БАЙЛЫҚ ДЕП БАҚЫТЫН БАҒАЛАЙ АЛМАҒАНДАР…

Құдай адамды мүсәпір етемін десе лезде ғой, кеше ғана ішкені алдында, ішпегені артында, шалқып басып, адамды талғап амандасып жүрген Тоқтар мен Майра бүгін еңірегенде етегі жасқа толған бейбақтарға айналған да қойған. Рас, олардың аста-төк дүниесі өз орнында. Жеті ұрпағына жетпесе де, аз уақыт ішінде біршама дүниенің басын құрап алған олардың байлығы кешегі күнге қарағанда бүгін көбеймесе, азаймағаны анық. Тек, сол байлықты кім үшін жиып отырғаны ғана түсініксіз. Иә, соншалықты байлығы иесіз қалды деуге болады. Өйткені, бұлардың жалғыз ұлдары, бетіне қарап отырған перзенттері көлік апатынан көз жұмып отыр. Әрине, бір отбасы қайғыдан қан жұтып отырғанда, оларды табалау да артық нәрсе. Бірақ, Тоқтардың өзі өзін-өзі табалап отырған еді. Байлық пен билік деп жүріп талай қателік жасаған екен. Жалғыз ұлының қазасын сол қателіктерінің жазасы ретінде санаған ол өкініштен аһ ұрып, күрсінгенде демінен жалын ұрып тұр. Жалын ұрмай қайтсін, іші от болып жанып жатыр ғой, от болып!

Тоқтар мен Майра қайта құрудың алдында ғана үйленіп, ауылдағы қарапайым отбасылардың бірі ретінде өмір сүріп жатқан жандар еді. Тұңғыш перзенттері дүниеге келіп, қуаныштары қойнына сыймай жүрген уақыт. «Саматымыздың соңына серік болар бір іні тауып беру керек» деп Майра екеуі бір-біріне жымыңдасып қоятын. Жас отбасының арманы көп-тін. Бірақ, осы кездерде заман бұзылып, қайта құру деген келіп, жұрт жан-жаққа сенделе бастады. Ауылда жөні түзу жұмыс қалмай, Тоқтар мен Майра да сөмкелерін асынып қалаға келді. Бұл кезде Майра тағы да жүкті болып қалған еді. Сонда Тоқтардың өзі «Жаным-ау, жүрісіміз мынау, пәтерден пәтерге көшіп. Осы баланы сәл асықпай тұра тұрсақ қайтеді? Сәл жағдайымызды түзеп алайық. Әлі басымыз жас қой. Осы бір баламыз бен өзіміздің тамағымызды тауып, киімімізді көк ете алсақ та жарар» деген. Екеуі осыған келісіп, Майра ішіндегі баласын алдыртып тастады. Сөйтіп бұлар саудаға кірісті.

Бәлкім, Құдайдың өзі жас отбасыға қарасқаны болар, ә дегеннен жұмыстары жүріп кеткен олар жаман болған жоқ. Қатарластары ауылда жұмыс таппай, күндерін самопалмен өткізіп жүргенде, бұлар тапқандарын өздерінен де аяп, тарта жеп, тірнектеп жинап жүріп кәсіптерін кеңейте түсті. Облыс орталығында алғашқылардың қатарында дәмхана ашты. Базарда Қытайдың арзан киімдерін көтерме бағамен сататын орын ашты. Ол кездері Қытайдың сапасыз киім-кешегінің өзін жұрт «импортный тауар» деп талап алатын кезі ғой. Ауылдың адамдары «импорт» деген сөздің мәнісін ұғып па? Олар үшін «импорт» деген «керемет, сапалы» деген мағынаны беретіндей. Оның үстіне, бұрын тек кеңестік бір үлгідегі киімдерге ғана үйренген жұртқа шетелдік түрлі үлгідегі киімдер таңсық болды, әуес болды. Ал бұл өз кезегінде Тоқтарлар секілді саудагерлердің айын оңынан тудырып, табыстарын еселей түсті.

Жағдайлары түзеле бастаған Тоқтар мен Майра енді үй сатып алуға әрекет жасай бастады. Мұның алдында Майра екінші рет аборт жасаған болатын. Оған да көндірген Тоқтар.

— Ісіміз енді оңала бастағанда, сен баламен үйде отырып қалсаң, жұмысымыз кері кетпей ме? Мен тауарға кеткенде бұл жаққа кім иелік етеді? Ең құрымаса басымызға баспана алып алайықшы. Сосын қанша тусаң да қой демеспін, — деген.

 Майра да күйеуінен асып кете қоймады. Оның үстіне тыстың жұмысына үйреніп, қолына ақша ұстап қалған келіншектің өзі де үйде бала қарап отырғысы келмеген. Одан қалса күйеуін қызғанатыны бар. Бұрын уайым тамақ пен киім болса, енді бұл жағынан проблема жоқ кезде «күйеуім көзіме шөп салып қояды ма» деп уайымдайтын болыпты. Пенде деген осы ғой. Содан да күні-түні күйеуін көзінен таса қалғысы келмейді.

Табысты адамды жағалайтындар да көбейіп кетеді ғой. Тоқтарды да бауырлары, достары, ауылдастары, туған-туыстары, әйтеуір жағалайтындар көбейіп кетті. Бәрінің сұрайтыны — жұмыс. «Көмектесіп жаныңда жүрсін, ауылда жатқанда не істейді? Босқа арақпаз болып кететін болды» деп әке-шешелері қолдарынан жетектеп әкеп тұрады балаларын. Бірақ, Тоқтар ешқайсысын да жанына жолата қоймайтын. «Ой, өзімізден артылатын жұмыс жоқ» дейтін сыдырма жауаппен қайтаратын еді. Біреулері бұған сеніп қайтты, екіншілері ренжіп қайтты. Ал, үшіншілері сонда да болса жабысып отырып алды. «Қарағым-ау, қарап отырсақ, қолыңда бөтен адамдар да істеп жатқанға ұқсайды ғой. Олардан біздің бала кем бе еді?» дейді ғой.

Содан Тоқтар төрт-бес танысының балаларын жұмысқа алды. Бірақ, Тоқтар жұмысшыларына қатал қарайтын. Қит етсе айғайды салып, жер-жебірлеріне жететін. Ақыларына беретін ақшасы да мардымсыз. Көзтаныс болып жүрген адамдар мұндай өктемдікке шыдай қойсын ба? «Немене, біздің баламыз соның қолында жұмыс істемесе аштан өліп қалады деп ойлай ма? Қалтасына сәл ақша біткен екен, көзін шел басып, ешкімді танымайтын болып алыпты ғой. Адамды менсінбеуге айналыпты ғой. Қайдан шыққанын ұмытайын деген екен! Соның берген азғантай ақшасын басқа жұмыс істесе де табады» деп өкпесі қара қазандай болғандар қайтадан балаларын оның қолынан кері қайтарып алып жатты. Әрине, бұған Тоқтардың қылшығы да қисайған жоқ, қуанбаса ренжімеді де. Туған-туыспен жұмыс істесудің қиындығын ол әу баста-ақ білген. Сондықтан, қолына бөтен адамды алғанды тәуір көреді. Оларды қанша ұрысса да өз еркі ғой.

Бірақ, осындайдың салдарынан Тоқтар туған-туыстан да алыстап бара жатқан болатын. Өзінің де көзін шел баса бастағаны рас еді. Ауылдың аузы сасық адамдарын өзіне тең көрмеді. Қалтасы қалыңдаған сайын өздерімен тұрмысы тең адамдармен араласа бастады. Ауылға да бармас па еді, тек әке-шешесі сонда болғандықтан ғана ат ізін салады. Барғанынан қайтқаны тез.

Иә, елдің жағдайы күннен күнге нашарлап, жұрт жеуге нан таппай, айлық, зейнетақы дегендер жылдап берілмей жатқан ауыр күндерде Тоқтардың жағдайы жұрттан көш түзу еді. «Екі қойың бір сом, ешкілерің тегін» деген заман сол уақыт шығар, жекешелендіру келіп, зауыт-фабрикалардың өзі болмашы ақшаға сатылып кетіп жатты. Алысты болжай алатын қасиеті болды ма, Тоқтар да қолда бар қаржысына біраз нәрсе сатып алуға тырысып бақты. Жабылып қалған балабақша, дүкен дегендерден мүмкіншілігі келгенше сатып алды. Кейін сол дүниелерінің арқасында көп пайдаға батты ғой.

Жағдайларын түзеп алған соң Тоқтар мен Майра бала жайын ойлай бастады. Самат ол күндері жасы оннан асып кеткен болатын. Бірақ, Майра қайта көтере қоймады. Медицинаның да дами қоймаған кезі, біраз жерге барып қаралғанымен, нәтиже шықпады. Шамасы, екі рет жасатылған аборт кері әсерін берген тәрізді. Бірақ бұған екеуі де аса қайғыра қойған жоқ. «Жоқ емес, әйтеуір, бар ғой біреуі. Құдай берсе жоқ демейміз, бермесе лажымыз жоқ» дегенде, бұл тақырыпты да жылы жауып қоя салған. Тоқтар үшін бұдан гөрі басқа нәрселер маңызды еді. Енді ол қолын билікке созып көрмек болды. Бизнесі болса жүріп жатыр. Кеңейген үстіне кеңейе түсуде. Енді соны сақтап қалудың жолдарын қарастыру керек-ақ.

Жолы болғыштың өзі ғой, қаржысы бар адамға ол кезде билік табалдырығына өрмелеу қиын емес-тін. Адамның дауысын тиын-тебенге сатып ала салатын кезең ғой, бұл сондай жолмен мәслихат депутаты болып алды. Осылай есімі елге таныла бастады. Өзі де таныс арттырды. Арыдан ойлайтын азамат әкім болсын, прокурор, сот болсын, билігі тәуірлеу адамдардың бәрімен жақын қарым-қатынаста болуға ұмтыла түсті. Соның арқасында кейін басқа да мемлекеттік қызметтердің құлағын ұстай бастады. Бизнесіне де ешкім кедергі келтірмейтін болды. Қай салада болмасын, тамыр-таныс жеткілікті. Одан қалса мемлекеттік билікке келген соң, ол кезде қадағалау да аз, қызметін асыра пайдаланып, көп нәрсеге қол жеткізе бастады. Шалқып басатын жағдайға жетті.

Бұл кездерде әке-шешесі де о дүниелік болып, бұл ауылға тіптен ат ізін салмайтын болған. Бауырларына кішкене көмектескені болмаса, олар да өз арбаларын өздері сүйреп кеткен. Заман да түзеле бастады. Самат та зіңгіттей жігіт болды. Жалғыз ұл болған соң оның бетінен ешкім қақпады. Ішкені алдында, ішпегені артында, дегенінің бәрі орындалып тұрған жалғыз ұл тым ерке-тін. Барлық жерде өз дегенінің болғанын қалайтын. Ата-анасы үшін де солай болуға тиіс сияқты.

Самат жасы он сегізге тола сала әкесіне көлік әперуді талап ете бастады. Жалғыз ұлдың айтқанын орындамау Тоқтар үшін күнә сияқты-тын, аттай қалаған «Аудиін» туған күніне сыйлады. Ал содан кейін Саматты үйде ұстап көр. Көлігіне мініп алады да кетеді, бір уақытта келеді әйтеуір. Оқуына да көп бармайды екен. Ақшаның арқасында бағалары беспен толып тұр әйтеуір.

Сөйтіп жүргенде Самат бір күні машинасын ұрып алып, өзі ауруханаға түсті. Миы шайқалған екен. Екі аптадай ауруханада жатып шықты. Тоқтар кесір әкелген көлікті бірден сатып жіберген. Осы оқиғадан кейін сәл мүләйімсіп қалған Самат біраз уақыт өткен соң қайтадан көлік әпер деп қиыла бастаған. Әкесі бұл жолы қоштай қоймады.

— Желігіңді бас алдымен. Ұшып-қонып жүріп тағы бірдеңеге ұрынарсың, — деген.

— Ой, әке, қойыңызшы. Бір рет сондай болса, ылғи солай береді дейсіз бе? Барлығының машинасы бар, мен ғана жаяу жүруім керек пе? — деп Самат шыр-пыр болатын. Тоқтар жіби қоймады. Амалы таусылған Самат енді араға шешесін сала бастады.

— Мама, айтыңызшы әкеме. Қашанғы жаяу жүремін? — деген бұрқ-бұрқ етіп.

— Жаяу жүр деп кім айтты саған? Әкеңнің жүргізушісі бар ғой, қалаған жеріңе сол апарып тастайды.

— Сіз де айтады екенсіз! Мен достарыммен қыдыруым керек, басқа да баратын жерлерім болады, соның бәрінде сабылып сол жүреді ме? Оның үстіне жанымдағылар күлмейді ме?

Майра ойланып қалды. «Әй, расымен де… Бұл бойдақ жігіт, кездесетін қыздары бар шығар, қыдыратыны бар. Қасында біреудің қалмай жүргені өзіне де ыңғайсыз болады ғой. Бір рет басына тиді, енді сақ болар» деп ойлаған ол ақыры ұлының дегеніне көнген. Сөйтіп Тоқтарды қаужай бастады.

— Жалғыз ұлың ғой, меселін қайтарма. Ақылы бар бала, қинай берме оны. Өзіндей өзге балалар да жүр ғой көлікті қолғапша ауыстырып. Біздің бала олардан кем бе? Осы дүниені жалғыз ұлға жимағанда кімге жинап жатырмыз? Әпер айтқан машинасын! — деген Тоқтарға.

— Оу, одан ақшаны қызғанып жатқан кім бар? Бірдеңеге ұрынып қалар деп уайымдаймын да, — деген Тоқтар.

— Басына тиді ғой, енді сақ болады да. Құдай сақтасын. Қайдағыны ойлай берме. Не ойласаң, Құдай соған жолықтырады. Өткендегі апатқа ұшырағаны да сенің кесірің. Үнемі «абай бол, ұрынып қалма» деп құлақ миын жей бересің. Жаман ойлаған сайын сол орындалады. Жақсы сөз айтсаңшы, — деген Майра ақыры күйеуін дегеніне көндірді. Соның арқасында Самат «БМВ» көлігіне ие болды.

Міне, Майра енді сол әрекетіне өкініп, өз шашын өзі жұлып отыр. Сол машинаның баласының ажалына жолығарын бұл қайдан білсін.

— Ажалға өз қолыммен итеріппін ғой! Неге ғана көлікке отыруына рұқсат бере қойып едім?! — деп аһ ұрды ана.

Жасы жиырма екіге енді таяған жігіт сол «БМВ» көлігімен апатқа ұшырап, ауруханада аз уақыт жатып, беті бері қарамаған күйі арғы дүниеге аттанып кете барды. Сараптама нәтижесіне қарағанда Самат көп мөлшерде алкогольді сусын ішкен екен, тіпті, есірткі де қолданған, сөйтіп қаладан белгісіз бағытқа қарай шығып, рөлге ие бола алмастан жол шетіне қарай аунап кеткен. Жылдамдықты шектен тыс арттырғаны да белгілі болып отыр. Оның кімдермен ішкені және қайда бет алғаны сол күйі белгісіз болып қалды. Жалғыз ұлдың қазасы ата-анасының қабырғасын қайыстырып әкетті. Кеше ғана шалқайып жүретін Тоқтар мен Майра бүгінде еңкейіп қалған.

Тоқтар өзін-өзі сөкті. Соңғы жиырма шақты жыл ішінде біраз адамның ала жібін аттап, кісі ақысын жегені, біреулерінің көз жасына қалғаны жасырын емес. Ешқайсысын елемеген. Қолдан келіп тұрғанда қоныштан баса бергенді жөн санаған. Жалғыз ұлдан айрылуы — сол сансыз күнәларының жазасы деп есептеді өзі. Өткен ісіне өкінді. Одан қалса әйелінің құрсағына біткен екі баланы өзі алдыртып тастағанын ойлап, Құдай осы үшін де жазалап отырған болар деп ойлады. Ашудан үйдегі біраз затты да қиратты.

— Кім үшін мына заттың барлығы, кім үшін? Бұл дүниенің барлығын кім үшін жинап жүрмін сонда? Құдай-ау, басқаша қалай қинасаң да көнер едім, тек, жалғыз ұлымды алып нең бар? — деп бір қарғанса, артынан: — Бұлай боларын білгенде, аш болсам да, бала-шағамды көбейтіп, солардың у-шуынан миды ашытып жүрер едім ғой. Неге сол Құдайдың беріп тұрған екі баласынан бас тарттым екен? — деп өкіреді.

Майра да қалыспайды әрине.

— Бұнысын білгенде, мың жерден көлік әпер десе де көнбес едім ғой. Құдай-ай, ажалға өзім жол ашып бергендей болыппын ғой! — деп зарланады ол.

Бірақ, уақытты ешкім кері айналдыра алмайды ғой. Енді өкінгенмен ештеңе де өзгермейтін еді. Хан сарайындай қаңыраған үйде екеуі ғана қалған Тоқтар мен Майраға енді өмірдің еш мәнісі қалмаған еді. Тіпті, мына үй толы дүниеге қараған сайын жиіркенетін тәрізді.

— Бұл дүние енді бізге қандай опа әкелсін? Өлген соң ағайын-туыс талайды да, бөліп алады. Оларға біз емес, дүниеміз керек. Дүниені бөліп алады да, бізді ұмытады, — деді бірде шәй үстінде Тоқтар ауыр күрсіне. Майра үндеген жоқ. Күйеуін жұбатпақ тұрмақ, өзін жұбататын адам керек. Бір шетінен, күйеуінің айтқаны да дұрыс. Ішінен: «Иә. Біздің байлығымызды көре алмай, қызғаныштан іштері күйіп жүрген туыстар Саматым қайтыс болғанда қуанған да шығар. «Енді екеуі өлсе, дүние бізге қалады» дейтін болар. Сөйтіп біздің де өлімімізді тілеп отырғандай көп-ау, сірә», – деген.

— Ертең өле қалсақ, бұл дүние бізге серік болмайды. Ең құрымаса соңымыздан дұға бағыштап тұратын да ешкім қалмайын деп тұр ғой, — деді Тоқтар тағы да. Бұрын мұндай әңгіме айтпайтын, Саматтың өлімі оны мүлде өгертіп жіберген екен. Майра күйеуін аяп кетті. Бейшара, енді арғы дүниесін ойлап, өзін-өзі іштей мүжіп жүр екен-ау. Темірдей қатты адамды бір күнде иілдірген қатал тағдыр-ай десеңші.

«Бәлкім, Тоқтарға үйлен дермін. Жас бір келіншек алса, тағы да ұлды болуға мүмкіндік бар ғой. Елуге де келген жоқ әлі. Бір-екі бала сүйе алса, өмірден кейін өкінішсіз өтер еді-ау» деп ойлаған Майра мұнысын айтпақ болып оқталды да, артынша тілін тістей қалды. «Құдай-ау, не ойлап кеттім өзі? Жас келіншек алса, онысы бала тауып беріп жатса, сосын Тоқтар мені қайтсін?! Жалғыз басым сопайып қалмаймын ба… Сосын осы өміріме де зар боламын ғой. Жасым қырық беске келген мені біреу қатын қылсын ба? Құрысын… Өз-өзіме ор қазғандай болмайын…»

Осындай оймен өзін-өзі мүжіген Майра бала асырап алу жағын да ойлады. Бірақ, сонша жыл тірнектеп жиған дүниесін әке-шешесі белгісіз біреуге тастап кете салуға тағы қимайтын сияқты. Саматына деп жинаған дүниені өзгеден қызғанатындай. Осы сәтте Майраның есіне Саматтың өлер алдында сандырақтап айтқан бір сөздері орала кетті. Ол кезде онысына мән де бере қоймаған екен. Бар ойы баласының амандығы болып, есі шығып жүрген кезі еді ғой. Сонда не деп еді өзі?.. Бір бала туралы айтты ғой…

Майра сондағы сөздерді есіне түсіргісі келді. Бұл кезде Тоқтар да үстел басынан тұрып кеткен еді. Майра сол бір ауруханадағы сәтті есіне алды. Иә, жүрегі ауыратын сәт, көз алдына елестеткісі келмейтін, бірақ, лажсыз сол кезді қайта ойлауына тура келді.

…Самат кірпіктерін әзер қағып, ауыр жағдайда жатты. Есінен бір айырылып, бір жияды. Жаны қатты қиналуда. Дәрігерлер рұқсат бермесе де, Майра ұлының жанынан шықпай қойған. Саматтың барлық жері ақ дәкемен оралып тасталған дерсің, тек, көздері мен аузы, мұрны ғана көрінеді. Мынадай жаншошырлық түріне қарап Майраның жүрегі одан сайын езіледі. Бірақ, ұлының жанынан ұзаса болды, ол өздерін тастап арғы дүниеге кететіндей көрініп, қолынан тас етіп ұстаған күйі жанынан ұзамады. Көз жасын көлдетіп отырды. Сонда Самат бір есін жиып, ернін жыбырлатқан.

— Мені сол қыз бен баламның көз жасы ұрды… Солардың наласына ұшырадым мен… — деп түсініксіз бірдеңелерді айтты ол. Жап-жас, әлі ес тоқтатпаған адамның сөзі емес еді бұл. Майра таңырқап қалғанымен, тез ұмытты. Сандырақтады деп есептеді. Оның үстіне сөйлеген сайын қиналған ұлын аяп:

— Балам, сөйлемей-ақ қойшы, қинамашы өзіңді. Демалшы, —деген. Сөйтсек, бұл Саматтың соңғы сөздерінің бірі екен. Содан екі күннен кейін ол қайтыс болды. Екі күнде көп ештеңе айта да қойған жоқ. Бірінші күні әлсін-әлсін «мама, әке» деп сандырақтаса, одан кейінгі күні есін мүлде жоғалтты. Мол байлық та ұлдың өміріне араша түсе алған жоқ. Самат сол есін жимаған күйі арғы дүниеге аттанып кете барды.

— Ол қандай қыз бен баланы айтты екен? — деп Майра енді ойлана бастады. — Сонда оның баласы болған ба? Олар тірі ме? Кімдер өзі?

Осыны ойлауы мұң екен, Майраның есіл-дерті сол қыз бен баланы табуға ауды. «Егер шынында Саматымның баласы бар болатын болса, бұл да бір Құдайдың қарасқаны шығар бізге. Ол немеремді қолыма алатын едім-ау» деп ойлаған Майра енді бейтаныс та жұмбақ қыз бен баланы табуға бел шеше кірісті.

Майраның ісі Саматтың достарымен сөйлесуден басталды. Бірақ, олар ашылып ештеңе айта қоймады. Бәлкім, ұялатын да шығар. Бұл мұның маңызды екенін айтса да, ешқайсысы да мандытып сыр ашқан жоқ. Сонда да болса білгені — соңғы кездері Самат қыздарға көп бармайтын болған екен. Достары қыдыруды ұсынса, қашқақтайтын болыпты. Себебін бұлар да ұқпапты. Бірақ, ертеректе бір қызды жүкті етіп қойғаны туралы айтады екен. Алайда, оны аборт жасатып алдыртқан көрінеді және одан кейін ол қызбен араласпай кеткен дейді.

Майра Саматтың соны айтқанын іштей сезді. «Бұл Құдайдың қандай сынағы өзі? Балам сонда біреуді жүкті етіп қойып, кейін ол баланы алдыртқан екен ғой. Өлер алдында сол кінәсі қинаған шығар, соны айтқан ғой. Қазір біз де бұрын екі балама аборт жасатқанымызға өкініп жүрісіміз мынау»…

Сөйтіп Майра мұны да ұмытуға тырысып жүрген. Тек, осы кезде өмірінің күрт өзгермесі бар ма? Шамасы, Саматтың қайтыс болғанына 3-4 айдың жүзі болған кез ғой. Үйге бірде қарны томпиған біреу келіп тұр. Бұл теледидар қарап жатқан. Қақпа алдындағы күзетші қоңырау шалды. Үй қызметшісі алған еді тұтқаны. Бұған қарап:

— Майра апай, сізге бір қыз келіп тұр екен. Жолыққысы келеді екен, — деді.

— Ол қандай қыз?

— Білмеймін.

— Бері әкелші тұтқаны.

Тұтқаны алған Майра күзетшімен өзі сөйлесе бастады.

— Қандай қыз ол?

— Білмедім. Сізбен жолыққысы келеді. Өзіне берейін бе?

— Берші.

Арғы жақтан тұтқаны белгісіз қыз алды.

— Саламатсыз ба, апай? — деді ол дауысы бәсең шығып.

— Иә.

— Сізбен жолықсам деп едім.

— Сен кім боласың?

— Мен… мен Саматтың танысы едім. Маңызды әңгіме бар еді.

— Қандай танысы? — Майра тұтқаны құлағына тосқан күйі кірер есік жақтағы шағын бөлмеге жүгіріп барды. Онда сырттағыны көруге болатын экран бар еді. Экранға үңілді, бірақ қызды тани алмады.

— Мен сені танымаймын ғой.

— Мен Саматтың танысымын ғой. Атым Жазира.

— Күзетшіге бер тұтқаны.

Жазира тұтқаны күзетшіге берді.

— Кіргіз оны.

Сәлден соң ішке аяқтарын имене басып Жазира кірді. Майра оның аяғынан басына дейін асықпай көзбен сүзіп шыққан. Аяғының ауыр екені бірден білініп тұр. Шамасы алты-жеті айлық болып қалса керек.

— Жүре ғой. Атыңды кім дедің, Жазира ма?

— Иә, иә.

— Жүре ғой мұнда, — деген Майра оны Тоқтардың үйде жұмыс істейтін бөлмесіне ертіп апарды. Қызметшіге шәй дайындауды тапсырды да, сосын орындыққа жайғасқан Жазираға тағы бір асықпай шолып шығып:

— Иә, тыңдап тұрмын. Саматтың қандай досысың? Не шаруамен келіп едің? — деді.

— Біз бұдан бір жылдай бұрын танысқанбыз. Содан бір-бірімізді ұнатып, жүріп жаттық.

— Не? Мен бұл жайлы қалай естімегенмін? — деп Майра Жазираға таңдана әрі сынай қарады. Қыздың беті алаулап қызарып кетті.

— Ол айтқысы келмеген ғой. Бірақ біз бір-бірімізді шын жақсы көретінбіз. Міне, сенбесеңіз, суреттеріміз де бар, — деген Жазира кенет сасқалақтап, сөмкесін ақтара бастады. Қолдары дірілдеп тұрғандай, икемге келе алар емес. Сасқалақтағанынан керектісін тез тауып ала алмай, маңдайы тершіп қоя берген. Әлден уақытта барып екі-үш фотосуретті шығарды. Сөйтті де үстел үстіне қойды. Майра оны қолына алып, асықпай қарады. Иә, екеуі бірге түсіпті, мына бірінде тағы екі-үш адаммен қосылып түсіпті. Расында да, баласы бақытты жандай күліп-ақ түсіпті. Міне, мынада Жазираны құшақтап түскен. Әлгіндегі қастарына қосылып түскендердің бірін Майраның өзі де таниды, Жәнібек деген досы ғой. Бірақ, оның өткенде әңгімелескенде бұл жайында тіс жармағаны қалай?

Ұлының бақытты жүзін көріп Майраның көңілі босап кетті. Бірақ, өзін-өзі тез жинап алды да, Жазираға қайта қарады.

— Сөйтіп?..

— Мен одан жүкті болып қалдым.

— Сонда… мына бала Саматтыкі демексің бе?

— Иә.

— Бұл қалай? Ол біліп пе еді бұл жайлы?

— Иә, білген.

— Онда неге айтпаған?

— Ол сіздерден қорықты. Маған үйленуіне сіздерді қарсы болады деп айтты.

— Не үшін?

— Не үшін болғанда… білесіз бе, мен бұдан бұрын бір рет күйеуге тиіп ажырасқан болатынмын. Оның үстіне Саматтан екі жас үлкенмін. Сондықтан ол маған үйлене алмайтынын айтты. Өзі қалағанымен, сіздерді қарсы болады деді. Әрі тұрмыс жағдайымыз да тең емес. Мен тек шешеммен ғана өмір сүремін. Ал сіздердің өсіп өнген, текті жермен құда болғыларыңыз келетіні анық қой. Самат осыны айтатын маған. Солай бола тұра, екеуміздің қосыла алмайтынымызды білсе де, ол мені қимады. Сондықтан, бөлек үй әперіп, екінші әйелім құсатып ұстаймын деген. Мен сонысына сендім. Көтергеннен кейін онымен сиректеу кездесетін болдық. Бірақ ол мені сүйетінін айтудан танбайтын. Шынында да бір-бірімізді шын жақсы көрдік. Тек, ол әке болуға онша дайын болмаса керек, сол үшін көп ойға беріліп, содан да маған сиректеу келіп жүрген болар… Кейін мүлде келмей қойды. Ренжіп жүргенмін. Сөйтсем, ол қайтыс болған екен, — деп Жазира егіліп қоя берді. Оған қосыла Майра да көзіне жас алды. Әлденуақытта барып өзін-өзі тоқтатқан Жазира әңгімесін ары қарай жалғады.

— Келуге батылым жетпеді. Үйде қайғыға салынып жылап жаттым. Оның үстіне анам да жүкті екенімді білген соң ұрсып, үйден шығармай қойды. Аборт жасат деді. Мен баланы қимадым. Ол тірі ғой, ішімде қимылдап, тіршіліктің хабарын береді. Оны қимадым. Ол аздай, бұл Саматтың артында қалған жалғыз тұяғы емес пе? Өзімнің сүйген адамымның маған қалдырып кеткен бұл сыйын көзім қиып, қалай алдыртып тастамақпын? Мен оған бара алмадым. Бірақ… ендігі жағдайым не болмақ? Өзіміз бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Тамағымды оны-мұны жұмыс істеп табар едім, енді айым-күнім жақындағанда жұмысқа да шыға алмаймын. Жалғыз анамның табысы күнкөрісіміз түгілі, пәтерақыға да жетпейді. Содан өздеріңізге келуге мәжбүр болдым. Самат тірі болғанда, ол мені бұлай қиналтып қоймас еді. Өзі маған үй әперемін, барлық жағдайыңды жасаймын деп жиі айтатын. Білмеймін не істерімді, — деген Жазира тағы да көз жасына ерік берді. Мұндай жаңалық Майраны есеңгіретіп тастаған еді. Не ойларын өзі де білмейді. Жаңа ғана қызметші әкеп берген шәйға тесіле қараған күйі ауыр ойға беріліп кетіпті.

«Сонда Самат өлер алдында осыны айтты ма? Шынымен бұл соның баласы ма екен? Әлде бұл алаяқтықпен басына баспана алып алғысы келген біреу ме? Бірақ, әруақтан қорқатын шығар бұлай деуге? Суреттеріне қарасам, расымен де Саматпен бірге уақыт өткізгендері білініп тұр. Не істеуге болады?»

Басы қатқан Майра әлденуақытта барып есін жиып:

— Қызым, сен маған телефон нөмірлерің мен мекен-жайыңды қалдырып кет. Саған өзім хабарласармын. Жарайды ма? — деді. Мұрны пыш-пыш етіп Жазира бір қағазға телефон нөмірін жазып берді.

— Мекен-жайымды жазбай-ақ қояйын. Пәтер жалдап тұрғандықтан, қай күні ауысып кетерімізді Құдай білсін. Осы телефонмен табасыздар, — деді ол.

— Міне, әзірге мына ақшаны ала тұр. Балаңды ойла, жыламай, қиналмай, өз-өзіңе күтім жаса, — деп Майра оған біразырақ ақша ұсынды. Сосын: — шынымды айтсам, бұл жағдай мені таңдандырып отыр. Бұл жайлы әкесіне айтып көрейін. Ол не дер екен? Егер шынымен ішіңдегі Саматтың баласы болса, онда оны да, сені де далаға тастай қоймаспыз. Қаласаң, осында көшіріп алармыз. Сондықтан, ештеңені уайымдама. Ал, мына фотосуреттер менде қала берсін, — деді. Сөйтті де қызды шығарып салды.

Жазира кеткен соң оның айтқандарын қайта есіне алып, ойға шомды. Суреттерге де қайта-қайта қарағыштайды. Не қуанарын білмейді. Иә, баласының бір тұяғы қалған екен, қуанғысы келеді. Бірақ, бір жағынан сенгісі келмейтіндей. Осындай дүдәмал оймен біраз отырған Майра ақыры Жәнібекті шақырып, сонымен сөйлесіп көрмекке бел шешті. Тоқтарға мән-жайды сосын ғана айтпақ.

Жәнібекті шақырып ала сала Майра оған Жазира берген фотосуреттерді көрсетті.

— Мына қыз кім?

Жәнібек сасып қалды. Не айтарын білмей тілі күрмеле берген.

— Айтсаңшы, бұл кім? Сен де мұнымен таныс екенсің. Самат бұл қызбен жүрген бе?

— Жүргенде… анда-санда кездесіп тұратын.

— Ол қандай қыз?

— Қандай болғанда… таныс қыз ғой әшейін.

— Әшейін бе? Менен ештеңені жасырмай айтшы. Ол қыз маған келді. Екеуі бірін-бірі жақсы көргенге ұқсайды.

— Білмеймін, Майра әпке, білмеймін ол жағын. Шынымды айтсам, көңіл көтеруге барып тұратын анда-санда. Ол қыз күйеуден қайтып келген ғой.

— Оны білемін.

— Ондай қызды Самат өзіне тең көрмес еді. Айтқым келгені осы.

— Бірақ, махаббат кейде ондайға қарамайды ғой. Ол қыз Саматтан жүктімін деп отыр. Осы рас па?

— Білмеймін.

— Неге білмейсің? Саматтың досы едің, ол достарына сыр ашпайды ма?

— Соңғы уақытта тұйықталып кетті ғой.

— Иә, оның рас. Тұйықталып, өзімен-өзі болып жүретін. Сонда да болса достарына сыры мәлім болу керек емес пе? Мүмкін, осы қызды ойлап тұйықталған шығар?

— Ештеңе айта алмаймын. Иә, онымен кездесіп тұратын. Басқа ештеңе білмеймін.

— Бұл қыз жайлы ештеңе айтпайтын ба еді?

— Жоқ, анау айтқан ештеңе айтпайтын. Соңғы кездері оған тіптен көп жолыға бермейтін болған еді.

— Оның да себебін айтты. Сонда да болса бұл қыздың Саматтан көтеруі мүмкін бе? Ұялмай ашық айта берші!

— Әпке, мені қинамаңызшы. Ештеңе білмеймін дедім ғой. Мүмкін болса мүмкін шығар.

Әңгіме осылай қысқа аяқталды. Дегенмен, екіойлы болса-дағы Майра сол бір әлі жарық дүние есігін ашпаған шарананың өз немересі екендігіне сенгісі келді. Бұл жайында Тоқтарға да айтты. Басынан бастап бәрін тәптіштеп жеткізді. Саматтың өлер алдындағы сөздері мен Жазираның әңгімесін, Жәнібектің айтқандарын, бәрін-бәрін қалдырмай айтып берді. Фотосуреттерді де көрсетті. Тоқтар таң қалды. Сенер-сенбесін білмей ол да дал. Бір жағынан үміт оты жанғандай болды. Иә, ұлы болмаса да, немересін жетілдірсе, ертең өлсе бір уыс топырақты сол салмайды ма? Мына жиған дүниесі бөтенге емес, өз немересіне бұйырмайды ма? Бәлкім, Құдай бір жағынан алғанымен, екінші жағынан беріп тұрған шығар. Солай шығар…

— Ұл ма, қыз ба екен? — деді әлденуақытта Тоқтар басын көтеріп, Майраға селсоқ қана қарап.

— Соны сұрамаппын. Маңыздысы ол емес, әйтеуір Саматымның соңында бір тұяқтың қалғанында емес пе?

— Бұл өзі қалай болар екен… Ел-жұрт не дейді бұған?..

— Ойбай-ау, ел-жұртта неміз бар?

— Адамды өлтіретін сол жұрттың сөзі ғой.

— Жұрт сөз етеді деп енді Саматтың жалғыз тұяғын тентіретіп қоямыз ба? Айтшы өзің.

— Саматтың баласы екендігіне де толық сенімді емеспіз ғой. Өзі күйеуден қайтып келген қыз болса, кім біледі, басқа біреулермен де әмпей-жәмпей болса…

— Қайдағы жоқты шығаратының осы сенің… Екеуі бірін-бірі сүйіп, жүріп жүрген ғой. Жәнібек деген досы да айтып отыр емес пе екеуінің кездесіп жүргенін.

— Баламыз күйеуден қайтқан, жасы өзінен үлкен содан басқа қыз таппағандай, соқыр ма еді? Шертіп жүріп таңдайтындай күйі бар емес пе еді? Осының бір шикілігі бардай болып көрінеді маған.

— Түу, осы сен де… қайдағы жоқты шығарып… Тіптен ол сенің арам ойыңдағыдай басқа біреулермен де ойнап-күлген болса да, жатырындағы жалғызымыздың баласы болса ше? Құдай-ау, сен осы Саматтың әруағынан қорықсаң етті! — деген Майра теріс айналып кетті.

Әрине, Тоқтар үшін бұл бір жағынан қуанышты жаңалықтай ғой. Тек, бірден сене қою да қиын ғой. Не істерін білмей басы қатқан ол миын шаршатқан сансыз ойлардан жынданып кете жаздады.

Ақыры бұл қызбен Тоқтардың өзі де жолығып, әңгімелесіп көрді.

— Сен өтірік айтудан Құдайдан қорық! Саматтың әруағынан қорық! Шыныңды айт, бұл кімнің баласы? — деген ол дауысын қатайтып. Жазира сескеніп қалғандай, бір уыс бола қалды. Көздері бақырайып, алақ-жұлақ етіп біраз отырды да, сосын ғана есін жиғандай:

— Сенбесеңіздер өздеріңіз біліңіздер. Мен ақталмаймын. Қажет болса өзім-ақ өсіремін! — деп орнынан жұлқына көтерілді.

— Қоя тұр, қызым. Отыр. Мен әлі сенімен әңгімелесіп болған жоқпын.

— Мынадай сенімсіздіктен соң мен қалай әңгімелесемін? Сіз сонда мені әркімнің қолжаулығы болатын жезөкше деп есептеп отырсыз ғой?! Қайта осылай айтуға сіз Саматтың әруағынан қорықпайсыз ба? Ол мені шын сүйген. Соның сүйген адамын жезөкше деп атауғап ұялмайсыз ба? — деп Жазира лезде күшіне мініп, шап-шап етсін.

— Жарқыным-ау, мен олай деп айтқан жоқпын ғой. Мен жағдайдың анық-қанығына көз жеткізіп алғым келеді. Өзі қанша айлық болды?

— Келесі айда босануым қажет, — деді қайта басылған Жазира орнына жайғасып жатып.

— Уақытың болып қалыпты ғой. Өзі ұл ма, қыз ба? УЗИ-ге түсіп пе едің?

— Ұл.

— Рас па?

— Иә. Алдап нем бар?

— Жақсы, Жазира, онда былай келісейік. Мен шешең екеуіңнің барлық жағдайларыңды жасаймын. Үй әперемін, қажет болса екеуіңе де жақсы жұмыс қарастырайын. Ақша жағынан да көмектесейін. Ал сен баланы аман-есен босанып, сосын… оны бізге қалдырарсың. Сол дұрыс болатын сияқты.

— Қалай — Жазираның көздері бақырайып кетті. — Сонда бұл бала анасыз өседі демексіз бе? Әкесі жоғы аз, енді анасының да мейірімін сезінбеуі қажет пе?

— Оған апасы мен атасының мейірімі де жетеді. Сен әлі жассың, күйеуге тиюің керек. Бұл баланы тіркеме етіп қайтесің? Өзіңе де кедергі болады. Оның үстіне, немеремізді бөтен өгей әкенің қолына қалдырып қоя алмаймыз.

— Мен күйеуге тиейін деп тұрғаным жоқ қой.

— Оны қазір айтып отырсың. Жассың, күйеуге тиюің керек. Ал бала бізде қалсын. Бұл немеренің, егер солай болса… біз үшін қандай қымбат екенін білесің ғой. Сол үшін осы айтқаныма көнгенің дұрыс. Мен екі қайталамайтын адаммын. Ал, енді сау бол әзірге. Менің жұмыстарым бар еді, — деген Тоқтар орнынан тұрды. Жазира да лажсыз орнынан тұрды да, сәл іркіліп барып, Тоқтардың бетіне төменшіктей қарап:

— Өте қиын шарт қойып отырсыз. Мен бұл туралы анаммен ақылдасып көрейін, — деді. Сөйтті де сыртқы есікке беттеді…

*  *  *

Жазираның босанғанына да бір жылдай уақыт болып қалған кез. Жазира әрине, баланы Тоқтарларға басы бүтін бере салуға көнбеген. «Күйеуге тиіп бара жатқан жағдайда ғана тастаймын, қалған кезде қасымда болады» деген. Бірақ, кейде күнде, кейде күнара Тоқтардың үйіне барып, немерелерін көрсетіп қайтеді. Олар да бұған бауыр басып үлгерген.

— Ойпырмай, мұрнын қарашы, тура Саматтың өзі ғой, — деп Майра елпілдесе, Тоқтар да:

— Иә, қараторылығы, барлығы Саматтың өзінен аумай қалған екен, — деп мәз болады. Жұмысына да көп баруды қойған Тоқтар үйде Жазираның келуін күтіп алаңдап отырады. Жазира түске таяу әдеттегісінше ұлын көтеріп келеді. Содан кеш қарайғанда бір-ақ қайтады. Сол уақыт ішінде кішкентай Құдайберген атасы мен әжесінің ермегі. Жазира кейде тіпті баланы қалдырып, өзі кешке дейін жеке тірліктерін бітіріп қайтатыны бар. Тоқтар мен Майраға да баланы осылай оңашалап қалдырып кеткендері тәуір. Сонда алаңсыз ойнайды баламен. Әйтпесе, Жазираның көзінше өз-өздерін ұстап, салмақты бола қалатындары бар.

Жалпы, Жазираның жағдайы бұл күнде керемет. Қаланың ортасынан ойып тұрып үш бөлмелі пәтер алған. Іші жап-жаңа жиһазға толтырылды. Одан қалса Тоқтар қолдарына тағы да бір миллион теңге ұстатты. «Басқа керек-жарақтарыңа жаратарсыңдар» деген. Кейіннен Құдайберген дүниеге келгенде көрімдігі деп тағы да бір «лимонды» ұстатты. Осылайша Жазиралар шайқап ішетін жағдайға жеткен. Дүние жеткілікті, шешесі екеуінің бар жұмысы осы Құдайбергенге қарау. Былайша айтқанда, уайым-қайғысыз өмір сүріп жатты. Тоқтарлар да қайғысын ұмытқандай, тәп-тәуір көңіл-күйде жүріп жаптты. Тек, осының барлығының уақыты тым қысқа болар деп кім ойлаған. Барлығы үйге көңіл айту үшін Саматтың досы Нұрбектің келуінен басталды ғой.

Нұрбек Саматтың жан жолдас баласы болатын. Кейін Нұрбек АҚШ-қа оқуға кетті. Әкесі де сол елде қызмет істейтін. Көп ұзамай отбасымен сонда көшіп кетті. Сөйтіп Нұрбек пен Саматтың арасы алыстап қала берген. Екеуі тек телефонмен немесе электронды пошта арқылы ғана байланысады. Міне, сол Нұрбек Саматтың қайтыс болғанын естіп, араға жылдан аса уақыт салып барып көңіл айтуға келіп отыр. Кім біледі, бұдан ертерек келуге мүмкіндігі болмаған шығар.

— Арты қайырлы болсын! — деп кіріп келген Нұрбекті бірден таныған Майра өз ұлын көргендей құшағын жая ұмтылған. Иә, бұрын екеуі егіз қозыдай болып жүруші еді ғой.

— Құлыным-ау, Нұрбек-жан, бұл сенбісің? Аманбысың? — деп көзіне жас ала құшақтады оны.

— Аманмын. Қайғыларыңызға ортақпын.

— Айырылып қалдық қой, жаным-ау, айырылып қалдық! Досың жоқ енді! — деп Майра көз жасына ерік берді.

— Болды, жыламаңыз енді. Құдайдың үкіміне ешкім қарсы келе алмайды ғой. Құдай керек қылды, алды. Өзі бергенді өзі алады. Сабырлы болыңыз, — деп Нұрбек Майраның арқасынан қақты. Бұл кезде Тоқтар жұмыста болатын.

— Айып етпессіздер, бұл жағдайды өте кеш естідім. Маған да ауыр тиді, есеңгіретіп тастады. Қырсыққанда, оқудан да босай алмай, ерте жеткен түрім осы, — деді екеуі хал-жағдай сұрасып болған соң диванға жайғасып жатқан Нұрбек.

— Е-е, сені айыптап неміз бар? Сонау мұхиттың арғы жағынан жету де оңай емес қой. Мына тұрған ауылда тұрып көңіл айтуға келмеген жандар бар. Саған ренжіп қайтеміз мұндайда? Қайта келгеніңе рахмет!

— Өзі қалай болды? Көлік апатына ұшырады дейді ме?

— Иә. Көлікке мас күйінде отырған білем. Содан қаладан шығып бара жатып апатқа ұшырапты. Көлік бірнеше рет аунап түскен. Бірақ, сау еді, үш күннен кейін ауруханада көз жұмды ғой.

— Бір жаққа бара жатыр ма еді?

— Білмеймін. Ешкім білмейді. Сонысы беймәлім болып қалды ғой. Есірткі қолданған дейді ме… Түсінбедім. Оған бірдеңе көрінген ғой деймін. Бәрі жұмбақ күйінде қалды. Самат бәрін де өзімен бірге ала кетті.

— Иә, ол өзі өмірден түңіліп жүргендей болған. Менімен анда-санда электронды пошта арқылы байланысып тұратын еді ғой. Сонда бір нәрсеге күйініп жүргенін, содан ішкілікке салынып бара жатқанын, тіпті, нашаға да үйірсектене бастағанын айтып еді.

— Не? Сонда ол не нәрсеге күйінген?

Майраның бұл сауалына Нұрбек жауап бергісі келмегендей, тақырыпты өзге бағытқа ауыстырып жіберді.

— Өткенді қайтара алмаймыз. Бәріне мойынсұнғаннан басқа лаж жоқ. Тоқтар аға қалай? Не жұмыс жасап жатыр?

— А-а, жүр ғой, аман-есен. Сол бизнесінде.

— Мемлекеттік жұмысты қойған ба?

— Ә-ә, қойды ғой. Өткендері қала әкімі бол деген ұсыныс түскен екен, өзі бас тартты.

— М-м-м… Шаршады ма?

— Жоқ. Сен білмейсің ғой, Саматымыздан бір тұяқ қалған екен, оған да Құдайға шүкір. Уақытын сол немересімен өткізгісі келеді де.

— Түсінбедім. Ол үйленген бе еді?

— Жоқ-ә. Қалай десем екен… Бір қызбен көңіл қосып жүрген екен. Содан ол қыз жүкті болып қалған, — деп Майра болған жағдайды басынан бастап әңгімелеп беруге көшті. Нұрбек басын шайқап-шайқап қойып, үнсіз тыңдап шықты. Сосын:

— Мүмкін емес, мүмкін емес, — деді бұл жағдайға күмәнмен қарайтынын білдіріп.

— Е-е, балам-ау, бұл өмірде бәрі де мүмкін екен ғой.

— Иә, бәрі де мүмкін ғой. Бірақ, дәл осы мүмкін емес сияқты. Әрине, кешірерсіз, көңіліңізге келмесін. Бірақ, мен білсем, айтып отырғаныңыз Саматтың баласы емес.

— Қалай? Сен бірдеңе білесің бе?

— Білгенде… Қалай айтсам екен… Өзі ыңғайсыздау…

— Айта берсеңші.

— Самат соңғы сөйлескен кездерінде маған өзінің белсіздікке ұшырағанын айтып шағымданатын. Міне, сол үшін де ол өмірден түңіліп, ішімдікке, есірткіге әуестене бастаған еді.

— Балам-ау, сен не сұмдықты айтып отырсың? — Майра мына сөздерді естіп шошып кеткен.

— Мен білетінімді айтып едім, кешіріңіз, — деді өзі де ыңғайсызданып қалған Нұрбек. — Өзі маған солай жазған еді. Ол өтірік жазбаса керек-ті.

— Мүмкін емес. Менің балам ондай емес.

— Білмедім онда.

— Ол өзі өлетін кезінде баласы барын айтып кетті ғой. Осындағы достары да бұрынырақ біреуді көтертіп қойып, кейін аборт жасатқанын айтып еді.

— Қай кезде? А-а, иә, оны мен де білемін. Ол кезде мен осында едім ғой.

— Енді не деп шатып тұрсың? Белсіз еді дегенің қалай?

— Әпке, шынымды айтсам, соны мен де түсінбедім. Өзі солай деген соң. Негізі осы әңгімені бекер бастадым-ау деймін.

— Жоқ, сен маған жасырмай бәрін айт. Мен бәрін де білуім керек.

— Өзі поштама солай жазған. Тіпті, ол хаттары поштамда әлі де сақтаулы тұр. Оқып көруіңізге болады.

— Мүмкін, оның поштасына басқа біреу кіріп жазған шығар.

— Әпке, айттым ғой, білмеймін деп. Бірақ, мен камерамен отырып сөйлестім ғой. Ол өзі жазған еді.

— Мен оны оқиын.

— Ыңғайсыз ғой, әпке. Ол жерде, шынымды айтсам, ұятсыздау әңгімелер де болса керек.

— Ештеңе етпейді. Мен қазір шок болып отырмын. Көзімді жеткізбей, мен бұған сенбеймін.

— Айтпақшы, ол осындағы бір урологқа қаралған еді. Менің танысым болатын. Соған барып қаралуына кеңес бергенмін. Кейіннен ол барғанын айтты. Тексеріліпті.

— Сөйтіп?

— Сөйтіп… Ол дәрігер жақсы жаңалық айтпапты. Бірақ, емделіп көруге кеңес берген екен. Одан кейінгісін білмеймін.

Майра мына жаңалықтан қалшылдап кетті. Дірілдеген қолына ұялы телефонын алды. Оның пернелерін әзер басып, құлағына тосты. Түрінен түр қалмаған. Телефонды құлағына тосқан күйі Нұрбекке сөйлей берді.

— Сонда сен Құдайбергенді Саматтың баласы емес дегің келеді ме?

— Меніңше солай сияқты. Білмеймін ғой, мен Америкада жүрмін, ол мұнда. Не болғанын білмеймін.

— Сенгім келмейді! Алло, алло, Тоқтар! — Майра ары қарай телефонмен сөйлесіп кетті. — Сен тез үйге келші. Дәл қазір… Тыныштық емес болып тұр. Америкадан Саматтың досы Нұрбек келген… Иә, иә, сол Нұрбек… Сол Нұрбек бірдеңелерді айтып… Менің басым істемей тұр… Не болғанда, келсей, өз аузынан естисің ғой. Телефондағы әңгіме емес. Тез жет, — деді де Майра тұтқаны қойды, сосын көздерін жұма креслосына біраз шалқайыңқырап жатып, кенет көздерін ашып алды.

— Айжан, әй, Айжан, — деп сосын қызметші қызды шақырды. — Маған дәрім мен салқын су әкеліп берші. Уһ, жүрегім-ай! Ажалымыздан бұрын өліп кетпесек болғаны! Не болып кетті бұл заман? Не жазып қойып едік бұл Құдайға?! Тағдырымыздың тәлкегі әлі де бітпеген бе?

— Әпке, сабыр қылыңызшы.

— Нұрбекжан-ау, қайдағы сабыр? Айтып отырғаның мынау. Қайғымызды енді ұмытып, Саматымның тұяғы қалды деп шүкіршілік етіп, соның асты-үстіне түсіп жүрген кезімізде, сен мынадай деп тұрсың. Қалай сабыр қылайын?

— Мен мұны қалаған жоқ едім.

— Түсінемін. Айтқаның дұрыс болды. Барлық шындыққа көз жеткізіп алғанымыз жөн ғой.

Майра қызметші қыз әкелген дәрісін ішіп алды да, көздерін жұмып қайта креслоға шалқайды.

— Әпке, мен сыртта жүре тұрайын.

— Иә, иә. Бірақ, кетіп қалма. Қазір Тоқтар ағаң келеді. Мен сәл демалып алайын. Сен кешір мені, айналайын, сабырсызданып кеттім білем.

— Ештеңе етпейді. Демалып алыңыз, — деген Нұрбек сыртқа беттеді.

Тоқтар келген соң бұл әңгіме қайта жалғасқан. Өз құлағына өзі сенбеген Тоқтар ақыры поштадағы Саматтың хаттарын оқып көрмекке бел буды. Оқыды да. Шынында да Нұрбек айтқандай екен.

— Мен Қазақстандағы достарымнан келген хаттарды өшірмейтінмін. Көріп отырсыздар ғой өздеріңіз де. Елімді, мұндағы достарымды сағынғанда осы хаттарды қайталдап оқып отырамын. Саматтың да хатын сол себептен сақтап қойған едім, — деді Нұрбек ақталғандай болып.

— Мен әлгі дәрігерге барып сөйлескім келеді. Сол дәрігермен сөйлеспей, бұған көзімді жеткізе алмаспын. Бәлкім, Самат ойнап па жаза салған шығар бұны. Әйтпесе, өзің де айтып отырсың, қызды жүкті еткен адам қалай әтек болады? Мен бұған сенбеймін, — деді Тоқтар күмәнданып тұрғанын жасырмай. Көз алдына Құдайбергенді елестетті. Иә, қылықтары тәтті-ақ. Бауыр басып қалды. Сонда ол мүлде бөтен бала болғаны ма? Сонда Жазира бұларды алдап, ақшаларын пайдаланып жүргені ме? Жәнібектің өзі де Саматтың онымен кездесіп тұратынын айтты емес пе? Самат пен Жазираның қосылып түскен суреттері де бар. Сонда бұл қалай болды?

Әбден шатысып кеткен Тоқтар мен Майра бұл жұмбақтың шешуін дәрігермен сөйлескеннен кейін бір-ақ анықтайтынына сенді де, Нұрбекті дедектете сүйреп сонда барды. Нұрбек іштей өзін-өзі сөгіп келеді. «Басыма не пәле тілеп алдым тағы да? Үндемей-ақ қоя салсам нетті? Екі ортада өзімді де, бұларды да қинап…» дейді ұнжырғасы түсіп.

Жеке клиникасы бар уролог дәрігер Бақыт бұларды жылы қабылдады. Нұрбек оған мән-жайды айтып берді.

— Самат дейсің бе? Есімде жоқ. Күніне қаншама адам келеді, оның барлығы қайдан есте болсын?! — деді ол иығын қиқаң еткізіп. — Әйтеуір сенің бір телефон шалып, бір досыңның келетінін, жақсылап қарап беруді өтінгенің есімде. Қай уақыт еді өзі? Бір-екі жыл өтіп кетті-ау деймін.

— Иә, екі жылдай болып қалды ғой.

— Аты-жөні кім дедің?

— Самат Тоқтарұлы.

— Импотент дедің бе?

— Жоқ, олай емес, — деп Нұрбек өзін ыңғайсыз сезініп, қипақтап кетті. Өйткені, дәл бұлай деп атау Тоқтар мен Майраның жүрегін ауыртатыны сөзсіз еді. — Тек, сол жағынан көрінсем бе деген ғой. Ауру тарихы сақталатын шығар, қарап көрсеңізші.

— О-оу, екі жыл бұрынғы папкалар шаң басып қай түкпірде жатыр екен? Оны іздеу керек. Ол соншалықты маңызды ма еді? Неге қажетсіндіңдер оны? — Бақыт сұраулы жүзбен үшеуіне кезек-кезек қарады.

— Өте қажет болып тұр. Өтініш, тауып бере қойыңызшы, — деді Нұрбек жалынғандай болып.

— Жалпы, жеке адамның ауру тарихы бізде құпия сақталады ғой. Оны ешкімге көрсете алмаймыз. Тек өзінің рұқсаты болмаса. Бізде мұндай құпияны ашуға рұқсат етілмейді.

Осы кезде әңгімеге Тоқтардың өзі араласты.

— Інішек, бері қарашы. Ол менің балам. Осыдан бір жарым жылдай бұрын қайтыс болып кетті. Өзімен бірге біраз құпияны алып кеткен екен. Соны біздің білуіміз қажет. Сұраған ақшаңды берейік, тек сол ауру тарихын тауып бере қой маған.

— Ағасы, түсініп отырмын. Мен бұл жерде бірдеңе дәметіп отырған жоқпын, сіз де дұрыс түсініңіз. Тек, өз ережелерімізді айтып отырмын.

— Ережеңді бүгінше қоя тұр. Бізге ол өте қажет.

— Мен іздетіп көрейін. Ертең хабарласыңыздар, тауып қояйын онда.

— Жоқ, Барлық жұмысыңды қоя тұр да, қазір іздеші соны. Өзің мені танитын шығарсың?

— Жоқ, — деді Бақыт басын шайқап. — Бірақ, жүзіңіз өте таныс. Бір жерден көрген сияқтымын.

— Тоқтар Бектасов дегенді естіп пе едің?

— Тоқтар Бектасов… Сіз сол ма?.. Оһо, кешіріңіз ағасы. Ассалаумағалейкум, тағы бір жөндеп амандасып қояйықшы, — деген Бақыт жымия орнынан тұрып, Тоқтарға қолын созды. Екеуі қайта амандасты.

— Балаңыздың арты қайырлы болсын, — деді сосын Бақыт.

— Рахмет. Сен жаңағы тірлікті бітіріп берсейші одан да.

— Мүмкіндігінше. Біразырақ күтуге тура келеді. Шәй, кофе?

— Көк шәйің бар ма?

— Табамыз.

Бақыт дереу хатшы қызын шақырып, көк шай дайындауды тапсырды. Сосын Нұрбекке қарап:

— Сен нақ қай уақыттар екенін айтшы. Іздеу жеңілірек болсын, — деді. Нұрбек бағана ғана поштадан Саматтың қай кезде хат жазғанын қарады ғой, сондықтан жобалап уақытты айтты. Бақыт тағы біреулерді шақырып, Нұрбек айтқан уақыттағы клиникаға келіп қаралған аурулардың тарихын іздеп тауып әкелуді тапсырды. Сосын жүзін Тоқтарға бұрған.

— Кешірерсіз, ұлыңыз неден қайтыс болып еді?

— Көлік апаты, — деді Тоқтар селсоқ қана.

Осы кезде есік қағылып, ішке бірнеше папканы көтерген кісі кіріп келді.

— Бәке, міне айтқандарыңыз.

— Мына жерге қоя сал.

Содан папкалар кезек-кезек ашылып, ішінен Саматтың ауру тарихы ізделді. Ақыры табылды да. Бақыт оған шұқшия қарап отырып, әлденені есіне түсіргендей болды.

— Иә, иә, бұл жігіт қаралды, тексерілді. «Ұлы сөзде ұят жоқ» дейді ғой, жасырмай айта берейін. Енді есіме түсіп отыр ғой мынаны қараған соң, ол соңғы кездері еркектік қабілетінің төмендеп кеткенін айтып шағымданды. Өзі жап-жас, ондайларда мұндай жағдай кездесе бермейді ғой. Қыздармен қосылар кезде ұлы мүшесі ұятқа қалдырып қоя береді екен. Тексеріп көрдім. Жақсылап ем қабылдаса, бәрінің дұрысталуы мүмкін екенін айттым. Әрине, кепілдік жоқ. Бірақ, емделіп көрсе, нәтиже шығуы мүмкін еді. Бірақ, ол қайта келмеді. Иә, міне, бәрі солай, өздеріңіз көрсеңіздер де болады. Қолымды түсінесіздер ме? — деп Бақыт бір жапырақ қағазды Тоқтардың алдына ысырды.

— Бірақ ол алдында бұл жайында шағымданбайтын еді. Аяқ астынан оған қалай душар болуы мүмкін? — деді Нұрбек те өзін мазалаған сауалды алға тартып.

— Түрлі жағдайлар себеп болады ғой. Психологиялық жағдай да себеп болуы мүмкін. Суық тигізу, алкоголь мен темекі өнімдерін пайдалану, есірткі қолдану сияқты жағдайлар, жыныстық аурулармен ауыру, осының барлығы да себеп болуы ықтимал.

— Оған осының қайсысы себеп болған?

— Оны түбегейлі тексергенде анықтауға болар ма еді, бірақ ол бір тексерілгеннен кейін қайта келмеді.

— Солай де… — деп Тоқтар басын ұстап біраз уақыт отырып қалды. Сосын: — Сонда оныкі қыздарға мүлде жарамаған ба?

— Иә, солай деуге болады. Міне, мұнда жазылғандай, өзінің айтысы, ондай жағдайға ұшырағанына жарты жылдың жүзі болған.

Майра дереу есептеуге көшті. Самат мұнда өлерінен бір айдай бұрын келіп қаралған екен. Ол кезде Жазираның ішіндегі бала екі айлық шамасында болған. Алты ай бойына ұлы мүшесінің қызметіне шағымданып жүрген Самат оны қалай жүкті етеді? Демек, расында да Жазираның бұларды алдағаны ма? Қалайша, қалай дәті барады бұлай ақымақ етуге? Неткен алаяқ жан?

Майра қалшылдап кетті. Тоқтар да өзін-өзі әзер ұстап отырған болатын. Бақытқа қарап:

— Рахмет. Біз жүрейік, — деген ол орнынан тұрды. Майра да, Нұрбек те ілесе тұрды. Сыртқа шығып, көліктеріне отырған соң Тоқтар рөлді тоқпақтасын жұдырығымен. Көлігінің дәл алдына Құдайбергеннің фотосуретін қойып қойған екен, жиіркене соған қарады. Құдай-ау, бұлар осы уақытқа дейін қалайша өз-өздерін алдап келген? Мына баланың бір жері де Саматқа ұқсамайды ғой. Өз-өздерін сендіру үшін ғана «мұрны Саматқа ұқсайды, түрі содан аумайды» дей берген екен ғой. Ал шын мәнінде еш жері де ұқсамайды, еш жері де!

— Мен ол қызды өлтіремін! Өлтіремін! — деді ашуын тежей алмаған Тоқтар кіжініп.

— Сабыр қылшы, сабыр қылшы, — деп Майраның жаны қалмай отыр. Бірдеңе қылып қояды ма деп қорқады.

— Қалай ғана бізді ақымақ қылып отыр бізді, қалай ғана?! Сен де, — деп Майраға қарап ақырып жіберді: — Анық Саматтың баласы, анық деп қоймай қойдың. Қане соның? Не болды енді?

— Қайдан білейін, — деп Майра күмілжи қалды.

Шынында да бұл оқиға сұмдық болды. Расымен де Құдайберген Саматтың ұлы емес екен. Бірақ, Жазира оны мойындамады, бетбақтырмай отырып алды. Бірақ, Нұрбек Саматтың өзге достарымен сөйлесе келе, анықтағаны — Жазира әркіммен бір көңіл көтеріп жүрген жеңіл жүрісті қыз екен. Самат та достарымен бірге анда-санда барып тұрған. Онымен кім болмады десеңші, Жәнібек те, басқасы да. Бірақ, мұны Жәнібек кезінде Майраға ашып айта алмаған. Тіпті, соңғы кездері Самат онымен тіпті де жақындаспаған. Бұл жағы белгілі ғой, өйткені ол сырқатымен әуре болып жүріпті. Бұл кемшілігін ол ешкімге ашып айта да алмаған. Бар сырын ашқан адамы осы Нұрбектің өзі болған екен де.

Иә, осылайша Жазираның кімнен көтергені өзіне ғана мәлім болып қалды. Бірақ, бұл кезде үй соның атына аударылып қойған еді. Тоқтарлар оған берген дүниесі мен ақшасын қайтара алмады, қайтарғысы да келмеді. Жиіркенді. «Садақа сендерге!» деп айқайлап кетті. Тіпті, кеше ғана асты-үстіне түсіп жүрген Құдайбергенді де бір сәтте жек көріп кеткен. Іштері удай ашыған. «Сонда біз кімнің баласын айналып-толғанып, барымызды алдына тосып жүргенбіз? Осыншалықты ақымақ боламыз ба?» деп, өз шаштарын өздері жұлады. Мынадай масқаралықтан қара жердің жарығы болса, түсіп кетіп құтылғысы келетіндей. Бірақ, болар іс болды, енді ештеңені кері қайтара алмайды.

— Құдайдан қорықпайтын түрлі адамдар бар екен-ау. Осының бәрін қалай ойластырып алған десеңші! — дейді Майра таңданысын жасыра алмай. — Құдайдың өзі жазасын берсін! — дейді артынан.

Жазира Майраның өздеріне де беймәлім немересін іздеп жүргенін Саматтың достарынан естіп қалған болатын. Өзіне мәлім біреуден көтеріп қойып, не істерін білмей басы қатып жүргенінде, бұл жақсы жаңалық болды. Әу бастан өзі де жеңіл жүрісті кәсіп еткен шешесі де мұны ести сала, екеулеп жоспар құрған.

— Кім біліп бара жатыр, Саматтан көтердім деп алдына бар. Ол бірден сенеді. Соның арқасында жағдайымызды түзеп аламыз, — деп шешесі еді мұны азғырған. Әрине, бұл идея Жазираның өзінің де ойынан шықты. Саматтың бұған келіп тұрғаны рас. Неге екені белгісіз, ол соңғы кездері мұнымен тіпті қосылмай кетті. Бірақ, оны кім біліп жатыр? «Бұл да бір Құдайдың бізге беріп тұрған мүмкіндігі шығар, пайдаланып қалайық» деген ойға берілді. «Солар ақшаны адал тауып жүр дейсің бе, қара халықты жылатып жинаған ақшасы ғой. Оны біз неге пайдаланбасқа?!» деп өз істерін ақтап алғакн тағы да. Сөйтіп әбден дайындалып, бар әртістіктеріне салып, Жазира Майраны іздеп барып еді. Соңының қандай болғанын өздеріңіз де білесіздер. Баспаналы болды, жағдайлары түзелді. Әрі ұлды да болды. Қартайғанда жалғыз басы сопайып отырмайды. Ұлының болашағы жарқын, Тоқтар аман болса, өлтірмейді. Тіпті, кейін соның бар байлығы осыған мұра болып қалады. Өздері «Құдайдың бергені ғой бұл, есімін Құдайберген деп атайық» деп, осы бала үшін асты-үстіне түсіп жүр еді. Қарашы енді мынадай жағдайдың бола қалғанын. Қайдан ғана біліп қойды десеңші!

Иә, осылай Жазиралардың да іштері удай ашып жатты. Олар өмір бойы Тоқтарларды теспей сорып жата береміз деп ойлаған. Енді оларға қажетсіз болып қалды. Сонда да көп өкінетіндей ештеңе жоқ, жағдайлары көш түзу. Тек, бұлар Тоқтарлар бір зияндық жасайды ма деп қорқа бастады. Сол үшін үйді ертерек сатып, басқа жаққа көшіп кетуге әрекет жасай бастады.

— Ойбай, бұлар адам өлтіруден тайынбайды. Бұл қаладан көзімізді құртпасақ болмас! — деп шешесінің жаны қалмай жүрді. Үйді өткен бағасына сатып, өзге қалаға бой жасырмақ.

Алайда, Тоқтарлардың мұны ойлауға тіптен де мұршасы жоқ еді бұл кезде. Енді олар шын немерелерін іздеуге кірісті. Мұны айтқан да Нұрбек болатын.

— Біраз бұрын оның бір қызбен жүргені рас. Оны көтертіп те қойды. Аборт жасат деп оған ақша берген. Бірақ, ол қыз көнбеді. Самат бірде оны «неге аборт жасатпайсың? Басыма пәле болғың келіп жүр ме?» деп әбден тепкілеп, соққыға жыққан екен. Содан кейін ол қызбен хабарласпай қойған. Ол қыз да хабарласпады. Кейіннен қайта жолыққан көрінеді. Ол босанып алыпты. Бірақ, Саматты жолатпаған. Саматтың да онымен жолығуға құлқы болмапты. Ақмарал деген қыз болатын. Қайда тұратынын да білемін. Бұрын бірге талай рет барғанбыз. Оның қолында Саматтың баласы бары анық, — деген Нұрбек.

Майра осы кезде ғана Саматтың өлер алдында осыны айтып кеткенін ұқты. Ұқты да, енді соны іздеуге кірісті.

— Ол да анау албасты сияқты жезөкше біреу емес пе еді? — дейді бірақ аузы күйіп қалған Майра бір жағынан күдіктеніп.

— Жоқ, ол жақсы-ақ қыз еді. Өзі енді ғана мектепті бітірген еді.

— Жап-жас болып жігітпен қалай қосыла кетеді осылар? Бүгінгінің қыздарының бәрі бұзылып кеткен бе?

— Білуімше, Саматтың өзі қинап, қоймаған ғой деймін.

— Сен де бар кінәні Саматыма аудара бердің-ау, — деп Майра ренжіп қалғандай болды.

— Жоға, өзіңіз сұраған соң, білгенімді айтып жатқаным ғой.

— Бұл туралы Саматтың басқа достары неге ештеңе білмейді? Олар қыздың аборт жасатып тастағанын айтқан еді ғой?

— Самат солай деген. Бұл жайлы тек маған ғана айтқан болатын. Сіз маған сенбей тұрсыз ба?

— Жоға. Анықтап алайын дегенім ғой. Жарайды, енді бізді сол қызға апар.

— Апарайын.

Сөйтіп Нұрбек Тоқтар мен Майраны енді Ақмаралға жолықтыруға бастап кетті. Бұрындары үйіне талай барған ғой, қиналмай тапты. Тек, мұндағы жағдай тым ауыр еді.

Ақмарал алғашқыда бұлармен жолыққысы келмеді, тек, Саматтың қайтыс болғанын естіген соң ғана райынан қайтқан.

— Мен бұлай болуын қаламап едім, — деп еңірей жыласын сосын. — Оны шын сүйдім, әлі де жүрегімнің түкпірінде сақтап жүр едім оған деген сезімімді. Қандай опасыздық жасаса да оған деген сезімім сөнген емес еді. Рас, әр қиналған сайын, балам әр жылаған сайын мен оны қарғадым! Қарғадым! Бірақ, өлуін тілеген жоқ едім ғой! — деп жылаған оны Майра не жұбатарын, не шашын жұларын білмей дағдарды. Жұбатқысы келгені — ол қандай қиындыққа қарамастан оның баласын өмірге әкеліп, қарап жүр және Саматқа деген сезімі әлі де сөнбепті. Ал шашын жұлғысы келгені — бұл оны әбден қарғаған, Саматы сол қарғыстан шығар өмірден озғаны. Осының қарғысы ғой оны бұлардың араларынан жұлып әкеткен! Иә, Саматтың өзі де өлер алдында осыны айтты ғой!

Бірақ, бұлар сабыр сақтай білді. Ақмаралды соңына дейін тыңдағысы келді.

— Біз екеуміз бір-бірімізді жақсы көретінбіз. Сөйтсек, ол мені уақытша пайдаланып жүрген сияқты. Бір мас кезінде қоярда қоймай төсекке сүйреді. Көнбесіме қоймады. Кейін де сол әрекетін жалғастыра берді. Ақыры мен жүкті болып қалдым. Оған үйленуіміз қажет екенін айттым. Ол басын ала қашты. Аборт жасат деп ақша берді. Мен ол ақшаны алмадым. Бірақ ол тастап кетті. Мен құрсағымдағы тірі адамды өлтіруге қимадым, бас тарттым. Бірақ ол қайта-қайта аборт жасатуымды талап ете берді. Бір күні тіпті аямай соққыға жығып, тепкілеп тастады. Өзі мас болатын. Содан жағдайым қиындап, ауруханаға түстім. Ішімдегі балаға да зияны тиіпті. Саматтың айтатыны — «Сен ішіңдегі баланы сылтау етіп, маған тиіп алуды ғана ойлап жүрсің. Менің ақшама қызығасың» деп ойыма кіріп шықпаған сөздерді айта бастады. «Үйдегілер мені қазір үйлендірмейді, мен әлі жаспын» дейтін. «Егер қазір алдыртып тастасаң, кейін үйленеміз» деп те айтты. Мен сонда да көнбедім. «Маған сенің бір тиының да керегі жоқ. Бұдан кейін келме» деп қуып жібердім. Ол содан кейін бой көрсетпей кеткен. Ал менің бұл уақыттарда көрмеген қорлығым жоқ. Үйдегілердің таяғын жеп, талай рет өмірден түңіліп, өлмекке де ұмтылдым. Ажал келмесе қанша әрекеттенсең де бекер екен ғой. Міне, тірімін. Балам үшін тірі қалдым. Үйден қуылдым, әке-шешем теріс батасын берді. Аш-жалаңаш, әр құрбымның, әр туысымның үйін жағалап күн кештім. Осындай қиналған кездерде Саматты қарғағаным рас. Әйел адамбыз ғой, қарғаймыз, тілімізге еге бола алмаймыз. Сөйтіп жүріп босандым. Балам мүгедек болып туылды. Жүрегінде ақау бар. Өзі әлжуаз, аурушаң. Күні-түні бір тынбай жылайды. Ол жылаған сайын мен де қосылып жылаймын, Саматты тағы да қарғап-сілеймін. Өйткені, баланың мүгедек болып туылуына сол себепкер болды ғой. Енді сол қарғысыма өкініп отырмын. Тура тиерін қайдан білейін?! Қиналып жүргенімді біліп әке-шешем қайта қолдарына алды. Кешірмесе де, аяса керек. Қанша дегенмен өз перзенттерімін ғой. Бірақ, бүкіл тағдырым бұзылды. Үйдегілердің ешқайсысы мені жақтырмайды, жылы сөз айтпайтын болған. Баламды да жақтырмайды. Өлгеннің күнінен шыдап жүргендей. Жылаған сайын жекіріп береді. Амал жоқ, барар жер, басар тауым болмаған соң шыдап жүрмін. Енді мені ешқандай күйеу де алмайды. Өз әкесі бас тартқан балаға кімнің әке болғысы келеді дейсің. Мүгедек баланы кім қажетсінеді? Ендігі менің барым да, нарым да осы бала, екеуміз ғана. Басқаның бәрі бізге бөтен.

Бірде Саматқа өзім хабарластым. Баласының туылғанын білсе, мүмкін ойланар деген үмітім болған. Мүгедек болып туылғанын айттым, жаны ашыр дедім. Қанша дегенмен, әкесі ғой. Бірақ, ол бірден ат-тонын ала қашты. «Мен саған оны ту деген жоқпын, баяғыда аборт жасатып алдыртып таста деп едім, тыңдамаған өзің. Маған ол бала керек емес» деді ол. Сосын одан мүлде көңілім қалды. Одан кейін хабарласқан емеспіз. Баланы өзім асырап келемін, — деп бәрін баяндап берді Ақмарал. Егіліп отырып баяндады. Тыңдап отырған Тоқтар да, Майра да, Нұрбек те мына ауыр тағдырды естіп егіліп кеткен.

— Бала қайда? — деді әлден уақытта Майра.

— Ұйықтап жатыр.

— Өзі қаншада?

— Үш жаста.

— Көрсетші бізге.

— Керегі жоқ. Қайтесіздер? Әкесіне керек болмаған баланы сіздер қайтесіздер? Оның әкесі де, шешесі де, әжесі де, атасы да енді өзім, — дедлі Ақмарал.

— Сен олай өлген адамды сөге бермесеңші. Ең құрымаса көрінде тыныш жатсын. Қарғап-сілепсің, дегеніңе жеттің, енді тыныштық берсеңші! — деді шыдай алмай кеткен Майра шарт етіп.

— Кешірерсіз. Менің басымдағыны өз басыңыздан өткерсеңіз, сіз де солай етер едіңіз.

— Болар іс болды ғой. Енді қырсыққаннан, басқа қылғаннан ештеңе өзгермейді. Бізге баланы көрсетші. Аты кім өзінің?

— Аты Нұрбек.

— А-а? — Майра таңданып Ақмаралға бір, Нұрбекке бір қарады.

— Саматтың өзі бұрын «Кейін бірінші ұлымның атын Нұрбек деп қоямын» деп айтатын. Нұрбек екеуі жан жолдас еді ғой. Нұрбек те «Мен Самат деп қоямын» деп айтатын. Әрине, әзілдеп. Міне, Нұрбектің өзі тұр, сұраңыздар. Мен сол үшін де оның атын Нұрбек қойдым.

Майраның көздерінен мөлт-мөлт етіп жас ақты. Бұлар ауладағы сәкіде сөйлесіп отырған болатын. Кенет үйден кішкентай ғана бала талтаң-талтаң басып шығып келе жатты. Арық қана келген, бірақ сүйкімді ұл бала. Майраның жүрегі елжіреп кетті. Құдай-ау, мынау Саматының өзі ғой. Ол да кішкентай кезінде дәл осындай болып еді ғой! Бәрі-бәрі көз алдында! Иә, бұл Саматтың нақ өзі!

Өзін-өзі ұстай алмаған Майра балаға қарай тұра ұмтылды. Шошып кеткен бала шар етіп жылап жіберсін. Оған қараған Майра жоқ, жүгіре барып баланы құшақтай көтеріп алды да, бауырына қысып алды. Көзінен жасы сорғалап тоқтамай барады. Дауысы да шықпай қалғандай.

— Алтыным, алтыным, жарығым! — деп күбірлеп жатқанын біледі әйтеуір. Емірене иіскеді, сүйіп жатыр. Өзгелері де жүректері елжірей екеуіне қарап қалыпты. Кішкентай Нұрбек шарылдап жылап жатыр. Сонда да болса Ақмарал оған жақындамады, жүзін теріс бұрып әкетті. Ол да көз жасына ерік берген болатын…

Кейін қоярда-қоймай Тоқтарлар Ақмаралды өз үйлеріне көшіріп алды. Сөйтіп бар дүниелерін жұмсап, баланы емдетудің қамына кірісті. Иә, бұл баланың денсаулығынан нені аясын? Оның үстіне баласының қателігін жуып-шаймақ. Сонда Самат та көрінде тыныш жатар, бәлкім. Әйтпесе, өкінішпен өмірден өткен оның о дүниеде де жаны тынышталмасы анық еді.

Осылайша Самат тірі кезде қосыла алмаған Ақмарал ол өлгенде үйіне келін болып түскендей. Тоқтарды «ата», Майраны «апа» деп, осы үйдің келініндей болып жүреді. Тоқтарлар да оны «келін», кейде «қызым» деп атайды. Иә, олар өлген ұлдарына екі келін түсіргендей болды ғой. Тағдыр да… Баласының денсаулығы үшін, Саматқа деген жүрек түкпіріндегі өшпеген пәк сезімі үшін Ақмарал да Тоқтарлардың дегеніне көніп, осында тұруға бел байлаған болатын. Бәрібір өз үйінде бөтен жандай жүрген еді, бұл қадамы өз жанына бір сәт дамыл бергендей болды. Енді қалған өмірінде қиындық көрмесін де…

 «Қарғыс алма, алғыс ал» деп бекер айтылған ба, Саматтың жас қыз бен бейкүнә періштенің наласына қалғаны рас еді. Мүмкін содан да шығар, соңғы кездері төменгі жағының әлсіздігі сезіле бастады. Қыздарға барғанда ұятқа қалып жүрді. Қанша әркеттенсе де түк шықпады. Кейін дәрігерге барып қаралғанда, ол да мұның белсіз екендігін, емделсе, жазылуы мүмкін екенін, бірақ, кепілдік жоғын айтқан. Еркек үшін ең ауыр жаза осы емес пе? Самат өзін-өзі тастап жіберді. Ішімдікке дос болды, қайғысын есірткі шегіп ұмытқысы келді. Достарынан да алыстай берді. Ешкімге ашылмай, тұйықталып бара жатты. Өзінің Ақмарал мен кішкентай Нұрбектің наласына қалғанын, ауыр қарғысын арқалағанын сезді, сезді де өкінді. Сөйтті де өмірден түңілді. Ақырында мас кезінде көлігін қала сыртына қарай бар жылдамдықпен айдап, өзін-өзі апатқа ұшыратқан еді. Иә, ол рөлге ие бола алмай қалған жоқ, өз-өзіне қол жұмсады. Өмір бойы белсіз болып, масқара болып жүргенше, ертерек өлуді ойлаған. Дегеніне жетті де… Жастықпен, еркелікпен көп қателік жіберген оны Құдай кешірсін дейміз де…

Міне, бір отбасының басындағы тағдыр осындай. Бұл да сабақ болатын жағдай. Кімнің қандай сабақ алары, әрине, өз еркітерінде. Бір түсінуге қажетті нәрсе, әрбір қателігіміз ұмыт қалмайды екен, алдымыздан шығып, опындырады екен. Сондықтан, әрбір ісімізге жауап беретіндей болайық. Бала тәрбиесіне де көп көңіл бөлейік.

К. ШЫҢҒЫСБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған