ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗАЛАНҒАН ЖАН…

Бүгін де түнеріп ұйқысынан тұрған Жарқынай әрең дегенде шай қайнатып, дастархан жайды. Күйеуі Тұрар екеуі жыларман халде отырып шай іше бастады. Шай құйып отырып, тағы да тар қапаста жатқан ұлын есіне алды.

— Сорлы балам-ай, не күй кешіп жүр екен? Түрмеде оларға не жарытып тамақ береді дейсің? Енді қарғыс атқыр он екі жылдың екі айы өтті ғой, Тұрар-ау. Әлі қаншама айлар бар алда, мен сорлы баламды ойлай-ойлай ішқұса болып өліп кететін шығармын. Ең болмаса соның жарық дүниеге, бостандыққа шыққанын көріп өлсем де арманым жоқ еді, — деп ары қарай сөйлей алмаған ана байғұс еңкілдеп жылап жіберді.

Иә, екі иығы кемсеңдеп еңіреген Жарқынай жаулығының ұшымен бетін басып өксіп-өксіп жіберді. Өзін-өзі тоқтата алатын емес. Жан дегенде жалғыз ұлдың тас еденде жазықсыз жазаланып, адам өлтірмесе де, адам өлтірген болып қылмыскер атанып жатқанын ойлаған сайын ет жүрегі езіліп, жанын жай таптыра алмайтын еді. Екі айдан бергі әр күні, дастархан басындағы әр сөзі осылай жылаумен басталып, өксумен аяқталуда. Қай ананы бауыр еті баласының темір тордың ар жағында жатқаны қуантады дейсің? Сорлы Жарқынай осы  екі айда құр сүлдері қалып қатты азып кетті. Түрінен түр қалмай, азып-тозған оның тек бақырайған екі көзі ғана қалған. Олар да жылай-жылай су алып кетпесе жарар еді. Қазірше өлі қойдың көзіндей ғана жәудіреп қалған. Әйелінің сол бейнесіне түнеріп қарап отырған Тұрар:

— Қой Жарқынай, қайтесің өзіңді-өзің мүжи беріп? Алла соны көруді маңдайына жазған екен, барып қайтады да. Сен бұлай өзіңді-өзің езе берме. Екі айда жынданып кете жаздадың, он екі жылға дейін қалай шыдайсың? Одан да балаң оралғанша өзіңді-өзің күтсеңші. Әлі де кешірім тізіміне ілінсе одан да ертерек келеді, тек өзіңді сақтасайшы. Мен қайбір жетісіп жүр дейсің, менің де аза бойым қаза болып, езілемін де жүремін. Бірақ, еркек басыммен оны саған көрсетсем не болады? Одан да бір-бірімізге сүйеніш болайық. Ғалымжан әлі де осы өзіміздің қаламызда ғой, лажы болса оны осы жерден қозғатпай-ақ қояйық, сонда жақсы болады, сен де барып көріп тұрасың. Мен ертең келісімін берсе, барып түрме бастығымен сөйлесіп көремін. Әйтеуір, сол кәпірдің үйінен тірі оралса болғаны, байғұс балам, — деп ашыла сөйледі.

Тұрар көптен бері бұлай ашылып сөйлемеген еді.

— Неге тірі келсе дейсің, Тұрар? Құдай сақтасын! Құдай сақтасын, менің балам аман оралады. Ол мен үшін аман оралады! — деп тағы бірдеңе есіне түскендей тамағына тығылған ащы өксікті сыртқа шығара берді.

Еңіреп отырған әйелінің иығына қолын салған Тұрар оның арқасынан қағып:

— Өзіңді сақта, біреу келген секілді есік сықыры естіледі. Таңертеңмен бұл кім екен, а? Кім болса да, мына көзіңдегі жасты көрмесін, сүрт, — деді де Тұрардың өзі сыртқа шықты.

Есік алдына шыққан Тұрар анадайда арқасы одырайып көрініп тұрған әскери көлікті көргенде денесі дір ете қалды. Шымырлап кеткен жүрегін бір қолымен ұстап аула дарбазасының ілмегін ағытты. Ар жақтан түрі сұсты әскери киімдегі кісі қолын маңдайына алып барып амандасты да:

— Мен сізге қайғылы хабар жеткізгелі келдім. Сіз айыпқа бұйырмаңыз, бұл менің жұмысым, — деді.

Оның сөзінен шошынып қалған Тұрар бетіне жалт қарады.

— Балаңыз түрмеде өзін-өзі асып өлтіріпті. Соның денесін алып келдім, алып қалыңыздар. Негізі түрмеде өлгендерді өзіміз жерлейтінбіз, бірақ сіздерді аяды ма, бастық ұлдарыңыздың денесін беріп жіберді.Мүмкін соңғы рет те болса қоштасып қалсын дегені болар. Алып қалыңыздар. Лажы болғанынша, ертерек жерлеңіздер, — деді.

Оның сөзінің соңғы жағын естуге шамасы келмеген Тұрардың бор боп езілген тұла бойының ащы қайғысы көзінен тамшы болып домалай берді. Өзін-өзі ұстай алмай қалған Тұрар:

— Жо-оқ! Балам! Ұлым! Өмірімнің жалғасы, бізді қайда тастап кеттің? — деп ащы дауыспен шыңғыра жылай берді.

Тұрардың мына сөздерін естіген Жарқынай үйден етегіне сүрініп атып шықты. Ол шыққанда, мүрде салынған табытты жерге түсіріп қойған әскери көлік орнынан қозғалып жүріп бара жатыр екен. Ал, Тұрар қымтай жабылған ағаш табытты құшақтап еңіреп жылауда екен. Оларға бір сәтке тұнжырай қарап қалған Жарқынай әлден уақытта:

— Жан балам! Жан ботам! — деп зарлана жөнелді.

Есік алды азан-қазан. Зарлы дауысты естіп ауыл адамдары да жиналып қалған еді.

— Жоқ, балам! Неге бұлай еттің? Мені мына сорлап қалғыр сорлы шешеңді неге ойламадың, балам-ау? Біз енді не істейміз, балам-ау? Ғалымжаным-ау, біз енді не істейміз? Ең болмаса соңғы рет көре алмадым ғой, сенің ақ жүзіңді? Жаным менің! Ботам, жан ботақаным! Түбіңе жетті ме? Ақыры жетті ме түбіңе? Сен ақ едің ғой балам! Жұрт білмесе де мен білетін едім ғой, қарғыс атқан Жұман шалды өлтірмегеніңді! Менің мына жүрегім білетін еді ғой, сенің ақ екеніңді! Неге өзіңді өлімге қидың құлыным? Не үшін? — деп зар жылаған Жарқынайды табыттан әйелдер жағы әрең айырып алды.

Шашын жайып зар айтқан байғұс ананың ет жүрегі езіліп, еңіреуде еді. Оның зарлы даусынан бүкіл елдің көзіне жас айналуда болатын. Жалғызының жанын жалмаған түрмедегілерге де лағнет айтқан Тұрар мен Жарқынайды қасіретіне бүкіл ауыл ортақ болып Ғалымжанды соңғы сапарға шығарып салуға кіріспек етті.

Жалғыз ұлының денесін соңғы сапарға үйден алып шығайын деп жатқанда, байғұс баланың мүрдесі жатқан есікке атылған Жарқынай:

— Жоқ! Жоқ мен көремін! Көремін ұлымды! Ең болмаса соңғы рет жүзін көрейін! Көрейінші, Құдай үшін жіберіңдерші! — деп жылап, қаумалап ұстағандарға жалына берді.

Оның зарлы даусынан, ұлының мүрдесіне атылып, айқай салғанынан шошып кеткендердің бірі молданың жанына барып, көрсету керек пе, көрсетпеу керек пе, соны сұрады.

— Кімге болса да, ұрпағының жалғасы болар жалғызынан осындай ауыр қасіретпен айырылу оңай емес. Барсын, жіберіңдер, көрсін, баласын! Сорлы ананың ет жүрегі паршалануда ғой, барсын көрсін жалғызын! Ең болмаса өз қолында да ажал құшпады ғой, көрсін жіберіңдер! — деді.

Жанындағылар босата бергенде атылып ішке кірген Жарқынай, табытты сілкілеп аша берді. Иә, түрмеден шыққан адам болғасын ба, оны ақ матаға орып, содан соң, алғаш денесін алып келген ағаш табытқа қайта салған екен. Табыттың бетін жалма-жан ашқан Жарқынай:

— Жоқ! Балам! Жоқ! Мынау менің балам ба? Сорлы балам-ау? Мынау сен бе? — деп жан дауысы шықты.

Иә, беті паршаланып, адам танымастай болып кеткен өлі дененің сілкілеген Жарқынай кеудесін қос қолымен ұрғылап:

— Жоқ бұл менің Ғалымжаным емес! Қорлапты ғой, сені! Мынау ол емес, сенгім келмейді жоқ! Сенің рухыңды қорлапты ғой, құлыным-ау! Құлыным, қорлапты ғой сені! Жан балам! Жан ботам, жарығым сол, мынау сенің бетің бе? Сене алмаймын мен! Сене алмаймын! — деп еңкілдей берді.

Мүрденің жанында Жарқынайды көп ұстап тұра алмаған адамдар оны былай алып шығып кетті. Бірақ, Жарқынайдың көз алдынан табытта бетінде адамдық нышанасы жоқ, быт-шыт болған мүрде кетер емес. Оның жүрегіндегі бір сыр «Ол сенің балаң емес! Ол сенің ботаң емес! Сенің құлының, сенің Ғалымжаның емес!» деп жатыр еді. Дегенмен, бәріне мойынұсынып қойған ана байғұс еңірей жылап, бір талып қалып, бір есін жинап ұлын соңғы сапарға да аттандырып жіберді. Әйтеуір бір түйсік жансарайының бір бұрышында, жүрегінің бір түкпірінде «сенің Ғалымжаның әлі оралады!» деп тұратын еді. Ол түйсігін сыртқа шығармайтын Жарқынай қазір Ғалымжанның өлімінен кейін тіптен қатты қиналып, қатты азып, шөгіп кеткен еді. Күн сайын, сағат сайын оның есіне ұлының түрмеге түсерден бір күн алдыңғы оқиғалары түсе береді. «Кім, қандай адам Ғалымжанға бұлай күйе жағуы мүмкін? Кім оның ертең үйленемін, деп жүрген бақытын бұзуы мүмкін?» деген ой Жарқынайдың санасын мүжіп жей беретін еді…

* * *

Айсұлумен түнде сөйлесіп барлығын шешіп алған Ғалымжан өзінің қуанышын досы Сейітбекпен бөліспек болып таңертеңмен соның үйіне қарай құстай ұшты. Анасы Жарқынайдың:

— Балам-ау, шайыңды ішіп кетсеңші, — дегеніне:

— Апа, мен түске таман келіп қаламын. Келген соң, сіздерді қуантатын үлкен жаңалық айтамын, — деді.

— Арманыңа жет балам, — деген анасы қуаныштан бал-бұл жайнаған ұлының артынан қарап күлімдеп қала берді.

Алып-ұшып, жүрегі қуаныштан дүрсілдеп келе жатқан Ғалымжан келсе досы ұйықтап жатыр екен. Оның төсегіне барып:

— Тұрсаңшы, талтүс болды ғой. Адам деген осы кезге дейін ұйықтайды ма? — деп оятып алды.

Таңертеңгі тәтті ұйқысын қимай көзін тырналап әрең ашқан Сейітбек:

— Осы сен де, ұйықтайсың ба өзің жоқ па? Шыныменен талтүс болды екен десем, әлі күн де дұрыстап шықпаған ғой. Не болды сонша? — деді кейи сөйлеп.

— Тұрсаңшы, орныңнан. Содан соң айтамын не болғанын.

— Айта берші, жата берейін. Мен қайтадан ұйықтайтын шығармын. Түнде дем алмаған едім.

— Сейітбек, Құдай қаласа мен әке атанамын! — деді Ғалымжан дауысында қуаныштың лебі сезіле.

— О, не дегенің тағы? Үйленбей жатып әке атанамын дегенің қалай? Тыныштық па өзі? Сендер не Айсұлу екеуің… — деген Сейітбек сөзінің соңын жұтып қойды.

— Иә, Айсұлу екеуміз үйленбей жатып сондай бақытқа ие болып қойдық. Алла бұйыртса осы аптаның аяғында біз үйленеміз. Саған соны жеткізуге асығып келдім! Мені құттықта, досым! Мен үйленемін! Мен әке атанамын! — деген Ғалымжанның дауысы дірілдеп шықты.

Оның қуаныштан жайнаған бетіне жалт қараған Сейітбектің түрі бұзылып кетті. Онысын досына байқатқысы келмеген ол өтірік күлгенсіп, төсегінен тұрып Ғалымжанды құшақтай алды.

— Өте қуаныштымын! Бақыттың болыңдар! Ой, досым-ай, бала көңіл досым-ай, қуаныштымын! Мен де қуаныштымын сенің үйленетініңе! — деп, ол да қуана берді.

Өзінің бақытын тілмен әрең айтып жеткізген Ғалымжан үйіне қайтып кетті. Ол кеткен соң төсегіне қайтып жата алмаған Сейітбектің іші өртеніп ары бір жүреді, бері бір жүреді.

— Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Болуы мүмкін емес. Не үшін? Неге? Сонда айдай сұлу Айсұлу шыныменен де соның жары болып кете барады ма? Мен ше? Мен қайда қаламын сонда? Өздерінше балалы болып та үлгеріпті ғой олар. Енді не істеймін? Бұлай үнсіз қалуға болмайды. Бірдеңе істеу керек. Қалайда кедергі табу керек, — деген Сейітбек тықыршып барады.

Ішін қызыл ит тырналап, жандүниесіне тыным берер емес. Көңілін, ішін жаулаған арамдық, қызғаншақтық, досына деген көре алмаушылық жансарайын өртеп бара жатыр.

— О, кедей неме! Өзінше жалаңаяқтығына қарамастан Айсұлуға үйленбекші! Үйлендіремін мен сендерді, үйлендіремін! — деді көзі қызара сөйлеп.

Ал, ақкөңіл байғұс Ғалымжанның ойында ешқандай да арамдық жоқ. Өзінің жан дегенде жалғыз досына қуанышын бөлісіп, айтқанына көңілі марқайып үйіне кеткен еді. Жанын тербеткен қуанышты ата-анасынан алдын досына айтқан Ғалымжан дос болып қой терісін жамылып қасқырдың жанында жүргенін сезбеген еді…

Өзінің үйленетіндігін айтып ата-анасын да қуантып қойған Ғалымжан бүгін аспанда қалықтап ұшып жүргендей күй кешуде. Жалғыз ұлдарының келін түсіретінін естігенде олардың да жүректері жарылуға шақ қалды. Бақыттан тасыған олар енді беташардың, тойдың қамын ойлап, соған кірісіп те кетті.

Ғалымжанның бүгін көңілі толқып, жансарайы қуаныштан балқып жүр. Жұмысына да көңілді барып қайтты. Енді ертерек кештің болуын күтіп үйде теледидар қарап жатқан болатын. Осы кезде анасы:

— Ғалымжан-ау, саған Сейітбек келіп тұр. Үйге кір десем асығыс екенін айтады, — деді.

— Міне қазір бара жатырмын, — деп сыртқа шықты.

— О-оу, үйленетін жігіт жағдай қалай? Үйленетініңді айтып алып, қалай ішің толмай тыныш жатырсың, а? Не болды өзі? Таңертеңмен айтып кеттің сүйінші сұрап, болды деп жатырсың ба? Оны жумаймыз ба, енді? — деді Сейітбек қулана тіл қатып.

— Жуғың келіп, мұрының қышып тұрса жуамыз. Неге жумайды екенбіз? Жүр кеттік! — деді бұл да қайтпастан.

— Жүр, ендеше, ондай жақсы жаңалықты атаусыз қалдыруға болмайды ғой, сірә.

— Қазір мен үйге кіріп шығайын. Апама кеш келетінімді айтып кетейін әйтпесе уайымдайды.

— Ой, тағы біраз уақыттан кейін өзі әке атанады әлі шешесіне жаутаңдауын қоймаған. Бар, бар кіріп айтып сұранып шық. Сен шал болсаң да шешеңе жаутаңдайтын шығарсың әлі! — деп досы ойнап кекеткен болды.

— Қойшы, Сейітбек, осындай сөздеріңді. Сен білесің ғой, апамның денсаулығының жоқ екенін. Уайымдамасыншы, айтып шығайын. Қазір қайта шығамын ғой, — деп үйге кіріп кетті.

Сейітбек Ғалымжан шыққан соң:

— Ғалым, сен қапа болмасаң мына тұрған қалаға барып қайтпағанымыз ұятты. Мен досымның қуанышында бір жасап тұрып ішкім келіп тұр. Менің бұл ұсынысыма қалай қарайсың? — деді.

Алып-ұшып, қуанышын қалай сыртқа шығарарын білмей тұрған Ғалымжан:

— Жарайды, өзімнің де бір жақсылап ішкім келіп толқып тұр еді, ал кеттік ендеше, — деп досының айдауымен қалаға қарай тартып отырды.

Осы қалада бағы емес соры барын, тағдырының талқаны барын, өмірінің ащы азабы барын сорлы жігіт білген жоқ еді. Білгенде олай қарай аттап қадам баспас еді-ау…

Кеш келетінін ұлы айтып кетсе де, Жарқынайдың жүрегі дүрсілдеп тыным таба алмады. Әншейінде бұлай уайымдамайтын еді. Бүгін бір түрлі ұлының жолына қарап елеңдеп күтіп, мазасызданып жатты. Уақыт түннің жарымынан да асып кетті. Түнгі төртті соғып тұрған сағатқа қарап жатып :

— Мына бала қайда құрыды екен? Тезірек келіп жатса болады ғой орнына, адамды уайымдатпай. Е, Алла өзің қайда жүрседе қолдаушысы болшы, — деп жалбарына күбірледі.

Өзінің бүгін неге сонша мазасызданып кеткенін біле алмаса да жүрегінің қатты соққанынан шошып жатты. Енді ұйықтамаса да кірпіктері іліне беріп еді, сыртқы дарбазаны әлдекімнің ұрғаны естілді.

— Есікті кілттемеген секілді едім, мына бала ішке кірмей тұр ма, қалай өзі? — деп анадайда ұйықтап жатқан күйеуіне де қарамаған Жарқынай апа ешқандай жаман ой ойламастан сыртқа шықты. Даланың жарығын жағып дарбазаның жанына келіп еді, ешкім көрінбеді. Бірақ әлдекімнің пысылдай терең дем алғаны естіледі.

— Ғалымжан?! Әй, Ғалымжан сен бе? — деп еді, ешкім жауап қатпады.

Бірақ, әлдекімнің дарбазаның жанында бар екені рас. Қанша жүрегі сескеніп тұрса да, ұлын қайғырып тұрған ана:

— Бұл қайсысың әй? Ғалымжан сен бе? Бұлай ойнамастан кірсеңші үйге! — деді тағы да сөйлеп.

Бірақ жауап әлі жоқ. Қорқып тұрса да, Жарқынай дарбазаны ашып, сыртқа шықты. Дарбазаның алдында қарайған әлденеге көзі түсті. Жанына жақындай беріп еді Жарқынайдың аяғы жерде жатқан сұлбаның денесіне тиіп сүрініп кетті. Осы кезде жерде жатқан белгісіз жанның ыңыранған дауысы шықты. Оның Ғалымжан екенін білген Жарқынайдың көздері шарасынан шыға жаздады. Қатты қорқып кетті:

— Балам, балам-ау! Ғалымжан саған не болған? — деп оны сілки берді.

Ыңырсып жатқан Ғалымжанның сөйлеуге әлі келетін емес. Ішіп-ішіп әбден мас болып, тілі күрмеліп, есінен адасып жатыр. Ұлының өмірі бұлай арақ ішкенін көрмеген Жарқынай қатты қорқып кетті. Ұлын сілкілегеннен ештеңе өндіре алмаған соң үйге атып кірді. Төсегінде жатқан күйеуінің жанына келіп:

— Тұрар! Әй, Тұрар орныңнан тұршы! — деп сілкілей жөнелді.

— Әй, не боп қалды сонша жұлқылап? Адамның ұйқысын бұзып!

— Тұрар, анда Ғалымжанды біреулер ұрып кеткен бе, бірдеңе. Есіктің алдында жатыр, тұршы орныңнан, қарашы ана балаңа! — деп ары қарай сөйлей алмаған Жарқынай тамағына тығылған ащы өксікті сыртқа шығарып еңкілдеп жылап жіберді.

— Не дейді тағы? Не боп қалды? — деп шошынған Тұрар да үстіне желегейін де жамылмастан далаға атып шықты.

Екеулеп жүріп сүйрелеп Ғалымжанды үйге кіргізді. Араққа тойып алған оның үсті-басының барлығы қан еді. Оның қанға малынған киімдерін көріп Жарқынай:

— Мына балаңның бір жері майып болған шығар. Мына қанның барлығы тегін қан емес қой. Балам-ай, балам, аман болшы. Енді не істейміз Тұрар? Бірдеңе істейік те. Мына түрінен адам шошиды ғой оның. Кім мұны сонша ұрған? — дей беріп еді, ұлының бүкіл денесін қарап шыққан Тұрар:

— Мына қан балаңның қаны емес. Бұл біреуді ұрған ба, әлде төбелестің ортасында қалып кеткен бе, жүргермектің баласы, бірдеңеге ұрынған ғой. Өзінің қаны емес бұл. Адам деген осылай да арақ ішеді ме екен? Кіммен кетіп еді бұл атаңа нәлеттің баласы? — деді жеки сөйлеп.

—Кеш батып жатқанда Сейітбек алып кетіп еді. Білмеймін ғой қайда барғандарын. Бірақ маған кеш келемін деп кеткен еді. Қойшы қайда болса да өзі аман болса болар, — деген Жарқынай өксігін әрең басып ұлының бет аузын су шүберекпен сүртіп шықты.

Сонда да былқ етпестен жатқан Ғалымжан түк сезбеді. Ұлының дәл осылай құлап ішкені түгілі, аузына арақ алғанын көрмеген Жарқынай:

— Мына жүгермектің баласының қанға малынып жатқаны бекер емес қой. Мұны біреулер алдап ішкізіп-ішкізіп тастап кеткен шығар бәле жауып. Әйтеуір арты тыныш болса жарар еді. Осыдан ертең ұйқысынан тұрсын мен бұл баланы бір жақты қылмасам, — деп сөйленіп жатып ұйықтап кетті…

Ғалымжан әлі ұйқысынан оянған жоқ еді. Сыртта үйдің бітпейтін тірігімен жүрген Жарқынай дарбазадан ішке кірген екі қызыл жағалыны көріп қорқып кетті.

— Саламатсыз ба, апа? — деп амандасқан олардың біреуі:

— Бізге сіздің ұлыңыз керек еді. Ол үйде ма өзі? — деді.

— Иә, тыныштық па ? Не боп қалды?

— Ол бізге керек болып жатыр. Жауап аламыз да жібереміз.

— Неге жауап аласыңдар?

— Бір тірліктерге байланысты. Біздің уақытымыз жоқ, ұлыңызды тезірек шақырыңызшы, — деді асығып.

Олардың мына түрінен қорқып кеткен Жарқынайдың көзі алақ-жұлақ етіп үйге кіріп кетті. Оның көз алдына бірден ұлының түнде қанға малынған киімдері елестеді.

Ғалымжан шырт ұйқыда жатыр екен, әлдекімнің жұлқылағанынан көзін ашты. Тұрғызып жатқан анасы екен:

— Әй, тұр орныңнан. Тұр! — деп ол жеки сөйледі.

Әншейінде ұйқыдан еркелете оятатын анасының

мына қылығына таңданған Ғалымжан:

— Қойшы, апа, жата тұрайыншы, кейін тұрамын. Ұйықтап алайыншы кішкене, — деп еді, анасы:

— Тұр орныңнан ұйықтамайсың! Жүгермектің баласы тұр! Сені милиция іздеп келіп тұр. Кеше бірдеңені құртқансың-ау, осы сен. Түрің жаман еді, тұр орныңнан енді. Шеш мына үстіңдегі қанға малынған киімдеріңді. Осыны шешуге де шамаң келмей сілейдің ғой иттің баласы. Шеш мына киіміңді көріп сені алып кетеді олар. Бол шеш үстіңдегілерді, — деді.

Анасының ашына айтқан сөзінен шошып кеткен Ғалымжан орнынан ұшып тұрды.

— Кім іздеп келді дедіңіз, апа? Мен өзі қашан келдім үйге? Мына қан қайдан келген? — деді есеңгіреп.

Өзінің түнде не істегенін де білмейді. Мына киімдеріндегі қанның қайдан келгенін де білмейді. Әйтеуір түн ішінде Сейітбекпен бірге тамақтануға барғандары ғана еміс-еміс есінде. Ал, миында өзге түк жоқ. Біреу өшіріп тастағандай боп-бос болып тұр.

— Білмеймін, айналайын, білмеймін. Әйтеуір аналардың келуі жай емес. Арты қайырлы болсыншы әйтеуір. Болшы тезірек. Құртшы ана киімдеріңді. Басқа киім киіп шық, — деді анасы жыларман халде тұрып.

Анасының жүзіндегі мұңды көріп Ғалымжанның өзі де қорқып тұр. Жалма-жан асығып үстіндегі қанға малынған киімдерді шешіп, таза киімдерді киіп шықты. Сыртқа шығып еді есік алдында екі қызыл жағалы тұр екен. Анасының сөзіне онша сеніңкіремеп еді. Олардың өзін көргенде жүрегі дір еткендей болды.

— Сен бізбен жүресің, — деді екеудің біреуі.

— Не боп қалды тыныштық па? Не үшін? — деп Ғалымжан сұрап еді:

— Сізді күдікті ретінде жауапқа алуымыз керек, — деді де қолын қайыра берді.

— Не үшін күдікті? Қандай қылмыста күдікті ретінде? — деген Ғалымжанның сөзіне олар жауап та қатқан жоқ.

Ұлының қолы қайырылып, нағыз қылмыскерлерше кетіп бара жатқанын көріп Жарқынай:

— Айналайындар-ау, менің ұлымды қайда алып барасыңдар? Тыныштық па өзі, не болды? Ол ештеңе де істемеген еді ғой. Қайда алып барасыңдар? Жіберіңдерші оны. Не болғанын айтып кетсеңдерші ең болмаса? Балам-ау тыныштық па өзі? Бірдеңе айтсаңшы, Ғалымжан-ау? — деп ұлына, формадағы жігітке бір қарайды.

— Апа, уайымдамаңыз, сұраққа жауап аламыз да, қайта босатып жібереміз, — деп арты жабық үлкен көлікке Ғалымжанды салды да кетіп қалды.

Жанарынан уайымының лебі білінетін Жарқынайдың көзі жасаурап кетті. Ұлынан мәңгілікке айырылған жанша есеңгіреп қалып қойды. Жаны тыным таппай қиналған ана байғұс елеңдеп көрші көшедегі үйге кеткен күйеуіне асықты. Елпілдеп жетіп келген әйелін көрген Ғалымжанның әкесі Тұрар:

— Әй, не боп қалды, тыныштық па? — деді.

— Ойбай, Тұрар, ана балаңды млицә алып кетті! — деп еңкілдеп жылап жіберді.

Әйелінің мына сөзін естігенде Тұрардың есіне таңертеңмен көрші шалдан естіген жаңалығы ойына сап ете қалды. Ол жайлы айтайын десе, ұлын ондай жамандыққа қия алмайды. Оның үстіне әйелі естісе жүрегі тас төбесіне шығары анық . Сондықтан ол жайлы ештеңе айтпастан:

— Оның түндегі кейпінен шошып едім мен. Ол бірдеңені бүлдірген ғой. Әйтеуір арты аман болсыншы, — деп кейи жөнелді.

— Білмеймін, үсті-басының барлығы қан-қан болып түнде келіп еді ғой. Содан тұрмай жатқан. Таңертеңмен үйге сау етіп екі формалы адам кіріп келгенде жүрегім тас төбемнен бір-ақ шықты. Оны кәдімгі қылмыскерлер секілді алып кетті Тұрар. Бірдеңе істесеңші. Неге үндемей тұрсың? — деп Жарқынай ары қарай тамағына тығылған ащы өксіктен сөйлей алмай қалды.

— Не істей аламыз біз? Құдай сақтасын, ештеңе етпес. Не болса да тағдырымыздан көреміз. Егер өзі ештеңе істемеген болса жібереді ғой. Не істейді олар қылмыс істемеген адамды? Жүр барайық, қалаға алып кеткен шығар. Бара көреміз не болса да, — деп екеуі үйге қарай аяңдады.

Екеуі де үнсіз келеді. Сөйлегілері келмейтін секілді. Екеуінің де ойында жалғыз ұлдарының тағдыры шырмауықшы шырмалып ойларын жеп бара жатыр еді. Үйлеріне жете бергенде алдарынан шыққан екі әйелдің біреуі:

— Жарқынай апа, сіздің балаңыз шыныменен Жұман шалды өлтірген бе? Біздің Ғалымжаннан да сондай шығады ма, не? Оншалықты жаман мінезді балаға ұқсамайтын еді ғой. Рас па, апа, балаңыздың Жұман шалды өлтіргені? — деді.

Жүрегі тас төбесіне шыққан Жарқынай:

— Не дейсің? Не дедің, ойбай шал-ау, мынау не дейді? — деді дауысы дірілдей шығып.

— Қой келінжан қайдағыны айтпа. Кім айтты саған Жұман шалды біздің баламыз өлтірді деп? — деді Тұрар ішінен өз ойынан өзі шошып тұрса да түк сездірместен.

— Ұлдарыңызды 6үгін таңертең алып кетіпті ғой, Жұман шалды өлтіргені үшін соттауға. Мен ештеңені де көрген жоқпын, бірақ көрген әйелдер сөйтіп айтып жатыр ғой. Білмеймін ғой, бірақ Жұман шалды біреулер есігінің алдында өлтіріп кеткені рас екен, білмеймін мен басқа ештеңені, — деді сампылдаған әйел.

—Тіліңе жылан жұмыртқаласын сенің! Ол адам өлтірмеген. Менің балам адам өлтірмейді. Жұман шал ажалынан өлсе де менің балам кінәлі ме? Не деген ауыздарың сумаңдаған еді өздеріңнің. Жоқ, менің балам емес оны өлтірген! — деп ары қарай сөйлей алмаған Жарқынай жылап жіберді.

Әйелінің екі иығы селкілдеп жылағанын көрген Тұрар:

— Әй, қойсайшы енді, болды ғой. Осылай еңіреп жылап барасың ба үйге дейін, елдің бәрін өзіңе қаратып қойсайшы, қазір білеміз ғой, анық-қанығын, — деп әйеліне жекіп берді…

* * *

Ауылдағы Жұман деген шалды балталап өлтірген деп айтыпталған Ғалымжан өзінің ақ екенін қанша дәлелдеуге тырысса да дәлелдей алмады. Оның адам өлтірмегенін ата-анасы да білгенімен олар да жалғыз ұлдарын түрмеден шығарып алуға қауқарлары жетпеді. Қанша ақшаларын шашып жүгірсе де, ақыры Ғалымжан айыпты болып табылып сотталды. Бар айғақ Ғалымжанның киіміндегі қан мен Жұман шалдың қаны сәйкес келгендігі болса. Екінші бір дәлел Жұман шалды балталап өлтірген күні Ғалымжанның түн жарымына дейін үйге келмеуі, таңғы сағат төрттер шамасында есігінің алдында есін білмей мас күйінде жатқанын бір-екі адамдардың көргені болып табылды. Сейітбекпен болғанын айтып өзінің ақтығын қанша дәлелдесе де, Сейітбек мұнымен қоштасқанда сағаттың әлі он бір екенін айтып үйіне қайтып кеткенін айтып ештеңені де дәлелдей алмады. Осы дәлелдермен кінәлі деп табылған Ғалымжан он екі жылға сотталды. Қара қан жылаған Ғалымжанның ата-анасы да еңіреп қала берді.

— Апа, мен ешкімді де өлтірген жоқпын. Апа-ау, сеніңдерші маған мен емес оны өлтірген. Білмеймін, білмеймін неге бұлай болғанын, апа! — деген Ғалымжан еріксіз өз өмірінің он екі жылын түрмеде өткізетін болды.

Бірақ, бұл шешімге сенгісі келмейді. Өзінің он екі жылдық өмірін жазықсыз түрмеде өткізетініне сене алатын емес. Кінәлі болмаса, Жұман шалды өлтірмеген болса қалай жазаланады? Бұл өмірде әділдік болу керек емес пе?..

Сотта соңғы шешім шығарылған күні Сейітбек пен Айсұлу да болды. Еңіреп жылаған қыз:

— Мен не істеймін енді, Ғалымжан? Мен не істеймін? Қалай айтамын өзімнің екіқабат екенімді? Әке-шешем естісе өлтіреді ғой мені. Мен қалай олардың бетіне қараймын, Ғалымжан? Айтсаңшы маған, бірдеңе деші Ғалым, — деп сот залынан шығып бара жатып еңіреп жылай берген еді.

Оның бетіне тек үмітпен қараған Ғалымжан:

— Жаным, мен адам өлтірген жоқпын. Білмеймін неге қалай бұлай болғанын? Ештеңені де білмеймін. Тек сен сенші маған, мен сенің ішің білінбей жатып өзімнің кінәлі емес екенімді дәлелдеп шығамын. Түрмеде қалмаймын, шығамын. Тек сен мені күтші жаным, — дей берді.

Еңіреп жылаған сүйіктісінің жанарындағы жасты сүртіп тұрған Ғалымжан жандарында күңіреніп қайғырып тұрған Сейітбек досына қарап:

— Сейітбек, қандай жағдай болса да, мен ақпын. Мен өзімнің ақ екенімді қалай да ұзаққа создырмай дәлелдеп шығамын. Тек оған дейін Айсұлуға бас-көз бола тұршы. Қарап тұрамын деші Сейітбек. Егер дәлелдей алмайтын болса, менің ата-анама Айсұлудың ішіндегі баланы менен екенін айтып. Үйге алып барасың ғой. Егер шыға алмайтындай болсам, оның құрсағындағы баланың өзімдікі екенін мен де айтамын көкем мен апама, олар бізді түсінеді. Тек Айсұлу уайымдамасыншы, оған дәл қазір қайғыруға болмайды ғой, сен оны жақсы білесің, Сейітбек, досым саған сендім, — деп досына жаутаңдады Өзінше қайғырып, мұңайып тұрған Сейітбек:

— Уайымдама досым, мен қолымнан келгеннің барлығын істеймін. Барлығын көремін, — деп қала берді.

Қолына байланған шынжыры Ғалымжанның қайта оралмасының дәлеліндей болып шылдырлап айыптыларды алып кететін жаққа қарай кетіп бара жатты. Ұлының ізінен еңіреп-жылап қалған Жарқынай:

– Жоқ! Жо-жоқ, менің ұлым кінәлі емес! Ол адам өлтірген жоқ! Алып кетпеңдерші оны! Жалғызымды алып кетпеңдер, өтінемін сендерден! Жіберіңдерші оны, менің құлынымды жіберіңдерші! Балам, айтшы, өлтірмедім деші, балапаным менің! Тоқташы Ғалымжаным! — деген дауысы сот залын күңірентуде еді.

Бірақ, қаралы ананың зарлы дауысына ешқандай да жан құлақ асатын емес. Ешкім де оның сөзін елең етіп жатқан жоқ. Өйткені, бұл сот залында талай жан осылай еңіреп жылаған еді. Талай ананың көз жасы көл болып егілген еді, талай ана құлынын түрмеге қимай зарлаған болатын. Жарқынайдың жылаған бұл үні де, сол аналардың даусының қайта шыққан жаңғырығындай болып үздігіп шыға берді. Оның осы дауысы ақыры екі айдан кейін зарлы жоқтауға, мынадай күңіренген зарлы дауысқа ұласа берді. Ғалымжанының өлі денесі түрмеден келіп жаны жылап қала беріп еді…

* * *

Темір тор, тас қараңғы, сол қараңғы темір тордың бір бұрышында жер төсек болып кеткен қара тақтай үстінде жатқан Ғалымжанға жанындағы қаба сақалды Бостан:

— Енді сен босап шығатын болдың, иә? Қандай рахат! Бізге қашан сол бақыт бұйырады екен? — деп күрсіне тіл қатты.

Өз ойымен өзі әуре болып жатқан Ғалымжан:

— Осы бір-екі күнде бәле-жаладан аулақ болсам босатып қалатын шығар. Ертерек босатса жақсы болатын еді, — деді.

— Он екі жылдан бері туысқандарың бір келмеді деп жүретін едің ғой Ғалым, сен қайда барасың? Кімге барасың?

— Білмеймін Бостан, кімге баратынымды. Бірақ мен жазықсыз жазаландым ғой. Оны ата-анам білетін еді. Жақсы білетін еді. Маған біреулер осылай күйе жағып жіберді. Кім екенін дәл қазір білмеймін. Бірақ, ата-анам да соны жақсы білетін. Не үшін менен безіп келмей кеткенін әліге дейін түсінбеймін. Әйтеуір аман болса жара еді. Егер, Алла бетін аулақ қылсын, әлдеқандай жағдай болса да, Сейітбек пен Айсұлу бір хабар алу керек еді, олар да келмей қойды ғой. Мүмкін жоғарыдағылар маған жібермей жатқан болар. Өлтірмесем де, адам өлтірді деген атым бар ғой, — деп терең күрсінді.

— Шыққан соң, бізден хабар алып келіп тұрарсың, — деді түрмелес досы Бостан.

— Әрине, — дегенді Ғалымжан жадырай, шаттана айтты.

Мүмкін ештеңеден бейхабар болса да, бостандыққа шығатынына қуанғандығы шығар, әйтеуір бұл дауысы көңілді шығып еді.

Түрменің тас еденін он екі жыл өзіне төсек еткен Ғалымжан бостандыққа шықты. Осынау тас түнекке түскеніне он екі жыл болса сол, он екі жылдың алғашқы айларында ғана ізінен ата-анасы, досы Сейітбек, жүрегінің жартысы болған сүйіктісі Айсұлу келіп тұратын. Кейінен түрмеге түскен соң екі-үш айдан соң мұны тіпті барлығы ұмытып кеткен еді. Сол екі айдан кейін ата-анасы да келуін қойды. Мүмкін өзі жаралы жүректеріне тұз себе бергісі келмеген болар. Досы да, сүйіктісі Айсұлу да мұны ұмытқан еді. Олардың неге екі айдан кейін жоқ болғанын түсіне алмаған Ғалымжан әр күнді келер деген үмітпен өткізді. Бірақ, ізінен жан баласы он екі жыл да бір рет іздеп келмеді. Неге бұлай болғанын қанша ойланса да Ғалымжан біле алмады. Өзін ақтауға қанша тырысса да, қадалған жерінен қан алмай қоймайтын бәлеқорлар бұған бостандықтың иісін де сездірместен тас қапаста қамауда қалдыра берді. Өзінің ақтығын, пәктігін, адам өлтірмегенін қанша дәлелдегісі келмесе де, дәлелдей алмаған еді. Міне бүгін, жазықсыз жазаланған жан бостандыққа шықты…

Жүрегі алып-ұшып асығып ауылына қарай келе жатыр. Ішінен: «Олар қайда екен? Апам мен көкемнің жағдайы қалай екен, а? Менің биыл келетінімді білетін еді ғой, аман болса жүректері дүрсілдеп күтіп отырған болар. Басқа білмесе де ата-анам менің ақ екенімді, жазықсыз жазаланғанымды біледі ғой. Апатайым менің, аман болсаң жарар еді. Құлының құлдырап келгенде ең болмаса аман болсаң жарар еді,» деп ата- анасын ойлап тебіреніп келе жатты.

Өзіне таныс жерлер, өзіне таныс үйлер. Тек өзгерген, баяғыдай емес, қатты өзгерген екен. Адамдары да бұрынғыдай емес өзгеріп, жабайыланып кеткендей. Үлкен көшеден біраз арырақта орналасқан үйіне қарай келе жатыр. Үйіне жақындаған сайын жүрегі алып-ұшып, дүрсілдеп, жанын әлдебір белгісіз сезім тербеп барады. Жігіт болса да, он екі жыл түрмеде бостандыққа телміргенде босаңсымаған Ғалымжанның көзіне өзі жүгіріп өскен ауыл көргенде жас айналды. Мөлдіреген тамшыны домалатпастан қолымен ысырып тастады. қайтсін енді? Анасының бауырына, бір бақыт сыйлай алмаған асыл анашының құшағына келе жатыр емес пе? Сол қасиетті жанның бауырына барып тығылуға келеді емес пе? Сол құшақты он екі жыл бойы аңсап, темір тордың ар жағында сағынып күтті емес пе?..

Өзі шарбағында ойнап өскен үйдің алдына келгенде таңданып қалды. Өз үйі қатты өзгеріпті. Тек мен мұндалап сол баяғы биік шатыры ғана тұр. Дірілдей басып үлкен көк дарбазадан ішке енді. Есік алдындағы ошақ басында бір әйел жүр екен. Бұл ол кісіні танымаса да жанына барып қолын алып амандасып:

— Маған Тұрар деген кісі керек еді, Жарқынай деген әйелі бар. Олар осында тұратын еді, шақырып жіберіңізші, — деді.

Мына кісінің бетіне таңдана қараған әйел иығын қиқаң еткізіп:

— Қандай Тұрарды сұрап тұрсыз?! Мен ондай ешкімді де танымаймын. Біздің мұнда көшіп келгенімізге сегіз жылдан асып кетті. Бізден бұрын тұрғандарды сұрап тұрсаңыз оларды танымаймын. Мына көршінің үйінен сұраңыз, осылар білетін шығар, — деді жеки сөйлеп.

Тістеніп ұрсуға шақ қалып тұрған әйелдің бетіне ойлана қараған Ғалымжан:

— Бұл Шынар әпкенің үйі ме? — деді.

— Иә, сол Шынар қатынның үйі. Осылардан сұрашы миымды қатырмай! — деп өз жұмысына кірісіп кетті.

Бағанағы алып-ұшқан сезімі әп-сәтте басылып қалған Ғалымжан селқос қадам тастап көршінің есігін қақты. Дарбазаны қара сирақ жас бала ашты:

— Шынар әпке бар ма? — деген Ғалымжанға:

— Апам керек пе сізге? Қазір шақырамын, — деп жүгіріп үйге кіріп кетті.

Сәлден соң бала жүгіріп кеткен есіктен көзіне көзілдірік таққан әйел шықты. Шашы ағарып, бетін әжім басып әбіржіп кеткен әйелді Ғалымжан жазбай таныды, баяғы Шынар әпкесі екен. Бірақ, бұрынғыдай қуатты емес, қалтырап, қатты әбіржіп кеткен. Тұрмыстың тауқыметінен бе, әйтеуір түрі қатты өзгеріп кеткен еді.

—Иә, бала кімді іздеп жүрсің? — деді ол кісі.

Сол баяғы «әй бала» деп сөйлеуін әлі қоймапты. Ғалымжан Шынар әпкесінің өзіне таныс сол бір сөзін естігенде жүрегі жылып қалды:

— Әпке, мына үйде бұдан сегіз жыл алдын тұратындар қайда көшіп кеткен? — деп сұрады.

Өзін таниды ма, танымайды ма, соны сынап көрмекші болған Ғалымжан өзінің кім екенін айтпады. Мұның бетіне үңіле қараған әйел:

— Кімді сұрап тұрсың сен? — деді.

— Маған баяғы мына үйде тұрған Тұрар мен Жарқынай деген кісілер керек еді. Олар қазір қайда көшіп кеткен? — деп сұрады.

— Сен баяғы Жарқынай сорлыны сұрап тұрсың ба қайда кеткен деп?— деді.

Оның мына ащы сөзін естігенде Ғалымжанның жүрегі дір ете қалды.

— Иә, апа сол баяғы Жарқынай керек еді маған. Олар қайда кеткен айтып жіберіңізші,— деді.

— Сен олардың кімі едің? Қандай танысысың? Осы кезге дейін ештеңе білмейтін қайда жүрсің? — деді.

Шынар әпкесінің өзін танымағанын білген Ғалымжан да өзінің кім екенін жасырып:

— Жарқынай менің әкемнің туысқан қарындасы еді. Әкем біраз жыл алдын қайтыс болған. Сол кісінің айтуымен осында келіп еді. Әкемнің қарындасын іздеп, — деді.

—Бәсе, сенің мына түрің маған марқұм Ғалымжанды елестетіп жіберді ғой. Қатты ұқсайды екенсің-ау Ғалымжанға. Егер ол тірі болғанда тура саған ұқсаған болар еді ғой. Кел онда балам, үйге кір. Шай іш, отырып әңгімелесейік, — деген баяғы бақуатты, үнемі күліп жүретін Шынар әпкесі шау тартып қалыпты.

Оның ұсынысын кері қайтара алмаған Ғалымжан ата-анасы жайлы білгісі келіп тағатсызданып тұрса да, үйге кіріп, жайғасты. Содан соң барып сөзін қайта бастап:

— Енді олар қазір қайда? Бұрын осында тұратын еді ғой? — деп сұрады.

— Е-е, шырағым, бір айналдырғанды қу тағдырдың тауқыметі шыр айналдырады екен ғой. Жалғыз ұлдары түрмеге түсіп екі айдан соң өлігі келген соң, бұлардың маңдайларынан бақ тайды ғой, — деді емірене сөйлеп.

— Қандай ұлдарынан? Өзі жалғыз ұлдары бар еді ғой олардың? — деп Ғалымжанның даусы қатты шығып кетті.

— Иә, өзі маңдайларына жазылған жалғыз ұл Ғалымжандары бар еді ғой сорлылардың. Енді үйлендірмек болып отырған жерлерінен жала жабылып түрмеге түсіп, он екі жылға сотталған еді. Сол түрмеден екі айдан кейін өлігі келді. Жалған жала жапқанға шыдай алмай Ғалымжан байғұс өзін-өзі түрмеде асыпты. Содан кейін көп ұзамай жалғыз баласының өлімін көрген Тұрар да о дүниелік болып кетті. Жалғыз қалған Жарқынайдың өмірі не болды дейсің? Оңбады ғой ол да, ұлының досы болып жүрген бір жүгермек бар еді, сол екен ғой, Ғалымжанның түбіне жеткен. Барлығы да енді анықталып жатыр. Өлетін бала өліп, күйіктен ата-анасы қара жамылған соң, қажеті қанша десеңші? Сол Ғалымжанның досы екен ғой, Жұман шалды да өлтірген. Не ақысы қалғанын қайдан білейін, Ғалымжанның үйленемін деп жүрген қызы бар еді. Оған да сол досы үйленіп алды ғой. Ел өсектеп «Айсұлудың ішінде Ғалымжанның баласы бар екен» деп шығарып еді. білмеймін рас өтірігін, бірақ баланы қанішер Сейітбек «бала өзімдікі! » депті ғой. Ойлағанда, сол Айсұлуды көргенде ет жүрегім езіліп, еңіреп жылағым келеді. Сорлы келіншек қазір қалай өмір сүріп жатқанын білмеймін. Бірақ, ол білмейді мұның барлығының ана қойынындағы еркектің қолымен істелген іс екенін. Білмегендіктен, соның алдағанына сеніп сонымен тұрып жатқан шығар,— деп күңіренген Шынар әпкесінің көзі жасаурап кетті.

Өзінің өлгенін мына кісіден естіген Ғалымжан аң-таң болуда:

— Ғалымжанның өлігін шыныменен түрмеден алып келіп осында жерледі ме? — деді.

— Иә, Ғалымжанның өлі денесін алып келді. Бірақ, байғұс баланың өлігін де түрмеде қатты азаптапты ғой. Рухын жәбірлеп, бетінің бәрін тілгілеп, көзін ойып алыпты. Жарқынай сорлы ұлының өлі денесін ашпаңдар десе де, ашып көрді ғой. Оның қорланғанын көргенде талып қалды ғой, талып қалды. Несін айтасың, қазіргі түрме нағыз тозақтан жаман болыпты ғой. Сорлы баланың бетін көрмей жерледік қой, қара қан жұтып еңіреп жүріп жерледік. Соның бәріне кінәлі жанды қазір көрсем өлтіріп тастағым келеді. Бірақ қолымнан келер дәрмен бар ма, балам? Бір үйдің шаңырағын ортасына түсірген ондай ақымақтарды тірілей көрге тықсаң да жарасады ғой, тек дүниелі жанға қазір ештеңе де істей алмайсың ғой. Өзі адам өлтіріп, оны біздің Ғалымжанға жауып тайраңдап өмір сүріп жүр ғой екі дүниеде де бақыт көрмегір, Сейітбек, — деген Шынар ары қарай сөйлей алмастан жылап жіберді.

Оның мына сөздерін естігенде, Ғалымжанның жүрегі біреу келіп алмаспен тілгілегендей болды. Осы кезге дейін сағынып еске алған Сейітбек досын бір сәттің ішінде иттің етінен жек көріп кетті. Өзінің өміріне, өзінің ата-анасының өміріне, өзінің бақытына қолын сұққан жанды дәл қазір үйіне іздеп барып өлтіріп салғысы келіп тұр. Бірақ, барлығының әлі де анық-қанығына жету керек болғандықтан Шынар әпкесін үнсіз тыңдады.

—Жарқынай апаның өзі қайда қазір? Сейітбектің Жұман шалды өлтіргенін сіз қайдан білесіз?— деді асыға сұрақ қойып.

— Баратын жері жоқ, қаңыраған үйде жалғыз өзі тұра алмайды. Оның үстіне өзі де аурушыл жан еді ғой, соны ойлап ауыл қарттары ойласа келе қарттар үйіне өткізіп жіберді. Жарқынайдың өзі қанша жылады, «өлсем өлігім балам мен күйеуімнің қасына жерленсін, жалғыз болсам да осында жүрейін » деп. Бірақ, оны тыңдайтын құлақ болмады. Мен де біраз айтып көріп едім, онымен мені де кім тыңдайды мына заманда? Ақыры сол қарттар үйіне кетті-ау шамасы. Оны менің көрмегені ме де біраз жылдың жүзі болды ғой. Тірі ме, өлі ме білмеймін. Ол менің бала кезден бірге өскен әпкем еді ғой, қайтейін қу жоқшылық тырп еткізбегесін үнсіз отырмын ғой. Іздегім-ақ келеді, бірақ дәрмен жоқ қой балам. Өзі ішіп отырып байқамай ауылдың жігіттеріне мақтанып алыпты.  Менің інімнің баласы да сол жерде болған екен. Бүкіл ауыл біледі бұл сөзді. Тек ешкім байлығынан қорқып шындықты ашып айтпайды. Ол шындық енді ешкімге де керек емес. Жұман шалдың да ізінде ұрпақ жоқ әділдік іздейтін, қарағым, — деді.

Анасының қорланғанын естіген сайын Ғалымжанның ішінде дауыл тұруда. Иә, Сейітбекті тұншықтырып тастайтындай дауыл тұруда. Өзін әрең ұстап отыр. Өзін өлімге қиып, өзге жанның мәйітіне барып құран оқып, өзге жанның өлі денесін өзі деп жерлеген ата-анасын аяп кетті. Өзін өлімге қиған Шынар әпкесін аяп кетті. Ішінен жылап отыр, жандүниесі егіліп еңіреп отыр. Бірақ сыртқа шығара алмайды. Дәл қазір сыртқа шығарса да, ештеңе ұтпасы анық, дәл қазір өзінің тірі екенін, өзі деп өзге жанның денесін жерлеп жібергенін мына Шынар әпкесіне айтып пайда таппасы анық. Бұған түсіндіріп айтып, өзінің Ғалымжан екеніне сендірсе де, елдің сенбеуі мүмкін, ел сенгенімен Сейітбек бірдеңені бүлдіруі мүмкін. Сол үшін тілін әрең тістеп отырды.

Шынар әпкесімен біраз әңгімелесіп, сол үйден шай ішті де шығып кетті. Кетіп бара жатып:

— Ғалымжанның бағанағы сіз айтқан Сейітбек досы қазір қайда? — деп сұрады.

— Үлкен қалада сүт өңдейтін үлкен кәсіпорынның бастығы екен ғой жауыз неме. Баяғы Ғалымжан үйленемін деген қызды алып, соны әйел қылып, оның үйін талқандап көз жастан қорықпастан өмір сүріп жатыр ғой. Қу тағдыр да сондай арамтамақтарды қорламай, жазықсыз жандарға жапа бере береді ғой, — деді.

— Жарайды әпке, рахмет сізге. Үлкен рахмет, — деді де кетіп қалды.

Көшеге шығып сәл ойланып тұрып қалған Ғалымжан ауыл маңында сарқырап ағып жататын Арыс өзеніне қарай жүрді. Құлағынан Шынар әпкесінің «… жауыз неме. Баяғы Ғалымжан үйленемін деген қызды алып, соны әйел қылып, оның үйін талқандап көз жастан қорықпастан өмір сүріп жатыр ғой», деген сөздері кетер емес. Өзін-өзі әрең ұстап келе жатыр. Көзіне оттай басылатын өзеннің жағасына барып ұзақ отырды. Көз алдына анасының өзге біреудің өлі денесін құшақтап еңірегені, езілгені елестеп кетті. Жаны қатты жабырқап, көзіне жас айналуда. Ғалымжан өзен жағасында отырып өксіп-өксіп жылап алды. Әсіресе қайғыдан қара жамылып, өзінің өлімінен кейін күйініп қайғыны көтере алмай өліп кеткен әкесін аяды. Анасының жылағанда етегі жасқа толған мүсәпір кейпін аяды. Соларды ойлап ұзақ уақыт еңіреп езілді. Көзінен төгілген жастар тоқтамады…

Өзінің түрмеге түсерден бір күн алдыңғы өмірін көзіне елестетті. Есіне ең алдымен Айсұлу, оның ішінде кеткен перзенті түсті. Оларды ойлағанда жаны түршігіп, жүрегі езіліп кетті. Қайта көңілі түсіп, жүрегін ыза-кек жайлап алды, көз алдына жылмаң-жылмаң еткен Сейітбек елестеді…

* * *

Ең алдымен анасын іздеген. Бірақ қайғы қойсын ба, келмеске алып кеткен екен. Одан соң өзінің тірі екенін дәлелдеп шығу үшін түрмеге қайтып барды. Сонда барып үш апта әуре болып жүріп өзінің орнына шатасып басқа біреудің денесі кеткенін білді. Бұл сол кездегі түрме бақылаушыларының қателігінен болған екен. Соңынан мойындауға қорқып ақыры бұл істі өздері жазаланбайтындай етіп шешкен екен. Ол өзін ешкімнің бірер айдан соң неге іздеп келмей қойғанын енді ғана ұқты. Барлық бәле сол қателіктен екі қылмыскердің камераларын ауыстырып жібергенін болған екен. Ендігі ойы Сейітбекті табу…

 Сұрастырып жүріп оны тез тапты. Сейітбектің қала маңынан салған қос қабатты үлкен үйінің жанына келді. Үйге жақындай бергенде дарбазадан сыртқа шыққан бір еркекті көрді. Оның ізінен жас әйел шықты. Өзі әдемі киініп алыпты. жетелеп алған бір қызы бар. Қыз он екі-он үш жасар шамасында. Оларға аңырая қарап қалған Ғалымжан жазбай таныды. Көзі бұлдырап кеткендей болды…

Иә, олар Айсұлу мен Сейітбек еді. Оларды көргенде жан сарайын бірдеңе өртеп өткендей, кеуде тұсы ашып кетті. Оларға аяңдай басып жақындай түсті. Жандарына келді де, сәл арыда тұрған ағаштың көлеңкесіне дем алған адамдай болып тұрып қалды. Бұған қарауға мұршасы болмай жатқан Сейітбек пен Айсұлу сөйлесіп тұр. Екеуі әлденеге келісе алмай жатыр. Ғалымжанға сөздері анық естілуде.

Сейітбек:

— Маржанды неге алып бармақшысың молаға? — деді жеки сөйлеп.

— Сейітбек, мен еріккеннен оны молаға алып барайын деп тұрмын ба? Оның әкесі ғой Ғалымжан, басына баруға құқығы бар ғой!

— Айсұлу, ол менің қызым! Естідің бе, әлдеқашан өліп, сүйегі қурап қалған қайдағы Ғалымжанды айтып миымды қатырма. Бәле болды сенің сол баяғы байың да. Неге барамыз сол жаққа өзі? Ендігі жетпегені молаға шапқылау еді. Қойшы барғым келмей тұр. Маған сол Ғалымжанның өлі әруағы ештеңе де бермейді. Оның өлгеніне сенгің келмейтіндей жүрсің ғой тегі. Ол өлген! Сүйегі әлдеқашан қурап жоқ болып кеткен! Енді бәрібір Ғалымжан тірліп келмейді! Сол молаға бармай-ақ бірден папамдардың үйіне барып қайтамыз! Менің сол Ғалымжанды есіме де алғым келмейді! — деді Сейітбек «әңгіме осымен бітті» дегендей Айсұлуға одырая қарап.

— Жоқ, Сейітбек мені 6үгін өлтіріп салсаң да, сол молаға барамын. Ол менің түсіме кіріп шықты. Бүгін оның жерленген күні. Ең болмаса осы күні барып қайтайын да. Жылына бір ғана рет әрең жібересің ғой, жыламсырап. Сол өлі әруақ мені алып қалатындай. Ол енді жоқ қой мына өмірде. Ғалымжан енді, өлген адам ғой. Өзің айтпақшы, қашан күлге айналып кеткен ол. Тек рухына барып қайтайын да, мейлі сен бармасаң барма, біз Маржан екеуміз барып қайтайық, — деді Айсұлу да сөзінен қайтпай.

— Барамыз да, көп тұрмай қайтып кетеміз! — деген Сейітбек ашулана басып көлігіне отыра берді.

Бір сәтке Ғалымжанға көзі түсіп кеткен Айсұлу қабағын түйе көліктің артқы есігіне жайғаса берді. Осы сәтте Ғалымжанның жүрегі езіліп кетті. Өзі емес, өзге жанның моласына өзі деп табынуға бара жатқан Айсұлуға жүгіріп барып: «Мен Ғалымжанмын! Мен тірімін! Әлі өлген жоқпын! Сендер бейітіне барып жүрген адам мен емеспін!» деп барлығын айтып салғысы келді. Бірақ осылай ойланып тұрғанда Сейітбектің шетелдік көлігі орнынан жылжып жүріп кетіп қалды. Олардың ізінен сұрлана қарап қалған Ғалымжанның жан сарайы астаң-кестең болып кетті. Не істерін білмей абыржыған ол қайтадан ізіне қайтты. Қаланың темір жолының бекетінде «бір күндік пәтер бар! Бір күндік ақылы пәтер бар!» деп тұратындарды өткенде түрмеден қайтып келе жатып пойыздан түскенде көрген еді. Енді ойланбастан солай қарай жүрді. Сейітбектер ертең қалаға қайтып келеді. Содан соң онымен сөйлеспекші…

Үстел үстінде тұрған телефон безек қағып кеткен соң, жұмыс уақыты аяқталып, бастығымен қоштасып кетіп бара жатқан Жанат үстел жанына қайта келді. Тұтқаны көтеріп:

— Алло, иә тыңдап тұрмыз айта беріңіз? — деді.

— Жанат, мені Сейітбекпен қосшы! — деген бастығының әйелі Айсұлуды таныған хатшы қыз Жанат қорқып кетті.

Өйткені, тұтқадағы Айсұлудың үні тым басқаша, дірілдеп, әлденеден сескеніп, қорқып, қобалжып тұрған адамның дауысына қатты ұқсайтын еді. Сондықтан болар бастығының қатулы қабағына қарамастан есігін ұрған хатшы қыз:

— Сейітбек Ордабекұлы, кешіріңіз, сізді телефонға шақырады, — деді.

Апдындағы қағазға шұқшиып отырған Сейітбек:

— Ол кім тағы?

— А, үй жағыңыздан-ау, Айсұлу әпке ғой, дауысында бір қорқу бар секілді, — деді Жанат тіксіне сөйлеп.

Өйткені, бастығы Сейітбек қытығына тигенді, анау-мынау сөзді, артық сылтауды жек көретін еді.

— Жарайды қос!

— Сау болыңыз! — деп тағы да бір рет қоштасты да, сөйлесуді күтіп тұрған Айсұлуды бастығына қосып өзі қайтып кетті.

— Алло, не болды?— деді Сейітбек қатқылдау үнмен.

— Сейітбек, маған жаңа біреу қоңырау шалды. Өзін Ғалымжанмын деп таныстырды, — деген Айсұлу дір-дір етеді.

— Ол қандай Ғалымжан тағы?

— Баяғы Ғалымжан ше? Өзіміздің Ғалымжан. Кеше біз бейітіне барып қайттық қой, солмын дейді. Тезірек үйге келші, қатты қорқып отырмын, — деді.

— Қой қайдағыны айтпай, басқа біреу шығар, сені қорқытпақшы болып жүрген. Уайымдама, қазір барамын, — деді де тұтқаны қойды да орнынан асығып түрегеле берді.

Сейітбектің өзі де қорқып тұрған секілді. Айсұлудың сөзінен кейін жүрегі дүрсілдеп кеткендей болды. Дәл осы сәтте телефоны құрғыр тағы да безектей жөнелді. Оған қарамай есікке шыға берді де, қайта кері бұрылып тұтқаны көтеріп:

— Алло! Алло! — деді.

Сәл үнсіз тұрған ар жақтағы адам:

— Алло, Сейітбек сенсің бе? — деді.

Ә, дегеннен еркінси сөйлеген бейтаныс жанның дауысын ажырата алмай, қай танысы екенін есіне түсіре алмай қалған Сейітбек:

— Иә, менмін. Бұл кім екен сөйлеп тұрған? — деді.

— Мен Ғалымжанмын!

Сейітбектің жүрегі тас төбесіне шыға жаздады. Жаңа ғана Айсұлудың алқынған көңілін, қорқынышын басқан Сейітбек дәл қазір өзі солай қорқуда.

— Қандай Ғалымжан?!

— Сейітбек, саған не болған? Мені танымай қалдың ба, не?

— Жоқ! Мен ешқандай да Ғалымжанды танымаймын!

— Танымасаң мен саған кім екенімді таныстырамын.

— Айналайын, мен танитын жалғыз Ғалымжан деген бір жалаңаяқ бар еді. Ол әлдеқашан тар қапастан аман шыға алмай өліп кеткен! Оны өз қолыммен жерлегенмін!

— Тоқта Сейітбек, ешкім тар қапаста өліп келмеген! Ол тірі! Сен өз қолыңмен жерлеген адам басқа біреу! Сен айтқандай сүйегі әлдеқашан қурап жоқ болып кетпеген! Сен есіңе алғың келмейтін Ғалымжан тірі! Сол жалаңаяқ Ғалымжанды қазір көресің! Үйіңе бар! — деген бейтаныстың дірілдеген дауысы өшіп, оның орнына тұтқаның ар жағынан дың- дың еткен дауыс естіле берді.

Денесінен мұздай тер бұрқ ете қалған Сейітбек дыңылдаған тұтқаны ұстап тұрған күйі орнында қаққан қазықтай болып тұрып қалды. Денесі дірілдеп, қолдары қалтырап барады. Өзі Ғалымжан жайлы көп айтатын сөздерді шыжғырып бетіне басқанда, одан сайын шошып кетті. Өзіне өзі:

— Мүмкін емес, оның тіріліп кетуі мүмкін емес! Бұл кім? Кім бұл? Жұман шалды өлтіргенімді біліп қойған біреу ме екен, маған Ғалымжанды айтып қорқытпақ болып жүрген? Жоқ, ешкім оны білмеуі керек еді ғой! Жоқ, бәрі-бір Ғалымжанның тіріліп кетуі мүмкін емес! Мен өз қолыммен жерлеп едім ғой оны! Өз қолыммен! — деп күбірлеп қадамын әрең басып сыртқа беттеді. Үйіне келсе Айсұлу үрпиіп, түрі сұп-сұр болып отыр екен. Кірген бойда одан:

— Ол адам маған да Ғалымжан болып қоңырау соқты. Осы үйге келемін деді, ешкім келген жоқ па?— деп сұрады жалма-жан асыға-аптыға сөйлеп.

— Саған да айтты ма, сол сөздерді?

— Иә, ол келуі керек қазір осы жерге.

— Жоқ, әлі ешкім де келген жоқ. Сейітбек, қорқытпашы мені. Келмесінші бұл жерге. Қорқып отырмын, — деген Айсұлу жыларман халде тұр.

— Келсін, Ғалымжан болып жынымызға тиіп жүрген кім екенін білейік. Сен қорықпа, — деді.

Осы сөздерді айтып тұрып өзі де іштей қорқуда еді. Қыздары Маржан да бұлардың үрейленгендерін көріп:

— Папа, Ғалымжан деген кім өзі? — деп сұрады. Оның сөзіне жауап бере алмай тосылып қалған

Сейітбек:

— Сен оны танымайсың, қызым, — дей салды.

Сейітбектің денесі тітіркеніп барады. Осы сәтте сыртқы дарбазаның шиқылдай ашылған дауысы шықты. Жаңа асығып кіргенде Сейітбек есікті кілттемеген еді.

Көп ұзамай-ақ үйге бейтаныс жан кірді. Дәлізде дабырласқан үшеуі де есікке жалт қарады. Сейітбектің аузы ашылып тұрып қалған. Қарсы алдында тұрған азып кеткен, бұрынғыдан өзгерген Ғалымжанды таныған ол өз көзіне өзі сене алмауда. Ал, Айсұлу болса:

— Ғ-ғалымжан, се-ен, сен … — деген күйі көзіне келген жасты сүртіп тұрып қалды.

Ғалымжан болса Айсұлуға бұрыла қарап:

— Иә, мен Ғалымжанмын! — деді.

— Сонда қалай? Сен, сен өлмеген… — деп Сейітбек те тосылып қалды.

— Мен өлмегенмін! Сендер менің мүрдем деп басқа біреуді жерлеп жібергенсіңдер! Олай болғаны да дұрыс еді. Өйткені, сенің опасыз жан екеніңді де, дәлелдейтін біреу болуы керек еді ғой бастық сымақ! Менің сен айтқандай сүйегімнің қурап қалмағанын көріп өкініп тұрсың ба? — деп Ғалымжан тістеніп кетті.

Оның қатқыл шығып жатқан дауысынан-ақ, ызаланып тұрғанын сезуге болатын еді.

— Досым-ау, ол не дегенің сенің? Неге өкінеді екенмін? Қайта қуанбаймын ба? Өлген досымның тірілгеніне! Қайта шаттанбаймын ба, жан досымның тірі қалғанына мен?! Досым-ау, сен бізге үлкен жаңалық болдың ғой! Келші өзіңді бір құшақтайыншы! — деп сасқалақтаған Сейітбек далбасалап Ғалымжанға ұмтыла берді.

Оның құшақ жайып келе жатқан қолын қағып жіберген Ғалым:

— Жолама маған! Жақындама! Сен қуана алмайсың! Білесің бе сен менің бүкіл өмірімді құртқаныңды! Білмеппін ғой, әттең сол кезде жанымда досымның емес, қас жауымның жүргенін. Адам да соншалықты аяр болады ма, соншалықты ит, айуан болады ма Сейітбек? Егер Айсұлуда ойың болса неге баста маған айтпадың? Біздің махаббатымыз басталған шақта айтқаныңда, мен саған достығымыз үшін махаббатымды қиып беретін едім ғой! Осылай мені ит қылып, әкемді күйдіріп, шешемді күйдіріп, менің өмірімді қорлауың керек пе еді? Бір ауыз айтқаныңда мен мұның бірін де болдырмастан, сенің ит екеніңді де білместен махаббатымды саған сыйлай салатын едім ғой! Не болды енді? Қайда менің аманат тапсырған сол кездегі досым? Қайда менің аяулы ата-анам? Қайда менің сүйген Айсұлуым? Қайда менің ұрпағымның жалғасы болып қалған перзентім? Сен! Сен соның барлығынан мені айырған! Сен-н! Жұман шалды да өлтірген сенсің Сейітбек! — дегенді айтқан Ғалымжанның көзінен жас шығып, екі иығы селкілдеп жылап жіберді.

Шыдай алмай сорлы жылап жіберді. Жыламағанда не істесін? Ол қатты соққы алды ғой. Осылар үшін емес пе еді бостандыққа талпынып асыққаны? Осы, Сейітбек досы үшін, аяулы анасы үшін емес пе еді? Сүйікті Айсұлуы үшін емес пе еді бостандықты аңсағаны? Жыламағанда не істесін, соның бәрінен мына айуан досы айырғасын? Ол секілді аяр да, айуан болып туымапты ғой. Әйтпесе дәл қазір мына алдында тұрған Сейітбектің борша-брошасын шығарар еді-ау?

Ғалымжанның бар сөзін естіп тұрған Айсұлу, жанында он екі жыл жар болған Сейітбектің кім екенін осы кезге дейін білмеген еді. Ол енді білді қандай жанның құшағында жатқанын.

— Не? Не айтып тұрсың сен Ғалымжан? Не айтып жатырсың? — деген ол да зар жылауда.

— Иә, иә, Айсұлу ол мені қорлағанда, тек сені алу үшін ғана қорлапты! Сен үшін ғана анамды зар еңіретіпті, жалғызынан айырып! — дегенді айтқан Ғалымжан үнсіз қалды.

— Жоқ сенгім келмейді Сейітбек! Сонда сен, мені осы кезге дейін алдап келдің бе? «Ғалымжанның аманаты үшін сүйдім, сені бақытты қылам! Сол асыл досымның махаббаты, адал сезімі үшін сені бақытты қылам!» дегендеріңнің барлығы өтірік пе, сонда? Сенгім келмейді? Қалайша ? Не үшін Сейітбек? Не жазығымыз бар еді? Неге? — деген Айсұлу күйеуі Сейітбекті қос қолымен ұрғылай берді, ұрғылай берді.

Біраз айқай-шудан кейін барлығы үнсіз қалды. Жерде отырып қалған Ғалымжан әлден уақытта орнынан тұрып Сейітбекке оқты жанарын қадап:

— Мен, барлығын тек сенің өзіңе айтып, көзіңді, сенің ұялмай қарап тұратын ана арамдыққа толы көзіңді көріп кету үшін ғана келдім. Мен қудалайтын болсам сені түрменің өзім көрген тар қапасында шірітер едім. Олай етпеймін, Сейітбек! Сені Алла жазалайды! Көресің әлі! Сенің жазаңды Алла береді! Мен ештеңе айтпаймын! Ана өзге біреудің табытын құшақтап, зар жылаған анамның көз жасы жібермейді сені ешқайда! Өзгенің өлімін менің ажалым деп түсініп, жалғыз ұлының өлімін көтере алмай кеткен әкемнің қазасыз сені жібермейді! Он екі жыл өмірімді қор қылғандағы менің ыза-кегім жібермейді сені! Жібермейді! Сол кезде көресің сен! Сол кезде түсінесің сен опасыздықтың не екенін! — деді де бұрылып сыртқа шыға берді.

Сейітбек болса үнсіз. Ештеңе айта алмай басы салбырап тұр.

Ғалымжанның ізінен:

— Жоқ Ғлымжан, жаным тоқташы! — деген Айсұлу шыңғырып жіберіп, жүгіріп келді де Ғалымжанның мойынына асыла кетті. — Жаным, менің махаббатым! Менің Ғалымжаным! Мені тастап кетпеші! Қалмаймын! Қалмаймын мен мына жауыздың қасында! Алып кет өзіңмен бірге! Кетемін! Кетемін мен! Ана қызыңды да қалдырма! Ол сенің қызың! Менде одан өзге перзент жоқ! Осы кезге дейін мен Сейітбектен құрсақ көтермедім! Өз қызың ғой, екеумізді алып кет жаным! Қала алмаймын мен енді мұның қасында! Керек емес маған, мына арам дүние де, мына арам байлық та! Сен керексің жаным! Мен сені әлі де сағынатын едім! Әлі де сүйемін! Дәл қазір бұрынғыдан да қатты сүйемін!— деп еңіреп жылай берді, адал махаббатының көздерінен, маңдайынан сүйіп жылай берді.

Ештеңе де айтпаған Ғалымжан Сейітбекке бұрылып ала көзімен бір қарады да, анадайда есеңгіреп тұрған қызы Маржанды құшақтап көтеріп алды.

— Қызым! Мен сенің әкеңмін жаным! Сейітбек емес, сенің туған әкең менімін, ботам! — деп оны иіскеді.

Ғалымжанның есіне анасының «ботам» деп еркелететіні түсіп кеткен болатын. Содан соң Ғалымжан, екеуін де ертіп сыртқа шығып кетті. Есіктен шығып бара жатып Айсұлу арқасына бұрылып Сейітбекке:

— Мына арамдыққа толы үйіңде өзің қал! — деді. Оларға бір ауыз сөз айта алмаған сүмірейген

Сейітбек үнсіз қала берді. Не айтсын ол? Не десін? Ғалымжанның айтқанының барлығы ащы да болса шындық қой. Сол үшін, ол ақтала алмады. Ғалымжанның алдында да, Айсұлудың алдында да өзін ақтай алмады…

* * *

Айсұлудың ата-анасы жаңа үй болған оларға қала ортасындағы екі бөлмелі үйлерін берді. Ғалымжан, қызы мен келіншегімен бірге сол жерде тұрып жатыр. Өзі қазір базарда сауда жасайды. Олар бақытты еді. Ғалымжанның жүрегінде бір арман қалды. Ол арман — анасын көре алмағандығы болатын. Қарттар үйінде жүрген Жарқынай сол жерде, Ғалымжан түрмеден шығардан бір жыл алдын қатты ауырып қайтыс болыпты. Ол анасын көруге үлгере алмай қалған екен. Бір жыл кешігіпті. Амал жоқ, тағдырдың басқа салғаны болғандықтан ештеңе істей алмады. Анасының басына барып құран оқып тұратын ол, анасының бұрынғы еркелеткендерін сағынып еске алатын еді.

Ғалымжан ауылдағы Шынар әпкесінің үйіне де барып, бар шындықты айтып берді. Жылап, еңірей- еңірей әрең басылған әпкесі байғұс жағдайы қиын болса да, бір қой сойып «Жарқынай әпкемнің Ғалымжаны тіріліп келді! Ол тірі екен! Менің інім тірі екен! » деп ауыл адамдарын шақыртып қонақасы берді.

Ал, Сейітбек болса арадан көп ұзамай өзі басқарып отырған кәсіпорынын картаға ұттырып жіберді. Одан көп ұзамай үйінен айрылды. Сөйтіп ақыры нағыз көше алқашына айналып кетті.

* * *

— Айсұлу, жүр 6үгін Ғалымжанның жерленген күні ғой. Басына барып құран оқып қайтайық, — деді Ғалымжан әйеліне.

Оның бетіне күлімдей қараған Айсұлу:

— Қойшы енді оны Ғалымжан деп айтпайықшы. Ол бәрібір басқа біреу екен ғой. Оған басқа ат қойып алайық, мүмкін бармай-ақ қоярмыз енді, соның басына. Барғым келмейді, — деді.

— Жоқ, жаным, ол бәрібір менің ата-анам үшін өздерінің Ғалымжандары еді ғой. Олар сол үшін көз жастарын төгіп жылады. Олар сол үшін қайғырды, азап шекті. Сол үшін ол бәрібір Ғалымжан болып қалады. Және біз үнемі оның басына барып құран оқып тұрамыз! — деді Ғалымжан.

Оның дауысында адам жүрегін тебірентіп жіберетін бір мұң бар еді. Мүмкін ол, Ғалымжанның ата-анасының жүрегінде қалған мұң шығар. Анасының жылдар бойы жалғыздықтан шеккен азабының мұңы шығар… Мүмкін, Ғалымжан болып жерленген бейтаныс мүрденің мұңы болар…

НұрСая-Нұрсұлу БАЗАРБАЙҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған