Ерінің тағдырын тәлкек еткен тоқал

Әр сенбіде Сері шешесінің үйіне қарай кетеді, бүгін де үйде ұрыстың тууына себеп болды.

– Бармайсың!  дейді келіншегі Гүлсара кесе сөйлеп.

– Түсінсейші, баруым керек!

– Бармайсың дедім! Осыдан кетіп көр, маған да бәрібір! Мен де кетем. Неге сен аптасына әрең жететін демалыс күндеріңді олардың жанында өткізу керексің? Айтшы, сонда менің саған ешқандай құқым жоқ па?

– Не деп тұрсың, Гүлсара? Есіңді жинасайшы! Ол  менің перзентім, менің қызым ғой! Қалай мен оның жанында ең болмаса сенбі күні болмаймын, айтшы?! О баста екеуміз келіскен сияқты едік қой. Сен маған «кедергі болмаймын» дегенсің.

– Иә, бірақ әр сенбіде сенімен қоштасуға да келіскен емеспін. Алып кел, үйге алып кел де кездес!

– Қойшы осы сен!  – деп ақырында күйеуі ашуланып, қолын бір сілтеді де, үйден шықты да кетті.

Өз ашуына өзі тұншыққан Гүлсара егіліп жылап қала берді. Ашуын баса алмай, долданған ол ақырында күйеуінің соңынан өзі де шықты да, есігін құлттап, төркініне қарай тартып отырды. «Сен кетсең, мен де кетемін!» дейді ашуланып.

Осы дау Сері мен Гүлсараның арасында үйленген күннен бастап туған, әлі таусылатын емес. Сері бұған дейін де бір рет үйленген, ол келіншегінен бір қызы болатын. Кейін осы Гүлсараны жолықтырды да, өз әйелімен еріксіз ажырасып кетті. Араларында кішкентай Мерейдің бары да, олардың отбасын сақтай алмаған. Ұлының Ұлбикемен ажырасқанын шешесі де қаламады. Ұрысты, талай рет Серіге «есіңді жина, сенің қызың бар» деп айтып көрген. Алайда, Гүлсараға деген асыл махаббаты оны бәрібір осы қадамға итермелегендей. Тек немересімен қоштасқысы келмеген шешесі ұлына бір талап қойғаны бар. «Егер ажырасатын болсаң, онда сенің кесіріңнен мен мына немеремді бір көруге зар болып отырмайын. Әр сенбіде, менің үйімде бәріміз кездесетін боламыз. Мерей әрі әкесін де, мені де көріп өседі әрі жат болып кетпейміз. Егер осы тілегімді орындасаң ғана, сенің «екінші рет үйленемін» деген шешіміңді оң қабылдаймын» – дегені бар. Содан бері бір жыл өтті, Сері анасының айтқанын бұлжытпай орындап келеді. Әр сенбіде таңертең шешесінің үйіне қарай құстай ұшып отыратыны. Жолай дүкенге кіріп, тәтті тағамдар, ойыншықтар сатып алды. Қызын ерекше жақсы көретін әке үнемі оны қуантқысы келеді де тұрады. Бұл қылығы әлі күнге күйеуіне деген сезімі өшпеген Ұлбикеге үміт сыйлайтындай.

– Ой, апа, оның анаусы босанып, бір бала туып беретін болса, Сері біздерді тіптен ұмытып кетеді ме деп қорқамын,- дейді ертерек келген Ұлбике енесіне жыламсырай қарап.

– Сен олай таусыла берме! Бір қызбалықпен, бір ақымақтықпен барып қалыпты сол қатынға, енді есін жинайтын кез де алыс емес. Қашанғы жүреді дейсің, қайтып келеді ол саған! Бірақ, шыдау керек! Тумайды ол қатын, көресің ғой, туа алмайды! Біреудің отбасын бұзып, біреудің күйеуін тартып алған әйелге бала беруші ме еді?!

– Ол тартып алған жоқ, балаңыздың өзі оған ғашық қой, апатай-ау!

– Қайдағы! Махаббат деген кинода ғана бар. Бір жылдан соң махаббат-сахаббатыңнан түк қалмайды. Қазірдің өзінде, мен саған айтайын, олардың отбасы шайқалайын деп тұр. Байқамайсың ба, Сері апта сайын асығып, осы қызы мен сені көргенше аптығып келеді. Егер анау қатынның қойнында оған бәрі ұнаса, ол бұлай асықпас еді. Әне, есікті қағып тұр. Бар, аша ғой, аш!

Ұлбике орнынан ыршып тұрып, есікке қарай беттеген. Бірақ шешесінің алдына түсіп, кішкентай Мерей алдымен жетіп есікті ашты.

– Папам келді!  дейді мәз болған қызы әкесінің мойнынан құшақтап.

– Менің кішкентай перизатым қалай? Ту-у, өзі әдемі болып өзгеріп кетіпті ғой. Ой, жаным менің, алтыным менің!

Әкесі қызын шындап сағыныпты. Екі бетінен қайта-қайта сүйіп, алып келген ойыншықтарын беріп әуре. Ұлбике қызы мен күйеуіне сырттай қарап тұр. Әлден уақытта Сері басын көтеріп, бәйбішесіне қарады.

– Қалайсың, Ұлбике?

– Жақсы…

– Не болды, жылағансың ба?

– Несін жылаймын? Жылай-жылай көзімнің жасы да таусылғаны қашан.

Ауыр күрсінген Ұлбике қабағын шыта қарады. Онсыз да Гүлсарамен ұрсып шыққан Сері тап қазір Ұлбикенің ауыр көңіл-күйін көтергісі келген жоқ. Ол тіпті, бәйбішесіне көңіл де аудармастан, қызымен айналып кетті. Баласы мен келініне сырттай бақылау жасаған Орынкүл ана келінін ас бөлмесіне шақырып алды.

– Не мына түрің?

– Не болды, апа?

– Не мына түрің деймін? Ең болмаса бетіңді бояп алмағансың ба? Күйеуіңнің көзіне әлгі қатыннан әдемі болып көрінуге неге тырыспайсың? Әп-әдемі киімдерің бар, кимейсің бе соларды? Бар, қазір бар да, киіміңді ауыстырып, әдемі болып боянып келетін бол!

– Апа…

– Болды, көп сөйлемей, бар деген соң барып кел. Тез кел!

Келініне түсіндіретін сөзді түсіндірді де, Орынкүл баласы мен немересі отырған бөлмеге шықты.

– Бүгін күн қандай тамаша болып тұрғанын қараңдаршы. Мұндай күнді бос жібермей, бәріміз бірге саябаққа ма, қыдырып қайтсақ қайтеді?

– Рас па?! О, саябаққа барамыз!

Мерей қуанып кетті. Оның шаттанғанына қарады да, Сері «жоқ» дей алмады.

– Жарайды, барсақ барайық.

– Онда мен қазір тезірек барып киімдерімді ауыстырып келейін – деді де, Ұлбике тезірек үйден шығып кетті.

Тек тез келемін дегені бекер екен, бір емес, екі сағатқа жоқ болғаны.

– Мына тұрған жерге неменеге сонша ұзақ жүріп кетті? –  деп Сері ашулана бастаған.

– Ештеңе етпейді, кешіккені жақсы қайта. Мен тамақ істеп үлгеремін. Бәріміз тамақтанып бір-ақ шықпаймыз ба сыртқа.

Орынкүл келінін ақтап, келінін жақтап шықты. Әлден уақытта Ұлбике де келген. Есікті әдейі Серіге аштырған Орынкүл мына жақта оларды аңдып қарап тұр. Ұлбике шашын жайыпты, бұйралапты, көздерін бояп, ернін қызартқан, аяғына биік аяқ киім киіп, енді бір ерекше сұлуланып келіпті. Келіншегінің мұндай күйін көптен көрмеген Серіге оның ұнағаны сөзсіз. Бірақ сезімін жасыруға тырысатындай.

– Неге кешігіп кеттің? –  деп қояды өзінше.

– Саған ұнау үшін…

Сері жалт қарады. Келіншегі оған өзінің тілегін тіке айтқандай.

– Сен маған ұнамасаң, үйленбейтін едім ғой, – дейді жауап тапқандай.

– Сен мені ұнатсаң, ажыраспайтын едің ғой… –  деді Ұлбике де қалыспай.

Бірақ, енесіне келінінің мына сөзі ұнаған жоқ. Мұндай жағдайда бейшара күйге түспеу керектігін еш түсіндіре алмады ғой осы! Мұндай жағдайда қу болу керек! Күйеудің ар жағына бір шығып, бер жағына бір шығып, өзіңнің бәрінен де әдемі екеніңді, бәрінен де адал екеніңді дәлелдеу керек қой. Ол болса сүмірейіп тұр. Сүмірейіп тұрса, қанша жерден әдемі болса да, еркек оған қарамайды. Басқасын қайдам, бірақ тап Орынкүлдің баласына адамның ішін пыстырмайтын, адамды кінәлі сезіндірмейтін пысық келіншек керек. Соны мына Ұлбике әлі түсінбепті. Тағы да үйрету керек.

Олар бәрі бірге саябаққа қарай тартып отырды.Әкесінің машинасының алдыңғы орындығын бермейтін Мерейдің қуанышында шек жоқ. Мәз болады. Әкесі оны саябақта түрлі әткеншектерге отырғызып, балмұздақ алып беріп, әбден қуантты. Ал Орынкүл келінімен оңаша қалған сәттің бәрін пайдаланып, ақылын айта бастады. Содан не керек, Орынкүлдің аяқ астынан жұмысы шыға қалғаны.

– Ой, бүгін көршімнің үйіне бесік келетінін ұмытыппын. Маған басында болыңыз деген. Тез қайтуым керек!  – деп бұлданып шықты.

– Ту-у, апа, мен әлі ойнағым келеді! Апа! – деп Мерей апасына жыламсырай қарап тұр.

– Әрине, ойнағың келсе, ойнай ғой, қалқам! Мен сендерді үйде күтемін. Өзім қайта берейін.

– Апа, бір өзіңіз қайтасыз ба? Тоқтасаңызшы, бірге барамыз, – деп баласы тоқтатпақ болып еді, Орынкүл тыңдаған да жоқ.

– Қызды әбден сергітіп, бір-ақ қайтыңдар. Әкесінің, шешесінің жанында бір рахаттанып ойнасын! Өзім кете беремін! – деп ұлын тыңдамастан кетіп қалды. Енді саябақта Сері өзінің баяғы келіншегімен, кішкентай қызымен жалғыз қалды.

Мерей көбіне түрлі ойындар ойнайды, ал Сері мен Ұлбике жалғыз қалып, екеуі де үнсіздікте тұрады. Ақырында Ұлбике өз бойынан бір серпіліс тапты да, қызымен бірге бір әткеншекке мінді. Көңілі жақсы көтерілген ол күйеуін де шақырды. Ойын олардың бәрінің көңілдерін шаттандырып жібергендей. Тура бір ажыраспаған сияқты. Тура бір үшеуі сол баяғы күндердегідей бірге тұрып жатқан сияқты. Әсіресе, Мерей әкесі мен шешесінің бірдей күлгеніне қарап, шексіз бақытқа кенелді. Тіпті, әкесіне ойын үстінде айқайлап:

– Папа, бізге қайтып келші! – дейді.

– Мен сенің жаныңдамын ғой, қызым.

– Жоқ, біздің үйге көшіп келші деймін!

Тура біреу үйретіп қойған сияқты. Тек бұл бала жүректен шыққан ең асыл тілек болатын. Әкесі жауап тапқан жоқ. Үндемей қоя салды. Бірақ, ішінен ауыр ойлар жанын жеп барады. Ботасы болса жалынып қарайды. Жаным сол! Сен қазір тек ойынды ойлап, тек балалық шақтың бал дәмін тату керексің ғой, ал мен сені уайымға салып қойдым. Кешірші мені, қызым! Кешірші…

Бұл кезде Гүлсара төркінінде шыдамы шегіне жетіп отырған. Күйеуі кешіккен сайын байғұс келіншек жынданып кете жаздайды. Таңертең келгенде үйіне қайтып бармастай, қайтып Серінің атын естіместей болып отырған. Енді тіптен өзгеріп кетіпті. Үйінен жүз шығып, жүз кіріп жүргені.

– Күйеу құрып қалғандай, сол жігітке несіне тигеніңді еш түсінбедім, – дейді шешесі онсыз да ашуға булығып жүрген қызына.

– Мама, сөйлемеші қазір маған!

– Қайтіп сөйлемеймін?! Түр десе түрің бар, ақыл десе ақылың бар қызсың, бардың да, ажырасқан біреуге жабыстың да қалдың! Өтірік деші, талай жігіт келді ғой саған! Талай жігіт құда түсті. Бірін де жаратпай кері қайтардың да, енді солардың көз жасына қалып отырсың! Өзің бақытты болсаң мейлі екен, апта сайын жылап келесің. Сонда аңсаған бақытың осы ма еді?!

– Мама!

– Не мамалайсың?! Өтірік пе менің айтқаным?

Гүлсара шешесіне ашуланып, үйден шығуға жиналды.

– Қайда барасың?

– Кетемін. Үйіме барамын.

– Тоқта, ашуыңды бас. Одан да ақылға кел. Күйеуің бәрібір қанша жыласаң да, қызынан бас тартпайды. Қанша дегенмен, перзенті ғой, бас тартпағаны қайта жақсы. Егер қызына тіптен бармай қойса, сонда одан қорқуға болатын еді. Ақыры одан ажыраспаймын десең, осы Серісіз өмір сүре алмаймын десең, тезірек бала көтеріп, оған туып бергенің дұрыс.

– Тағы да бастадыңыз ба? Сонда жұмысымды не істеймін?

– Саған өзі жұмыс керек пе, күйеу керек пе?

– Екеуі де.

– Олай болмайды. Олай ешқашан болған да емес. Бірі үшін екіншісін құрбан етуіңе тура келеді. Тек бала туып бермейінше, күйеуіңнің үйден кеткені кеткен. Тек балалы болғанда ғана оның қызына деген махаббатын сен де сезіне аласың. Солай, қызым.

Гүлсара үйіне қарай ойланып қайтты. Шешесі оның біраз пәпігін басқан сияқты. Ашуы да тарқағандай. Ол енді қалайда бала көтеруді ойлана бастады. Және сол ойын күйеуіне айтқанша асыққаны соншалық, үйіне шаттанып кірген. Алайда, Сері әлі қайтпапты. Кеш болып қалса да, ол үйіне оралмаған екен. Әдетте, мұндай уақытта ол үйге келіп қалатын. Бүгін жоқ…

Әрі күтіп, бері күтіп шыдамаған Гүлсара енесінің телефон нөмірін тере бастады.

– Алло, кім екен?

– Апа, қалайсыз? Мен ғой Гүлсара. Сері сонда ма?

Сол-ақ екен, ар жақтан мәз болып күлген Серінің даусы шықты. Төрт жасар Мерей әкесіне өзінің жаңа қылықтарын көрсетіп, жаңа тақпақтарын айтып беріп жатқан. Гүлсара оның қуанышты күлкісін естігенде, көңілі су сепкендей басылды да қалды. Орынкүл өзінің үлкен келініне қарап, тұтқаның ар жағындағы кіші келініне жауап қатуда.

– Қазір өзі хабарласады. Айтамын, – дейді салқын үнмен.

Гүлсара тұтқаны тарс еткізіп қоя салды. Енді оның ашуы тіптен тасып барады. Өзін-өзі баса алмаған келіншек өкіріп жылап та алды. Ақырында шыдай алмай үйдегі ашылған жарты арақты жалғыз өзі сіміріп салғаны.

– Кім екен, апа?

– Сені іздеп жатыр…

Орынкүл оны айтпайын деп еді, бірақ, оларды ұрыстырып қойған өзі болмау үшін амалсыз айтты. Шешесінің кімді меңзегенін бірден түсінген Сері сағатына қарады.

– Кеш болып қалыпты ғой, сендерді үйге жеткізіп салайын, – деп Ұлбике мен қызына қарады.

– Қойшы, бүгін апамның қасында қонамын. Сіз де осында қоныңызшы, папа! Кетпеңізші бүгін!

– Қызым, ерте-ең тағы жолығамыз, жарай ма? Жыламашы енді.

– Ту-у, үнемі осылай кетіп қала бересіз…

– Келемін дедім ғой, тағы да келемін.

Жылап қалған немересіне қарап ,Орынкүлдің де жүрегі ауырды.

– Қашанғы осылай қызыңмен уақыт есептеп кездесіп жүресің енді? Болды ғой, қайтсайшы отаныңа! – дейді баласына қарап.

– Апа, бұл жайында сөйлесіп қоймадық па? Енді маған кету керек. Жүріңдер, сендерді жеткізіп саламын.

Күнімен көңілді отырған отбасы мүшелері кешке көңілсіз жан-жаққа тарқады. Есігін жауып қалған Орынкүл де жайсыз күйге түсті. Баласының барлығын тастап, айдаладағы бір келіншекке байланып қалғаны жанына батады. Қарт кісінің ұлы мен сол келіншектің арасындағы сезім түк те қызықтырып тұрған жоқ. Ажырасу деген түсініктің өзін жат көретін жан ауыр күрсінді де, теледидардың алдына барып отырды…

Сері үйге келгенде, Гүлсара әжептеуір қызып қалған болатын. Шашы жалбырап кетіпті. Үстінде киімінің жартысы жоқ, терлеген бе, шешіп тастапты. Бір қолында шөлмек, диванның үстінде шалқасынан түсіп жатыр. Серіні көрді де, жынданған адамдай айқайлап бір күліп алды.

– Немене, ішкенсің бе?

Сері келіншегіне жақтырмай қарады.  Онысы тіптен айқайлап күлді.

– Сен не, саусың ба? Сен өзіңді сау адаммын деп есептейсің бе, Сері? Сен де массың ғой, сен де мен сияқты массың.

– Не деп тұрсың? Әкел бері!

Сері келіншегінің қолынан шөлмекті жұлып алды. Диванның жанында тағы тура осындай бір шиша жатыр. Оның қанша ішкенін күйеуі бірден анықтағандай. Енді мұндай мас күйінде Гүлсарамен сөйлесіп болмасы анық. Сері өз бөлмесіне қарай кетті. Бірақ, Гүлсара оған бүгін тыныштық беретін ойда емес-тін. Келді де, күйеуінің үстіне құлай кетті.

– Қалай, саған ол жақта менсіз рахат болды ма? Әйеліңді армансыз көріп келдің бе? Сен әлі соны жақсы көресің ғой, Сері, шыныңды айтшы?! Егер соны жақсы көретін болсаң, мен қазір-ақ сенің өміріңнен кетемін. Тек айтшы, шыныңды айтшы маған, сен оны жақсы көресің бе? Маған үйленгеніңе өкінесің бе?

– Не деп кеттің өзі, Гүлсара? Өз даусыңды өзің естимісің? Ертең сөйлесеміз, қойшы, жатшы болды.

– Жоқ, сен маған бүгін айт. Бұл сұрақтың жауабын бір түн бойы іздейтіндей қиын ба еді? Айтсайшы, сен оны жақсы көресің ғой?

– Жоқ! Мен сені сүйемін! Болды ма, қандың ба? Мен тек сені жақсы көремін! Сол үшін барлығын тастап саған келіп отырмын. Енді тынышталасың ба, жоқ па?!

Гүлсара тағы айқайлап күлді. Бұл жолы ол кекетіп емес, рахаттанып күліп жатқандай.

– Білемін, сен мені жақсы көретініңді білемін. Бірақ қорқамын да, сол үшін сұраймын… Қорқамын, Сері, сені жоғалтып аламын ба деп қорқам…

Жас келіншек күйеуін құшақтап жатып, сыбырлай сөйлеп ұйықтап кетті. Оның ұйқыдағы сүйкімді жүзіне қарап жымиған Сері үстіне көрпесін жауып, ыңғайлап жатқызды. Қорықпа, Гүлсара, мен сені сүйемін, тек сені…

Енді Гүлсара бар күшін бала көтеруге салайын дегендей. Алдымен түрлі дәрігерлерге барып толық тексеруден өтті. Біраз ем қабылдап та алды. Жұмысынан бір айға демалыс алған келіншек барынша бала көтеруге алдымен дайындық жасағандай. Бірақ, өзінің не үшін емделуде екенін күйеуіне айтпаған. Тілегі тек кетпей, ішіне бала біткенде ғана ол күйеуіне жан сырын ашты.

Күн сенбі болатын. Сері әдеттегідей қызымен бірге болу үшін шешесінің үйіне қарай жиналып жатқан. Гүлсара керіліп жатып оны жанына шақырды.

– Сен бүгін кетесің бе?

– Жаным, сол үшін ұрыс шығармашы. Осы күнге дейін үйренетін уақытың болды емес пе?

– Жоқ, қайдағы ұрысқан. Енді маған тіпті ашулануға да болмайды.

– Ой, тоба, мына ақылды саған кім айтып түсіндірді екен?!

– Бір жаңалық айтайын ба саған? Егер оны айтатын болсам, сен бүгін менің жанымда қаласың.

– Қандай жаңалық?

– Сері, сен жақында әке боласың!

Серінің көздері шарасынан шыға жаздады. Ол бір жылдан бері көтермей жүрген келіншегін бұл тақырыпта сұрақ қойып мазаламайтын. Мүмкін, бірінші әйелінен бала болғандықтан да шығар. Мүмкін, әкелік махаббатын сыйлайтын қызы бар болғаны үшін де шығар. Ол мұндай жаңалықты күтпепті.

– Не?!

– Иә, мен көтердім. Енді екеуміздің ортақ перзентіміз болады!

Сері қуанышын жасыра алмай келіншегін көтеріп алды.

– Жаным сол! Алтыным менің! Сүйемін ғой сені, білесің бе, сүйемін!

– Мен де! Мен де сені сүйемін, Сері! Енді біздің махаббатымыздың маңызы күшейе түспек. Біздер балалы боламыз!

Олар қатты қуанды. Бірін-бірі сүйіп, Сері тіпті, бүгінгі кездесуді ұмытқандай келіншегін еркелетіп, аяғы махаббат ойынына ұласқандай. Олар шексіз бақытты болатын.Бәрін телефонның қоңырауы бұзды.

– Алмашы. Білемін кім соғып тұрғанын, алмашы, Сері.

– Мүмкін, бір маңызды хабар шығар, алайын.

Гүлсараның күдігі расталды. Соғып тұрған шешесі екен.

– Неге жоқсың әлі? Мына қызың жылап жатыр. Мә, өзің сөйлес! – деді де, телефонды Мерейге ұстата салды.

– Папа, сіз не, мені ұмытып кеттіңіз бе? – дейді егілген қызы.

Апта бойына сенбіні болдыра алмай қиналатын балапаны расында әкесінің келмегеніне кәдімгідей ашуланыпты. Ызаланып жылап та жібергені сондықтан. Ботасының былдырлаған тілін естігенде, есі шыққан Сері ақталып әлекке түсті.

– Жоқ, жарығым-ау, ұмытқаны несі?! Ұмытпадым сені, қазір барамын. Қазір, күте тұр. Жарты сағатта барамын.

Сері тез-тез шалбарын кие бастады. Гүлсара оған көңілі толмай қарап жатыр. Жас келіншектің көзіне жас келіп қалыпты.

– Сен менің бала көтергенімді де ұмыттың ғой, Сері. Сен бәрібір өзіңнің отбасыңнан бөліне алмайсың. Жоқ, бұлай болмайды. Маған мұндай өмірдің керегі жоқ, – дейді күбірлеп.

– Жаным, түсінші мені, ол да менің перзентім ғой.

– Бұл да сенің перзентің, мына менің ішімдегі соғып тұрған жүрек те сеніңкі! Сонда қалай, сен оны тастайсың да, соларға қарай кетесің бе?

– Сен тағы бастапсың ғой. Саған ашулануға болмайды, Гүлсара, ашуланба. Мен қазір барамын да, қызымның қасында біраз болып қайтамын.Мен ол жаққа тек қызым үшін барамын! Тек қана қызым үшін! Сен мені қызымнан қызғанбайтын шығарсың?

– Мен сені бәрінен қызғанамын! Мына сен ұнатып көретін кинолардан да қызғанамын керек десең!

– Ақымағым сол… Қазір келіп қаламын. Сен мына ақшаны ал да, барып өзіңе әдемі киімдер ал, қалағаныңды жеп қайт. Қаласаң, мамаңның үйіне дейін жеткізіп салайын.

– Керек емес! Бармаймын! Ешқайда да бармаймын!

Гүлсара ашуланып қалды. Бірақ, оның бұртиғаны да күйеуін тоқтатпады. Сері жүгіріп отырып қызына қарай кетті. Келсе, есік ашық. Әдеттегідей қолына тәттілер ұстаған Сері ішке кіріп келді де, етегі сәл ашылып ұйықтап жатқан Ұлбикені көрді. Үйде басқа ешкім жоқ сияқты. Ұлбике болса қатты ұйықтап жатыр. Сері ары-бері қызын іздеп қарады да не қызын, не шешесін таппай, Ұлбикенің жанына келді. Бірақ оятуға оның ұйқысын қимады. Өзі көзімен сүзіп, бәйбішесін толық қарап шықты. Әдеміленіп кетіпті. Баяғыда аяғының тырнағын боямайтын, қазір әдемі етіп оны да бояп алыпты. Өзінің талдырмаш денесі қандай сұлу! Кірпіктерін қарашы, атылып тұр. Аппақ саны жалтырап жатыр. Сері тап қазір баяғы Сері болса, келіншегін мына санынан сүйіп оятатын еді. Қазір де солай істегісі келіп тұр, тек…

– Ұлбике…

Өтірік ұйықтап жатқан Ұлбике шошып оянғандай болды.

– Ой, сен келіп қалдың ба? Бір сәтке жатып едім, қалғып кетіппін ғой, қашан келдің?

– Қазір келдім. Мерей мен апам қайда?

– Олар жаңа ғана сыртқа шығып еді. Көрмедің бе, есік алдында ойнатамын деген болатын. Қызың сені айтып қоймаған соң, апам алып шықты. Алдыңнан шығып, күтіп аламыз деген екеуі.

– Жоқ, есік алдынан көрмедім мен.

Әрине, көрмейді, бұл да Орынкүлдің бір жоспары ғой, қайдан көрсін. Әдейі қызды алып дүкенге қарай кетіп қалған ол кісі. Әдейі баласы мен келінін жалғыз қалдырған. Тіпті, қайтуға асығатын емес. Ал үйде олар жалғыз отыр. Екеуі ғана.

– Шай қояйын, қарның ашқан шығар.

Екеуі бірге шай ішті. Қайта-қайта көздері түйісіп қала берді.

– Не істеп жүрсің қазір? Жұмысың қалай?

– Жұмыс баяғыша, түнге дейін істейміз. Кешке кеш қайтамын, тек сенбі, жексенбіде демаламыз.

– Оның өзінде қызың сені демалдырмайды ғой.

– Қызымның жанында нағыз демалысты сезінемін қайта. Өзі қалай, қатты қиналып жүрген жоқ па? Ақшаларың жетіп жатыр ма?

– Жетеді, балабақшаға сен төлеген соң, әжептеуір жеңілдеп қалдым. Жұмыста біраз адамдарды қысқартуға ұшыратып жатыр. Арасына ілініп кетпесем деп қорқып жүрмін қазір.

– Неге?

– Бастық ауысқан.

– Онда түсінікті.

– Сен ше? Сенің келіншегің қалай?

– Қалай болушы еді, жақсы. Көтеріпті, құдай қаласа, балалы боламыз.

– А?!

Ұлбике селт ете қалды. Оның ең естимін деп қорқатын жаңалығы да осы болатын. Жүрегі дір ете қалған келіншектің бір сәтте тауы шағылғандай болды.

– Құтты болсын…

– Рахмет…

Ұлбикенің көзіне жас толып қалды.

– Сені әлде де маған қайтып оралатын шығар деп жүрген едім. Келіншегің көтерген болса, онда қайтпайтыныңа көзім жетті. Онда мен де өз қамымды жасауым керек екен.

– Сонда қандай қам?!

– Сері, сен мені неге түсінбейсің?! Күнде қызың қасымда, оны тастап ешқайда да барған емеспін. Сен бізден кеткелі сен жатқан төсекті әлі күнге былғағаным жоқ. Шынымды айтсам, келіншегің туып бермесе, сені қайтып оралады ғой деген үмітпен жүргенмін. Бірақ, бүгін сол үмітімді сен өлтірдің. Мен шаршадым. Апамның «ол әлі саған қайтып келеді» деген бос сөзінен де, өзімнің үмітімнен де шаршадым. Қызымызға басқа әке табу қолымнан келеді. Бірақ, ол сен сияқты бола алмайтынын білген соң шыдап жүргенмін. Енді маған Құдай да риза шығар. Мен де әйелмін, Сері, мен де әйелмін! Маған да еркек керек! Неге түсінбейсің?!

Ұлбике жылап жіберді. Өзінің мына әңгімені не үшін айтқанын өзі де білмейді. Бірақ, оның жылағаны Серінің жүрегіне барып тигендей. Ол келіншегінің көзінен аққан тамшыны қолымен сүртті. Кейінгі тамшыны ернімен сүйді. Кейін…

Ұлбике шексіз рахаттың құшағында жатыр. Бір жылдан бері армандаған асылына жетіп, бақытқа бөленді. Тек Сері ғана сыйлай алатын рахат! Неткен рахат! Сері, сағындым ғой сені, жаным! Сағындым, ішім өртеніп барады. Мына алаулаған жалынды тек сен басасың! Келші, тағы да  келші маған! Мүмкін, бұдан кейін сені маған Гүлсара бермейтін де шығар. Сондықтан, тағы бір жылға қуаттанып алуым кеерк! Сері, келші маған! Жаным менің! Сен менің күйеуімсің, тек қана менің күйеуімсің!!!

Ұлбике тыныштала алмады. Ол күйеуін аймалап, әбден сүйді. Бұрын әйелінің мұншалықты сезімін байқамаған Серінің де есі кетті. Оларды қазір оралатын енесі де қызықтырған жоқ. Олар бақытқа бөленді, олар бүкіл әлемді ұмытты… Ал Орынкүл мен Мерей әлі жоқ. Орынкүл немересін ағайындардың үйін аралатып, қыдыртып алып кеткен болатын. Олар кешке бір-ақ қайтқан…

Гүлсара күйеуін күтіп отыр. Тәтті тамақтар пісіріп, өзінше енді онымен ұрыспауға барынша бел буғандай. Бүгін барынша өзгеруге тырысқан келіншек өмірін де өзгертуді шешіпті. Соның құрметіне тәтті тағамдар пісіріп, үстелді жайнатып қойған. Қызы мен келіншегінің жанынан кеткісі келмей, әрең үйіне қайтқан Сері оның дастарханын көргенде де, аса қуана қоймады. Барды да жатып қалды.

– Саған не болды? Ауырып тұрсың ба?

– Жоқ.

– Онда неге жатып қалдың? Сені күнімен тосып отырмын ғой. Тіпті, әлі тамақ та ішпедім. Ең болмаса, менің көңілім үшін тұрып, дастарханға отырсаң қайтеді?

– Қойшы, не болды өзі саған бүгін?!

– Не болғанын ұмытып кеттің бе? Кетші, ішпесең қой, өзім жеймін тамақты. Жата бер!

Ашуланған Гүлсара бөлмеден оқтай ұшып шықты. Күнімен бар күшін Ұлбикеге беріп келген Сері лажсыз оның соңынан сүйретіліп шықты.

– Сен де мені түсінші, жаным, екі ортада әбден шаршадым. Мен сенің көңіліңді табу керекпін, қызымның көңілін, шешемнің көңілін… сонда менің көңілімді кім табады? Түсінші, шаршап кеттім. Ренжімеші маған.

– Мен сенің көңіліңді табу үшін жайған шығармын мына дастарханды?! Неге сен мені ойламайсың? Қашанғы сенің алдыңда жәлеп қатын сияқты жалпақтай беремін осы?! Қашанғы мен сені кетіп қалады деген қорқынышпен өмір сүруім керек?!

Гүлсараның айтып тұрғаны рас болатын. Оның үстіне, әрең көтерген баласына зиянын тигізгісі келмей, Сері келіншегін құшақтады. Оның ашуын басуға тырысып, еркелетіп көрді.

– Ой, ашуланшағым сол! Үнемі мені сынап қарайтын көзіңді жасқа толтыра бермеші. Ту-у, қандай тәтті тамақ пісірген менің еркем?! Қанша жесем де, осы сенің тамағыңа тоймайтын болдым. Сен сияқты тәтті пісіретін келіншекті де әлі жолықтырмаппын.

– Қойшы, өтрік алдай саласың сен мені!

– Неге өтірік?! Жұмыста талай достарымның үйіне бардық қой түстік асқа. Ешбірінің тамағы менің көңілімнен шыққан емес, рас айтамын.

Әңгімені басқа арнаға бұрып, әйтеуір Сері келіншегін біраз басып алды. Бірақ, ойынан Ұлбикесі кеткен жоқ. Өзінің сол баяғы Ұлбикесі… өзі қандай әдемі болып кеткен! Неткен керемет келіншексің сен, Ұлбике! Қалай өзіңнің бойыңда жасырынған сырды, нұрды байқамағанмын? Мен өзіңе қайта ғашық бола бастағандаймын… Иә, солай сияқты.

Сол күннен кейін Сері енді жайлап-жайлап Ұлбикеге жақындай түскендей. Гүлсара баласы үшін екі ай сайын ауруханаға жататын болған. Біресе суы аз деп, біресе анау деп, біресе мынау деп қорқытқан дәрігерлер оны ауруханадан шығарған жоқ. Бұл Серіге жақсы сылтау болған сияқты. Келіншегі жоқ күннің барлығында ол Ұлбикенің үйінде, қызымен бірге болды. Оны Гүлсараға еш білдірген жоқ. Тексеріп жатқан күндері «мамамның үйіндемін» дегендей өтірікті айтады. Оның үстіне, өз жанымен өзі қайғыға батқан Гүлсараның тап қазір күйеуінің соңынан шырақ алып түсетін ешбір жағдайы жоқ. Осының бәрі Ұлбике мен Серінің арасындағы сезімнің қайта беріктене түсуіне себепші болды. Екі ортада бәрінен де мәз болып жүрген  Мерей. Әкесінің отбасына қайта оралғаны бала жүректі қуантқаны соншалық, ол күнде әндететінді, айқайлап өлең айтатынды шығарыпты. Байғұс кішкентай өз бақытын солай білдіретін сияқты.

Ай-күні жетіп, Гүлсара босанып алды. Қыз туыпты. Перзентханадан шыққан соң, енді Сері қайтадан баяғы күніне оралды. Гүлсараның көңілін тауып, қызын қолына алып дегендей. Алайда, бүйрегі Ұлбикеге қарай тартты да тұрды. Ыңғайлы сәт болса бітті, солай қарай бір барып қайтуға тырысатыны. Екі ортада әбден есі шыққан жігіт бір шешімге еш келетін емес. Оның үстіне… оның үстіне Ұлбике де көтеріп қойыпты. Иә, көтеріпті! Бұл жаңалықты естігенде, Серінің шақшадай басы шарадай болды.

– Қорықпа, мен баланы алдыртып тастаймын. Бара бер, ақыры Гүлсараңды қимайсың ба, бар соған! – деп Ұлбике кесіп сөйлеген.

Алайда, Сері баланы алдыртқысы келмеді.

– Мүмкін, ол ұл бала шығар?! Жоқ, алдыртпайсың!  дейді ашуланып.

– Онда кел үйге. Мен екінші баламды да әкесіз өсіргім келмейді.

– Маған уақыт берші, Ұлбике. Гүлсараны ішкентайымен қайтіп тастап кетемін?

– Мен уақыт бергенмен, мына балаң уақыт бермейді саған, Сері. Ол не шығады, не алдыртып тастаймын. Бұл сұрақты бүгін-ертең шешпесең, өзіңнен көр. Обалы саған! Мен екі баланы бірдей әкесіз, жалғыз өсіре алмаймын.

Сері енді не істерін білмеді. Мұнда барса бір уайым, анда барса екі уайым. Енді не істесе екен? Оның үстіне… оның үстіне қызы бұл кететін кезде, жібергісі келмей шырылдап жылап қалады. Гүлсара кішкентай Еркежанымен есі ауысып, Серіге тіпті, қарамайды да. Киімдерін үтіктеп беру деген әлдеқашан ұмытылған. Сері тіпті, көйлектерін жууға Ұлбикеге алып келіп беретін болған. Оны Гүлсара білмейді де. Оған қазір артық бір сағат ұйықтап алудың өзі арманға айналғандай. Бірдеңе десе, күйеуіне айқайлап ұрсып тастайды.

– Онда қара мына қызыңа! Не дейсің маған енді? Түнімен тұрамын, ұйқым қанбайды! – деп бүгін де ұрсып отырғаны.

Осының бәрі Серіге бір шешім қабылдауға септік болды. Ол Гүлсарамен ажырасатын болды. Сол тілегін келіншегіне қалай жеткізерін білмей қипақтап отырғаны.

– Гүлсара, өзің босанамын деп қалай өзгеріп кеттің? Баяғы мінезіңнен де түк қалмаған. Күннен күнге жаман болып барасың ғой, – дейді жайлап тамырын басып.

– Өзің туып көрші, көремін қалай жақсы болғаныңды! Түнімен ұйықтамай, бала емізсең, күнімен оның жөргектерін жуып, үтіктесең, үй жинап, тамақ істесең, көрер едім сенің қалай әдемі болып отыратыныңды!

– Сен ғана емес шығарсың мына әлемде босанған. Не болды, соншама айқайлайсың? Жұрттың қатындары жинақы болып-ақ отыр ғой осы.

– Онда сол жұрттың қатындарын ал, не дейсің маған. Басыма тыныштық берші. Сенің мыжың сөздеріңді тыңдап отыратын уақытым жоқ – деді де, Гүлсара жатып қалды.

Серіге де керегі осы болатын. Ол мына сөзді іліп алып кеткендей.

– Гүлсара, біздің махаббатымыз бір бала туылғанға дейін ғана жеткен сияқты. Байқаймын, сенің маған деген қызығушылығыңның бәрі осымен таусылған сияқты. Олай болса, мені босат. Мен кетейін. Қызыма келіп тұрамын, өсіруге көмектесемін, бірақ, саған бұлай күйеу болып отыра алмаймын.

– Е-е, осы екен ғой айта алмай отырғаның?! Осы ма?! Бар, бар сол Ұлбикеңе! Жете алмай отырғаның сол шығар сенің. Әлдеқашан соған барып жүрген де шығарсың. Біліп едім сенің бәрібір кететініңді. Білгенмін, бірақ көзімді жұмып қарадым. Қойшы, өзі есін жинайды ғой дегенмін. Ал сен… сен мені алдап соқтың ғой. Бұл жақта мені пайдаланып, ол жақта мені оған жамандап жүрген шығарсың. Бар, кет! Бірақ, есіңде болсын, қазір мына табалдырықты аттап шықсаң, содан кейін қайтып кірмейсің. Мен саған Ұлбике емеспін, сүмеңдеп келген сайын құшақ жайып қарсы алатын. Мен саған қызыңды да көрсетпеймін, өзім өсіремін. Қорықпа, Құдайға шүкір, төркінім бар менің! Ұлбикең сияқты тас кедей емеспін. Бар, сол сұмырай келіншегіңе кете бер!

Ашуланамын деп, көңілге тиетін талай сөзді соғып салған Гүлсара күйеуі есікті тарс етіп жауып кеткенде барып, тілін тістеп отырып қалды. Өкіріп жылады, айқайлады, бірақ, кетуге себеп таппай жүрген Сері қайтып оралған жоқ.

Орынкүлдің көңілі орнына түскен. Бәрі баз-баяғы қалпына түсті. Баласы мен келіні қайта қосылып, кішкентай немересі шаттық құшағында. Ал Ұлбике босанайын деп жүр. Алдын ала тексерулердің қорытындысына қарағанда, ішіндегісі ұл бала екен. Оны естіген Серінің қуанышында шек жоқ. Олар тіпті, мына өмірде Гүлсара деген келіншектің болғанын ұмытып та кеткендей. Тек… тек Гүлсара ұмытқан жоқ. Ол өмірінің ойранын шығарып кеткен Серіні ешқашан ұмытпайды. Ол Серіге де, Ұлбикеге де кек қайтаратын күнді күтіп жатты…

Серінің сонша аңсаған ұлын босанып берген соң, Ұлбике тіптен ерке келіншек болып шыға келді. Әлемде өзінен басқа ешкім ұл тумағандай марқайып, мақтанып, шалқайып қалғаны. Сері оның асты-үстіне түсіп, айтқанын алып беріп әлпештеді. Олардың қосылғанын осынша аңсаған шешесін де ұмытып кеткендей. Әрине, онысы Орынкүлге ұнаған жоқ.

– Не болды, келмей кеттіңдер? –  деп телефон соққан анасы ашулы екен.

– Бізге қарай келсеңізші, апа, Олжасты, Мерейді сағынған шығарсыз, -деп баласы жауап қатты.

– Кел де, алып кет!

Бүгін үйге Ұлбикенің төркіні келу керек болатын. Сондықтан, Ұлбике қызу дайындық үстінде, ал Сері баласы мен қызына қарап отырған. Енесінің айтқанын естігенде, Ұлбикенің ашуы шықты.

– Өзі келе салса болмайды ма? Тура сен барып алып келу керексің бе? Қойшы, кешірек барасың. Қазір бәрін дайындап алайын, сонан соң барасың.

Бірақ, Ұлбике бекер істеген екен. Бекер күйеуін жібермепті. Кешкісін төркіні келіп жатқанда, енесі өзі де келіп қалды.

– Саған менен де жақын мына қайынжұртың болды ма? Күндізден бері сені келеді деп тосып отырдым ғой.  Ал саған менен артық осылар болса, мен кеттім!  – деді де, шешесі отырыстың шырқын бұзып, ашуланып кетіп қалды.

– Апа, тоқтасаңызшы, не болды сізге?

Шешесінің соңынан Сері кетті, оның соңынан қонақтар түсініксіз жағдайда қалды.

– Не болды енеңе?! – дейді інісі Ұлбикеге жақтырмай қарап.

– Білмеймін ғой.

– Біздің келгенімізді жақтырмады ғой деймін. Балаға құтты болсынымызды айтамыз да, тұрамыз!

Ашуланған құда жігіт кетуге ыңғайланды. Ұлбике оларды әрең дегенде жалынып тоқтатқандай. Сері болса шешесінің соңынан жүгіріп жүр. Анасына осынша ақталып еді, қарт кісі ештеңені түсінгісі келмеді. Көлік тоқтатты да кетіп қалды. Үйге басы салбырап қайтқан Серінің енді қайынжұртын күтетін ешбір көңілі қалмағандай. Жездесінің тұнжыраған түріне қарап, қайнысы да, келіндері де тезірек кетуге ыңғайланды. Олар кеткен соң ұрыстың көкесі ерлі-зайыптылардың арасында басталды.

– Не болды соншама? Неге апаң олай істеді? – дейді ашуланған Ұлбике күйеуін түйрегіштей түйрелеп.

– Не болушы еді?! Апам ренжіп қалған да.

– Ренжитіндей жағдай ма осы?! Айтшы, ренжитіндей жағдай ма? Інілерім сенің балаңа құтты болсынын айтып келіп отыр емес пе? Онда тұрған не бар? Сонда біз өз үйімізде тұрып, қонағымызды адам сияқты күтіп, шығарып сала алмаймыз ба? Сонда біз апаңа әрбір қадамымыз үшін жауап беріп отыру керекпіз бе? Шаршадым, осы апаңның көкірек мінезінен шаршадым!  деп Ұлбике енесін жамандап шықты.

Сері не десін, келіншегінің айтқаны да дұрыс, шешесінің өкпелегені де дұрыс. Тек Сері ол екеуіне де бір-бірін ақтай алмайды. Бәрібір тыңдамайтыны анық. Шіркін, осындайда Гүлсара жақсы еді. Ол ешқашан бұның шешесімен ұрысқан емес, бұның шешесі туралы жақ ашпайтын. Онымен бірге тұрғанда, апасымен де алыстан сыйласатын. Қайта сол өмірі тыныш екен. Сері енді-енді бірнәрсені түсініп, бірнәрсеге өкіне бастады. Гүлсараға да керегі осы болғандай. Қалайда күйеуі мен оның бірінші әйеліне кек қайтаруды ойлаған келіншекке керегі осы болатын.

Гүлсараны Сері тастап кеткенде, ағалары, әпкелері, анасы, бәрі бірдей қызды ұрысқан еді.

– Саған не дедік?! Үйленген, оның үстіне бір баласы бар жігітке тұрмысқа шығатыныңда, бәрінің осылай аяқталатынын айтқан жоқпыз ба? Адамның айтқанын тыңдамайсың! Ақыры ажырасып кетті ме сенен?! Тіпті, жаңа туылған қызыңның бары да тоқтатпады, – деп бүгін ағасы да ұрысқан.

– Ол маған әлі қайтып келіп жалынатын болады, – дейді Гүлсара еркін сөйлеп.

– Жалынады? Ол сені әлдеқашан ұмытып кеткен. Сен оның уақытша ермегі болғаныңды әлі мойындамайсың. Әлде де мақұл десең, оны жазаға тартуға болады. Неге осы сол Серіңді жақтайсың да отырасың сен? Бір әйелден екіншісіне ауысып жүргені үшін ол неге жазаланбауға тиіс?!

– Айттым ғой, тиме деп оған! Өзім жазалаймын. Сенің оны түрмеге жауып қойғаныңнан көңілім тыншымайды. Маған оның алдыма жалынып келгені керек. Маған уақыт беріңдер. Болды, бұл тақырыпқа сөйлескім келмейді. Менің өмірімді ортақ әңгімеге айналдырмаңдар.

Гүлсара кесіп сөйлейтіндіктен ағасы да, әпкесі де оған қарсы келе алмады. Әйтпесе, мына отырған ағасы Серінің әлдеқашан күл-талқанын шығаратын еді…

Гүлсараның сеніп отырғаны  тәуіп бір апасы. Таяуда ғана сол кісіні шырақпен іздеп жүріп тапқан. Ол тәуіп Гүлсараның бар әңгімесін тыңдап болған соң, бір ұсыныс айтқаны бар. Енді жас келіншек сол кісінің айтқанын істегелі отыр. Яғни, Гүлсара Ұлбикеге қарай жазылмас бір ауруды жіберуге тапсырыс беріп отыр. Бүгін алты айдан асып қалған тәтті Еркежанын әпкесімен бірге қалдырды да, ол әлгі тәуібіне қарай келді. Қолында Ұлбикенің суреті де бар.

– Өлгенін қаламаймын, бірақ орнынан тұра алмастай болып жатып қалсын!  – дейді міз бақпастан.

Ызаланған келіншектің көзінде қан ойнағандай. Қолында ақшасы да жеткілікті. Сол үшін тәуіп оның ісіне беріле кірісіп кеткен. Кенет кешкі шай үстінде Ұлбике белін ұстап отырып қалды.

– Ойбай, белім!  -дейді бойын жаза алмаған келіншек көзінен ытқып шыққан жасын сүртуге шамасы жетпей.

– Не болды саған? Белің бұлай ауырмаушы еді ғой.

– Білмеймін, Сері, белім ауырып барады! Белім, бүйрегім, бәрі ашып барады. Сері, қазір өліп кетпеймін бе, айтшы, Сері!

Күйеуі келіншегін көтеріп алып төсегіне жатқызды. Он минуттай ауырған соң, Ұлбикенің белі жазылайын деді. Бұрын-соңғы бүйрегінің тап бұлай ауырғанын байқамаған ол жыламшы халге жетіпті. Ертесіне Сері оны бірден ауруханаға алып барып, толық тексертуден өткізген. Анау айтқан өзгешілікті ол жақта ешкім байқаған жоқ. Алайда, Ұлбикенің белі тағы ұстады. Бір күнде бір рет ұстайтын, енді күніне екі реттен жиілей бастады. Тыныш өмірінің шырқы қашқан Ұлбике мына аурудан соң баяғы күйінен айнып сала берді. Ауырған адамның күйі қалай болсын, бүкіл дүниенің құны бес тиынға айналды да қалды. Жылайды, шаншу қадалған бүйрегін ұстап егіледі. Ал мына жақта баласы, мына жақта қызы жатыр. Оларға қарауға да шамасы жоқ, шіркін, осындайда енесі жанында болсашы. Ол кісі де қапа болып кетіп қалған. Шақырғанға келе қоймас.

– Айтшы, келіп балаларға қарасын да үйде бос отырмай, – деп Ұлбике күйеуіне сөйлейді.

Ол үндемейді. Не десін? Айтқан, бірақ анасы екінші рет мына үйдің табалдырығын аттап баспаймын деп отыр. Қапаланып қалыпты. Алайда, жарықтық шеше қапаланамын деп, күдікті болып қалатынын білген жоқ. Ашуланған келіні мына ауруға енесін кінәлап шықты.

– Есіңде ме, апам осы пал аштырғыш қой. Мүмкін, маған ашуланамын деп, мені сырттай дуалатып қойған шығар. Тура сол кісі ренжіп кеткен күннің ертесіне ауырдым ғой мен, – дейді сандырақтап.

– Не деп тұрсың, Ұлбике? Апам туралы олай деп айтуға қалай аузың барады?

– Енді мына ауру маған аспаннан түсті ме? Дәрігерлер ештеңе таппай отыр, сонда мен неден  ауырып жатырмын, айтшы?

– Ертең барып тағы тексерілесің.

Ертесіне Ұлбикенің екі бүйрегінде де тас бары анықталды. Енді сол тасты алып тастау үшін міндетті түрде операция жасалатыны айтылды. Ұлбикені мына хабар қатты шошытқан. Үйіне келген бойда қызы мен баласын құшақтап жылаған келіншек өзін-өзі баса алатын емес.

– Жәндерім менің! Сендер әлі тым кішкентайсыңдар ғой, алтындарым. Ең болмаса, өздеріңді аяқтарыңнан тік тұрғызып кете алмадым. Құдайым-ай, мына операциядан кейін адам боламын ба, жоқ па? Құдайым, алмашы менің жанымды, балаларым үшін алмашы. Өлгім келмейді, балаларымды жылатып, жетім етіп тастап кеткім келмейді. Балапандарым менің!

– Бүгін өлетін адам ұқсап зарлағаның не? Қорқытасың ғой Мерейді. Олжас та ештеңені түсінбегенмен, бәрін сезіп жатыр. Қорықпа, бүйректің тасын алғаннан әлі ешкім өлген емес. Қорықпа.

– Жұбатқан түріңе болайын. Бәрі сенің шешеңнің кесірі!

Иә, Сері мен Ұлбикенің үйінің төріне шыққан береке мен бірліктің қазір бір тамшысы да қалмаған. Олар қатты ұрсысады. Олар мына балаларының барына, балаларының шошитынына қарамай ұрсысатын болған. Сері өзінің мына келіншекке қалай қайтып келгенін түсінбейді. Түрі мынау, азып-тозып, құр сүлделері қалып отыр. Мінезі анау, ашуланса, адам танымастай өзгереді. Сонда осы келіншек үшін өзінің соншалықты сұлу Гүлсарасын тастап кетті ме?

Сері есін қайта жинай бастады. Анығырақ айтқанда, ол есін шындап жоғалтайын дегендей. Ойынан Гүлсарасы шықпайды. Тіпті, Мерейінің жылағаны да, Олжасының ерке қылығы да оны тоқтататын емес. Тірі жүрген темір адамдай артық ойлана алмаған Сері ақыры Гүлсараға қарай жүретін жолға түсті. Ол бәрібір өзінің екінші келіншегіне қайтып келді. Келді де, Гүлсараға жасатып жатқан дуасының күші мықты екенін ашып салды. Білген жоқ, мына ауруың артында тап осы келіншегі тұрғанын білмеді, бірақ, өзінің шаршағанын, аурушаң Ұлбикеден шаршағанын айтты. Ал Гүлсара болса ешбір артық сұрақсыз оны қабылдады. Бәрібір өз еркімен емес, дуаның күшімен келіп тұрған еркекті сұрақ астына алып керегі не?

– Неге келдің?! Кете бер, бар келген жағыңа!- деп қинамай тағы тұра алмады.

– Гүлсара, кешірші мені, жаңылдым, шатастым, кешірші, жаным! –  деп Сері оның аяғына жығылды.

Сол сәтте өзін өте рахат сезінген келіншек күйеуіне көкірегін кере қарап тұр.

– Қалай екен? Жалынған қандай екен?  дейді ашуланып.

– Жаным, кешірші мені, өтінемін, қызымызды бір көрсетші.

Сері өз ісін өзі жауап беретін емес. Бірақ, Гүлсара шашынан сипаса да, бір рахат сезімге бөленеді. Оған мына әлемде керегі тек осы Гүлсара ғана сияқты. Ойынан Ұлбике де, Мерейі мен Олжасы да шығып кеткен. Ал Гүлсара өзінің жеңісіне риза кейіпте. Ол Серіні үйіне кіргізіп алды. Бұл да болса оның жоспарына кіретін. Ал күйеуінің тағы да екінші келіншегіне қарай кеткенін Ұлбике білгенде, ауруы еселене түсті.  Басқа кезде кетсе мейлі екен, тура менің өмір мен өлім арасында жатқан шағымда кеткені несі?! Сері, саған не болған? Шынымен балаларыңа деген сезімнен жұрдай болдың ба? Мені емес, мына балаларыңды ойламайсың ба, Сері?! Қайтшы кері, келші үйге! Сері!

Қозғалуының өзі мұң болған Ұлбике үйінде жылап жатыр. Шешесімен бірге кішкентай Олжас та шырылдайды. Байғұс баласының қарны ашқан. Бірақ, шешесі оны не емізе алмайды, не тұрып тамақтандыруға дәрмені жоқ.

– Мерей, ініңе су берші, – дейді аузын әрең ашып.

Ары қарай Ұлбике талықсып кетті. Інісімен бірге жылаған Мерей балапанының аузына су тамызып, нан шайнап беруде. Бірақ, әлі тым кішкентай Олжас оны жұта алмады. Шырылдап жылап қоя берді, ақырында қақалып та қалды. Қатты жөтелген інісінің қызарып кеткен түріне қарап қорыққан Мерейдің тіптен мазасы қашты.

– Мама, Олжас жөтеліп жатыр, мама!  деп қайта-қайта шешесін келіп түртеді.

Бірақ Ұлбикенің көзін ашатын да әлі жоқ. Жарықтық ана іштей қынжылып, барынша күшін жинап тұрғысы бар. Бірақ, тұра алмады. Ар жақта баласының өлердей шашалғанын естісе де, еркімен тұра алмады. Кішкентай Мерей жүгіріп інісінің арқасынан қағуда. Байғұс балапаны аузындағы нанды шығарып тастай алмай одан сайын қақалды. Тұла бойының бәрі түршіккен Ұлбике қор болған ботасының жан қиналысын естіп, тек жата алмай, бойындағы бар күшін жинап орнынан тұруға тырысты. Сүйретіліп, еңбектеп келіп, қақалып жатқан баласын қолына алды. Онысы көгеріп барады екен. Еңкейтіп, арқасынан қағып, аузындағы нанды шығарған шешесі әрең дегенде баласын тірілтіп алғандай. Үш айдан енді асқан кішкентайы қақалып болған соң қатты жылады.

-Жәнім сол! Жарығым менің, алтындарым менің. Жыламашы, Олжас, кішкентай Олжасым менің, жыламашы, айналайыным сол. Қайтемін енді, айтшы, ботақаным, қайтемін?! Мені де мына төсекке таңып тастаған қандай ауру екенін ұқпадым ғой. Ботақаным, кешіріңдерші, ақымақ шешелеріңді кешіріңдерші. Өмірде ешбір жолы болмаған сорлы шешелеріңді кешіріңдерші…

Ұлбике де боталарымен бірге егіліп жылады. Үй нағыз қайғы мен зардың ордасына айналып кеткендей. Күйеуі баяғы келіншегіне кеткен соң, бұл тірліктің басында енесі емес, сол күндесі тұрғанын түсінген Ұлбике әрең дегенде телефонның тұтқасын көтерді.

– Апа, – дейді енесінің нөмірін теріп.  Апа, немерелеріңізді алыңызшы…

Дірілдеп шыққан дауыс Орынкүлді қатты қорқытты. Ар жақтан Мерей мен Олжастың жылаған дауыстарын естігенде, Орынкүл тіпті, есінен адасқандай. Үйінен оқ болып шыққан апасы немерелеріне қарай құстай ұшып жетті.

– Мерей?! Олжас?! Не болды, қарлығаштарым-ау? Не болған мына екеуіне?! Жәнім-ау, жәнім, қарның ашқан ба сенің? Жалаңдап тұр ғой мына бала. Қанша күннен бері емізбегенсің баланы? Ей, мынаның түріне не болған? Сері қайда?

Келе салып мың сан сұрақ қойған Орынкүл тез-тез дүкеннен сүт алып, алдымен Олжасты тойдырып ұйықтатты. Әбден қарны ашқан кішкентай ботақан ішіне ел қонған соң ентігін баса алмай ұйықтап кетіпті. Енді апасы Мерейді тамақтандырды. Ол да таңнан бері тоқтамай жылаған інісінен шаршаған екен, ұйықтап қалды. Ендігі кезек келініне де жеткендей. Орынкүл оның жанына келгенде, Ұлбикенің кіртиген көзі шүңірейіп ішке кіріп кеткендей болатын.

– Не болды бәріңе, Ұлбике?

– Апа, құтқаршы мені…

– Сері қайда?

– Ол Гүлсарамен бірге… соған қарай кеткен…

– Қалайша, ол Олжасты тастап ешқайда да кетпеуі керек еді ғой. Қалайша Гүлсараға қайтып барды? Екі бірдей баласын тастап кетті ме? Қап!

Орынкүл үйдің бәрін адыраспанмен түтетіп, аластап шықты. Келінінің ауруы жай еместігін түсінген апа өзінің барып жүрген тәуіптерінің бірін алып келіп келінін қаратты. Әйтеуір, екі апта дегенде әрең әлгі тәуіп Ұлбикеге салынған дуаның бетін қайтарғандай. Ұлбике орнынан тұрды.

– Енді біраз кешіккенімізде, сен ешқашан аяғыңнан тұра алмайтын мүгедек болып қалатын едің, – дейді кәрі кемпір.  Олар саған дуаның ең жаман түрін салған. Бұл дуаның қайтуы да қиын. Екі бірдей перзентің бар екен…  деп барып тоқтаған апа Ұлбикені аяғынан тұрғызды да, өзі… өзі үш аптадан соң қайтыс болды.

Әсте, емші апа екі баланың жетім қалуынан қорықты да, Ұлбикенің бойындағы бар дуаны өзіне аударған сияқты. Қалай болған күнде де, оны Орынкүл айтып жүр.

– Байғұс кемпір сенің бар дертіңді өз мойнына алып өлді, – дейді келініне.  Егер ол өзіне аудармағанда, сен кететін едің…

Ұлбике тым ауыр жазаны таңдаған Гүлсараның кегінен беті қайтып қалды. Ол осы бір оқиғадан кейін қатты қорқып қалғандай. Сүйген, сенген жары өзін тастап кеткенде, Ұлбике Гүлсарадан кек алуды еш ойламаған болатын. Бірақ, Гүлсараны қалдырып өзіне қайтып келген күйеуін қабылдап, өлім аузынан бір-ақ шыққаны, жүрегін шайлықтырып қойғандай. Ол енді Серінің атын да естігісі келмейді. Құрысын, Гүлсарасына кетпесе одан ары. Бірақ, қайтып менің босағамды аттамасын. Мына әлемде күйеу құрып қалса да, оны қайтаруға тырыспаймын. Құрысын… Балаларым аман болсын. Маған бұдан артық бақыт жоқ.

Гүлсараның да көңілі толды. Күйеуі қасында, қызы жанында… бірақ қазіргіге қарағанда, бұрынғы өмірі қызық болатын. Үнемі Ұлбикеге кетіп қалады ма деген қорқынышта жүріп, күйеуінің көңілінен шығуға тырысып, Гүлсара мың өзгеретін. Сол өзгерісі арқылы ол күйеуінің де, өзінің де ішін пыстырмайтын. Ал қазір… қасынан екі еліге ажырамайтын  күйеу оны шаршатыпты. Қайда барса да, не істесе де, Сері келіншегімен бірге. Тіпті, төркініне де жалғыз жібермейтінін айтшы. Бір қалыпты, бір сарындағы өмір Гүлсараны жалықтырғаны соншалық, ол күйеуінен құтылудың жолын іздей бастағандай.

– Не болды саған? Барсайшы, бар балаларыңа! – дейді Серінің есіне ескі өмірде қалған кішкентайларын түсіріп.

Иә, Сері егер баяғы Сері болса, не істеу керектігін келіншегінен сұрап жатпас еді. Ол өздігінше шешім қабылдап, келіншектің көңілін табатындай қылықтар танытып, нағыз серілігін көрсететін. Ал қазір… ол тура ішіндегісінен босап қалған құр бананның қабығы сияқты, күннен-күнге қарайып, шөгіп, тозып барады. Күннен-күнге…

Қарап тұрсаң, Серіні әйелдер сүйді, Гүлсара да, Ұлбике де, тіпті, анасы да оны ерекше жақсы көретін. Алайда, үш әйелдің махаббаты оны үш жақтан жындандырып жіберген сияқты. Сүю деген сүйгеніңнің бақытын тілеу екенін Гүлсара да, Ұлбике де түсінген жоқ. Олар бір затты бөлісе алмаған баладай Серіге таласты, жармасты. Ақырында өмірі жыртылып, санасы өзгерген ескі «ойыншықты» екеуінің де алғысы келмей қалды. Қазір Сері шешесінің жанында. Жұмысынан шығып қалған, өзімен-өзі ойланып отыра беретін бір әдет тапқандай. Тек Мерейі келген сайын мойнынан құшақтап, әкесіне деген ерекше сезімін жасыра алмай жылайды. Басқа ешкім… ешкімде Серіге деген сүйкімді сезім қалмаған. Оның ойраны шыққан өмірі анасына да масыл болғандай.

Иә, Сері керексіз ойыншықтай жалғыз қалды, шын мәнінде, Сері сияқты қаншама жігіттің тағдыры әйелдердің күндестігінен кесірге ұшырады екен?! Рас, әйел  ана, әйел  нұр, бірақ, ойындағысы орындалмаса, кейде әйел ажалға да айналатыны анық. Ондай сәттерде әйел жүрегін мейірім мен ақыл жеңсе екен. Сонда ғана Сері сияқты сұлтандар ұлтан болып қалмайды.

Н. АЛМАСХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған