МАХАББАТҚА АДАЛДЫҚ…

– Нұрбол, неге түсінбейсің? Мен онда мәңгілікке кетіп бара жатқан жоқпын ғой. Келемін ғой ертең оқу біткен соң. Бәрі де уақытша нәрсе. Неге маған ренжіп отырсың? Түсінбеймін сені. Түсінгім де келмейді. Менің оқығанымды қаламайсың ба? Әлде, мені оқытқың келмей ме? – деген Айсезім жігітінің ойын түк те түсінбеді. Ол үшін Нұрболдың өзін жібермей отыруының басқа бір сыры бар тәрізді.

– Жоқ, жаным, сенің оқығаныңа қарсы емеспін. Жас кезіңде оқып алғаның жақсы ғой. Бірақ… – деп үнсіз қалған жігіт жер шұқылап тұр.

– Не, бірақ..? Не айта алмай тұрсың? Қысылмай айта берсеңші?.. – деген Айсезім жігіт сөзін естімей тағат табар емес.

– Айсезім, кетпеші ешқайда? Өтінемін. Онда не бар саған? Оқитын болсаң, оқу осында да толып жатыр ғой. Солардың бірін неге оқымайсың?

– Жоқ!.. Әңгімемізді осымен доғарайықшы. Бұл жөнінде сөйлескім келмейді. – деген қыз орнынан тұрып, кетуге ыңғайланды. Артынан ілесе тұрған Нұрбол оның соңынан үнсіз ғана еріп келеді. Қол ұстасқан екеуі де үнсіз. Тек көк дарбазаның алдына келіп тоқтаған кезде ғана сұлу бойжеткеннің бетінен сүйген жігіт оны құшақтап:

– Мейлің, Айсезім, оқи бер. Мен сенің оқығаныңа мүлде қарсы емеспін. Тек мені ұмытып кетпесең болғаны, – деді сыбырлай. Жігітінің кеудесінен басын жұлып алған қыз:

– Не? Ұмытқаны несі, Нұрбол? Сен… мен сені ұмытып кетеді деп қорқып жүрсің бе? Бекер! Жаным, қалай ғана олай ойлап жүрсің? Мен сені ешқашан ұмытпаймын. Сен менің мәңгі жүрегімдесің. Ешкімде маған сені ұмыттыра алмайды. Соны түсінші. Өтінемін, сенші маған. Сенесің бе, Нұрбол, сен маған сенесің бе? – деді қиыла.

– Иә, жаным, – деп басын изеген жігіт қызын құшақтай түсті.

– Ә, сен содан қорқып жүр екенсің ғой. “Барма, барма» дей бергенше айтпайсың ба, баяғыдан бері,– деп сықылықтай күлген қыздың ойында ешнәрсе жоқ.

Бірақ, өзегі өртенген жігіттің жүрегі бір нәрсені сезетіндей шымырлап жатты…

Айсезім үйінің ерке қызы. Мектепті бітіре салысымен жұмысқа тұрып кеткен қыз өз қалауымен сыртқы бөлімге тапсырған болатын. Құдай оңдап, сол сыртқы бөлімнің оқу грантына – ие болып отыр. Бір өкініштісі, оқуы солтүстікте. Оқуға түссем болды деген қыз оқуым шалғайда деп еш ойланбады. Қайта, оған қуанды. Ел көремін, жер көремін деп төбесі көкке жетті. Бірақ, Оңтүстіктің ыстық күніне күйіп, жылы қысына тоңып жүрген қыз солтүстіктің суығына шыдар ма екен. Бәрінен бұрын туысқандарын айтсаңшы. Ол жақта не бір көкесі, не бір тәтесі жоқ. Ата-анасы мен бауырларының, достарының ортасында талтаңдап жүрген бойжеткен бөгде қалаға үйрене қояр ма екен. Қазағынан орысы көп қалада жүру оңай емес шығар. Оның үстіне, барлық қымбатшылық та сол жақта. Соның бірін де ойламаған ол ата-анасының қарсылығына қарамастан, ақыры оқуға баратын болды.

Мектепті бітірісімен жұмысқа тұрып кеткен қыз сырттай оқуды өзі қалады. Жанында өзімен бірге істейтін жандардың барлығы өте тамаша жандар. Оның үстіне көбісі – өзі секілді жастар. Барлығы да сырттай оқиды. Ештеңеден қалып жатқан жоқ. Әрі оқып, әрі жұмыс істеп, ақша тауып жатыр. Әке-шешелерінің қолдарына жалтақтап қарамайды. Иә, ес біліп, ер жеткен соң өз күніңді өзің көргенге не жетсін? Тиынды тиынға қоса алмай жатқан мына заманда, ата-анаңа да сенің өзіңмен-өзің болып жүргеніңнің өзі үлкен көмек! Соның барлығын ой елегенін өткізген бойжеткен сырттай бөлімді қалады. Сүйіктісінің алысқа кетіп бара жатқаны Нұрболдың жанына қатты батты. Бір жыл емес, бір айға бара жатқан қызын ойлап жүнжіп жүр. Егер Айсезім онда жылайтын болса, онда бір жылдың ішінде шалға айналатын шығар. Көкшетауда бірде-бір туысы жоқ қызының жататын жерін, араласатын адамдарын, барлық жағдайын ойлап түнімен көз ілмей, шығатын болды. “Кіммен барады, барғанда қайда тұрады? Мейлің барған соң жататын жер іздер. Ал жататын жер тапқанша қайда тұрақтайды” деген ойлар жас жігітке маза бермейді.

О, махаббат, не деген қиын едің?! Бір сен үшін қаншама адамдар құрбан болған. Осыншама тәтті де, ащы болар ма едің? Иә, тәтті дейтініміз жігіттің қызды, қыздың жігітті осылай құлап сүю. Ал ащы дейтініміз, осындай келеңсіз жағдайлардың кездесіп тұруы. Әйтеуір, сезімнің шырынымен шырмап алып, шырғалаңға түсіресің. Бәрі де сол бір махаббат үшін емес пе?

Егер Айсезімнің орнында Нұрболдың қарындасы ма, әпкесі ме, әйтеуір туыстарының бірі болғанда, сірә бұлай ойланбас па еді. Кім білсін? Әйтеуір қызының қамын қатты ойлаған Нұрбол ақыры онымен бірге еріп, Көкшетауға баратын болды…

Артынып-тартынып базардан келген Жанар үйіне зорға жетті. Ол аулаға кіргенде күйеуі есіктің алдында жүр екен.

– Әй, сен келіп қойғансың ба? Сені кештеу келетін шығар деп отырсам. Қалай, таптың ба, бар ма екен? – деді үйге кірмей жатып, күйеуіне қараған әйел. Оның дорбаларын көтерісіп, ішке алып кірген Дәуір үндемеді.

Күйеуінің жайбасарлығына шыдамсызданған Жанар:

– Бар ма, жоқ па? – деді қайталап.

– Тұра тұрсай. Ішке кіріп шамалы деміңді алсай. Сосын айта береміз ғой. Есіктен кірмей жатып, алқымымнан алғаны несі? – деген Дәуір әйеліне қарап күлді.

– Әй, сенде… айта берсей. Сосын кіре береміз ғой. Соны ойлап бағанадан бері төзімім таусылды. Бола ма болмай ма, деп ойым екі бөлінді. “Таппасаң не істейміз” деген ой да жанымды жеп қойды, – деді Жанар аяғын да шешпестен.

– Туу, болмадың ғой. Ойланбай-ақ қойшы. Бақтияр ертең беретін болды. Бір досында ақшасы бар екен. Ертең соны әкеп берем деді. Сол берсе, біздің тиын-тебеніміз бар, қыздың өзінің жинағаны бар жетіп қалатын шығар. Ертең өзім-ақ барып, алып келемін, – деген Дәуір әйелін сендіріп қойды…

Дастархан басында отырған ерлі-зайыптылардың екеуі де үнсіз. Қабақтары түйіліп кеткен. Бір-біріне ренжіп отыр ма, жоқ әлде басқаға ренжіп отыр ма, өздері де білмейді. Әрі қарай үндемей отыра алмаған Жанар:

– Енді не істейміз? Өйстіп отыра береміз бе? Енді кетеді ғой ол? Не беріп жібереміз оған? Қалай жібереміз оны оқуына? Айналдырған жиырма мың не болады оған? Барып келуінен де артылмайды?

– Маған не дейсің енді? Не істейін? Қайда барып, қайда жүгіремін? Бақтиярға сеніп қалдым ғой. Қайдан білейін, берем деген соң, соған сендім ғой. Оның бермейтінін білгенде басқасын қарастырар едім ғой.

– Енді неғып отырсың қарастырмай?

– Қайда бар дейсің маған? Бір күннің ішінде кім маған мә деп ақша бере қояды? Қызықсың-ей, жоқ ақшаны қайдан тауып беремін, – деген Дәуір қолындағы кесесін ішпестен қоя салды. Қабағы түйіліп ойланып отыр.

Ертең кететін қызына ақша тауып бере алмағанына қынжылды. Жүрегі езіліп, ойы сан-саққа жүгірді. Егер қолында болса ғой. Осылай әйелімен де сөзге келмес еді. Барын беріп, қызын еш қиналмай-ақ оқуға жіберіп алар еді. Бірақ, соған еш мүмкіндік болмай жатыр ғой. Әйтпесе, аянып отыр деймісің. Қолындағы азғана ақшасы неге жетеді? Қай жағына жеткізеді өзінің алатын бір айлығын. Шындап келгенде, оның бір айлығы Айсезімнің Көкштеуға барып келуіне де жетпейді. Әйтеуір, баласы үшін тыраштанып-ақ жатыр ғой. Қайран жоқтық-ай! “Жомарттың қолын жоқтық байлайды” деген осы екен-ау. Жүрегі сыздап отырған Дәуірдің ойын Жанардың сөздері бөлді.

– Құдай-ай, қайта! Осы ғой сенің тірліктерің. Үнемі осындай болады. Басы басталып, аяқсыз қалады. Кеше соны біржақты етіп тындыратын адамсың ғой. Ии… Ана қызда бір, сол жаққа оқымаса болмайтындай, қырсығып қалды ғой. Осында оқи салғанда несі кететін еді? Бәрібір сол ақылы оқудың ақшасы кеткелі жатыр, оның жолымен тамағына. Қайта ақылы оқуынан бес бетер болып тұр. Бұл жақта оқыса, қиналмай жәймендеп төлей беретін едік. Енді қарасай, адамды қинап қойғанын. Онысыз да жетісіп жүргеніміз шамалы. Адамның айтқанын тыңдамайтын бәлелер десей. Бәрі өздерінше бір білгіш. “Ойбай мама, бір жылдан кейін ауыстырып алуға болады екен. Сосын қалған жылдарымды тегін оқимын ғой” – деп адамды көндіріп еді, енді қарасай… – деп Жанар өзімен– өзі сөйлеп отыр. Қайбір сөйлеп отыр дейсің. Күйініп сөйлеп отыр.

Дәуір үндемеді. Әйелінің ашуланғанда өйстіп, сөйлеп– сөйлеп, сосын басылатын мінезін жақсы біледі. Сол үшін Жанар сөйлеген кезде өзі үндемей отыра береді. Бірақ, дәл қазір оның сөйлеуге де еш құлқы болып отырған жоқ. Қызының жолына ақшаны қайдан табамын деп басы қатқан әкенің ойы мүлде басқа жақта…

Еңкілдеп жылаған қыздың жанары келгелі әлі жастан босамады.

– Осы уақытқа дейін не істеп жүрсіңдер ақша таппай? Менің сессиямның келе жатқанын білесіңдер ғой. Жүріп-жүріп, енді маған келіп ақша жоқ дейсіңдер. Іздемегенсіңдер ғой сол ақшаны! Қайда ақшаларың? Осы маған “ақылыға оқи сал, кімің бар онда” деп едіңдер ғой. Қане, енді мені оқытатын сол ақшаларың! Оқытқыш болып жатыр едіңдер ғой. Менің жолыма да таппай отырсыңдар. Сендердің айтқандарыңмен осында қалсам, мүлде оқымайды екенмін ғой. Білмеймін, мен ештеңе. Маған ақша тауып беріңдер. Оқытпайтын болсаңдар, несіне тудыңдар? Қыздарыңды оқытуға шамаларың жетпейді. Несіне ата-ана болып жүрсіңдер? Ақша тауып беріңдер маған, – деп ағыл-тегіл болған қыз ата-анасына айтпағаны қалмады. Солқылдап жылаған ол өзінің не айтып, не қойып жатқанында білмейді. Ашу үстінде айтқан сөздері ата-анасының көңіліне келіп қалады-ау деп ойламайды.

– Маған не дейсің енді? Көріп отырсың ғой жағдайды. Неге түсінбейсің? Сені жібермейік, оқытпайық деп жатырмыз ба? Жағдай келмей жатыр ғой. Болып тұрып, бермей жатқандаймыз ғой, тегі, – деген Жанар қызына сөйлеп жатыр. Дауысында реніш пен діріл бар.

Үйіне кештете оралған Дәуір қызына ақша тауып әкелді.

Қызы мен әйелінің әңгімелерінің үстінен түскен ол:

– Ешнәрсені де уайымдамаңдар. Бәрі де болады. Сезім де оқуға барады. Анасының да көңілі орнына түседі. Міне, сендердің іздегендерің, – деп қалтасын қақты.

Айсезім “шынымен бе” дегендей әкесіне жалт қарады.

Өзіне күлімдей қараған әкесі:

– Әй, көкетай, – деп бір еркелетіп алды. Әкесінің бар айтқан сөзі осы. Соның өзіне көңілі шаттанып, жүзіне күлкі үйірілген қыз жүгіріп кеп әкесін құшақтай алды…

Күн өткен сайын Нұрболдың уайымы да күшейе түсті. Иә, ертең қыз кетеді. Оны ойласа байғұс жігіттің жүрегі жылап қоя береді. Қанша сүйіктісін жібергісі келмесе де, қолынан келетін дәрмен жоқ. Ата-анасына көнбей кетіп бара жатқан қызды қалай тоқтатсын? Оның үстіне, қызының көңілін түсіргісі келмеді. Олардың жүргеніне енді үш ай болса да, екі жақтың да ата-анасы балаларының қарым-қатынастарынан хабардар. Тек болашақ құдалар бір-бірлерін танымайтын. Айсезіммен өзінің жүретінін бәрі білгеннен кейін Нұрбол ешкімнен қысылмайтын. Қыздың үйіне кәдімгідей келіп, кетіп жүре беретін ол сол үйдің бір баласы тәрізді. Иә, Айсезімнің әке– шешесі де оны бір балаларындай көреді. Қыздарының оған деген сезімінің шынайы екенін, қарым-қатынастарының тұрақты екендеріне көз жеткізгендіктен бе, күніге келіп тұратын Нұрболға қабақ шытып қараған емес. Жігітте Дәуір мен Жанарды өз ата-анасындай көретін. Көрген жерде “апа, көке” деп үстеріне түсіп өліп қала жаздайды. Сол көкесімен билет алуға вокзалға барған ол өзінің де билет алатынын айтты.

– Сен оны не істейсің? – деген Дәуірге:

– Мен де барамын. Өзім барып орналастырып қайтайын. Қанша дегенімен қыз бала ғой. Кім біледі? Неше түрлі адамдар бар. Жолда біреуі тиісіп жүрсе. Тағы бара жатқан жерінде күтіп алып жатқан ешкім жоқ. Өзім еріп барсам, әйтеуір, жөні дұрыс бір пәтерге жатқызып, жанындағыларға тапсырып кетемін ғой. Әйтпесе, бекерге жынды болып кетермін. Оның үстіне, мен барсам сіздердің де көңілдеріңіз жайланады, – деді.

Жап-жас жігіттің, болашақ күйеу баласының мына сөздеріне риза болған Дәуір оның арқасынан қағып:

– Иә, барғаның дұрыс. Біздің де көңіліміз тынып қалады, – деді. Қапелімде не айтарында білмеді. Көңілі босап қалды. Мына жігіттің қызын шынымен жақсы көретінін түсінді…

Қызын шығарып салып тұрған Жанар қобалжып, бір жылап, бір күледі. Құтты қызын ұзатып жатқандай.

– Аллам, өзің жар бола көр, – дейді құдайына сыйынып. Қызының маңдайынан сүйіп:

– Абайлап жүр! Жолда жүретін адам пысық болу керек. Ақшаңа ықтият бол! Көп шошаңдап, сыңғырлап күле берме. Есің бар, ақылды қызсың ғой. Босқа селтеңдемей, оқуыңды жөндеп оқы. Ақыры оқуға бара жатыр екенсің, – деп, қайта-қайта ақылын айтумен болды.

– Туу, мама-ау, не болды сонша? Келеміз ғой ертең. Сонда жылдайын деп бара жатқандай болдым ғой, тегі. Құдай қаласа келемін ертең. Не ол бір ай деген, өтеді де кетеді? Зымыраған уақыт қой. Қалай өткенінде білмей қаласыңдар. Бір күйеуге шығып бара жатқандай әбден қобалжыдыңыздар ғой, – деп анасының жылағанын жақтырмаған қыз біраз бұртиып алды.

– Жаным-ау, мен айтсам, сен үнсіз отырып тыңдай берсей. Міндетті түрде жауап қайыру керек пе? Мен айтып-айтып қоямын ғой өзім. Сен әлі далаға шығып, жырақта жүрмеген соң уайымдаймын да…

– Біздің мамама уайымды беріп қойсаң болды. Ол жағын бұл кісі қатырады. Туу, сонша неге өзіңді-өзің мүжи бересің. Мен кішкентай бала емеспін. Несіне қорқа бересің, – деген қыз анасының арқасынан келіп құшақтады.

– Айтасың-ау, неге қорықпаймын, айтшы неге қорықпаймын? Тұрмысқа шығып, күйеуіңмен бірге кетіп жатсаң екен, “қайда барсаң, онда бар”, деп отыра беруші едім. Ап сен әлі балапансың ғой. Қалай уайымдамаймын? Әй, балам-ау, сен не білесің?.. – деді.

Анасының кеудесіне басын қойып біраз тұрған қыз үнсіз қалды. Кеудесіндегі кішкентай ғана жүрегі сыртқа атылып шығардай тулайды. Көз алды жасаурап, тамағына өксік тығылған қыз осы кезде ғана үйден ұзап шығудың қаншалықты қиын екенін түсінді. Иә, үйден шықпаған жанға қиын екен. Қиын екен, ата-ананың қасынан ұзап кету. Осы уақытқа дейін өзін-өзі алдап қалай келген? Жанындағы томпайған-томпайған қол сөмкелерге қарап, қыздың жүрегі егіле берді…

– Жақсы!

– Аман барып сау қайт.

– Барған соң, міндетті түрде хабарлас.

– Ал жақсы біз кеттік. Давай, жақсы жетіп алыңдар, – деген бауырлары мен ата-анасы бетінен алма кезек сүйіп, пойыздан шығып кетіп жатты. Қыздың жүрегін шарпыған ыстық жалын осы кезде ғана сыртқа атылып шықты. Бағанадан бері кеудесінде тұншықтырған жалынды енді өшіру мүмкін емес еді. Терезеден қол бұлғай қараған ата-анасына көз тастаған сұлу қыздың жасқа толы жанары моншақтанып төгіле берді.

– Не боды? Неге жылап жатырсың? Жаным, келші бері, – деп сүйіктісін құшақтаған Нұрбол қыздың жасын сүртіп көзінен сүйіп жатыр. – Болды, қой енді. Мен бармын ғой қасыңда. Неге жылап жатырсың? – дейді. Өксігін баса алмай, бір ауыз сөзге келмеген бойжеткен тек терезеге телмірумен болды.

Қыз жанын жақсы түсінген жігіт үнсіз ғана оны құшақтап отыра берді. Әлден уақыттан кейін:

– Кешірші мені, – деген Айсезімнің дауысы жалынышты шықты.

Мына сөзге таңдана қараған жігіт түкке де түсінбеді.

– Жаным, не үшін? Неге кешірім сұрап жатырсың? Не үшін кешіремін сені? Қойшы, жыламашы! Өйтіп менің жүрегімді ауыртпашы, – деді.

– Бәріңді де қинап қойдым ба? Мен тек өз басымды ғана ойлаппын. Сендердің қалай қиналып жатқандарыңа қарамаппын. Осында оқи берсем де болатын еді ғой. Бәрі өзімнің бір беттігіммен, бетпақтығымның арқасы. Енді қарасайшы, сені де еріксіз өзіммен бірге сүйреп барамын. Мен үшін жұмысыңнан қалдың. Сені де бекерге қинап… Сендердің айтқандарыңды тыңдап отыра берсем ғой, дәл бұлай болмас еді, – деп жігітінің көзіне тік қарай алмаған бойжеткен егіліп жатыр.

Қанша мәрте өзіне “қал” деп жалынған жандардың тілін алмағаны үшін өкінді. Енді қанша өкінсе де бәрі кеш. Өкінгенмен не пайда? Құжаттарының барлығы да Көкшетаудағы оқу орнына тапсырылып қойған. Одан қала берсе, өзі де оқуға бара жатыр. Не істесе де, енді кері шегінуге жол жоқ. Сонда бір жылын оқып шығады.

Айсезімнің жылағаны жігітке ауыр тиді. Құдайым-ау, мынау бармай жатып жылап жатыр, анда барғаннан кейін біратала ішқұса болып өлетін шығар деген ой келді.

– Жылама, несіне жылайсың? Бәрі де жақсы болады. Өзің айттың емес пе, бір ай өтеді де кетеді деп. Ендігі жолы өзің де үйреніп қаласың. Тек мынау алғашқы рет болған соң қорқып жатқансың ғой. Жылама, жаныңда мен бармын. Мен сені тастап кетпеймін. Орналастырып, бір екі КҮН оқуыңа барғанша, қасыңда боламын. Менің жұмысымды уайымдама. Мен сұранып кеткен адаммын, – деп қызды жұбатқан болды.

Пойыздың ішінде тербетіліп келе жатқан жастар әлі Көкшетауға жете қойған жоқ. Кешеден бері сыртқа бір кіріп, бір шығып уақытты болдыра алатын емес. Қайта мына жанындағы жастармен танысып, кішкене уақыттарын өткізген шығар…

– Ей, болмайды ғой олай. Неге өтірік ойнайсың? Айсезім айтсаңшы мынаған, – деген Асан сұлу бойжеткеннен көмек сұрағандай оған жалтақтап қарап қояды. Жігіттердің ойындарына кедергі келтірмейін деп, шай жасап жатқан Айсезім:

– Не болды? – деді.

– Қарашы мына жігітіңді. Қарадай отырып бізді алдап отыр. Қой десейші. Өтірік ойнағанды қою керек қой, – деген Асан жанында тұрған қызға картаны көрсетпек болып, қолынан тарта бастады.

– Ей, онда нең бар? Сенімен ойнап отырған мен ғой. Жібер оны, – деген Нұрбол дауысын көтере бастап еді:

– Өй-дөйт деген! Мына жігітің қызғанады екен ғой, – деп Асан одан сайын Айсезімге жақындай түсті. Ала көздерін барынша ашып, Асанмен Айсезімге қадала түскен Нұрбол түсін суытқандай болды. Жымиып қана отырған бойжеткен үндемеді. Орталарына картаны алып, ойнап отырған жігіттердің ойындарын біраз қызықтап қарап отырды. Бір кезде барып:

– Болды карталарыңды тастаңдар. Шай ішеміз, – деді. Қарай қоймаған жігіттерге:

– Тастасаңдаршы енді. Шай суып қалатын болды ғой. Сосын ойнайсыңдар, – деп Асанның енді таратқалы жатқан картасын қолынан алып қойды…

– Шайың өте дәмді болыпты. Сендей сұлу қыздың қолынан шай ішпегелі қай заман, – деді Мират қолына алған кесесін ұрттап та үлгермей жатып.

– Ішкен де жоқсың ғой әлі. Өміріңде қыздың қолынан шай ішпегендей қиылдың ғой, тегі. Әлә шайын ішкен де жоқ, тәтті екен дейді ғой. Ең болмаса кішкене маңдайынан тер шықсын да, сосын айтасың қызға рахметіңді, – деген Асан Миратты қағытып ала жөнелді.

– Қайдан білесің, терлеген шығармын. Көріп те отырған жоқсың ғой.

– Көретін несі бар? Сенің терлемек түгілі жіпсігенің де байқалмайды. Жүдә, көзім жоқ адамдай сөйлейді ғой маған, – деді Асан.

– Маңдайым жіпсімесе де, арқам терлеп отыр-ей. Сен олай мені мазақ қылма. Мынадай сұлу қыздың шайына терлемеу мүмкін емес. Өзіңде терлеген жоқпын деші, қане көрейін, – деген Мират та қалыспады.

– Мен терлесем, сенімен айтысам деп терледім. Айсезімнің шайына тек Нұрбол ғана терлейді. Одан басқа адамның терлегені ол шайдан емес. Басқа нәрседен. Білдің бе? – деген Асан Нұрболға қарап: – Солай емес пе? – деді.

– Әрине солай, – деген Нұрбол жымиып қоя салды. Мына екі достың әзіліне езу жимай салқындық таныту мүмкін емес еді. Бір кезде Асан қайта сөзін жалғады.

– Так, енді екі-үш сағаттан кейін Көкшетауға да жетеміз, – деді сағатына қарап. Осы сәтте тықыршып кеткен қыз бен жігіт бір-бірілеріне жалт қарады. Иә, кешеден бері мына пойыздан түскенше асықса, енді түскісі келмейтін сияқты.

– Жетпейтін сияқты болып едік. Келіп те қалғанбыз ба, – деген Айсезім терезеге қарады.

Көкшетауға жақындаған сайын жүрегі дүрсілдеп, бойын бір қорқыныш билесе, бір жағы құшағын қуаныш кернейді. Әйтеуір толқып отыр.

Бір кезде жанында отырған Асан:

– Нұрбол, қазір сендер қайда барасыңдар? – деп сұрады. Сәл кібіртіктеп қалған Нұрбол:

– Көреміз ғой, – деді.

– Көреміз емес, айтсай қайда баратындарыңды. Ертең хабарласатын болсам, сендерді қалай табатынымды біліп алайын да.

– Бүгінше біз вокзалда түнейміз. Демалу орнында! Пәтерді ертең көреміз ғой енді, – деген Нұрбол “солай ма” дегендей Айсезімге қарады. Жігітіне еркелей асылған қыз басын изеді.

– Ойбай, демалу орнына барып не істейсіңдер? – деді Асан. Оның бұл сөзі сондай тұрпайы естілсе де, жігіттің ойында арам ештеңе де жоқ еді. Асанның әлгі сөзіне Мират мырс етті.

– Ей, нең бар не істейтіндеріндер? – деді. Оған ала көзін қадап, қолын бір сілтеген Асан:

– Жүріңдер менімен бірге. Мен сендерді пәтерді тауып қойған екен десем. Айтпайсыңдар ма, оны бағанадан бері? Біздікіне жүріңдер. Менің үйім тұрғанда, демалатын орынды не істейсіңдер? Өзім-ақ сендерге пәтер тауып беремін, – деді.

Асанның шақырғанына қуанып қалған Нұрбол не дерін білмей, сасып қалды. Ол бұндай шақыруды күтпеген еді. Бұрыннан танысы емес, досы емес, кеше танысқан жанға бір көргеннен жабысып алғанды жөн көрмеді.

– Жоқ, Асан, рахмет. Әуре болмай-ақ қой. Бір түн ештеңе етпес… – дей беріп еді:

– Жоғыңды қой. Мен ештеңе де білмеймін. Менімен бірге жүресіңдер екеуіңде. Үйге алып барып, қонақ етемін. Әйелім бар, сонымен таныстырайын. Сосын ертең пәтерді бірге іздейміз. Табылмаса, біздің үйде жата берер. Несі бар? Менің әйеліме серік болады.

– Қойшы, әйеліңнен ұят қой.

– Ыңғайсыз емес пе? – деген екі жасқа:

– Несі ыңғайсыз? Жүріңдер деген соң, жүріңдер, – деп, Асан қоярда қоймай, Нұрбол мен Айсезімді үйіне алып келді…

Пойыздан түсіп, Көкшенің саф ауысымен дем алған жастар айналаларына жатырқай көз тастайды. Бәрі басқаша. Жан– жағындағылардың барлығын туған жерлері, оңтүстік өңірімен салыстырады. Бірақ, өздеріне таныс, Шымкенттегідей құбылысты еш жерден кездестіре алмады. Адамдарына дейін өзгеше.

– Міне, бізде келдік. Мынау біздің үй! Жүріңдер, кіріңдер, – деген Асанның дауысы ғана оларды ұйқыларынан оятқандай болды.

Томпаңдап Асанның алдынан жүгіріп шыққан кішкентай балапан әкесінің мойнына асыла кетті.

– Папа! – деген бала әкесін жіберер емес.

– Жаным-ау, менің. Әкесін сағынып қалыпты ғой өзі. Менің сөмкем қайда кетті өзі, – деп баласын көтеріп алған Асан да оны еркелетіп сүйіп жатыр. Баласын өзі де сағынып қалыпты.

– Есен, кім келді? – деп, асханадан шыққан келіншек күйеуін көріп:

– Оу, папамыз келіп қалыпты ғой, – деп, келіп күйеуінің мойнына асылды.

– Болды, болды… Қонақтардан ұят болады, – деген жігіт жанындағы серіктерін әйеліне таныстыра бастады. Әйел, бала-шағасын көріп көзайым болған Асан бір серпіліп қалды. Әйеліне:

– Әсем, қонақтарды өзің енді жақсылап күт. Сонау Шымкенттен келіп отыр. Бар жағдайларын жаса. Ренжіп кетіп жүрмесін, – деді.

Жайраңдаған Әсем қонақтарын күлімдеп қарсы алды. Өзінің жібектей мінезімен барлығын баурап алды. Айсезіммен де бұрыннан таныс адамдарша шүйіркелесе кетті. Тамағын істеп жүріп, дастарханын жайнатып тастады. Дастархан басында бір-бірімен жақын танысқан олар үлкен достыққа жол ашқандай болды…

Келесі күні Асан өзі іздеп жүріп, таныстарының арасынан Айсезімге пәтер тауып берді. Әрі ақшасын да келісіммен арзанға түсірді. Осының бәрі Асанның арқасы. Оған өз ризашылықтарын қалай жеткізерлерін білмеген Нұрбол мен Айсезім оны өз періштелеріндей көрді. Онымен пойызда танысқанда да, одан мұндай мәрттікті күтпеген еді. Барлық жағдайларын жасап, үйіне де апарып күтіп жатыр. Қаланы да аралатып жатыр. Әйтеуір не керек, Нұрбол болған екі күннің ішінде оларды еш жалғыз қалдырмады.

Айсезімнің тұратын пәтерін көріп, жүрегі тынышталған Нұрбол енді үйіне алаңдамай қайта берсе болады. Қызбен қосақтасып мұнда жүре бергенімен, ешқандай да пайда шықпайды. Қайта бекерге өз уақытын өзі ұстап жатыр. Бір аптаға жұмысынан сұранған еді. Енді қалса, жұмысынан сөгіс алады. Әрине, одан Нұрболға пайда жоқ. Бекерге жұмысынан шығып қалуы мүмкін. Үйіне қайтпақ болып дайындалған жігіт енді барлығын да Асанға тапсыра бастады.

– Асан, бір саған сендім. Айсезімге көз қырыңды сала жүр. Сендердің орталарыңда жүр ғой. Ешқашан жалғызсыратып тастап кетпеңдер. Тірі болсам, әйтеуір бұл жақсылықтарыңды ұмытпаспын, – дейді.

– О, не дегенің? Біз тұрғанда еш алаңдамасаң да болады. Бәрін өзім қатырамын, жанымнан тастамаймын, – деді Асан.

Кетіп бара жатқанында:

– Сезім, бір нәрсең жоқ болып қиналсаң, не болмаса жалғызсыраған кезіңде міндетті түрде Асанмен хабарлас. Не болса да, соны қасыңнан қалдырма. Далаға тастап кетпес. Оның үстіне, келіншегімен жақсысың ғой. Соның да көмегі қажет болып қалып жүрер, – деп құлағына құя берді. Жігітінің бұл сөздерін әзілге айналдырған бойжеткен:

– Нұрбол, егер мен Асанмен өзің айтқандай жиі хабарласып тұрсам, қызғанбайсың ба? – деді.

– Не? – деген жігіт бастапқыда қыздың сұрағына түсінбеді.

– Мені қызғанбайсың ба? Сен жоқ деп, ол маған тиіссе ше? Дегенмен де ол сенің ең жақын достарыңның бірі емес қой. Кеше танысқан жігітке қалай сенім артып тұрсың? Ол түгіл сен өзіңмен бірге жүрген достарыңа дәл бұлай сенім артпайтын едің, – деп Нұрболды ойландырып тастады.

Иә, шынында ауылда жүгенде Айсезімін ол ешкімге де тапсырған емес. Қайда жүрсе де, кіммен жүрсе де қызын қасына ертіп алатын. Қарап отырса, шынында ешқандай досына оны сеніп тапсырып кетпепті. Ең жақын достарым, жан досым дегендердің өзінен сүйіктісін қызғанушы еді. Онда мына бөтен жігітке қалай тапсырып кетіп бара жатыр. Осыны ойлауы мұң екен жігіттің жүрегі шымырлап қоя берді. Құтты бір Айсезімді енді қайтып көрместей елжіреді, езілді…

Айсезімнің сабаққа барып жүргеніне бір аптадан аса уақыт өтті. Топтастарымен енді жақын танысып араласа бастаған қыз сұлу көкшенің өміріне де үйрене бастады. Бастапқы күндері үйрене алмай, ауылынан бір күн хабар болмай қалса, жылап-еңіреумен жүретін. Әсіресе, Нұрбол хабарласпаса, бұлқан-талқаны шығып ашуланып, онымен келесі күні сөйлеспей қоятын. Бүгінде жігітінен қоңырау күтіп отырған қыз сағатына қайта-қайта қарай береді. Кешкі сағат сегізде Нұрбол телефон шалу керек. Бұл олардың белгілеген уақыты. Дәл осы уақытта жігіт телефон шалу керек. Ал қыз болса, оның хабарын күтіп отыр. Сағат сегізден асса да, әлі бір шырылдамаған телефонға ашулана қараған қыздың жүзі суық. Іштей жігітін бір сыбап алды.

– Қайда жүр ол өзі? Неге телефон шалмай жатыр? Ол маған уәде берген еді ғой. Күніге осы уақытта телефон соғамын деп еді. Енді неге хабарласпайды? Әлде мені ұмытып кетті ме? Бәлкім достарымен бірге гәккулеймін деп жүріп, басқа біреуді тауып алды ма? Иә, ол да мүмкін! Мен оның не істеп жүргенін қайдан білемін?! Шынында біреумен махаббат болып жүрген шығар. Жоқ, ондай болатын болса, мені оны ешқашан кешірмеймін! – деп өзімен-өзі алысатын қыз жігітін ойлаумен болды. Кімнен екені белгісіз әйтеуір жігітін қызғанады. Жүрегіндегі қызғаныш отын қайда шығарарын білмей, қыздармен бірге мейрамханаларды аралап, көңіл көтеріп қайтпақ болды. Кенет шырылдаған телефон қызды елең еткізді. Түскен көңілі көтеріліп, телефон тұтқасын көтерген қыз оның нөміріне де қарауды ұмытып кетіпті.

– …Асан, сен бе? Мен Нұрбол екен, десем, – деп қабағы түсіп кеткен Айсезім әрі қарай сөйлемей тоқтап қалды.

– Не Нұрболдан хабар күтіп отыр ма едің? Менің телефон шалғаныма қуанышты емессің бе? Бопты онда қояйын, – деген Асанды:

– Жоқ, тоқта! Телефонды қоя салайын деп жатырсың ба? Әлде менімен сөйлескің келмейді ме? Нұрболдан хабар болмай кеткеннен кейін, сол екен деп асығып алып едім. Сенің телефон нөміріңе де қарамаппын, – деді.

– Неге хабарласпай кеттің? Қайда жүріп жатырсың өзі? Үйіңе қай кезде телефон соқсақ та таба алмаймыз. Біресе, жоқ боласың, біресе оқуда боласың, әйтеуір сенімен хабарласу қиындап кетті ғой, – деген Асан бойжеткенге өкпесін айта бастады.

– Үйдемін ғой. Білмеймін мен шыққан кезде хабарласатын шығарсың онда. Қайдам… Кеше Нұрбол телефон шалды. Ол да сені іздеп таппай жатыр. Қашан қоңырау шалсам да жоқ болып шығады. Сендер білмейсіңдер ме? Не істеп жатыр өзі деп, сенің жағдайыңды бізден сұрап жатыр. Саған қолы босаса, хабарлассын деген еді. Соны айтайын деп хабарласып жатырмын. Сосын, Әсем сәлем айтып жатыр. Бір күні үйге келіп кетсін дейді. Не істейсің?..

– Жарайды, бір күні барамын. Бірақ, қазір емес. Нұрболдан неге хабар болмай кетті деп, уайымдап жүр едім. Хабарласқан екен ғой. Ол неге маған хабарлассын деді, өзінде телефон жоқ па не?

– Білмеймін, жаным, сенің үйіңнің телефонын ала алмай жатыр. Сосын шығар… Ертең міндетті түрде үйге кел, күтеміз,– деп Асан телефонын қойып қойды. “Керек болса өзі хабарлассын” деп сол күйі Нұрболға телефон шалмаған Айсезім оның қоңырауын күтті. Бірақ, Нұрбол да сол күйі ұшты-күйлі жоғалып кетті…

Пәтерде отыра беріп жалыққан қыз күннің жауынына да қарамастан көшеге шықты. Өзі әдеміленіп киініп алған. Бүгін Асанның кішкентай ұлы Есеннің туған күні. Өткенде шақырып кеткен болатын.

Қолына ойыншығын құшақтап Асанның үйіне келген бойжеткен қонақтардың үстінен түсті. Бүгінгі мерекеге Асанның барлық жолдастары келіпті. Онша адам бола қоймайтын шығар деп ойлаған еді. Қателесіпті. Асанның достарымен танысса да өзін ыңғайсыз сезініп, қысылған бойжеткен көп отыра алмады.

– Асан, ренжімесеңдер, мен қайта берейін. – деп досын қасына шақырған қыз одан сұрана бастады.

– Е, неге? Қайда барасың? Отырсайшы, – деген үй иесі студент қызды ешқайда да жібергісі жоқ.

– Асан, түсінші. Мен сендерді мұндай үлкен етіп жасап жатыр деп ойламаппын. Ертең сабақ. Үйге барып демалайын,

– деді Айсезім өтіне.

– Сен менің достарыммен де дұрыстап таныспадың. Ең болмаса кішкене отыра тұршы. Тамақ келгенше күт. Сосын кетесің, – деп ақыры оны жібермей қойды.

– Ерік, мына менің қарындасымды жақсылап күтіңдер. Ренжіп жүрмесін. Саған сендім. Егер қазір кетемін деген аузынан шықса, онда сенің күте алмағаның болып саналады. Сол үшін Айсезімді кетемін деп айтқызбауға тырыс. Әйтпесе саған штрафной, – деп, Асан кетіп қалды. Жас жігіттің қолына түскен қызға шығу оңай болмады.

– Не ішесің, не жейсің? – деп өзін күткен жігіттен баста жатырқаса да, кейін тіл табысып кеткен қыз қалай туған күннің аяқталғанын да байқамады. Асандардың қал дегеніне көнбей үйіне қайтқан Айсезімді Ерік үйіне дейін шығарып салды. Бірнеше күннен бері қабағы түсіп, көңілі босап жүрген қыздың бүгін алғаш рет көңілі көтерілді. Еріктің ашық мінезі оны бірден баурап алды. Асанның үйінде басталған таныстық кейін келе үлкен достыққа айналды. Алғаш көргеннен қызға көңілі ауған жігіт оны бірер минутқа да жалғыз қалдырмауға тырысты. Күніге сабақтан күтіп алады. Қыдыртады, киноға апарады. Барынша оның жағдайын жасаған жігіт қызға бәрін де ұмыттыруға тырысты. Иә, ол Айсезімнің жігіті барын білетін. Оны қыздың өзі де айтқан. Бірақ, оны Ерік алғаш рет Асаннан естіген болатын. Досының Сезімге ойы кетіп жүргенін байқаған ол:

– Ерік, текке әуре болма, ол қыздың жігіті бар. Олар бірін– бірі жақсы көреді. Өте керемет жігіт. Айсезімді жанындай сүйеді. Ол құсап ешкімде қызын құрметтеп, сүйе алмайтын шығар. Сол үшін, Айсезімге шынымен ғашық болып қалмай тұрғаныңда одан аулақ жүргенің дұрыс болар. Мен қаламаймын, менің досымның Айсезімді қаратып алғанын. Өйткені Нұрбол да менің досым. Кетерінде, қызын маған қайта-қайта тапсырып еді. Сондықтан мен Айсезімге сенің көз тастауыңды қаламаймын. Бекерге ренжісіп қаламыз. Оның үстіне ғашықтарды айырып не керек? Олар бір-біріне лайық жандар, – деді

– Сен не сол айдалада жүрген Нұрболдың жыртысын жыртып жатырсың ба? Кім еді ол өзі? Шындап келгенде, сен оның кім екенін білмейсің ғой. Рас па? Әйтеуір бір көріп, танысып, дос болған екенсің… Ал мен сенімен бірнеше жылдан бері бірге келемін. Сонда да маған қимадың-ау бір қызды, – деп Ерік досына өкпелеген сыңай танытты.

– Неге түсінбейсің? Ол қыз бәрібір сені сүймейді ғой. Оны өзіңе қаратып алған күнде онымен қалай өмір сүресің? Сенің жаныңда жүріп, қасыңда жатқанымен оның ойы басқада болады ғой. Айсезімді шын ұнатсаң, шынымен сүйсең, оған бақыт тілесең тұрма жолына, – деген еді.

Сол күннен кейін бойжеткенге деген көзқарасы күрт өзгерген жігіт одан қанша аулақ жүруге тырысты. Оны ойламауға тырысып бақты. Бірақ, еш нәтиже шығара алмады. Жүрегі тек Айсезім деп соғатындай…

Бүгін Айсезім қуанышты. Бұл қуанышы кеше түнде бастау алған. Күндегі әдетінше, кешкі сағат сезгізде ол телефон шылдырын күтіп отыр. Осы сәтте безілдей жөнелген телефон тұтқасын көтерген қыз ар жақтан өзіне таныс дауысты естіді. Таныс дауыс. Өзінің жақсы көретін ең сүйкімді қоңыр дауысы. Жүрегі дүрсілдеп сала берен қыз біраз уақыт үндемей тұрды.

– Апло! – деп қайталаған жігіт:

– Саламатсыз ба? Айсезімді бола ма екен? – деп сұрады. Нұрболдың дауысын естіп бір қуанса, оның осы уақытқа дейін хабарсыз кеткеніне өкпелеп жүрген қыз:

– Бұл кім екен? – деді әдейі.

– Айсезім сен бе? Жаным, мен ғой… – деген Нұрболдың сөзін аяқтатпастан:

– Кешіріңіз, сіз қателестіңіз. Айсезім деген қыз тұрмайды бұл жақта. Шығып кеткен, – деді. Сүйіктісінің дауысын танып тұрған жігіт не болғанын түсіне алмай:

– Алло! Сезім! – деп үлгергенше болған жоқ, қыз телефонды тарс еткізіп қоя салды.

– Әй, не болды?

– Неге қойып қойдың? – деп жанындағы қыздар шуылдасып қалды.

– Оған бұл аз. Енді телефон соққанында онымен сөйлеспей қою керек. Мен керекпін ба, іздесін мені?! Қайда жүр осы уақытқа дейін бір хабарласпай? Керек болсам, тағы да телефон шалсын! Сол кезде сөйлесем. Әйтпесе, маған бәрібір, мен де жүре берем, – деген қыз бұртыйған күйі орнына барып жатып қалды. Сүйіктісінің көптен күткен қоңырауын тастап қойғанына өкініп жатқан сияқты. Бірақ, хабарласпай кеткен оған кеудесіндегі ренішін қалай білдірерін білмей, еркелегені ғой.

– Жынды шағырсың сен. Хабарласып-ақ жатыр ғой. Неге сонша өйтіп тәлпіштенесің? Қолы тимей, бір жағдайлар болып жатқан шығар. БҮЙТІП босқа есіркей бермесей. Алдымен себебін біліп ал. Сосын кейін де өкпелей бересің, – деген құрбысы Нұргүлдің сөздеріне ойланып қалған қыз бір сәтке үнсіз қалды.

– Жаңағы сенің қылығыңнан кейін, түкке де түсінбей тұрған шығар. Сен жоқ дегенге, қайтып телефон соқпай қалса қайтесің? Мә, өзің телефон соға салсаңшы, бейшараның жүрегін жаралай бермей, – деп Сая телефонды қыздың алдына қойды. Құрбысының айтқандары жөнінде ойланып отырса да, жігітіне өзі қайта телефон шалуға ары бармаған қыз:

– Егер менімен шынымен сөйлескісі келсе, өзі хабарласар. Хабарласпаса оны көрерміз, – деді. Айтарын айтса да артынша өкінген қыз бармағын тістеп отыр. Жарты сағаттан аса уақыт өтті. Нұрбол әлі телефон шалатын емес. Шынымен телефон соқпай қойса қайтпек. Өкпелеймін деп, өкініп қалса қайтпек? Оның осындай ойларын телефонның шылдыры бұзды. Тұра жүгірген қыз телефон тұтқасын өзі көтермек болып, тоқтап қалды. Безілдеген телефон тоқтайтын емес.

– Әй, алсайшы, неғып тұрсың?– деген құрбыларының сөзіне де мән бермеді. Оларға қиыла қараған қыздың жанарынан “мынаны сендер алыңдаршы” дегенді ұғуға болатын.

Телефонды көтерген Гүлімай:

– Иә,– деп сызыла жөнелді…

– Айсезім, жаным, қалай жағдайың? Сүйіктім менің, сағынып кеттім ғой сені. Сен мені сағынбадың ба? Неге телефонды қойып қойдың. Өзім зорға дегенде алғанда, – деп қызына жайлап сөйлеген жігіттің дауысында діріл бар. Бір апта бойы тілдеспеген ғашығының дауысын естіп, жүрегі елжіреп сала берген қыздың көздерінен жас шығып кетті. Үнсіз ғана Нұрболын тыңдаған қыз не айтарын да білмеді. Хабарласпай кетті, мені ұмытып кетті дегенінің бәрі бекер екен. Өзімен еш хабарласа алмай-ақ қойған жігітін не деп жазғырарын білмеді. Оның үстіне, жігіттің нағашы әжесі қайтыс болған екен. Сонда жүріп қалыпты үш-төрт күн. Еш хабарласуға мүмкіндігі болмаған сүйіктісінің жағдайын енді түсінген қыз ернін тістелеумен болды. Онсы зда жігітін сағынып зорға жүрген ол солқылдап жіберуге шақ қалды.

– Жаным, сен не жылап тұрмысың? Не болды? Неге жылайсың? Бір жерің ауырып жүр ме? Әлде, әлі де үйренісе алмай жүрсің бе? – деп телефонның ар жағында тұрып, қобалжыған Нұрбол Айсезімнің жылағанын түсіне алмады. – Жаным, неге үндемейсің? Айтсаңшы, неге жылап жатырсың? Менің жүрегімді ауыртпашы. Өтінемін, айтшы не болып жатқанын? – дейді шыдамсыздана.

– Нұрбол, жаным, кешірші мені, – деген қыз солқылын баса алар емес. Өзінің жас балаша, Нұрболға өкпелегеніне ұялды. Оның үстіне, құрбы қыздарының көзінше де оны әбден сөгіп алған еді. Олардан ұят болды. Енді соның бәрі үшін өкінуде.

Нұрбол бұның бәрінен хабарсыз. Ол Айсезімнің өзіне ренжіп жүргенін, телефонды қоя салуы да соның салдарынан екенін ұқпады. Солқылдап, жылап, өзінен кешірім сұраған қыздың бұл қылығын дұрыс түсінбеген жігіттің ойында мүлде басқа нәрсе болды. Өзге жігіт тауып алған деген ойдан ақ жрегі дүрсілдеп аузына тығылды. Оны ойлаудың өзі неткен ауыр еді. “Жоқ, мүмкін емес. Айсезім ондайға бара қоймас. Мен оны сүйем ғой. Ол да мені сүйеді. Айсезім оған жол бермес”, деп арам ойдан арыла алмаған жігіт түнімен көз ілмей шықты. Айсезіммен әжептеуір сөйлесіп, оны тұтқа арқылы аймалап, көңілін сергітсе де оған бір ой маза бермеді. Енді қалған он күнге шыдай алар емес. Айсезімнің оқуы бір ай деп еді. Бір ай өтті. Әрі қарай тағы он күн қосылып қырық күн оқитын болыпты. Бір айды тартпақтап өткерген жігітке он күн шыдап жүру мүмкін еместей көрінді. Иә, бір айың бір жылға татығанда, ендігі он күнің он жылға татитын шығар…

Оқудан шыққан Айсезімді есіктің алдына Ерік күтіп алды. Қолына ұстаған гүлін артына жасырып, қыздың алдынан шыққан ол:

– Бүгін менің сұлуым тым әдемі болып кетіпті ғой, – деп бетінен сүйді.

– Менің әдемі болғанымды қаламайсың ба не? – деген қыз жігітке күлімдей қарады.

– Әрине, қалаймын. Сен қандай болып жүрсең де жарасады. Тек күліп, күлімдеп жүрші. Міне, мынау саған. Сенің бүгінгі көңіл күйіңді одан сайын артып көтере түссін, – деп қолындағы гүлін ұсынды.

– Рахмет, – деген қыз гүлді алып оны иіскей бастады.

– Бүгін тым көңілдісің ғой. Ненің нышаны? – деген жігіт қызға ұрлана көз тастады. Күн өткен сайын оны ауылына кетіп қалады ма деп қорқып жүр. Сол жағын сыр суыртпақтап сұраған жігіт оны не жауап береді екен деп аузына қарап қалыпты.

– Кеше Нұрболмен сөйлестім, – деп екі беті бал-бұл жанған қыздың жанарынан от шашырады. Нұрболдың есімін атағанда Еріктің түрі бұзылып сала берді.

– Не деп сөйлестіңдер сонда? – деген жігіт қыздың қасынан қалар емес.

– Не деуші едік? Мен оған текке ренжіп жүр екенмін ғой. Бәрі де менің балалығымнан. Мен сүйіктімнің Нұрбол болғанына қуанамын. Өйткені ол мені түсінеді, сыйлайды. Бәрінен бұрын сүйеді. Егер оның орнында басқа болғанда мені түсінбес еді,– деп жігітін мақтап қойды. – Жаным, Нұрболды сағанып кеттім. Қазір не істеп жатыр екен? – деп ой құшағына берілді.

Айсезімнің жігітін үлкен махаббатпен айтып келе жатқанына Еріктің іші күйді. Осы уақытқа дейін қыздың жүрегін жаулай алмағанына жыны келді. Әйтпесе, қыз осы күнге дейін Нұрболға өкпелеп, кәдімгідей ренжіп жүрді ғой.

Кеш те болса, қыздың тамырын басып көрмек болған жігіт бүгін оған ақтарылғысы келді. Енді шыдап жүре алмайды. Осы уақытқа шейін Асан екеуінің араларындағы достыққа бола үнсіз келген еді. Енді өз бақыты үшін олай ете алмады…

– Ерік неге түсінбейсің? Менің жігітім бар. Мен оны сүйемін. Маған одан басқа ешкімнің де керегі жоқ. Мен тек сонымен ғана бақытты боламын. Босқа өзіңді-өзің қинай бермесеңші,– деген бойжеткен Еріктің сөзін жарты жолда үзіп тастады. Бірақ, Ерік онымен қойған жоқ. Қызды қалайда көндіремін деген ол Айсезімнің соңына түсіп алды.

Сабақтан шығып саябақта отырған қыз сәкі үстінде кітап оқып отыр екен. Жайбарақат отырған ол артынан келіп біреудің құшақтай алғанынан шошып кетті. Әлгі біреу қолындағы гүлін қызға ұсынып, бетінен, ернінен, аймалап сүйе берді. Өзін басынып сүйіп жатқан жігіттің мына ерсі қылығына жыны келген қыз айқайлап жіберді.

– Жібер мені, Ерік, – дегенін қыздың өзі де байқамады. Орнынан атып тұрып, артына жалт қараған қыз не қуанарын, не қуанбасын білмей қатып қалды. Себебі артында Нұрболы тұр еді. Оны Ерік екен деп ойлап қалған. Қайта-қайта махаббат мойындап жүргендіктен сол еркінсіп кетті ме деп ойлаған. Еріктің атын атағанына өзі де ыңғайсызданып қалды.

– Нұрбол! – деген оның дауысында таңданыс пен қуаныштың лебі бар еді.

– Жаным, – деп құшағын ашқан жігіт қызын көтеріп алды. -Сен мені сағынбағансың-ау? Еш қуанышты емессің ғой, — деген қызының бетінен сүйген ЖІГІТ оны түсірер емес.

– Сағындым! Сені сағынбағанда кімді сағынамын. Айтшы, – деген қыз да қуанышты. – Қайдан келіп қалдың? Келем деген жоқ едің ғой, – деп жігіттің мойнынан құшақтаған қыз жерге түспек болып:

– Жерге түсірші мені, Ерік,– деді тағы да. Өзінің ойында ешнәрсе де жоқ. Ол сүйіктісінің атын атаймын деп тұрып, мүлде басқа жігіттің атын атағынын аңғаратын да емес. Нұрбол дым болмағандай Айсезімді жерге түсіріп оны құшақтап біраз тұрды. Қызының көзіне тіке қараған ол оның жанарынан бірнәрсе іздейтіндей. Бірақ, не екенін өзі де білмейді.

Нұрболдың өткір жанарына тік қарай алмаған бойжеткен еріксіз жүзін төмен салды. Осы сәтті күткендей:

– Кім ол Ерік деген? – деп Нұрбол да сұрақ қойды. Еріктің атын естігенде Айсезімнің бүкіл денесі дірілдеп сала берді. Өзіне әңгіме айтып жүрген Ерікті Нұрболдың біліп қойғанына таң.

– Не? Ер… Ерік деймісің? – деп кібіртіктеп қалған қыз білмеймін дегендей басын шайқады.

– Не болды, Айсезім? Неге қобалжып тұрсың? Сен мені көргеніңе қуанышты емессің ғой.

– Мен сені келеді деп ойламаппын, – деп өтірік күлімсіреген қыз ұйқысынан тұрғандай мәңгіріп қалды.

– Саған сыйлық жасағым келіп еді. Бірақ, менің бұл сыйлығым саған ұнамады-ау деймін, – деген жігіт өзінің сұрағына жауап бермеген қызға біраз қарап тұрды. Қыз жауап бермегеннен кейін үнсіз ғана алға жылжыған Нұрболдың жүрегі бір нәрсені сезетіндей шымырлай берді.

Іштей қысылған Айсезім қорқып келеді. “Құдайым қазір алдымыздан Ерік шығып қалмаса екен” деп тілеп келеді. Осыны ойлауы мұң екен қарсы алдарынан Ерік шыға келді. Өзі өте көңілді. Қолында Айсезімге алған тәттісі бар. Оны көріп, одан сайын тырысқан бойжеткен оны танымайтын адамша өтіп кеткісі келді. Бірақ, бірінші өзіне бұрылған Ерік:

– Айсезім! – деді дауыстап. – Сәлем, Сезім! Қарамайсың ғой, – деген ЖІГІТ оны еріксіз өзіне қаратты. Түрі бұзылып сала берген бойжеткен:

– А, сен бе? Әңгімемен байқамаппын сені. Қалай жағдайың? Қайдан жүрсің? – деп оны Нұрболмен таныстырмаудың амалын жасап, сөйлей берді.

– Мен мына жерде отырғанмын. Сосын сені көріп… – деп өтірік айтқан Ерік үнсіз қалды. Негізінде ол сұлу бойжеткеннің оқудан шыққанын күтіп отырған еді. Оқудан шықса қыздың осы саябақтың ішімен жүретінін біледі. Бірақ, мына жігіттің алдында қызға сені күтіп отырмын деп айта алмады. Өйткені оның жүрегі сезді бұның Нұрбол екенін. Нұрболдың үсті– басына қарап шыққан Ерік оны өзімен салыстырып жатыр. Бір кезде:

– Досыңмен таныстырмайсың ба? – деді.

Қыздан бұрын қолын созған жігіт:

– Нұрбол, – деді.

– Ерік, – деп ол да қолын ұсынды.

– Ерік?! – деп қайталаған Нұрбол, жаймен қызына қарады. Екеуіне алма кезек қараған бойжеткен өтірік езу тартып қоя салды.

– Мен Асанның кластасы боламын. Асан деген досың есіңде ме? Ол маған сен туралы көп айтқан. Айсезім екеумізді таныстырған да сол, – деді. Үндемей, қызын құшақтап келе жатқан Нұрбол Асанның атын естіген соң :

– Асан не істеп жатыр өзі? Қалай жағдайлары жақсы ма? – деді.

– Иә, жүріп жатыр. Аман… – деп ортақ тіл тапқан Нұрбол мен Ерік біраз жерге дейін ауыздары жабылмады. Бір кезде барып Ерік:

– Қой, мен кетейін. Сендердің де жолдарыңды ұстап қалған болармын.         Айып          етпеңдер. Хабарласып тұрыңдар, біз осындамыз,   – деп қоштаса бастады.         Оған қуанған Айсезім оның тезірек қайтуын іштей тілеумен болды. Алдарына түсіп алып, кетіп бара жатқан ол кері бұрылып:

– Нұрбол, қашан қайтасың? –   деді.  Бұл сұраққа бойжеткеннің төбе шашы тік тұрды. Содан кейін жауабын күтпестен:

– Егер   біраз жататын болсаң, үйге  қыдырыңдар.Шақырамын, – деп кете барды…

Бір-ақ күнге келген Нұрбол өткендегідей бұл жақта көсіліп жата алмады. Ол тек Айсезімді көріп кетуге келген болатын. Екеуінің телефон арқылы әңгімесінде сүйіктісінің кешірім сұрап жылағаны Нұрболға жұмбақ күйінде қалып еді. Не болғанын біле алмай, шерменде күйге түскен ол ақыры келіп бәрін көзбен көріп кеткісі келген. Сол жұмбақтың түбі шешіле бастаған сияқты. Мына Ерік деген жігіттің өз қызына бір байланысы бар тәрізді. Ол екеуінің бір-біріне деген көзқарастары, сөйлеген сөздері Нұрболға жақпады. Айсезімге қанша сенсе де, жүрегін қорқыныш басып алды.

Бірақ, ол жөнінде қызына ештеңе ашып айтпады. Тек кетіп бара жатқан кезінде:

– Сезім, бұл өмірде сені жанынан да артық жақсы көретін бір адамның барын ұмытпағайсың, – деді. Осы сөзді Нұрболдың қалай айтқанын өзі де білмейді. Бәлкім құдай аузына салған шығар.

Бұл сөзге еш түсінбеген Айсезім, вокзалдың ортасында сүйіктісін шығарып салып қала берді. Арада бір апта да өтпей жатып, бойжеткеннің өмірі күрт өзгерді. Үш ұйықтаса да дәл осындай жағдайға тап боламын деген ой қыздың санасына кіріп те шықпады. Бірақ, тағдыр деген адамды бес минуттың ішінде-ақ шыр айналдырады екен. Оған шара бар ма? Адам болған соң басқа салғанын көресің да… Ол Ерікке күйеуге шығып кетті. Амалсыз шықты. Тек не үшін, неге екенін ешкімге тіс жарып айта алмады. Бұл жұмбақ тек Ерік екеуінің арасындағы құпия болып қала берді.

Ең кенже баласын үйлендіріп жатқан Ілияс пен Дариға барлық салт-дәстүрмен Айсезімнің ауылына хабаршы жіберді. Тойдың барлық қаржысын өзі көтерген Ерік еш аянбады.

Белді бір мекеме де істейтін оған дүрілдетіп тұрып той жасау түкте емес. Оның үстіне, бұл өзінің тойы. Содан кейін аянып қалсын ба? Әйтеуір шашылып жатыр. Дүркіреп той өтіп жатқанда, түпкі бөлмеде отырған келіншек екі көзіне ерік берумен болды.

– Неге жылайсың, Сезім? Қойшы болды, жылай бермеші. Болар іс болды ғой. Енді артқа шегінуге болмайды, – деп Ерік келіншегін жұбата бастады. Бірақ, ешкімнің сөзін тыңдайын деп тұрған Айсезім жоқ. Ол үшін енді бәрібір секілді. Еріктің иығына басын қойып, солқылын баса алмауда.

– Айсезім, жыламашы, жаным! Өтінемін, сенен. Неден қорқасың? Біз бақытты боламыз! Мен сені бақытты етемін деп ант етемін! Сені бақытқа жеткізуге барынша тырысамын. Жыламашы, ұмытшы! Өткеннің барлығын ұмытшы. Көрген түстей өтіп кетсінші бәрі, – деп Еріктің де көңілі түсіп кетті. Айсезімнің жаралы жүрегін оңайлықпен жазу оңай емес екенін жігіт түсінеді. Сол үшін оны барынша түсінуге, ренжітпеуге тырысады. Оның жағдайында сәл нәрсенің өзі оған соққы болып тиюі мүмкін. Сондықтан да сүйіктісін тым жалғыз қалдыра бермейтін.

Сонау Көкшетаудан хабаршы келіп тұрғанын көргенде, Жанар құлап қала жаздады. Олар мұндайды қыздарынан күтпеген еді.

– Құдайым-ау, не дейді, мыналар? Шынымен біздің үйге келіп отырсыздар ма? Айсезім бе келіндеріңіздің аты? Мүмкін басқа үй шығар, – деп сенгісі келер емес. Құдалары ұсынған тілімдей хатты оқып шығып, жүрегі дүрсілдеген Жанар көзін сүртіп, сыңсый бастады. Қызы оқуға кеткенде тулаған жүрегі енді жарылудың дәл алдында тұр. Хатты қолына алып оқыған Дәуір де көпке дейін үнсіз отырды. Қызының мына тірлігіне сене алатын емес. Қалайша? Қызы Нұрболмен жүретін еді ғой. Егіз қозыдай жарасқан екеуіне ақ батасын, әкелік батасын беріп қойған еді ғой. Бұл қалай болды? Арада ешқандай да шикілік жоқ па деген ой келген Дәуір барлығын алдымен ойлап алғысы келді. “Айсезім кетіп қапты” дегеннен– ақ жақын туыстары ағылып келе бастады. Соның ішінде бірінші болып келгені Нұрбол болды. Қайдан естігені белгісіз? Әйтеуір бәрінен бұрын ентіге үйге кірген жігіт:

– Айсезім қайда? Келмеді ме? Қашан келеді? Кеше неге келмеді? – деді ентіге. Түрі бұзылып кеткен ол бәрінен хабардар екен. Тек өз құлағына сенгісі келмей, осы үйге үміт артып келген екен. Бірақ, чемодандарын көтеріп келген кісілерді көріп, жерге отыра кетті.

– Шынымен бе? Айсезім шынымен кетіп қалды ма? Жоқ, менің сенгім келмейді. Апа, өтірік деп айтыңызшы? Қалайша кетеді ол? Мен ше? Мені кімге тастап кетті? Қалайша дәті барды мені жалғыз қалдыруға? Мен енді қалай өмір сүремін? – деп жанары жасқа толды. Орнынан атып тұрған ол:

– Көке, мен барамын. Білмеймін сіздің не дейтініңізді? Бірақ, мен барамын. Сіз қаласаңыз да қаламасаңыз да барамын. Оның “қаламын, өз еркіммен келдім” деген сөздерін өз құлағыммен естіп қайтайын. Маған мұндай жалған қағаздардың керегі жоқ. Оны әркім-ақ жаза алады, – деген жігіт көзінің жасын сүртіп, Дәуірге өзінің баратынын айтты. Дәуірдің өзі де соны қалап отыр еді. Үнсіз ғана басын изей берді.

Қызын жанындай жақсы көретін Дәуір оны есі бар, ақылды қыз деп ойлаушы еді. Бірақ, қызының мына кеткені оның жүрегін жаралады. Иә, қыз деген жат жұрттық. Оны ұстап тұра алмайсың. Бірақ, осында өзінің сөз байласқан адамы бола тұрып, қалай ғана кетіп қалды екен? Әлде бір нәрсе себеп болды ма? Мейлің не болса да жігітімен араларындағы қатынасты біржақты етіп, шешіп алу керек еді. Енді не болды? Бекерге бір жастың тағдыры талқандалмақ. Иә, егер қыздың өз еркімен барғанын білсе, Нұрболдың көпке шыдауы екіталай. Ол бар арманын, бар өмірін тек Айсезіммен, тек өзінің сүйіктісімен бірге ұштастырып еді. Енді Айсезімі сол арманын орындай қойса…

– Айсезім, жүр, кеттік. Мен сені алып кетуге келдім, жаным. Мен сені сүйемін! Сенсіз өмір сүре алмаймын. Жүрші, өтінемін, қинамашы мені! Онысыз да езілген жүрегімді таптамашы. Жүрші, жаным, – деп Айсезімді келіп құшақтаған Нұрбол екі көзіне ерік берді. Нұрболға қосыла жылаған келіншектің де жағдайы мәз емес. Жылай-жылай екі беті гүп болып ісіп кеткен. Нұрболды қанша сүйіп тұрса да, оны қанша қалап тұрса да кете алмады. Өзі үшін емес, әрине, сол Нұрболдың болашағы үшін. Сол үшін осы жолды таңдаған бойжеткен бүгін мәңгілік махаббатымен қош айтысты. Иә, мәңгіге. Жүрегінде қаншама айтылмай ыстық лебіздер жатыр. Бәрі де тамағында кептеліп тұншығуда. Нұрболдың алдына келіп жалынғанына, өтінгеніне жүрегі тілгіленген келіншек оның тезірек кеткенін қалады. Оның дәл бұлай қиналғанын көргісі келмеді.

– Нұрбол, өтінемін, кетші. Сені осылай жылатқаным үшін кешірші мені. Осының барлығы да бір сен үшін. Бұл дүниеде сендей адам тек біреу ғана. Сен бақытты болуға лайық жаратылған жансың. Ал мен… мен сенің теңің емеспін…

– Не деп тұрсың, Айсезім? Қайдағы тең? Не айтып тұрағыңды білесің бе өзі?! Сонда сенің теңің мына Ерік пе? Екеуміз құрған арман қане, жоспар қане? Екеуіміз ақ босағаны бірге аттаймыз деп едік қой, есіңде ме. Менсіз аттап кеткенің не? Мен сені әлі күнге сүйемін ғой. Саған деген махаббатымды неге таптап жатырсың, Сезім, – деген жігіт қызды құшақтамақ болып еді:

– Жоқ, Нұрбол, ол махаббат баяғыда өлген. Оны енді есіңе алмай-ақ қой. Босқа өзімізді алдағанмен одан шығар пайда жоқ. Мен өзімнің жаңа бақытымды тапқан секілдімін. Сенің да өз бақытыңды табуыңа тілектеспін. Сол үшін де сен енді мені іздемегін. іздеме! Менің өз отбасым болады енді. Сен үшін шаңырағымның шайқалғанын қаламаймын, – деген қыз жігітке тістене қарады. Жүрегі егіліп тұрса да ол осылай айтуға мәжбүр болды.

– Іздеме мені енді, Нұрбол, іздеме! Мені ойлап өміріңді қор қылмашы. Сенің өмірде бақытты болғаныңды қалаймын. Сол үшін осындай қадам жасадым. Әрине оны саған түсіну қиын. Бірақ, уақыт өте келе түсінерсің. Сол кезде бәлкім, кешірерсің… – деген қыз жүгіре басып шығып кетті. Жалғыз өзі бір бөлмеде аһ ұрып қалған жігіт дәл сол жерде өліп кеткісі келді.

Қыздарының не үшін мұндай шешім қабылдағанын түсіне алмаған ата-анасы Айсезімді алып кеткісі келіп біраз тулады. Бірақ:

– Мен ешқайда бармаймын. Осы үйге келін болып келдім ба, енді қалуым керек. Мені ешкім де мұнда қинап әкелген жоқ. Өзім, өз еркіммен келдім. Сол үшін де мен қаламын. Қаласаңыздар да, қаламасаңыздар да, осыған көнулеріңізге тура келеді. Бұл менің таңдауым, – деді.

Ақыры қыздарын көндіре алмаған Жанар мен Дәуір жылап– жылап үйлеріне қайтты. Бірақ, қызына ренжіген анасы кетерінде:

– Қызым, өзіңнен көр. Өзіңнің таңдап келген жерің. Не де болса осы жерде пешенеңе жазылғанын көресің. Келсең өзің әкеңнің үйіне келіп тұрарсың. Әкең, бауырларың бәлкім келіп тұрар. Бірақ мені келеді деп ойлама. Осы менің алғашқы да соңғы келуім деп білерсің, – деп кетті. Анасының айтқандарын жанына батқан қыз егіліп қала берді. Басқа не істейді? Сорлы қыздың қолынан не келсін? Жүр деген анасының соңынан жүрмесе? Е, Нұрболына ермесе. Басқа оларға қандай кінә артып, қалай өкпелейді?.. Үнсіз егілген күйі бұған да келіскен келіншектің жұбайлық өмірі де басталып кетті…

Нағыз махаббат тұрмыс құрған соң басталады деген сөз бекер айтылмаса керек. Ерікпен бас қосқан Айсезім уақыт өте келе күйеуіне бауыр басып кетті. Келіншектің күйеуіне деген ыстық сезімі де үйленгендерінен кейін оянды. Жат жерде жүргенде өзіне сүйеніш те, тіреніш те болған Ерікті қадірлей білді. Айсезімге бұрыннан ғашық жігіт үйленгеннен кейін оны одан сайын жақсы көре түсті. Күннен-күнге өзін жылы қарсы алып, алдынан күліп шығатын әйелінің үстіне түсіп тұрды. Жұбайлық өмірдің бастапқы күндерінде түсініспеушілік болғанымен олар қазір бір-бірінің қадіріне жетіп жатыр.

Арада бірнеше уақыт өтті. Араға айлар салып, жылдар да жылжып жатты. Бұл кезде Айсезім кішкентай Мирасын дүниеге әкеліп те қойған болатын. Енді үш жасқа толатын ол бәленің бәрін түсінетін. Киімдерін жинастырып жүрген анасының қасынан бір елі шығар емес. Ойынға кетсе, анасы өзін тастап кетіп қалатын сияқты. Сол үшін анасының қасында тілі былдырлап, әрнәрсені бір айтып, әйтеуір ойнап жүр. Жиналып болған келіншек енді баласының киімдерін жинай бастады. Сол сәтте сырттан машинаның келіп тоқтағаны да естілді.

– Сезім, – деген Еріктің де дауысы шықты.

– Қазір, міне, – деп, баласының киімін ауыстыра бастады.

– Әлі болмағансыңдар ма? Өйстіп жүріп, пойыздан қалып кетесіңдер, әлі, – деген Ерік оларды пойызға шығарып салмақшы. Иә, ұлы туылғалы төркініне бір-ақ рет барған Сезім ұлымен барып қайтпақшы. Ақыры бара жатқан соң, күйеуімен бірге барып, төркінінде бір жатып қайтқысы келген. Сөйтіп, осы уақытқа дейін Еріктің демалысын күтіп жүріп қалды. Өкінішке орай, ол да демалысына шықпай қойды. Күйеуінің демалысын күтсе, күтіп отыра беретін түрі бар. Әне-міне деп жүргенде, Айсезімнің де демалыс күндері аяқталуға жақын қалды. Сол себепті әйелі мен баласын Ерік қайын жұртына жіберіп жатыр. Кішкентай баласының бетінен қайта-қайта сүйген жігіт оны қимайды. Томпаңдаған оның тілінің тәттісін айтсаңшы. Әттең, сағынатын болды-ау баласын. Кешкісін шаршап барғанда, ұлының тәтті тілін шаршағанын басатын еді. Баласы кетпей жатып-ақ оны сағынып жатқан Ерік:

– Ертең менде арттарыңнан барамын,- деп шығарып салды…

Әкесінің үйіне келіп, ата-анасын көріп, сағынышын басқанқыз балалық шағы өткен үйінде армансыз жатамын деп келді. Әкесінің үйін сағынып-ақ қалыпты. Ескі суреттерді ақтарып отырып, Нұрболдың суретін тауып алған келіншектің жүргі шымыр ете қалды. Сол баяғы аппақ жүзді, қара шашты реңді жігіт. Көз алдына екеуінің бірге жүрген күндері елестеген Айсезім еріксіз ойға берілді. Нұрболды ойлады. Шынында ол не істеп жүр екен. Үйленген шығар… бала-шағасы болар… Жүрегі шымырлап, шаншуы ұстаған келіншектің оны үйленді деуге қимады. Иә, оны анау-мынау қыздарға қимайды. Оған өте ибалы, инабатты, сыпайы қыз керек деп қояды іштей. Десе де әлгі өзі келтірген қыздардан да Нұрболды қызғанатын сияқты.

Келгелі бері туыстарының үйінен шыға алмаған Айсезім, бүгін ғана базар аралауға шықты. Қолында көтерген кішкентай баласы бар. Жас күнінен өзіне таныс асханалардың біріне келіп отырған келіншек тамақтарға тапсырыс бере бастады.

– Маған бір палау мен шай әкеліңіз, – деп енді даяшы қызға қараған келіншектің көзі есіктен кірген жігітке түседі. Күнге күйіп, сақал-мұрты өсіп кеткен жігітті ол бірден таныды. Қалай танымасын, егер оны көргеннен жүрегі атша тулап тұрса.

– Нұрбол, – деп аузын ғана жыбырлатып қойған келіншекті ол да байқады. Көзін алмай тесіле қараған ол Айсезімнің қасына жақындауға, тіпті орнынан қозғалуға қорқады. Бейне осының бәрі оның түсі секілді. Қазір орнынан қимылдаса осы көрініс жоғалып кететіндей.

– Ай-Айсезім, – деп қайталаған ол жаймен қыздың қасына жақындады.

– Нұрбол, сенбісің? – деп жігіттің түріне жатырқай қараған келіншек: – Сақал қойған саған жараспайды екен. Түріктерге ұқсап кетіпсің , – деді.

Сол жерге жайғасып отырған келіншек пен жігіт өзара әңгімеге көшті. Екеуі де әңгімелерін отбасыларынан бастады. Қасында ойнап отырған кішкентай балапанды көріп:

– Кішкетайың ба? – деген Нұрбол Мирасқа сүйсіне қарады. – Келе ғой, – деп оны алдына алып ойнатып отыр. Қалтасындағы бар тиын-тебеніне кішкентай Мирасқа шоколад әперді.

Қалтасындағы ақырғы ақшасына Нұрболдың тәтті әперіп жатқанын көріп, жүрегі ауырған келіншек осының бәріне өзін кінәлі санады. Иә, егер Нұрболмен кете бергенде ол дәл бұлай көше кезіп ішіп, тиын санап отырмайтын еді. Бірақ, бұл өзін Ерік секілді түсіне алар ма еді?..

Келесі күні есіктің алдында ойнап жүрген ұлының жоқ болып кеткеніне қорқып кеткен келіншек көше кезіп кетті.

—Адам деген есіктің алдында жүрген соң, қарамай ма екен. Мен сендер бар деп жүремін, – деп сіңліліріне ұрысып алды.

Соны күтіп тұрғандай, арғы жақтан Мирасты көтеріп Нұрбол шыға келді. Оны көріп, үнсіз қалған келіншек тілін жұтып қойғандай. Үстіне таза киімін киіп, сақал-мұртын алған жігіт сол баяғы кейіпіне қайта түскен. Оның еш өзгермеген түрі келіншектің суып қалған көңілін сыздатып өтті. Сол жерде отырып, сөйлескен жігіттің жүрегінде тағы да бір үміт оты пайда болғандай болды. Ол күніге келіп, келіншекпен бір ауық отырып кететін болды. Әр келгенінде Айсезімге әр жағынан көрінуге тырысты. Күйеуі бола тұрып, Нұрболдың бұл қылығына ыңғайсызданған Айсезім оған қалай жоқ деп айтарын да білмеді. Сол күні оның үйінен жедел хабар келді. Тағдыр оған Нұрболға “жоқ” деп айтуына мұрша бергізген жоқ.

– Айсезім, үйге тез жет, – деген қайынбикесінің сөздеріне қорқып кеткен келіншек түсінбеді. “Күйеуім келіп, бізді алып кетеді” деп, төркінінде Ерікті күтіп жатқан келіншек баласын алып, сол күні-ақ пойызға шығып кетті.

Жол бойына не болғанын біле алмай, қайта-қайта қол телефонымен үйіне қоңырау шалған байғұс келіншек бәрібір ешкіммен хабарласса алмады. Өзін пойыздан күтіп алған қайнылары оны бірінші үйіне емес, ауруханаға алып келді. Үйіне емес, ауруханаға кіргенде жүрегі дүрсілдеп, құлап қала жаздаған келіншек тек күйеуінің атын атаумен болады. Иә, оның жүрегі сезеді.Ерікке бірнәрсе болғанын. Бірақ, сол не нәрсе екен?

Аппақ матаға оралған күйеуінің түрін көргенде келіншек шошып кетті.

– Ерік, Ерігім менің, – деп солқылдап жылап жіберді.

Тек қана иегі қимылдап, тірі екенінің нышанын білдірген ол аузы жыбырлап бірнәрселер айтқан болады. Бірақ, оны ешкімде түсіне алмады.

– Не болды? Не болған Ерікке? Қалай, қашан болды мына жағдай? – деп әркімнің көзіне бір жаутаңдаған келіншек әлі толық жауапты ешкімнен де ести алмады. Сөйтсе, Ерік жол апатына ұшырапты. Иә, машинаның тежегіші істен шығып, Ерік тоқтай алмай қалған. Қаланың ішінде тежегішсіз жүру деген мүмкін емес қой. Бағдаршам жанып, машиналар тоқтаған сәтте, ол жылдамдықты бәсеңдете алмай, алдындағы үлкен камазға кіріп кетеді. Мыжырайып қалған машинаның ішінен аман шыққан ешкім жоқ. Тек Ерік қана. Кеудесінде жаны бар дегені болмаса, оның да барлық құрылысы істен шыққан.

Күйеуінің түрін көріп, еңіреп жылаумен болған Айсезім Құдайдан оның аман қалуын тілейді. Бірақ, аузын ашып сөйлеуге де, шамасы келмейтін жігіт қайдан көпке шыдасын. Ең болмаса тамағын да жей алса ғой. Шамалы болса да үміт болар еді. Басынан соққы алып, миына зақым келген жігіт ұзақ жата алмады. Құтты бір әйел, бала-шағасын күткендей, олар келген соң, екі сағаттан кейін жүріп кете барды. Түкке де түсінбеген Айсезім аһ ұрып қалды. Өзі кеткенде сау қалған күйеуінің өлімі ол үшін айықпас дерт сияқты болды.

Қызының артынша, күйеу баласының өлімі жайында хабар алған Дәуір мен Жанар дабырақтады да қалды. Қызының кеткені кеше. Бүгін мына хабар келіп отыр.

– Осыған шақырған екен ғой. Өзімде ойлап едім тегін емес деп. Қой барып қайтайық, қызымыздың ендігі сүйенерін бірі бізбіз ғой, – деген ата-анасы күйеу балаларының жаназасына келіп үлгерді.

Еріктің жетісі, қырқы деп жүріп, екі қаланың ортасында уақыттың қалай өткенінде байқаған Жанар мен Дәуір енді қыздарының өміріне алаңдады.

– Бір баламен жат елде жесір қалды. Онда несін қалады енді? Бұрынғыдай күйеуі жоқ қасында. Бәрінен де осында көшіріп алғанымыз дұрыс. Қайын жұртына анда-санда барып тұрар. Бекерге өзі жат болып кетеді. Алыста жүрген соң не туысқанымен, не досымен араласа алмайды. Олардың жиынына да келе бере алмайды. Осында болса әйтеуір, қолына орамалын қыстырса да, туыстарымен араласып тұрады ғой, – деген Жанар қояр да қоймай, қызын Шымкентке көшіріп алды. Бастапқыда:

– Күйеуімді тастап қалай кетемін? Оның туыстары да осында, – деп Айсезім көнгісі келмеп еді. Бірақ, анасының сөздерінен кейін ойланды. Қазірдің өзінде туысқандарын іздейді. Туыстан жырақ жүруге болмайды екен…

Ата-анасының әперген бір бөлмелі үйінде тұрып жатқан қыздың өмірі жаман емес. Бастапқыда күйеуін іздеп, елеңдеп, жылайтын. Кейін келе кішкентай ұлының тәтті қылығына айналып, күйеуін ұмыта бастады. Сондай күндердің бірінде үйіне Нұрбол да келіп қалды. Еріктің қазасын естіген ол Сезімге көңіл айтуға келген еді.

– Мен естіген күні келейін деген едім. Бірақ, соған еш мүмкіндігім келмеді. Еріктей азаматтар аз бұл өмірде. Тек ол сені жеткізем деген бақытқа жеткізе алмай кеткені өкінішті. Бәлкім енді сол бақытқа мына ұлы жеткізер. Құдайым осыған өмір берсін. Соны тілеймін,– деді. Сол күннен кейін Айсезімнің үйіне келгіштеп кеткен Нұрбол кішкентай Мирасқа да бауыр басып қалды. Оны көрмесе бір күн тұра алмайтын болды. Қолына түскен ақшасына сол балаға бірнәрсе алатын. Оның үстіне, Айсезімге деген сезімі де әлі сол қалпында. Оны кездестіргелі аузына бір татым ұрттап та алмаған жігіт ішуін мүлде қойып кетті.

Өзін әлі күнге ұмытпаған Нұрболға қарап отырып, Айсезім жастық жағын есіне алды. Иә, екеуі қалай бірін-бірі жақсы көріп еді. Біздің “баламыз болады” деп, армандаушы еді. Езуіне күлкі үйірілген қыз қасындағы баласына қарап: “Егер мен сол кезде Нұрболмен кеткенде сен біздің баламыз болатын едің” деп ойға берілді.

Иә, егер де сол кезде Ерікті тастап кете бергенінде, бұл бала Нұрбол екеуінікі болатын еді. Бірақ, сорлы қыз жігіт өмірін таптағысы келмеді ғой. Сүйе тұра, өз жолынан түсіп кете барды. Иә, ол жігітінің алдында қарабет атанудан қорықты. Сүйіктісінен сондай сөз естімейін деп, өзіне иіліп тұрған жігіттің етегінен ұстап қала берді. Көз алдына сол бір қайғылы оқиғаға тап болған кезі елестеді…

Міне осы бір оқиға үшін Еріктің етегінен ұстап кетіп еді…

Сабақтан күндегісінен кеш шыққан Сезім жан-жағына қарап елеңдеп келеді. Даланы әжептеуір қою қараңғылық жайлаған. Ұзын көшенің бойында тізілген электр шамдары тұрса да, қыздың жүрегі бір сұмдықты сезетіндей дүрсілдейді. Әшейінде өзін күтіп тұратын Ерік те жоқ бүгін. Дірдектей басып, үйіне жақындаған қыз қуыс көшенің ішімен жүрді. Осымен төтелеп жүрсем, үйіме тезірек жете қаламын деп ойлады ғой. Бірақ, қателесіпті. Әр жерде бір бұзақылар мекендейтін жер болады ғой. Сондайлардың ортасына тап болған қыз сол жерде олардың жемтігіне айналды… Еліктің лағындай сүйкімді қызды жәукемдеп білгендерін істеген үш-төрт еркек Айсезімді аяған жоқ. Абыройы аяқ асты болып, үш еркектің ермегіне айналған қыз соңғы әлін жинап қалың бұтасы бар тасадан сүйретіліп әрең шықты. Ал екі аяқты айуандар білгенін істеп кете барып еді.

Денесінің сыздап ауырғанына да қарамастан, сүріне-қабына үйіне қарай қашқан қыз егіліп келеді. Үсті-басы жырым– жырым. Көп қабатты үйлердің алдына келіп отыра кеткен қыз солқылын баса алар емес. Ішке кіруге шамасы жоқ. Сол сәтте өзін есік алдында күтіп отырған жігіттің:

– Сезім?! – деген Еріктің дауысы оны селк еткізді.

– А-а-а! -деп шыңғырып жіберген қыз жігітті құшақтай алды.

– Не болды, Айсезім? Не боп қалды? – деп түкке түсінбеген жігіт қыздың түрін көріп шошып кетті.

Сол жерде не болғанын ең алғашқы болып естіген Ерік мұны ешкімге де айтпауын сұрады. Сөйтіп, өзі қызға үйленуге ұсыныс жасады.

– Мендей жанмен қалай тұрмыс құрмақсың? Жоқ, керегі жоқ! Енді мен ешкімге де керек емеспін! Өзімнен-өзім жиіркеніп тұрмын. Сен де солай. Жай мені мүсіркегендіктен шығар, сенің маған сөз салып отырғаның. Ерік, керегі жоқ, босқа адаспа! Бұл болған нәрсе ертеңгі КҮНІ бәрібір алдымнан шығады. Бір КҮНІ бетіме салық болады, – деп ештеңеге келіспей, жылап– еңіреген қызды жігіт тыңдамады.

– Жаным, Сезім, жыламашы! Неге олай дейсің? Сен маған керексің! Мен сені сүйемін! Сені бақытты еткім келеді. Сенің еш кінәң жоқ. Неге жылайсың? Болған нәрсенің барлығын көрген түстей ұмытшы. Ұмытшы, жаным! Мен саған оны ұмытуға көмектесемін. Сені біреуге жылатуға жол бермеймін, – деп жігіт қызға жалынумен болды.

Амалы қалмаған қыз сол КҮЙІ ешкімге де тіс жармастан араға апта салып Ерікке тұрмысқа шығып кете барды. Иә, бұл оқиғаны Еріктен басқа ешкімде білмейтін. Жігіт сөзінде тұрды. Онымен жұптасқан өмірінде ол бірде-бір бұл жөнінде аузына да алмады. Соның арқасында бәрін ұмытып, Айсезім мына өмірге қайта келді.

Өткен өмірі көз алдында тізбектелген Айсезім бүгін ғана жанындағы жігітке ақтарылды. Келіншекті үнсіз тыңдаған Нұрболдың көзіне жас үйірілді.

Айсезімін құшақтаған ол жүрегінде мұз болып қатқан ащы запыранын сыртқа шығарды.Әлі ешкімге үйленбей, Сезімге деген сезімін өшіре алмай жүрген жігітті енді қинаудың реті жоқ еді. Нұрболдай жанды еш жерден де таппайды. Оның үстіне, ол әлі күнге Сезімді жақсы көреді. Осылайша қайта табысқан екі жас орталарына кішкентай Мирастарын алып, кетіп бара жатты.Олар бақытты еді.. Бұл нағыз махаббатқа деген адалдық болса керек.

Нұрсая.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған