ЖЕСІРДІҢ КӨЗ ЖАСЫН АРҚАЛАҒАН ЖАН…

Үнемі базар маңындағы қоқысты аралап өзінің несібесін сол маңдардан тауып жейтін Сағидың мына өмірден күтер бақыты, сүйенер сүйеніші қалмаған. Кейде осы жалған ғұмырды тастап-ақ кеткісі келеді. Өзіне-өзі қол жұмсағысы-ақ келеді, оның бұл сорақы тірлікті жүзеге асыруға жігері де, күші де жетеді. Сағиға жалғыз ғана бір шешім мұны істеуге жібермей тұр. Иә, егер сол өзінің соңғы арманын орындаса, одан соң ажал келіп алқымынан алып о дүниелік етсе де қасқайып тұрып қарсы алады.

Сағиды өмір сүруге сүйреп келе жатқан сезім, өзінің шалыс басқан бір кешірілмес қатесі еді. Иә, сол қатесінен азап шегіп, өмір бойы жылап келген жаннан бір ғана рет кешірім сұрау Сағидың жылдар бойғы арманы. Ол жанның мұны кешіруі мүмкін емес. Өйткені, Сағи кешірілмес қателік жасаған. Бірақ өз қатесін кеш ұққан оны кешірім сұрауға жетелеген де, сол кеш келген ессіз есі еді.

Базар маңындағы көптеген қоқыстарды аралай-аралай аяғы талықсыған Сағи отырып дем алды. Қоқыс салынған жәшіктің саясына жайғасқан ол бір сәтке ойланып үнсіз қалды. Осы кезде құжынаған адамдардың арасынан әлдекімнің даланы жаңғырта қатты шыққан үні мұны да селк еткізді. Ол дауыс “Гүлшат” деп айқай салуда еді.

Мына есімді естіген Сағи отырған орнынан қалай тұрып кеткенін де байқамай қалды. Әлгі дауыс шыққан жаққа қарай жүгіріп кетті. Өзінің не үшін жүгіріп келе жатқанын да білмейді. Әйтеуір өзі жылдар бойы іздеген адамының есімі мұны Гүлшат деп айқай салған адамның ізінен жүгіртіп келеді.

Үсті-басының барлығы адам көргісіз, киімдері алба-жұлба, бет-аузының бәрін сақал-мұрт басып кеткен, жүгіріп келе жатқан қаңғыбасқа жан-жақтағы адамдар жиіркене көз тастауда. Ал Сағи болса өзіне тесіле қараған көздерден тайсалатын емес. Оның бар ойын жаулап алған жаңағы Гүлшат дегеннің кім екенін білу ғана.

Айқай салып кеткен адамның ізінен жетіп барған Сағи анадайда тұрған, жігіт ағасының кіп-кішкентай сүйкімді қызды құшағына қысып көтере бергенін көрді. Әлгі кіп-кішкентай бес жасар қыз, өзін көтерген кісіге емес, оның ізінен арсылдап жүгіріп келген Сағиға қарап қалыпты. Жасы беске жақындаған қыздың өзіне таңдана қарағанын байқаған Сағи оған күле қарады да бұрылып қайтып кетті.

Жол бойы ойланып келеді. Жаңағы қыздың көздері шынында да Гүлшаттың көздеріне ұқсайды екен. Осыны ойлағанда Сағидың жүрегі елжіреп кетті. Өзінің неге сонша тас жүрек болғанына, соншалықты аяусыз сезіміне таң қалды. Осы ойлармен әуре болған Сағи өзінің жай адам емес қаңғыбас екенін де ұмытып кетті. Енді адамдары сабылған базардың арғы бетіне өтпек болып жүре беріп еді әлдебір кісіні байқаусызда соғып өтті. Өзі соғып өткен жас жігіт екен. Үстіне киген киімі европалықтардан аумайды. Қолына қыса ұстаған ұялы телефоны бар ол Сағидың жиіркенішті түрін көріп өзгелерге ұқсап жиіркенбеді. Жай ғана бұрылып қарады да сыпайы түрде:

—Кешіріңіз,-деп кете барды, бұрылып қайта қарады. Иә, әлгі жігіт Сағиға бір сәтке тігіліп қарады да қайта жүріп кетті. Арырақ барып қайта қарады.

Өзіне бұрылып қарап, кешірім сұраған мына жігітті Сағи бір жерде көрген секілді. Бейне өзінің жылдар бойы көрмеген ескі танысындай. Әйтеуір өзіне тесіле қараған мына жанарды, мына көздерді бір жерде көргені рас. Қай жерде, қашан көргені есіне түсер емес. Осылайша жолдың қақ ортасында ойланып қалған Сағиды қарсы алдына келген жеңіл машина қағып кете жаздап барып әрең тоқтады. Жүргізушісі басын шығарып алды да Сағиға қарап:

—О, шеше… қаңғыбас! Көзіңе қарап жөніңмен жүрсең болмай ма? Сен жүретін орын бұл емес қоқыс арасы ғой, жоғалсаңшы ары!-деп боқтап-боралап болып жатыр. Бұл сөздер Сағиға шыбын шаққандай да болған жоқ. Өйткені мұндай сөздерді қаншама уақыттан бері есітіп келеді. Соншама жылдан бері бар есітер сөзі осы. Сондықтан болар еті өліп кеткен.

Өзінің үйреншікті қоқысына келіп қайта отырған Сағидың көз алдынан жаңа көрген жігіттің бейнесі шыға қойған жоқ. Көзін жұмса болды, соның жарқыл шашқан жанары елестейді де тұрады. Неге екені белгісіз. Әйтеуір өте таныс көздер. Осылай ойланып отырғанда көздері жұмылып, өткен түнгі түнімен өзге жерлердегі қоқыстарды аралап келгендіктен бе, әйтеуір ұйқы қысып ұйықтап кетті.

Қара көйлек киген Гүлшат тіптен қаһарлы болып кеткен. Үстіне киген көйлегінің сұстылығы сонша, қараған адамның өзін қорқытардай, тым айбарлы көзқараспен бұған көз тастайды. Ол бұған алыстан қол бұлғап:

—Сағи, мен сені іздеп жүрмін. Иә, мен сені табамын. Өзіңнің жасаған қылмысың үшін жазалаймын. Иә, мен сені жазалаймын. Қайда? Қайда, ол? Маған оны тауып бересің! Ол менің балам! Ол менің сәбиім! Неге олай жасадың? Қайда жібердің оны? Қайда? Неге тас жүрек болғансың? Не үшін? Сен өзіңнің осы тірлігінің үшін, осы жасаған қылмысың үшін жазалануың керек. Иә, мен сені табамын! Міндетті түрде табамын! Менің жылдар бойғы көз жасым, еңірегенде жасқа толған етегім, сәбиімді іздеп шарқ ұрған жүрегім, сені жібермейді. Иә жібермейді!-деп қояды. Тура бір өлім аңсаған жандарша қолындағы пышағын сермеп-сермеп қояды.

Шынында Сағиды өлтіретіндей, жанары жасқа толып еңіреген келіншек отты көздерімен атып жіберердей қарап қалды.

Осы кезде көзіне түскен күннің сәулесінен оянып кеткен Сағи өзінің базар қоқысының қақ ортасында жатқанын сезінді. Иә, ол жаңа ғана көргендерінің барлығы түс екенін енді түсінді. Өзінің сол түсінен қорқайын деді ме, әлде күн сәулесінің ыстығынан ба, әйтеуір денесі дір ете қалды. Діріл қаққан қол-аяғын әрең жинап алған Сағи жерге қарап үнсіз отырды. Ешқашан түсіне кірмеген әйелдің бүгін келіп түсіне енуі Сағиды ойландырып тастады. Иә, соны емес пе іздеп келе жатқаны. Сол емес пе, көптен бері іздегені. Бір орнында қоқыс үйіндісіне тесіле қарап қалған Сағи күбірлеп:

—Гүлшат, кешірші мені! Кеш мені, кеше көр! Мен сорлыны кеш қарағым, – деп сөйлеп алды.

* * *

Базарды аралап болып, тұрақ жайға жақындаған Алмат көлігіне отырып үйіне қарай аяңдады. Оның бар ойлағаны үйде ауру әбден қалжыратып тастаған анасы еді. Алмат сол кісіге ертерек жетуді ойлап көлігін орнынан қозғады да, жүріп кетті. Ойланып келе жатқан оның ойына жаңа ғана өзіне соқтығысқан жасы елуді еңсерген жігіт ағасының аянышты хәлі, адам көргісіз түрі оралып кетті. Рөлде отырған Алмат даусын шығара күбірлеп:

—Соларға не азап екен, қоқыс аралап. Егер өздерін ұстай білсе, жап – жақсы-ақ адам болтын кісілер ғой. Жанұя құрып немере сүйетін кездерінде қарашы, қоқыс аралап кеткендерін. Осыларды көргенде тәубеңе келіп-ақ қаласың,-деп өзімен өзі сөйлеп қойды. Сөйлеп келе жатқан Алматтың ойын “шыр” ете қалған телефон шырылы бөліп жіберді.Тұтқаны құлағына тоса беріп еді, ар жақтан әлсіз ғана анасының үні естілді:

—Алматжан, келесің бе балам, менің мазам қашып тұрған секілді,- деді. Дірілдей шыққан анасының үнін естіген Алмат:

—Қазір мама, міне бара жатырмын,-деді де көлігін жаңағыдан да тезірек айдауға тырысып зулап кете берді.

Үлкен көк дарбазалы үйге көлігін кіргізген Алмат тез-тез басып анасы жатқан бөлмеге барды. Есіктен кірген ұлын көрген Гүлшаттың көздері жасаурап, дауысы әлсірей шығып:

– Келдің бе, қарағым,-деді. Анасының үнемі мейірімге толы жүзіне күле қараған Алмат:

— Келдім, мама. Жағдайыңыз қалай, жақсы ма? Шаршамадыңыз ба?- деп бәйек болған ұлына қараған Гүлшат басын шайқады.

Анасының жасқа толған жанарына қарап-ақ бар жағдайды айтпай ұққан Алмат, үнсіз күрсіне берді. Қалай күрсінбесін? Қалай ғанамұңаймасын? Көз алдыңда сені туған ана, сені өмірге алып келген қасиетті жан құлдырап бара жатса. Қалай өкінбесің? Оның үстіне анасы өзі үшін, иә жалғыз Алмат үшін бар ғұмырын арнады емес пе? Сен үшін өз бақытынан баз кешкен жанды қалай ғана ажалға қиясың? Қалай ғана? Осыны ойлағанда Алматтың езілген жүрегі езіліп анасының орнына өзінің ауырғысы келіп кетеді. Иә, барған сайын құлдырап жоқ болып, әлсіреп бара жатқан анасын көру ол үшін ауыр еді. Бірақ амал не? Тағдыр жазса бәріне де, бас июге міндеттісің!

Анасының әжімге толы жүзіне, тағдыр сыйлаған азаптары көрініп тұратын бетіне қараған Алмат оның езіле жылап жатқанын байқады. Иә, анасы көзінен аққан жасты тоқтата алмастан еңіреп жатыр еді. Оның жылаған жүздерін көрген Алмат:

—Мама! Мама, не болды саған? Неге сонша езілесің? Мам, сен жазыласың! Иә, сенің дертіңді емдеуге болады. Мама, тек қана жыламашы. Жан анашым менің! Тек жыламашы! Сен жыласаң мен не істеймін? Мен? Сен жазылуға тиістісің мама? Сен өзің аңсаған немерені көресің! Иә, сен өзіңнің өмір бойғы арманың болған немерені көресің ғой, мама!-деген Алматтың да көздерінен мөлдір жас тамшылары ытқып шықты.

Бірақ, Алматтың жүрегі мына сөздер арқылы өзін, сондай-ақ анасын алдап жатқанын сезетін еді.

Ауырып емханаға түскен Гүлшатты біраз уақыт емдеген дәрігерлер:

—Оның ауруы жазылмайды. Бауыры мен өкпесі іріп кеткен. Ол кісінің көп болса бір-екі айлық ғұмыры қалды. Сондықтан мұндай үмітсіз кісілерді емханада жатқыза алмаймыз,-деп шығарып жіберген еді. Иә, бұл сөздерді Алмат анасына айтпаған. Бірақ, жүрегі барлығын да сезетін ана, өзіне ажал оғының жақындап келе жатқанын, ұлы сездірмесе де жақсы біледі.

Анасының жасаураған жанарын көрген Алматтың есіне дәрігердің осы сөздер түскен еді. Бірақ, әттең, әттең, енді бәрі де кеш. Егер дәл мұндай боларын білгенде баяғыда-ақ үйленген болатын еді. Баяғыда-ақ өзінің сүйіктісін анасының жанына келін етіп түсіріп берген-ақ болар еді. Баяғыда- ақ, жас болғанына қарамастан анасына сүйікті немере сыйлайтын еді. Бірақ кеш білді ғой, анасының жан дүниесін ауыр дерттің улағанын. Иә, кеш ұқты емес пе бәрін де. Не деген өкінішті сезімдер? Не деген азап?

Еңіреп жатқан анасының қолдарын қысқан Алматқа басын бұрған анасы, әлсіз даусын шығара:

—Балам, ана сөреде тұрған кішкентай сандықты ашшы,-деді. Анасының ойлы көзіне қараған Алмат үнсіз орнынан тұрып сөреде тұрған сандықты жерге алды. Гүлшаттың айтуымен оның қақпағын ашты. Осы кезде анасы басын әрең көтеріп, сандық ішінен ораулы түйіншекті қолына алды. Оны діріл қаққан қолдарымен аша бастады. Жұмбақ сандыққа тесіле қараған Алмат осынау сандықтың ішінде әлдебір сыр жатқанын, өзі сезбеген құпия бар екенін сезді. Ораулы орамалдың ішінен ескіріп құрып кетуге айналған суретті алып шықты да, оны Алматтың қолына берді.

Қолына анасы ұстатқан суретке тесіле қараған ол, сарғайып күйеуге айналған суреттен кіп-кішкентай қос ұлды көрді. Иә, әлі қырқынан да шықпаған екі бала бір-бірінен аумайды. Ұқсастықтары сонша бір қараған адам ажырата да алмайды. Суретке тесіле қараған Алмат жылап отырған анасының бетіне қарады.

Гүлшат өзіне сұраулы жүзбен көз тастаған ұлына суреттегі екі сәбидің бірінің маңдайындағы қалын көрсетті. Алмат сонда барып таныды мына маңдайында қалы бар сәбидің өзі екенін. Иә, тап өзінің маңдайындағы қал мына жерде де анық байқалып қалыпты. Суреттегі екі сәбиді бір-бірінен осы қалы арқылы ғана ажыратуға болады екен. Ал, өзге жерлеріндегі ұқсастық екеуінің егіз екенін анық білдіріп тұр. Қолдары дір ете қалған Алмат анасына қарап:

—Мынау менің сыңарым ба?-деп қатты айтып жіберді. Төменге қарап отырған Гүлшат үнсіз ғана басын изей берді.

Өзінің сыңарының бар екенін Алмат осы кезге дейін білмепті. Иә, өзінің егіздің сыңары екеніне тіпті сенгісі де келетін емес. Бірақ мына сарғайған сурет сендіріп-ақ тұр. Әлсіреп жатқан анасына қараған Алмат:

—Ол қазір қайда? Не шетінеп кеткен бе?-деді. Бұл сұраққа Гүлшат басын шайқады да:

—Жоқ, ол шетінеп кетпеген,-деп жылап жіберді.

Түкке түсінбеген Алмат:

—Онда ол қазір қайда? Неге бізбенен бірге емес? Қайда ол?-деп дірілдеп кетті. Осы сұрақты қойғанда енді өзіне келген Гүлшат тағы да жылап жіберді. Біразға дейін көз жасын тия алмаған ол:

—Су, алып келші,-деп Алматтың бетіне қарады. Ол бейне ертегідегі қиял-ғажайыпқа таң қалған жандарша үнсіз отыр. Анасының су сұрағанына селк ете қалып асханаға қарай кетті.

Суды ішіп алып қатты күрсінген Гүлшат:

—Балам, мен бүгін саған бір құпияның бетін ашып бергелі отырмын. Иә, саған мұны жылдар бойы айтпағаным үшін кінәлімін, бірақ кез-келген нәрсенің өз орны бар. Иә, кез-келген жұмбақтың да бір шешімінің болары хақ. Бірақ оның шешілетін күнін таңдай білмесең шала шешілуі мүмкін. Соны ұмытпа, Өмір өзінің осынау жұмбағымен қызық,-деді де сәл ойланып сөйлеп кетті.

* * *

Тар төсекте жаны қиналып, ауыр дерт азаптап жатқан күйеуінің басында аузына су тамызып отырған Гүлшаттың көздерінен аққан жас бетін жуып кеткен. Сөйлеуге шамасы жоқ күйеуі де оған, “жылама” дегендей қолын қысып қояды. Қайдан жыламасын? Жан жарының алқымынан алған ауру ақыры ажалына көрініп жатса. Бұдан бірнеше күн алдын бәрі де жақсы еді. Бірақ екі күннен бері тамағынан ас өтпейтін болып қалды. Тек қана аузына Гүлшаттың тамызған суы мен, сүтін әрең жұтып жатыр. Тіпті үйде одан өзге талғажау ететін ештеңе де қалмаған. Кеше қайнағасы Сағидың үйіне ақша сұрап барған еді. Иә, есіктен кірген Гүлшат Сағи қайнағасының алдында жатқан бір бума ақшаны көріп іштей “тым құрыса інісі үшін беретін шығар” деп ойлаған. Бірақ, көзіне көрсетіп тұрып қайнағасы:

—Келін менде ақша жоқ, егер бар болса бермей қайтемін,-деді. Көзін бақырайтып қойып, алдаған қайын ағасына Гүлшат сөз тауып айта алмады. Иә, әңгіме айта алмастан үйден көзі жасаураған күйі шығып кетті. “Егер бала-шағасы болса мейлі екен. Бала-шаға да жоқ қой, мына дүниеқорда. Сонда, сонша ақшаны не істейді екен?” деп ойланған Гүлшат үйіне жеткенше жылап келді. Иә, өзі ауыр аяқ оған жылау былай тұрсын, қатты қайғыруға да болмайды ғой. Бірақ, мына қатал тағдыр оныңа қарап тұрмайды екен, қайғыртпақ түгілі қан жылатады екен.

Жол бойы жылап келген Гүлшат, ауру Ғаниға беретін түгі қалмаған соң өзі сұрай-сұрай қалжыратқан көршісінің есігін қайта қақты. Жанары жасаурап, езілгенде етегі толған жас келіншекті көріп шыдап тұра алмаған көрші келіншек қолындағы барын беріп шығарып салған болатын. Үйіне келген бойда сүт сатып алып келіп, Ғанидың аузына тамызуын қайта жалғастырған. Сонда ыңырсыған Ғани, келіншегінің өзіне күле қараған көз қарасының түбінде ауыр мұңның, ауыр зілдің бар екенін жақсы ұққан. Жанының ауырғанын білдіргісі келмейтін Гүлшаттың жалған жадыраған түріне қарап, Сағидың түк бермегенін бірден ұға қойған Ғани үнсіз іштей егіле берді. Бірақ, қолдан келер дәрмен жоқ. Мына ауыр дерт қолын байлап, қор етіп қойған. Осыны ойлағанда ер де болса Ғанидың езіліп жылағысы келеді. Иә, еңірегісі келеді.

Аяғы ауыр келіншегі Гүлшаттың күні бойы, түнімен тынбай өзі үшін жүгіріп жүргенін көргенде езіле береді. Тек қана үмітпен өмір сүріп келе жатқан Гүлшаттың үмітінің ақталмайтынын Ғанидың жүрегі сезеді. Сондықтанда жылағысы келеді де тұрады. Өйткені мына ауыр дерт оның, жастыққа бір тиген басын қайтадан көтертпестен пайғамбардың ақ туының астына алып кететін секілді. Соны ойлағанда қараусыз қалатын келіншегі үшін қынжылады. Бірақ, өзге қиындықтың бәріне қарсы тұрып жеңе білген Ғани ажалды жеңуге дәрменінің жоқ екенін жақсы түсінді.

Таң қылаң беріп атып келе жатқан болатын, ыңырсыған Ғанидың үнінен оянған Гүлшат оның орнынан тұрмақ болып ұмтылып жатқан жерін көріп, орнынан тұра сала жанына жетіп барып қолтығынан демей берді. Өзі қарны қампайған келіншектің не қауқары болсын, жай ғана демеу демесең, Ғаниды тұрғыза алатын емес. Нәзік қана саусақтарымен ары тартқылап, бер тартқылап өзі ауырып жатқан жанды әурелеп тастады. Аурудың қатты қысқанынан ыңырсыған Ғанидың үні үйді басына көтеруде. Сыртқа шығамын деп ишара жасаған оны жұлқылап жатқан Гүлшат ақырында , жерге отыра сала еңіреп жіберді. Ауру жарын орнынан қозғай алмағаны үшін ызадан жылап жатқан келіншегіне қараған Ғанидың да көздерінен жас шыға берді. Иә, осы кезге дейін жүрегінің жылағанын, сезімінің азапқа түскенін көрсетпей келген Гүлшаттың да, ауру жанын жегідей жеген Ғанидың да шыдамының жеткен жері осы еді. Еңіреп жылаған келіншек көзінен жас аққан Ғаниға қарап:

—Жаным, кешірші мені! Кешірші! Амал не, қолымның, мына сынып қалғыр қолымның күші жетер емес, жаным сені қозғауға! Жетер емес… Жетер… Тек жыламашы, тек қана сен жыламашы жаным менің, Ғаниым…-деп еңірей берді.

Еңіреген келіншегінің бетіне қараған Ғани, Гүлшаттың қолын қыса, бәрі жақсы дегендей оны бетіне тигізіп жылай берді. Иә, тағдыр әп-сәтте бақытты еткен ерлі-зайыпты екеуінің де жан-жүректері езілуде.

Қолдары дірілдей қимылдаған Ғани қолын жайлап Гүлшаттың ішіне тигізе берді. Иә, өзінің перзенті өсіп келе жатқан құрсаққа қолы тиген Ғани іште жатқан шарананың әлсіз қимылын сезді. Еңіреп жылаған екеуінің де езулеріне күлкі үйіріліп бір сәтке бақыттан бастары айналғандай болды. Даусы әрең шыққан Ғани:

—Бұл, менің ұлым болады. Иә-ә ол ұл-л болады,-деді. Екі ауыз сөйлеп әлсіреген күйеуіне жас толы жанарымен көз салған Гүлшат:

—Ол екеуміздің сәбиіміз болады. Иә, оны сенде көресің жаным, сен оны көресің! Иә, сен жазыласың! Сен оны, мені тастап кете алмайсың! Қалай тастап кетесің? Біз папасыз не істейміз? Жо-жоқ сен кетпейсің, өйткені бізге керексің ғой жаным,-деді. Мына сөзді естіген Ғани сәл ойланып басын шайқап, сөйлеп кетті. Иә, ауру жанын жеп бара жатса да, өзін қинап сөйлеген Ғани:

—Жаным, оның бақытын мен көре алмаймын, иә, кешір Гүлшат! Кешір, мені! Мына азапқа толы өмірге жалғыз қалдырып, тағдыр жазған тауқыметпен жалғыз алыстырып қалдырып кете барсам! Бірақ, сен жігерлі жансың! Иә, тағдыр тауқыметін жеңіп шығатын жігер де, күш те, қайсарлық та, өрлік те сенде жетіп жатыр, жаным! Сондықтан барлығын саған тапсырамын-н,-деп барып шаршап қалған Ғани сәл дем алып алды да қайта сөйлеп кетті:-Иә, сенің ішіңдегі перзенттерім егіз болады. Иә, олар егіз, сен олардың екеуінде бағып қағуың керек. Олар мен аңсаған, сен армандаған жандар болып жетілуі керек. Сен бақыттысың жаным, иә бақыттысың, сен олардың іңгәлаған үнін есітесің, тәй-тәй басқан қадамын көресің! Сен олардың былдыраған тәтті үнін есітесің, сен олардың алғашқы басқан қадамдарын, мына қиындығы мол өмірге қойған алғашқы сәттерін көресің! Сен сол үшін бақыттысың жаным! Сол бақытың ұзағынан болсыншы! Әттең солардың бәрін мен өзім, өз көздеріммен көре алмаймын! Бірақ, сен ештеңеден тайсалма, мен мәңгі сенімен біргемін! Мен мәңгі бақи сенің жаныңда жүремін, жаным! Иә, сенің жаныңда жебеушің, қолдаушың, қорғаушың болып жүремін Гүлшатым!-деп барып үнсіз қалды. Мына сөздерді естіген сайын Гүлшаттың езілген жүрегі езіле берді, еңіреген көңілі еңірей берді.

Осы сөздерді айтып болып, біраз уақытқа дейін Гүлшатқа қимастықпен көз тастаған Ғани көзін күліп жұма берді. Иә, күлімдеген жүзінен ешқандай өкініш табы білінбейді. Қайта, бақытты жандардай, тым асқан бақытқа кенелген жандай өліп бара жатып та, иә, ажал алқымынан алып бара жатып та күліп барады. Оның күлімдей жұмған көздерін көріп, қорқып кеткен Гүлшат оның қолдарын ұстай берді. Бірақ, аманат жаны әлдеқашан шығып үлгерген дене мұздап барады екен. Оның мұздай қолын сезінген Гүлшат айқалап:

—Жо-жоқ! Жоқ, Ғани! Кімге? Кімге тастап барасың мені! Мына өмір есігін ашпай жатып жетімдіктің тауқыметін тартатын жетімдеріңді ше? Оларды кімге қалдырдың, Ғани? Кімге? Неге? Не үшін? Мен, мен не істеймін енді? Мені кімге тастап барасың? Кімге?Қалайша, жаным? Қалай қидың бізді тастауға? Қалай ғана қидың жаным? Неге кеттің? Неге? Біз ше? Әлі өмір есігін ашпаған сәбилерің ше? Оларды кімге қалдырдың? Не деймін? Не айтамын? “Әкеміз, қайда?” деген балапан жүректерге не деймін, Ғани? Қалай түсіндіремін? Туылмай жатып жетім атанған сәбилерің үшін жүре тұрмадың ба, жаным? Тым құрыса солар үшін жүре тұрмадың ба? Солар үшін?-деп еңірей берді.

Жаңа өмірге енді қадам қойып, өзі балалар үйінің есігінде өскен Гүлшатты тағы да бақыт тастап кете барды. Иә, енді қонған бақыт құсы мұны тағы да тастап кетті. Еңіреген келіншек осылайша жан жарынан, басына қонған бағынан айырылып қала берді.

Ел-жұрттың бәрі мына қазаны есітіп еңіреуде еді. Иә, бұдан бір жыл алдын шаңырақ көтеріп үй болған Ғанидың жас жүрегі үшін, қыршын кеткен өмірі үшін бүкіл ел еңіреді. Мүрдені табытқа салып шығарып бара жатқанда, талып-құлап, жылап жатқан Гүлшаттың мына сөздеріне еңіремеген ел, жыламаған жан қалмады-ау!

—Ғаниым, қош сау бол! Сау бол жаным! Қазір қоштасып тұрсақ та, біз кездесеміз! Иә, біз міндетті түрде кездесеміз! Бүгін мына өмірде жетпеген бақытымызға, о дүниеге барғанда жетеміз, жаным! Мен саған, сенің әруағыңның алдында, әлі жер қойнына кірмеген денеңнің алдында, бүкіл ел-жұрттың алдында сөз беремін! Иә, сөз беремін мен мына құрсағымда өсіп келе жатқан сенің ғұмырыңның жалғасын жеткіземін! Иә, сен армандаған биікке шығарамын! Сен жете алмаған арманға, сен шыға алмай арман еткен шыңдарға алып барамын! Мейлі бұл жолда мен барымды берейін, жанымды берейін бәріне де көнемін! Иә, тек қана арымды таптатпастан, жетемін! Мен ол бақытқа жетемін, жаным!-деп еңіреді. Иә, бұл сөздер бүкіл елдің сай-сүйегін сырқыратып жатты. Тек қана мына сөздерді шыбын шаққан құрлы көрмеген Сағи ғана. Ол жан бауырының, өзінің інісінің өлгенінен қуанбаса өкініп те тұрған жоқ еді. Тек қана ел-жұрттың алдында жалған “бауырым-айлап” еңіреді.

* * *

Жан жарына деген сағынышы жүрегін езіп, жүрген Гүлшат Ғанидың жүз күндік асын өткізіп болған күннің ертесіне өзін ерекше сезінді. Іші бүре ауырып мазасын қашырды. Біреуге барып айтайын десе қимылдауға шамасы келетін емес. Шамасы ас өткізерден алдын кішкентай үйдің кір-қоңын жуып, тазалағаннан болар. Әйтеуір ауырып шыдатар емес. Іші аурып жанын жеп бара жатса да, орнынан әлсірей тұрған Гүлшат көрші келіншектің үйіне қарай жүрді. Үйіне тиіп тұрған үйге жету Гүлшат үшін азапқа айналып кетті. Сол үйге жеткенше он отырып, он тұрған шығар. Әйтеуір темір дарбазалы үйге де жетті-ау. Есікті ашты да ары қарай жүре алмастан , айналған басынан өзін ұстай алмаған келіншек құлай берді. Жығылып бара жатып:

— Аа-а-а,-деп айқайлап жіберді. Үйде сәбиін емізіп отырған Анар қатты шыққан дауысты есітіп орнынан тұра сала есікке жүгірді. Дарбаза алдында жатқан Гүлшатты көріп қорқып кеткен Анар:

—Е, Алла өзің сақтай көр! Тым құрыса өзін, аман алып қала гөр!-деп Құлап жатқан Гүлшаттың қасына барып демей берді. Үлкен баласын көлігі бар көршісіне жүгіртіп жіберді. Өзі есін білмей жатқан келіншектің жанында. Осы кезде көлікті зулатқан көршісі де келіп жетті.

Аллаға шүкір, Гүлшат жалғыз қалмапты. Жанында өзін қиналған сәтте демейтін, оның адалдығын бағалайтын, жандар да қалыпты. Зулап отырып аудандық перзентханаға жеткен көліктегі жағдайы ауыр келіншекті мейірбикелер ішке алып кіріп кетті. Екі көршісі есікке телміріп қала берді. Олардың қолынан бар келгені Аллаға жалбарыну ғана. Иә, тек ауыздарына Алланы алып күтіп отыр. Бейне өздерінің туысқандары босанатындай, өздерінің үйіне сәби келетіндей есікке телміріп дәрігердің шығуын күтуде. Есікке қарай-қарай көзі талған Анарға іштен шыққан дәрігер:

—Әпке, босанып жатқан кісі сіздердің адамдарыңыз ба?-деді. Селк ете қалған Анар:

—Иә, қалқам, тыныштық па?-деді.

—Иә, әпке сүйінші ол егіз ұл босанды!-деп саңқ ете қалды. Асыққанда қалтасына ештеңе де салып шықпапты. Жаутаңдап көлікті айдап келген көршісіне қарады. Ол да қалтасын қарманып жатыр, қолына бірнеше қағазды алып жас қыздың қолына ұстата берді.

Арасында:

—Рахмет, рахмет,-деп қояды.

Міне осылайша Гүлшат өмірге егіз перзент алып келді. Қолдары жыбырлап, көздері жылтырап өмір үшін күрескен қос перзентін көрген Гүлшаттың көздері жасқа тола берді. Олардың егіз екенін көрген кезде жаны одан сайын не қуаныштан, не болмаса өкініштен езіле берді. Есіне өлер алдында айтқан Ғанидың сөздері түсті. “Иә, сенің ішіңдегі перзенттерім егіз болады. Иә, олар егіз, сен олардың екеуін де бағып-қағуың керек. Олар мен аңсаған, сен армандаған жандар болып жетілуі керек,” деген сөздер Гүлшатқа ерекше қуат берді. Оны мына өмірге қайта алып келгендей болды. Иә, мына сөздер Гүлшатқа өмірмен алысу үшін, тағдырмен күресу үшін үлкен күш, жігер берді. Жан жарының соңғы демі үзілгенше айтқан сөздері, сол кездегі мөлдір жанары бәрі-бәрі көз алдынан бейне кино лентасындай өтіп жатты. Қос құлынына қарап жатқан келіншек олардың қолдарынан сипап:

—Сендер мен армандаған, Ғани аңсаған биікке шығуларың керек жәндерім!-деп еңкілдеп жылап жіберді. Бірақ бұл көз жастар өкініш жастары емес, қуаныш жастары еді.

Босанғанына екі күн болған Гүлшаттың ізінен Анар көршісі күн құрғатпай келіп тұр. Өзі емізулі сәбиі болса да, үйде шиттей балалары болса да Гүлшатқа келуге уақыт табады. Оның мына жүрісінен риза болған, бір жағынан ұялған Гүлшат:

—Анар барлығы үшін, барлығы үшін саған рахмет, жаным. Сен болмағанда мен не істер едім? Үлкен рахмет саған! Сеніңде балаларың бар, оның үстіне күйеуің бар, көп уақытыңды мен үшін бөле берме, онсыз да біраз салмақ салдым емес пе?-деді. Оның мына сөздерін естіген Гүлшат:

—Қойшы, бір күні сен үшін келемін, бір күні ана екі тентек үшін, ал тағы бір күні Ғани үшін…-деп барып тоқтап қалды. Оған күле қараған Гүлшат, рахметін жаудыратын.

Бірде бөлмеге екі кішкентайды көтеріп кірген мейірбике қыз:

—Сізге терезеден біреу келіп тұр. Күйеуіңіз-ау деймін,-деді. Жүрегі қатты соғып кеткен Гүлшат:

—Сіңлім, менің күйеуім жоқ! Ол оралмас сапарға аттанып кеткен,-деді мұңая. Мұны естіген қыз өз сөзіне ұялып қалды да, қайта-қайта кешірім сұрады.

“Кім болды, екен?” деп ойлаған Гүлшат терезеге жақындады. Төменге көз салған келіншек қорқып кетті. Иә, жүрегі дүрсіл қағып кәдімгідей дірілдеп кетті. Төменде қолында бір құшақ гүл шоғы бар, ыржиып қайнағасы Сағи тұр еді. Иә, тап соның өзі. Оны көрген Гүлшат не ары кете алмай, не сыртқа басын шығара алмай терезеге телмірді де қалды. Ар жақтан қол бұлғаған қайын ағасы мұны көріп қойды, енді амал жоқ, басын терезеден шығаруға мәжбүр болды.

—Оу-у, келінжан, амансың ба? Кішкентайлар құтты болсын? Өздері тым тәтті шығар-ау, жақсы ма ол бұзықтардың жағдайы?- деп бейне ештеңе болмағандай сөйлеп тұр. Түкке түсінбеген Гүлшат тек қана басын изей берді. Сағидың бұл келісінің ізінде қаншалықты ызғар бар екенін, қаншама зұлымдық, арам ой бар екенін жас ана кеш ұқты. Иә, кейін білді,не үшін жасалынған қадам екенін.

* * *

Анардың зыр жүгіргенінің арқасында перзентханадан шыққан Гүлшат, алдыменен екі құлынын алып барып суретке түсірді. Онда да мұны қоярда қоймай үгіттеген Анар еді. Соның айтуымен әлі қырқынан шықпаған қос сәби алғашқы суретке де түсіп үлгерді.

Үйіне келген жас анаға Анар барынша көмек көрсетті. Ешқандай көмегін аямады. Бірақ, қанша дегенмен оның да балалары бар емес пе? Қашанғы олардың аузынан жырып бұған алып келіп береді. Осыны ойлаған Гүлшат өткенде ғана жібіген қайын ағасының үйіне барды. Екі шақалақты Анарға тастап соның есігін қақты. Әттең осы істеген ісі үшін өмір бойы өкініп жүретінін сезгенде бар ғой, білгенде бар ғой! Маңынада жоламас еді! Иә, маңына да бармас еді ғой!

Есіктен имене кірген келінін көрген Сағи оған көзімен ішіп-жей қарады.

—Амансыз ба, аға?-деген Гүлшатқа:

—А-а, Гүлшатжан сен бе? Қалың қалай? Балаларың жақсы ма?-деп “келін” дейтін ағасы “Гүлшатқа” өтіп кетіпті. Алғашқы сөзінен-ақ қорқа бастаған келіншек не де болса ақырына дейін көрмек болды.

—Рахамет аға! Бәрі де жақсы! Тек сіздің біршама көмегіңіздің керек болып тұрғаны,-дегенді әрең қол-аяғы дірілдеп айтты.

—Не де болса айта бер қарағым. Сенен аяғанды ит жесін! Сендей сұлу келіншекке малың былай тұрсын, жаныңда садаға ғой! Айта бер!- деген сұм Сағи өз ойының бір бұрышын сездіріп те өтті.

—Маған азғантай қаражаттың қажет болып тұрғаны,-деді. Мұны естіген Сағи:

—Ее-е, ол табылады ғой,-деп ішкі үйіне кіріп кетті. Біраздан соң қолына бір бума ақша ұстап шыққан Сағи оны Гүлшатқа ұсына берді. Ақшаны ала берген келіншектің қолынан тартып қалған Сағи, Гүлшаттың бүйрек тұсына қолын жүгіртіп өтті. “Дір” ете қалған Гүлшат:

—Қолыңызды тартыңыз!-деп айқайлап жіберді. Оған күле қараған Сағи:

—Немене ақшаны тегіннен-тегін алып кетемін деп тұрсың ба? Кімді көрдің ақшаны солай бере салған! Алдыменен өтеуін өте содан соң!-деп келіншекті өзіне тарта беріп еді. Айқайлап жіберген Гүлшат, үстел үстіндегі пышақты қолына алып үлгерді.

—Жақындамаңыз! Пышақты салып аламын, жақындамаңыз!-деп еңіреп жіберген келіншек артқа шегіне берді. Келіншектің қайсарлығынан қорықпаған Сағи оған тағы да атыла бергенде, өткір пышақ қолын осып өтті. Оның қан атқылаған қолына қарап тұрып жылай сөйлеген Гүлшат:

—Тым құрыса, менен қорықпасаң да, менен ұялмасаң да, өлген ініңнің әруағынан қорықпадың ба? Құдайдан қорықпайсың ба? Менде нең бар, нең? Ана сәбилердің көз жасынан қорықсаң нетті? Солардан…- деп еңірей сөйлеген Гүлшат,-мола кезгір неме?-деді де үйден жүгіре шығып кетті. Қолындағы қыса ұстаған ақшаны босағада тұрып Сағидың бетіне шашып жіберді. Бетіне тиген ақшаларды қолдарымен аялаған Сағи Гүлшаттың ізінен:

—Соны ұмытпа, мен мына жасағаныңда алдыңа келтіремін! Иә, әлі – ақ, бұл істеген ісің үшін өкінесің!-деп айқай салып қала берді.

Үйіне жол бойы еңіреп келеді. Иә, жан жүрегі езіліп жылап келеді. Ары-бері өткен жұрт жас келіншекке аяй қарайды. Енді біреулері, күле қарайды. Гүлшатты олардың қарағаны емес, ана адам емес екі аяқты айуан қайын ағасының қылығы жылатып келеді .

Үйге еңірей кірген Гүлшатты көрген Анар:

—Не болды?-деді. Діріл қаққан келіншек:

—Анар! Ол мені… Ол мені төсекке сүйреді! Ол малғұн, мені, менің адал арымды былғағысы келді! Иә, ол мені қорламақ болды? Қалай? Қалай ғана дәті барады? Не деген тас жүрек жан? Менен қорықпаса да, Алладан, әруақтан неге қорықпайда ол? Неге? Мыналардың көздерінен, шырақтай жанған көздерінен неге қорықпайды?-деп қос құлынын құшағына қыса берді.

Оның еңірей жылағанына Анар да қосылып жылай берді. Иә, оның да көздеріне жас үйірілді. Бірақ, Гүлшат мұның бірінен де қайтпады, сонда да өмір үшін, болашақ үшін, перзенттерінің бақыты үшін күресті. Иә, солардың болашағы үшін алға ұмтылды. Жаңа өмірге жылжыды. Сонда да, жейтін наны болмаса да, киерге киімі болмаса да, алға ұмтыла берді.

Оны болашаққа жетелеген Ғанидың соңғы сөздері еді…

* * *

Кешегі қайын ағасының қылығына күйінген Гүлшат түнімен жылай – жылай ісінген көздерін әрең ашты. Анадай да қос бесікте жатқан екі егізі де оянып алып көздері бақырайып жатыр. Қатты шаршаған аналарын тәтті ұйқыдан оятқысы келмеген бе, олар әдеттегідей ыңырсып емшек сұрамастан, үнсіз жатыр. Оларға қараған Гүлшаттың жүзіне күлкі үйірілді. Оларды емізіп болған ол, сәл ойланды да, орнынан ұшып тұрды. Есіне әлдене түскен келіншек тез-тез жинала бастады. Бар ойы таңертеңмен барып мектеп директорының алдына кіріп өзіне лайықты жұмыс сұрау.Жүгіре басып Анардың үйіне барып еді, ол ерте тұрып төркініне кетіп қалыпты. Үнсіз басы салбырап үйіне келген Гүлшат бесіктегі Алмат пен Самғатты емізді де, жандарында тиіп тұрған мектепке оларды жалғыз қалдырып-ақ барып қайтуды жөн көрді. Екі егіздің басына сындырылған нанды ырым етіп қойды да, тез-тез басып мектепке аяңдады. Осы қылығы үшін, перзенттерін жалғыз қалдырғаны үшін өмір бойы жазаланатынын, тағдырдан қатал соққы алатынын ана байғұс сезді ме екен?

Мектепке барып директормен сөйлесіп қайтқан Гүлшаттың қуанышында шек жоқ. Ол кісі артық ауыз сөз айтпастан жұмысқа қабылдайтынын айтты. Қуанғаннан тез-тез құлындарына асыққан Гүлшаттың алдынан құрдас келіншек шыға қалды. Онымен біразға дейін сөйлесіп, тұрып қалғанда барып балалары есіне түскен келіншек асығыс үйіне қарай жүгірді. Көше бойлап тез-тез үйіне кіре беріп еді, алыстан қайын ағасының сұлбасын көрді. Жүрегі дүрсілдеп қорқып кетті. Бірақ ол арқасына бұрылмастан, қолына екі қолдап ұстаған затына тігіліп қарап көше қуысына бұрылып кетті. Содан соң барып “үһ” деп терең дем алған келіншек ерте қуанып қойған екен. Иә, ол тым ерте қуаныпты. Есіктен кіре бере жылаған баласының үнін естіген Гүлшат бөлмеге кіріп барған еді. Бір бесікте Алмат жатыр шыңғырып, ал екінші бесік… Иә, екінші бесік бос жатыр. Қол бауы шешіліп, әр жерде сәби жөргектері шашылып жатыр. Мұны көрген Гүлшаттың жүрегі су ете қалды. Емшек іздеп шыңғыра жылаған Алматты, жалма-жан бесіктен шешіп алып көтерді де, еңірей қайын ағасы кеткен жаққа қарай жүгірді. Асығып-аптығып келе жатып:

—Жаным-ау, Самғатым-ау, құлыным-ау қайда алып кетті сені? Қайда? Жо-жоқ! Жаным, мен сені ол жауызға беріп қомаймын! Жоқ! Мен сені міндетті түрде ол айуаннан тартып аламын! Жоқ, ол арсыздың қолына сені беріп қоймаймын, құлыным менің!-деп жанын жеген азаптарын сыртқа шығарып қояды. Сәбиін құшағына қысып, өкпесі өше жүгірген келіншек, тағдырдың таразысы болатын уақыттан кеш қалыпты. Иә, ол барғанда қайын ағасы әлдеқашан есіктерін құлыптап кетіп те қалған екен. Ешкім жоқ үйдің терезелерін ұрғылап зар жылаған Гүлшат күңіреніп қала берді. Шарқ ұрып сәбиін іздеген ана жүрегі дүрс-дүрс соғып алқынуда. Ары жүгіріп, бері жүгіріп Самғатын іздеуде. Өз бауырын енді қайтып көрмейтінін сезгендей болған қырқынан да шықпаған Алмат та, шырылдап Гүлшаттың қолында тұратын емес. Өзі еңіреген ана, жылаған Алматына қосылып жылауда.Жыламайын десе де құлынына деген сағыныш қоятын емес, зар еңіретуде.

Қолына Алматын көтерген Гүлшат кіп-кішкентай ауылдың барлық жерін шарлап шықты. Бірақ Сағидың басқан ізі де жоқ. Ешкімге өзінің жанын жеген зарын айта алмаған келіншек мұңайып қала берді. Кімге барып айтады? Не дейді? “Қайын ағам баламды алып кетті?” дейді ме? Қалай айтады? Оның бұл сөзіне кім сенеді? Осыны ойлағанда зар жылаған ана жүрегі еңірегеннен өзгеге бара алмады. Қолындаға Алматын қайта – қайта сүйіп, қайта-қайта құшағына қысып:

—Енді ешқашан, ешқашан сені жалғыз қалдырмаймын балапаным менің! Жарығым, жұлдызым менің!-деп еміренуде.

Сәбиін іздеп таба алмастан, жаны құлазып, жүрегі жараланып қайтқан Гүлшат үйіне келе сала өткенде ғана Анардың айтуымен түсіріп алған Алматы мен Самғатының суретін қолына алды. Сол суретті құшағына қысып ұзақ уақыт еңкілдеп жылады. Өзін-өзі тоқта та алатын емес, өксіп- өксіп жылайды. Суретті қолына алды, Алматын құшағына қысты да, ауылдың шет жағында тұрған молаға келді. Иә, мола басына келді де, Ғанидың төмпешігінде тұрып:

— Неге? Неге мені тастап кеттің? Не үшін? Маған сенің қолдауың қажет-ақ! Қажет-ақ… Кімге? Кімге сүйенемін? Неге тастап кетесің? Мына жауыздыққа толы өмірге неге мені тастап кетесің? Қалайша? Жаным, ол менен алып кетті! Самғатымды алып кетті! Кешір сен мені! Кешіріші Ғани! Сенің әруағыңның алдында берген алғашқы сертімді орындай алмадым! Иә, мен өз сөзімнің үстінен шыға алмадым! Бірақ, әлі де талпынамын жаным, иә әлі де күресіп бағамын!-деп езіле берді. Даланы қара түнек жапқанша Алматын құшақтап мола басында отырған Гүлшат түн қараңғысында үйіне оралды.

* * *

Арадан қаншама уақыт өтті. Самғатын сағынған ана жүрегі, сезеді, иә сезеді оның тірі екенін. Мына жалғанда жер басып жүргенін, ана жауыздың қолында, екенін, әйтеуір бір күні оралатынын Гүлшаттың жүрегі сезеді. Самғатын жоғалтқаннан кейін, қайсар да өр келіншек ендігі болашағы үшін күресті. Алматы үшін, жоғалған сәбиі Самғатын табу үшін бәрі-бәрі үшін күресті. Аянбай еңбек етіп Алматын ер жеткізу үшін жұмыс талғамастан істеді. Гүлшат мектептің әжетханасын да тазалады, бара-бара еденін жуды. Ол үшін не істесе де, қандай жұмыс жасаса да бәрібір еді. Әйтеуір енді төртке толған Алматы тарықпаса болғаны.

Бүгін күн сенбі, мектеп ұжымында бір айлық жалақыны берді. Қолына адал еңбегінің ақысын алған Гүлшат ертеңіне жексенбі күні орталық базарға барды. Жетегіне Алматын алып базар аралап жүрген Гүлшаттың көзі анадайда көп ақшаны санап қалтасына салып жатқан Сағиға түсіп кетті. Иә, ол мына жауызды жазбай таныды, тап соның өзі! Жүгіріп барып, бетіне шапалақпен салып қалды. Сарт ете қалған шапалақтан есін тез жинап алған Сағи, Гүлшаттың бетіне бажырайып қарап тұрды да, қарқылдай күліп жанындағыларға:

—Мына әйелді танисыңдар ма? Бұл сұлу келіншек шатасып қалды-ау шамасы? Әлде біреу-міреуге ұқсатты ма? Кім білсін? Сізді танымадым? Мүмкін кімді іздеп жүргеніңізді айтарсыз?-деді. Ызадан жарылардай болған Гүлшат:

—Жауыз, менің баламды қайда жібердің? Қайда?-деп оны иығынан ұстап жұлқылай берді. Сонда да міз бақпаған Сағи:

—Сіз, қандай бала жайлы айтып тұрсыз? Менің балам былай тұрсын, әлі әйелімде жоқ қой! Солай ма жігіттер!-деп тағы да кекесінге басты. Жаны қиналып кеткен Гүлшат:

—Өміріңде жақсылық көрмегір! Менің аналық көз жасымның киесі ұрғыр! Баламның ана сүтін іздеп шарқ ұрған сәби көңілінің киесі ұрғыр! Қаңғырып кеткір, жауыз!-деді де бетіне былш еткізіп бір түкіріп кетіп қалды. Жол бойы жылап келген анасына жаутаңдап қараған Алмат:

—Мама, жыламашы. Мен ол кісіні үлкейгенімде ұрып-ұрып алдыңа алып келемін! Иә, сен тек қана жыламашы,-деді. Алматтың мына сөздеріне еріксізден күліп жіберген Гүлшат, оны құшағына қысып тұрып: —Жоқ, балапаным, мен жыламаймын! Жоқ, қайта мені жылатқандарды жылатамын! Иә, бізді жылатқан жандарды жылатамыз!Сен аман болсаң бәріне де үлгереміз!-деді.

* * *

Одан кейін тас тағдыр Гүлшатқа нелерді көрсетпеді. Қара қыста отын жоқ, қатып қалайын деп бүріскен кендері. Елден жылу жинап ұн сатып алған кездері, жалаңаяқ Алматын қолтығына қысып мектепке алып барған кездері болды. Сонда да Гүлшат түңілмеді. Түңілгісі келмеді. Алматының болашағынан үміт күтті. Үміті ақталды да, міне бүгінде жоғарғы оқу орнына өз күшімен түсіп. Оны қызыл дипломға бітіріп, жұмыс істеп анасының өзі үшін қиған бақытын қайтаруда еді. Бірақ, бұдан қаншама уақыт алдын жабысқан мына ауыр дерт анасын үйленуіне қаратпастан алып кетейін деп отыр.

Өзінің ащы тағдырының елестерін бір сәтке көз алдына келтірген Гүлшат төсегінде жатып жылап алды. Оған қосылып анасының қасында оның аузынан шыққан әр сөзді ұйып тыңдап отырған Алмат та жылап жіберді. Үнсіз қалған анасына қарап:

— Мен қалайша сезбегенмін? Қалайша мен білмегенмін? Өзімнің сыңарым бар екенін қалай ғана, қалай ғана білмегенмін? Мама, сен Самғатты іздедің бе? Сол базарда көргеннен кейін жаңағы Сағиды көрдің бе, мама?-деді. Ұлына жасқа толы жанарымен көз салған Гүлшат:

—Жоқ, жаным, мен оны қайта айналып көрмедім! Егер бір рет сол Сағи жауызды көрсем ғой, мен соны бір рет көрсем ғой! Самғатымның қайда екенін сұрайтын едім! Иә, сенің ағаңды ол жауыздың қайда алып барғанын кімдерге бергендерін, не болмаса Самғатымның қайда қалғанын сұрайтын едім! Амал не, бұл менің жылдар бойғы арманым, өмір бойғы мақсатым еді, қайтейін жете алатын емеспін ғой! Тым құрыса сол Самғатымды бір рет көрсем ғой! Бір ғана рет, екеуіңнің бірге отырғандарыңды көріп өлсем арманым жоқ еді! Тек мына қатал дерт оған жеткізбестен желкемді қияйын деп отыр ғой! Өзегімді өртейтінін екеуіңді, ағалы-інілі екеуіңнің бір-біріңді көрместен жат болып өскендерің. Әкелеріңнің алдында берген сертімді орындамағаным. Иә, сол екі сезім ғана арымды, жанымды азапқа салуда. Солар ғана өзегімді өрттеуде! Егер алда-жалда мен бірдеңе болып кетер болсам, ұмытпа, сенің сыңарың бар! Иә, ол сенен аумайды! Егер тағдыр жазып кездесе қалсаңдар менің атымнан, соңғы аманатым болсын кешірім сұра жан ботам! Әттең, екеуіңді қоса алмадым! Ақылды баласың ғой, қарағым, өзің іздеп табарсың! Егер тапсаң менің бейітімнің басына алып келерсің! Қарағым, басыма келіп екеуің құран оқырсыңдар! Сол Самғатыма деген сағыныш жылдар бойы өзегімді өртеп келді, тым құрыса басыма құран оқығанда бір аударылып қалармын! -деп Гүлшат үнсіз ғана басын жастыққа қойды. Анасының мына сөздерін есітіп жүрегі сыздаған Алмат:

—Мама, олай демеңіз! Сіз Самғатты міндетті түрде көресіз! Иә, сіз оны көресіз! Мен сол Сағиды іздеймін, мен оны табамын! Мама, сол Сағидың суреті бар ма?-деген Алмат орнынан тұрды. Басын изеген Гүлшат:

—Анда,-деп сөрені нұсқады. Көп суреттің арасынан бірнеше суретті бөліп алған Гүлшат оны Алматтың алдына тастады.

Суреттерге үңіліп қараған Алмат үнсіз қалды. Ол мына суреттегі адамның бетіне ұзын болып қырынан түскен шрамды бір жерде көргендей болды. Сәл ойланған Алмастың көз алдына жаңа ғана базарда көрген, иә, базарда көрген қаңғыбастың бет әлпеті түсіп кетті. Оның да бетінде, дәл осындай, шрамы бар еді. Тағыда ол қаңғыбас мына суреттегі адамға да қатты ұқсайды екен. Осыны ойлап, өз ойынан өзі селк ете қалған Алмат:

—Мама, мен оны көргенмін! Иә, мен оны бүгін ғана көрдім!-деп айқайлап жіберді. Айқай салған Алматтың сөздерінен селк ете қалған Гүлшат мына сөздерге сенерін де, сенбесін де білмей дал болды. Тіпті ауырып жатқан іші-бауырында ұмытып кеткендей. Басын көтеріп Алматқа:

—Қайдан? Қай жерден?-деп жатыр. Анасына қуаныштан жайнаған көздерін бұрған Алмат, жаңа ғана базар маңында көрген көше қаңғыбасы жайлы айтып берді. Сол қаңғыбастың түрін сипаттағанда Гүлшат ол қаңғыбастың шынында да Сағи екеніне сенейін деді. Орнынан тұрған Алмат үйден шығып кетті. Оның қайда бара жатқанын жақсы сезген Гүлшат үнсіз арқасынан қарап қала берді. Іштей ұлына ақ жол тілеген ана жүрегі қайта соққандай. Бейне өмірге қайта келгендей дүрсіл қағып жатыр еді.

* * *

Жаңа ғана келіп кеткен орталық базарға қайта келген Алмат бағанағы қаңғыбасты кездестірген жерге келді. Бірақ, ол жерден көрінбейді. Іздеген қаңғыбасын таппай қалған Алмат анадайда тұрып картоп сатып жатқан адамның қасына барды. Өзінің жоқ іздегенін айтып еді. Әлгі жігіт ағасы күліп:

—Інім-ау бұл жерде қанша ма қаңғыбастар бар емес пе? Қазір не көп көше кезбелері көп? Кім білсін сенің қайсы бірін сұрап жатқаныңды? Оны қайтейін деп едің, егер көмектесуге ақша бермек болсаң онда ол асып бара жатқан ақшаңды мешітке, не болмаса жетім-жесірге бер. Өйткені олардың күні қиындап барады. Ал мыналарға берсең, арақ ішіп-ақ тауысады ғой. Мейлі інішек қатты қажет болса біздің базардың қаңғыбастарын қай кезде табуға болатынан айтайын. Базар тарқай бастағанда осындағы барлық қаңғыбас босап қалған сауда сөрелерін аралайды. Өйткені сол жердегі қалған-құтқандарды қорек етеді. Қаласаң кешірек кел, барлығында сауда сөрелерінің жанынан табасың,-деген сатушы өз білгендерін айтып болды да, ісіне кірісіп кетті.

Сатушы жігітке рахметін айтқан Алмат үйіне қайта оралды. Есіктен кірген Алмат, жақсы хабар күтіп елеңдеген анасына:

—Мама, еш уайымдамаңыз! Оны кешке жақын іздеп тауып аламын. Міндетті түрде Самғаттың қайда екенін айтқызамын. Тек көп уайымдамаңызшы,-деп анасының маңдайынан сүйді.Ұлына ойлана көз тастаған Гүлшат:

—Балам, бір өтінішім болсын, егер шынында да сен көрген адам сол болса, шашына да қол тигізбе. Тек Самғаттың қайда, кімде, не болмаса қай жерге жерленгенін білсең болды. Менің осы сөзімді ұмытып кетпе,- деді. Алмат өзін сонша қинаған жанға әлі де болса жамандық тілей алмаған анасының кең пейіліне басын шайқай берді.

Күткен кезде кештің де батуы қиын ғой. Кіріп-шығып кешті әрең батырған Алмат қайтадан базар маңына барды. Иә, сатушы жігіт алдамапты, біраз қаңғыбас сол маңда жүр. Бірақ, олардың арасынан Алмат өзі іздеген адамды таба алмады. Барып бірнешеуінен сұрап көріп еді, иығын көтеріп үнсіз қалған олар дұрыс жауап та қатпады.

“Не де болса көрейін” деген оймен Алмат базардың шет жағында орналасқан қоқыс тастайтын жерге қарай аяңдады, ойынша “бір болса, сол жерде болар” деп келеді. Иә, шынында да ойы алдамапты. Қоқыстың шет жағында отырған өзі соғып өткен, бетінде шрамы бар кісіге анықтап қарады. Қараған сайын әлгі кісі дәл сол бір анасы көрсеткен суреттегі Сағиға қатты ұқсап барады. Тек қана оны онша ұқсатпай тұратын, бет- аузын басып кеткен сақал-мұрты ғана.

Түсіне кірген Гүлшаттың елесінен кейін Сағидың тартып-таласып ішетін қолдан жасалған араққа да зауқы соқпай қалды. Тек бар ойлағаны сол, келінінен қалай ғана кешірім сұрау. Қалай да болмасын, сол өзі азап сыйлаған, жанды тауып алып аяғына жығылып кешірім сұрау. Осы ой жаннын жегідей жеген Сағи, өзіне қарай, қоқысты айналып өтіп келе жатқан жігітті көріп. Ойланып қалды.Келе жатқан жігіт базар маңындағы бейтаныс, танысы екен.

Сағидың қасына жеткен Алмат:

—Сағи, деген кісі сіз бе?-деді. Иә, қоқыс аралап кеткелі бері өзінің шын есімін естіп тұрғаны осы шығар. Өйткені базар маңында мұны жұрттың бәрі “шрамды қаңғыбас” деп атайтын. Тіпті өз есімін ұмытып қала жаздағаны қашан? Өзінің шын есімін естігенде, орнынан ұшып тұрып селк ете қалды. Қарсы алдында тұрған жігітке ойлана көз тастап барып:

—Иә, мен,-деді.

—Әттең, сені өз қолдарыммен майдалап тастайтын едім. Иә, сені мына тұрған жеріңде өмірден бездіріп жіберер едім. Бірақ, әттең анамның бір ауыз сөзі үшін, шыдап тұрмын. Иә, сол асыл анашамның жалғыз сөзі ғана сені сақтап қалған,-деп діріл қаққан Алмат сәл ойланып тұрды да:—Мені, Гүлшат жіберді,-деді қатқыл үнмен.

Гүлшаттың есімін естіген Сағидың көздері шарасынан шыға жаздады. Иә, қаншама уақыттан бері, “кешірім сұрасам” деген арманының бәрі бекер екен. Иә, Гүлшаттың атын естігенде бір орнында тұра алмай қипақтап кетті. Өзінің қателігімен, өзінің айуандығымен, өзі жасаған қылмысы мен бетпе-бет кездесу ауыр тиетінін, Сағи сонда барып сезінді. Ол, сонда барып түсінді, шындықпен бетпе-бет келудің қандай екенін, сонда барып ұқты. Өзіне тесіле қарап атып жіберердей болған, жас жігіттің Гүлшаттың ұлы екенін де, сол бір өзі алып кеткен егіздің сыңары екенін де айтпай ұқты. Өйткені мына жігіттің көздері, Гүлшаттың ботадай жайнаған мөлдір көздерінен аумайтын. Сонда да түк ұқпаған жандарша:

—Оның кімі едің?-деді.

—Білгің келеді ме? Мен Гүлшаттың ұлымын. Бір кездері сен алып кеткен егіздің сыңарымын. Бір кездері сен қарамай теріс айналған Ғанидың баласымын, бір кездері бесікте сен тастап кеткен сәбимін. Бір кездері, қан                          базардың қақ                         ортасында Гүлшатты келеке етіп қаралағаныңда жетегінде жүрген қара баламын! Иә, көр! Міне, көр сенің арам ақшаңсыз-ақ бақытты жолды таба білдік!-деп барып көздеріне келген жасты көрсеткісі келмеген Алмат қайтадан көзілдірігін киді.

Жас жігіттің сүйектен өтер сөздерін тыңдап тұра алмаған Сағи, өз араның алдында, өзінің ұятының алдында есеп берер кездің келгенін ұққандай.

—Ол қазір қайда? Мені Гүлшаттың алдына алып баршы,-деп жалынғандай болған Сағиға:

—Жоқ, оның сені көргісі де келмейді! Одан да өзің алып кеткен баланың қайда екенін айт? Қайда ол? Жауап бер? Менің сыңарым қайда?- деген Алмат Сағидың жағасына жабысып барып өзін ұстап қалды. Өзіне шүйліккен мына жас жігітке айтпаса болмайтынын сезген Сағи өзінің өмір жолын баяндай бастады.

* * *

Қолына кірген пышақтың ізі сыздап ауырып барады. Оның үстіне ана Гүлшатқа деген ызада жаны жеп қояр емес. Ақыры болмаған соң, өзінің арам жоспарын іске асыруды ойлаған Сағи Гүлшаттың үйінің маңын біраз уақыт торуылдады. Өзінің осыншама уақыты босқа кетпепті. Үйден жалғыз өзі шыққан Гүлшат көрші үйге барып қайтты да, үйіне кіріп біраздан соң қайта шығып мектеп жаққа қарай аяңдады.

Осы кезді пайдаланған Сағи үйге кірді де бесікте жатқан егіз сәбидің бірін шешіп қолына алды да, көп тұруға болмайтынын есіне түсіп үйден шығып кетті. Шақалақты қолына қысқан ол, арқасына жалтақ-жалтақ қарап тез-тез басып көше қиылысына бұрылып кетті. Үйіне келе сала, бар ақшасын алды да, баланы аузы ашық сөмкеге салып алып жолға шықты. Шыға сала өткінші тасидың бәрін тоқтатып мінді де кете барды. Сол кеткеннен жол бойы жылаған сәбиге де қарамастан қалаға жетіп келді. Келе сала өткенде өзі келісіп қойған досына барды. Тас тағдыры бір перзентке зар етіп қойған досы бұл баланың ұрланып келінгенін, анда жаны азапқа салынып анасы қалғанын сезбегенде еді. Өйткен оған Сағи өзінің қарындасының баласы екенін, біреумен шатасып қалғанын сондықтанда ел-жұрттың алдында масқара болмай тұрғанда құтылу керектігін түсіндіріп те қойған еді. Оның жары да қырқынан әлі шыға қоймаған балпанақтай ұл баланы көріп қуанып кетті.

Сағидың қолына өзі қалағанша ақшаны салып емшек іздеп шырылдаған баланы алып қала берді.Иә, келінінің баласын сатып ақшалы болған Сағи сол кезде үлкен қателік жасап жатқанын, сәби жүректің наласына қалып жатқанын сезбеген де еді. Жылдар бойы сәбиін іздеп шарқ ұрған ана жүрегінің дүрсілінің киесіне ұшырайтынын сезгенде жоқ еді.

Зымыраған уақыт ағымында сауданың үлкен жолына түскен Сағи барған сайын құнығып кетті. Ел-елді аралап сауда жасап бірнеше жылдар бойы еркін өмір сүрді. Ол бір ғана нәрсені, өмірдің жазылмаған бір заңын ұмытып кетті. Кімге не көрсетсең, кімге не жақсылық жасасаң, не жамандық жасасаң алдыңнан қайтатынын, өзіңе қайта оралатынын ұмытқан еді.

Уақыт өте келе үлкен қораға кірген Сағи сол бір дәурен сүріп тұрған кездерінде үйленіп кетпегені үшін өкінді. Өзінің мойнындағы қарызын өтей алмаған ол үйін, дүние-мүлкін түгел дерлік қарызына құйды. Ең соңында келіп далада қалып қойды. Қалмағанда ше? Өзінің байлығы тасыған шақта кімге қол ұшын берген еді? Кімге көмектескен еді? Қайта қол ұшын берудің, көмектесудің орнына сол жанындағы адамдардың бақытын тартып алды емес пе? Сондықтанда барар жері, басар тауы қалмаған Сағи бірте-бірте көше қаңғыбасына айналып кете барды. Қоқыстарды аралап қалдықтар алғаш жеп жүрген кездерінде мұның бәрін уақытша деп ойлаған болатын. Алайда, бұл қаңғыбастық тас жүрек Сағидың маңдайына ойып тұрып жазылған тағдырдың жазасы елді. Иә, бір кездері өзі жылатқан жандардың көз жасы, өзі азапқа салған әруақтардың наласы, сәбиін іздеп шарқ ұрған ана жүрегінің дүрсілінің сарғайған сағынышының наласы еді.

Өзінің бейшара халіне қараған Сағи кеш ұқты, қателікке бой алдырғанын. Қоқыстарды аралап, бір тамағына талғау болар нәрсе таппай қиналғанда құлағына жылап тұрып айтқан Гүлшаттың мына сөздері түсетін еді: “Өміріңде жақсылық көрмегір! Менің аналық көз жасымның киесі ұрғыр! Баламның ана сүтін іздеп шарқ ұрған сәби көңілінің киесі ұрғыр! Қаңғырып кеткір, жауыз!”Иә, оның айтқаны, зар еңіреп тұрып тілеген қарғысы тура келді. Сағи сонда барып мойында да, ана қарғысының, ана қасіретінің, ана көз жасының соншалықты ұлылығын. Сонда барып ұқты өзінің қасиетті киеге ұшырағанын.

* * *

Өз сөзінің соңында күңірене күрсінген Сағи:

—Мен оңбай адастым. Иә, өзімнің сол кезде жасаған әр қателігім үшін өкінді. Қаңғыбас болып көше аралаған әрбір күнімде Гүлшаттың жылап тұрып айтқан сөздерін есіме алдым. Өз арымның алдында, өз ұятымның алдында есеп беретін осы күнді Алладан жалбарынып сұрап күттім! Зар еңіреп жылап күттім! Сол бір сәбиін іздеген Гүлшатқа өз перзентінің қайда екенін айту, менің жылдар бойғы арманым болды! Иә, тым құрыса ендігі өмірімде бір жақсылық, тым құрыса бір рет сауап іс жасағым келді. Мүмкін бұл сауап іс емес, өз қателігімнің жазасы шығар! Дегенмен мен осы күнді асыға күттім! Кешір айналайын, менің бауырымның тұяғы!-деп Алматты құшақтамақ болғанда басын тартып алған жігіт:

—Жоқ, менен емес! Менің алдымда емес, асыл анашымның алдында кешірім сұра! Білесің бе? Сезесің бе? Сен қандай қателік жасағаныңды, мейлі ақша бермесең берме, мейлі қол ұшын созбасаң созба, ал оның баласында, бауыр етің перзентінде нең бар еді? Неге, сәби жүректі жараладың? Сол ақшаны алып бақытқа жеттің бе? Қане жеткен биігің, қане сенің шыққан белесің? Қане сол жеткен бақытың? Ананы жылатып биікке шығу мүмкін емес? Білесің бе, сенің осы жасаған жауыздығың үшін анашым қаншама жылдар бойы азап шекті?-деп үнсіз қалған Алмат сәл ойланды да:

—Самғаттың қайда екенін айтшы? Маған сенен одан өзге ештеңе де керек емес?-деді қатқыл үнмен. Алматқа жалт қараған Сағи:

—Мен Гүлшатты көргім келеді! Тым құрыса бір рет аяғына жығылып кешірім сұрағым келеді!-деп көздерінен қырылмаған сақал-мұртын қуалай аққан жасты, кір-қожалақ қолымен сүрткен болды.

—Оның сені көргісі де келмейді, мені Самғатқа алып барасың, одан соң барып анамды көруіңе болады,-деді. де бұрылып кете берді. Алматтың ізінен басы салбырай ерген Сағи да келе жатыр.

* * *

Орал мен Шұға асырап алған балаларын алғашында өз балаларындай-ақ өсірді. Оған Арман деп есіп қойды. Уақыт өте келе өздерінің балалары дүние есігін ашқан соң Арманды бара-бара шетте те бастады. Мектепті бітіріп жоғарғы оқу орнынан түсу үшін талпынған Арман ата-анасына өзінің мақсатын айтқан болатын. Мұның сөздерін естіген олар үнсіз қала салған болатын. “Ойланып көретін шығар” деген үмітпен жүрген Арманның бұл үміті ақталмады.

Бірде ұйқысы келмей дөңбекшіген Арман түннің жарымында сыртқа шығып асханадан су ішпек болып өтіп бара жатқан болатын. Сонда әңгімелесіп отырған Орал мен Шұғаның сөздерін есітіп қалды. Иә, осы сөздер өз тағдырының жұмбағын да ашып берген болатын.

—Орал, мына баланың енді бізге қажеті де жоқ қой, ол түгілі өз балаларымызды асырап алайық. Не істейміз енді оны, оқуға түскісі келіп жұлқынып отыр. Мүмкін өзінің сатылып келген бала екенін, шешесі туып бас тартқанын, әншейін жалған сезімнен дүниеге келген бала екенін, ұлымыз жоқ болған соң асырап алғанымызды түсіндіріп айтып үйден шығарып жіберсек қайтеді?-деді. Мына сөздер құлағына анық жеткен Арманның жүрегі тоқтап қала жаздады. Иә, тура үстінен біреу келіп мұздай су құйып жібергендей болды.

Әйелінің мына сөзіне жекіп берген Орал:

—Қой, қайдағыны айтпа? Сол бала емес пе бізге құт боп келген? Сонша жыл бойы ата-анам деп келген жандардың өзге біреу екенін сезіну оңай дейсің бе? Қайдағыны шығармай жатшы!-деді.

Әкесінің сөздерін естіп тұрса да Арман түсінбей тұрған еді. Өйткені, төбесінен жай түскендей күй кешіп, көздерінен жас ағып жылап тұрғанын сезінді де , аналарға сездірместен қайта жатып қалды. Жатқан деген аты ғана ғой, түнімен ұйқы көрмей, ой жетегіне беріліп шықты. Өзінің естіп қойғандығын, бәрін-бәрін айтып салғысы келді. Бірақ, не де болса ақырына дейін күтпек болып үнсіз қалды. Дегенмен, сол күннен кейін Арман өзгеріп кетті. Бұрынғыдай ата-анасына мейірлене қарамайды. Бейне рөл ойнап жүргендей. Өзінің осы ойнаған рөлі үшін өкініп те қояды. Бірақ, одан өзге амал да жоқ.

Орал мен Шұғаның қарсылығына қарамаған Арман өз мақсатына білімділігінің арқасында жетті. Жоғарғы оқу орнына түсіп, студент атанып, ол оқуды да бітіріп жұмысқа да кірісіп кеткен еді. Өзі тырысып, мақсаты үшін талпынған баласына қарап сүйсінетін Орал, Шұғаның бір кездердегі сөзін қайта айтқызбай қойды.

* * *

Есік алдына келіп тоқтаған көлікті көрге Шұға қарап қалды. Көліктен түскен Арманды көріп аңтарылды да қалды.

—Е, Алла мына бала көлік мініп алған ба?-деп дауыстап айтып жіберді.

Есіктен кірген Алмат:

—Амансыздар ма?-деді. Даусы өзгешелеу шыққан жігітке жаутаңдаған Шұға не істерін білмей сасып қалды. Өйткені қарсы алдында тұрған өз баласы Арман емес пе? Өзінің амандасқанына үн қатпаған әйелге қарап қалған Алмат:

—Отағасы үйде ме екен?-деді. Vына сөзден кейін қарсы алдында тұрған жанның Арман емес екенін түсінген Шұға, басын изей берді.

Осы кезде көліктен Сағи да түсті, алба-жұлбасы шығып. Оны көрген Шұға бір орнында тас болып қатты да қалды. Иә, дәл баяғы өзі көрген Сағиды бұлай кездестіремін деп ойламапты.

Алмат пен түрі аянышты Сағиды көрген Оралдың да түрі өзгеріп кетті. Бар мән-жайды айтып берген Сағидың екі жүзді, тас жүректігіне таңданған Орал:

—Бұлай болар деп ойламаппын, бұлаq болар деп ойламаппын,-дей берді.

Осы кезде есікті ашып үйге Арман кірді. Үйде тұрғандар Арман мен Алматқа кезек-кезек қарайды. Құдайым-ау, мұндай да ұқсастық болады екен ғой?! Шұға болса күбірлеп:

—Е, Алла өзің сақтай көр! Е, жасаған, өзің көмектесе көр!-деп Алланы аузына ала берді.

Бір-біріне тігіліп қарап тұрған қос жігіттің жүректері шыдап тұра алатын емес. Бейне сол орнынан сыртқа шығып кететіндей алқындырып барады. Екеуі де, қатты соққан жүрек дүрсілінің әсерінен бір-біріне құшақ жая ұмтыла берді. Bә, әлі түкке де түсінбеген Арман өзінің мына қарсы алдында тұрған жігітпен шешілместей байланысы бар екенін сезіп те үлгерген еді. Өйткені егіз жандардың жүрегі қашанда бірге соғып тұрады емес пе?

Дүрс-дүрс соққан қос жүрек бір-бірін құшқан кезде, бейне тоқтап қалғандай бір сәтке екі егіз жігіт үнсіз дем алмастан қалды. Сәлден соң қайта соққан жүрек бұл жолы, алқынып емес, сабасына түсе соғысын қайта жалғастырды. Тіпті олардың егіз екенін бір көргеннен- ақ байқайсың. Өйткені, соншалықты ұқсастық, тек оларды ажыратып тұрған үстеріндегі киімдері мен, Алматтың маңдайында жарқыраған қалы еді.

Сағидың барлық сөзін мұқият тыңдаған Арман:

—Не деген ессіз адам едің? Бізде не кегің қалған еді?-деді де,үнсіз қалды.

Өзінің ізінен Орал мен Шұғаға бұрылып қарамай кетіп бара жатқан Арманды тоқтатқан Алмат:

— Ана екеуімен қоштаспайсың ба? Олар сені өсірген жандар ғой! Дәл қазір туған анаңның алдына барғаныңмен мына қарсы алдыңда тұрған жандар сен үшін одан да қымбатырақ,-деді. Арқасына бұрылған Арманға Шұға құшағын жайып ұмтыла берді.

* * *

Зулаған көлік үлкен қаланың мына шетінен ана шетіне зулап келеді. ішін,де отырған үшеудің де қуанsштарында шек жоқ. Армаy мен Алмат бір – бірін тапқандары үшін қуанса, Сағи өзі ажыратқан жандарды қайта табыстырғаны үшін бақытты еді.

Төсекте жатқан Гүлшаттың дем алысы қиындап барады. Сонда да есікке қарауын қоймайды. сыртта бірдеңе тықыр етсе болды, Алматы келгендей болп кетеді. Осылай өмір ымен өлім арасында арпалысқа түсіп жатқан Гүлшат есіктен кірген үшеуді көрді. Иә, бір-бірінен аумай қалған екі жігітті көріп:

—Құлындарым, менің! Келіңдерші! Самғатым менің, Самғатым! Келіңдерші бері! Құшағыма !-деп «рең қозғалып жатқан қолдарын аша берді.

Өзіңді өмірге алып келген ананың ақ құшағында екеніңді сезіну , соның ыстық демін сезіну кез-келген бала үшін бақыт шығар. Иә, одан артық бақыт, одан артық тәтті сезімнің болмасы анық!

Қос құлынын құшағына қысқан Гүлшаттың көздерінен қуаныш жасы мен қосы өкініш жасы шығып жатыр еді. Бақыттан шыққан көз жастары, қос баласының бірге екендігіне, солардың бірге болашаққа басқан қадамдарын көргеніне бақыттан еді. Ал өкініш жастары, сол екі құлынының бақыттарын көре алмайтыны, анадай терезенің пердесінің астынан жансыз бейне болып сығалайтыны үшін шығып жатыр еді. Бірақ, дегенмен Гүлшат бақытты еді. Иә, ол Ғаниының мүрдесінің алдында, бүкіл елдің алдында берген уәдесінің барлығын болмаса да біразын, орындап бара жатыр еді.

Көздерінен жас ағып, еңіреп езіліп жатқан, тағдыр ажыратқан, сол тағдыр тауқыметін өзі сыйлаған, өзі ажыратқан жандардың бір құшақта тоғысқандарына қарап тұрған Сағидың да көздері жасқа толып кетті. Ол мыналарды көріп, өз өмірінің босқа өтіп кеткенін, мына дүниеде тым құрыса әруағына құран бағыштайтын ұрпақ қалдырғанына өкініп еңіреуде еді.

Көздеріне жас алып есіктен қарап тұрған түрі қорқынышты Сағиға көзі түскен Гүлшат, өзінің жылдар бойғы өкінішін, өзегін өртеген қайғысын сыртқа шығарды:

—Бақытқа жеттің бе? Мені жылдар бойы еңіретіп, мақсатыңа жеттің бе? Жауап бер?! Жауап бер?! Сөйле! Қане жеткен биігің, қане шыққан бақытың? қайда? қайда? Қолыңа аялай ұстаған ақшаларың, байлығың қайда? Маған қимаған, мына екі егізге қимаған, ауру ініңе қимаған ақшаларың қайда? Олар сені бақытқа жеткізбеді ме? Менің арымды сатып алмақ болған ақшаларың қайда? Қайда солар? Жауап бер? Ініңнің моласына, тас орнатуға қимаған қайда сенің ақшаларың? Қайда сенің, бір кездердегі қайсарлығың? Қан базардың қақ ортасында бір жесір-жетімекті қаралаған қайда асқақтаған көкірегің? Қайда сол өр мінезің? Қайда кетті? Жауап бер?!-деп еңіреп жіберген Гүлшат әлсіреп барып төсегіне басын қойды.

Жастыққа жантайған Гүлшаттың аяқтарына жығылған Сағи:

—Кешір мені! Кешірші, Гүлшат! Мен адастым! Оңбай адастым! Кеш мені! Сенің жылдар бойғы көз жасыңның өзі, бір ауыз айтқан “қаңғырып кеткір, жауыз!” деген бір сөзіңнің өзі бүкіл ғұмырыма жетті. Иә, бүкіл өміріме жетті! Кешір мен Гүлшат! Сенің осы адалдығыңды, осы өрлігіңді қатал тағдыр маған жылдар салып мойындады! Иә, мойындадым сен биіксің! Сен бақытты болуға жаралған жансың! Кешір мені!-деді де, үйден үнсіз шығыпкете берді.

* * *

Асылдай аналарын жер қойнына берген Алмат пен Самғаттың екеуі де бүгінде үйленген. Алматтың егіз қызы бар. Әр бейсенбі сайын аналарын есіне алып отыратын олар, міндетті түрде құран оқиды.

Бүгін де күн бейсенбі еді, базарға азық-түлік алуға барған Алмат анадайда жатқан қаңғыбасты көрді. Үсті-басы адам көргісіз болып жатқан адамның не тірі екенін, не өлі екенін байқау қиын. Өйткені ол тірі өлікке айналған “шрамды қаңғыбас” еді. Ары-бері өткен жүргіншілер оның үстінен секіріп аттап өтіп жатыр, тіпті адам жатыр-ау дейтін емес…

Өз бағын өзгеден “жетім” сұрамасын,

Арман еткен биігі құламасын,

Қазағым, жетімің мен жесірлерің,

Екі көзі бұлаулап жыламасын.

НұрСая-Нұрсұлу БАЗАРБАЙҚЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған