САН ҚҰЛАТЫП САН ЖЫЛАТҚАН ТАҒДЫР

Мен ауылды жерде, қарапайым отбасыда дүниеге келіппін. Әкем жай жұмысшы. Анам он бала тәрбиелеп өсірген ардақты жан.

Мен асқан сұлу болмасам да, орта бойлы, аққұба өңді, сүйкімді қыз болып бойжеттім. Сыныптағы ең шашы ұзын қыз болдым. Шашымның ұзындығы тіземнен асып төгілетін. Әр жеріне алтын жалатқандай сары-қоңыр шашымды арқама бос етіп өріп, жіберіп қоя бергенімде, көшеде өтіп бара жатқандар маған аса қызығушылықпен қарайтын. Мен шашымды өсіргім келгендіктен ұзын етіп өсіріп жатқан жоқпын. Негізі мен шаш өсіргенді ұнатпаймын. Қайтейін, әке-шешем шашымды қырқуға рұқсат бермей қойса?! Әйтпесе, мен де шашымды қазіргі сәнмен қиған құрбыларыма қызығамын. Қысқа шаштың жуылуы да, таралуы да оңай емес пе?

Жоғарғы сыныпта да мен жақсы оқыдым. Есіл-дертім тек сабақ. Өзге қыздардай жігіттер туралы сөйлесу түгілі, оларды ойламаймын да. Тіпті мектептердегі кештерге, жасырын өткізетін мейрам сайынғы отырыстарымызға да қызықпаймын. Кейде құрбыларым сүйрегендей етіп алып шығады. Онда да ілуде бір баратынмын.

Жаңа жыл мейрамында отырысты Медет деген баланың үйінде өткізбекші болып келістік. Кешіміз қыза түскенде, жігіттер жағы сыртқа шығып кетті. Қыздардың бірі:

— Көрші совхоздан үш жігіт келіп тұр екен. Жігіттер оларды кіргізе ме екен, әлде өткендегідей етіп ұрып жібере ме екен? — деді сыбырлай.

Қыздар әлгі үш жігіттің кешімізге қатысуын тілеп отыр. Әсіресе, Айсұлу деген қыз:

— Әй, келсе келгені жақсы жігіттердің! Әр күніміз бен отырыстарымызды онсыз да сыныптағы жігіттермен бірге өткізіп жүрміз ғой. Түк те қызық емес. Бұл келген жігіттер анада Гүлзираның туылған күніне келген Айдостар екен. Әдемі жігіттер емес пе? Шіркін. Сол жігіт маған сөз салса ғой, ойланбай-ақ сонымен жүрер едім. “Ти” десе, тиер едім! — деп қыздарды ду күлдірді.

— Қойшы, сен қызығатындай ештеңесі жоқ, серейген біреу ғой! — деді Айткүл мұрнын тыржитып.

— Өй-й… Шегірткенің айғырындай тәлтіреңдеген сенің Жолдасбегіңнен он есе артық қой, — деді Гүлзира.

— Ой-бой-й. — деді даусын соза сөйлеген Жарқынай. — Сендер әрқайсысың көрші совхоздың жігіттерін бөліп жатырсыңдар ғой. Алдымен сендерге сол жігіттер көз қырын салар ма екен?

Қыздар өзара гуілдесіп тұрғанда дәлізден жігіттердің даусы естіліп, бәрі тым-тырыс болды. Сыныптастармен бірге үш бөтен жігіт ілесе кірді. Асабамыз Дәурен деген жігіт:

— Қане, қыздар мен жігіттер. Бізге көрші ауылдың жігіттері жаңа жылдық отырысқа қонаққа келіпті. Танымайтындарың болса, таныстырып қояйын, — деп үш жігіттің есімдерін атады.

Шеткі ұзын бойлы, аққұба өңді, үлкен көзді, әдемі жігітті Айдос деп таныстырды. “Жаңағы Гүлзираның айтып отырған жігіті осы екен ғой” деп ойлап қойдым. Бұрын-соңды көрген жігіт емес. Кеш қызықты өтті. Би билеп, ән салып, қызықты ойындар ойнадық. Арада апта өткенде Медет маған бір хат ұсынды. Айдос мені ұнатып қалғанын, ішкі сезімін білдіріп жазыпты.

— Сабира, өткенде жаңа жылдағы кешке келген Айдос деген жігіт менің жиенім болады. Ол саған ғашық болып қалыпты. Сенімен жолықсам деп жүр, — деді Медет.

— Керек емес!

Осы кезде сөзге Гүлзира килігіп кетті.

— Құдай-ау, сен де қызық екенсің. Егер маған осындай жігіттер хат жазса, мен оларға желімдей жабысып қалар едім. Әттең, жазбайды ғой, жазбайды. Сенің миыңда тек сабақ оқу ғана жүруі керек пе?— деп еді, қасында тұрған Медет мырс етіп күліп жіберді.

Менің ашуланып қалғанымды білген Гүлзира өзінің артық кеткенін біліп:

— Жай әншейін ойнап айтқаным ғой. Сен өзің жақсы қыз болған соң ұнатады да олар, — деп жуып-шайды.

Айдос Медетпен бірге келіп, маған хат тастап кетеді. Кездесуге шақырғанмен, мен шықпаймын.

Бір күні түнделетіп үйге Зәуре деген құрбым келді. Ол өзіне керекті кітабын алған соң мен оны көшеге дейін шығарып салып тұрсам, ар жақтан Медет сумаң етіп шыға келді. Зәуре екеуі екі жағымда тұрып алып:

— Анау талдың астында Айдос күтіп тұр. Сенімен сөйлесемін дейді, жүрші! Немесе осында келсін бе? Біз арыға барып тұрайық, ең болмаса бір ауыз тілдесіп қалшы. Бейшараға обал болды ғой, — дейді екеуі екі жақтан.

Мен ашуланып кеттім де, тағы да бірдеңе деп келе жатқан Зәуреге:

— Мен саған жігіт тауып, жолықтыр деген жоқпын. Жігіт жайлы ойлауға менің уақытым жоқ. Жаның ашып бара жатса, сен-ақ сөйлесе бер сол жігітпен! — деп үйге қарай бұрылдым.

Артымнан Зәуренің даусы шықты:

— Сен маған өкпелемеші! Өзі ғой маған жолықтыр деп жалынып қоймаған. Айдос маған жамағайын туыс болып келеді. Сен маған өкпелеме, Сәбира! Екеуміз титтейімізден бірге өскен құрбы едік қой.

Мен үндемей дарбаза есігін тарс еткізіп жаптым. Сонымен Зәуре маған жалынып жүріп, бір айдан кейін сөйлесті. Менің жігіттер жөнінде, біреуді сыртынан өсектеу жайлы, біреу жайлы ғайбат сөйлеуді жақтырмайтынымды бәрі де біледі.

Мен оқуды жақсы бітіргеніммен, Алматыға барып, оқуға түсе алмай қайттым. Тауым шағылып, ауылда жүрген күндеріме зығырданым қайнады. Көңілсіз жүрген менің жағдайымды түсінген әкем:

— Қызым, саған айттым ғой, қазір кімнің арты күшті болса, соның диірмені жүреді деп. Әттең, мен анау әр студенттен ақша тілеп отырған ашқарақтардың аузына кішкене ақша тыққанымда, сен де студент болатын едің. Қайтейін енді, қол қысқа… Бірақ, сен сонда да жолыңнан қалма! Мен сені медколледжге апарайын, сонда бір танысым бар! — деді.

Мәселенің бәрі ақшада екенін көріп келген мен қарсы болмадым. Әйтпесе мен сұрақтың бәріне де жақсы жауап берген болатынмын.

Сонымен мен медколледждің студенті болып шыға келдім. Жатақханаға орналастым. Екі сағаттық жердегі ауылыма айына бір рет барып келемін. Баяғы Айдос та бір колледжге оқуға түсіпті. Менің осында оқып жүргенімнен ол хабардар екен. Медеттен бе, біреулерден естіген болса керек. Менің қыр соңымнан қалмай жүріп, ақыры сөйлесті. Біз жиі кездесіп жүрдік. Күн өткен сайын мен оны ұната бастадым. Келе-келе Айдос көрінбей қалса, мен оны іздейтінді шығардым. Оны көргенше асығамын. Айдос жанымда болса екен деп тілеймін. Мен оны сүйіп қалғанымды білдім. Біз үш жыл бірге қол ұстасып жүргенімізбен, өліп-өшіп сүйіспеппіз. Бір-екі рет Айдос сол ойын айтқанда мен оған:

— Бәрі де өз уақытымен болсын! — дегенмін.

Бір жақсысы Айдосқа мен не десем, ол келіседі. Өзге жігіттерді естіп жатамын ғой дөрекілік мінез танытатынын. Мен Айдостың әдептілігіне риза болдым. Дәйім жай ғана езу тартып қойып жүреді. Мен медколледжді бітірген тұста ол екі жылдық әскери борышын өтеуге аттанды да, мен осы қаладағы ауруханаға жұмысқа орналастым. Арамызда сағынышқа толы хаттар екі жыл бойы толастамады. Айдос әскерден оралған жылы үйленіп, отау тіктік.

Айдос мектепте мұғалім, мен медпункте фельдшер болдым. Сөйтіп жүріп Айдос сырттай пединститутты бітіріп алды. Ата-анасынан ерте айрылған ол аға-жеңгесінің қолында өсіпті. Мен сол аға-жеңгесінің үйіне келін болып түстім. Бір жылдан соң біз енші алып шықтық. Жанымда сүйгенім, ел тоқшылық, өмірім бірқалыпты өтіп жатты. Өзім де соған ризамын едім. Әйтсе де… Көңілім қобалжу…

Жылдар жылжып өтсе де, перзент сүйсем деген арманым орындалмай келеді. Осы қобалжу мен қорқуды Айдосқа айтсам:

— Оның несіне жылайсың? Құдай бізге он бала береді. Басымыз жас қой, оны ойлап таусыла берме! Мен саған “неге бала тумайсың?” деп жатқаным жоқ қой. Болды, жылама! — деп жас баладай еркелеткен соң ғана көңілім орнына түсті.

Осылай жүріп арада бес жыл өтіп кетті. Осы ауылға менімен қатар түскен келіндердің алды екі-үш балалы болып та қалды. Оларды көріп ойға батамын.

“Құдай-ау, шынымен маған бір шаранаңды қимағаның ба? Өмірден осы соқа басым сопайып, ұрпақсыз өтеміз бе? Не жаздым саған, Құдай? Не пиғылымнан тауып едім?..”

Кейде осы түңілуден сәл айығып, алдағы күндерге иек артамын. Бір күні Айдосқа үлкен қаладағы білікті дәрігерге көрінуге барғым келетінін айттым. Алматыда тұратын ағамның үйіне келіп, жеңгеме жайымды түсіндіріп едім, жаратылысынан елгезек, ақкөңіл жеңгем мені өзі ерте жүріп, атақты дәрігерлерге көрсетті. Ұзақ емделдім. Олар соңғы сараптамаға қарап, менде ешқандай да аурудың жоқ екенін айтып:

— Күйеуіңізді де емдеу керек! — деді.

Енді оған қалай айтамын? Өйткені, мен оны ауылдағы дәрігерлер мен тәуіп-бақсыларға апара алмай-ақ қойғанмын. Оларға баруға намыстана ма, айқайлап кетеді.

— Туатын сен бе, өзің тексеріле бер! Менің ешқандай ауруым жоқ! Ауылдағы жолдастарым естісе, “Айдос қатынына жарамай қалыпты” деп өсек айтпай ма? Ешқайда да бармаймын! – деп айтқан Айдосқа бұл жолы зорға айтым. Іштей “тағы да айқайлайтын болды-ау!” деп ойлағанмын. Жоқ, Айдос мен ойлағандай айқайламады. Мені мұқият тыңдап болды да:

— Қашан шығамын Алматыға?— демесі бар ма?

Жүрегім жарылардай қуанып кетіп, оны құшақтап сүйіп-сүйіп алдым. Сөйтіп екеуміз ертеңіне-ақ Алматыға аттандық. Дәрігерге тексерілдік. Дәрігерлер екеумізден де кінәрат таппады. Екеуміздің өрекпіген көңіліміз басылып қалды.

Жүйткіген пойыздың доңғалақтары рельске сарт-сұрт етіп соғылып келеді. Айдос екеуміз терезеден сыртқа көз тастап, ұнжырғамыз түсіп отыр. Ұзаққа көз тастап, ой шырмауынан шыға алар емеспін.

“Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Алматының дәрігерлері “үміттеріңді үзбеңдер. Біреу ерте, біреу кеш перзент сүйеді. Сендер де ерте ме, кеш пе, әйтеуір сәбилі боласыңдар” деп шығарып салды. Енді не істейміз? Жо-жоқ, мен ең жақсысы Айдостың басын байламайын. Құдай бізге бір шаранасын қимайын деді ғой. Айдос өмірін жалғастырар бір перзент туып беретін жар тапсын” деген ойға келдім.

Осы ойымды тап сол отырған жерімде, вагон ішінде айтқаным сол, көздері шақшиып кеткен күйеуім ұрып жіберуге шақ қалып, көтеріп тұрған түюлі жұдырығын қайта түсірді. Содан үйге дейін үндемей, ауыз ашпай келдім. Қайтейін, жеті жыл бойы алдағы күндерге артқан үмітім ақталмады ғой.

Біздің ауыл шетінде, кішкентай қоржын тамда жалғыз кемпір тұрады. Жұрт оны “перзент көрмеген, баласы жоқ” деп айтады. Жалғыз өзі тұрғандықтан болар, үйіне біреу барғанын ұнатпайды. Қыста үйінен шықпайды, жазда есік алдындағы ағаш сәкіде күнұзаққа отырады да қояды.

Кейде өзімді сол кемпірге теңестірсем, суық қорқыныштың тарамыс саусақтары тұла бойымды дірілдетіп, алқымыма тас кенедей жабысады. Жабысады да, сонау көктемнің құлпырып оянған қызыл-жасыл қызғалдақтарын көз алдыма төндіре тақап әкеп, қош-қош айтар уақытың таянып қалғанын айтатындай.

Жұмыстан келіп, Айдостың сүйікті асы — картопты қып-қызыл етіп, етпен қуырдым. Әдемі, гүлді көйлегімді киіп, Айдосты күттім. Мендегі өзгерісті аңғарған ол:

— Өй, менің келіншегім қырмызы гүлдей құлпырып кетіпті ғой. Қайта ғашық болып қаламын-ау осы! — деп мені еркелете құшақтап, алқымымнан иіскеді.

Ас желініп, шәй ішіліп болған соң Айдосқа көптен бері түйіндеп жүрген жан сарайымның қойнауындағы сырды ақтардым.

— Айдос, сені қайдам, мені мына перзентсіз өткен өмірім қатты қинап жүр. Енді не істерімді білмей, басым қатты ғой әбден! — дедім көзімнің жасы парлап.

Ол менің жас жуған бетімді сүлгімен сүртіп:

— Ақымағым-ау, Құдайдың бермеген перзентін тартып аламыз ба? Маңдайға жазғанын көреміз де. Енді мұндай әңгімені естімейтін болайын! — деп маған елжірей жымиды.

— Жоқ, — дедім еңсемді тіктеп. — Мен енді жолыңды байламаймын, кетемін біржолата! Мұны айту және солай ету менің парызым! Өмірден ұрпақсыз өту — өлгенің! Өзің өлсең де, ізіңді жалғастырар перзентің болуы керек. Қанша тыраштансам да, менің қолымнан ондай келмеді. Жеті жыл бір-бірімізге дауыс көтеріп сөйлемеппіз. Осы күйі айрылысайық. Бақытты бол!

— Жоқ, мен сенсіз өмір сүре алмаймын! Сен олай алжаспа.

— Айдос, ертең жасың ұлғайғанда өкінесің. Әлі де ойлан, маған рұқсатыңды бер!

— Сен бала болмайды деп кетіп барасың ба? Болады бала, болады! Біраз күтейік, болмаса бала асырап аламыз.

— Жоқ, Айдос! Мені де, өзіңді де қинама!

— Жоқ, кетпеші, жаным! Менің алғашқы да соңғы махаббатымсың! — деген Айдос еңкілдеп жылап жіберді.

Мені құшақтай алған ол жіберер емес.

— Жіберші мені, жүрегім қысылып барады. Құдай-ау, сұраған мен тілегенге берсеңші?! Неге біз бейбаққа бір шаранаңды қимай қалдың, неге? Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, күл-қоқысқа тастап кететіндерге бала бергенше, біз сияқты тырнаққа зар болып отырғандарға неге бермейсің? Баласыз үй қу мазар екен ғой, Айдос! Мына даңғарадай төрт бөлмелі үйде жынданып кетпесем болғаны, Айдос! Сау кезімде үйге кетіп қалайын.

— Онда не істейсің?

— Әке-шешенің, бауырларымның ортасында уайым-қайғым аз болар деп ойлаймын. Басқа жол қалмады маған. Әйел адам басына қандай қасірет түссе де көтереді. Ал мынадайды еркек адам қалай көтермек? Жо-жоқ, егер мен кетсем, сенің өзгеден балаң болады. Оны мен сеземін.

— Кетпейсің ешқайда!

Айдос ыршып тұрып, есікті құлыптап алып, кілтті қалтасына салып алды. Сонымен бұл күні мен шынымен-ақ кетпедім. Таңертең өз жұмысымызға барып жүре бердік. Бір-бірімізді шын сүйгендіктен болар, кешірімдіміз.

Бүгін Айдостың жолдас баласы Сапар ұл той өткізбек. Ұлға сүндет той өткізу ата-ананың парызы. Досымыздың қуанышына ортақтасуға бардық. Той қызықты өтіп жатқанда, Айдостың жанында отырған Берік деген жігіт оған:

— Айдос, жетер енді жеті жыл перзентсіз жүргенің. Или мына қатыныңның басын бос қой, или бала асырап ал! Сөйт те, міне осындай сүндет той өткіз сен де! — деді ықылық атып.

Мастықпен айтып отыр десең де, мына мылжыңның сөзі тура арқамнан біреу пышақ қадағандай әсер етті. Бағанадан бері онсыз да егіз қозыдай қатар өсіп келе жатқан Сапардың балаларына қарап, өтіп жатқан сүндет тойға көңілі бұзылып отырған Айдос Беріктің сөзінен кейін тіпті реңі бұзылып кетті.

— Кеттік үйге! — деп діңк ете қалды.

Маған қадаған көздерінде ашу мен ыза бар. Үйге келген соң бүк түсіп, теріс қарап жатып алды. Мен “ашуы басылсын” деп біраз уақыт үндемедім. Ауызғы бөлмеде жатқан оны тұрғызып, “өз орныңа барып жат” деп едім, сыртқа барып келген ол қайта сол жерге келді де, үнсіз тізесін құшақтап ойланып отырып қалды.

Не сөйлемейді, не төсегіне барып жатпайды. Жанарын бір нүктеге қадап, үнсіз отыр.

— Айдос, — дедім шыдай алмай. — Берік досың айтпай-ақ, тап сол алкаштың сөзін мен бірнеше рет айтпап па едім? Ендігі мына отырысың не? Көп ойланып, қайғырмай-ақ қой, мен бүгін сенің басыңда босатамын! Кетемін бүгін!

— Мен саған бірдеңе дедім бе?

— Әрине демедің! Бірақ, маған айтар сөзің ішіңде ғой. Сәл шыда, таң ата кетемін!

— Жаман қатын “кетемін” деп қорқытады. Сен неге кетемін деп айта бересің?

— Өзің ғой бүк түсіп отырып қалған.

— Мен өміріміздің неге бұлай болып кеткенін ойлап отырсам, сен де келіп қайдағыны айтады екенсің, — деген Айдос басын қос қолымен сығымдай ұстады.

Мен бөлмеге кіріп, жатып қалдым. Таңертең тұрсам, Айдос шәй де ішпей, жұмысына кетіп қалыпты. Киімдерімді жинап, төрт-бес үй ары тұратын абысыным Гүлдәрдің үйіне келдім.

— Жеңеше, мен сізбен қоштасуға келдім. Біржолата кетіп барамын!

— Әй, келін-ау, мырзаға саған ешнәрсе деп жатқан жоқ қой. Жылы орныңнан қозғалма есің болса!

— Жеңеше, осы күнге дейін қайныңыздың өзін де, сөзін де қимай жүрдім. Сәбилі болып қалармыз деген үмітім де болды. Ал енді…

Одан ары сөйлей алмай, солқылдап жылап жібердім.

— Қойшы, жыламашы, менің де көңілімді босатпашы.

— Жеңеше, сыртым бүтін, ішім түтін. Амалсыз кетіп барамын. Шариғат бойынша еркектің басын мен босатуым керек. Немесе тоқал әперіп, бір шаңырақтың астында тұруым керек екен. Қалай көзім қиып, қайныңыздың қойнына әйел салып беремін? Одан да бұл жерден қарамды батырайын!

— Олай етпе! Жақсысы екінші әйел әперейік!

Перзент туып берсе болды ғой.

— Екеуміздің арамыздағы сезім ше?

— Жас ұлғая келе бәрібір перзентке деген қуаныш сезімнің артық екенін түсінесіңдер.

— Сол перзентті Айдос менен көрсе, маған деген сүйіспеншілігі артар еді. Ал перзент екінші әйелден болған соң, мен керек емес заттай бір бұрышта қалып қоймаймын ба? Ұл туған қатынның беделі жоғары болып, менің алдымда қайқайып жүреді екен да…

— Келін, сен солай етсең күйеуіңнің де, Құдайдың да алдындағы міндетіңнен құтыласың.

— Қиын нәрсе…

— “Алған қатыным туды” деп менің қайным сенен безіп кетпейді ғой. Мырзаға сені өлердей жақсы көреді. Қайным қайта сенің адамгершілігіңе, мәрттігіңе риза болмай ма?

— Мен де шаршадым, жеңеше! Менің жаным темірден жаралмаған ғой.

— Қайтесің енді, маңдайыңа жазғанын көресің де!— деген Гүлдәр абысыным көзіне жас алып қалды.

Сөйтіп, бәріміз ұрсып жүріп, әйтеуір Айдосты үйленуге көндірдік.

Шын сүйіп, тұрмысқа шыққан күйеуіңді өз рұқсатыңмен үйлендірген өте ауыр жағдай екен. Айдосқа алатын қызды оның ағайындары тапты. Күйеуінен ажыраған, екі жасар қызы бар екен. Есімі Зағипа. Ол Айдосқа тұрмысқа шыққан соң, қызын шешесі алып қалыпты.

Маған ауыр тигені, алғашқы түні екеуінің оңаша қалғаны болды. Япырай, ішіме біреу ыстық шоқ тастап жібергендей қызып кетті. Сыртқа он шығып, он кірдім. Олар отырған бөлменің шырағы көпке дейін сөнбеді. Ал мен терезе тұсындағы ағашқа шығып, терезеден ішке үңілсем, қалың пердеден ештеңе көрінбеді. Сонымен ішім дызылдап күйіп, ішке кірдім. Олар жатқан бөлменің сыртынан келіп құлақ түрдім. Тек олардың сыбырласа сөйлеген дыбыстарынан басқа ештеңе де естілмейді. Кенет есік тарс етіп ашылып, мен ішке қарай жалп ете құладым. Шыққан Айдос екен.

Ұялғаным-ай. Абдырап, не істерімді білмей тұрған мен ұялған тек тұрмастың кебін киіп, дәліздегі кілемнің әр жерін шұқып, жөндеп төсеп жүрмін.

— Сәбира, мұнда неғып жүрсің? — деді Айдос маған таңырқай қарап.

— Мен…

— Жүр, Сәбира!

Айдос менің қолымнан жетелеп, екеуміздің бөлмемізге алып келді. Сөйтіп мені ақырын кереуетке жатқызып, сосын өзі жаныма қисайды. Мені тастай құшақтап алған. Ал мен өз қылығымнан ұялып барамын.

“Өзім рұқсат беріп, ағайын-туыс болып үйлендіріп алып, енді мына тірлігім не? Ұят емес пе?” десем дағы, іштегі бір күш күйеуімді анау әйелге жібергісі келмейді.

“Дәл осылай құшақтап жата берсе екен, мені құшағынан босатпаса екен” деп тілеймін. Жо-жоқ, біраз жатқан соң:

— Айдос, — дедім үнім зорға шығып.

— Әу-у_

— Зағипаға барсайшы, ол күтіп жатыр ғой…

— Ім-м.

— Тұр, тұр деймін саған!

— Сенің жаныңда жата берейінші!

— Келіскен шартымызды бұзбақсың ба? — деймін өзім уәдемде тұрғандай.

— Үндемеші, Сәбира, осылай жата берейікші.

— Болмайды, көз алдыңа әдемі, томпиған сәбиді елестетсеңші, — деп бөлмеден шығарып жіберіп, есікті іштен іліп алдым.

Ішім әлем-жәлем болып, таң атқанша кірпік ілмей шықтым. “Қатынның қырық жаны бар” дейді ғой бұрынғылар. Бірақ, дәл мынаған өзім бордай үгітілдім. Жо-жоқ, мен бұлай өмір сүре алмайды екенмін. Адам деген сөзбен айта береді екен. Мұндайды ешқандай әйелдің басына түсірмесін. Әсіресе, шын сүйіп қосылғандарға. Бір шаңырақтың астында бір еркекпен бір бәйбіше, бір тоқал бір есіктен кіріп-шығып жүреміз. Бір дастарханнан дәм татамыз.

Мұндайға бұдан артық шыдай алмай, үш күннен соң мен киімдерімді жинап, ауылға кеттім. Көлік шыға қоймаған соң он бес шақырымдай ауылыма жаяу тартып келемін. Қазір көктем кезі. Бұта біткен шешек атып, гүлдеп тұр. Қырдың үсті қырмызы кілемдей жайқалып жатыр. Бір қырдан асып, демімді басып алайын деп сөмкемнің үстіне отырған менің орнымнан тұрғым жоқ. Едәуір уақыт төңіректі тамашалап отырдым. Тап сол кезде сүйіктім Айдосымды, мен дегенде шығарға жаны бөлек қайынағам мен абысынымды ойлап, сегіз жылдан аса түтінін түтеткен шаңырағымды қимай еңіреп жыладым. Ашумен деймін бе, қызғаныштан деймін бе үйден шығып кетсем де, тұла бойымды бір қимас сезім биледі. Өзіме түсініксіз бір күш мені сол қайынжұртыма қарай итермелейді. Қайтып баруға “мынау жынданайын деген бе?” деп Зағипа күлер деп ойладым.

Ауылға күн тас төбеге тырмысқан сәтте жеттім. Бүгінде жасы алпыстан асқан әкем күншуақта кетпеннің жүзін қайрап отыр екен. Сәлемімнен соң менің қолымдағы сөмкеме көзі түсіп, бұл келісімнің тегін еместігін түсініп, жақ ашпады. Үнсіз түйіліп отырып қалды. Қайтсін енді, жақсы көретін, сүйікті қызының бұл келісі, бақытсыздығы жанына батса да, еркек атаулы барлық жағдайға байсалды қарап, сабыр сақтайды емес пе? Шешем де “неге келдің?” деп қазбаламады. Өйткені, бәрі де түсінікті ғой. Жеңгем көңіліме қарап, зыр жүгіріп жүр. Кештетіп егін басынан келген ағам да хал- жағдайымды сұрап, құрақ ұшып жүр. Ымырт түсе кешкі асымызды жеп бола бергенде есік ашылып, абысыным Гүлдәр мен күйеуім Айдос кіріп келді. Құдағиы келген шешем қайта қазан көтертті. “Керегі жоқ, бізге бола әуре болмаңыздар” дегендеріне қарамады. Дастархан басында ешкім артық әңгіме айтпады. Күнделікті тіршілік, ауылдағы бірен-саран жаңалықтар сөз болды. Астан кейін әкем бата қайырған соң абысыным мен Айдос мені өздерімен алып кетті. Сонымен енді келместей болып кеткен қайынжұртыма араға күн салмай-ақ мен қайта оралдым.

Жол-жөнекей олар маған Зағипаның кетіп қалғанын айтқанда, “неге?” дедім түкке түсінбей.

— Бекерге “Айдос екі қатын алды” деген атқа қалдым. Сендер де қарап жүрмей, бірдеңені бастап…— деп үһілеген Айдос қадамын жылдам басып, алға түсіп кетті.

— Не болды, жеңеше? — дедім абысыныма аңырая қарап.

— Е-е… Ол бәленің ауруы бар екен.

— Қ-қандай ауру?

— Аузынан көбігі ағып, көздері алайып, тарс етіп құлап қалады екен.

— Не дейді, масқара!.. Екеуін табыстырған Сейіткерім ағай мен Ұлбала әпке емес пе? Олар Зағипаның ауруы бар екенін білмегені ме?

— Қайдам… Әйтеуір мырзаға бір күннің ішінде бірнеше рет құлағанын көріп, жаны қалмапты ғой. Оны үйіне апарып тастап, саған кеттік. Айналайын-ау, жас балаға ұқсап ешкімге айтпай кетіп қалғаның не? Мырзаға жұмысқа кетісімен сен де шығып кетіпсің.

— Мен Зағипаның ауру екенін аңғармадым ғой.

— Мырзаға ол келген күні сезгендей болған екен. Әнеукүні сен біздің үйде отырғаныңда, ол бейбақ құлапты. Одан кейін де бір-екі рет солай қайталаныпты. Содан мырзаға саған айта алмай, маған келіпті. Сол күні-ақ оны төркініне апармақшы едік, менің шешем науқастанып қалып, сол жаққа кетіп қалдық қой.

— Иә…

Әудем жерге ұзап кеткен Айдосқа жаным ашып кетті. Үйге келген соң Айдос екеуміздің құшағымыз қайта айқаса кетті.

Бірде үйге алқынып абысыным кіріп келді.

— Келін, тірлігіңді таста, отыр қасыма!

— Аманшылық па, жеңеше?

— Арғы көшедегі Балзия деген келіншек бар ғой. Соның сіңлісі он жылдан бері бала көтермей жүрген. Сол Түркістандағы бір тәуіп кемпірге барып, қыз туыпты. Біз де соған барайық?! — деді қуанышты жүзі бал-бұл жайнап.

Айдос та осыны жөн көрді. Келер апта екеуміз киелі Түркістанға жолға шықтық. Сұрастырып жүріп, емші кемпірді де таптық. Кемпір екеумізді қатар отырғызып қойып:

— Әу баста дәрігерге жүгірмей-ақ, молдағы жеті күн дем салдырғандарыңда болар еді. Екеуіңе де тіл-көз жабысқан. Перзент сүю жолдарың байланған. Алдымен жеті күн білікті молдаға оқытылып келіңдер, — деді.

Қуанып кеткен біздер молдаға жеті күн оқытылып, кемпірге тағы да келдік. Жасы жетпіске иек артқан тәуіп әйелдің есімі Базаркүл екен. Оның үйінде жеті күн жатып, ем қабылдадық. Ем-домы біткен күні бізге бата бере отырып:

— Қарақтарым, бүгін үйлеріңе қайта беріңдер! Мен сендерге ұл бала салып жібердім. Асықпаңдар, екі-үш айда, ары кетсе бес айда көтересің! — деді маған қарап.

Біз түкке түсінбей, бір-бірімізге қарадық.

— Маған сұрақтарың бар ма? — деді кемпір кәрі жанарын қадап.

Бірдеңе сұрағымыз келеді, бірақ кемпірдің суық жүзі мен діңк-діңк етіп сөйлеген сөзінен қорықтық. Кемпірдің үйінен шыққан біздер үйге келгенше үндемедік.

Үйге келген соң мен Айдосқа:

— Айдос, Құдайдың өзі кешірсін, бірақ мына кемпірге сенуге бола ма дедім?

— Сен де менің ойымның үстінен шықтың ғой. Бағанадан бері мен де соны ойлап келе жатырмын. Ойпырмай, “үф-сүф” деді де, “мен сендерге бала салып бердім” дегеніне қалай сенесің?

— Мен де таң қалып тұрмын. Сонда да пәлен деуге қорқамын.

— Жарайды, күтейік. Осыншама жыл күткенде, бес ай деген не тәйірі! Күтеміз! — деді Айдос.

Сонымен арада жылжып айлар өтіп жатты. Алтыншы ай дегенде өзімнің жүкті екенімді сездім. Айдосқа айтқанымда біресе күліп, біресе жылап, мені құшақтап сүйе берді, сүйе берді. Сенбестен дәрігерге де барып қаралдым. Олар жүкті екенімді айтты. Айдос маған жұмыс істетпек түгілі, қимылдатпайды. Айы-күнім жақындағанда Айдос мені қоярда-қоймай қаладағы әпкесінің үйіне алып келді. Егер толғағым келіп жатса, осы қалада босандырып алмақшы.

Сонымен екі-үш күнде менің толғағым қысып, балпақтай ұл тудым. Менімен қатар Лаура деген келіншек те ұл босанған болатын. Дәрігерлер қатар келген екі толғақтың арасында жүгіріп жүріп, екеумізді де аман-есен босандырып алған. Босанған соң екеумізді екі бөлек палатаға жатқызды. Мен ол келіншекті бірінші көргенде қазақ деп ойламадым. Өйткені, оның беті жалпақ, көздері қысыңқы, танауы жалпиған кәрістерге көбірек келетін еді. Оған шала орысшаммен тілім бұрала сөйлесем, ол маған ішегі түйіле күлді.

— Қиналмай-ақ қазақша сөйлей бер, мен де қазақпын! — деді қазақшалап.

Түрі маған біртүрлі көрінгенмен, оның мінезі жайдары екен. Палатамыз бөлек болғанмен, дәрі ектіруге барғанда бір-бірімізбен сөйлесіп қаламыз. Ол кезде нәрестелерді тек емізер уақытта ғана алып келетін де, қалған уақытта “балалар бөлмесінде” дәрігердің қарауында болатын. Перзентханадан Лаура екеуміз бір күнде шықтық. Бірақ, оның күйеуі ертерек көлігімен келіп, алып кетті. Кішкентай сәбиді құндақтап алып, Айдос екеуміз қуанып ауылға қарай тартып кеттік. Ауылға келген соң Айдос ұлын әбден жуды. Жұмыстан келген бойда ол баласын көтеріп алып, қолынан бір тастамайды. Оған мен де мәзбін. Ұлымыздың есімін абысыным Бақдәулет деп қойды. Перзентханадан келгеннен ұлымның түрі маған біртүрлі көрінгендіктен мен абысыныма:

— Жеңеше, мынаның түрі қалай-қалай болып келеді өзі? — деп сәбиді оның қолына беріп жатып.

Ол сәбиге аса мән беріп қарамай:

— Тфә-тфә, “бесік баласы бес түлейді” деген, қазір бұлар қызыл-шақа шақалақ қой. Өскен сайын реңі өзгере береді. Иә, кейбіреуі солай! — деді.

— Неге сіз балама емін-еркін қарап, қолыңызға алмайсыз?— дедім күліп.

— Кішкентай балалар тез ауырғыш болады. Онсыз да көз алдымызда өсетін бала ғой. Өсе берсін. Үйіңе кім келсе де, балаңа түкіртіп ал! Өзіңе де, балаңа да жақсы! — деді.

Осылай Айдос екеуміздің бақытты күндеріміз өтіп жатты. Қуанышымызда шек жоқ. Сол қуанышымыз бір күндері су сепкендей басылды.

Ай сайын өсіп келе жатқан ұлымызға қарап, көңілімізде кірбің ұялады. Өйткені. Желкілдеп өсіп келе жатқан ұлымыз не Айдосқа, не маған ұқсамайды. Бақдәулет қап-қара, көздері сығырайған, мұрны таңқайған, шашы бұйра-бұйра, ерні добырайған. Таныстарымыздың бәрі де ұлымыздың өзімізге ұқсамайтынын айтады. Содан жанұямызда жанжал басталды. Кит етсе, Айдос мені кінәлап шығатын әдет тапты. Бірде үйге Айдостың жолдастары келді. Құрдас емеспіз бе, олар кіргеннен әзілдей сөйледі:

— Әй, құрдас, мына балаңды күлге аунап туғансың ба, қап-қара ғой. Мұндай бет-бейне құрдастарда да жоқ. Сонда бұл қалай?— деген сайын, күйеуім ызадан жарылып кете жаздайды. Осыдан кейін Айдос та ішіп келетінді шығарды. Ішіп келеді де, мені тілдейді:

— Сен мына баланы кімнен туып алдың, а? Мұндай қара адам сенің де, менің де тұқымымда жоқ еді ғой. Сонда бұл қайдан пайда болды? Жоқ әлде, жұмысқа кеттім деп, біреумен жасырын кездесіп, мені мазақ етіп жүрдің бе? — деп сүйектен өтер сөздерімен менің миымды ашытатын болды.

Өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеп, қанша жерден ант- су ішсем де, нанар емес. Сонша жылдан бері Құдайдан жалынып-жалбарынып жүріп, тілеп алған баламыздың өзімізге ұқсамайтыны біздің жанұямыздың тыныштығын бұзды. Құдайдың құтты күні ұрыс-жанжал. Гүлдәр абысыным екеуміз шәй ішіп отырғанбыз. Кішкентай Бақдәулет папалап, тізесіне отырып, мойнынан асылып еді, Айдос оны кеудесінен итеріп жіберді. Шар-р етіп жылаған балам оған үрке қарап, маған келді. Менің ашуым шықты:

— Оның не, Айдос? Титімдей баланы дәу жұдырығыңмен нұқығанша, мені ұр! Баланың не кінәсі бар?— дедім ұлымның көз жасын сүртіп отырып.

— Бала менікі болмаған соң, ұрамын! Оған көзім түссе болды, зығырданым қайнайды. Кімнен туған болсаң, әлі де кеш емес, баланы өз әкесіне табыс ет! Баланың өмірін қорлап қайтесің? — деді беті бүлк етпестен.

— Сенен сондай сөздер шығады деп ойламаппын.

— Ы-ым. Мені өмір бойы алдап өтемін деп ойлап па едің?

— Неге маған күйе жаға бересің? Мен Құдай алдында да, адам алдында да ақпын.

— Оны бір Құдай біледі, мен емес!— деген Айдос мырс етіп миығынан күлді де, шығып кетті.

— Міне, жеңеше, күнде осы тірлік! “Бала ешкімге ұқсамайды, оны сен ойнасыңнан тапқансың!” деуден шаршамайды. Бәрінен жаманы күдік қой. Бөтен еркекке қылмыңдау мен үшін өліммен тең. Өзім Айдосты құлай сүйіп тиген болсам, маған өзгенің керегі қанша? Неге соны Айдос түсінбейді?— деп жылап қоя бердім.

— Келін, сенің ақтығыңа сенемін ғой. Бірақ, мына мырзағаның сөздерінің мірдің оғындай әсер етуін қарашы. Ойпырмай, екеуіңнің араларың мұндай болып кетеді деп кім ойлапты? — деген абысынымның даусы дірілдей шықты.

Кейде оңаша қалған кезде “өміріміз неге мұншама астын-үстін болып кетті?” деп ойланамын. “Перзентті боламыз” деп қуанғанымыз жақында ғана емес пе? Ап бүгін…

Түскі шайға енді отырғанымызда үйге Ақбике деген әйел келіп қалды. Қоларба сұрай келіпті. Үйге келген кісіге қонақжайлылық көрсететін әдетіміз емес пе?

— Ішке кіріңіз, әпке!— деп төрге оздырдым.

Оны-мұны әңгіме етіп отыр едік, даладан Бақдәулет жылап кірді. Зорға жұбатып, жылауын қойдырып, қолына кәмпит ұстатып, алдыма алдым. Балам Айдос жаққа қорқа қарап қояды. Бір кезде Ақбике:

— Үйіңде қонақ бар ма? Мынау кімнің баласы? — деді.

— Менің балам.

— Құдайдан жалынып-жалбарынып жүріп сұрап алған балаң ба? Екеуіңе де тартпапты ғой, — деп келе жатыр еді, мен:

— Барып қорадағы арбаны босатайын, ішінде малақ бар еді, — деп сыртқа шығып кеттім.

Ал содан үйге кіргім келмеді. Сыртқа шыққан Айдос:

— Әне, көрдің бе жұрттың не деп кеткенін? — деп есікті тарс еткізіп жауып, кетіп қалды.

“Кеш арасында бұл қайда кетті? Енді ол ішпей келмейді. Күйігін тек арақпен басатын ол енді біртіндеп араққа үйір болып барады” деп ойлаған мен аласұрып теңселіп жүрдім де, төсегіме қисайдым. Бақдәулетім пысылдап ұйықтап жатыр. Соңғы кезде тіпті мінезі өзгеріп кеткен Айдосты ойладым. Мені жазғыруын қоймай, кінәлай берді. Осылай ойланып жатқанымда есікті жұлқи ашып, Айдос кіріп келді де:

— Ой, әкеңді…. Ары жат, салдақы! — деп мені ыңқ еткізіп бір тепті.

Егер аузымды ашып, бірдеңе деп сөйлейтін болсам, ол одан да бетер көтеріліп, мені ұрып тастайтынын біліп, теріс қарап үндемей жатырмын. Айдостың бір тәуір жері, үндемесең, төсегіне жатады да, қор етіп ұйқыға кетеді. Сөйтіп, мен үндемей, үйдей бәледен құтыламын. Ол ұйқыға кетті-ау дегенде, мен көрпемді серпіп тастап, ызалана далаға шығып кеттім.

Өткінші жауыннан соң ауа тап-таза. Алыста найзағай ойнап, қара аспанды қақ жарғандай. Денем тоңазығандай болғанда үйге кірдім. Аузынан арақ иісі мүңкіген Айдос бөлмені басына көтере қорылдап ұйықтап жатыр. Ұлымыз беске келді, ал Айдос сол бір сөзінен танбайды.

Бірде үйге абысыным келді.

— Не болды, реңің сынық қой?— деді маған қарап.

Абысынымның жылы сөзіне көңілім босап кетті де, өзімді тоқтата алмай жылай бердім. Бір кезде:

— Жеңеше, жалғыз баламды Құдайдан қалай тілеп алғанымды білесіз. Ал Айдос болса, “сен оны көңілдесіңнен туып алғансың” деп айта беріп, әбден жүйкемді тоздырып бітті. Мен жеңіл жүрістің адамы емеспін. Оның осылай қара күйе жаға бергенінен ығырым шықты. Осы бала туылғанға дейін одан жақсы адам жоқ еді. Қазір жаман болып кетті. Ажырасып кетуге тағы да қимаймын. Біз бір-бірімізді түсінуден қалдық.

— Қой, келін, ажырасу дегенді аузыңа алма. Жылы орныңды суытпа. Мырзаға да ақылсыз емес еді ғой. Айтпақшы, мен саған бірдеңе айтайын деп едім. Мырзаға жоқ па?— деп жан-жағына қарады.

— Айдос жұмыста.

— Сәбира, бірдеңе айтсам, көңіліңе алмайсың ба?

— Жоқ, айта беріңіз!

— Осы сөзім үшін Құдайдың өзі кешірсін.

— Не еді ол?

— Осы бала перзентханада ауысып кетпеді ме екен?

— Астапыралла…

— Иә, ондайлар болып тұрады. Талай естігенмін.

— Шынымен бе?

— Иә. Сен өзің босанған перзентханаға бар, — деді ол.

Кеудемде үміт оты оянғандай, жүрегім лүпілдеп кетті. Жеңешем үйіне кеткен соң да осы сөздер құлағымда жаңғырып тұрған болатын. Егер шынында да алда-жалда балам ауысып кеткен болса, Бақдәулетімді қалай қиямын? Шекемнен мұздай тер бұрқ ете қалды. Тығырыққа тірелдім.

Осылайша мен осыдан бес жыл бұрын босанған перзентханаға келдім. Бас дәрігердің жүріс-тұрысы әйелден гөрі, еркекке көбірек келетін түсі суық адам екен. Менің сөзімді қабағын шыта отырып тыңдаған ол:

— Біріншіден, менің бұл жұмысқа орналасқаныма екінші жыл. Сен айтқан жағдай маған дейін болған сияқты. Екіншіден, бұл перзентхана қатал тәртіппен жұмыс істейтін облысымыздағы ең мақтаулы орын. Мұнда өңшең тәжірибелі адамдар жұмыс істейді. Бала ауысу деген нәрсе болуы мүмкін емес. Қайдағы бір әйел айтты деп, сене салғаныңыз ұят екен. Мүмкін сіздің, не күйеуіңіздің арғы ата-бабасында қара адамдар болған шығар? Ал сіз болсаңыз арада бес жыл өткенде енді келіп отырсыз. Осыншама жыл қайда жүрдіңіз, не ойладыңыз? Мен жиналысқа барамын, — деген дәрігер “сөз бітті” дегендей орнынан тұрды.

Үміттеніп келіп едім, сол үмітімнің күл-паршасы шықты. Екі иінім түсіп, босанғанға дейін үйінде жатқан Айдостың жамағайын әпкесіне бардым. Әпке үйінде екен, мені қуана қарсы алып, ауылдағы жаңалықтарды сұрап жатыр. Менің қабағымдағы кірбіңді байқаған ол:

— Қалада жәй жүрсің бе? Жүзің солғын тартып, біртүрлі болып кетіпсің ғой, — деді.

Мен үйде болып жатқан жағдайдың бәрін айтып болып:

— Әпке, біз ажырасатын шығармыз, — дедім.

— Жоқ, олай етпеңдер! Ертең көкең екеуміз барып, біраз ақылымызды айтып кетеміз.

— Гүлдәр жеңешем мен қайынаға екеуі талай айтты ғой, бәрібір қоймайды.

— Сен жаңа перзентханаға бардым дедің бе?

— Иә.

Дәрігердің сөздерінің бәрін түгел айтып беріп едім, әпке бұлқан-талқан болып ашуланып кетті.

— Олай деуге ешқандай құқы жоқ олардың! Бүгін тексертіп, нақты жауап аламыз! Бүгін осында қал, ертең таңертең ерте барып, олардың шаңын қағып алайын! Ертерек келгеніңде ғой, бүгін баратын едік, — деді.

— Миым ашып, не істерімді білмей қала аралап жүре беріппін ғой. Бірақ, мен бүгін қала алмаймын. Айдосқа айтпай кетіп едім. Тағы бір күні келермін.

— Жарайды, күтемін!

Тауым шағылып, ауылға қайттым. Енді үйге келісімен Айдосқа онымен ажырасатынымды айтпақпын. Ит-ырғылжың өмірге қашанғы шыдаймын? Жаным темірден жаралған жоқ қой. Тіпті темір де шіриді, асыл да мүжіледі емес пе? Айдосты қимай осы күнге дейін жүрдім. Сыйладым, айтқанын екі етпей орындадым. Ол ше? Мені табалағаны-табалаған. Қай нәрсеге де уақыт емші. Ай аунап, жыл жылжыған сайын Айдосты да ұмытармын. Көктемде алтын күрек жел соғады. Оның құдіреті сол, жанға жайлы, жұмсақ келеді. Ол қыс бойы қатып, сіресіп жатқан қарды ерітіп, сай-салаға су болып ағызады. “Ертеңгі күні менің Бақдәулетім өссе, осы көрген қиыншылықтың бәрі де ұмытылады” деп өз-өзімді жұбатамын.

Аяғымды жай басып, ойланып келемін. Кенет ту сыртымнан “Сәбира, тоқташы, Сәбира” деген дауысты естіп, тоқтадым. Маған қарап бір әйел қалбалақтап жүгіріп келеді екен. Оған қарап тұрған менің тұла бойымды қорқыныш пен қуаныш биледі. Қорыққаным — маған қарап құшағын жая ұмтылып келе жатқан әйелдің нақ Бақдәулетке ұқсауы болса, қуанғаным — өзімнің туған баламды оңай-ақ табатыным еді.

Ол әйел маған жетем дегенше, менің ойымнан не деген ойлар зымырып ауысып жатты. Нақ баламды дәл қазір көретіндей жүрегім ауырып кетті. “Менің балам осы Лаураның баласымен ауысқан. Иә, дәл солай!” дейді іштегі бір ойым.

Лаура келе мені құшақтап, бетімнен сүйіп жатыр. Әлі өзіме келе алмай тұрған маған:

— Әй, сен мені танымадың ба? Мен Лаурамын ғой! — деп ақкөңіл әйел асты-үстіме түсіп жатыр.

— Иә, танып тұрмын ғой, — дедім мен де оны құшақтап.

— Әй, есіңде ме, екеуміз бір күнде, бір сағатта ұл туып едік қой. Қалай, балаң аман-есен өсіп жатыр ма?

— Шүкір, рахмет! Үлкен жігіт болып қалды. Өзіңнің балаң қалай, ол да өсіп қалған шығар?

— А-а… Ім-м.. — деп жаңа ғана күліп тұрған Лаураның жүзінен бір көлеңкені көріп, көңілім пәсейіп қалды.

“Ойпырмай, бұл неге баланы сұрағаныма көңілсіз бола қалды? Бала аман ба, жоқ әлде… Тфә-тфә, бәледен аулақ! Не ойлап кеттім өзі?”

— Сәбира, қалаға келіп қалған екенсің, жүр үйге, дәм татып кет! — деген Лаура ойымды бұзып жіберді.

— Лаура, қазір ауылға қайтпасам, күйеуім ұрысады. Мен оған айтпай кетіп едім. Үйіңнің мекенжайын айт, келесі келгенде кіріп шығамын, — дедім.

— Міне, мекенжайым, — деген ол бір парақты қолыма ұстатты. — Міндетті түрде келетін бол!

— Қашан барайын?

— Біз бұл аптада үйде болмаймыз. Келесі аптада сәрсенбі күні кел, жарай ма?

— Жарайды!

Жүрегім лүпілдеп, аузыма тығылып, үйге қалай жеткенімді білмей қалдым. Бұл жайды “асатпай жатып, құлдық” демей, ешкімге тіс жарып айтпадым. Алдымен істің мән-жайына жетіп алайын деп ойладым. Мүмкін менің балам Лаурада болмай шықса ше?

Үйге келсем, Айдостың қабағынан қар жауып, түнеріп отыр екен.

— Қайда жүрсің қаңғырып?

— Қалаға бардым.

— Не үшін?

— Әпкеңнің үйіне.

— Немене, әпкем сенің өзіңді оңашалап шақырып, арнайы күтті ме?

— Қойшы, Айдос! Орталыққа баламның ақшасын алайын деп барып едім. “Пәлен күн үйінде жатып едім ғой” деп үйіне кіріп, амандасып шықтым.

— А, балаңның ақшасына барған ба едің?

— Бақдаулет екеуміздің баламыз.

— Менің балам емес! Мүмкін сен қазір балаңның әкесімен кездесіп келіп тұрған шығарсың?

— Айдос, жетер!

— Ойнасың төсекте қалай дегенім ғой. Өзі де қап-қара, аузы лақиған, шашы бұйра біреу шығар, ә?

— Бақдәулет қайда?

— Мен қайдан білейін? Папасымен кездесуге апармадың ба?

— Бала қайда?

— Балаңмен жұмысым жоқ!

— Айдос, жетер енді! Мен қазір баланы аламын да, кетемін! Енді бұдан былайғы сөздеріңе шыдай алмаймын!— деп едім:

— Жо-жоқ, сен қал, мен кетемін! Онсыз да сені күтіп отыр едім, — деген ол ілулі тұрған сөмкесін алды да, шығып жүре берді.

“Ойпырмай, мынау мені күтіп, менен бұрын дайындалып отыр екен ғой. Бұл қайда бармақ?” деп қызығушылықпен ішкі бөлмедегі терезеден сыртқа қарадым.

Айдос иығы күжірейіп, сыртқа шықты да, көшеге түсті. Артына бұрыла қарап-қарап қояды. Мен торлы пердеден қарап тұрмын. Ол абысыным Гүлдәрдің үйіне кірді. Осылай бір-бірімізді біраз көрмесек тұра алмайтын ғашықтар ажырасып тындық. Біздің үйден төрт үй ары тұратын ағасының үйінде тұрып жатқан Айдоспен көшеде кездесіп қаламын. Ол сызданған қалпы өтіп кетеді. Мен де көкірегімді көтеріп, қайқайған қалпы көзімнің қырын да салмай өтемін. Бірақ, артынан кеуде тұсым шым ете қалады.

Абысыным мен қайынағам екеуі келіп, “бұлай жүргендерің ұят болады. Одан да татуласыңдар” деп қанша айтса да, мен көнбей қойдым. Іштей “татуласқысы келсей, өзі неге келмейді? Ешкім оның басын жарып, көзін шығарған жоқ қой. Ешкім де оған “кет” деген жоқ. Меніңше Айдостың мұнда еш қатысы жоқ. Мына кісілердің өздері істеп жүрген нәрсе бұл” деп ойлап, күйіп кеттім.

Мен қазір Айдосты ойлайтындай халде жүрген жоқпын. Менің бар ойым, Лаураның үйіне баратын күнді тағатсыздана күтумен болдым. Әншейінде күн зуылдап өтетін, сағат санап отырған соң ба, бір орнында уақыт тоқтап қалғандай. Айдос кеткелі үй бір қаңырап қалғандай болды. Оның қайтып келмейтініне көңілім сенбейді.

Міне, мен сарғайып, сарыла күткен сәрсенбі де келді. “Сәрсенбі сәтті күн” деген қағида бар. Мен де “е, Құдай, осы күнді мен үшін сәтті ете көр” деп Бақдәулетімді көршім Нәзираға тастап, жолға шықтым. Көшені жағалап, үйдің нөміріне қарап келемін. “Пәтер емес, жер үй” деген болатын өткенде Лаура. Оның үйін мен оңай таптым. Есік қоңырауын басып едім, ар жақтан “кім бұл?” деген дауыс шықты.

— Мен ғой, Сәбирамын, — дедім мен.

Сол кезде есік сарт етіп ашылып, ар жақта он алты жастағы қыз көрінді. Аулаға кіргенде үй егелерінің таза адам екендері білініп тұрады екен. Тап-тұйнақтай етіп ауланы сыпырып, тазалап қойыпты. Жерде көлденең жатқан шөп жоқ. Ауланың ішіне әдемі гүлдер егіп тастапты.

— Мамаң үйде ме? — дедім әлгі қызға қарап.

— Иә, кіріңіз, апай.

Хан сарайындай салынған екі қабатты үйге кіргенімде алдымнан күліп Лаура шықты. Баяғы сол ақжарқын қалпы. Менімен келіп амандасып жатқан балалар арасынан өз баламды іздеймін. Бұлар ересектеу балалар. Шыдамым жетпей:

— Біздің Бақдәулеттің құрдасы көрінбейді ғой, — дедім.

— Ә, Бақытжан ба? Ол әлгінде ғана папасымен кетіп еді, — деген Лаура мені қонақ бөлмеге алып кірді.

— Сонда бүгін келмей ме?..

— Келеді. Жақын маңайға кеткен.

“Үһ, Құдайға шүкір!” дедім іштей. Лаура екеуміз оны- мұны әңгіме етіп отырмыз. Ас желініп болған соң Лаура маған:

— Жүр, бөлмелерді аралайсың ба? — деді менің ойымның үстінен түскендей.

Барлық бөлме соңғы сәндегі жиһаздармен жабдықталған. Тіпті люстралары да көздің жауын алады. Не деген байлық? Біз екінші қабаттан төмен түстік. Лаураның күйеуі әлі де келмепті. Менің төзімім таусылып барады. Аулаға шыққым келді. Үйдің арты бау екен. Үйдің жанында мал қора бар екен. Менімен амандасқан балалар сол жерде кіріп-шығып, малға қарап жүр екен.

— Қорада төрт бұқа бар. Онда ешқандай жарық түспейді, — деді Лаура.

— Оны неғыласыңдар, сатасыңдар ма?

— Иә, бордақылап сатамыз.

Осылай үйдің сыртын аралап шыққан Лаура екеуміз қайта үйге кірдік. Шыны керек, Лаурадан бастап, бар балалары реңсіздеу екен. Енді оның күйеуі мен Бақдаулетпен бірге туылған баласын көргім келіп, тағатым таусылып барады.

Лаураның қызы өте пысық екен. Ісінің бәрі тап-тұйнақтай. Тамақты дәмді етіп қызы дайындап жүр. Кенет қақпа алдына гүр-р етіп көлік тоқтағандай болды. Менің жүрегім зырқ ете қалды.

— Қазір, қазір. Мен баламды көремін. Менің балам осы Лаурамен ауысып кеткен! – деген ой оралғанда жүрегім алқынып, аузыма тығылды.

Лаура “күйеуім келді” деп ыршып тұрып, сыртқа шығып кеткен соң мен орнымнан тұрып, терезеден сыртқа қарадым. Теріс қарап, көлік ішінен әлдене ала алмай жатқан баланың жүзін көре алмай, жан-дүнием астаң-кестең болды.

“Бері бұрылшы, балақай! Сенің маған, әкең Айдосқа ұқсаған ақ жүзіңді көргім келеді. Бұрылшы бері балақай, бұрылшы! Осы күнге зарығып жеткен шешең байғұсты бір қуантшы?!”

Бала қолына ойыншықтар салынған сөмкені алып, бері бұрыла бергенде, алпамсадай кісі көтеріп алды да, баланың жүзін тағы да көре алмай қалдым.

“Үһ-һ.”

Қарап тұрып қара терге түстім. Енді олардың тезірек ішке кіруін тағатсыздан күттім. Қасақана Лаура да күйеуімен сөйлесіп тұрып алды. Балақай оның күйеуінің құшағында ойнап тұр, ал жүзі маған көрінбейді.

Міне, олар дабырласып сөйлесіп кіріп келеді. Дүңк- дүңк етіп, дүрсілдей соққан жүрегімді қолыммен сипап тұрмын. Жүгіріп барып орныма отырдым.

— О-о, үйде қонақ бар екен ғой! Хош келдіңіз! — деп Лаураның күйеуі жымиып келіп менің қолымды алды.

Лаура оған мені таныстырып жатыр. Екеуміздің бір күнде, бір сағатта босанғанымызды айтқанда, күйеуі “ойпырмай, Құдайдың құдіреті-ай, ә?” деп екеумізге кезек- кезек қарап, күліп отырды.

Менің көңілім қатты алаңдаулы. “Балақай қайда? Неге әкесімен кірмеді? Енді қашан көремін? Тағы да бір жаққа кетіп қалса, көре алмай қалатын болдым-ау?” деп ойлап отырғанымды сезгендей Лаура:

— Бақытжан қайда? — деді күйеуіне.

— Ә-ә, жаңа ол ойыншықтарын аға-әпкелеріне мақтанып көрсетіп отырған еді. Мен барып алып келейін, — деп шығып кетті.

— Біздің үйдің балалары қонақ келгенде кісілермен бірге отырмайды. Тіпті менің әке-шешем келсе де, қонақ бөлмеге кіргізе алмаймыз, — деп күлді Лаура.

— Міне, біз де келдік, — деген Әмірхан балақайды көтеріп кірді. — Сендер емін-еркін отыра беріңдер, менің бір жұмыстарым бар еді.

Әмірхан кеткен соң Лаура:

— Міне, біздің Бақытжан деген батырымыз! — деп еді, балақай маған жақын келіп, қолын созып амандасты.

“Құдайым-ау, өңім бе, түсім бе? Мынау менің балам ғой!!! Менен гөрі Айдосқа қатты ұқсапты. Жо-жоқ, Айдостың дәл көшірмесі. Айдос екеуін қатар қойса, көрген адам сонша ұқсастыққа таң қалар еді” деп ойладым.

Денемде майда діріл пайда болып, өзімді игере алар емеспін. Көзімнен ыршып шыққан жасты ешкім де байқамады. Баламды көріп, көңілім судай тасыған мен қайта-қайта көзім тоймай, ұлыма қарай бердім. Қараймын да, бауырыма қатты қысамын. Алпыс екі тамырым босап, өзімді-өзім әрең тежеп отырмын. Іштей “құлыным-ау, ботам” деп елжіреп барамын.

Сәл болмаса есімнен танып, құлап қала жаздап отырмын. Лаураның “сен отыра тұр, мен қазір” деп шығып кеткені мұнша жақсы болар ма?

Мен ұлымды мейірімім қанғанша құшақтап сүюдемін. “Балам, ботам, мен сені бұл үйде тастап кетпеймін, бәрібір алып кетемін” деп өзіме серт бергендей болдым.

Даладан самбырлай кірген Лаураны көріп, тез-тез көз жасымды сүртіп, маған жатырқай қараған баланы құшағыма алып отыра бердім.

— Қалай, Сәбира, Бақытжан сені зеріктірмедіме? Менің баламмен әңгімелеспедің бе? Үлкен адамдардай әдемі әңгімелеседі, — деп менің алдымда отырған баланы алғанда, онымен қоса менің де жүрегімді солқ еткізіп жұлып алғандай болды.

Мен бұл жерде артық отырсам, сыр білдіріп қоятынымды біліп:

— Лаура, мен енді қайтайын. Үйге барғанымша кеш болып қалады. Қонақ еткеніңе көп рахмет, — деп орнымнан тұрдым.

— Келіп тұр, Сәбира, — деген Лаура Бақытжан екеуі мені сыртқа дейін шығарып салды. — Қане, Бақытжан, апаға “сау болыңыз” деп айт!

Бақытжан кішкентай қолдарын бұлғап, қоштасып тұр. Жымиып тұрған тұрысының өзі Айдос-ау, Айдос!

Артыма жалтақтап, көзімнен жасым сорғалап, үйге жеткенше жылап келдім.

“Қалай, қашан алып кетемін мен оны? Бақдәулет ше? Жоқ, Бақдәулетімді бермеймін, ол менің балам!”

Үйге келдім де, кереуетке құладым. Бақдәулетім “мама, мама-ау!” деп маған жыламсырай қарайды. Сірә, қарны ашқан болуы керек немесе менің жатысымнан қорқып тұр ма?

— Қазір, балам, қазір! Екеуміз тамақтанып, шәй ішеміз! Сәл шыда, жаным!

Басым мең-зең. Еңсем бір көтерілмейді. Адам өлмеген соң сүйретіліп жүре береді екен. Ішім әлем- жәлем. Қолдан келер дәрмен жоқ. Осындайда жаныңа жалау болатын жанашырыңның болмағаны да қиын екен. Бәрін-бәрін ұмытып, ештеңе ойламауға тырыссам да, әншейінде адам ойына келмейтін неше түрлі жаман ойлар келіп, мазам қашты. Ойлар, ойлар. Адамды қажытатын да, көңілді жасытатын да ойлар.

“Мен балалардың перзентханада ауысып кеткенін Лаураға айтуым керек. Қазір айтпасам, кейін кеш болады. Қалай айтамын? Ол қандай күйде болады? Айқайлап “сандырақтама, үйіме қайта-қайта келіп жүріп, бәле жабайын дедің бе? Бізден аулақ жүр. Жоғал, үйіміздің маңына жолама!” десе, не деймін?

Ал егер “балаң өзіңе, бізге де өз баламызды бер!” десе, не істеймін? Бақдәулетімді біреуге өлсем беремін бе? Тоғыз ай көтеріп, белімді ауыртып тумасам да, ақ сүтімді беріп, түн ұйқымды төрт бөліп өсірген перзентім емес пе? Бақдәулетімнің жолында жанымды қиюға әзірмін. “Бақдәулеттен де басқа ұл-қыздарың баршылық қой, солардың өмірін тіле! Он жыл күткен қуанышымды көп көрмеші?! Бақытжан мен Бақдәулет ағалы-інілердей бірге қатар өссін, Лаура!” деп айтамын. Негізі Лаура аузын ашса, көмекейі көрінетін ақкөңіл жан. Менің жан- жарамды түсінер. Мені жылата қоймас” дейді бір тәтті қиял.

Осы қиял мені тағы да қалаға, Лаураның үйіне алып келді. Үйге кіргеннен сөмке толы тәттілерді үстел үстіне шашып тастадым. Бақытжанның көздері жайнап, әрқайсысын бір ұстайды. Бала ғой. Әйтпесе менің әкелген тәттілерім осы үйде де бар ғой. Лаура баяғы қалпынша мені жалпылдап күтіп алды. Күйеуі жұмыста екен. Лаураның “тамақ салайын” дегеніне көнбей:

— Лаура, мен тамақ жеуге келген жоқпын. Өткенде жақсылап күтіп жібердің ғой. Ал қазір мен сенімен оңаша сөйлеспекші едім. Кел, отыршы қасыма! — дедім жанымдағы орынды көрсетіп.

— Ең болмаса жеңіл-желпі бірдеңе қуырып жіберейін.

— Жо-жоқ, рахмет!

Сөйтіп мен кеше үйде жатып, Лаураға былай деймін, олай деймін деген сөздерімнің бәрін айта келіп:

— Лаура, екеуміз жақсы араласып кеттік. Сенің ақкөңіл мінезіңе, адамгершілігіңе табынып, соны арқа тұтып, салмақ сала сөйлеп отырмын. Адал еңбекті мұрат тұтып, адамгершілікті ардақтап жүрген жан едім. Кекшіл болмай, көпшіл болып, жаман әдеттен аулақ болып, жақсысын бойға сіңіріп өстім. Сенің де адамгершілік қасиетіңнің жоғары екеніне көзім жетті. Өткенде күйеуің “құрдасты ендігі келгеніңде әкел, танысып, араласып тұрайық” деп еді ғой. Мен күйеуімді мұнда алып келе алмаймын. Біз осы бала үшін ажырасып отырмыз. Айналайын, Лаура, ақыретте дос болайық, маған Бақытжанды қи. Ана жүрегіммен сұрап отырмын. Отбасымыздағы жағдайды, сенің алдыңа не үшін келгенімді жасырмай айтып отырмын. Сен менің Бақдәулетімді көрсең, дәл сенің өзің. Бірақ мұрны, қасы, құлағы күйеуіңе ұқсапты. Бұл жерде сенің де, менің де кінәм жоқ. Мұның бәрі сол біздер перзентханадан шығатын күні болған бір келеңсіз жағдай. Сен мен кеткен соң күйеуіңе жақсылап түсіндіріп айтарсың. Қабырғаларыңмен кеңесіп, омыртқаларыңмен ойласып көріңдер! Мүмкін, күйеуің де мен сияқты бейбақ әйелге көңілі түсер. Лаура, әуелі Құдайдан, содан кейін өздеріңнен шапағат күтемін. Егер маған айтарың болса, міне, мекен-жайым жазылған қағаз, — деп тілдей қағазды ұсындым.

Бағанадан бері жылап-еңіреп отырған Лаура бас салып мені құшақтай алғанда, алғашында “мені жұлайын деп жатыр екен” деп денем дір ете қалған. Біраздан соң жылауын қойған ол:

— Білсең, Бақытжан аяққа тұрып, жүріп кеткен соң бізде де осыған ұқсас сөздер болды күйеуім екеуміздің арамызда. Бірақ, ол сенің күйеуің секілді тым қаталдық жасаған жоқ. “Баланы кімнен тудың?” деп бірнеше күн міңгірлеп жүрді. Айтыстық, тартыстық, қазір тынышталғандаймыз.

Лаураның сөзіне ішім жылып қалды. “Хабар өзімнен болады” деген оның сөзінен соң, қуаныштан жүрегім жарыла жаздап, үлкен үкілі үмітпен үйге келдім. Арада он-он бес күн өтті. Лаурадан хабар жоқ. Қалаға келсем де, бұрынғыдай бас салып оның үйіне кіріп кете алмай, дарбаза алдында тұрып қалдым. Кенет ту сыртымнан естілген:

— Апай, — деген дауысқа жалт қарадым.

Лаураның үлкен қызы Айжанның мектептен келе жатқан беті екен.

— Апай, сәл арыға барып сөйлесейікші?!

— Неге? Мен мамаңа келген едім!

— Мамам мен папам екі күннен соң келеді. Қазіролар үйде жоқ. Мен сіздің неге келгеніңізді білемін! —

деді Айжан.

— Ал айта ғой неге келгенімді білсең.

— Біздің отбасымызға от тастамай, тыныш жүріңіз! Өткенде сіз келіп-кеткен соң әке-шешем қырықпышақ болып айқайласты.

— Менің саған сөйлер сөзім жоқ! Сен әліжассың, көп нәрсені білмейсің.

— Мен бәрін де түсінемін! Ұрыстың себебінің де не екенін түсінемін! Үйде айқай-шу болып жатса, мен түсінбеймін бе?

— Қой, Айжан, мен басқа күні келермін онда.

— Жоқ, ешқашан біздің үйге келмеңіз! Екі баланы да сіз аламын дегенсіз бе? Тапқан екенсіз ақымақты! “Анау-мынау” деп папам мен мамамды ұрыстырып кетсеңіз, мен сізді сотқа беремін! — деп көгереңдеп, шапылдап шыға келді.

Мен мектеп жасындағы қыздан сөз естігеніме жыным келіп, теріс бұрылдым да кетіп қалдым.

“Япырай, бұлардың үйінде үлкен жанжал болған екен ғой. Мына қыздың сөзіне қарағанда, бұлар маған баламды қайтармайын деп тұр ма? Енді қайттім? Ондай тірлікке баратын болса, мен сотқа беремін! Қайтсем де баламды алуым керек!”

Үйге келген соң ыстығым көтеріліп, ауырып жатып қалдым. Бақдәулетімнің жаны қалмай:

— Мама, ауырып қалдың ба? Ауырмашы!— деп қасымнан шықпай жүр.

Жанымды жеген ойдан ауырып жатқанымды Бақдәулетім қайдан білсін?

— Мама, сен ауырмашы, өліп қалсаң, мен жалғыз қаламын ғой!— дейді жанарына жас мөлдіреп.

Қанша қиналсам да орнымнан тұрып ас әзірледім де, Бақдәулетке абысынымды шақырттым. Болып жатқан жайдың бәрін оған түгел айтып бердім.

— Бәсе, — дейді жеңешем. — Гүлдана сені күнде қалаға қатынап жүр деп еді.

— Иә, менің басымнан осындай жағдайлар өтіп жатыр, жеңеше!

Абысыным біраз ойланып отырып қалды. Оның ойын білгім келіп мен отырмын.

— Сен Бақдәулетті маған тастап, құда мен құдағиға барып, оларды алып кел. Мен де қайынағаң мен мырзағаны алып келемін. Бәріміз ақылдасайық. Оларға беріп қоятын баламыз жоқ. Қалай да баланы алуымыз керек! — деп қызуланып кетті.

Бұл хабарды абысынымнан естіген Айдос үйге шауып келді. Мен оны көріп, жақсы сөздер айтуға келді десем .

— Сен не істеп жүрсің өзі? Біреудің баласын тартып аламын деп, заң алдында жауап беріп жүрме тағы да! Мен сенің “жүр” дегеніңе еріп жүре бермеймін. Мені бұл тірлігіңе араластырма! — деп үйден шығып кетті.

— Мен саған жалынбаймын! Саған тіпті бұл жөнінде айтқым келмеген. Бұл үйдің табалдырығын енді аттап басушы болма! Екі баламды өзім бағып- қағамын!— деп артынан мен де айқайлап қалдым.

“Сыйлағанды білмейтін айуан! Үндемеген сайын тіпті құтырып барады ғой. Сыйласу екі кісіге бірдей” деп күңкілдеп, өзіммен-өзім сөйлеп жүрмін.

Сөйтіп мен нартәуекел деп әке-шешеме барып, болған жайдың бәрін де айттым. Олар көлікке бір қойын салып, таза маталарын, Лаураға деп бір алтын сақинасын алып, менімен ілесіп келді. Бұл жақта абысыным мен қайынағам, Бақдәулет пен Айдос шығып, бәріміз екі көлікпен қаладағы Лаураның үйіне жолға шықтық. Қақпадан кіріп барған бізге емес, Бақдәулетке бәрі де аңырая қарап қалыпты. Өйткені, Бақдәулет осы үйдің балаларынан аумайтын еді. Лаура мен күйеуі де кірпіктерін жыпылықтатып, өз балаларына қарап аңырайып тұр. Бізді Лаураның күйеуі үйіне бастап жүрді. Ап содан біраз уақыт айтыс-тартыс, ұрыс-керіс, айқай-шу басталды. Мұнда менің Бақытжаным жоқ. “Неге көрінбейді? Ол неге жоқ?” деген ой маған маза берер емес. Сөйтсем Бақытжанды үлкен әпкесі Айжан саябаққа айып кеткен екен. Олар қашан келгенше менде төзім қалған жоқ. Бір кезде дәлізде Айжанның жүргенін байқап қалдым. Демек, Бақытжаным келген ғой. Мен орнымнан тұрып, жоғары қабатта жазу үстелінде сурет салып отырған Бақытжанның қолынан жетектеп, дау жүріп жатқан бөлмеге алып келдім. Кірген заматта менің көзім басқаларда емес, Айдоста болды. Өзгелерден бұрын оның қандай күйде болатынын көргім келді. Оның таңқалғаны соншалықты, аузы ашылып қалды. Бір сәт бөлмеде тыныштық орнады.

— Міне, мына тұрған баланы қалай ауыздарың барып “Айдостыкі емес” деп айтасыңдар? Айналайындар-ау, міне, өздерің қараңдаршы? — деп Айдосты отырған жерінен тұрғызып, Бақытжанмен бірге қатар қойдым. Бәріміздің көзіміз оларда. Ой, тоба-а… Тамшы судай ұқсайды-ау, ұқсайды! Енді олардың жанына Бақдәулетпен бірге оның бала-шағаларын қойдым. Міне, ұқсастық деп осыны айт! Бақдәулет те сол үйдің балалары секілді болды да қалды. Айдос көтеріп тұрған Бақытжанның бетіне қарап-қарап қояды.

— Енді сіздерге бұдан артық қандай дәлел керек? — деген мені Лаураның күйеуі Әмірхан тоқтатты.

— Ендігі әңгіме былай болсын! — деді ол келте жөткірініп алып. — Бізге бір апта мұрсат беріңіздер. Айдос екеуміз барлығын тексеріп, түбегейлі шешілген соң тағы да бас қосармыз. Егер тексеру нәтижелері сіздер ойлағандай болса, Бақытжан сіздердікі!

Біз содан бір аптадан соң кездесетін болып тарқастық.

Бір жылға созылғандай болған бір апта уақыт та өтті. Оған дейін әке-шешем ауылға қайтпай, менің қасымда болды. Ара-тұра Айдостан “не болып жатыр?” деп сұрасақ, “жақындай берсін, көрерміз” деген де қойған.

Бәріміз және Лаураның үйінде жиналдық. Әмірхан мен Айдос біз босанған перзентханадағы мұрағаттан балалар туылған күнгі сараптаманы тексере келе, өткен күні Бақдәулет пен Бақытжанды алып кетіп, тағы да емханада тексерту жасатқан. Құдайдың құдіреті, мен босанған күні Бақытжанның сараптама қорытындылары мен қазіргі сараптама қорытындылары өте сәйкес келіп, дәл түскен. Әмірхан мен Айдос аңырайып қалыпты. Сонда Әмірхан дәрігерге «менен қан алыңыздар, бала мен менің қан тобымыз сәйкес түсе ме, жоқ па, соны білуім керек!» деген соң дәрігер оны да жасаған. Бақдәулет пен Әмірханның қандары сәйкес келіпті. Дәрігер:

— Сіздерге бұдан артық басқа жерлергешапқылаудың қажеті жоқ.Балалардың әкесі кім екенін дәл анықтап бердік. Қайда барсаңыздар да осы жауап. Бірақ, солай десек те, ерік өздеріңізде! — депшығарып салыпты.

Сонымен Лаураның үйіндегі басқосуда балалар өз әкелеріне оралатын болды. Әмірханның пысығын-ай, өзімен бірге адвокат және нотариус қызметкерлерін алып жүр. Бәрімізден жазба түрде тілхат жаздырып, мөр бастырып, қол қойдырып, құжаттарды заңдастырды.

Дәрігерлерден де тілхат жаздырып, бірнеше анықтамалар алған.

Сөйтіп, біз алып барған қой сойылып, Лаура өздеріне қарасты бес-алты ағайындарын шақырып, тамақ берді. Молда шақырып, құран оқытты. Молда бір-біріне адам беру ең ауыр жол екенін айтып, бір кездері қызбалықпен бір-бірімізге ауыр сөздер айтпауымызды тапсырып, екі отбасыға тыныштық, жақсылық тілеп, бата берді. Бақытжан мен Бақдәулетке де майда тілімен алдай сөйлеп, көндірген болды. Екі баланың ендігі тұрар мекенжайларының ауыстырылатынына қатты қынжылдық.

Мұндай сәт өте ауыр болады екен. Қоштасар кезде үй-іші азан-қазан, жылау-сықтау болып кетті.

— Қойыңдар, жыламаңдар, жаман ырым бастамаңдар. Балалар шошиды, — деп жатыр молда.

Мен Бақдәулетімді, Лаура Бақытжанын қимай, зорға ажырадық. Ауылға зымырап келе жатқан көлік ішінде мен Бақытжанды қатты бауырыма қысып отырдым. Сәл босатсам, тура бір айрылып қалатындай сезінемін. Қуанышым қойныма сияр емес. Бетінен қайта-қайта сүйсем де, құмарым қанар емес.

Үйге келген соң ауыл түгел құлақтанып, құтты болсын айтушылар көбейді. Мен өз-өзіме сенбеймін. “Тәубе, Құдайға мың да бір шүкір” деп қоямын іштей.

Солай десем де, көп ұзамай-ақ Бақдәулетімді сағына бастадым. Бақытжаным да “өзімнің үйіме барамын” деп жылай береді. Сондай күндердің бірінде қақпа алдына жеңіл көлік келіп тоқтады да, ішінен атылып Бақдәулетім шығып, “мама-а!” деп маған қарай жүгірді. Су толы шелегім қолымнан түсіп кетіп, ақтарылған су үстіне әлім құрып құлап түстім. Бақдәулетім жүгірген бойы келіп менің құшағыма құлағанда, шалқалай құлап қала жаздадым.

— Мама, мені ол жақтан алып кетші, бармаймын мен ол жаққа! Сенімен қаламын, — дейді мойнымнан тас қылып құшақтап.

Құшағымыз ажырамай, егіліп жылап отырған біздің қасымызда Әмірхан мен Лаура да жылап отырған. Оларды көрген Бақытжан да “мамалап” жаны қалмай, қуанып жүр. Өзімізбен-өзіміз әбігерге түсіп жатқанда, абысынымның даусы саңқ ете қалды:

— Қақпа алдына көлік келіп тоқтағанға “бұл кім болды екен?” деп келіп едім… Әй, сендердің бұларың не, есік алдында шулап жылап?.. Естігендерден ұят қой, кіріңдер ішке! — деп өзі бастап үйге алып кірді.

Айдосты жұмысынан шақыртып алдық. Лаура күйеуі екеуі түн жарымына дейін отырды. Сол күннен бастап біздер бір-біріміздің үйімізге жиі-жиі барып тұратын болдық. Кейіннен ағайындардай араласып кеттік. Бірбе- бірте балалар да өздерінің тұрақты жайларына үйренісіп кетті.

Тарихты адам жасайды. Адам жүрген жерде тарих бар. Ал тағдырың сені қай құрсауының қойнына береді, ол жағы тек Аллаға ғана аян. “Басқа түссе баспақшыл” деген осыдан қалған-ау шамасы. Қуып жете алмас, қашып құтыла алмас тағдырыңнан тайқып қайда барасың? Өйткені, ол сенің өмірің!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған