АНА МЕЙІРІМІ

Күйеуі Ермек пен бірге үйге азық-түлік алып келу үшін, қала орталығында орналасқан үлкен базарға барған Аружан әлдекімнің:

— Ару қыз, Ару қыз! — деген даусына елең ете қалды.

Дауыс шыққан жаққа басын бұрып еді, бір әйел көзіне ыстық көрінді. Басына ақ орамал тартып алған, үстіне ауыл әйелдері киіп жүретін түймелі халат киген, ақшыл реңі қара қоңыр тартқан көрші тұратын жеңгесі Ақмаралды таныды.

— Ой, жеңеше, қалайсыз? Жағдайларыңыз қалай? Ағамдар, ауылдағылар қалай? — деп ауылдас жеңгесін көргеніне риза болған Аружан да жалпылдап амандасуда.

Өзі де ауылды сағыныпты. Көзіне кішкене жас тамшылары да үйіріліп қалды. Онысын жеңгесіне байқатпай қолымен сүрте берді.

— Бәрі жақсы айналайын. ӨЗІҢ қалайсың? Балаларыңның жағдайы жақсы ма? Күйеу бала, амансыңдар ма? — деп Ермекпен де амандасып жатыр.

Біраз тұрып шұрқырасып қалғаннан кейін келіншегінің жеңгесімен әңгімелескісі келіп тұрғанын сезген Ермек:

— Жеңгей, үйге жүріңіз? Дәм татып қайтасыз, — деді.

— Ой, күйеу бала, көңіліңе рахмет. Қазір ауылға үш сағаттан соң қайтамын. Базар да аралауым керек, — деп жатыр ауыл әйелдеріне тән аңқылдақтықпен.

— Онда мына қайын сіңліңізбен біраз отырып әңгімелесіңіздер, жүріңіз мына жердегі асханаға барайық, — деп Ермек қолқалап қоймады.

Күйеуінің өзін айтпай түсінгеніне риза болған Гүлшат та көңілденіп, іздерінен ере берді. Екеуін базар сыртындағы тәуірлеу деген асханаға отырғызып, алдарына тамақ, шайды алдырып берген Ермек:

— Сіздер әңгімелесе беріңіздер, мен үйге алатын біраз темір-терсегімді алайын. Сосын келемін. Оның үстіне әйелдердің әңгімесіне араласпай-ақ қояйын, — деп күлген Ермек келіншегін жеңгесінің жанына жалғыз қалдырып, өзі шығып кетті.

— Ал, жеңеше, не жаңалық ауыл жақта?

— Ой, Ару қыз-ау, не жаңалық болады. Барлығы тыныш қой.

— Біздің Нұрлан тәтелер қалай? Жеңешемнің жағдайы жақсы ма? — деп Аружан төркіні жайлы сұрады.

— Иә, барлығы жақсы. Ару қыз осы сенің мамаңнан хабар бар ма? Сол қашқын болғанынан қайтып келмеді ме? — деп сұрады.

Жаңа ғана нұр шашып, күлімдеп тұрған Аружанның түрі бұзылып кетті. Сәл үнсіздіктен соң:

— Менің барым да, нарым да, жалғыз анам, жалғыз әкем де болған Назира апам ғой. Басқа ананың маған керегі не? Маңдайымнан сипап, ешкімнің қолына жаутаңдатпай өсірді. Тұрмысқа берді, үй-жай қылды. Маған сол Назира апамнан өзге кім ана бола алады дейсіз? Менің әкем де, шешем де сол кісі болып қалды ғой. Ал, Гүлшат жайлы ойлағым да келмейді. Ол мені туғаны болмаса, басқа ештеңе де істемеді. Мен оны ана ретінде қабылдай алмаймын, — деп көзіне келген жасты кері ысыра берді.

— Қой, Ару қыз, ит те болса туған шешең ғой, олай деп айтпа. Сол сенің мамаңның бір сыбысы естіліп жатыр екен ауылда. Тіпті, біреулер көрген де екен, ғой, — деді.

Төбесінен біреу мұздай суды құйып жібергендей болған Аружанның денесі тітіркеніп кетті.

— Оны кім айтты сізге? Ол өзі тірі ме екен? Кімнен естідіңіз ондай сөзді? — деді Аружан таң қалып.

Ит те болса анасы емес пе, ойланып, жүрек түкпіріндегі белгісіз бір сезімі дірілдегендей болды. Оның үстіне есіне Назира апасының өлім аузында жатқанда айтқан сөзі де түсіп кетті. Ойлы көзбен алдында ыстық сорпаны сораптап ішіп, бір жағынан әңгімені де айтып отырған жеңгесіне қарады.

— Біздің ана моланың маңында үлкен тоғай бар емес пе? Білетін бе едің сол тоғайды? Кірген адам адасып кетеді ғой. Бұрындары ағашы қалың, ну орман еді. Қазір тіптен бұрынғы қарт кісілер бармаса ол тоғайға анау-мынау адамдар бара алмайтын болып қалған. Соның арасында жеті жылдан бері сенің мамаң Гүлшат жасырынып жүреді екен. Түрінен адам шошитындай болып кеткен екен. Қатты әбіржіп, тура жабайы адамға айналып кеткен бір әйелді ауыл адамдары үш-төрт рет көріпті. Әсіресе, ол түн ішінде молаға көп келетін көрінеді. Ауылдың барлығы: «Ойбай, біздің тоғайда жабайы әйел бар екен. Ол молаларды тонайды екен», деп шуласып жүрген болатын. Өткенде, бейіт шырақшысы ше, бейіттің қарауылы баяғы Орманбек шал, сол да көріпті жабайы әйелді. Сол айтыпты: «Ол әйел, Назираның баяғы қашқын қызы» деп. Білмеймін рас, өтірігін. Бірақ, жұрт сөйтіп шуылдасып жатыр, — деді аузы-аузына жұқпай сөйлеген жеңгесі самбырлап.

— Ол әлі де бар ма екен? Орманбек ата шынымен көрген болса таниды ғой. Мүмкін менің шешем болса болар. Мен не істейін ол болса? Бәрібір тірі өлікке айналған жан ғой ол. Мүмкін ол емес шығар. Бұдан жеті жыл алдын қашқын атанған еді. Ел көзіне көрінбей жеті жыл бойы жүре алмайды ғой адам деген. Мүмкін басқа біреу шығар. Кім болса да, маған бәрібір, жеңеше. Мейлі менің анам болса анам шығар. Бірақ ол мені тек қана туған, ал бағып-қаққан анам Назира апам. Сондықтан, оны анам деп қабылдай алмаймын, — деді.

— Қайдам, Ару қыз, не болса да бір Алла біледі. Мүмкін ол сенің анаң емес шығар. Бірақ, Орманбек ақсақалдың адасуы мүмкін емес қой. Ол кісі сендердің туыстарың болып келеді, танитын шығар. Бірақ, шынымен өзіңнің анаң болса, іздеп тауып, адам қатарына, ел қатарына қосқаның жақсы ғой, Ару қыз. Жаман да болса, ол сені мына өмірге алып келген. Әлі де ойланып көр, егер уақытың бар болса, ауылға барып, сол тоғайды іздестіріп те көріңдер. Ауылдағылардан көмек сұрасаң қол ұшын береді ғой. Анаң табылса ең құрығанда перзенттік парызыңнан құтыласың ғой, ойлан шырағым, — деді жеңгесі тебіреніп.

— Сіз тіпті сол әйелдің шынымен менің анам екеніне күмәнданбай сөйлеп отырсыз ғой. Олай болуы мүмкін де емес шығар. Қайда жүргенін бір Алла білсін? Әлде сіз де ол жабайы әйелді көрдіңіз бе? — деді.

— Жоқ, мен оны көргенім жоқ. Бірақ, Назира апа осы құпияны өлігімен бірге көрге ала кетті ме деп ойлаймын. Ол кісі Гүлшаттың сол тоғай арасында жүргенін, қашып келіп сонда тығылғанын білген-ау осы, — деді.

Мына сөзді естігенде Аружан тіпті дірілдеп кетті.

— Неге олай деп айтып жатырсыз?

— Есіңде ме сенің, жоқ па, әйтеуір баяғы да Назира апа, шөпшек теру үшін тоғайға көп баратын еді ғой. Сонау алыстағы тоғайда не бар екен деп талайлар ол жаққа бармауын сұрағанда қоймай барушы еді. Тіпті, кейде ана үйдегі жалғыз сиырын да жетелеп алатын. Менің есімде. Дәл сол уақыттарда Гүлшаттың да қашып кеткен кезі еді адаспасам. Елден жасырып ұстаған шығар, өз перзентін кім жамандыққа қисын? Сот іздеу салған еді ғой Гүлшат байғұсқа.(Мүмкін солар алып кетер деп қорыққаннан ешкімге тіс жарып айтпай кеткен шығар, — деді жеңгесі.

Мына сөзді естіген Аружанның да есіне Назира апасының тоғайға баратыны, өзі қанша барғысы келсе де, тастап кететіні түсті. Сол кезде ол кісінің қолында бір түйіншек болатын. Оның ішіндегісінің нан екені анық білініп тұратын еді. Сол есіне түскен Аружан жылап жіберді. Оның үстіне Назира апа жан тапсырып бара жатып, анасының осы маңда тірі екенін де айтқан болатын.

— Неге жылайсың, Ару қыз? Жылама, қарағым. Маған ренжімеші. Мен жай өзімнің бар білгенімді айтып жатқаным ғой. Мүмкін олай емес шығар, — деді.

— Апам есіме түсіп кеткені ғой, жеңеше. Сізге несіне ренжимін, — деді.

Осы кезде жеңгесі асхананың қабырғасында ілулі тұрған сағатқа қарап:

— Ойбуй-й, мен кетейін, ауылға өзі күніне бір ғана рет автобус жүреді. Одан қалып кетсем, қайда барам? Қой мен тұрайын. Рахмет айналайын, мен сыйлағандарыңа, — деп орнынан тұра берді.

— Ештеңе етпейді, жеңеше. Қалаға жолыңыз түссе үйге келіңіз. Менің төркіндеріме сәлем айтыңыз, — деді Аружан да.

— Өзің де ауыл жаққа өтсеңші. Назира апам кеткелі тіптен аз барасың ғой ауылға. Егер анаңның шыныменен де сыбысы шығып, сол екені белгілі болса мен саған хабарласам. Өзің де барарсың. Сенің анаң болса, барып көргенің жақсы. Ойлан шырағым. Күйеубалаға сәлем айтарсың, — деп Аружанның ауылдас жеңгесі маңдайынан сүйіп, екеуі қоштаса берді…

Дегенмен, Аружанның ойынан әлгі кісінің айтқан сөздері кетпей қойды. «Мүмкін тоғайда жүрген әйел шыныменен менің мамам шығар. Мамам болса сонда қалай болғаны? Апам білсе де, айтпағаны ма? » деген сөздер миында жаңғырғандай тыныштық берер емес… Көз алдына өзінің анасының өмірі, арсыз анасының, анасымен бірге көрген өзінің өмірі, сол қасиетті де, қасиетсіз жанның көрсеткен қасіреті елестей берді. Қасіретті болуы Аружан оның Назира апасына қандай қасірет сыйлағанын біледі. Қасиетті болуы жаман да болса ол өзінің туған анасы. Аружанның тамырында қашқын болған анасы Гүлшаттың да қаны бар. Сол үшін де қасиетті…

Есіне еріксіз өткен өмірі, анасының әкесінен қалай ажырасқаны, не үшін бүгінде қашқын болғаны түсе берді…

Жанындағы әлдилердің кереуетінде ұйықтап жатқан қызы Аружанның бетіне қарап ұзақ уақыт отырған Гүлшат, бір кезде еңкілдеп жылап жіберді. ӨЗІН-ӨЗІ тоқтата алмаған келіншектің жанарынан домалаған моншақ тамшылар бір толастар емес. Тамағына тығылған ащы өксік қанша жыласа да сыртқа шықпай қинауда. Дәл жүрегінің тұсында ащы кек пе, ыза ма бірдеңе бар. Оны өзі де түсінбейді. Тек бір ғана сезіп жатқаны, Гүлшат өзін-өзі жек көріп жатыр. ӨЗІН әлемдегі ең опасыз жанға теңеуде. Сол опасыздығынан жанында, құшағында жататын күйеуі де, түнде келіп өзінің қасына емес, келесі бөлмеге бөлек жатып қалған. Енді не болса да, таңертең таң атқан соң болатыны сөзсіз. Гүлшаттың көз алдына түнде болып өткен оқиға елестей берді…

Өзінің сұйық жүрісін, күйеуге тиіп бір қызды болса да қоя алмай жүрген Гүлшат екі күнге жұмыстарымен кеткен күйеуінің жоқтығын пайдаланып, үйге өзі үшін өліп-өшіп жүрген күйеуі Сапардың әйелінен ажырасқан жолдас баласы Зауырбекті шақырған болатын. Бірінші күні түннің бір уағында келіп, екеуі таңға дейін махаббаттың маздаған отына батқан болатын. Ал, екінші күні келмеуін тапсырса да, Зауырбек тағы да кеш батқанда келіп тұр. Оның келгенін көрген Гүлшат:

— Кеше келмей-ақ қой, деген жоқпын ба? Неге келдің? Аружан әлі ояу. Ол ұйықтамай мен сені үйге кіргізе алмаймын, — деді.

— Қойшы, жаным, «кет» деп айтпашы, Гүлшат. Мені тірідей өлтіргің келмесе олай деме. Мен сенсіз өліп қаламын, — деп жұтынып тұрған аш қасқырдай болған Зауырбек мойнынан иіскеп, сүйіп өліп барады.

Өзі де осы күйеуінің жан жолдасы Зауырбектің құшағын аңсап-ақ тұр. Сондықтан болар ол да, жанында тұрған еркектің ерніне сүліктей жабыса кетті. Екеуі осылай біраз сүйісіп тұрды да, бір кезде барып Гүлшат оған:

— Онда, ана бәле қыз ұйықтағанша қора жақтағы шөптің үстінде жата тұр. Ұйықтап қалған соң, мен сені өзім үйге кіргізіп аламын. Ол бестен асып кеткен қыз ғой. Өзінің бар көрген-білгенін ертең Сапар келсе айтып отырады. Ол ұйықтамайынша болмайды, — деп ішке қайта кіріп кетті.

Өзінің осы ерлігіне риза болған Зауырбек жан жолдасының әйеліне келіп тұрғанын, өзінің бала кезден бергі досының ақ төсегін арамдауға келгенін білсе де, ойланатын емес. Зауырбек үшін де, Гүлшат үшін де дәл қазір Сапар ешкім емес, одан көрі қу құлқындары артық болуда. Екеуі де сол құлқындарын тыя алмай келеді. Бұл жасырын да, арам сезімнің екеуінің арасында пайда болғанына да үш жылдан асып барады. Содан бері Сапарға дымдарын білдірмей екеуі талай рет тар төсекте бас қосқан болатын.

Гүлшат айтқан шөптің үстіне барып Зауырбек шалқасынан түсіп, аспандағы көктемнің жайдары түнінде жадырап тұрған жұлдыздарға қарап біраз жатты. Бар ойы қазір үйге кіріп Гүлшаттың құшағына еніп кету ғана. Соны ойлап жатқанда үстіне әдемі ғана, өзіне жарасып тұрған жібек халатын киіп Гүлшат шықты далаға. Ол ілби басып шөп жанына келді. Оны сырттан қапсыра құшақтап алған Зауырбек өліп барады.

— Қойшы, Зауырбек, үйге кірейікші. Мына шөп денемді тітіркендіруде, — деді Гүлшат еркелей, қылымси тіл қатып.

Сонымен екеуі құшақтасып, бір-бірін аймалаған күйлерінде үйге кіріп кетті. Төсектен өзгені ойламаған олар есікті де кілттеуді ұмытып кеткен еді. Сапар Гүлшатын құшақтап жататын аппақ ақ төсекпен қапталған жұмсақ диванға келді де, екі арамза құлай кетті. Оларға осыдан өзге дәл қазір ештеңе де керек болмай жатыр еді…

Екі күнге кеткенімен, бір күнде тірлігін бітірген Сапар кеш болса да, өзінің көлігімен қайтадан ауылға қайтты. Кетпейін десе Гүлшаттың үйде қызымен жалғыз қалғанын ойлап тыным таппайтынын біліп жолға шыққан еді. Үйіне түннің жарымында, сағат үштер шамасында келді. Көлігін ішке кіргізейін десе гараждың есігі кілттеулі екен. «Алдымен кіріп Гүлшатпен амандасып, содан соң қайта шығып көлікті кіргізермін», деп ойлаған Сапар үйге кірді. Есіктің кілттенбегенін көріп таңданса да ішке кіре берді. Жатын бөлмеге ойланбастан кіріп барған ол, өз әйелінің ұрлығының үстінен шығармын деп еш ойламаған еді. Өйткені, Гүлшатқа Сапар құдайдай сенетін. Бөлмеге кіріп келгенде терезеден түскен ай сәулесінен әлдебіреумен өліп-өшіп жатқан әйелін жазбай таныды. Не істерін білмей тапырақтап қалған Сапар әлден уақытта барып жарықты жақты. Өзінің ақ төсегінде жан жолдасы Зауырбектің әйелін жәукемдеп жатқанын көріп қаны басына шапқан Сапар не істерін білмейді. Не айқайларын, не екеуін барып ұрарын білмей тұрып қалды. Тек Зауырбек қана:

— Сапар, мен емес, Сапар, мына төсекке тоймайтын әйелің қоймай мені шақырған, — деген ол үзіп-үзіп осы сөздерді әрең айтуда.

Оның бетіне түкіріп жіберген Сапар:

— Рахмет Зауырбек, дос болғаныңа да, менің жанымда жалған да болса жылдар бойы жүргеніңе де, барлығына рахмет! Басқа адам таппай қалдың ба? Осыншама әйелдің арасынан менің, жан досыңның әйеліне қарап қалдың ба? Шын керек болса, жезөкшелер жетпей жатыр ма еді саған, Зауырбек? Бұл не қылғаның деп дәл қазір сұрауға аузым бармай тұр. Бұл мен үшін сенің өлгенің! Мен үшін жан дегенде жалғыз досымның өлгені, бұл! Бар жаныңның барында, есіктен шығып кет! Екінші мені көрсең танымайсың, мен сені танымаймын. Менің мына босағамды аттаушы болма! — деп айқай салды.

Көзі алақ-жұлақ еткен Зауырбек болса, бар күнәні Гүлшатқа жауып, артық ауыз сөз айтпастан үйден шығып кетті. Ал, Гүлшат болса мелшиіп бір бұрышта отыр. Оның бетіне де қарамаған Сапар, айдалаға ойлы көзін қадап тұрып:

— Гүлшат, біз екеуміз ертең сөйлесеміз. Қазір бірдеңе деп, бетіңе қарайтын болсам өлтіріп тастауым мүмкін сені! — дегенді зілді дауыспен айтты да, үлкен бөлмеге кіріп, киімін де шешпестен жатып қалған болатын…

Сапардың алдында енді қанша ақталса да ақ бола алмайтынын білген Гүлшат та амалсыз сол төсекке жатып қалды. Жатып қалған аты болғанымен, түнімен ұйықтай алмауда. Көзі бір ілінетін емес. Қайта-қайта болашағы, ендігі алдағы өмірінің не боларын ойлап мазасыздануда еді. Сапардың мұны тоқпақтап ұрып, төбелеп тастамағанын Гүлшат түсіне алатын емес.

Әйтеуір, болған оқиғаны қайта-қайта есіне түсіріп, жүрегі езіліп, өзін иттің етінен де жек көріп жатыр.

Не істерін білмей өзін-өзі жазғырып, жылап жатқан Гүлшаттың селқос ойын ыңыранып жылаған қызы Аружанның үні бөліп жіберді. Еріксіз орнынан тұрып қызының кереуетіне барып, оны қайта тыныштандырғандай болды. Сөйтті де, кереуеттің қырына басын тақап тағы да жылады. Не болса да, енді Сапар таңертең айтады…

Енді Гүлшат қанша жыласа да, өзінің қателігін жөндей алмайтын еді. Өйткені ол, өзінің ақ төсегін өзі арамдады. Өзін сүйген, өзін құрметтеген, күйеуінің жүрегін жаралады. Мейлі ғой, басқа біреумен бірге көргенінде де Сапарға мұншалықты ауыр тимес еді. Гүлшаттың таңдаған адамы Зауырбек емес, бөтен біреу болғанда да барлығын жөндеуге болатын ба еді бәлкім. Сапар үшін өзінің жан дегенде жалғыз досы Зауырбектің әйелін құшып жатқанын көру оңай тимей жатқаны анық…

Сапардың соңғы үкімі де шығарылатын, Гүлшат пен Сапардың бір жолға түскен тағдырын шешетін таң да әйтеуір атты-ау…

Түнімен қиналып, езіліп жатқан Сапар таңертең орнынан тұрды да, Гүлшат жатқан бөлмеге келді. Бұл кезде Аружан да оянып анасының жанында отыр екен. Ал, Гүлшат болса жылай-жылай көзі ісіп кетіпті, сол ісік көзін табалдырыққа қадап жатыр. Әкесін көрген кішкентай ерке қыз қуанып кетіп:

— Папа-ау, — деп мойнына асылып, еркелеуде.

— Кел қызым, жаным менің, періштем екен ғой өзі, — деп еркелеткен Сапар оны қайта жерге қойып: — Гүлшат, киін, мен сені алып барып тастайын, — деді.

— Қайда?

— Қайда болушы еді? Біз ажырасамыз. Мен сені үйіңе алып барып тастаймын, — деді.

— Неге? Сапар, әлі де ойланшы. Кім адаспайды мына өмірде, бір адасқан қадамымды кешіре… — деп сөйлеп келе жатыр еді, Сапар анадайда тұрған жүкті бір теуіп құлатып:

— Сөйлеме! Жап аузыңды! Бір қателескен жоқсың. Сен өте көп қателескенсің! Соның барлығын іштей сезсем де, мен сені жан жүрегіммен ақтап алушы едім. Бірақ, сен мен ойлағандай ақ емес, қара ниетті, жан— дүниең арам жан екенсің. Сөйлеме! Бол тез, мына менің үйімнен құртайын сені. Маған сен секілді арам адам керек емес! Арам қатынның маған қажеті жоқ! Енді ажыраспағанда не қалды бізге? Әлде әр еркекпен бір жатқызып қойып та, жаныңда жүре береді деп ойлап тұрсың ба? Олай ойласаң қателесесің!

— Аружанды не істейміз, Сапар? Ең болмаса сол қыз үшін кешірші мені! Енді ондайға барсам өлтіріп салсаң да ризамын! — деген Гүлшат жылады.

— Біз бәрібір ажырасамыз. Аружан қазір сенімен бірге болады, бірақ кейін, менімен бірге қалады. Ес білгенде мен оған болған оқиғаны айтып, түсіндіріп, оны өзіммен бірге алып кетемін, — деді.

Әке-шешесінің айқай-шуына қарап кішкентай ғана, сәби де, балапан жүректі қыз жылап тұрған еді. Оны жетелеген Гүлшат киінбестен көшеге шықты. Екеуін де Сапар көлікке салып алды. Рөлде отырған Сапар қайынжұрты тұратын ауылға жеткенше қатты айдап келді. Егер қарсы алдарынан байқаусызда бір көлік шығып қалса үшеуі де ұшып өлетін еді. Бірақ, ол апатқа жетпей жатып, Гүлшаттың төркінінің ауылына кірді.

Бұлардың таңертеңмен келгендерінен іштей секем алса да, Назира апа оларды көріп, қатты қуанып кетті.

— Келіңдер айналайындар, келіп қалдыңдар ма? — деп құшақ жая күйеу баласының маңдайынан сүйіп амандасты.

Оның түюлі қабағын байқаған Назира апа:

— Тыныштық па, қарақтарым? — деді.

— Апа, тыныштық емес. Менің ақ шаңырағым қара шаңыраққа айналды. Ақ төсегім, арам төсекке айналды, несін сұрайсыз? — деді Сапар дауысы діңкілдеп.

Түк ұқпай қалған Назира апа:

— Жарығым-ау, о не дегенің тағы?

— Апа, ұзақ айтып беруге уақытым жоқ. Жұмысыма қайта баруым керек. Тезірек үйге кіріңіз сөйлесейік, — деді.

Назира апаның шалы бұдан жарты жыл алдын қайтыс болған еді. Гүлшаттың анасы қазір жалғыз ұлы мен келінінің қолында тұрады.

— Не болды өзі? — деп аңтарылған Назира апа етегіне сүріне үйге кірді.

— Не болғанда сол, Назира апа, сіз өте жақсы адамсыз. Сіз өте ақылды да, парасатты ана болғансыз. Бірақ, сіздегі сол ақылдылық пен парасаттылықты ала алмаған қызыңызға не айтайын? Осындай боларын бұрынырақ білсем ғой, мына қара көз періштенің наласына қалмай жатып, ажырасатын едім. Әттең, кеш біліп қалдым. Мейлі енді, қайтем тағдырыма осы шығар жазылғаны. Амал жоқ, ажырасамын қызыңызбен! — деп сөзінің соңын нықтап айтқанда, Назира апа шалқасынан түсе жаздады.

— Не айтып тұрсың, балам-ау?! Бұл не дегенің тағы? Не айтып тұрғаныңды білесің бе? Ажырасамын дегенің қалай? Не болды өзі? Былай түсіндіріп айтып беріңдерші, — деген Назира апаның көзіне жас айналып кетті.

— Гүлшат менің ақ төсегімді арамдады, апа. Мен тірі, болсам да, көзіме шөп салды. Өз көзіммен көрмесем сенбес едім. Біреу айтса «Менің Гүлшатым ондай емес!» деп бет бақтырмай тұрып алатын едім. Қайтем енді мына соқыр болғыр көздеріммен көрдім ғой, барлығын. Өз көзіммен көрдім ғой. Не істейін мен? Ештеңе де істей алмаймын ғой. Тек ажырасамын. Ажыраспасам болмайды. Мен мұндай әйелмен бір төсекте жата алмаймын. Ол менің жан досым Зауырбекпен көңіл жарастырған екен. Кеше түнде жұмыстан қайтып келгенімде, мен оларды өзімнің ақ төсегімде жатқан жерлерінде ұстап алдым. Басқа біреу болса да ұмытуға болатын ба еді, менің жан жолдасым, менің бала кезден бірге өскен досыммен бірге, бір төсекте жан алысып, жан беріскендерін көре тұрып шыдай алмадым. Мына Аружанның өмірі ғана мені қатты ойлантады. Гүлшат бұған да дұрыс тәрбие бермейтін шығар. Сәл есін білер жасқа келгенде қызымды өзім аламын. Оның тәрбиесіне де, барына да, жоғына да жалғыз өзім күйіп-пісемін. Оны тірі жетім етіп тастап кетпеймін, өзгеге телміртпеймін. Әлі сәби ғой, анасының бауырында бола тұрсын. Болды осымен, мен Гүлшатты танымаймын. Қызым үшін, соны көру үшін келіп тұрамын ғой, апа. Сіздің жағдайыңызды да біліп тұрамын. Жаманды-жақсылы сізге перзент болдым ғой, — дегенді айтқан Сапардың көзіне жас үйіріліп кетті.

Оның сөзінің барлығын үнсіз тыңдаған Назира апа қалшиып, қаққан қазықтай отырған жерінде қатып қалған еді. Тек оның тірі жан екенін көздерінен домалап жатқан жастар ғана аңғартып тұрған болатын.

— Қайтем енді, өзінің нәпсісін тия алмаған болса. Бір шіріген жұмыртқа болды ғой бұл қыз. Қайтем енді, кешір мені, балам. Осындай арсыз да, ақымақ, ит қыз туып, өсіріп саған бергенім үшін, кешір мені! Бара ғой, жолың болсын! Мұндай жайдан кейін «қайтып алн, деп қызымды саған бере алмаймын. Өзінің көкірегіне, ойына, санасына бермеген ақылды мен қайтем енді? Бара ғой, жолың ашық. Ұрмай-соқпай аманат етіп алып келгеніңе рахмет, қарағым. Қайда жүрсең де сен үшін есік ашық, келіп-кетіп тұр. Ең болмаса ана қызыңның жүрегі жарты көңіл болмасын. Келіп тұр балама. Қайтем енді, құдай қартайғанда тағы бір арсыз сынақ берген екен, шыдаймын да. Қалсын мына жүзіқара қыз осы Үйде, бара ғой жолың болсын, — деп ары қарай сөйлей алмай тамағына тығылған ащы өксікке шашалып қала берді.

Әлденені сезген Аружан болса, әкесінің тізесінен құшақтап алып:

— Папа, папа-ау, қайда кетіп бара жатырсыз? Бізді тастап бара жатырсыз ба? — деп еңірей берді.

Оның жылаған дауысына жүрегі шымырлаған Сапар:

— Қызым, кетесің бе менімен? Барасың ба? Жүр кеттік! — деп оны көтеріп алды.

— Мамам ше? Мамам да барсыншы, папа-ау! Мама да барсын. Екеуіңмен бірге кетемін! — дей береді.

Иә, оның балапан жүрегі әке-шешесінің ажырасып, қайта табыспайтынын сезетін секілді. Шырылдап тоқтамай жылап жатыр.

— Мен мамаңды алып кете алмаймын қызым. Ол енді осы Үйде қалады. Сен қаласың ба осында, менімен кетесің бе? — деп сөйлеп қызын көтеріп алған Сапар есіктен сыртқа қарай қадам баса берді.

Гүлшат та болса бет жоқ. Басын төмен салып, көзінен жасы сорғалаған күйі жылап отыр. Оның мына ұсқынсыз да, арам түріне қараған Назира апа:

— Енді неге зарланып жылап отырсың? Неге жылайсың, қаншық? Жылама! Жылама жүзіқара, албасты! Бәлесің сен, мына менің тас маңдайыма сор боласың сен әлі талай рет! — деп Сапардың ізінен белін ұстап сыртқа шықты.

Өзінің құшағында Үйге қолын созып «мамалап» жылаған бес жасар Аружанын ары қарай бүйтіп зар жылатып көтеріп кете алмаған Сапар оны жерге түсірді де, маңдайынан сүйіп аялап тұрып қалды.

Сәлден соң өзі көлігіне қарай жүрді. Ортада үйге бір жаутаңдап, кетіп бара жатқан әкесіне бір жаутаңдап қалған Аружан біресе:

— Папа, кетпеші, папа-ау! — деп еңіресе.

Біресе үй жаққа назарын салып:

— Мама, жүрші папаммен кетейікші! — деп ышқына ашулана қақ ортада тұрып, шыңғырып жылай берді.

Иә, Сапар да өз бетімен әйелінің опасыздығын кешіре алмай қырсығып кетті. Үйде Гүлшат та күйеуінің бетіне қарауға жүзі күйіп қалып кетті. Екі ортада тек қана осы сәби жүрек қыздың ғана тағдыры ойрандалып қалды. Иә, не әкесіне еріп кете алмай, не анасының жанында қала алмай қақ ортада дүбәрә болған Аружан шыңғырып жылай беріп еді. Оның ышқына шыққан үні ауылды таңертеңмен төбесіне көтеруде болатын…

Оны бауырына басқан Назира апа:

— Қой, жаным, жылама, балапаным, — деп еркелете берді.

Осының барлығын естіген Назира апаның келіні болса, жылаған, жүрегі қан жылаған енесіне басу айта алмай, не шыңғырған сәби қыздың көңілін жұбата алмай кіріп-шығып ыңғайсызданып жүр. Оның алдында жерге кіріп кетердей болған Назира апа үйге кіріп қызы Гүлшатқа:

— Жетпегені осы еді, қызым. Қатын болып, қыз туып, ана атансаң да, албасты мінезің қалмапты сенің. Мен баяғыда осы ұшқалақтығыңнан, осы өзіңді тия алмайтындығыңнан қорыққаннан ертерек байға тиіп кеткеніңді қалайтын едім. Әйтеуір, менің арманым орындалып, маңдайыңа тағдыр Сапардай бақытты жазып берген еді. Ол сенің бағың, бақытың еді! Ол саған біткен бармақтай бағың болатын адам еді. Соны бағалай алмаған өзіңнің сор маңдайыңнан көр. Не дейсің маған? Қуып жіберейін десем елден ұятты.

Ішіне сыйған қызын, сыртына сыйғызбапты деп өсек қылады. Кіргізіп алайын десем, ана даладан келген біреудің қызының алдында өліп барам ұяттан өртеніп. Өзімнің де сені жақтырып тұрғаным шамалы. Бірақ, амал не құдайшылығым үшін осында қаласың. Бірақ менің көзімнің құрты, жүрегімнің жұты болмай шалға болса да тиіп құры көзіме көрінбей. Енді сен Сапарға бәрібір керек емессің. Ол енді келсе қызы үшін келер, сен үшін енді өлсе де мына табалдырықты аттамайды. Ол енді өзге біреуге үйленеді, өзінің өмірі болады. Маңдайыңа сорды өзің сатып алып отырсың! Бірақ, менің мына үйімде арамдығыңды істемейтін бол. Елден бірдеңе еститін болсам, сенің сұйық жүрісің жайлы, өзім бауыздап өлтіремін сені! — деді күйініп.

Анасының сөзін сөз демеген Гүлшаттың бұл кезде өзегін қызғаныш оты өртеп бара жатыр еді. Иә, Сапардың енді өзінің өмірі болатынын анасы айтқанда, ол сол Сапардың өзін өз өмірінен қызғанып, іші удай ашуда болатын…

Үйде отырғанына екі аптадан енді асты. Осы екі апта Гүлшат үшін екі ғасырдай болды-ау. Біресе келінімен, біресе інісімен, ең құрығанда анасымен сөзге келіп бажылдасып ұрысып қалады. Тіпті болмаса ашуға берілген сәттерінде қызы Аружанды сабап тастайды. Міне бүгін де Сапардың енді өзін құшағына алмайтынын, өзінің ол үшін ешкім емес екенін ойлап тағы да қабағын түйіп отырған еді. Бір кезде далада ойнап жүрген Аружанның:

— Папа! Папа-ау! — деген қуанышқа толы дауысы естілді.

Сапардың келгенін білген Гүлшат далаға атып шықты. Қызын көтеріп алып, өбектеп, сүйіп, маңдайынан иіскеп, еркелетіп жатқан Сапар Гүлшатты көрсе де көрмегендей болып, назар да салған жоқ. Оның есесіне Гүлшаттың анасы Назира апаның қолын алып амандасып, әңгімелесті. Аружанға алып келген сыйлықтарын беріп, сырттағы сәкіде біраз отырды. Әлден уақытта Назира апаға Сапар:

— Апа, мен Аружанды бір-екі күнге алып кетейінші үйге. Білмеймін ана үлкен үйде ішім құса болып өліп кете жаздаймын. Осының ерке күлкісі жетпейді де тұрады. Менімен бірер күнге жіберіңізші, — деді.

— Иә, балам, өзіңнің қызың ғой, алып кете ғой. Бірақ, Гүлшаттан бір ауыз сұра, — деді.

Бұл кезде Гүлшат үйге кіріп кеткен болатын. Төргі бөлмеге кіріп алып, ызадан іші жарыла жаздап отырған. Сапар кіргенде, бұл теріс қарап отырып алды.

— Мен Аружанды алып кетемін. Сенен сұрамас та едім, Назира апаның сөзі үшін сөйлеп тұрмын, — деді зілдене тіл қатып.

— Бермеймін Аружанды! Ол менің қызым! Бармайды, жібермеймін сенімен. Керек пе, сағынасың ба, келіп көріп тұр! — деді.

— Жоқ, Гүлшат, алып кетемін қызымды. Сенің рұқсатың маған керек те емес! — деп сыртқа шығып кетті.

Өзі соншалықты үлкен күнә жасап, күйеуінің көзіне шөп салса да, өзін адам құрлы көрмеген Сапарға ашуы келген Гүлшат сыртқа екпінмен атып шықты. Өзі оны сыйламаса да, Сапардың өзін сыйлағанын қалайды. Бірақ, Сапар оны енді ешқашан да сыйламайды. Сыйлай да алмайды.

Назира апаның жанында қуаныштан бал-бұл жайнап тұрған Аружанның жанына Сапардан алдын жетіп келген Гүлшат оны жұлқи көтеріп алды да ішке қайта кіріп кетті. Түк ұқпай қалған Аружан:

— Мама-а, папама барам! Жіберіңізші! Папа-ау, айтшы, папа-а! — деп шыңғырып жіберді.

— Гүлшат, тоқта! — деп айқайлап жіберген анасының сөзін де тыңдамаған Гүлшат үйге кіріп, өз бөлмесінің есігін кілттеп алды.

— Аш есікті, Гүлшат! Мен бүгін бәрібір Аружанды өзіммен бірге алып кетпей үйіме қайтпаймын. Ол менің де қызым екенін ұмытпа! — деп Сапар әлденелерді түсіндірмек болып жатыр.

Оның бұл сөздеріне мән де бермеген Гүлшат іштен:

— Армандама, бермеймін қызды! — деді.

— Қойсаңшы қырсыға бермей. Не керек саған? Не керек, Гүлшат? — деп Сапар шыңғыруда.

— Осы қыз ғой бізді байланыстырып тұрған, иә? Осы ма? — деп жынданып кеткен Гүлшат өзінің туған қызын сабай берді.

— Мама-ау! Мама-ау! Үрмашы! — деп зар еңігерен Аружанның жан даусы шығуда.

Оның жылаған үнін естіп мына жақта Назира апа мен Сапардың тынышы кетіп, не істерлерін білмеуде. Қатты ашуланып, Сапардың енді өзіне ешқашан жар болмайтынын ойлап, іші өртеніп бара жатқан Гүлшат:

— Өртеймін атаңа нәлеттің қызын! Өртеймін мен бұл қызды! — деп бөлмедегі заттардың барлығын ортаға үйе берді.

Сөйтті де дір-дір етіп өзінің анасынан қорқып тұрған кішкентай ғана қызы Аружанға:

— Отыр ана заттардың үстіне! Саған айтамын, қазір өлтіріп салсын демесең! Отыр мына жерге! — деп оны қинап, жұлқи алып барып сол үйілген дүниенің үстіне отырғызып қойды.

Сөйтті де, сіріңкені тұтатып, заттарды жаға бастады. Оттың алауы бетін шарпып бара жатқан Аружан:

— Мама-ау! Не болді сізге? Мама! Өртемеңізші мені! Папа! Назира апа! — деп өксігіне тұншығып шыңғыра берді.

Өйткені, кішкентай ғана балапан жүрек қызға от жайлап жақындап бара жатыр еді. Қашпақ болып орнынан тұрайын десе, қатыгез шешесі Аружанды бір қолымен басып тұр.

— Гүлшат жынданып кеткеннен саусың ба? — деп Назира апа шыңғыруда.

— Кірмеңдер! Кетсін ана ақымақ! Көзіме күйік болмай құрысын! Әйтпесе, қазір Аружан өртеніп кетеді! Құры, Сапар! Жоғал! Саған қызды бергенімше өлтіре салғаным жақсы! Өртеп өлтіргенім жақсы! Естідің бе, өртеп жібергенім жақсы! — деген Гүлшаттың ащы даусынан адам шошитын еді.

Оның бұл жындылықтарына ары қарай Сапар мен Назира апа шыдай алмады.

— Папа! Папа, қолым күйді! Папа! Мамама айтыңыздаршы мені жіберсін! Папа-ау! Қолым күйіп барады, папа-ау! — деген Аружанның даусы екеуінің де жүректерін өртеп бара жатыр еді.

Сапар есікті бұзып ішке кірді. Иә, шынында да жынданып кете жаздаған Гүлшат өзінің туған қызын оттың үстінде ұстап тұр екен. Қандай ана өз перзентіне зақым қылған еді? Қай ананың жүрегі даулап, аналық мейірімі жетіп, аналық жауыздығы жетіп өз перзентін, өзінің туған қызын өртемек болып еді? Ондай адамды ана емес, албасты десе де жарасады емес пе? Өйткені, өз қызын нәпсіге, өз қызын қызғанышқа айырбастаған анада жақсы сезім, адал мейірім ешқашан да болмаған!

Есіктен атып кірген Сапар алдымен қызын лаулап жанған оттан жұлып алды. Содан соң, көзі қызарып тұрған Гүлшаттың бетіне жұдырықпен қойып қалды.

— Ит екенсің! Мен сенің осы иттігіңді қалай кезінде білмегенмін? Қалай білмегенмін? Менің көзіме шөп салғаның әлі бер жағы екен ғой. Сен нағыз жауыз адам екенсің-ау! ӨЗ қызыңды өртемек болдың ғой, бұл адам айтып жеткізе алмайтын айуандық! — деп дір-дір еткен Сапар қорыққаннан алақтап, жанарынан жасы сорғалаған қызын құшақтай берді.

Назира апаның да түрінде түр қалмаған. Қатты түтеп кетіпті. Көзіне айналған жасты жаулығының ұшына сүрткен ол, белі бүкшеңдеп шелекпен су алып келіп лаулап бара жатқан отқа су шаша берді…

Ол жерде көп тұрақтай алмаған Сапар сыртқа шықты. Қызы Аружанды бауырына басып көтеріп алыпты. Оның да өксігі басылар емес. Қорқып қалған Аружан:

— Папа-ау! Алып кетші мені! Мына жерден алып кетші! Қалмаймын мен бұл жерде! Мамам тағы да өртеп жіберсе ше, сонда мен не істеймін, папа? Кетемін! Қорқамын мен мамамнан! Қорқам, папа-ау! — деп әрең сөйлеуде еріндері кезеріп, түрі сұрланып, қорыққаннан өңі қашып кеткен.

— Алып кетем, қызым! Мен сені енді бұл үйге қайтып ешқашан да бермеймін! Ана қояншық сені өлтіріп қояды! Өзінің қызын аямаған мұндай айуанды мен бірінші рет, бірінші рет көріп тұрмын! — дей берді.

Осы кезде сыртқа жанарынан жасы атқылап Назира апа шықты. Ол да Сапардың соңғы айтқан сөздерін естуде болатын. Өз қызы жайлы айтып жатқан сөздерді естіген болатын. Оны көріп басын бұрған Сапар:

— Апа, мен қызымды алып кетемін! Мен енді оны мына үйге қалдыра алмаймын! Мына оқиғадан кейін сіз де маған ренжімессіз! Алып кетемін Аружанды! Көргіңіз келсе немереңізді, үйге барып тұрыңыз, Назира апа мен сізге ренжімеймін. Сіз үшін есігім қашанда ашық. Сізден ешқашан қол үзіп кете алмаймын ғой. Сіз бәрібір Аружанның апасы болып қаласыз! — деді Сапар ашулана, ызалана сөйлеп.

— Жарайды, балам, не айтам саған? Алып кет! Білмеймін ғой, қандай қыз туғанымды! Менің құрсағымнан шыққан қызға ұқсамайды ғой мынау!

Тамырында біздің, әкесі екеуміздің қанымыз болғанда мұндай болмас еді ғой! Кім білсін не болғанын, «бір анадан ала да, құла да туады» деген рас екен ғой, Сапаржан! Қайтем енді, бұл адам болатын қыз емес қой! Адам болатын әйел емес бұл! Бір күні Аружанды да өлтіріп қояды мына түрімен! Менің де қанымды ішіп түбіме жететін осы қыз болатын шығар, сірә! — деп тамағына тығылған ащы өксікті сыртқа шығарып жылап жіберді.

Бұл кезде Сапардың көлігінің ізіндегі шаңы ғана қалған болатын. Осы шаңға телмірген Назира апа өкіріп жылап тұр. Екі ортада қор болған кіп-кішкентай қыздың өмірі үшін жылап тұр еді…

* * *

Үйде болған айқайды келіншегінен естіген Нұрланның ашу шықты.Ол келіп әпкесі Гүлшатқа:

— Сен жынданып кеткеннен саусың ба? Сапарға неге ашуланасың? Өзің емес пе, оның үстінен еркек жетпегендей тағы біреуімен қосақтасқан? Не жазығы бар оның? Сапарға ренжуге де, ашулануға да ақың жоқ сенің! Соны ұмытпа! Қызыңда, өзіңнің қызыңда нең бар? Өзің емес пе осының барлығын істеген? Өзің ғой Сапардың қадіріне жетпеген. Енді несіне оған ашуланасың? Ол қайта адам екен, сенен көңілі қалса да, қызы үшін келіп жүрген. Мен болғанымда оның орнында, ана қыздың да менің қызым екеніне күмән келтіріп сені де, қызды да іздемейтін едім. Ақымақсың сен! Болды ғой енді, ақыры үйінен құрыдың ба, тыныш жүрмейсің бе? Алып кетсе өз қызы ғой, қайта алып келетін еді. Бірақ, енді ол Аружанды саған бермейді армандаушы да болма! Сенің оны өртеп жібере жаздағаныңды естігенімде мен де жағамды ұстадым. Қандай адам өзінің баласын өртеп еді? Бүгін өртеген сен, өз қызыңды ертең өлтіруден де тайынбайсың! — деп ұрса берді.

Назира апа қызыл кеңірдек болып жатқан ұлына:

— Қой, Нұрлан, ештеңе айтпа оған! Айтпа, сор болған ақымаққа, айтпа ештеңе. Менің сау басыма сақина, қартайғанда маған тірі ажал болып келген оған сөйлеме. Ол бәрібір ештеңені түсінбейді. Түсінбейді ол! — дей берді.

Оларға Гүлшат:

— Жабыңдаршы ауыздарыңды! Қоясыңдар ма, мені тынышыма, қоймайсыңдар ма? Иә, жынданып кеткенмін мен! Жынданғанмын! — деп боз-боран болып жылаған Гүлшат төсегіне жатып қалды…

Аружанның Сапармен кеткеніне де екі аптадан асып бара жатты. Көрші кемпірмен сөйлесіп отырған Назира апа:

— Менің ана Аружан немеремді күйеубалам алып кетіп еді. Екі аптадан бері соны сағынып жүрмін, — деп өзінің ішіндегісін айта бастап еді, әлгі кемпір:

— Назира, осы сендердің сол күйеубалаларың өткен аптада үйленді-ау деймін. Үйленді мен адаспасам. Менің құдағиымның бір отырып қалған қызы бар еді, соны алыпты, — деді.

— Е,е, үйленсе қайтемін енді. Өзінің өмірі ғой. Қашанғы менің қызымнан ажырастым деп, қу тізесін құшақтап өтеді. Үйленгені де дұрыс қой, — деп құптап қойды.

Бұлардың осы сөзін есік алдында отырған Гүлшат та естіп тұр еді. Бірден орнынан ұшып тұрған ол жаңағы кемпірдің қасына келіп.

— Не дедіңіз? Қайталап айтыңызшы! Сапар үйленген бе не? — деді зілді дауыспен.

Не істерін білмей Гүлшаттың бетіне жаутаңдаған апа:

— Иә, қызым, көңіліңе ауыр алып қалдың ба, шырағым. Қайдан білейін сөз арасында айтып жібергенім ғой. Кешір айналайын, артық айтсам, — деп бәйек болуда.

— Жоқ, үйленген бе, үйленбеген бе соны айтыңыз! — деді.

— Иә, үйленген, —деді де, Назира апаға жаутаңдап: — Назира қой мен қайтайын үйге кетейін, балаларым жұмыстан келіп қалған шығар,— деп кетті де қалды.

Осы жаңалықты естігелі бері, Гүлшаттың қабағы бұрынғыдан да түйіліп кеткен. Кім не айтса да, шыңғырып ұрысып береді. Қазір онымен ешкім де сөйлеспейді. Тек, бір үйде тұрып жатқандары болмаса, Гүлшат бөлектеніп, жалғызданып бара жатыр еді. Бірде ол, кеш батып бара жатқанда жұлқынып киіне бастады. Ашулана жүріп сыртқа шығып бара жатқан қызынан Назира апа:

— Кеш болғанда қайда бара жатырсың? — деп сұрады.

— Мен барып Аружанды алып келемін. Оны Сапардың ана тоқалына, қыздай алған қатынына телміртіп қойғым келмейді. Оны бәрібір бөтенсіретеді. Маған қызым керек, апа! — деді

— Керек болса кезінде неге ойламадың? Мен оны алып келуіңе қарсымын. Сен бір кездері оны аяған да жоқсың ашуға беріліп. Кім біледі, тағы да алда не істейтініңді? Оның үстіне кеш батып бара жатыр ғой, таңертең неге бармайсың? — деп Назира апа сөйленіп келе жатыр еді Гүлшат:

— Мен де адам секілді өзім шешім шығара аламын ба? Мен де өзімнің қызыма бара аламын ба өзі? Қоясыңдар ма мені аңдығандарыңды, қоймайсыңдар ма? Қазір барамын мен! Қазір! — деп есікті тарс жауып кетіп қалды.

— О, Құдай, ақырын бере гөр! — деп Назира апа жағасына түкірініп қала берген…

Жол бойы ызаға булығып келе жатқан Гүлшат өзіне-өзі күбірлеп:

— Көрестемін мен саған, Сапар! Сені де, ана қойныңдағы албастыңды да өлтірмей тынбаймын мен! Сен мені тастап басқа біреуге үйлене алмайсың! Бақытты да бола алмайсың! Бақытты болуға арзымайсың да! Мен екеуіңді де өлтіремін! Мен сенің өзге жанның құшағында жатқаныңды көргім келмейді! Сезінгім келмейді! Өзіңше маған «жақсы қылдым, сауап болды!» деп жүрген боларсың! Мен саған көрсетемін! Менің қызым өгей шешенің қолына телмірмеуі керек! Сен бақытты болмауың керек! — деп бара жатты.

Иә, жындылыққа салынған, нағыз екі аяқты айуанға айналған Гүлшаттың кеш батқанда шыққан басты себебі де, осы күйеуін өзінше жазалау болатын. Күйеуін де, оның алған әйелін де өлтірмейінше оның көңілі тыншымайтыны анық еді…

Кеш батып, қараңғы түскен шақта Сапардың үйіне келді. Өзі бірнеше жыл тұрған үйдің тесіктерінің барлығын білетін Гүлшат, үнсіз барып шөп қораның үстінен үйді аңдыды. Сапардың алған әйелі әдемі келген жап-жас қыз екен. Сапар екеуі сыртқа шығып, таза ауада біраз әңгімелесіп тұрды. Әңгімелескенде де, құшақтасып тұрған болатын. Олардың бұл тұрысын көрген Гүлшаттың іші одан сайын өртеніп бара жатты. Тек бар ойлағаны:

— Өлтіремін мен! Өлтірем оларды! Өлтіремін! — дей берді…

Сапар мен келіншегі далада ұзақ тұрмады. Қайта ішке кірді. Аружан да күліп-ойнап, жаңадан тапқан анасына асылып, еркелеп қояды. Осының барлығын көрген Гүлшаттың іші удай ашуда еді.

Түннің ішінде қолына қанжардай болған пышақты алған Гүлшат баяғы өзінің ақ төсегі тұратын бөлмеге келді. Иә, кезінде өзі Сапардың көзіне шөп салған бөлмеге келді. Ол жер енді Гүлшаттың емес, Сапардың төсегі болатын. Сапардың құшағындағы әдемі қыздың төсегі болатын. Жатын бөлменің жанындағы бөлмеде Аружан ұйықтап жатыр. Құшақтары айқасып жатқан күйеуі мен оның келіншегіне көзі қызарып қарап тұрған Гүлшат әлден уақытта:

— Сендер өлулерің керек! Жоқ-қ, мені бақытсыз етіп тірі жүрмеулерің керек! — деп ышқына айқайлап алдымен жас келіншектің тамағын осып түсті.

Содан соң түкке түсінбей тапырақтап орнынан атып тұрған Сапарға атыла берді. Гүлшатты көріп:

— Гүлшат-т! — деп сөйлей берген күйеуінің де жүрек тұсына пышақты сала берді, сала берді…

Ашуға булыққан ақымақ Гүлшат әлден уақытта есін жиса, Сапардың денесін әлі де пышақпен ұрғылауда екен. Анадайда есінен танып қызы Аружанның жатқанын көріп, әрең өзіне келген Гүлшат қызын көтеріп көшеге қарай қаша берді.

* * *

Қолдарының барлығы қызыл қанға боялған. Тек қолдары емес-ау, денесі де, киімдерінің де сау тамтығы жоқ. Гүлшаттың үстінің барлығы Сапар мен оның әйелінің қаны болатын. Сол күйінде шыңғыра жылаған қызын көтеріп алған Гүлшат ауылына қарай ұшты. Жолда бір жүк көлігіне мініп дірілдеп әрең дегенде үйіне келді. Жүк көлігіндегілер мұның түрін көріп шошып кетті. Гүлшаттан не болғанын сұрап еді, оларға:

— Жай, мал сойып, содан қызым шошынып көрші ауылдағы тәуіпке алып бара жатырмын, — деді.

Өзінің қылмыс жасап келе жатқанын жасырғандай. Бірақ, оның үстінен аңқыған қанның иісі, малдікіне тіптен ұқсамайтын. Бірақ, тынбай жылап келе жатқан бес жасар қыздың түрін көріп, олар шынында да Гүлшатқа сенгендей болған еді. Өзінің үйінің қарсы алдынан көлікті тоқтатып түсіп қалған Гүлшат оларға рахметін әрең айтып, үйіне асыға берді. Үлкен көк дарбазаны сыртынан ұрып жатыр тарсылдатып. Назира апа сыртқа шықты.

— Бұл қайсысың?— деп сөйлегенше болған жоқ, құлағына Аружанның жылаған үні естіліп, Гүлшаттың келгенін білді.

— Гүлшат, сенсің бе? Аружанды алып келдің бе, не? Ол неге жылайды? — деп сөйленіп жүріп есікті ашты.

Қызының қанға малынған үстін көргенде:

— Әй, ақымақ қыз тыныштық па? — деді.

Анасына жауап берудің орнына тісі-тісіне тимей

сақырлаған Гүлшат ымдап су сұрай берді. Шошып кеткен Назира апа жүгіріп барып су алып келіп берді. Судың өзін төгіп-шашып әрең ішкен Гүлшат ентігін баса алмай жерге отырып қалды. Ал, Аружан болса әжесінің қойнына тығылып, жылай берді. Бұлардың шулаған даусынан үйдегі ұйқыда жатқан келіні мен ұлы да оянды. Барлығы сыртқа шықты. Әпкесінің мына түрін көрген Нұрлан:

— Апа, мына қызыңның түрі адам шошырлық қой. Тыныштық па өзі? — деп жатыр.

— Білмеймін, балам, білмеймін, Я, Алла өзің сақта! Тағы нең бар еді бізге көрсетпеген, — деген Назира апа жаулығымен көзін сүрте берді.

— Не істедің өзі? Не істедің сен, Гүлшат? — деп Нұрлан әпкесінің әлсіреп тұрған денесін сілки берді.

— Мен оларды өлтірдім! Өлтірдім! Мен Сапарды да, оның алған әйелін де өлтірдім! — деп Гүлшат шыңғырып барып, талықсып кетті…

Гүлшаттың арсыз қолдарымен жасалған, айуандықпен адам өлтірген қылмысы әп-сәтте әшкере болды. Иә, Сапардың артында жылап қалған, зар еңкіреп даңғазадай кең үйді ғана құшақтап қалған бауырлары Гүлшатты тыныш қоймады. Олар оны түрмеге жаппай, жазаламай тыным таппайтын еді. Бауырларына зарлы жоқтау айтқан Сапардың туысқандары келіп Назира апаның да жүрегін тіліп өтетін талай сөз айтты. «Сен албасты жақсы адам болғаныңда қызың мұндай қанішер болмайтын еді! Қанішер қызды тәрбиелеп шыққан сенсің! Сенсің!» деген құдағиының ызаға толы ащы сөзі Назира апаның әлі де құлағында жаңғырады…

Гүлшатты ертеңіне таңертең-ақ құқық қорғау органдары алып кетті. Түрмеге кетіп бара жатқанда, өзінің жасаған қылмысына тіптен өкінбек түгілі, ойланбай тұрған Гүлшат оларды өлтіргеніне қуанышты еді. Анасының қолын қайтарып, кісен салып екі формалы жігіт алып бара жатқанда Аружан да ешқандай да қимастық сезімі болмады. Оны сәби қыздың от шашып тұрған көздерінен байқауға болатын еді. Аружан өз әкесінің енді қайтып тірілмейтінін, келмеске кеткенін сезгендей апасына әкесін айтып жылай беретін болған. Жас қыз әкесінің қалай жан тапсырғанын көргелі бері, анасы Гүлшат екеуінің арасындағы нәзік қана байланыстың үзілгенін сезетіндей. Тіпті, сол нәзік жіпті өзі үзгендей еді. Өйткені ол, анасының адам шыдамайтын, адам қарап тұра алмайтын қасиетсіз қылмысының куәгері болды…

Гүлшаттың қылмысы бір ауылға үлкен таусылмайтын өсек болды. Әсіресе Назира апаға қиын болды, көшеде бас көтеріп жүре алмайды. Гүлшатты он алты жылға қамағалы бері де, бір айдан асып бара жатыр. Осы бір айда Назира апа көшеге бір рет әрең шыққан. Онда да дүкенге бару үшін. Бірақ, бекер-ақ барған екен, дүкенге барып қайтамын дегенше, талай жанның жанарынан, көз қарасынан: «Жауыз, қанішер әйелдің шешесі осы! Осы жауыз қызды тәрбиелеп шығарған! Осының тәрбиесінде өскен қыз, адам өлтірді, бауыздап, өз қолдарымен адам өлтірді! Бұл адам емес! » деп тұрғандарын сезген еді. Сол дүкеннен келгенде Назира апа Аружан немересін құшақтап ұзақ уақыт еңкілдеп жылаған еді.

— Қайтейін, балапаным! Сенің анаңды осындай болсын деп тәрбиелеген жоқпын ғой, өзі ғой осы жолды таңдаған! Қайтем енді, тас тағдыр маған қартайғанда көтере алмайтын ауыр жүк берсе, қайтем енді? — деп тоқтаусыз еңіреген болатын…

Аружан немересі қазір Назира апаның қолында тұрады. Бірақ, өткенде бір рет Сапардың туысқандарына «солардың қаны бар қыз ғой, көрсетейін» деп Назира апа алып барған болатын. Сонда Сапардың шешесі Назираға:

— Айналайын, екінші бұл айуанның қызын менің үйіме алып келме. Менің баламды өлтірген жауыздан туылған немере маған керек емес. Қай бетіңмен алып келіп тұрсың? Көзін құрт, екінші біздің үйге жолатпа! Өзің де жолаушы болма! Қанішерден туған қыз да оңбайды! — деп үйден қуып шыққан.

Назира апаның жүрегін осып түскен сөздер болса да, барлығын үнсіз тыңдап, үнсіз іштей егіліп үйіне қайтып келген. Содан бері, Аружанның барлық тағдыры, алдағы өмірі өзінің ғана қолында екенін Назира апа жақсы сезетін еді. Сол үшін ұлының балаларынан көрі, Аружанға көбірек көңіл бөлуге тырысатын болған…

Гүлшаттың да айқай-шуы баяғыда басылған. Оның түрменің тас еденінде жатқанына да тоғыз жылдан асып барады. Барлығы да Гүлшаттың ауыр қылмысын, оның түрмеде жатқанын ұмытқанымен, Назира апа ұмытпаған. Бүгінде белі бүкшиіп кеткен ол кісі қатты әбіржіп, шөгіп құр сүлдері ғана қалған. Ана ғой, ардақты да, асыл ана. Перзентіне ақ сүт беріп өсірген ана ол! Сол үшін оның жүрегі езіледі, оның нәзік жүрегі сол үшін жылайды. Әлі де ол қызын іштей ақтап алады. Ол қызы опасыз, күйеуіне арсыз болған болса да, іштей Назира апа Гүлшатты ақтап алып жүреді. Қызының тас еденнің тауқыметін көріп жатқаны жанын жылатады. Жан дүниесін езгіге салады. Амал жоқ барлығына да шыдап жүр. Есік алдында жанары мұңға толып жүретін оннан асқан Гүлшатының жалғыз көзі болған немересі Аружанды көрген сайын жан дүниесіне біреу келіп тіліп-тіліп тұз сеуіп жатқандай болады. Назира апаның бар уайымы осы жалғыз немересі. Ұлы Нұрланның балаларын уайымдамайды. Олардың ата-анасы жандарында, өз өмірлерін өздері құрып кететініне сенімді. Ал, мына әкеден өлі жетім, шешеден тірі жетім қалып, тұл жетімге айналған Аружаны Назира апаны қинайды. Осының ертеңі, болашағы жанын жегідей жейді. Ең болмаса осы қыз өмірдегі өз жолын тауып, тұрмысқа шыққанша шыбын жанын қу ажал алмай тұруын байғұс қарт ана тілейді де жүреді. Бар тілегі, жатса-тұрса сол ғана. Өзі өмірден өтсе Аружанға қол ұшын берер жанның қалмайтынын ана жүрегі жақсы сезеді. Сол үшін жарық дүниеден көзі кеткенше осы қызды қиясына қондырып кетуге асығады да жүреді. Сол үшін әлі де өлмей жүруді армандайды.

Бүгін де күндегідей орнынан тұрған Назира апа келіні сауып қойған сүтті пісіруге ошақ басына келді. Отты енді түтетіп жаға беріп еді, үйге сау етіп құқық қорғау органдарының ала көлігі келе қалды. Оларды көріп Назира апаның жүрегі шымырлап кеткендей болды. Гүлшатты алып кеткенде де дәл осындай машинамен келген болатын. Есіне бірден сол түскен Назира апа:

— Тыныштық па екен? Тыныштық болса жара еді?

— деп күбірлей берді.

Осы кезде жанына келген жас жігіт:

— Саламатсыз ба? Біз сіздің үйге тінту жүргіземіз!

— деді салған жерден.

— Не боп қалды, шырағым, тыныштық па?

— Апа, Есімханов Гүлшат деген әйел сіздің қызыңыз ба? — деді.

Қызының аты-жөнін естігенде жүрегі мұздап кеткен Назира апа.

— Иә, қалқам, не болды? — дей берді.

— Ол сонау Қарағанды түрмесінен қашып кеткен. Қайда жасырынып жүргенін ешкім білмейді. Бірақ, осы аралықтарда жүрген болуы мүмкін. Сол үшін сіздің үйді түгел тексеріп шығуымыз керек! — деген жігіт Назира апаның рұқсатын күтпестен көліктегілерді шақырып, Үйдің атсаң-кестеңін шығарып тексеріп шықты.

Ешқандай да күдікті нәрсе таппаған формалы жігіт:

— Апа, егер білетін болсаңыз айтыңыз! Оны жасырып отырғандығыңыз үшін сіз де сотталасыз. Сізді де жауапқа тартып, түрмеге жабады. Одан да тауып бергеніңіз дұрыс. Егер келсе бізге хабарлағаныңыз дұрыс, жасырып қалмаңыздар! — деп Назира апаға қысым көрсете бастады.

Қиналып кеткен ана байғұс ештеңе айта алмай, дірілдей береді:

— Білмеймін, балам! Қайда жүргенін білмеймін. Ол қыз түрмеден қашса да бұл Үйге келмейді, балам. Келе де алмайды, — деп ары қарай ештеңе айта алмай томсырайып тұрып қалды.

Осы кезде егіннің басынан ұлы Нұрлан мен келіні де келді. Мыналар оларды да шақыртқан екен. Келгеннен Нұрлан мен келінін де тергей бастады. Оларға да сұрақтар қойып жатыр. Ананы айтса мынаны айтып, тағы бірдеңе айтса басқа бірдеңе айтып ұлы мен келінінің миын ашытып жатқан баланың жанына келген Назира апа:

— Айналайын, шырағым, сол менің маңдайымның арылмайтын бес елі соры болған қыз осы моланың, мына мола болған Үйдің табалдырығын аттайтын болса, өз қолыммен саған алып барып беремін! Қинама енді менің бала-шағамды. Бір қызымды қолдарыңа бергенім жетеді, қарағым. Тиіспе оларға, тиме! — деді тебіреніп тұрып.

— Жоқ, апа, біздің тергеу міндетіміз. Бұл кісі сіздің ұлыңыз, біздің түрмеден қашып кеткен қауіпті қашқын, қылмыскердің бауыры. Сондықтан, одан барлығын сұрауымыз шарт, — деп түсіндірген болды.

Оның бетіне бажырая қараған Нұрлан әлден уақытта:

— Бауырым, мен оны бұдан тоғыз жыл алдын сендер түрмеге алып кеткен кезде көргенмін. Одан бері оның түрін өңім түгілі, түсімде де көрмегенмін. Құдай маған ондай бауырды берген болса берген шығар, бірақ оны маған көрсетпесін! Көргім келмейді оны! Мұндай қылмыскер бауырды бекер-ақ берген ғой. Ол түрмеден қашып осы үйге келетін болса, мен оған көрсетемін! Ол қыз бізге аз қайғы алып келген жоқ! Енді жетер, кетіңіздер! Өзі титықтап отырған анам ауру, оның жүйкесіне тимеңіздер! — деп, есікті нұсқай берді.

Гүлшаттың шуы ұмытыла бастаған ауылға оның түрмеден қашқаны тағы біраз өсек болды. Аружан бұл кезде бойжетекен болатын. Анасы жайлы айтылған әрбір жаман балағатты, әрбір лағнет сөзді ол естіп өсіп келе жатты. Сондықтан болар, Аружанның жан дүниесінде анасы Гүлшатқа деген ашу, ыза, кек, ұмытылмас қасірет бар болатын. Ол іштей: «Анам, қарсы алдымнан шығатын болса, мен оның бетіне түкіремін! Апамның ол үшін қалай еңіреп, қалай қиналғанын білсе ғой ол! Ол адам емес, мені әкемнен айырды, ана болған атына кір келтірді! » деп ойлайтын.

Уақыт зымырап бәрі артта қалды. Гүлшат түрмеден қашқан «қашқын қылмыскер» аталып қала берді. Ол табылмады. Сол күйі жоғалып кеткен болатын. Ол «қашқын» аталып кеткелі бері Назира апа қатты әбіржіп кеткен еді. Гүлшаттың түрмеде отырғаны да жақсы екен ғой, ең болмаса он алты жыл отырып оралады деген жүрек түкпірінде үміт болатын. Қашқын болып, қашып кеткені Назира апаға үлкен қайғы алып келді. Одан кейін көп ұзамай Аружан мектепті бітірді. Ары қарай оқымай жатып, Назира апасының ақылымен Ермекке тұрмысқа шығып кетті. Тұрмысқа шыққан жылы Назира апа қайтыс болды. Тура Аружанның тұрмысқа шығуын күтіп жүрген жандай еді. Сонда төсек тартып жатқан Назира апа Аружанды шақыртып, әлденені айта алмай ұзақ уақыт қиналған. Жаны қиналып бара жатқанда Назира апа Аружанға:

— Қызым, сені қолымнан келгенінше өсірдім! Адам бол, қызым, — деп қиналып барып, қайта есін жинап:

— Сен ешқашан да анаңды ұмытпа, ол тірі, бар, қызым. Бір күндері алдыңа барса кешір оны, құлыным,

— деп әрең дем алып жатты.

— Апа, апа, апа-ау… — деген Аружан ары қарай сөйлей алмай еңіреуде, жылауда.

— Жылама, қызым, бір күні болмаса бір күні анаң сенің алдыңа келеді. Сен оны табарсың, ең болмаса моласын табарсың. Сонда бейітінің басына барып бір ауыз құраныңды бағышташы! Менің саған аманатым осы болсын. Ол осы жақын маңдағы молалардың біріне жерленеді. Мен оны білемін. Егер оны көргің келсе-е, ол осында тірі жүр. Бірақ — деп ары қарай айта алмай, жан тапсырды.

Иә, қызының қайда жүргенін Назира апа білген. Бірақ, онысын немересіне айта алмай кеткен еді. Аружан ұзақ жылады. Басқалар Назира апасын ұмытса да, Аружан ұмытпайтын еді…

* * *

Осы оқиғаның барлығын ауылдас жеңгесінің сөзінен кейін есіне алған Аружанның жанары жасаурап кетті. Есіне балалығы, қиналғаны қайта түсіп еңкілдеп жылап та алды. Тек өзіне-өзі:

— Менің туған анам Гүлшат тірі болып жер бетінде бар болса да, сол тоғайда жүрген болса да, ол енді маған ешкім емес. Қойшы кім не айтса да, мен оны іздемеймін. Ол қылмыскер ме, солай болып қалған, солай болып қалады. Ол маған ешқандай да еске алатын жақсылық жасамаған. Бар міндет қылғаны өмірге алып келгені болса, бұлай қинайтыны бар тумай-ақ қойғаны жақсы еді. Сол жеңешенің айтқан сөздерін де, тоғайды да ұмытайыншы. Ең бастысы, аман-есенмін, балаларым бар, Құдайға шүкір, сүйеу болар Ермегім бар. Осы бақытымды Алла артық көрмесінші, — деп күбірлей берді…

Аружан күндегідей таңертеңмен ерте тұрып шай дайындады. Содан соң балаларымен Ермекті ұйқысынан тұрғызып шай беріп жатыр еді, есік қоңырауы шырылдай жөнелді. Есікті ашып еді, бір жас жігіт екен.

— Саламатсыз ба? Аружан әпкенің үйі осы ма? — деп сұрады есікті ашқан Ермектен.

— Иә, інім кір. Аружан әпкең үйде, — деп асханаға бастап келді.

Бейтаныс жігітті Аружанның өзі де танымайтын еді. Ол Аружанмен де асығыс амандасып болған соң:

— Мені сізге жіберген еді. Нұрлан тәтем, жезде, екеуіңізге де келсін деп жатыр. «Бүгінен қалмай түске дейін ауылға жетсін» деп дайындады, — деді.

— Тыныштық па? — деген Аружанның дауысы елеңдей шықты. Оның есіне бірден өткендегі ауылдас жеңгесінің анасы жайлы айтқан сөзі түсті.

— Білмеймін не болғанын. Мамаңыз табылды деді, соны көруге шақырып жатыр-ау шамасы, — деп жігіт өзінің бар ұққанын айтты.

Мына сөзді естігенде Аружан Ермекке жалт қарады. Ол да таңданып тұр екен.

— Жарайды, мен асығыс едім, соны айт деп дайындаған соң айттым,— деп жас жігіт кетіп қалды.

Ал, Аружан болса алдындағы кеседегі шайына тесіле қарап отырып қалды. Көзіне мөлтілдеп келіп қалған жасты саусағымен кері ысырған ол күйеуіне қарап:

— Енді не істейміз, Ермек? Барамыз ба? — деді селқос қана.

— Қалай бармай отырмақшысың? Шақыртыпты ғой, барайық, — деді.

— Егер Гүлшат шешем шынымен келген болса, мен не істеймін? — деді.

— Сен не істеуің керек? Ештеңе де істемейсің ғой. Тек барып бір көріну парызың ғой. Оны әлі де тапса қайта тергейді ғой, — деді.

Аружан күйеуінің сөзінен кейін өзі де киіне бастады. Ермек жұмысынан телефонмен қоңырау шалып сұранды да барлығы ауылға тартып отырды…

Ауылға келсе Нұрлан тәтесінің үйінің алдында біраз адамдар бар екен. Оларды көріп Аружан шошиын деді. Көліктен түсе сала есік алдында біраз адамдармен тұрған Нұрлан тәтесінен:

— Тәте, тыныштық па? — деп сұрау сала амандасты.

Назира апасының жалғыз ұлын Аружан бала кезінен «тәте» дейтін еді.

— Кел, Аружан, қалың қалай айналайын? Амансыңдар ма? Келдіңдер ме әйтеуір? — деді.

— Не болды өзі? Мамамның табылғаны рас па? — деп жаны тыншымаған Аружан қояр емес.

— Жүр, анда барып әңгімелесейік. Жүре ғой, алтыным, — деп Нұрлан тәтесі көп адамнан Аружанды бөлек алып кетті.

Ол кісі Аружанды бұрыннан осылай еркелете сөйлейтін.

— Тоғай жанындағы моланың жанынан бір әйелдің мүрдесі табылыпты. Сол сенің анаң, менің әпкем Гүлшат болуы мүмкін. Оны зираттың шырақшысы

Орманбек ақсақал бір кісіден айтып жіберіпті. Ол маған келіп айтып кетті. «Келіп әпкесінің мүрдесін жерлесін!» деп те сәлемдеме айтыпты. Соған барғалы жатырмыз. Жерлеуден алдын шынымен Гүлшат па, басқа біреу ме сонысын анықтамақпыз. Бірақ, шырақшы шал Орманбек анық Гүлшат екеніне сенімді екен. Ол түрмеден қашып кеткелі осы біздің мына зират маңындағы тоғайда өмір сүріпті, деп жатыр ғой. Білмеймін енді. Әйтеуір, Құдай ақырын берсін. Не де болса, сені де шақыртайын дедім. Қандай адам болса да анаң ғой, бізбен бірге барып көресің. Қалғанын Орманбек атадан сұраймыз, — деді.

— Шынымен тоғайда жеті жылдан бері өмір сүрген болса, онда неге мені бір көруге келмеген? — деп Аружан дірілдеп кетті.

— Қызым, көңіліңе келмесін бауырым болса да айтайын, Гүлшат адами қасиеттен кері кеткен жан еді ғой, — деді Нұрлан тәтесі Аружанның арқасынан қағып.

Бұлар мола басына келгенде шырақшы Орманбек ақсақал да сыртта күтіп тұр екен. Екі көлік болып келген олардың арасынан суырылып шыққан Нұрлан:

— Аға, сенімдісіз бе? Шынында да ол біздің Гүлшат па? — деді.

Сонда Орманбек ақсақал Нұрланға:

— Оның бір қызы бар еді ғой, ол да осында ма? Сендермен бірге келген бе? — деп Аружанды сұрады.

— Аружан ба, иә, келген, ол да осында, — деді Нұрлан.

— Оны да жаныма шақыр. Екеуіңе бірдеңе айтамын, — деп Орманбек ақсақал екеуін зират басындағы мешіттің бір бөлмесіне кіргізіп алып, әңгімесін бастады.

— Бұл шыныменен Назираның қызы. Мен оны бұрыннан білетін едім. Мұны марқұм Назираның өзі де білді. Оның өзі Гүлшатын осы тоғайға алып келіп тыққан. Оған мен көмектескенмін. Осы зиратқа келген садақа, тағамдарды түнде келіп алып кететін еді. Бірақ, ол қатты жабайыланып кеткен болатын. Байғұс Назира қанша жаман болса да перзент деген шіркін қойсын ба? Қанша жабайыланса да, адам өлтіріп қылмыскер атанса да, одан жиренбеді, жиіркенбеді. Өзі тамақ тасып тұрды. Кейде маған беріп кететін түйіншектегі наны мен азғантай тамағын. Оны қызы келіп осы жерден алып кететін еді. Онымен мен тіпті сөйлесіп көрмегенмін. Түрін көргенде адам шошитын. Еркектер секілді бет-аузына да жуынбағаннан ба, жаман боп кеткен еді. Назира байғұс әйтеуір оның аман жүргеніне, бостандықта, жабайыланса да бостандықта жүргеніне қуанатын еді ғой. Сол қыздың күйігі ақыры сорлыны алып тынды ғой. Назира қатты ауырып жүрген күндерінің бірінде соңғы рет осында тамақ алып келді. Сонда маған: Мен енді Орманбек, бұл жерге қайтып келмейтін шығармын. Тек жансыз денемді ел алып келгенде бір келмесем, тірі күйімде келе алмаймын. Мына ауру мені алмай тынбайтынға ұқсайды. Гүлшатыма өзің бас-көз болшы. Ешкімге тіс жарып айтпашы. Зиратқа алып келінген тамақтарыңды таршылық етпей беріп тұрарсың» деп ұзақ уақыт жылап, маған аманат етіп қызын тапсырып кетті. Содан соң, жабайыланып кеткен қызын да ұзақ уақыт құшақтап тұрып өксіп-өксіп жылады. Бірақ, Гүлшатта ешқандай да сезім қалмаған еді, анасы зар еңірегенде көзіне бір тамшы жас алмады. Байғұс Назира сол құпияны көріне бірге ала кетті-ау. Ана үшін перзент қашан да қымбат екенін осыдан-ақ білуге болады екен ғой, — дегенді айтқан Орманбек ақсақал сәл ойланып тұрып қалды. Ол тоқтағанда Аружанның өксікке толы үні тұншығып, үнсіз жылап тұр еді. Сөзін ары қарай жалғаған шырақшы қарт: — Тіпті осы жерге Назираны алып келіп жерлегенде де, мен Гүлшатқа анасының жерленген жерін көрсетіп, оның өлгенін де айттым. Сонда да, бір тебіреніп, бір күрсінбеген Гүлшат жаңадан үйілген, әлі кеуіп те үлгермеген топыраққа сәл қарап тұрды да, біраз нан-тамақты арқалап, ашқарақтана аузына тығып тоғайға кете берді. Содан бері мен оны тек сыртынан көремін. Үнемі, Назираның бейітінің басына алып барып тамақ қойып кетемін, ол соны алып кететін еді. Ең болмаса сонда анасының жатқанын білсінші, ұмытпасыншы деп Назираның бейітіне тамақты тастап кетемін. Иә, осы жеті-сегіз жылда да оның ізін, келіп кеткенін байқап жүрдім. Кеше түнде әлдекімнің дәл там жанынан ыңырсығанын естідім. Сыртқа шықсам, түрінен адам шошитын біреу есік алдында жатыр екен. Жақсылап қарасам Гүлшат екен. Иә, ол қатты ауырыпты, шамасы безгегі ұстаған ба, әлде жылан ба, улы бірдеңе шаққан ба, әйтеуір ыңыранып маған жетімсірей қарап жатыр екен. Үстінің барлығы іріп жара болып кеткен. Оның аузына су тамыздым. Бірақ, ол қатты қиналып ақыры қырылдап жатып жан тапсырды. Мүмкін болса оны ауылға алып келмей-ақ, бейіттің бір шетіне жерлейік. Оның ауруы қорқынышты ауру, елге жұғып кетуі мүмкін. Назираның аманаты болғасын ғана, барлығын сендерге айтып, жеткізейін дедім. Біреуге, қиянат жасаған адам ешқашан бақытты өмір кешпейді ғой, Гүлшаттың өмірі нағыз қорлық өмір болды ғой. Елден безіп қаңғыбас болды. Онда да тоғайдың жабайысына айналды ғой, — деп тоқтағанда, Аружан жанында тұрған Нұрлан тәтесін құшақтап, өкіріп жіберді.

Мешіттің жанындағы кішкене бөлмеде жатқан анасын соңғы рет көргісі келген Аружан:

— Мен оны көрсем болады ма? — деді.

— Қой, қарағым, көрме, көрмей-ақ қойшы, — деп Нұрлан тәтесі қарсы болып еді, Аружан болмады:

— Енді жас емеспін ғой, тәте. Құдай оны менсіз— ақ, мен қарғыс айтпасам да жазалапты ғой. Ең болмаса өлі денесін соңғы рет көрейінші, — деп жалына берді.

Сонымен болмаған соң, екеуі барып-ақ матаны аша берді. Гүлшаттың түрі адамға емес, орманның жыртқышына айналып кеткен екен. Оның үстіне, қатты іріген жарадан денесі тіпті құрттап та кеткен екен-ау. Таза, дені сау адамның мүрдесі екі күннен соң иістеніп кетеді емес пе? Ал оның тазалықтан кенде денесі құрттап та үлгерген еді. Жападан-жалғыз ешкіммен сөйлеспей, жуынуды ұмытып, жалғыз тұру оңай емес қой. Оның бұл түрін көрген Аружан:

— Жоқ-қ! Жабыңдар бетін! — деп шыңғырып жіберді.

Осы келген адамдар арамза Гүлшаттың, қанішер Гүлшаттың, қашқын Гүлшаттың, опасыз Гүлшаттың шіріген денесін жерлеп ауылдарына қайтты.

Тек Аружанның көз алдынан Гүлшаттың, өзін туған анасының шіріген мүрдесі кетпей қойды. Мүмкін оның осы сорлы бейнесін Аружан ешқашан да ұмытпайтын шығар. Ұмытқысы келсе де ұмыта алмайтын шығар. Өйткені, оның түрі шынында да ұмытылмайтындай адам шошырлық еді…

Ол ақ төсекті былғаған жан еді. Ол адам өлтірген, мойнына екі адамның қанын жүктеген қылмыскер әйел еді. Ол қашқын еді. Ешқашан, екі дүниеде де ақ некеге арам болған жанның, адам қанын жүктеген жанның бақыттан жадырап өмір сүруі мүмкін емес. Оны сорлы Гүлшаттың аяусыз тағдыры дәлелдеп бергендей… Десе де тек ана жүрегі ғана оны ақтап ала алады. Ана мейірімі барлық дүниеден кең емес пе? Анасы ғана оны өзегінен теппей өксікке тұншығып кешіре алды…

Жолықты ол өмірдің тасқынына,

Қалдырды өз перзентін ащы мұңға

 Тағдыры аямады ондай жанды,

Айналдырды тоғайдың қашқынына! – деген бір шумақпен түйіндегім келеді.

НұрСая-Нұрсұлу БАЗАРБАЙҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған