КӨП АСҚАНҒА БІР ТОСҚАН…

– Мама, сізге қанша айтамын? Аликке жоламаңыз! Ол менің жігітім.

– Қайдағы, сенің жігітің? Ол мені сүйеді. Сені әншейін алдап жүр. Сенің жастығыңды пайдаланған түрі ғой.

– Өтірік!

– Иә, өзі солай деп айтқан.

– Қалай ұялмайсыз? Сізді де «анам» деймін-ау. «Ана» болған түріңізге болайын. Басқа еркек құрып қалғандай, өз қызының жігітіне жармасқан, сіздей ананы бірінші рет көруім. Мама, бізге бақыт тілеп отыратын жөніңіз ғой. Неге мен сүйген жігітке тас кенеше жабыстыңыз да қалдыңыз. Ендігі жетпегені екеуміздің бір еркекке таласып, қырылысуымыз қалып еді.

– Сен әлі жап-жассың, әрі сұлусың. Кез-келген жігітті айналдырып ала аласың. Ал, мен ше?

– Сіздің жігіт не теңіңіз?

– Онсыз да, сендерді «өсіріп-жетілдірем» деп, жастық шағым бейнетпен өтті ғой. Мен де әйелмін. Көңілім Аликке ауды, неге соны түсінгің келмейді?

Замираның ызалана жылаған дауысы шығып жатты. Артынша әлдененің тасыр-тұсыр еткен дыбыстары, анасының шыңғырған үні қосарлана шықты.

– Нең бар, хрусталъдарда? Тимеші, тиме!

– Біздің пешенемізге сор болған осы хрусталъдар, осы жылтыраған дүниелер. Бәрін де құртамын, қиратамын.

Ыдыстардың сылдырлаған дауыстары мен анасының шыңғырған үндері құлақ тұндырады. Жәнібек туфлиін де шешпестен, төргі бөлмеге жүгірді. Жүрегі лүпілдей, есікті ашқаны сол еді, гүл салатын ваза басына тиюге сәл-ақ қалды. Басын бұғып үлгерді. Замираның түрі өрт сөндіргендей, әлемтапырық. Шашы жалбыраған күйі долдана «стенкадағы» бір кездерде өзінің аузының суы құрып жүріп алған өте қымбат бағадағы ыдыстарды, сувенирлерді лақтырып жатыр. Дүниеге бір табан жақын анасы шырылдап, қызының қолына жармасуда. Мұндай сұмдықты көруге дәті шыдамаған Жәнібек бар даусымен айқай салды.

– Тоқтатыңдар! Не болды?

Алысқан екеуі де жалт қарады да, сілейіп тұрып қалды. Анасы әлденені жасырғысы келгендей, күлгісі келмесе де күлген болып, ыржия салды. Онысы жасанды екендігі әбден білініп тұр.

– Балам, қашан келдің? Келетініңді айтпадың ғой? Пойызбен келдің бе, көлігіңмен келдің бе? – деп, тақырыпты өзге арнаға бұрғысы келіп, қыпылықтай берді. Замира түтігіп, ағасына шатынай қарады да, ызалана жылап жіберді.

– Тағы қандай жаңалықпен келдің? Қандай табысқа жетіп, қанша ақша тауып келдің?

Салтанаттың көздері жыпылықтап, қызына «айтпашы» дегендей жалынышты жанарымен телміре қарайды. Шет жағасын құлағы шалып қалған Жәнібек түс көргендей, әңгімені неден бастарын білмей, есеңгіреп тұр. Есесіне қарындасы қатты ашулы екен. Білгісі келгенінің бәрін өзі жайып салды.

– Жәнібек, неге? Айтшы, неге дүние тапқыш болып кеттің? Бұл күнімізден, бұрынғы түкке жарымай жүретін кезіміз әлде қайда бақыттырақ еді ғой. Неге, байып кеттің? Сен байып, үйге бума-бума ақша әкелген сайын, анамыздың аналық мейірімнен ада болып бара жатқандығын сезесің бе? Сен әкелген ақшаларды қалтасына салып, бутиктерді аралап, жас қыздардың үлгісіндегі киімдерді алып жүргенінде де, көңіліңе күдік кірмеді ме? Сан мыңдаған ақшалардың анамыздың көңіліне желік бітіріп, «жасартып» жатқанын білемісің? Неге әкеле бересің? Әкелмеші, құртшы көзін ақшаларыңның! Қадірімізді қашырып, берекемізді кетірген, ар-ұяттан бездірген ақшаларыңды әкеле бермеші. Жәнібек, менің мына жерім күйіп барады, – деп егіле жылаған Замира жүрек тұсын жұдырығымен ұрғылай берді. Жәнібек анасын жаңа көргендей тесіле қарап қалыпты. Расында да, қалай байқамай келген? Анасы қатты өзгеріп кетіпті. Шашын қидырмақ тұрмақ, шетін де көрсетпей, орамалмен жасырып жүретін анасының қазіргі шашы найзағай оты түскендей, сап-сары болып күйген. Белінен келетін қолаң шашы қысқартылып, бұйраланған. Қалың қастарын қиылдырта тергізіп, бояп алған анасына Жәнібек сұраулы жүзбен қарап:

– Не болып жатыр? Түсіндіріп айтатын біреу бар ма? Кімге, неге таласып, бастарың сыйыспай қалды? – деп, соңғы сөзін сыздана айтты.

Замира да ашуға булығып, анасына бедірейе қарап, бүйірін таянып тұр.

– Ал, айтыңыз! Қызыңызбен бір жігітке таласып жүргеніңізді жасырмай айта беріңіз. Бәлкім, ұлыңыз төрелік етіп, өзіңізден кіші Аликті «папа» деп қалар.

Қарындасының беті ашылып, діңкілдеп тұрғанына қарап, жағдайдың осыншалықты ушығып кеткенін түсінген Жәнібек жауабын да күтпестен, теріс бұрыла берді.

Бар ашуын көлігінен алғысы келгендей, жылдамдықты күшейте берді. Құлағында қарындасының айтқан ащы шындығы жаңғырып тұр. Анасына титтей де «шаң» жұқтырғысы келмей, қиялымен барынша ақтап алуға тырысуда. Алайда, анасының сол кездегі үнсіз түрін көз алдына елестете, өзегін өкініш керней берді. Алдындағы көліктен басып озбақшы болып, жылдамдықты барынша күшейте бергенінде, қарсы алдынан шыққан көлікті аңғара алмай қалды. Дереу, тежегішті басса да үлгере алмады, қарсы келген көліктің жанынан сырып өтті. Сырған көлігі де тегін емес, су жаңа шетелдік көлік. Қым-қуыт ойлардан арыла алмай, көлігін жол жиегіне қойып, рулге басын сүйеп отыра кетті. Кенет, көлігінің есігін жұлқына ашқан жігіт ағасы жағасына жармасты.

– Көзің қайда? Ережені білмесең, несіне шіреніп көлік жүргізесің? Құдай сақтап қалды, әйтеуір. Көрер жарығымыз бар екен.

Өте таныс қоңыр дауысқа Жәнібек басын көтеріп, жалт қарады. Екеуінің жанарлары түйісе кетіп, түрлері өзгеріп барады.

– Нұрбек аға, Нұреке – деген Жәнібектің даусы жарқын шықты. Тұнжырап тұрған жүзіне қуаныш ұялай, көлігінен асығыс түсіп, қолын соза беріп, кілт тоқтап қалды. Арадағы көзге көрінбес қамал бұрынғыдай құшақтарының айқаса кетуіне жол бермей, тосқауыл болып тұрғандай. Нұрбектің салқын қабағына қараған Жәнібек соны ұқты. Созған қолын сасқалақтап, қалтасына салды. Өзіне тесіле қараған өткір жанардан қаймығып, төмен қарап, кібіртіктей берді.

– Мені кешірші, Нұреке! Кешірші.

Үні құмығып, мұрнының астынан міңгірлеп тұрған даусы тек өзіне ғана естіліп тұрғанын сезген жоқ. Көлігін сырып кеткеніне емес, бір кездердегі өзіне жақсылық жасаған жанды сазға отырғызып кеткендігі үшін сұралған кешірім еді. Осы кешірімді сұрауға талай рет оқталса да, бірде көкірегі, бірде жасықтығы мен қорқақтығы жібермей, тартыншақтай берген. Енді, міне тағы да ойламаған жерде мынандай жағдаймен ұшырасып тұр. «Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» деген осындайдан қалған шығар, сірә. Өткеннің қателігімен өзегін өкініш өртеп, жерге кірердей болып тұрған Жәнібекті Нұрбектің қоңыр даусы селк еткізді.

– Жағдайыңды түзеп алғаныңды, мініп жүрген көлігіңнен аңғаруға болады. Біршама аяғыңнан тік тұрып, «көтеріліп» қалған шығарсың?!

Астыртын айтылған сөзді ұқпайтын Жәнібек те жетесіз емес, түсініп тұр. Бір кездердегі өзіне қалтықсыз сенген көңіліне қаяу түсіргенін де білетін. Сеніп тапсырған аманатына қиянат жасаған опасыздығына жаны күйзеле, өкініп тұрды. Өз қылығынан жерге кірердей болып, қысылса да қатал тағдыры солай етуге мәжбүр етіп еді.

– Нұреке, айыптымын. Мен ол кезде солай етуге мәжбүр болдым. Қайтейін енді, қу жоқшылық анам мен бауырларымды тұқыртып бара жатқаннан соң,…

– Жә, қойшы, өткенді қозғап, жүректі ауыртпай! – деп, сөзін аяқтатпай, тыйып тастады. Әсті, өзі де сол кездердегі қиналғандарын еске алғысы келмеген де шығар.

– «Екеумізді тағдыр жолықтырмаса екен» деп тілеуші едім. Тағы да сәтсіздікпен жолығып тұрмыз.

Нұрбек одан өзге ләм-лим демей, кері бұрыла берді. Жәнібек қалбалақтап, соңынан жүгірді.

– Нұреке, көлігімді басы бүтін алыңыз. Сізге сыйладым. Көлігіңізді жөндеуге өзім апарайын.

Жаны жаралы жігіт өз айыбын осылай жумақшы болды. Сәл де болса, күнәсінен арылып, жеңілдеп қалардай сезінген. Нұрбек бетіне ожырая қарады да, басын шайқап, мырс етті.

– Мені білмеуші ме едің? Сенің арамдықпен жинаған дүниеңді мен алатын ба едім? Есіңде болсын Жәнібек, біреудің дүниесі саған ешуақытта дүние болып жарытпайды. Жарыған күнде де, берекесі болмай, қайғыңа қайғы қосатынын ұмытпа! Арамдықпен жиналған дүние арамдықпен кетеді.

Жәнібектің жүрегі зырқ етті. Қапелімде аузына сөз де түспей, есеңгіреп тұрғанында Нұрбек өз көлігіне отырып, ұзап кетті. Ұяттан жерге кірердей болып тұрған Жәнібек шарасыз кейіпте күрсіне берді. Аяғының астындағы ұсақ тас қиыршықтарын жаныштап, жанын қоярға жер таппай, тыпыршып кетті.

– Ия, рас айтасың Нұрбек. Қайғыма қайғы қосылып, берекеміз қашып барады. Өмірі қолымыз жетпестей болған қыруар ақшалар да жанымды жылыта алмайды екен.

Өзінің тағы да Нұрбек алдында «жер» болғанына шыдай алмай, күйініп барады. Тамағына ащы өксік тығылса да, босаңсуға жол бергісі келмей, тістене берді.

Жәнібек ол кезде он екі жаста тұғын. Өзінен үш жас үлкендігі бар ағасына қарағанда пысық болып өсті. Ағасы Әлібек көбіне тұйықталып жүретін. Әлдебір мәселенің машақатымен басы қатып жүргенін ол кезде ешкім де білген жоқ. Қарындасы Замира сегіз жасқа келсе де тым ерке болатын. Шалғай аудандарға жүк таситын әкесінің де кейінгі кездерде қабағынан қар жауып, тұнжырап жүретін. Еліміз егемендік алып, сом теңгеге ауысып, жаппай жұмыссыздық жайлаған кезеңде, Санжар істейтін совхоз да тарап, өз жұмысын тоқтатқан. Келіншегі мен үш баласы бір өзіне телміріп отырғанына шыдай алмаған Санжар аудан орталығына жұмыс іздеп барғанына бір апта болып қалды. Құр босқа сенделіп, табаны тозып, сабыла жұмыс іздесе де жуық арада табыла қоймай, діңкелете берген соң, бәріне де қолды бір сілтеп, қалаға қарай жол тартты. Екі күн бойы таныс-тамырды жағалап жүріп, әйтеуір екі қолға бір жұмыс табылғанына қуанып, намысты ысырып тастап, вокзалда жүк тасыды. Аптасына бір рет ауылға ат басын бұрып, бала-шағасына нәпақа тастап кететін. Ауыздарынан ақ май ағып жатпаса да, ашыққан күндері болған емес. Уақыт өте келе, Санжар қомақты ақша әкеле бастады. Ара-арасында қара малдарды да, ұсақ малдарды да жетелеп әкелетін болған күйеуіне Салтанат күдікпен қарайтын. Әлдене деуге отағасының дөрекі мінезінен қаймығып, күдігін тұншықтыра берген. Қиыншылық жайлаған ауылда молшылыққа кенелген күйлеріне «шүкіршілік» айтып жүргенінде, Санжар бір күні түнеріп келді де, әкелген бар малын қайта алып кетті. Сұрауға бата алмаған Салтанат іші ашып, аңырайып қала берді. Сол күні үйіне келген Санжар шәй да ішпестен, түнерген күйі жатып қалды.

Жәнібек ұйқысынан шошып оянды. Жан-жағына алақтай қарап, өз-өзіне әрең келді. Терезеден сыртқа қарап еді, таң атып келеді екен. Сыбдырын да білдірмей, мысық жүріспен аяңдап сыртқа шықты. Желең шыққаннан ба, әйтеуір, тұла бойы түршігіп, тітіркеніп кетті. Аспанды қалың бұлт торлап, ауа райы да түнеріп тұр. Неге екенін, Жәнібектің көңілі құлазып сала берді. Қорқынышты түсінің әсерінен арыла алмай, ойланған күйі әжетханаға кетіп барады. Басын салбыратып, әжетхананың есігін ашты да, кілт тұрып қалды. Жүрегі аузына тығыла, көздері шарасынан шыға жаздап бақырайып барады. Аядай ғана әжетхана ішінде әкесі асылып тұр. Көздері бақырайып, ашық қалған әкесінің жансыз денесін құшақтағанын ғана біледі. Арғы жағы есінде жоқ, көзі қарауыта есінен таныпты.

Мұрнына келген ащы иістен түшкіріне атып тұрды. Құлағына анасының зарлы үні жетіп, есін дереу жинап алды. Жан-жағына алақтай қарап, әкесін іздеуде. Әлдеқашан о дүниелік болып кетсе де, көңілі алабұртып, сене алар емес. Қасында сыңсып отырған жеңгесіне үрейлене қарап;

– Папам қайда? – деді жұлып алғандай. Жеңгесі одан сайын жылауын үдетіп, басын шайқай берді.

– Сен біраз жатып алсайшы, – деген көрші апаның сөзін де елең қылмай, сыртқа атылып шыққан. Ауладағы жиналып қалған ағайын-туыстарға қарап, жүрегі дүрсілдей берген. Жан-жақтан жоқтау айтылып, жылап жатса да, құрғыр көңілі сене алмады. Анасының қайта-қайта талықсып жатқанына да, қарындасының шыңғырып жылағанына да көңілі селт етпеді. Құдды, түс көріп жүргендей күйде еді. Ауыл ақсақалдары «қоштасып қалыңдар, ризалықтарыңды беріңдер» деп әкесі жатқан бөлмеге кіргізгенде де көзіне бір тамшы да жас келмей, қиналған. Жұрттың бәрі жылап-еңіреп жүргенде жалғыз өзі көзі бақырайып, меңіреу адамша жүре берген. Әкесін жерге қойғанында да, жүрегі аузына тығыла жаздап, екі иығымен әрең дем алып тұрса да, жылай алмады. Сыбыр-сыбыр сөздерді де естіп қалып жатты.

– Мынау безбүйрек бір жыламады-ау.

– Әкесінен құтыла алмай жүргендей, бұнысы несі екен?

– Сезімі жоқ тасбауыр да. Әйтпесе, әкесі өліп жатқанда қай бала жыламаушы еді?

Бұл сөздер онсызда жүрегі аузына тығыла жаздап тұрған Жәнібекке соққы үстіне соққы болып тиюде. Көпті көрген, жасы үлкендер болса да, жас баланың әке өлімінің куәсі болып, қатты қорқып қалғандығын ешқайсысы да сезе алған жоқ. Жәнібек те қай бір жетісіп жүр? Өксігі тамағына тығылып тұрса да, көзінен жас шығара алмай, меңіреу адамша есеңгіреп жүре берді. Қанша жылағысы келсе де, жылай алмады. Есесіне іштей, жүрегі ауыра қиналып еді. Жанын жаныштаған зілдей қайғыдан еңіреп тұрып жылап алған әлдеқайда жеңілірек болар еді. Содан кейін, ағайын арасында «тасжүрек» деген лақап атқа ие болды.

Екі күннен кейін есігінің алдына қап-қара сүліктей шетел көлігі келіп тоқтады. Ішінен зіңгіттей-зіңгіттей төрт жігіт түсіп келеді. Көздерінде көзәйнек. Әлібек үлкені болса да, қорықты ма, үйді айналып, тайып тұрды. Жәнібек аузы ашылған күйі аңырайып тұрып қалды. Іштеріндегі үлкендеуі көзілдірігін алып, Жәнібекке оқты көзімен тесіп жіберердей қарап;

– Ей, күшік, әкең қайда? – деді.

– …

– Санжар сенің әкең ба? – деді, әлгі үлкені зілденіп.

Жәнібек тілден қалғандай басын изей берді.

– Әкеңді шақыр! Қайда өзі?

Басын шайқап, көзі бақырайып тұрған баланы әлгілердің біреу нұқып-нұқып жіберді. Өздері тым ашулы көрінеді.

– Немене мылқаусың ба? Айтсайшы, әкең қайда? – деп айқайлаған да ғана Жәнібек ұйқысынан оянғандай селк етті.

– Әкем жоқ.

– Қайда кетті? Қашып кетті ме? – деп тықақтап болар емес.

– Ол өліп қалды.

Еш сезімсіз айтыла салған сөзге әлгілер сенер-сенбестерін білмей, бір-бірлеріне аңтарыла қарап қалыпты.

– Өтірік! Сен бізді алдап тұрсың?

– Мүмкін, Санжар алаяқтың тапқан қулығы шығар.

– Бері қара! – деді, түрі сұстылау келгені зіркілдеп, – әкеңе айта бар, екі күн мұрсат беремін! Екі күннің ішінде берешегін әкеліп бермесе, көрген күні қараң болады. Қоянға ұқсап, інге тығылатыны бар, несі бар құмар ойынын ойнап? Ұтқанда көздері жайнап шыға келеді, алақанын ысқылап. Ұтылғанда, қатынының қойнына тығылып, өтірік өліп қалады.

Жәнібектен өзгесі дарақылана, ауланы бастарына көтере күлкіге қарық болып жатты. Жәнібекке қайта-қайта ескертумен қатар қоқан-лоққы да жасап кетті.

– Әкең егер тауып бере алмаса, орнына сені алып кетеміз, – деді, түйілген жұдырығын тұмсығына тақап. Міз бақпаған түріне қарап, әлденелерді айтып, күбірлесіп бара жатты.

Жәнібектің тынышы кетіп, уайымдай берді. Көз алдынан өзін қорқытып кеткен «дәулер» көлбеңдеп, кетпей қойды. Кірпігі енді ілінсе болды, түсінде соларды көріп, қара терге малынады. Олар келіп, анасы мен қарындасын ұрып жатады. Біресе, үйлерін өртеп, өздерін пышақтап жатады. Әйтеуір, Жәнібек аяқ-қолы ербеңдей, шошып оянып, содан ұйықтай алмай, сары уайымға батып жүрді. Екі күні зуылдап, лезде өте шықты. Ешкімге тіс жарып айта алмаған күйі, жанын шүберекке түйіп, зыр еткен көлік даусына елеңдеумен болды. Олардың сөзінен түсінгені, әкесі құмар ойынын ойнаған екен. Кейінгі кездердегі мол табысы да соның айғағы. Арам жолмен келген оңай олжа әкесінің өмірін қиып кетті. Әсті, оңбай құрыққа түскен тәрізді. Бар жиған-тергенін берсе де құтыла алмай, өз өмірін қиғанына қарағанда, «қораға» мықтап кірген екен. Жәнібектің тілеуін Құдай қабыл етті ме, әлде, шынымен де Санжардың о дүниелік болғанына көздерін жеткізді ме? Әйтеуір, сол «дәулер» қайта қарасын көрсетпей, ізім-қайым жоқ болды. Мүмкін, өздерінің де қылмыстары әшкере болып қалатындықтарынан қаймықты ма екен? Жәнібектің көңілі орнына түссе де, біраз күнге дейін ұмыта алмай, көше жаққа қарайлаумен болды.

Жетімдіктің қамытын ерте киген оларға ешкім көмек қолын соза қоймады. Көрші ауылдарда тұратын әкесінің туған інілерінің тұрмыстары әжептеуір болса да, қарайласар түр танытпады. Әкесінің көзі тірісі кезінде сыйласпайтын олардан бұлар да үміт күтпеді. Әйтсе де, қиыншылық пен жоқшылықты көп көріп өсті. Әкесі барда жұмыс істеп көрмеген анасы етегі жасқа толып, сандалып кетіп еді. Үйдің бас көтерер үлкені Әлібек болса, үнемі ұнжырғасы түсіп, тұнжыраумен жүретін. Ағасының ынжықтығына, анасының жылай-жылай ісінген қабағына қараған сайын, Жәнібектің зығырданы қайнайтын. Бұғанасы қатпаса да, намысқа тырысып, әркімнің ауыр жұмыстарын жалданып істейтін болды. Кейде, жейтін нан таппай қалса, кейде, тамақ істейтін дым таппай, аш қалатын. Ондай кездерде, міндетті түрде

Жәнібек тоғызыншы сыныпты бітірмей-ақ, мектепті анасының көзі жасқа шыланатын. Қарындасы аузы бұртиып;

– Әттең, папам болғанда, бұлай аш отырмас едік, – дегенінде, көңілі бос анасы жылап жіберетін. Оған қосыла қарындасы да жылап, онсыз да құлазып тұрған көңілін жасытып жібереді. тастап кетті. Ойы мүлде басқа жақта болған соң ба, сабаққа түк зауқы соқпайтын. Жігіт болып қалған шағында жұпыны киімімен мектепке баруға да арланған. Үйінің жұпыны көрінісі де көңілін құлазытып, бәріне де қолды бір сілтеді. Бірде аш, бірде тоқ, мардымсыз тіршіліктеріне қабырғасы қайысты. Ауылда жұмыс болмаған соң, өмірінде көрмеген қалаға жұмыс іздеуге шықты. Салтанат осыншама жібергісі келмей, қиғылықты салса да, өжеттілігі бой бермеді.

Балаң жігітке қаланың барлық тыныс-тіршілігі таңсық болып көрінуде. Қатар-қатар салынған зәулім үйлерге, толассыз, бірімен бірі жарыса зуылдай жүрген неше түрлі көліктерге қызыға қарап, қиялы көкке шарлап кетті. «Шіркін-ай, осындай әдемі көлік менде де болса ғой… Мамам мен Замираны мінгізіп алып, қаланың барлық әсем жерлерін аралатар едім. Тұмсығын көкке көтеріп, жан адамды көзіне ілмей жүретін, Ержан көкелерімнің ішін күйдірер едім.» Неге екенін, оның қиялынан ағасы үнемі тысқары қалып жататын. Әлде, ағасының бойындағы ынжықтығына, жігерсіз, жасықтығына көңілі толмай, суынғаннан да шығар.

Ешбір танысы жоқ үлкен қалада кешке дейін жұмыс іздеуден жалыққан жоқ. Майда тілді, пысықтығымен базардың тең жартысымен сөйлесіп көрді. Кез-келген жұмысты істей беретіндігін айтса да, жолы болмай, қырсық шала берді. Асханалардың жанынан өткенде, тамақтың аңқыған иістеріне тамсанып, бір жұтынып қояды. Күн ұясына батар шақта базардағылар жинала бастағанын көріп, Жәнібектің дегбірі қашты. Түнейтін үйі де жоқ. Қайда барарын білмей, мазасыздана бастады. Аздап бойын үрей де билейтін сияқты. Сонда да, үмітін үзбей, базар сыртына шығып, көрінген дүңгіршектерге басын сұғып, жұмыс сұрастыруын тоқтатпады.. Кейбір надан жандардың зіркілдеп, жекіргеніне де жігерлі жігіт жаси қоймады. Өршеле түсіп, кіжіне берді. «Көрерсіңдер, әлі! Мені ит ұқсатып қуып шыққандарың, әлі талай менен жұмыс сұрап, жалынып келерсіңдер» деп, өз-өзін жасытпауға тырысып, намысын қайрай түсті. Қалтасында көк тиыны болмаса да, талабы таудай жас жеткіншектің қиялы ұшқыр еді. Бәлкім, адам баласына алдымен ақшадан гөрі, қиындыққа мойынсұнбайтын табандылық, қажымайтын төзімділікпен қатар еңбекқорлық та керек шығар. Жәнібектің үй жайы осы қасиеттерді балаң жігіттен талап етіп отырғандай еді. Күннен-күнге кері кетіп бара жатқан тұрмыстарына қарап, Жәнібек бар жауапкершілікті өз мойнына ала берген. Сол күні әбден қас қарайған сәтте, бағыт-бағдарсыз жолды бойлай жүре берді. Қалың ойдың шырмауынан шыға алмай, басы қатып, жан-жағына да қарауға да зауқы соқпай, кетіп барады. Кенет, әлдекімнің біреуге айқайлап жатқанын құлағы шалып қалды.

– Болсаңдаршы, тезірек! Сендер ыбылжып жүргенде түн болды.

Дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Жәнібек өз ойымен арпалысып жүріп, байқамапты. Үлкен қоршауы бар әлдебір жұмыс орны секілді. Тура қақпаның алдында жүк көлігі тұр. Арғы жағында жігіттер қап-қап бірнәрселерді тасып, артып жатыр. Кеудесінде үміт оты жарқ еткен Жәнібек қақпадан ішке кіре бергені сол еді, қолына үлкен дәптер мен ручка ұстаған қабағы қатулы жігіт байқап қалып, өзіне шақырды.

– Інім, жайша жүрмісің? Кімді іздеп келдің? – деді. Жәнібек жаңағы айқайлаған дауыс иесі екенін бірден таныды. Жүйрік көңілі осы иеліктің бастығы екенін де аңғарды.

– Мен жұмыс іздеп жүрмін, – дегенінде, қатулы қабағы сәлде болса, жымиғандай болып көрінді. Жәнібектің үсті-басын көзімен бір шолып өтті де;

– Жасың нешеде? Қап таси аласың ба? – деген даусынан ерекше жұмсақтық сезіледі.

– Он төрттемін. Тасимын!

Нұрбек көзінен ұшқын атып тұрған жас жігітке сүйсіне қарап қалыпты. Адамның көзіне қаймықпай, тіке қарап, нық сөйлегеніне де риза болды. Қарамағындағы өңкей жасық, өзіндік пікірлері де жоқ, босбелбеу жігіттерден мезі болған көңілі серпіліп қалғандай. Ауланың шет жағында қатар-қатар болып, жиналған қаптарды көрсетті.

– Анау қаптарды таси бер. Жігіттер өздері артады.

Жәнібек ол қаптарда не барын да сұрамастан, жүгіре жөнелді. Жұмысшы жігіттер тасып жүрген қаптарды иығына сала бергенінде байқап қалды. Қап ішінде қатарластырып жиналған шөлмектер екен. Онша ауыр да емес. Қас қарайғанда әрең кезіге кеткен жұмыстан айырылып қалмаудың амалымен, ынты-шынтысымен тасыды. Әр қапты қадағалай санап, дәптерге әлденелерді түртіп тұрған бастығының жарқын-жарқын даусы да жігеріне қанат бітіргендей, құлшына кірісті. Қарнының ашқаны да ұмыт қалғандай.

Жұмысшы жігіттер еңбек ақыларын алып, тарай бастағанда, Жәнібек қипақтап тұрып қалды. Онысын Нұрбек қырағы көзімен жіті бақылап тұр. Ортаны жатсынбай, лезде кірісіп кеткеніне, ширақ қимылына, ыждағатпен істейтін тындырымдылығына тәнті болды. Есімін де білмейтін жас жігітті сөзге тартып көрмекші.

– Есімің кім болады? Қайдан келдің? Қандай жұмыс іздеп келдің? Қай жаққа барасың? Айта бер, – деді, сынай қарап. Жәнібек қысқаша, әрі нақты етіп өз жайынан хабардар етті. Нұрбек көп ойланып жатпастан, иығына қолын салып;

– Ер жігіттің басынан не өтпейді? Сен ешқашанда мойыма! Біздің үйге жүр. Менің інім боласың. Мен Нұрбек деген ағаң боламын, – деген. Екеуі бұрыннан бір-бірін танитындай, құшақтары айқаса кетті.

– Түу, Нұрбек аға, анау сап-сары баланы неге әкелдіңіз? Сіз де қызықсыз! Танымайтын, айдаладағы біреуді үйге ертіп келіп? Түрінің ұсқынсызын-ай! Жаман-жаман киімдерімен диванды былғайтын болды, – деп, қарындасы Жәнібектің диванда отырғанын жақтырмай, бұрқылдап жүр. Ақмарал ауылдың жұпыны киінген жігітіне менсінбей, мұрнын шүйіре қарады. Нұрбек қарындасының еркелігінен ыңғайсызданып, сұқ саусағымен ернін басты.

– Марал, сенің есің дұрыс па? Адамды сөйтіп, қорлауға бола ма? Жай сөйлесейші, естіп қалса, ұят қой.

– Естісе, ести берсін! Содан қорқамын ба?

Он екіге келсе де әлі де еркеліктің әсерінен ойланбай сөйлей салатын қарындасына Нұрбек басын шайқай, қарап қалыпты. Анасы Фатима да қаға берісте, ренішін білдіріп жатты.

– Жақсы танымайсың да, қалай ертіп келдің? Көзі ойнақшып қалған екен.

Алғашында бәрі сап-сары, жұпыны киінген ауыл баласын жақтырмағанымен, келе-келе бауыр басып, үйренісіп кетті. Әсіресе, Нұрбек Жәнібектің елгезектігіне, өжеттілігіне, керек кезінде сыпайы бола қалатын жан-жақты қамтитын сан қырлы мінезіне қызықты. Өзінің бірге туған бауыры болмағандықтан да шығар, Жәнібекке қатты көңілі ауды. Жұмысты тындырымды істейтініне, майда-шүйденің өзін ерінбей, ыждағаттылықпен бітіріп тастайтын табандылығына көңілі толды. Жұмсақ мінезді көңілі Жәнібектің өзі шерткен өміріне жаны ашитын. Қолынан келгенінше көмектесіп, қарайласуды өзіне парыз санады. Жұма сайын мешітке барғанында еститін уағыздары жүрегіне иман нұрын құйса керек. Өзге адамға сенбейтін көңілі осы балаға қалтықсыз сенді. Әйтеуір, Жәнібекке бүйрегі бұрды да тұрды. Жәнібек алты ай бойы жүкші (грузчик) болып, қап тасумен болды. Бұрын үлкен қойманы ешкімге сеніп тапсыра бермейтін. Жәнібекке сенім артып, қойманың бар тірлігі мен ақшаларын да тапсырып, өзі сырттағы жұмыстарымен кете беретін болды. Алғашында, жүкші болып жұмыс істейтін Жәнібек бастықтың сеніміне кіріп, қойманың бар кілті мен ақшасын ұстайтын болды. Күні бойы ағылып келіп жатқан көліктерден бос шөлмектерді санап, қабылдап алу, өткізген шөлмегіне орай ақшасын есептеп беру, қарамағындағы жұмысшылардың тірлігін қадағалау, бәрі-бәрі жас болса да Жәнібекке жүктелген. Сондай ми ашитын, есеппен жасалатын қиын жұмыстарды да пысықтығының, жылдамдығының арқасында қиналмастан, дөңгелете алып кетті. Өрісі кеңейгендей болған, Нұрбек бұл қойманың жұмысын Жәнібекке жүктеп, өзі өзге қалаларға жүк көлігін жалдап, қабылдаған шөлмектерін өткізуге кетеді. Бұрын бұл жұмыста сенімді адамы болмаған соң, ләж жоқ, қабылдаған шөлмектерін өзге біреу сатып алып, зауыттарға әкетіп жататын. Ал қазір, тікелей өзі апаратын болғалы, үстінен көретін ақшасы да жанында қалып, айналымға да, өздеріне де беймарал жетіп жатты.

Жәнібек өзіне тиесілі жалақыны ғана алады да, қалғанын түгелдей тиынына дейін санап, Нұрбекке өткізеді. Әбден өз ісіне машықтанған Нұрбек қаптардың қатарын санап-ақ, қанша ақшаға алғанын біледі. Іштей, Жәнібектің өзіне беретін қалған ақшасының да есебін біліп тұрады. Әдейі, Жәнібекті сынау мақсатында, түк білмегенсіп;

– Бүгін қанша мыңға шөлмек қабылдадың? Қандай түрінен қанша қап болды? Қаншасын фирмаға өткіздің? Ақша артылды ма? – дейді, көңілінде күдік жүрмес үшін, тексеріп алғысы келіп. Жәнібек бүге-шігесіне дейін, жаңылыспай, ежіктеп есептеп бергенінде, адалдығына тағы да бір сүйсініп қалатын. Өзге жұмысшыларынан жалақыны еке есе беріп жатты. Жәнібек бұрынғыдай емес, қалаға келгелі ашылып, көп нәрсені көріп, жаңа қырынан көріне бастады. Қала өміріне де тез икемделіп кетті. Қалтасына ақша түскелі әжептеуір болып киініп, реңі кіріп қалған Жәнібекке Нұрбектің қарындасы көзінің астымен ұрлана қарайтын болып жүр. Бір кездердегі менсінбей, кекете сөйлейтініне өкінетін де сияқты. Жұтынып киінетін қала жігіттерінен қалыспайтын Жәнібекке қалай ғашық болғанын да сезбей қалыпты. Кешті болдыра алмай, тағатсыздана, тыпыршып кетеді. Есік қоңырауы естілісімен, есікке жүгіреді. Бірінші кіретін ағасының мойнына асыла кететін әдетін де қойған. Жымыңдап, кіріп келе жатқан Жәнібекті көргенде жүрегі аузына тығылардай, лүпілдеп кетеді. Түрлі сылтаулармен Жәнібектің жанынан шықпай жүргені.

Әр демалысында ауылына азық-түлікпен қоса ақшасын да апарып жүрген баласын Салтанат құшақ жая қарсы алады. Баласының айтуынша сырттай қанық болған Нұрбекке алғысын жаудыра, көзінің жасын бір сығып алады.

– Айналайын-ай, Құдайдың нұры жаусын, Нұрбекке! Әкеңнің туған бауырлары көмектеспек түгілі, бір келуге жарамай жүргенде, айдаладағы бөтен біреу жақсылық жасап жүр ме? Ағаңды, – деп қояды, Нұрбекті меңзеп, – ренжітпей, айтқанын екі еткізбе! Ұрсатын болса да, қыңқ етпе! «Сені жаман болсын» демейді ғой. Әйтеуір, Құдайдың көзі тура екен. Сені иманы бар адамға жолықтырған. Сен қалаға кеткеніңде, жаным мұрнымның ұшына келді ғой. «Әкесі ұқсап, алаяқтардың қармағына ілініп қала ма екен?» деп уайымдаумен болдым, – деп көзі жасқа шыланған анасына қарап, Жәнібектің де көңілі бұзылды. Жәнібектің бір ерекше қасиеті, жылағанды, мойығанды жек көреді. Әсіресе, анасының егілгенін көргісі келмейді, жаны езіліп кетеді.

– Жыламаңызшы, мама! Сіздерді «жыламаса екен» деп жүрген жоқпын ба, сол қалада? Қойыңызшы! Ешкімге де үміт артпаңызшы, келмесе қойсын. Жалынбаңыз, жолына қарап телміруді де қойыңыз. Мен тұрғанда ешкімге де алақан жаймаңыз, – деді тістеніп тұрып. Бұрынғы жұпыны дастархан үсті түрлі тағамдарға толып, тәбетті ашады. Бәрі де көңілдене отырып, тамақтанды. Байқайды, Әлібектің реңі солғындау сияқты. Әңгімеге де араласпай, сары уайымға салынып отырғаны мұң торлаған жанарынан анық байқалады. Асты да жарытып жемеді, тұрып кетті. Қарындасы ыдыстарды жиыстырып, ас үйге шығып кеткен кезде, анасына тесіле қарап;

– Әлібекке не болған? Өзі азып та кетіпті. Не істеп жүр? – деді, «ешкім естіп қоймасын» дегендей, сыбырлай сөйлеп. Жадырап отырған анасы лезде, мұңайып қалды. Қалай айтарын білмей, дастарханның шетін шұқылап, қипақтай берді. Өзіне беймәлім сырдың бар екенін сезген Жәнібек те тықақтап қояр емес.

– Мама, мен жоқта не болып жатыр? Айтсаңызшы, жасырмай.

Салтанат күрсініп салды.

– Білмеймін ғой, мен де анығын. Сен әкелген ақшаларды санап, әмияныма салып қоятынмын. Жаратқан ақшалардың да есебін білемін. Қанша үнемдеп, жұмсасам да жетпей қала береді. Қайта-қайта есептеп көремін, кем шығады. Замира менің рұқсатымсыз ақша түгілі, заттарымды ақтармайды. Үйге бөтен адам да келмейді. Әлібектен күдіктеніп, өзінен сұрауға бата алмай отырмын.

Жәнібектің қастары айқасып, ашуланып барады. Мектеп бітіргелі құр босқа түк бітірмей, сандалып жүргені аздай, енді анасынан ақша жымқыруға көшкен бе? Дайын асқа тік қасық болған, жатып ішер арамтамақ!

– Ол ақшаны неге жаратып жүр? Ішімдік ішіп жүр ме? – деді, тістеніп.

– Жоқ, ішпейді.

– Онда неге ақша ұрлап жүр? Дені сау ма? Әлде, мен еріккеннен біреудің үйіне жатып, жұмысын істеп жүрмін бе?

Салтанат әлдене есіне түскендей, ойланып қалды. Ауылдың жасы үлкен жұмысы жоқ, еріккен еркектері Әлібекті төңіректеп жүргенін талай көзі шалып қалған. Ұлын орталарына алып, бір нәрсені талап етіп жатқандарын, күмілжіп тұрған Әлібектің сұп-сұр түрінен сезіп қоятын. Қаншама рет, ұлын оңашалап сұрап көрді де. Алайда, Әлібек сол бәз-баяғы аузын ашпайтын қалпынан айнымай-ақ қойды. Кейде, Әлібекті олар шақыртып алатын. Түннің біруағында бір-ақ келетін ұлының бет-аузы көгеріңкіреп тұратын. Ал, әмиянынан ақша алынған кездерде, ерте келіп қалады. Үлкен жігіттердің ұлын қорқытып, ақша алатынын анық білмесе де, тұспалдайтын Салтанат ол сырды кіші ұлынан жасырып қалды. «Қызуқанды Жәнібек ағасын қорқытып жүрген жігіттермен ерегісіп, бір бәлеге ұшырап қала ма? Жәнібекке әлдене бола қалса, осы жеп отырған нанымыздан да айырылармыз. Әлібек өзі батқан былығынан өзі шықсын!» деген саяз пиғылмен өз ойын түйіндей берген.

– Қойшы, сен де бір… ағаңа сенбейсің бе? Мүмкін, мен қате есептеп жүрген болармын. Әлібектің денсаулығы жоқ. Қалай жұмыс істесін! Ол бағұс та қай бір жетіскеннен жүр дейсің?

Осылайша Салтанаттың әңгіме барысы лезде, мыңқұбыла өзгеріп шыға келді. Сол жағдайды Жәнібектен жасырмай айтқанында, бәрі де басқаша болар ма еді? Кім білсін?! Әйтеуір, есіл-дерті жағдайларын түзеу болған Салтанат ұлының басына төніп тұрған қатерді көрсе де, көрмегендей кейіп таныта берді. Сол енжарлығы ұлының басына біткен қасірет боларын сезе алса ғой.

Жәнібек көңіліне күдік ұялатқысы келмей, ағасымен сөйлесуге бекінді. Еш пайдасы жоқ, шіріген ағашты қолымен уатып, тұңғиыққа батып отырған Әлібектің қарсы алдына отыра кетті.

– Әлібек, – деді, сөзін салмақты бастап, – не уайымдап, азап шегіп жүрсің? Бір жерің ауыра ма? Жасырмай, айтсай. Әлде бір шешілмей жүрген мәселелерің бар ма? Қолымнан келгенінше көмектесейін.

Төмен қараған күйі басын көтерместен, Әлібек қысқаша жауап берді.

– Жай, әншейін.

– Онда неге мұңға батып жүресің? Сенде алға талпыну, қуану, қызығу деген сезімдер жоқ па?

– Қойшы, Жәнібек!

Ағасының осындай құлықсыздығынан шаршады. Өзі жоқта тозып кеткен аула менен үйдің де жұпыны көрінісінен көңілі құлазып барады. Еркекке тән жұмыстардың бәрі де ақсап тұрғанын көріп, қолбырап жүрген ағасына дауыс көтере сөйледі. Жан-жағындағы жайнап тұрған көрші үйлердің қасында жәпірейіп тұратын өз үйінен қатты намыстанатын. «Әкесі жоқ, бейшаралар ғой» дейтін сөздерді естігісі келмей, үйді ағасына сеніп тапсырып, өзі тыраштанып жүргенінде, көретіні осы ма? Ешкімнің мүсіркегені мен кемсіткенін сезінгісі келмейтін намысшыл жігіт ағасын да орақ тілімен аямады.

– Миллионердің баласындай түк ойланбайсың ғой. Үлкені болып, бізді алға сүйреудің орнына, дайын тамақты ішіп-жегеніңе мәзсің. Оныңмен қоймай, ініңнің тапқан ақшасына жармасасың. Ақша табу қолыңнан келмесе, мына үйді жөнге келтірмейсің бе? Қисайып, сынып жатқан шарбақтарды ретке келтірмейсің бе? Еркегі жоқ үй сияқты, аңғал-саңғалы шығып тұр. Онсыз да бейшара кейпімізді айқара көрсетіп, быт-шыты шығып кетіпті. Неге соларды жөндемейсің? Ұйқысы қанбаған жан ұқсап, қалғып-мүлгіп жүре бересің, – деді ашынып кеткен Жәнібек тоқтай алмай.

Әлібек ашулана орнынан тұрып кетті. Жүрек түбіндегі неше жылдан бері келе жатқан қасіретін қазбалап сұрай бергенге ашуланды ма, әлде, өзінің өзгелерге «жем» болып жүргеніне ашуланды ма, ол жағы өзіне де белгісіз. Әйтеуір, ашуы терісіне сыймай, тұла бойы үздіксіз дірілдей берді. Өзінің ынжықтығына, жасықтығына шындап жыны келе бастады. Інісінің бойындағы қасиеттерге қарап, өзін іштей мүжи берді. Жанын жегідей жеген уайымнан қалай арыларын білмей, тістене берді. Үнемі көңілі құлазып, ұнжырғасы түсетініндей-ақ бар еді. Мектеп кезінен бастап, өзінен үлкен жігіттердің «қармағына» ілінді. Міне, содан кейін өз пікірі жоқ, ынжыққа айналды. Сапар деген жігіттің басыбайлы құлы, «әйелі» іспеттес. Сапар жігіттерін жіберіп, үнемі ақша талап етіп отырады. Әлібек тауып бере алмаған күні ауыл сыртындағы қалың жиде талдарының арасында көрмеген қорлығы қалмайды. Ар-ұяттан безген Сапар Әлібектің намысын таптап, жанын жаралар не бір құқайларды көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, бәрі жабылып, Әлібекті «әйел» ететін. Осындай жабайы тірліктерден, намысын таптап, жанына өшпес жара салғандықтан да болар, Әлібектің өмір сүруге деген құлшынысының жоғалып бара жатқандығы. Тәні де жаны да қатар қорланған жігіттің санасында тек, кек алу ғана сайрап жатты. Сапардың қорлығынан кейін, бүкіл адамзатқа деген сенімі де өшіп, жан-жағына құлықсыз қарауы сондықтан. Өз-өзінен өлердей жиренген жігітке барлығы да жиіркенішті болып көрінуде. Өмірдің де қызықшылығы, мән-мағынасы қалмағандай, мәңгүрт адамның кейпіне еніп барады. Сапардың қорлығын көргісі келмегендіктен, інісі әкелген ақшаларды жымқырып жүргенін өзі кешіре алар емес. Тығырыққа тірелген, шарасыз хәліне өзегі өртене күйіп барады. Жанын езгілеген қайғыдан да құтылар амал таба алар емес. Құдды бір аяқ-қолы матаулы мал сияқты. Солардың айдауына еріп, ырқына көніп жүре бергеннен өзге шарасы қалмағандай. Одан өзге де талай үлкенді-кішілі қылмыстарды да Сапардың бұйрығымен жасаған. Сапар өзі тасада тұрып, Әлібектің қолымен талай «от көсеген» нағыз оңбағанның өзі еді. Кейінгі кезде тым шектен шығып бара жатқан Сапарға тыйым болмай, есіре берді. Азғындағаны соншалық, Әлібектің бар ақыл-есін «ұрлағаны» аздай, тағы да талаптар қоя бастады.

– Ей, шірік! Бүгін маған қарындасыңды алып шығып бересің. Кеше көшеде көріп қалдым. Сондай сұлу қарындасыңның барын неге айтпай жүрсің, сен сүмелек? Түнде ешкімге білдірмей, алдап алып шық! – дегенінде, Әлібектің жүрегі тоқтап қала жаздады. Реңі бір бозарып, бір қызарып, ашудан қалтырап барады. Мәңгүрт болған санасын дүр сілкіндірген мына сөзге жаны шыдай алмады. Өмірінде қарсы сөз айтып көрмеген Сапарға алара қарады.

– Бұл қай басынғаның? Мені адам санатынан шығарғаның аздай, енді, қарындасыма ауыз салдың ба? Басқа да істеп жүрген қорлықтарың аз ба еді? Қарындасыма жолама!

Әлібектің ақыл-есін, іс-әректін, сана-сезімін, бүкіл болмысын жаулап, билеп-төстеп алғанын өзіне мәртебе көретін Сапардың мына «қорлыққа» жаны шығып кете жаздады.

– Сен маған ақыл айтатын болғансың ба? Менің не істейтінімді сен шешетін болғансың ба? Саған әлі де ми кірмеген екен. Жігіттер, алып жүріңдер, – деп, жанындағы шабарман жігіттерге айқай салды. Олардың да өзіндік ой-пікірлері жоқ, «бас ал десең, шаш алатын» өңкей ессіздер. Сол күні Құдайдың барын да, обал-сауапты да ұмытқан азғындаған имансыздар Әлібекке көрсетпегені қалмады. Ауылдың өзі сиқты иманы жоқ, есерсоқ жігіттерінің бәрін жинап, Әлібекті «қызықтатып», өзінше жазалаған түр көрсетті. Өгіздей өкіріп еңіреген Әлібекке қайта-қайта нықтап тапсыра берді.

– Түнде қарындасыңды алып шықпасаң, бұдан да зорын көресің.

Жабайлық пен озбырлықтың құрбаны болған жігіт өмірінен түңіле әбден еңірей жылады. Өліп-ақ кеткісі келеді ғой. Өзі өлгеннен кейін артында қалар қарындасының да өзінің кебінін кимесіне кім кепіл? Ауылдың жігіттерінің жартысы көрген сұмдықтың елге тарап, жайылып кетері де айдан анық жайт екені белгілі. Анасы мен бауырларының бетіне біткен шіркеу боларын ойлағанын да өмірге келген күнді қарғап, күйзеле берді. Қайда қашып құтыларын білмей, жаны тығырыққа тірелген күйі бар ашуын арақтан ала берді. Анасының «қонақ келіп қалса, керек болар» деп алып қойған бір-екі шөлмегін ащысына қарамай, сылқылдатып аузына құя берді. Қайғысы одан да ащы болып тұрған жігітке арақтың ащылығы сезілген де жоқ. Әйтеуір, ішкен сайын еңкілдеп жылай берді. Жігіт болып, ес жиғалы адам ұқсап өмір сүре алмағанына, өзінің қорқақтығы мен жасықтығына күйініп барады. Арақтың уыты бойына тараған сайын, өзінің осыншалықты ездігіне жыны келе, жұдырығы түйіле берді. «Мен сорлы, бейшарамын. Неге соның қорлықтарына төзе бергенше, өліспей, беріспеуім керек еді. Маған енді, бәрібір күн жоқ.» Әлібек орнынан атылып тұрды. Өмірін мазақ етіп, намысын қорлаған Сапардың үйіне қарай жүгіріп барады.

– Сендер Әлібекке барыңдар. Менің айтқанымды істемесе, одан да зорын көретінін айтыңдар. Қарындасын алып шығады. Екеуін де тоғайға алып барыңдар, – деген Сапар жігіттерін жіберіп, миығынан күліп тұрған. Өзі шамалы уақыттан соң, тоғай жаққа бармақ. Темекісін енді тұтандыра бергенінде, ту сыртынан ысылдап тұрған дыбысты құлағы шалып қалып, жалт қарады. Қарады да демін ішіне тартқан күйі көздері бақырайып барады. Өзіне төніп тұрған Әлібектің ызаға толы жанарынан жүрегі зуылдап кетті. Сонда да, қорыққанын білдірмей, өктем сөйлеуге тырысып бағуда.

– Ей, сен бұнда жүр екенсің ғой. Мен жігіттерді саған бекер-ақ жіберген екенмін. Қарындасың қайда? Алып шықтың ба?

– Ия, алып шықтым. Көшенің аяқ жағында тұр. Жүр, сол жаққа барайық.

Аузынан арақ исі мүңкіп, тістеніп сөйлеп тұрған Әлібектен Сапар тіксініп қалды. Әншейіндегі ысқырып жүретін айбатынан жұрнақ та қалмаған. Қипақтай берді.

– Сен бара бер. Мен артыңнан барамын. Сақтық үшін ғой. Ешкімнің көзіне түсіп қалмайық та.

– Кімнен жасырасың? Бәрі де біледі ғой. Жүр, тез! Үніңді шығарсаң, тап қазір өлтіремін, – деген Әлібек Сапарды желкесінен бүре ұстап, сүйрей берді. Сапар біраз бұлқынып көріп еді, әбден ашу-ызаға булыққан Әлібектің күші басымырақ болды. Неше жылдан бері ішінде қатталып келе жатқан ашу-ызаларының тығыны атылғандай, өзін игере алмай кетті. Ауыл сыртына шығарған соң, астына басып алып, ұра берді. Әр ұрған сайын, есіне көрген қорлықтары түсіп, көзінен жасы сорғалай, өз ісіне есеп беруден қалды. «Бәрібір, енді маған күн жоқ!» Санасында жаңғырып тұрған тек, осы сөздер ғана. Тағдырына иелік етіп, бүкіл арман-қиялдарын тас-талқан еткен, намысымен ойнаған қорқау кейпіндегі Сапардың басын қолына іліккен таспен бар күшімен ызалана ұра берді, ұра берді. Көрген қорлықтары мен зорлық-зомбылықтары көз алдынан тізбектеле өтіп жатқан жігіттің не істеп жатқаны өзіне де айқын емес еді. Жанын қоярға жер таппай, күйіне еңіреп, әлдеқашан о дүниелік болған Сапардың мылжаланған бас сүйегін ұруын доғармады.

– Жәнібек, саған не болған? Мені естіп тұрмысың? – деген Нұрбектің даусынан кейін, есін жиған Жәнібек кемсеңдей берді. Жайшылықта жайдары қалпынан айнымайтын інісінің бұл қылығының тегін емесін ұққан Нұрбек те қорқып кетті.

– Тыныштық па? Не болды? Ауылдан жайсыз хабар келді ме?

– Нұреке, ағам…, менің ағам…, – деген Жәнібек ары қарай айта алмай, Нұрбекті құшақтай алды. Ес білгелі көзіне жас алып көрмеген жігіт өксіп-өксіп жылап жіберді. Нұрбек лезде, небір жаман ойлардың жетегіне еріп, қайсысына тоқталарын білмей, дал болды.

– Әлібекті мен де түсінбей, кінәлай беріппін. Байғұс ағамды жазғыра бергенше, жанына үңіліп, түсінсемші. Қайдан білейін, ағамның қайғыдан қан жұтып жүргенін? Әттең, маған бір ауыз айтқанында, өзім-ақ ол оңбағанның жетесіне жеткізіп, бір жақты етер едім ғой. Қайдан білейін.

Жанарын мұң торлаған ағасының қиналған түрін көз алдына елестетіп, ет-жүрегі езіле, жылай берді. Жаңа ғана немере ағасы келіп айтқан суыт хабар жанын түршіктіріп барады.

– Айтсайшы, не болды? Сен жігіт емессің бе? Жаман ырым бастап жылағаның не? Ағаңа не болды?

Жәнібек көзінің жасын сүртіп, бойын тез жинап алды.

– Мен ауылға кетіп барамын. Міне, қалған ақшалар, қабылдағаным…, өткізгендерім…, – деп бәрін есептеп, тапсырып жатты. Ауылына біржолата кетіп қалардай, пысық жігіттен мүлде айырылып қалардай қынжылған Нұрбек соңынан ерді.

– Неге жөніңді айтпай, кетіп барасың? Қолымнан келгенінше көмектесермін. Мен де сенімен бірге барайын.

– Керегі жоқ. Нұреке, кейін айтамын. Қазір, мені бөгеме! Мен қайтып келемін. Бірақ, қашан келерім белгісіз? – деді де, жүгіре басып ұзай берді.

Бұндай сұмдықты бұрын-соңды көрмеген ауыл тұрғындары жағаларын ұстап, бастарын шайқап, қайран қалып жатты. Сапардың әке-шешесі ұлдарының адам танымастай өзгеріп, мылжаланып кеткен бас сүйегін көргенде, естерінен тана жаздады. Анасы сол жерде-ақ жүрегін ұстай, құлаған. Ағайын-туыстары күңіреніп жүріп, марқұмды жерлеу рәсіміне кірісіп кетті. Әлібек сол оқиға орын алған жерде, Сапардың жансыз денесінің жанында жылап отырған кезінде қолға түсті. Еш бұлтармастан, өзінің өлтіргенін бірден мойындап, қолдарын кісенге соза берді.

Салтанат «момын» деп жүрген ұлының жан түршігерлік әрекетпен адам өлтіргеніне сене алар емес. Сапардың туыстарынан қорыққанынан есікті ішінен іліп алып, қызын құшақтап жылай берді. Әлібектің де қандай жағдайда екенін біле алмай, тырп ете алмай, үйге қамалып қор болды. Жанын шүберекке түйіп, зәре-құты қалмай отырғанында, Сапардың ағасы келді, өгіздей өкіріп. Құлыптаулы есікті аша алмаған соң, терезелердің бәрін сындырып, аузына келгенін айтып, қорқытып кетті. Әр терезені сындырған сайын, қызы екеуінің жүректері ұшып кете жаздап, дірілдеген күйі бір-бірін құшақтап, жылай берді. Сапардың ағасының жан күйзелісін де түсінуге болады. Інісінің жууға келмейтін, мылжаланып, миы сыртында ағып жатқан басын көргенде, жынданбағанда қайтсін? Інісінің адам төзгісіз озбырлықтарынан бейхабар ағасының есі ауысып, теңселіп жүргенін көргенде Салтанат та жаны ашып, егіле берді. Мәселенің анығына қанықпай жатып, ұлын кінәлады.

Тіреп тұрған ешкімі жоқ Жәнібек қанша жүгірсе де, онысынан еш нәтиже шықпады. Әкесінің інілері тыпыр етпей, қол қусырып, қарап отырды. Әсті, Сапардың туыстарынан қаймықса керек, үйлеріне келіп, жағдай сұрасуға да шамалары жетпеді. Қолының қысқалығы, ағасының қылмысының ауырлығы және бар, әйтеуір, Жәнібек еш нәрсе жасай алмады. Сот үкімі Әлібекке «айуандықпен қасақана кісі өлтірді» деген айыппен он жеті жылға бас бостандығынан айырды. Не бары он тоғыз жасында темір торға қамалған ұлының он жеті жылы түрмеде өтіп, отыз алты жасында бостандыққа шығатынын ойлаған Салтанаттың миы шыңылдап, жүрегі тоқтап қала жаздады. Қайғының бұлты үйіріліп келе жатқанын алдын-ала сезсе де, жайбарақаттылыққа салынған, өз пендешілігіне де өзегі өртеніп, жанын қоярға жер таппай, ызалана жылады. Жәнібек ағасын алып қала алмағанына күйініп, өз-өзін жек көре берді. Әншейінде, бос жүрген ағасына кіжініп, ренжіп жүретіні жәй бекершілік екен. Ағасының кісен салған қолдарын, аз-ақ күнде әбіржіп, жүнжіп кеткен түрін көргенде жүрегі сыздап кетті. Он жеті жыл бойы темір торда отыратындығын ойласа жынданып кетуге шақ қалады. Ол жақтағы өмірдің қандай боларын көз алдына елестетсе, сай-сүйегі сырқырап, күңірене береді. Ол жақтағы «заңдарды» білетін жұрттардан естігендері бар. Ағасын қандай қиындықтардың күтіп тұрғанын шамалап, төбе құйқасы шымырлап кетті. Қанша жүгірсе де, еш нәрсе істей алмағанына ызаланып, жер тоқпақтап жылай берді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген мақал да бекер айтылмаса керек. Нағашылар тарапынан да, өз ағайындар жағынан да еш қолдау болмаған соң, өрімдей жас жігіттің қолынан не келсін? Қысқа жіп күрмеуге келмейтін шағында ауыр қылмысты ағасының жазасын жеңілдетуге жас жігіттің қауқары жетпеді. Әлібек те жұмған аузын ашпаған күйі өз кінәсін толық мойындай берді. Бәлкім, көрген құқайларын айтқанында, Сапардың шашбауын көтерген жігіттер де өз жазаларын алар ма еді? Онсызда жігері құм болып жасыған жігіт көрген қорлықтары мен сұмдықтарын айтпақ тұрмақ, есіне де алғысы келмеген шығар. Не себепті өлтіргенін де жасырып, «мас болып қалыппын» дей беріпті. «Жабулы қазан жабулы күйінше қалсыншы» деген ойда болды ма екен? Алайда, ауыл жігіттерінің жартысынан астамы көрген сол сұмдық ел аузында түрліше тарап жатқан қайдан білсін? Жәнібек біраз жігіттерді қыспаққа алып, сұрап көрген. Бәрі де жалтарып, тайқып шықты. Бар кінәні өлген Сапарға жауып, өздері судан ақ, сүттен таза болып шыға келді. Анығын біле алмаған күйі іштен тынып, қала берді.

Бұл отбасы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Ауыл тұрғындары тұрмақ, құдайы көршілерінің біреуі де араласпай, бойларын аулақ ұстауға тырысып жүрді. Сегізінші сыныпта оқып жүрген Замира да мектепке баруды қойды. Алғашында барған күні жылап келген. «Жұрттың бәрі маған жаман көздерімен қарайды.» деген қарындасы мектепке баруды қойды. Сапардың інілері тиісетін көрінеді. Жәнібек ашуға мініп, баруға бекінген. Салтанат жылап отырып, әрең көндірді.

– Есің дұрыс па? «Жығылғанға жұдырық» демекші, сен де қайсысын ұрып келмекшісің?

– Енді олардыңкі жөн бе? Замирада несі бар? – деді, ызаға булығып.

– Қайғыдан бас көтере алмай, кімнен ашуларын алуды білмей, есеңгіреп жүр ғой. Балам, не десең де олардіңкі жөн болады. Оңай дейсің бе? Онсыз да олардың қойған талаптарын орындай алмай отырғанда…

– Ол қандай талап?

– Сапардың жүз күндік асын біз өткізіп беруіміз керек екен.

Әлібек істі болғалы бері үйде жүрген Жәнібектің қалтасы қағылып қалған. Тамақтың өзін әрең тауып жүргенде, сонша адамға қалай ас бермек? Жәнібектің ми шыңылдап кетті.

– Қанішердің туыстары берген құдайы тамағын баласының әруағы қабыл алар ма екен?

– Балам, олар не айтса да орындауымыз керек.

– Менің беретін бір тиыным да жоқ. Қайта олар бізге берсін!

– Жынданғаннан саумысың? Баласын баламыз өлтіреді. Біз олардан ақша талап етеміз бе?

Өзімен қатар жігіттердің әңгімелерін құлағы шалып қалған Жәнібек түтігіп кетті. Әлібектің қандай қорлықта жүргенін естігені де бар. Бойын намыс та буып, шыдатпай барады. Ұлының қылмысынан кейін көшеге шыға алмай қалған Салтанат ауыл ішіндегі баласы жайлы әңгімелерден бейхабар еді. Сондықтан да Жәнібектің күйзелісін түсіне алмай тұр. Жүрегі күйіп тұрған Жәнібек сезімін тұншықтыра алмады, айқайлап берді.

– Әлібек баласын еріккеннен өлтіріп пе? Адам өлтірмек түгілі дауыс көтеріп сөйлемейтін балаңыздың не үшін ондайға барғанын білмейсіз бе? Ол оңбағанның өзі Әлібектің төзімін тауыстып, өмірінің бәрін күл-талқан еткеннен кейін, күйінгендіктен өлтірді. Жанына тыныштық бермей, қорлай берген соң, өлтірмегенде қайтсін? Баласы тыныш жүргенде ешнәрсе де болмас еді ғой. Әлібек те жүрер еді қасымызда. Енді, бүкіл жастық шағы түрмеде өтетін болды. Өңшең қанішерлер мен аурулардың қасынан қандай болып шығары бір Аллаға ғана аян. Өлген олардың ұлдары болса, қорланып, намысы тапталған біздің ұл, – деп даусы дірілдеп барады. Салтанат та қайбір жетісіп жүреді, ұлының сөзін жүрегі ауырып, өксігі басылмай солқылдап жылай берді.

Қорадағы азын-аулақ малдары да шетінен қолды бола берді. Бір түні анасының «ойбайлаған» даусынан оянып кетті. Орнынан қарғып тұрып, сыртқа жүгіріп шықса, қора жақтағы жинаулы тұрған қыстық шөбі алаулап жанып жатыр. Сасқалақтаған анасы өрттің жанында қолындағы шапанымен желпіп өшірумен әлек. Құрғақ шөп желпігеніне сөнбек түгілі жалындап барады. Жәнібек тұра жүгірді. Құдықтағы суды шығарып, тасимын дегенінше от алаулап сарайға жетті. Екеуінің тілсіз жауға шамалары келмеді, шөбі де сарайы да түгел жанып кетті. Әйтеуір, Құдай жарылқап, үйлеріне от тимеді. Түн жарымында анасының ойбайлаған даусы мен жалындаған оттың жарығы талай жерге жетіп жатса да ешкім көмекке келмеді. Көршілері де қыбыр етпей, алыстан тамашалап тұра берді. Қалған оттарды таң ата әрең сөндірген Салтанат аңыраған күйі отыра кетті. Екі көзі ғана жылтырап көрінеді. Киімдерінің де әр-әр жеріне от тиген, шашы мен қастары да күйген. Жәнібек те кейінгі кездердегі болып жатқан кездейсоқ бақытсыздықтардан әбден қажыды. Өрттің қайдан шыққанын да тұспалдайтын тәрізді. Қорадағы малдарын шетінен ұрлаған адамның ісі екенін де сезіп тұр. Жалғыз өзінің ол қорқауларға төтеп бере алмасын да ұғып, шарасыздықтан қап-қара болған қолдарын тістелей берді. Өзі үшін емес, анасы мен қарындасы үшін қорқа берді. Ауылда бұдан арыға тұра беруге болмайтындығын жан-тәнімен түсінді. Бойжетіп келе жатқан қарындасы үшін, ауылдан көшуге белді бекем буды.

Нұрбек хабарсыз кеткен Жәнібекті көргенде қуанышын жасыра алмай, қалбалақтап кетті.

– Бауырым, қайда жүрсің?

Екеуінің құшақтары айқаса кетті. Әлібекті сағынып жүрген Жәнібек қамқоршысын тапқандай, құшағын босатпай, көпке дейін тұрды. Тамағына тіреліп қалған өксіктерін әрең тежеп;

– Аға, маған көмектесіңізші. Анам мен қарындасымды да бірге ала келдім. Сізден басқа сүйенер ешкімім жоқ, – дегенді тістеніп тұрып айтты. Жылап жіберуге шақ тұрған Жәнібекке жаны ашыған Нұрбек басын изей берді. Бұғанасы қатпай жатып, осыншама теперішті көріп келе жатқан көңілі босап кетті. Көзіне іркіліп келіп қалған жасты көрсеткісі келмей, бұрыла берді. Кең жүректі Нұрбек Жәнібектің жағдайына қанық болған соң, шыдап тұра алмады. Дереу таныстарына қоңырау шалып, біреуінің бос тұрған үйіне сол күні-ақ көшіріп алды. Нұрбектің танысы болғандықтан тегін тұруларына келісті.

Жәнібек анасы мен қарындасын көшіріп алып, өзі баяғы жұмысына кірісті. Өзін Нұрбекке борыштар сезініп, аянбай жұмыс істеді. Күндіз-түні жұмыстың жайын ойлап, шабуылдаумен болды. Қажырлығының, табандылығының арқасында жұмысты жандандырып жіберді. Клиентермен де тез тіл табысып, өзіне баурап барады. Жәнібек кеткелі ақсап тұрған жұмысы қайта көтерілгеніне қуанып, Нұрбек те жалақыны екі есе төлеп жатты. Жұмысты аяққа тұрғызып алған соң, Маңғыстау облысындағы түрмеде жатқан ағасының хәлін білгісі келіп, мазасы кете бастады. Онысын астарлап Нұрбекке айтты да. Үнсіз қалған ағасы ойланып қалған.

Нұрбек осы жігіттің қиын тағдырына ет-жүрегі елжіреп кететін. Өзі ондай қиыншылықтың бірін де көрмегендіктен болар, Жәнібекке қатты жаны ашыды. Қолынан келген көмегін аянып қалғысы келмеді. «Құдайдан қайтар жақсылығым» деген ниетпен таныстарын араға салып жүріп, Әлібектен хабар алды. Тіпті, телефон арқылы сөйлесті де. Өз қаражатымен Жәнібек екеуі Ақтау қаласына барып, кездесіп те қайтты да. Әлібекке хабарласып тұруы үшін ұялы телефон әперіп кетті.

Ағасымен кездесіп қайтқан Жәнібек өз ағалары жасай алмаған жақсылықты жасаған Нұрбекті құшақтап, толқып кетті.

– Нұрбек аға, мен сіздің жақсылығыңызды өлсем де ұмытпаймын. Мен сізге өле-өлгенше қарыздармын. Сіздің жақсылығыңызды мен ғана емес, анам да қарындасым да көріп жатыр. Тіпті, сонау түрмеде жатқан ағам да көрді. Менің жаным сіздің жолыңызда садақа, – деп еді-ау. Ол кезде шын ниетімен айтқан сөздерінің уақыт өте келе өзгерерін қайдан білсін? Көзіне жас үйіріле тебіреніп тұрып айтып еді. Нұрбек те шын ықыласымен ағынан жарыла көмектесе берді. Жағдайы қиын Жәнібекке көмектескен сайын өзінің жаны рахаттанатын. Рухани байи түсетін.

Жәнібек екі жылдай ағасымен телефон арқылы хабарласып, керек-жарағын салып жіберіп тұрды. Кейде солғындау шыққан ағасының даусынан жүрегі өрекпіп, торығып қалатын. Кейде, жарқын шыққан даусынан қуат алып, көңілін қуаныш кернейді. Сөйтіп жүргенде, ағасы тосын хабардың шетін шығарды. Жоғарыдағылармен келісіп, мерзімінен бұрын жеңілдікпен еркіндікке шығуға болады екен. Жәнібектің санасында үміт оты жарқ еткен еді. Алайда, оның құны тым-тым көп екен. Екі есе жалақымен жұмыс істеп жүрсе де онысы теңіздегі тамшымен тең сияқты. Демалыссыз екі жыл жұмыс істесе де ондай ақшаны таба қоюы екі талай. Салы суға кеткен Жәнібектің үміті сөніп, ұнжырғасы түсіп кетті. Аталған сумманың мөлшері өте көп еді. Нұрбектен сұрамақ түгілі, айтуға да ыңғайсызданды. Онсыз да көп көмек көрсеткен оған тағы да масыл болғысы келмеді. Ондай мүмкіндіктің барын естіп алған соң, жаны қалай жай тапсын? Ары ойлап, бері ойлап бар тапқан ақылы осы болды.

– Сені алғаш көргенде жақтырмағаным рас, – деген Ақмарал сықылықтай күлді. Жаны қалап тұрмаса да амалдың жоғынан солай етуге мәжбүр болған Жәнібек еріксіз ыржия салды.

– Ал, қазір ше?

– Сені көрмесем, тұра алмайтын ауруға шалдықтым. Сен қалаға келгеннен кейін, тез өзгеріп кеттің ғой. Алғашында сені менсінбеуші едім, қазір көрінгеннен қызғанамын.

Ақмарал Жәнібектің құшағына кіріп барады. Жүрегі «Ақмарал» деп соқпаса да құрған жоспары мүлт кетпес үшін құшақтай берді. Ағасы үшін, жазықсыз қыздың сезімімен ойнап жүргеніне арланады да. Кейде, тіпті сүймейтіндігін айтып салғысы келеді. Алайда, ағасының күнде көріп жүрген құқайларын айтып, жыламсыраған үнін телефоннан естіген сайын, тезірек шығарып алуды ғана ойлап, жаны тынбады. Өзін шынайы сезіммен сүйген қыздың ағынан жарылған ақпейілін көрген сайын, іштей өз-өзін жек көріп барады. Нұрбектің де жасаған сансыз жақсылығын ойласа жүрегі қарс айырыла жаздайды. Жақсылыққа жамандық жасап жүрген өз қылығының кешірілмес күнә екенін сезсе де, ләж жоқ, мәжбүр болды. Нұрбек Жәнібекке сенгендігі соншалық, өзі өзге қалалардағы зауыттармен келісім-шарт жасасуға кетіп қалып жүрді. Ал, имандай сенген інісі бұл кезде қаланың басқа ауданынан қойма жалдап, анасын отырғызып қойған. Келген клиентерінің көбісімен келісіп, аузы берік дегендерін сол жаққа жібере берді. Ұқыптылықпен іс атқаратын Жәнібек ым-жымын да білдірмей, жеті айдай солай жұмыс істеді. Қаладағы тірліктермен шаруасы жоқ Нұрбек әр келген сайын, құлдырап бара жатқан жұмысын тексерумен әлектенді. Қалай есептесе де, есебіне жете алмай, басы қатты.

– Клиенттер азайып кетті, – деген Жәнібек демін ішіне тартып тұратын. Іштей қылпылдап, жанын шүберекке түйетін. Нұрбекке клиентерінің кімге барып, өткізіп жүргенін білу түк те қиын емес. Лезде, бар құпияны біліп қоюы мүмкін. Білген кезде, жағдайдың қалай боларын көз алдына елестетудің өзі қорқынышты. «Өлімнен ұят күшті» деген. Жәнібек барынша білдірмеуге тырысты. Анасының қоймасындағы шөлмектерді, өзінің шөлмектерін жинап, әрең екі камазды толтырып, Нұрбекті Алматыға жөнелтті. Осы кезді қауіпті болса да, пайдаланып қалмақ. Бұл ең соңғы мүмкіндік екенін жақсы біледі. Нұрбек те ақымақ, осал жан емес. Жарты күнде бүкіл қаланың шөлмек жинайтын қоймаларын, фирмаларын төңкеріп жүріп, бар шындыққа көз жеткізе алады. Бұрынғы «майлы» клиентерімен демде-ақ байланысқа шығып, қайда, кімге өткізіп жүргендерін білсе бітті. Бұл ең соңғы мүмкіндік! Қауіпті болса да, күнәға белшеден батар іс болса да, Жәнібек алған бетінен қайтпады. Салтанаттың да қоймасынан әжептеуір қаражат жиналыпты. Өзі басқарып отырған фирманың да бар ақшасын сыпырып алды. Олар да аздық ететін секілді. Ендігі жоспарының шетінде Ақмарал тұр. Өзін құлай сүйген қызды алдау түкке тұрмайтын іс. Қоңырау шалып еді, үйде жалғыз екен. Жәнібекке де керегі осы, қуанып кетті. Такси ұстап, лезде-ақ жетті. Анасына қоңырау шалып, тезірек жинала берулерін нықтап тұрып тапсырды. Пысықтығының арқасында біраз таныс жинап үлгерген жігіт Ақтау қаласына да үш адамға билет алғызып қойған. Ендігі қалғаны тек, Нұрбектің үйіндегі ақшаларды алу.

Алғашқы махаббатың буына мас болып жүрген балауса қыз Жәнібектің ішінде нендей ойлар жатқанынан хабарсыз. Үнемі түнеріп, қалың ойдың шырмауынан шыға алмай жүрген жігітінің жан-дүниесіне де үңіліп көрмепті. Есіл-дерті әке-шешесінен, Нұрбектен тығылып, сүйгенімен кездесу. Басқасына бас қатырып жатуға алаулаған сезімі мұрша берер емес. Жәнібек «келемін» дегенінен айна алдынан шықпай, мың құбылып сәндене берді. Әр киімін бір киіп көріп, әуре-сарсаңға түсіп жатты. Жәнібек оның көйлегі мен көркіне емес, бар ақшасын тонап кетуге келе жатқанын албырт жүрек қайдан білсін?

Жәнібек асығып тұрғанында Ақмаралдың сызылып, майысқанын жақтыра қоймады. Көңілі тартып тұрмағаннан кейін, қызды құшақтағысы да келмеген. Ал, Ақмаралдың бар ойы жігітімен оңашада құшақтасып, сүйісіп қалу. Қыз өзіне жақындай бергенінде, түрін суытып, бойын тіктеп алды. Ең болмаса, пәк қыздың арына тиіп, опасыздық жасағысы келмеді.

– Марал, ағаң «үйдегі ақшалардың бәрін алып, айналымға жұмсай бер» деп еді. Қайда қойғанын білесің бе?

Алып-ұшып тұрған сезімі лезде басыла қалған қыздың реңі өзгеріп кетті. Даусы да бәсең шықты.

– Ия, білемін.

Жәнібектің жүрегі аузына тығыла жаздап, лүпілдеп барады. Қыздың жайбасарлығына да төзімі таусылып бітті. «Әкесі ме шешесі ме, келіп қалар ма екен?» деген қорқыныштан-ақ, дегбірі қашып барады.

– Білсең, бәрін түгел бер! Менің уақытым жоқ. Жұмыс қараусыз қалып барады, – деп асықтырып барады. Ақмарал сәл ойланыңқырап тұрды да;

– «Бәрін түгел берсін!» деді ме? Ағам келесі айда үйленемін деп жүр еді ғой. Қалай бәрін берсін деген, Қазір, өзіне хабарласып көрейінші, – деп, телефонына қолын соза берді. Жәнібектің жүрегі зуылдап кетті. Көз ілеспес шапшаңдықпен қыздың қолына жармасты. Еркелете ернінен сүйіп қойды.

– Жаным, тезірек болшы. Маған сенбейсің бе? «Берсін!» деп Нұрекенің өзі айтты ғой. Уақытым жоқ, тезірек алып берші. Кешке сені мамаңнан сұрап аламын. Кинотеатрда жаңа фильм көрсетіледі екен. Соған барамыз. Дайындал!

Мұңайып отырған қыздың жүзі бал-бұл жайнап шыға келді. Өзін еркелете сүйгенге көңілі шаттыққа толған қыз мамасының бөлмесіне жүгіріп кетті. Артынан баруға Жәнібек ыңғайсызданып, тосылып қалды. Минуттың өзі сағаттай көрініп, шыдамсызданып барады. Ақмарал бір бума ақшаны орауымен алып шыққанша, бөлмені кезіп, жындануға шақ қалып еді. Қолына ақша тиісімен, кетуге асықты.

– Ағам бұл ақшаларын айналымға салмаушы еді. «Неге бәрін алсын» деді екен?

Қыз жүрегі де әлденеден секемденетін тәрізді. Қайта-қайта айта берді.

– Қазір, жұмыс қарқыны онша емес. Тіпті, тоқтап тұр десе де болады. айналымда ақша қалмады. Бір қоймадан осы ақшаларға көтересінен тауар аламыз, – деп өтірікті шындай етіп, қиюластыра берді. Еш мүдірмей айтқан сенімді шыққан даусына Ақмарал иланып, жымия берді.

– Кешке қай уақытқа дайын болайын. Өзің келіп алып шығасың ба?

– Өзім алып кетемін.

– Күтемін.

Жәнібек қыздың бетінен сүйіп, қолындағысын сығымдай ұстап кетіп барады. Артына бұрылып қарап еді, Ақмарал өзіне күлімсірей қарап тұр екен. Көңілі құлазып сала берді. Өзіне есепсіз жақсылығымен ақ пейілін көрсеткен жандарға опасыздық жасап бара жатқанына қынжылды. Дүрілдеп тұрған фирманы түгелдей сеніп тапсырған Нұрбектің аманатына қиянат жасап, бар ақшасын сыпырып алып, қашып бара жатқан арсыздығына беті күйіп, ұялса да, кері шегінуге жол жоқ еді. Бар көмегі мен ықыласын аямаған Нұрбек ағасынан түрмеде жатқан өз ағасының тағдыры қымбатырақ болып кетті. Бауырдың аты бауыр екен! Бүйрегі бүлкілдеп бұрды да тұрды. Қауіпті болса да, бауыры үшін, Нұрбек алдында, ар-ұятының алдында да жерге кірердей іс жасап барады.

Анасы мен қарындасын ертіп, Ақтау қаласына кетіп барады. Көп нәрселерден бейхабар қарындасы әр нәрсені айтып, жан-жағына тамсанумен келеді. Анасының көзінде толған үрей. «Біз ұсталып қалмас па екенбіз? Осыншама сазға отырғызып кеткенімізді Нұрбектер қалай кешірсін? Полицияларға арызданса, құрығы ұзын заң қызметкерлері демде-ақ ұстап алады. Әлібекті түрмеден шығарып аламыз деп жүргенімізде, өзіміз түгелдей сол түрмеге қамалмайық. Қайтер екенбіз?» деген қорқыныштарды жанарынан оқып қойған Жәнібек өзі де қыл үстінде қылпылдап тұрса да, анасына күлімсіреп қарауға тырысып бағуда.

түрмеден шығара алмасақ та, мерзімін қысқарта аламыз. Өзіміз сол Ақтауда Әлібек шыққанша тұра береміз.

– Қайдам, қиын күндерде көп көмек көрсеткен Нұрбекке опасыздық жасаған

– Мама, түк те болмайды. Ешнәрсені уайымдамаңызшы. Бәрі жақсы болады. Әлібекті шығарып алайық кейін қалғанын шешімз.

Ұлым мұнымыз дұрыс болмады-ау. Сондай жаны жайсаң, жақсы жігіт еді. Сені сондай жақсы көретін. Жақсы көріп, сенген адамының қиянатын көргенде, есін жия алмай қалатын шығар. Наласы да жаман болады, ондай жандардың.

– Енді, қайтемін, мама? «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демейтін бе еді? Нұрбек ағаға бұл үлкен тәжірибе болды. Көрінгенге ағынан жарылып, сене бермейді, енді. Бұл бизнес. Бизнесте көңілшектік сазға отырғызатынын біліп, пысық болады. Бұл естен шықпас сабақ болды, Нұрекеңе. Ол қайтып, көтеріліп кетеді. Тек, мені түсініп, кешіре алса. Кейін келіп, ол ақшаларын қайтарамын.

– Кей кезде ақшаның да еш нәрсені шеше алмай қалатын шақтары болады. Қанша ақшамен көмкерсең де, Нұрбектің енді қайтып көңілін жібіте алмайсың.

– Қайтейін енді? Әлібектің түрмеде жатқаны жаныма аяздай батып барады. Мен үнсіз ол қусырып отыра берсем, мерзімінің соңына дейін ол қалай шыдамақ? Шыдаған күнде де, қандай адам болып шықпақ? Мама, одан басқа менің кімім бар? Айтыңызшы? Қай бауырым мен іздеп, емешектері езіліп тұр еді. Қиын-қыстау шақтарда менен теріс айналған әкемнің інілері маған бауыр болып жарыта ма? «Қыз жат жұрттық» дейді. Сіз менің анамсыз. Мен жалғыз қалғым келмейді. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» дегенді талай бастан кешірдім. Мың жерден жақсылық жасаса да, маған Нұрбек бауыр бола алмайды. Маған ағамның қасымда болғаны керек. Қалғанының бәрі уақытша тірлік.

Екеуі де өз ойларымен арпалысып, үнсіз қалды. Салтанат терезеден сырта қараудан жалығар емес. Ол өзінше мәз.

Әлібекті шығарып ала алмады. Есесіне қалған он төрт жылының тоғызын шегере алды. Енді, Құдай қаласа, бес жылдан кейін бостандыққа шығады. Оған да Жәнібектің жүрегі жарыла қуанды. Тоғыз жыл да аз уақыт емес. Бес жыл амандықпен жазасын өтеп шықса, арманының орындалғаны. Әлібек те қуанып, алғысын қайта-қайта жаудырып жатыр. Бұрынғыдай емес, өмірге деген көзқарасы өзгеріпті. Бәлкім, түрме ішіндегі тәртіп пен өмір еркіндіктің, өмірдің қымбат екенін ұғындырса керек. Өмірге екі келмейтінін түсінген Әлібек еркіндікке шыққан соң, бәрін жаңаша бастайтындығын айтып, қайраттана берді. Онысын сезген Жәнібек те еңбегінің еш кетпегенін, осынау қатал тағдырда жалғыз қалмайтындығын біліп, көңіліне шаттық ұялай берді.

Шөлмек жинаудың қыр-сырын жақсы меңгеріп алған Жәнібек Ақтау қаласында өз ісін дөңгелетіп бастап жіберді. Сырт көзге майда-шүйде болып көрінетін шөлмек бизнесінен қыруар пайда түсетінін бірі білсе, бірі біле бермес. «Миллионердің ақшасы тиыннан құралған» деген қағиданы мықтап ұстанатын Жәнібек қажымай еңбектене берді. Еріну, бітпеген істі ертеңге қалдыру дегенге жаны қас пысық жігіттің тасы өрге домалай берді. Қажымайтын қажырлылығының, қиындыққа мойымайтын табандылығының арқасында біраз белестерді бағындырып тастады. Артынан іздеп келген ешкім болмады. Телефондарын түгелдей ауыстырып тастаған. Бизнесі дүрілдеп тұр. Ағасымен кездесіп тұрады. Анасы мен қарындасы да өткен өмірдегі бақытсыздықтарды ұмыта бастаған. Жәнібек те өткеннің елесімен өмір сүретін жігіт емес. Өткенді ойлай бергеннен еш нәрсе өзгермейтінін біліп, тек қана алға ұмтылуда.

– Балам, енді үйленсейші. Бар жағдайыңның бәрін жасадың ғой, – деген әңгімелер күн сайын дастархан басында қайталана беретін әдетке айналды. Жәнібек «жұмыс-жұмыс» деп қыздарға қарауды да ұмытыпты. Шын мәнінде қатал тағдыры сезімге бой алдыруға мұрша бермепті. Жастайынан көрген қиыншылықтары жүрегін де мұз етіп қойғандай. Еш қызға сезімі селт етіп көрмепті. Бар ойы отбасын аяғынан тік тұрғызу. Сол мақсатына жету үшінде қатерге бас тігіп, өзін де ұмытыпты.

– Алдымен ағам үйленеді, содан кейін мен үйленемін.

– Ағаң шыққанша үйлене берсейші, – деп анасы шыдамсыздық танытуда.

– Қалай сонда? Ағам тұрып мен үйленемін ба? Бойдақ қайнаға деген атқа ие болып шығады ма, Әлібек түрмеден? Мен келіншегімнің ағамды «түрмедегі қайнағам» дегенін қаламаймын. Әлібек шығады, сосын бірге үйленерміз, бәлкім, – деген еді.

Арамдықпен жиналған дүние адалдыққа жұмсалмайды екен. Салтанат құлақ етін жей берген соң, Жәнібек үйленген. Сара деген қызбен бас қосты. Дөкейдің қызы келмей жатып талап қойды. «Біздің тойымыз атаулы мейрамханада өтуі керек. Мен пәлен мың долларлық көйлекті кимесем, тойға шықпаймын» деген сияқты еркеліктерімен қиғылықты сала берді. Қасықтап жинаған дүниесін шөлмектеп төккісі келмеген Жәнібек алғашында айқайлап, көнбеген. Анасы қыр соңынан қалмай жүріп, ерке келіншегі бір жағынан бұртиып, әйтеуір, дегендеріне көндірген. Жәнібек банктен несие алып, келіншегінің арманындағыдай тойды жасап берді. Шығын деген шаш-етектен болды. Тойды көтеретін ағайындары болмаған соң, шығынға белшесінен батпағанда қайтсін? Оңтүстіктің қыздарындай артынан жасау келмейді екен. Дымы жоқ келіншегі әр нәрсені бір алып, айналымдағы ақшаларында шетінен құрта берді. Ақыр соңында араларында сезім мен сыйластық орын алмаған соң, дәм-тұздары жараспай, ажырасып кетті. Жәнібек бармағын тістеген күйі банктегі несиесін ай сайын өзегі өртене төлеп жатты.

Адал жолмен құралмаған ақшасының біразы желге ұшқандай болып жатты. Әлібектің еркіндікке шығуына бір жылы қалғанда жаман ауруға шалдығыпты. Жазылмайтын дертке шалдыққан Әлібектің санаулы-ақ өмірі қалғанын естіген сәтте Жәнібектің қаны басына шапты. Қанша шапқыласа да, ақшаның маңызы болмайтын шақтары болады екен. Қолында сонша ақшасы тұрып, Әлібектің еміне шипа болар емді таппады. Ауруы асқынған ағасына ешқандай емнің шамасы келмейтіндей күйге жеткенін кеш білгеніне өкініп, жер бауырлай өкіріп жылады. Не бары шығуына бір-ақ жылы қалғанда, Әлібек бостандықты аңсаған күйі бұл пәниден бақилыққа оза берді.

Бар үміті түгесілгендей, Жәнібек есеңгіреп қалды. Көпке дейін, өз-өзіне келе алмай, оңашада егілумен жүрді. Әйтсе де, анасы мен қарындасының тағдырына алаңдап, өз-өзін қайта қолға ала бастады. Ақсап тұрған жұмысына құлшына кірісті. Бар ойын жұмысқа аударса, қайғысын сәл де болса ұмытып, жеңілдеп қалатындай. Бұл күнде бар жағдайы жасалған. Зәулім сарайдай үйі, дүрілдеп тұрған жұмысы бар. Өзге қалалардағы кәсіпкерлермен бірігіп, жұмыс жасайды. Барлығы бар болса да, жанында қыруар ақшасы болса да, жаны жабырқап жүреді. Көңілі құлазып, барлығынан жалықты. Бұрынғы қажымас қайратынан, табандылығынан жұрнақ та қалмаған секілді. Алдамшы жандардан, жылтыраған дүниелерден шаршады. Бума-бума ақшалары көңілін ешқашанда жылыта алмайды екен. Енді міне, анасы мен қарындасы бір еркекке таласып, қырғи қабақ болып отырыстары. Салтанат елуге жақындаған шағында өзінен он алты жас кіші еркекке аңсары ауып, қызымен таласып, желігіп жүргеніне не жорық?

Мына жағдай жанын жаралап, еңсесі түсіп көшеге шыққанда Нұрбекпен жолықты. Бұл кездесу тағдырдың ескертуі іспетті еді. Болған жол апаты да. Осы түні ойы сан сақты шарлап: «Осы аптада қалайда Нұрбектің ақшасына қайтарып беремін… » деген түйінге келіп еді. Бірақ арадан апта өткенде бұл уәдесін ұмытып кетті. Ал анасы мен қарындасы сол күнгі ұрыстан кейін бір-бірімен бет жұлысып, ақыры қарындасы үйден кетіп қалған болатын.

Санасын сілкіндірген кездесуді де, апатты да, өзіне берген уәдені де ұмытқан Жәнібек зымырап келе жатып тағы жол апатына түсті. Бұл жолы есіне бір апта бұрынғы уәдесі түсті ме, түспеді ме ол жағы белгісіз. Бірақ тағдыр бұл жолы оны аяған жоқ. Ол тағдырдың ескертуіне назар салмай мәңгілік мекенге аттанып кете барды. «көп асқанға бір тосқан» деген осылай болса керек… Арам ақша оған абырой алып берген жоқ.

«Алтын көрсе періште жолдан таяр» дегендей адалдықпен табылмаған, арам ақша мен дүние имансыздың абыройын төгеді екен. Тапқанымыз адал болсын…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған