ПЕРЗЕНТІ ҮШІН ТАУҚЫМЕТ АРҚАЛАҒАН АНА

Өзі тыраштанып жүріп ашып алған кішігірім асханасында жұмыс барысын бақылап отырған Ақтілектің жанына бүгін Ораз тағы келді. Анадайдан оның асханаға кіріп келе жатқанын көрген Ақтілек орнынан тұрып залдан ары қарай кіріп кетуге тырысып асыға басып бара жатыр еді, өзіне жақындай беріп Ораз:

– Ақтілек! Қайда асығып барасың? – деді.

Енді тоқтамауына болмайтынын ұқты. Өйткені, оның даусына мына жерде отырғандардың барлығы жалт қарап қалып еді. Облыс орталығынан аудандарға қатынайтын көліктердің автобекетінің жанынан ашылған асхана болғандықтан барлығы да қырықтан асып елуге жақындап қалған келіншекті танитын. Оның еңбекқорлығын сыйлайтын. Тіпті, талайы күйеусіз әйелге қыр көрсетіп, тамырын басқан, талайы төсекте бір көруді армандаған. Бірақ, ары мен абыройын ең бірінші орынға қоятын Ақтілек солардың ешбіріне де мойымай орынды жауабын беріп, артынан сөз ергізбей намысын қорғап қалған. Сондықтан болар барлығы асханасының тағамдарының дәмі тіл үйіретін Ақтілекті қатты құрметтейтін. Дәл қазір солардың барлығы жалт қараған. Әрине Ораздың гүр-р еткен үнінен соң “мынау қайтер екен?!” дегендей сынай қарап тұрғандықтан жалт бұрылып кетіп қала алмады. Амалсыз басын бұрып:

– Амансың ба, Ораз? Жай, қыздардың жанына барайын деп… – деді.

– Мен ғой аманмын. Өзің қалайсың? Сонша асығып қайда барасың? – деді.

– Қойшы, Ораз, не болды жұрттың барлығын өзіңе қаратып, ұят емес пе? Өзіңді сыйламасаң да мені сыйласаң болмай ма? – деді ренжігенін білдіріп, Ақтілек амалсыз қарсы алдындағы орындыққа отырды.

Оның жанындағы орындыққа Ораз да жайғасқан. Содан соң барып Ақтілекке:

– Ештеңе де болған жоқ. Қашанғы осылай жүре бересің? Мен сені тыныш қоймаймын. Сен менің не ойымның бар екенін, нендей арманым бар екенін жақсы білесің ғой. Сөйте тұрып қашуға тырысасың. Олай етпе. Жақсылап ойлан. Келінің мен балаңа сыйып отырғаның жақсы, бірақ Бақытжанды ойлашы. Оның өмірін неге ойланбайсың? Оны ойласаң менімен қосылуға қарсылық білдірмес едің, – деп әйелге сынай қарады.

– Иә, жасымда еркек іздеп желікпегенмін, енді маған жол болсын? Енді не болса да, солармен бірге көремін. Қырықтың қырқасынан асқанда саған тұрмысқа шығып, елдің бетіне не деп қараймын? Сен де айтқаныңнан қайтпайды екенсің. Бәрібір түк шықпайтынын білгенің дұрыс! Бақытжан да Аллаһ берген тағдырын көрер. Оның біздің қосылуымызға еш септігі тие қоймас, – деп орнынан ашулана тұрып кетіп қалды.

Әйелдің ізінен ойлана қарап қалған Ораз:

– Е-ей, Ақтілек-ай… бақытыңды, ең болмаса орта жастан асқанда өз бақытыңды ойласаң нетті?.. – деп өзімен өзі күбірлеп алдындағы тамағынан ауыз да тиместен ақшасын сол жерге қалдырды да сыртқа шығып кетті.

Осының барлығына жұрт аңди қарап, аңтарылып отырып қалған еді…

Асхананың мұздатылған тағамдар тұратын жеріне кірген Ақтілек қабырғаға сүйенген күйі терең күрсініп тұрып қалды. Ішінде екі ойы таласқа түсіп өзегі өртеніп, жанын әлдебір түсініксіз сезім жалап өткендей болды. Осы кезге дейін еркек іздеп әуреленбесе де, байғұс әйелдің талай түні ақ төсекте әлдекімнің құшағын аңсап жылап өткен. Талай түнін құс жастықты жастаумен өткізген. Иә, ешкімге етегін көрсетпей қыз болмаса да қыздай болып жүрді деуге келмес. Арасында жұртқа білдірмей асып-сасып жүріп шатасқан тұстары да болған. Жетіскеннен, не еріккеннен емес еркек көрген әйел заты емес пе? Жаны төсек аңсап, жүрегі ақ төсекті сағынғанда қысылып тоқтап қала жаздайтын, сондай сәттерде некелі жары бар жанның құшағында амалсыз тұншыға жылап тірлігін бітірген күндері болған. Бірақ, балаларына ес кіре бастаған тұста өмірдің ауыр тауқыметімен алысқан келіншек барлығына қолын бір сілтеп еді. Міне, енді соңғы кездері осы Оразды көрсе сол кездері есіне түсіп, жаны азапталып, жүрегі алып-ұшып көңілі әлдебір сезімге бөленіп кететін. Иә, шындығын айтқанда төсекке деген тәбеті оянып, жанын қоярға жер таппай сорлы әйел бір қызып, бір суынатын. Мүмкін әйелдердің жалыны қырыққа келгенде, қырықтан асқанда толастап, өше бастап, төсекке деген тәбеті төмендей түсетін шығар. Бірақ, ондай әйелің Ақтілек емес еді. Ауыр тауқымет арқалап жүрсе де, бір қараған жанға отыздан енді асқан әйелдің кейпін беретін оның түрі. Сондықтан болар оның жаны да, жүрегі де әлі де жас кезіндегідей еркек аңсап алабұртып тұратын. Қазір де Оразды көргенде ерекше күй кешті. Оны өмірлік тәжірибесі бар Ораз да сезбей қалған жоқ. Әйел жүзінің қызарақтап әрең бас тартқанынан-ақ барлығын сезетіндей. Қандай бақыт берерін кім білсін әйтеуір соңғы кездері: “өміріңнің ең болмаса қалған бөлігінде бақытты болуға ұмтылшы. Ең болмаса енді өз бақытың үшін бірдеңе жасашы. Мен сені бақытты етуге барымды арнаймын” деп қояр емес. Соңы немен бітерін кім білсін?! Әйтеуір жаны жыларман болып, өңі қуарып тағы да Ораздың айтқандарын ой елегінен өткізіп тұрып қалды. Осы сәтте жанына келген даяшы қыздардың бірі:

– Әпке, картоп, пияздар таусылып қалды. Ертеңгі тамаққа жоқ екен, кассадан ақша беріңізші, алып келсін, – деді.

Ойы бөлініп, есін тез жиған әйел:

– Қазір, Алма, қазір, – деді де сыртқа шықты.

Асханасының жұмысы жаман емес, біраз пайда алып келеді. Кеш батып, даланы қою қараңғылық жайлаған уақытта асхананы тазалап, жинастырып болған қыздарға:

– Қайта беріңдер, қазір өзім есеп-қисап жасап болғасын, ұлым алып кетеді. Сендер бара беріңдер, – деп оларды шығарып салды.

Алайда, өзінің ештеңеге де қолы бармай Оразды ойлап отырып қалған. Өз ойынан өзі қорқайын деген әйел:

– Маған не болды, қырқымда қылық шығарып?! – деп өзіне-өзі сұрақ қойып күбірледі де, кассадағы ақшаға қол сала беріп еді, есікті әлдекім тарсылдата қақты.

Шошып кеткен Ақтілек:

– Кім? Бұл кім? – деді ащы үнмен, қабағын түйе сөйлеп.

– Мен ғой, Тілек мен… – деген Ораздың қоңыр үні естілді.

Есікке келіп ашпас бұрын:

– Сен мұнда қайдан жүрсің? – деді.

– Ашсаңшы, жалғыз екеніңді білемін, аш есікті. Балаңды шақыртып қайтесің, өзім көлікпен жеткізіп саламын, – деді.

Енді ашпай тұра беруге ыңғайсызданды, оның үстіне Әлдебір ойы “аш, аш есікті” деп айдап салып тұрғандай болды. Асхананың темір есігінің ішкі ілмегін ағытты.

– Кел, – деді селқос қана.

– Тірліктеріңді бітірдің бе? – деп Ораз күлімсірей қарады.

Қасқа басына осы күлімсіреген жарасып, Ораз дәл қазір Ақтілек үшін ерекше жан болып көрінді.

– Иә, жақындап қалдым, күте тұр, ақыры шығарып салсаң, Ғалымды шақырмай-ақ қояйын, – деп ақшасын санай бастады.

Алайда, Ақтілектің қолдары дірілдеп, екі беті оттай қызарып, шала бүлініп тірлігі оңар емес. Ақшаны қолынан сан мәрте түсіріп әйтеуір әбігерленуде еді. Өзіне қадала қараған Ораздың көзқарасынан ыңғайсызданғанда одан сайын апырақтап-тапырақтай түсті. Оның сыртынан қарап тұрған Ораз келіп әйелді арқа тұсынан құшақтай алды. Осы сәтте қарсыласуға тырысқан Ақтілек бұлқына түсті. Бірақ, тура құлақ түбінен Ораздың ентіге демалысын естіген сайын жүрегі одан сайын өрекпіп, құшағына еніп кетуге әзір бір ой пайда болды. Осыны сезді ме, Ораз да оны бауырына тартып, жібермеуге тырысып құшақтай берді, құшақтай берді. Әлден уақытта барып есін жиған Ақтілек өзінің еркек мойынына білектері оралып сезімге беріле сүйісіп тұрғанын сезді. Міне, осы сәтте олардың тәтті сезімдерін есікті тарсылдата ұрған Ғалымның:

– Есікті ашшы мама, есікті ашшы! – деген қатқыл үні бұзып жіберді.

Ақтілек лезде есін жиып:

– Ғалым, Ғалым келіп қалды, – дей берді.

– Ештеңе етпейді, неге сонша шошынасың? Оның да көзі үйрене бергені дұрыс, – деп Ораз салмақтылық танытты.

– Неге көзі үйрене бергені керек саған, жоқ ештеңе де болмайды, – деп сезімде әлсіздік танытқанымен қоймай Ақтілек әлі де қарсылығын білдіріп қояды.

Бірақ, Ораз мұның жай ғана әйелдердің назы екенін ұғатындай күлімсіреп, миығынан ыржиып Ақтілекті мазақтай тұр. Оның мұнысына әйел ашуланып, бұртиып барып есікті ашты. Оразбен жалғыз қалған шешесін көріп Ғалымның түрі бұзылып кетті. Ол әдетте анасының шақыруын күтетін. Бұл жолы жолдас баласын осы автобекетке алып келген Ғалым анасын да ала кетпекші болып кірген еді.

– А, балам, сен кеп қалдың ба? Енді өзім де хабарласпақ едім, – деп ыңғайсызданып қалған Ақтілектің сөзін Ораз ары қарай іліп әкетіп:

– Амансың ба, балам? – деп амандасты.

– Жақсы! – деген Ғалымның ҮНІ тым тосырқау шықты.

– Бекер-ақ әуре бопсың, өзім де Ақтілекті апарып салмақ едім, – деді Ораз.

Оған одан сайын жақтырмай қарап:

– Не болды, біреу шығарып салатын шамаға жетіп қалғансың ба, мама? Өзім-ақ алып кетемін ғой! – деді.

Ұлына жақтырмай қараған Ақтілек:

– Жетер, Ғалым! – деді ҮНІ оның даусынан да зор шықты.

Анасының мұндайын Ғалым тым аз көреді. Сондықтан

Оразды жақтырмай тұрса да үнсіз есікті нұсқады. Барлығы бірге далаға шыққан соң Ораз:

– Ғалым, Ақтілекке тым дөрекі сөйлеме, – деді де, олармен жылы қоштасып кетіп қалды.

Ілби басып бара жатқан Ораздың соңынан жақтырмай қараған Ғалым:

– Ораздың маған ақыл үйретуге шамасы жетіп қалыпты ғой, – деді шырт түкіріне.

Енді барып ұлына қараған Ақтілек:

– Ғалымжан, мен осы кезге дейін сенің пікіріңді де, сенің ұстанымыңды да теріс көрген емеспін. Ешқашан бетіңнен қақпай өсірдім. Бірақ, менің тағдырыма араласып, жұрттың көзінше неге сонша тәрбиесіздік көрсетесің? Мен сонда осы кезге дейін саған жаман қылықты тәрбие бердім бе? Тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсірдім ғой сендерді. Мұның не? Оны сыйламасаң да, сені туған анаңмын ғой, мына мені неге сыйламайсың? Ол сөздеріңе жол болсын? – деді.

Осы сәтте Ғалым анасына қарап:

– Қырыққа келгенде “жезөкше” атанып бізді елге масқара еткеніңді қаламаймын! – деді тістене.

Осы сәтте барып ашуын тежей алмаған Ақтілек жарық жерде тұрғандарына қарамастан, әлі көлікке отырмағандарын да есепке алмастан ұлының жағынан шапалақпен салып жіберді. Содан соң екі көзінен жас парлай:

– Өзге жанға арымды да атымды да таптатпағанмын. Өзім туып, ӨЗІМ бағып, өзім өмірімді арнаған сенің маған солай деуіңе жол бермеймін! – деді қалтырай.

Еңіреп жылап жіберген анасының осы сөздерімен қоса, шапалақ бетіне тигенде барып өзінің артық кеткенін ұққан Ғалым:

– Мама! Маматайым, кешірші! Мам! – дей беріп еді, еңіреп тұрған анасы бұрылып та қарамастан көліктің артқы орындығын ашып жайғасып жатты.

Көлігінің рөліне отырған Ғалым көлікті жүргізбестен анасына бұрылып:

– Мам, – деп еді, Ақтілек:

– Жетер енді, айдайсың ба, әлде көлігіңе де жезөкшені отырғызғың келмейді ме? Олай болса айт, – деді.

Мына сөзден соң шынында да анасының жанды жарасын тырнап алғанын ұғып Ғалым:

– Мама, білемін, артық кеткенімді, тек ренжімеңізші. Мен сіздің жаныңызда бөтен еркекті көріп үйренбегенмін. Сондықтан болар өзімді ұстай алмадым. Кешіріңізші, – деді.

– Мен де сенің жаныңда бөтен жанды көріп үйренбегенмін. Бірақ, сенің де бақытты болуға құқығың бар. Сондықтан жұмысыңа араласпаймын. Ештеңе айтпаймын. Әйелің екеуіңнің араларыңа түспеймін. Мүмкіндік болғанша жақсы болғандарыңды қалаймын. Менің маңдайыма тек ауыр тауқымет жазылған. Осы кезге дейін ес білгенше бөтеннің таяғын жемесін, бөтеннің сөзін естімесін деп еркек атаулыдан басымды ала қаштым. Өйткені, сендерді жылатқым келмеді. Енді неге менің өз бақытымды табуыма болмайды екен. Бөтен еркекпен жатқан жерімнен ұстап алғандай, екі күннің бірінде әртүрлі еркектің астынан мені жұлып алғандай сөйлейсің. Осындай сөздерді саған айтқым-ақ келмейді. Алайда өзің емес пе осыған итермелеген? Өзің ғой мені осы сөздерді айтуға итермелеп жатқан. Сүйте тұрып мен ұяламын осы сөздерімнен. Жасымда “жезөкше” болып атым шықпаған, ол сөзің не сенің? Әлде барлығы бітті, үйлендің, үй болдың ендігі менің өмірім сен үшін қызықты емес екенін білемін. Егер біз Бақытжан екеуміз саған ауыр салмақ боп жүрсек, ауыр жүк боп жүрсек артық сөздің, ауыр сөздің керегі жоқ. Онсыз да тағдыр жара салған жанымды жараламай айтарыңды ашып айтып, ал. Келінге ұнамай жатсақ та айт, өйткені, өз жолымды таба аламын. Алайда, мұндай ауыр сөздермен жанымды саған жаралатпаймын. Өзгеге “жезөкше” деп айтқызбағанмын мен. Өзгелер менің жүріс тұрысыма қарап ондайға қимайды. Ал сен туған анаңа аузың барып осыны айтып тұрсың. Бұл жақсылықтың басы емес, жамандықтың басы болар. Ойланып сөйле құлыным. Ойланып. Кету керек болса еш жалынбаймын, саған салмақ салмай-ақ кете аламыз! Мен ұлым Бақытжанның мүгедек болса да, бақытты бола алатынымызға сенемін,– деген Ақтілек сөздің өзіне қаншалықты салмақпен тигенін сезіндіріп, ұлының жетесіне жеткізе айтты.

– Кім сіздерден құтыла алмай жатыр, мама, олай демеңізші. Егер сіз ренжісеңіз мен көлікті оталдырмаймын. Кешірмесеңіз орнымнан да қозғалмаймын! – деді.

– Енді кешірсем де, кешірмесем де сенің маған айтқаның жеңіл тиген жоқ, балам. Жүр, көп уақыт жоғалтпайық, – деп Ақтілек салмақты ҮН қатты.

Мына сөзден соң Ғалым артық ауыз ештеңе айта алмастан анасына алып үйіне қарай жол тартқан. Жол бойы Ақтілек бір рет болсын аузын ашып сөйлемеді. Оның сөйлеуге құлқы да болған жоқ. Көпті көрген, басынан көп қиындық өткізген ана әдетте ұлына жақсы сөз айтып, ғибартты әңгімелер көп айтатын. Бұл жолы көлік ішінде Тілектің бар жоғы білінбеді. Ал Ғалым болса анасына айтқан сөздері ҮШІН қатты өкініп бармақ шайнауда болатын. Қаншалықты қаламаса да сол сөзді айтып қойғаны ҮШІН өзегін өкініші өртеп жатты. Бірақ, енді айтылған сөз атылған оқ болып кете барғанын білгендіктен іштей анасынан тағы да сан мың мәрте кешірім сұрай берді…

Ал Ақтілектің ойына Ораз келді. Ол шынында да рас айтады. Енді өзін ойлайтын кез келген секілді. Өз қолы өз аузына жетіп, адам болған сәтінде ұлының да әңгімесі өзгере бастапты. БҮГІН Ораздың жанында болғанына соншама ауыр сөз айтуда, ал ертең не боларын кім білсін? Өзі ауыр салмақ бола қоймас. Аллаһ ауыр азап салмаса, өз аяғымен жүріп тұрудан айырмаса КҮНІН көрер. Ал ана мүгедек ұл ше? Інісінің ауыр сөзін естіп, өзі жаны жаралы жан одан сайын азапталар.

Ойы Бақытжанға келіп тірелгенде Ақтілек шынында да не істерін білмей қалды. Тіпті, не ойларын да білмейді. Бұған дейін Ғалым інісін мүгедектігі үшін тастап кетер деп ойлап та көрмеген болатын. Ал, енді тереңінен ойланғанда барып байқады Бақытжан шынында да оның мойынына ауыр жүк болуы мүмкін. “Жоқ, екеуін ренжітіп, араларына от салдырып қарап отырғанша Бақытжанды алып бөлек кеткенім абзал-ау.

Оразға тиюуім шарт емес, ол да зіңгіттей тепсе темір үзетін жігіттің мойынына салық болғанын қалай қоймас. Қойшы бәріне қолды бір сілтеп кеткенім дұрыс. Бірақ Оразға тұрмысқа шыға алмаймын. О баста осы бейнетті маңдайыма жазған сәтте-ақ мен барлығын көтеруге мойынұсынғанмын. Тіпті, сүйіп қосылған жарымнан да сол Бақытжан балам үшін бас тарттым. Енді келіп шау тартқым келмейді. Жоқ, мен оны бақытты етсем деймін…” деп ойлады.

Иә, екеуі өз ойларымен өздері әуре боп үйге де жетіп қалып еді…

Темір кереуетте кітап оқып жатқан Бақытжанның сыртқа шыққысы келді. Иә, өзі де қатты ыңғайсызданып жатыр. Орда бұзар отыздан асып бара жатқан жігіт ағасының тар төсекке таңылып жатуы әрине жан жадыратарлық жайт емес, алайда Бақытжан тағдыр мойынына артқан осынау ауыр жүкті бір кісідей-ақ көтеріп жүрген жайы бар. Көтермегенде амалы да жоқ еді. Ғалым үйленбей тұрғанда бар жағдайын өзі-ақ жасауға тырысатын. Жасай алмайтынын анасы мен інісі жасап беріп жұмыстарына кететін. Ал келін келгелі бар тірлігі соған қарап қалды. Інісі Ғалым алғаш үйленгенінде қатты қиналып, келінінен ыңғайсызданған. Алайда, алғашқы күні-ақ өзімен жылы амандасып, барлық жағдайда да өзіне сенуіне, не айтса да орындайтынына сендірген Перизатқа тез бауыр басып еді. Алайда ол үйде ешкім жоқта қалған сәтте өзгере бастайды. Бар жақсылықты жасап отырған жандай күлімсіреп қалатын сәті тек үйге Ғалым мен анасы келген сәтте. Өзге кездерде не айтса да ашуланғанын білдіріп, қарсылығын білдіріп сөйленіп жүріп істейтін еді. Өзіне кейде ауыр сөздер айтып қоятын, бірақ Бақытжан келінінің жастығын түсініп, оның мұндай “мүгедек бағу” деген ауыр тірлікті мойынына алуға қиналатынын түсінгендіктен жұмған аузын ашпайтын. Қазір де шыдауға тырысып бағуда. Алайда, болар емес. Кіші дәретке шыққысы келіп барады. Айтпайын десе шыдай алар емес, айтайын десе Перизаттың ашуланып кететінінен ыңғайсызданып шыдап жатыр. Ақыры болмады. Енді “үйдің барлығын бүлдіріп” деуге де Перизаттың баратынын біліп не болса да мүгедектер арбасына отырғызып жіберуін өтінбек болып:

— Перизат! Перизат! — деп айқайлады.

Осы сәтте бөле әпкесі келіп сонымен асханада шай ішіп, өсек айтып отырған Перизат:

— Ана сорлыға тағы не боп қалды екен? Басыма бұл мүгедек те бәле болды. Бірдеңе болса шақырып ала береді. Барғым да келмейді. Мені Ғалымжан осының жанында отыратын бағушысы етіп алған секілді! — деп кіжіне ашулануда.

Сіңілісінің мына сөзін естіп әпкесі:

— Жаным-ау, оның не? Неге олай етесің? Бар. Сауабы мол ғой. Ол да мүгедек болайын деп болды дейсің бе? Тағдыр маңдайына жазған соң не шара? — деп бар ақылын айтуға тырысуда.

Ал Перизат болса:

— Қойшы, егер сауап болса мен өзіме керекті сауапты жинап алғанмын. Енді оның сауабы да керек емес. Мына үш бөлмелі пәтерде демалуға ауа тар болып кетеді кейде маған. Ертерек құтылсақ деп қоям, — деп әңгімен беріп отыр.

Ал ана жақта Бақытжанның қиналғаны сонша жанын қоярға жер таппай тағы да:

— Перизат! Перизат! — деп айқайлай берді.

— Түу-у, неге жай шақырмайды екен. Аузы да жабылмайды әйтеуір, — деп орнынан жұлқына тұра берді.

Сіңілісінің мына қылықтарына қарап басын шайқаған әпкесі:

— Енді қайтсін? Бағана еді ғой шақырғаны. Барсаңшы ашулана бермей. Бардың қадіріне жеткенің жақсы, Перизат, — деп әжептеуір жасқа келсе де күйеуге тимей жүрген ол Перизатқа осы жағын ұғындырғысы келді.

Ал Перизат болса оған қарап:

— Ол менің қандай барым? Бағым да, басқам да Ғалым ғой, — деп ыржақтай күлген Перизат та Бақытжан жатқан бөлмеге келді.

— Не болды? Неге сонша айқайлай бересің? Не болды? Сен мүгедек-ақ менің өмірімнің егеуі болдың. Сен болмағанда адам ұқсап жұмысқа тұрып, сыртқа шығатын едім. Сенің кесіріңнен үйде қамалып отырмын. Отырсам да тыныштық берсең жақсы ғой. Жаныма тыныштық жоқ қой, тыныштық. Жеп қоясың, сені мен мүгедек еткендей! — деп дөрекілене сөйлей берді.

— Мені демеп жіберші, арбаға отырып алсам болғаны. Өзім-ақ ваннаға жете аламын, — дей беріп еді, Перизат көкпеңбек болып:

— Осы сенің кесіріңнен менің жүйкем сыр бере бастады. Осы сен менің түбіме жетерсің. Бұл үйге сенің күтушің болып келгенмін ғой мен. Ғалымға әйел емес, ағасына қарайтын, мүгедек ағасына қарайтын күтуші керек екен. Осыны білгенімде күйеуге тимейтін едім. Иә, тимейтін едім, — деп ашулана берді.

— Перизат, олай демеші. Олай емес екенін өзің де жақсы білесің ғой. Көмектесші тезірек, мен қатты қысылып тұрмын, — деп Бақытжан қиналғанын сездіріп ыңғайсыздана берді.

— Не болды сонша, не болды? ішіп-жеп, ты….-си…-ні де міндет маған мұның, — деп сөйленіп жүріп қоларбаны дайындап үлгергенше қиналған Бақытжан бұтына жіберіп те қойып еді.

Онысынан ыңғайсызданып келінінің алдында жерге кіріп кете жаздады. Егер жер жарылса кіріп-ақ кетер еді. Бірақ, амал жоқ, кіп-кішкентай сәби секілді бейшара халге түскен Бақытжанның жанарына жас келді. Енді онысын сездірмеуге, келініне көрсетпеуге тырысып:

— Перизат, шықшы бөлмеден, — деді тістене.

Сонда барып оның шыдай алмай жіберіп қойғанын көрген келіншек:

— Фуй-й, фуйй жетпегені осы еді. Сонда сен… Сен сонда жіберіп қойдың ба? Фуй-й, әлі мен мұны да жуатын шығармын… — деп бастай беріп еді, өзін қор сезініп, өзін нағыз бейшара сезінген жігіт ағасы:

— Шық бөлмеден деп тұрмын саған, Перизат! — деп шыңғырып жіберді.

Бақытжанның бұрын-соңды бұлай ашуланғанын көрмеген Перизат енді ғана не болғанын түсінгендей бөлмеден сыртқа атып шығып кетті. Енді мынаны Ғалым естісе өзінің оңбайтынын ұққан ол:

— Өлтіреді енді мені! Құрыдым! Құрыдым! Бірдеңе ойлап табу керек, барлығын өзіне жабу керек. Мынаның бұлай ашуланғанын бірінші рет көріп тұрмын. Не болса да, барлығын қосып шатып айта беру керек, — дей берді.

Не болғанын түсінбей отырған әпкесі Перизатқа қарап:

— Не болды? Тыныштық па? Не болды? Дауысынан селк ете қалдым ғой. Неге сонша ашуланды? Оның да мінезі мәз емес-ау, тегі, — дей беріп еді, Перизат:

— Жіберіп қойды ғой бұтына. Жіберіп қойды. Мен арбасына отырғызып үлгермей қалдым. Енді ол қатты ашуланды-ау, деймін. Мына ашуланғанына қарағанда менің бар айтқан сөздерімді айтып беретін болды. Ол айтпай жатып не болса да, Ғалым мен мамаға өзім айтуым керек. Оның өзіне бәле жауып айта беруім керек, — деп қаңғалақтаған Перизат бір орнында отыра алмай дегбірсізденіп ары-бері жүре берді….

Ақтілек пен Ғалым тура осы сәтте келген еді. Не істерін білмей жүрген Перизат олардың алдарынан шыға сала көзінің жасын төгіп-төгіп жіберіп:

— Осы кезге дейін айтпай келдім сіздерге. Енді келіп мені жазғыру үшін істеп отыр барлығын. Мен оның қырсықтығынан шаршадым. Оның бір беткейлігінен, айтқанға көнбей отырып алатын мінезінен шаршадым. Енді жетпегені үйдің ішінде нәжістің иісін шығарып жатуы еді. Маған қаншама ауыр айтқан сөздерін сіздерге айтпай тыныш көніп жүрдім. Енді жүре алмаймын. Ол мені қорлады. Мұнысына шыдай алмаймын. Шыдамның да шегі бар. Мен барлығына мама сізді сыйлағандықтан, Ғалымды сүйгендіктен шыдадым, енді шыдай алмаймын, — деп еңіреп жіберді.

Түк ұқпай өздерінің арасы алай-дүлей болып келген Ақтілек те, Ғалым да есік аузында аңтарылып тұрып қалды. Келінінің боз боран болып жылағанынан шошып кеткен Ақтілек:

— Не болды? Жаным-ау, тыныштық па? Түсіндіріп айтшы, не болды? — дей берді.

Ал Ғалым болса әлі бағанағы анасын ашуландырып алған сезімінен арыла алмай тұрып қалған. Ақтілек не болғанын сұрағанда осы сөзді күтіп тұрған Перизат болса:

— Бұған дейін не істесе де көндім, мама. Ол мені мазақ ететін, алдына шақырып алып сыртқа шығатынын айтып қоларбаға отырғызуымды өтінетін, отырғызған соң айқайлай күліп, қайтадан шыққысы келмей қалғанын айтып түсіруге демеуімді сұрайтын. Ол аздай шай дайындатып ішпей қоятын, тамақты төсегіне алдырып, төгіп тастайтын. Мұның барлығына шыдап, мүгедектігі үшін сіздерге айтпай тыныш келіп едім. Ал бүгінгі қылғанын ұмыта алмаймын мама, ұмыта алмаймын, — деп тағы бір еңіреп алды.

— Ол не істеді саған? Саған бүгін не істеді? — деп Ғалым да осы сәтте әйелінің айтқанына сеніп өзіреңдей жөнелді:

— Ол бүгін бөлеме шай беріп жатқанымда менің атымды атап шақырды. Барып едім кіші дәретке шыққысы келгенін айтты. Содан соң мен қол арбаны дайындамақ болып отырғызуға ұмтылып жатыр едім, бұтына әдейі жіберіп қойып мені мазақтап қарқылдай күлді. Ары қарай оның жанында отыруға шыдай алмай шығып кеттім. Не болса да барлығын сіздерге айтуды жөн санадым. Ол мені шаршатты. Оның қырсық қыңыр мінезінен шаршадым. шаршадым, — деп әртіс әйел тағы өкси жөнелді.

Мына сөздерді сетіп өз құлағына өзі сенбеген Ақтілек:

— Мүмкін емес. Олай болуы мүмкін емес… — деп күбірлей берді.

Ал иығына басын қойып еңіреп тұрған келіншегін аяй шашынан сипаған Ғалым:

— Мен қазір сөйлесемін онымен. Ағам бочса да, мүгедек болса да, барлық еркеліктің өз шегі бар. Көрсетемін, — деп Бақытжанның бөлмесіне кіруге ұмтыла беріп еді, Ақтілек оны тоқтатып:

— Ашуыңды бас, балам. Тоқташы не болса да алдымен мен сөйлесіп көрейінші. Мен әңгімелесейін, сосын сен де әңгімелесерсің, — деді.

— Жоқ, мама… — дей беріп еді, Ғалымға оқты жанарын қадаған Ақтілек:

— Мен сөйлесіп көрейін, болмаса сен де келерсің! — деп шегелей қатты айтты.

Осыдан біраз алдын болған оқиға ойына оралған Ғалым үндемей анасының дегеніне көнді. Ал онсыз да Ғалымнан естіген сөзі жанын жаралап көңілсіз келген Ақтілек ұлының бөлмесіне кірді. Бақытжан бүлінген киімдерін шешіп тастап қалың көрпеге оранып жатыр екен. Анасын көріп жүзін төмен

тайдырып көзіне қарауға ұялып төменшіктей берді. Ұлының көздерінен-ақ барлығын түсінгендей болған Ақтілек оқиғаның мүлдем Перизат айтқандай өрбімегенін бірден ұқты.

— Балам…. — деді жай ғана мейірімді де, жұмсақ үнмен.

— Мама, ештеңе демеші. Білемін, мен мен… — деп дауысы дірілдеп кеткен жігіт ағасы ары қарай сөйлемеді.

Енді сөйлесе өзінің әлсіз тұсын сездіріп қоятынын білгендей үндемей қалды.

Ұлының жанына келіп отырған Ақтілек:

— Балам, мен Перизаттың айтқандарына сенген жоқпын. Сенбеймін де, болған оқиғаны өз аузыңнан естігім келеді. Не болды? Айтшы маған не болды? — деді.

Ал Бақытжан ештеңе айтпастан үнсіз бір нүктеге көзін қадап ойланып отырды да әлден уақытта барып:

— Мама, мені мүгедектер үйіне өткізші. Жалынып сұраймын, өткізші… Бұлай мазақ, масқара болғым келмейді. Міне осыған дейін жеттік қой. Ендігі қалғанын несіне сұрайсың. Мен тіпті өздігімнен әжетханаға да жете алмайтын болдым. Мен енді ешкімге, ешқашан масыл болғым келмейді. Өткізші мені мүгедектер үйіне, — деді.

Мына сөзді естігенде жүрегі мұздап кеткен Ақтілек:

— Не айтып тұрсың, балам-ау? Неге олай дейсің? Жоқ, олай айтпа менің жанымды жаралап. Егер солай жасайтын болсам менің осы кезге дейінгі көргендерім, сен ҮШІН барған қадамдарымның ТҮК те мәні қалмайды, балам. Сені олай өз қолыммен өткізе алмаймын. Олай деме. Мен білемін Перизаттың айтып жатқандарының жалған екенін. Иә, жақсы білемін. Олай қиналғаныңды қаламаймны. Өзі соңғы кездері оның ойнақтаған көздері ұнамай жүрген. Мейлі сен ҮШІН ініңнің шаңырағын ортасына түсіре қоймаспын. Бірақ, басқа амалын табамын. Басқа амалын таба аламын, — деді үні дірілдей шығып.

Ана байғұс осы сәтте үнсіз егіліп жылап отыр еді. Иә, үнсіз егіліп жылауда еді. Ұлының өзі жоқта азапталып қиналғанын, Перизаттың дер кезінде келе қоймағанын жүрегі сезеді. Ол бөлмеден шыққан жоқ. Тіпті Ғалым кірмек болып еді, оны да Бақытжанның бөлмесіне кіргізбеді. Перизаттың шығып сол КҮНІ тамағын да ішпеді. Жап-жас келінінің сонша аярлыққа барып мүгедек жанға жала жаппақ болғанынан қатты көңілі қалды. Онымен қоса бағана Ғалымның да айтқан сөзі бар. Барлығын саралай келе Ақтілек сол ТҮНІ кірпік ілмей жатып бір шешім қабылдады. Таңертеңмен тұрып жуынуға шығып еді, келіні:

— Мама, — деп күлімсірей беріп еді:

— Керегі жоқ, Перизат, — деді жай ғана.

Перизат болса:

— Біліп едім мен жайлы жалған сөздер айтатынын сол кісінің… — деп бастай беріп еді, Ғалым да шықты асхана жақтан.

Осы сәтте қатарласа тұрып қалған екеуіне қарап тұрып Ақтілек:

— Перизат, Бақытжан маған ештеңе де айтқан жоқ. Ештеңе айтқан жоқ сен жайлы. Сені жамандаған да жоқ. Сезікті алдын секірер деп өзің ғой, барлығын айтқан. Барды да жоқты да. Содан-ақ кімнің дұрыс, кімнің бұрыстығын аңғаруға болады. Ол маған сен жайлы бір ауыз ауыр сөз айтқан жоқ. Тек ол мүгедектер үйіне кететінін ғана, кеткісі келетінін ғана айтты. Одан сөзге ештеңе де деген жоқ! Иә, солай… Мені алдай алмайсың. Мен өмір көрген, өмірмен күйеусіз бір мүгедек, бір дені сау баласы бар ана болып күрескен жанмын. Мен шындықпен өтіріктің ара жігін ажырата алатын жастамын, Перизат! — деді де жуынуға кірмек болып ваннаның есігін аша берді.

Ал Перизат болса өңменінен өте қараған енесінің көзқарасынан-ақ барлығын ұғып:

— Мама мені кешіріңізші… — дей беріп еді, Ақтілек:

— Ештеңе деме! Кешірім де сұрама менен! Ештеңе айтпаңдаршы маған… — деп жуынатын бөлменің есігін тарс еткізіп жауып алды.

Ал Перизат болса Ғалымның бетіне тік қарай алмай көзін төменшіктеп жерге қадала қарай берді. Ал Ғалым болса:

— Неге тыныш жүрмейсің осы сен? Неге? — деп әйеліне дүрсе қоя берген.

Олардың ұрсысқан дауыстарының қатты-қатты шыға бастағанын естіп жуынатын бөлмеден басын шығарған Ақтілек:

— Жетер! Ұрсыспаңдар! Бүгін бұл үйден мен де, Бақытжан да кетеді. Сендер өз мақсаттарыңа жетесіңдер! Уайымдамаңдар, өз армандарыңа қол жеткізесіңдер! Екеуің де армандарыңа жетесіңдер! — деп киінуге өтіп кетті.

Ал асханада ренжісіп жатқан екеуі мына сөзден түк ұқпай бір-бірлеріне тесіле қарап ұрсып жатқандарын да ұмытып Ақтілектің ізінен келген Ғалым:

— Мам-ау, неге? — дей беріп еді, Ақтілек:

— Ештеңе сұраушы болма! — деп Ғалымды күтпестен үйден шығып кетті.

— Мен апарып салайын да… — деп аузын да жимастан Ғалым қалып кетті…

Әдеттегідей асханасына жұмысқа келген Ақтілектің тірлікке қолы бармады. Ол есікке жаутаңдап әлдекімді күте берді. Иә, қайта-қайта көзі сол Оразды іздеп жәудірей берген. Әлден уақытта сағат тілі әдеттегідей он бірлерді соққанда Ораз да келді үйреншікті жеріне. Оны көріп қуанып кеткен Ақтілек бұрынғыдай емес алдынан шығып:

— Қалайсың? — деп күлімсірей күтіп алды.

Алайда күлімсіреген әйелдің жүзінен қуаныштан гөрі қайғының ба, әлбедір мұңның ба табы анық байқалатын еді.

— Не болды, Тілек, түрің тым шаршаңқы ғой. Жайшылық па? Не кеше ұлың артық әңгіме айтты ма? — деді.

Ақтілек жай күлімсіреп:

— Жоқ,— дей беріп еді, Ораз:

— Егер мен үшін болса кешірші… — деп Ақтілек:

— Сенімен сөйлескім келеді, сөйлесе аламыз ба? — деді.

— Иә, сөйлесе аламыз, — деген Ораз Тілекті “Болды енді мазалама” деп айтар деп ойлап еңсесі түсіп сол жердегі бос үстелдің жанында тұрған орындыққа жайғаса кетті. Жанындағы орындыққа отырған Ақтілек:

— Сен осы кезге дейін маған шын айтып келдің бе? — деді.

Қойылған сұрақтан Ораз есін тез жиып:

— Иә, шын айтып келдім, — деді.

— Оныңды дәлелдей аласың ба? — деді әйел көп сөйлеуді дұрыс көрмей.

— Иә, дәлелдей аламын. Оны неге сұрадың? — деді Ораз келіншектің жылыұшырай қарағанынан жүрегі дүрсілдей.

— Мен сенімен бірге болуға келісер едім. Тек сен Бақытжанмен бірге қабылдай алсаң. Сенің мойыныңа екеуміз де масыл болып мініп алмаймыз. Тек менің ол үйден кеткім кеп тұр. Сенің үйіңе де кіріп алмаймын. Пәтер жалдап тұрармыз алғашында қиындау болса да. Жұмысым Аллаһ қолдаса жақсы жүрер, содан соң үй де алып қалармыз деп ойлаймын. Мені Бақытжаннан бөле жармасаң сенің ұсынысыңа келісемін, — деді.

Ақтілектен мұндайды күтпеген Ораз:

— Рас па? Рас айтсың ба? — деп өз құлағына өзі сенбей қайта-қайта сұрады.

— Иә, — деп Тілек те жай ғана күлімдеп жауап қатқан.

— Мен келісемін. Сенің шартыңа келісемін. Сені Бақытжанмен бірге қабылдауға келісемін. Балаңнан бас тартпайтыныңды онсыз да білгем, — деді жас балаша қуанып.

— Тек ҮЙ жалдап тұру жайлы ойыңа да лама. Менің төрт бөлмелі пәтерім бар. Үшеуміз сонда тұрамыз. Қайта ол маған ұлым бола алады. Онсыз да ешкімім жоқ. Тек осылай ғана келісемін. Сендер пәтер жалдап тұрмайсыңдар. Менің үйімде тұрасыңдар, — деді.

Тілек те бұған келіскен сыңай танытып:

— Жарайды, тек мен саған Бақытжанымның қаншалықты маңызды екенін түсіндіргім келеді. Ертең екеуміз сол ұлым ҮШІН қырғи қабақ болғанымыздың керегі жоқ маған. Ол менің өмірімнің ажыратылмайтын бөлшегі іспетті. Иә, мен тірі тұрғанда солай, — деді.

Қуанған Ораз:

— Иә, мен сені тыңдауға дайынмын, — деді.

Осы сәтте Ақтілек бар өмірін баяндауға кірісті…

Жарас пен Ақтілектің арасында үлкен шынайы сезім болды. Сондықтан Жарас анасы қарсыласып бақса да Ақтілекке үйленуден бас тартпастан үйленіп еді. Өзі ұнатпайтын келінге енелер жылышыраймен қарай алмайды ғой. Ақтілектің де енесімен тіл табысуы өте қиын болды. Табыса алмады десе де болатын еді. Тек байғұс қыз Жарас ҮШІН, соған деген махаббаты ҮШІН барлығына шыдады. Оның үстіне ЖҮКТІ болған Ақтілек перзенті ҮШІН барлығына шыдап бақты. Аман-есен босанып алуды ғана ойлап, енесімен ренжіспеуге тырысып бағатын. Алайда шұқыланып бәле іздейтін енесі сорлы келіншектің жанын жаралайтын жайтты қашанда таба алатын еді. Міне, сөйтіп жүріп қиналып дүниеге тұңғыш перзентін де алып келіп еді.

Босандырып алған дәрігер Ақтілек есін жинап, өзіне келген соң келіп жағдайды түсіндіріп, баласын көрсетті.

— Тағдырдың жазғаны ғой, амал жоқ. ЖҮКТІ кезіңізде мүлдем күтінбегенсіз. Ауыр тірліктен бас алмағансыз, тым қатты қиналған кездеріңіз көп болған. Бар кінәарт содан болып отыр, — деп қолына ұсқынсыз сәбиді ұстатты да кете барды.

Сөйлеуге мұршасы келмей Ақтілек еңіреп жылап, құбыжық сәбиді құшақтап еңірей берді. Езіле берді. Ана ҮШІН, перзентінің тағдыры азапта, қорлықта өтуін сезінуден асқан, соны сезінуден асқан қасірет жоқ екен ғой. Ұлының болашағын, баянсыз болашағын көз алдына елестеткен Ақтілек шошып кетті.

— Жаным, кешірші, мені. Сенің бұлай туылғаныңды қаламап едім. Сол екеуіне жағамын деп, солардың ауыздарын жабамын деп қой сенің өміріңді қорлағаным. Нем бар еді, тірлігі құрып кетсін, неге сені күтпедім? Неге сенің жағдайыңды жасамадым? Кешірші мені, кешірші. Солардың кесірі. Солар ғой мені азаптаған, сені де азаптаған солар. Сені жылатпаймын, ешкімнің алдында кемшілік көрсетпеймін саған. Мейлі бұл менің бүкіл өмірінің бақытына айырбасталған қасірет болса да сені қорғаймын, — деп күбірлей берді, құбыжық сәбиді бауырына басып күбірлей берді…

Перзентханаға жеткен Жарас Ақтілекті сөйлесетін терезеге шақыртты. Күйеуінің келгеніне қуанған Ақтілек, терезеге ілби басып келді. Оның ендігі бар жұбанышы да, тірегі де Жарас болатын. Келіншегінің қиналған түріне мән беріп қарамаған ол амандық сұрамастан бұрын:

— Баламның денсаулығы дұрыс па? — деді.

Көзі шатынап тұрған күйеуіне енесі мен абысынының жөнсіз бірдеңе айтып жібергенін бірден түсіне қойған Ақтілек:

— Не болды? — деді.

— Апам, “баланы менен емес” дейді ғой.

— Тағы не деді, апаң? — деді кекете сөйлеген Ақтілек, көзіне іркіліп қалған жасты қолымен сүртіп.

— Бала құбыжық болып туылды ма, не?

— Не? Не деп тұрсың сен, Жарас?

— Бала құбыжық болып туылды ма? Шыныңды айт, әкесі кім? Кім оның әкесі? — деп Жарас ашудан шыңғырып жіберді.

— Әкесі сенсің, Жарас. Иә, құбыжық болып емес, мүгедек болып туылды баламыз.

— Не? Онда ол шынында да менің балам емес. Дәрігер “әкесінің әулетінде бар” депті. Біздің әулетте ондай ешкім жоқ. Бұған дейін болған да емес. Оның әкесі басқа біреу, кім? Кіммен шатастың, шыныңды айт, Ақтілек?! Мені бұлай қорлама шыныңды айт. Бала менікі болмаса біреудің баласын бауырыма баспаймын. Егер шыныменен мүгедек болып туылған болса, әкесі мен емеспін! — деген Жарастың әрбір сөзі азапқа түскен ананың жылаған жүрегіне тұз себуде болатын.

— Ана екеуі саған не айтып барғанын білмеймін. Бірақ, дәрігер маған “ауыр тірліктен ішіңде бала қысылып қалған” деді. Бала сенікі, ешқандайда күмәнің болмасын. Алланың алдында да, адамның алдында да мұны дәлелдеп бере аламын. Жаратқан маңдайымызға осындай қасірет берген екен, бірге көтеруіміз керек, Жарас. Сен баладан басыңды алып қаша алмайсың. Өйткені, бала сенікі, — деді.

— Жоқ, өтірік. Алдама мені. Сен жалған айтып тұрсың. Бала менікі емес. Өзіңнің ойнасың бар екенін жалған мүләйімсіп жасыра қалма. Бала менікі емес! — деп шешесі қайрап жіберген Жарас ештеңеге түсінетін емес.

— Сенбесең дәрігердің алдына өзің бар. Біл шындықты. Бала сенікі. Тексерт, қандарыңды тексерт. Бұлай менің жаралы жаныма тұз сеуіп, жүрегімді, адал сезімімді лайлама. Бала құбыжық па, басқа ма екеумізден туған. Өлсең де, тірілсең де екеуміз асыраймыз! — деді де, өкіре жылаған Ақтілек, шарт бұрылып палатасына қарай кете берді.

Байғұс ананың ішкі жансарайы қан жылап барады. Жарастан мұндай сөз күтпеген еді. Иә, тура осы сөзді Жарастан күтпеген. Өзінің жылаған жүрегін емдер, жұбату сөз айтар деп күткен. Бірақ, есалаң анасының ессіз сөзіне сенген күйеуінің де миы айналып қалған екен-ау…

Дәрігерге ашуменен барып кірген Жарас:

— Маған жағдайды түсіндіріңіз. Әйелім шынында да өзге біреуден босанып отыр ма? Бала менікі емес пе? — деді.

Төбеден түскендей қойылған сұрақтарға түсінбей қалған дәрігер:

— Не жөнінде сұрап тұрсыз? Не айтып тұрсыз? — деді.

Дәрігердің сабырлы сұрағынан кейін барып Жарас

басылды. Өзінің неге келгенін де ашуын басып содан соң барып сұрады. Оған дәрігер:

— Келіншегіңіздің өте ауыр жағдайда келіп түскені рас. Өмірі ауыр тірліктен қол үзбеген. Көтерген келіншекті кішкене болса да түсінуге тырысып, жүкті әйелге ауыр тірлік істетпеу керек. Мен баланың осы жағдайын “әкесінен” деген жоқпын. Бұл әулеттен-әулетке өтетін тұқымқуалаушылықтан туып отырған мүгедектік емес. Келіншегіңіздің ауыр тірлікті көп істегенінен, көп қиналғанынан осы жағдай орын алып отыр.Анықта десеңіз баланың сізден екенін де анықтап беремін, — деді

— Қалайша?

— Қан тапсырсаңыз болғаны. Тексеріп көреміз.

— Жарайды, анықтап беріңізші, не тапсыр десеңіз де тапсырайын, — деп Жарас тексертуге келісімін берді.

Екі күннен соң тексерудің нәтижесі шықты. ӘЛГІ дәрігер Жарасты бөлмесіне қайта шақырып алып:

— Ешқандай да күмәніңіз болмасын, бала сіздің қаныңыздан жаралған, — деді.

Бұған қуанудың орынан Жарастың түрі бұзылып кетіп еді. Дәрігерге:

— Рахмет, рахмет сізге, — деді де шығып кетті.

Осыдан кейін күмән келтіруге шамасы келмеген Жарас

қанша жерден құбыжық баланы ұнатпай тұрса да келіншегі мен сәбиді үйіне алып келді. Өз перзенті болса да, Жарастың жүрегінде сәбиге деген ешқандай да махаббат, әкелік сезім болған жоқ. Ол күн өткен сайын мүгедек перзентін жек көре берді. Оның үстіне екі к.ннің бірінде миын жейтін шешесі Құралайдың:

— Бала менің немерем емес. Бәрібір мен сенбеймін. Маған мұндай құбыжық немере керек емес. Әулетімнің ұрығын бұзады. Көзін құртайық, балам. Мүгедек баладан не қайыр, не үміт күтіп отырсың? — дегенді айта берді, айта берді.

Алғаш өмір есігін ашқан сәтте әкесінің жүрегінде әкелік махаббат оята алмаған Бақытжан бақытсыз сәби болып өмір есігін ашты. Перзенті үшін жүрегі қан жылаған Ақтілек күресіп бақты. Сөйтіп жүргенде Бақытжан екі жасқа толды. Ол мүлдем орнынан қозғалмайтын. Екі аяғы мүлдем қимылдамайтын еді. Екі жастағы бала жүріп, аяғы шығады ғой. Ал ол тек отыра беретін. Баланың жағдайы, тынымсыз ене, соңғы кездері әңгіме айтып, қол көтеретін күйеуі Жарас та өнер шығарып жүр. Осының барлығын көтеріп, барлығының көңілдерінен шығуға тырысып жүрген Ақтілек тағы жүкті болды. Оның жүктілігін естіген Жарас қуанудың орнына:

— Мұны да құбыжық етіп туатын болсаң екі балаңды иығыңа арқалатып үйден қуып шығамын! — деді.

Бұл сәбиінің де мүгедек болғанын Ақтілектің өзі де қаламайтын еді. Жарас үшін емес, сәбиінің болашағы үшін оны сақтауға күтуге тырысып бақты. Бұрынғыдай енесі менабысынының қырсыққаннан шығарып қоятын тірліктерін істеген жоқ. Кейде орнынан тұрмай жатып қалып, кейде қолының ұшымен тірлік істеуді де үйренді. Өйткені, Ақтілек үшін ең басты керегі сәбиін сақтап қалу болатын. Осылайша жүріп өмірге балпанақтай ұл алып келді. Құбыжық та емес, мүгедек те емес Алланың берген дені сау ұл перзентін дүниеге алып келді. Мына жаңалық Жарастың қуаныштан жүрегін жарып жібере жаздады. Оның Ақтілекке деген махаббаты ояна бастады.

Келінінің екіншісін де мүгедек етіп босануын күткен Құралайдың арманы орындалмады. Солай болса Жарас өзі үшін оны үйден қуып шығатын еді. Арсыз ене соны күткен. Бірақ, тағдырдың жазуымен олай болмай шықты да, бар жоспары іске аспай қалды. Бақытжаннан кейін Ғалымжан деп есім берген сәбиді үйге алып келген соң Құралай басқа айла тауып алды. Енді ол ұлы Жарасты:

— Ана Бақытжанды мүгедектер үйіне өткізу керек. Ертең ес біліп қалса өзіміз де қимай қаламыз. Оған да кету ауыр болады. Кішкентай ұлыңның дені сау, соны адам етіп өсірсең де жетер. Бақытжанды мүгедектер үйіне тапсыр, — деп үгіттей бастады.

Өзінің осы сөзі келіні мен баласының арасына от тастайтынына қу кемпір сенімді болатын. Ақтілек қанша жерден мүгедек болса да, ұлын ол жерге өткізуге көнбейтініне сенімді еді. Осы шу басталса соңында келінін үйден қуып шығу оңай болатынын ұққан. Сол жоспармен Жарасты қайрай берді.

О бастан Бақытжанға жүрегі жібімеген Жарас үшін да осы ең оңай шешім болатын. Кішкентай Ғалымжан қырқынан шыққан соң Жарас әйеліне:

— Ақтілек, Ғалымжан қырқынан шықты. Әне-міне дегенше өсіп те қалады. Саған екеуіне бірдей қарау оңайға соғып жүрген жоқ. Оның үстіне үйдің тірлігі тағы бар. Бұлай өзіңді-өзің қинама. Бақытжанның мына түрін көріп жүрегің тағы ауырады. Артық азапты арқалап қайтесің? Ең дұрыс жолы Бақытжанды мүгедектер үйіне өткізейік, — деді.

Мына сөзді естігенде Ақтілек өз құлағына өз сенбей қалды. Жарастың Бақытжанды еркелетіп, маңдайынан сүймейтінін білетін. Оны ұнатпай іштей тыжырынып қалатынын да сезетін еді. Уақыт өте келе ұлына деген көзқарасы өзгерер деп ойлайтын. Өз перзенті екеніне көзі жеткесін қанша тосырқаса да түбінде Бақытжанды өз перзентіндей мойындайтынына Ақтілек сеніп өмір сүрді. Күйеуінің мына сөз төбесінен жас түскендей әсер қалдырды.

— Жарас, қалайша аузың барып айтып тұрсың? Есіңнен адасқансың ба? Оның тамырында сенің қаның ағып жатыр ғой. Ол сенің ұрығыңнан жаралған бала ғой. Мұны қайдан шығардың? Ең болмаса наласынан қорықпайсың ба? Бүгін— саусың, бүгін мүгедек емессің, ертең өміріңнің қандай болатынын ойладың ба? Жоқ, мені өлтірсең де бұл ұсынысыңа қосылмаймын! — деп тік қарап жауап қатты.

Келіншегіне тіл бітіп, өзіне өзеурей сөйлегеніне ашуы келген Жарас:

— Саған тіл бітейін деген екен. Мен сенен сұрап отырмаймын. Маған мүгедек бала керек емес. Алып барып тастаймын өзім-ақ мүгедектер үйіне. Өз қолыммен өткіземін.

— Онда мен де кетемін бұл үйден.

— Кеткенде қайда барасың? Түбінде қайтып келесің ғой. “Ат айналып қазығын табар” дегенді ұмыттың ба? Барар жерің бар ма өзі?

— Шешемнің ішіне сыйған жанмын, сыртына да сиямын.

— Оймырпай-ә. Сұмдық шығарсың жоқ, Ақтілек, кетсең өзің кетесің, Ғалымжанды тастап кетесің маған. Мүгедек балаңды құшақта да кете бер.

— Сенің айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүріп сөзіңнен шықпайтын жанды тауып алыпсың. Жоқ, кетсем баламның екеуін де алып кетемін! Армандаушы болма. Бәрібір мен Бақытжанды мүгедектер үйіне өткізбеймін! Өткізбеймін! — деп еңіреп жылап жіберді

— Мені жылап қорқыта алмайсың. Өткіземін дедім бе, өткіземін! — деп Жарас та қайтатын емес.

Екеуінің арасындағы осы сөз айқайға ұласып бара жатқан соң, тез басыла қойған Ақтілек:

— Жарас, жаным-ау, қайда сенің кешегі сөздерің? Мен қиналғанда қасымда болуға уәде беріп едің ғой. Енді неге бұлай істеп отырсың? Баланың өзіңдікі екені рас қой. Қалай көзің қиып, жүрегің шыдап тастап кетпекшісің мүгедектер үйіне? Түсінші мені? Менің жағдайым не болады? Қалай мен шыдап жүремін сосын? Қалай шыдаймын? Түсінші. Өзім қараймын, өзім бар ауыртпалығын көтеремін. Тек баланы өткізбейікші, — деп жалына бастады.

Оның жыларман болған қасіретіне пысқырып та қарамаған Жарас:

— Өткіземіз! — деп соңғы шешімін айтқандай тұрды да есікке беттеді. Шығып бара жатып: — Құжаттарын әзірлеп қойғанмын. Киімдерін дайында. Өзім алып барып тастап келемін! — деп шығып кетті.

Жоқ, Бақытжанын мүгедектер үйіне қимайды. Балапанын қалай қисын? Қалайша оның жан жарасына тұз себеді? Құдайым-ау, ол мұның құрсағын жарып шыққан, алпыс екі тамырын идірген перзенті ғой. Перзенті ғой мұның. Жоқ, өліп кетсе де, Жарастан айрылса да Бақытжанынан айрылмайды. Жоқ, оны мүгедектер үйіне жібермейді.

Ақтілек екі перзентін де киіндіре бастады. Өзі де таза киімдерін киіп, кетуге дайындалды. Иә, біржолата мына Жарастың үйінен кетуге бел буды. Егер түсінігі бар болса ізінен барып екі перзентімен алып кетер. Түсінігі жоқ, мисыз жан болса енді қайтып бұл табалдырықты аттамайды. Аттағысы да келіп тұрғаны шамалы. Екеуін де көтеріп алды да Ақтілек сыртқа шықты. Жарас есік алдында Бақытжанды киіндіріп беруін күтіп тұр екен.

— Ақтілек, өзім алып барып тастап келемін дедім ғой. Сен бармайсың.

— Мен төркініме кетіп барамын, Жарас. Баламды мүгедектер үйіне тастап безбүйрек ана болғым келмейді. Сен қорықпасаң да мен көз жасынан, баламның наласынан қорқамын. Менің аналық махаббатым оған жол бермейді. Кетемін!

— Не?

— Екеуіміз ажырастық деп есептей бер. Енді керек болсам, мына екі перзентіммен бірге ғана алып келе аласың. Әйтпесе екі дүниеде де бұл Үйдің табалдырығын аттамаймын, — деді.

— Не? Осылай қорқытқың келіп тұрса, кете бер. Өзің-ақ ертең баланы мүгедектер үйіне өткізіп, қайтып келесің. Қиналған кезіңде келмей қайда барасың? Мүгедек баланы асырау оңай емес. Қалай асырайсың сорлы-ау? — деген Жараста бұрынғы ақылдылықтан, бұрынғы махаббаттан жұрдай бір бейне ғана қалған екен.

Сол жұрдай бейне ғана Ақтілекке сөйлеп тұр еді. Иә, арам пейілді бейне Ақтілекті азапқа толы сөздермен шығарып салды. Жүрегі қан жылап, ессіз еңіреп кетіп бара жатқан Ақтілек сезіміне, өзін алдаған сезіміне сенгеніне өкініп бара жатты. Жарасты құлай сүйген махаббатына өкініп бара жатты…

Келінінің үйден кетіп бара жатқанын іштей риза болып тұрған Құралай ұлынан “Не болды? Неге кетті?” деп сұраған да жоқ. Ол үшін Ақтілектің үйден құрығаны жақсы. Сол тиімді болатын…

Ақтілек жалғыз інісі мен анасының үйіне қайтып келді. Жұрттың барлығы өсек қылып, мынадай сорақылыққа жол берген Ақтілекті жерден алып жерге салып жатты. Жұрттардың өсегінен де сескенбенген Ақтілек көп қиналды. Иә, жаны азапқа түсті. Екі кішкентайының арасында отқа түсіп азапталды. Бірақ, ана жүрегі қанша қиналса да берілген жоқ. Жарастан да хабар болмады. Ол да қырсығып қайтып Ақтілекке оралған жоқ. Иә, сүйгені де, махаббаты да жалған екен. Перзенттерінің маңдайына тағдыр берген тауқыметті көтеруге шамасы келмеген күйеуін Ақтілек те керек еткен жоқ. Ол үшін ендігі бары да, нары да екі перзенті болатын. Итшілеп жүріп өсірді. Олар ес білер шаққа келгенде мүгедектер арбасында отыратын ұлы мен Ғалымжанын алып қалаға келді. Қалада жұмыс істеп қара еңбекпен, қара күшінің арқасында үй алып, ұлдарының болашағы үшін Ақтілек тынбай жұмыс істеді…

* * *

Ақтілекті азапқа, қиындыққа шыдай алмай қайтып келер деп ойлаған жарас қателескен еді. Өз қатесін кейін түсініп Жарас келгенде оның бетіне да қараған жоқ. Оны адам құрлы да санамады. Қанша кешірім сұрап жалынса да күйеуіне қайтып барған жоқ. Бармайтынын айтып үйден шығарып жіберді. Өзі күйеуге тимеді. Екі перзентінің тағдырымен ойнағысы келмеді. Оның үстіне Бақытжанның өмірі үшін көп азап шекті. Міне, осылай жүріп Ғалымжанын адам етіп үйлендірді. Өзі тұрмысқа шықпады, шыққысы да келмеді. Ақ үмітін ақтамаған, арманын сындырып, тағдырының ақ жолын лайлаған жаннан бір көңілі қалғасын, ол көпке дейін қайтып еркек атаулығы беттемеген болатын… Иә, барлық қасіреті де, қайғысы да Ақтілектің осы мүгедек баласы Бақытжанмен байланысты еді. Бірақ, онысын ұлына айтып жанын жараламайтын. Өйткені, бұл Ақтілектің өзінің таңдаған жолы болатын… Ғалым өмір сүріп кете алатынын білетін. ал Бақытжанның тағдыры үшін ешкіммен некелеспес те еді…

Кейін естіді Жарас тағы үйленген екен, алайда бұл келіншегінің де босанған перзенті туа бітті тірек қимылы бұзылып мүгедек болып туылыпты. Соған қарағанда бар кіна тынбай жұмыс істегеннен де емес Жарастың қанында бар ма солай ау. Бұл Жарас үшін үлкен жаза еді. Ал Құралай өзінің арсыз ене болғанын кеш ұқты. Ұлының «сен…сен… сен кінәлісің сенсің» деген табасымен алысып өмір сүре берді. Бұл Ақтілек пен Бақытжанның әкесіз өскен Ғалымжанның көздерінен аққан жастың өтеуі болатын.

Сөзінің соңына келгенде Оразға қарап көзінің жасын сүрткен Ақтілек:

— Міне, мен Бақытжан үшін көрген азабымды оған міндет етпеймін. Қазақта “итті де иесімен қинасын” деген сөз бар. Мен ұлымның қайғысын бөлісіп, соның жанына сәл де болса жұбаныш болғаныма қуанамын. Мен сонша уақыт Бақытжаным үшін күрестім ғой. Енді орта жолда оны мүгедектікпен арпалыстырып қалдырып кете алмаймын. Егер сен де мен үшін неге де дайын болсаң, Бақытжан үшін де солай ете алсаң сенімен бірге болуға, енді о дүниелік болғанша саған адал жар болуға келісемін, — деді.

Ораз Ақтілектің айтқанының барлығына көнетінін айтып:

— Біз енді оны ешкімге де мазақ еткізбейміз, ешкімге, — деп жанында отырған өзі тілеген, өзі жанымда болсыншы деп тілеген Тілегінің қолынан ұстай берді.

Ақтілектің жанарына жас үйірілді бұл, қуаныштың жасы еді, иә, перзенті үшін тағдыр тауқыметімен алысқан ананың қуаныш жасы еді…

НұрСая.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған