіскенде сол үйде бір аптадай уақыт жатты. Жергілікті дәрігерге Баянды апарып тексертті. Барлық талдау нәтижелері жақсы болғандықтан Баянда еш кінәрат болмай шықты. Ашуына мінген Толқын күйеубаласын қанша сүйрелесе де, Айдар басын алып қашты. Дәрігерге көрінуден мүлде бас тартты. Медициналық тексерулердің қорытындысын Айсараның бетіне лақтырған Толқын өз-өзін ұстай алмай, айқайлай жөнелді.

– Міне, көріңіз! Бедеулік кім жақта екен? Баянның денсаулығында ақау жоқ. Бала көтеруге барлық мүмкіндігі баршылық. Балаңызды да алып барып, тексерулерден өткізейін десем, өзіңе тартқан екен ұлың. Бет бақтырмады, басын алып қашты. Енді Баянның жанын жаралайтын сөздеріңізді тыйыңыз!

– Мен бұл бір жапырақ қағаздарыңа сенбеймін. Сен дәрігерлердің бәрін сатып алып, жалған мәліметті жаздырып әкелгеніңді мен білмейді деймісің? Баламның түк кінәсі жоқ. Бар пәле Баянда! Мүмкін, оң босағада отырып, ойнап-күліп қойған шығар? Кім білсін? Бірінші баланы алғызса, мүлдем бала көтермей қалады.

Толқын қолын көтеріп, ұруға оңтайланып келе жатқанында, Баян алдын кес-кестей берді. Жанарында тағдырына мойынсұну мен «араласпашы» дегендей жалынышты мұңлы жас тұнып тұр еді.

– Әпке, не қыласыз, өз-өзіңізді текке шаршатып? Жездем мен балалар да жолыңызға қарайлаумен екі көздері төрт болған шығар. Қайтыңызшы, – деп қиыла қарағанында, Толқын шарасыздықтан жылап жіберді.

– Соңымнан ерген, қарам-ау! Сенің бақытсыздығыңды сезінген сайын мен қалай тыныш жата аламын? Айтшы? Қайдан ғана бұл кещелерге тап болдың? Гүлдей өміріңнің күннен-күнге солып бара жатқанында мен қалай тыныш қайта аламын? Сені алып кетемін. Мына қорқаулардың ортасында жемтігіне айналып, ажалыңнан үш күн бұрын өліп қаларсың, – десе де, Баян дес бермеді.

– Құдай қосқан қосағыммен қоса ағарайын. Әпке, пешенеме жазылғаны осы шығар. Қайтейін, көнемін де, көнбегенде өз тағдырымнан қашып, қайда бармақпын? Алланың маған жіберген аз ғана сынағы болар, бәлкім. Шыдайын, көнейін. Менің де бақытты күндерім туар. «Құдай сүйген құлын басына іс түсіріп, қинайды» дейді ғой. Ешкімге қиянатым жоқ еді. Менің де жұлдызымның жарқырайтын кезі болар. «Ұя бұзған оңбайды» деп жатады ғой жұрт. Өз ошағымның отынын өзім сөндірмей, ақырын күтейін. Мені қинамаңыз.

Толқын жылай-жылай, артында жаутаңдап, қарайлаумен әрең кетті. Келінінің ақылдылығына сүйсінудің орнына, Айсара мұрнын шүйіре кеңк-кеңк күліп тұрды.

– Басар жер. барар тауы болмаған соң да менің малайым болып жүргенді қалағаны. Әйтпесе, қуып жатсам да кетер емес қой. Мейлі, жүре бер біздің малайымыз болып. Бәрібір бір тостақ тамақты итке де төгеміз ғой. Жақында Айдарды үйлендіремін. Сен беташарда қызмет жасайсың зыр жүгіріп, – деп қояды шегі қата күлкіге қарық болып.

Санасында ақыл болмаған соң қиын екен. Айсара өмірден көрген қиыншылықтарынан еш нәрсенің де байыбына жетіп, түсіне алмады. Бардың қадіріне жетіп, бағалау деген Айсараның таяз санасына сіңбейтін, мүлде жат нәрсе. Біреуге қысым жасап, зар еңіреткеніне ләззаттанатын қорқау еді. Бір апта бойы құдашасының үйінде жатқанында іші кеуіп, әрең жүрді. Әпкесімен күнде емханаға кететін келініне жыны келіп, кіжініп жүруші еді. Енді, солардың есебін еселеп алатын сәтті асыға күтіп, тырнақ астынан ілік іздей бастады.

– Апа, қойыңызшы! Мұныңыз не? Жаурап өлемін ғой, апа. Не жаманшылық істедім сізге? – деп шырылдағанына қарамай, имансыз жүрегі жібіместен, қараңғы түнде Баянды іш көйлекшең сарайға қамап қойды. Күздің қара суығында жалаң аяқ, жалаң бас дірдек қаққан Баян енесіне жалынса да, тасжүрек Айсара есікті ашпады. Өзі түбіт шәліге оранып алып, жылы үйге жүгіре жөнелді. Көрпеге оранып жатып, далада суық жел тұрған сайын жан кіріп, рахаттанып жатты. Құрсағын жарып шыққан перзентін шала-жансар күйінде құдыққа тастай салған Айсараға күндес іспетті келінін сарайға қамап қою түк емес. Шырылдап жылап жатқаны шыбын шаққан құрлы әсер етпеуде.

Тас еденде дірдек қаққан Баян жаурағандықтан тісі-тісіне тимей сақылдап кетті. Әпкесінен қалып қойған өзінің болымсыздығына зығырданы қайнай жынданды.

– Толқыннан неге қалып кеттім екен? Сорлы басым осылардан не үміт күтіп жүрмін? Ажалымды ма? Айдар! Қане, мені сүйген жүрегің? Қайда қалды сезімге толы сөздерің мен көздерің? Баянсыз махаббатқа алданып, жауыздықтың құрбаны болғаным ба?

Баян өзінің шектен тыс момындығы мен мейірімге толы жүрегін жек көре жылай берді. «Таспен ұрған енесін аспен сыйлап» жүрген сүмелектігіне өкіне жылады.

Ертеңіне жерде сұлап жатқан жерінен Айсара жұрттың көзіне түсіп қалмас үшін сүйрелеп үйіне кіргізді. Суықтан тоңған денесі сіресіп-қатып қалыпты. «Өліп қалса, бәлесіне қалармын» деген қорқынышпен үстіне көрпелерді бүркеп жаба берді.

Кеше кеткеннен үйіне қонбастан енді оралған ұлының келе жатқанын көре сала, айлакер Айсара қолына сыпырғы ұстай алды.

– Үуф, белім-ай. «Келін алып, қолымыз ұзара ма?» десем, тірліктен көз аша алмай-ақ келемін ғой, әйтеуір.

Айдардың ең жанына тиіп, ашуына тиетін осы бағыттағы кикілжің әңгімелер. Әбден жанын қажып біткені соншалық, шешесінің тыржиған түрін көргеннен ашуы мұрнының ұшына тірелгендей, ісіп-кепті. Түні бойы достарымен саунаға түсіп, көңіліне желік біте лепірген көңілінің астаң-кестеңін шығарған шешесіне айқайлап берді.

– Тағы не болып қалды? Міндетсінсеңіз, сыпырмай-ақ қойыңыз. Жата берсін шашылып. Келініңіз өзі жинап алады.

– Жинайтын келінді көріп тұрғаным жоқ. Қатының аяғы аспаннан келіп, ұйықтап жатыр. Әлі тұратын түрі жоқ.

Айдардың шыдамының шегі таусылып, арыстанша атылып, бөлмесіне кірді. От болып жанып жатқан Баянды шашынан ұстап, далаға сүйреп шығарды.

– Мама, осы ма сіздің арманыңыз? Осы ма? Міне, ендеше, – деп, былқ-сылқ етіп, аяғынан әзер тұрған Баянды бас-көз демей сабай жөнелді.

Баян бұл үйде өмірінің мәнісі жоғын жан-тәнімен түсініп, біржолата көше жаққа қашып барады.

Арада екі жыл өткенде, Толқынның қайынағасымен бас қосты. Араға жыл салып, өмірге шекесі торсықтай егіз ұлдарды әкелді. Тәңіріне мың да бір шүкіршілік айтып, бақыттан жүзі бал-бұл жайнаса да, өткен күндердегі сол бір қасірет шеккен кездері жүрек түкпірінде сыздап тұрады.

Жазықсыз жанның төгілген көз жасы мен наласы жіберсін бе? Айсараның қызы іс-түзсіз ұшты-күйлі жоғалып кетті. Қандай жолға түскенін, не істеп жүргенін, не өлі, не тірісін біле алмай, Айсара зар еңіреуде. «Он сегіз жастағы қызды әперемін» дейтін ұлы үйленбек түгілі, өз қара басын әрең алып жүретін, көше кезген алқашқа айналған. Шөлмектердің түбіндегі сарқынды арақтарды қылғыта жұта беретін Айдар шамасының жеткен жеріне дейін қисалаңдап жүреді де, тәлтіректеп, балшыққа құлай кетеді. Үйінің бар-жоғы да жадынан шығып кеткендей, көрінген төбеге түнеп, қоқыстан талғажау етер тамақ іздеп, иттермен таласып жүргені.

Қызы қалаға кетіп қалған. Шешесі келіні кеткесін туған қызына ауыз салып сонымен айқайласып, дауласып аузына келгенді айта бергесін жалғыз қызы да мезі болып кетіп қалған. Соңғы кеткенінде қайтып оралмайтынын, мұндай арсыз ананың керегі жоғын айтып кеткен. Жалғыз қалған Айсара тәубесіне келер емес. Қаны бұзық, имансыз әйелді тек көр ғана түзейтін шығар. Ол тек өзінің емес талайдың тағдырын талқан еткен әйел еді. Енді өз тағдыры да талқан болғалы қашан…

С.БАҚЫТКҮЛ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған