АМАНАТ БОЛҒАН СӘБИ

Мараттың салы суға кетіп, ұнжырғасы түсіп жүргеніне де бірнеше күннің жүзі болды. Ойы онға, санасы санға бөлінген жігіттің мазасын қашырған жайт – махаббат машақаты. Екі жылдан бері сөз байласып жүрген қызы Ақбаянды өмірінің соңына дейін сүйіп өтетініне шексіз сенетін. Бүкіл өмірін тек Ақбаянға арнап, соның қас-қабағына қарап, көңіліне кірбің түсірмесіне шүбә келтірмейтін. Бірақ олай емес екен. Сезімі алдапты. «Өмір бойы сүйіп өтермін» дегені жәй сөз жүзінде ғана екен ғой. Екі жылдан бері еш қызға бұрылып та қарамай, махаббатқа адал болып келген жігіттің ойын нілдей бұзған қалалық қыз Жұлдыз еді. Жұлдызды көргеннен антына берік жігіттің жан-дүниесінде алай-дүлей бір сезім пайда бола кетті. Алғашында жәй сұлулыққа табынған құмарлық шығар дегенмен, келе-келе Жұлдыздың сұлу келбеті көз алдынан көлбеңдеп кетпейтін болып алды. Күндіз-түні ойлайтыны сол қыз. Жұлдыз өзіне жылы қабақ танытпағанымен кетәрі емес секілді көрінетін. Әлде қиялданып жүргенінде солай көрінгені ме, әйтеуір ол жағы өзіне де аян емес. Күннен-күнге есіл-дерті Жұлдызға ауып, Ақбаянды ұмыта бастады. Ол салқындықты Ақбаян да сезіп жүр. Бірақ неге жорырын білмей, мазасы қашуда. Күн құрғатпай келіп тұратын сүйіктісінің аяқ астынан жоғалып кетуінің себебін түсіне алмай, қобалжи берді. Әрі екеуі үшін де маңызды жаңалығы бар. Соны айтқанша жаны жай таба алар емес. Мараттың жолына телміре қарағаннан шаршап, өзі жұмысына іздеп барды. «Марат менің келгенімді көріп, қуанып қалатын шығар» деген алып-ұшқан көңілі Мараттың жанындағы қызды көргенде су сепкендей басылды. Марат та өзін көргенде онша қуана қойған жоқ. Көңілінде абыржу бар секілді. Қуанбақ түгілі амандық та сұраспай жатып:

– Жәйша жүрсің бе? Жүр сыртқа шығып сөйлесейік, – деп, сүйрелей жөнелді. Бұрын-соңды бұндай қылығын көрмеген Ақбаянның көңіл-қошы түсіп кетті. Марат сүйрелеген күйі көшеге бір-ақ шықты.Ызаланып кеткен Ақбаян қолын жұлқып, тартып алды.

– Не болды сонша сүйрелеп? – деді ашуға булығып. Марат әлденеге абыржулы секілді. Артына қайта-қайта қарағыштай береді. Ақбаянға жек көре, жазғыра қарайтын секілді. Онысын сезген қыздың да көңілі құлазып кетті.

– Неге келдің? Тыныштық па? – деп дүрсе қоя берді. Даусы да тым қатқыл шықты. Бұрынғы жібектей мінезі мен ерекше жалын атып тұратын өзіне ыстық жанарын байқай алмаған қыз жүрегі сыздап барады.

– Өзің хабарсыз кеттің ғой.

– Мен ерігіп жүрмін ба? Бастықтар ауысып, миымыз ашып жүргенде сен де бір жағымнан жей бермеші.

– Қоңырау шалуға да көп уақыт кететін бе еді?

– Менімен ұрсысуға келсең, қайта бер. Онсыз да шаршап жүрген жүйкемді одан сайын жұқарта бермей, – деген Марат бұрыла берген.

– Енді қашан жолығамыз?

– Білмеймін, – деген Марат бұрылмастан, дүңк етті. Ең болмаса, «қош» деуге де шамасы келмеді. Дәлірек, ой-өрісі жетпеді. Жанары жасқа толған Ақбаян тұрған орнынан тапжыла алар емес. Әлдекім шегелеп кеткендей, қозғалудың өзін күш көріп тұр. Ал, Марат болса, адымын алшаңдай басып ғимаратқа кіріп кетті. Соңынан жүрегі өртене қарап тұрған Ақбаянның көзі екінші қабаттың терезесінен қарап тұрған қызға түсті. Сол-ақ екен, іші қызып ала жөнелді. Бірден теріс бұрылды да, жүгіре жөнелді. Тамағына тығылған өксіктерін әрең тежейді. Ішкі бір дауыс та езіліп тұрған көңілін одан әрмен жермен-жексен етуде. «Ия, ия, тап сол қыз. Мараттың кабинетінде жапсарласып отырған нақ сол қыздың өзі. Жаңадан келген қыз болуы керек. Өйткені бұрын-соңды ондай қыз жоқ болатын. Келе салып, Маратты иемденген екен ғой. Иемденбегенде несі қалды? Екеуі бір-біріне оңаша кабинетте үзіліп кетердей қарап отырды емес пе? Сенің келгеніңді көре сала, Маратыңның реңі бірден өзгеріп сала берді. Бейтаныс қыздың жанарында «бұл кімің?» деген сұрақ тұрды. Маратта көңілі болмаса, неге терезеден бәрін бақылап тұрады? Неге? Оның не шаруасы бар? Әрине жақсы көріп қалған ғой. Әйтпесе, несі бар, Мараттың ізінен аңдып, терезеден сығалап?»

– Өтірік! Марат мені ғана сүйеді. Тек жұмысы қауырт болып кеткен ғой, – деп, ішкі даусына бой бергісі келмей, ышқынады. Қиялымен сүйгенін ақтап алуға тырысуда. Әйтседе, қыз жүрегі сезімтал емес пе? Әлдебір салқындықты сезініп, тұла бойы мұздап барады. Жұмысынан да маңызды нәрселер болып жатқанын түйсігімен сезінген қыздың жүрегі сығыла түсуде. Маратынан бір жолата айрылғанын қайран жүрегі сол кезде-ақ сезгендей, бұлқына түсіп еді. «Ең қуанышты хабардың да өзін естуге көңіл-қошы болмады ғой. Демек, менен жалыққан екен да. Тез беріліп, қалтықсыз сүйген өзіме де обал жоқ. Енді не істеймін? Не істеймін?» Ақбаян ішін ұстап, қыстыға жылай берді. Қараңғыда бағдарынан адасқан жандай, тығырыққа тірелген жаны қалай жол табарын білмей, азаптануда. 

Марат Жұлдызды айналшықтап, әрең дегенде өзіне қаратқанда Ақбаянның келе қалғанын аса жақтыра қоймады. Онысын ашық сездіріп те алды. «Мейлі, сезсе сезе берсін. Ақырындап менен көңілі қалып, суына берсін, осы бастан. Мен нағыз махаббатымды енді тапқан секілдімін. Менің де сүюге қақым бар шығар. Ақбаянға жабысып тұрған ешнәрсем де жоқ қой.» деген жігіт қыз сезімімен санасып та жатпады. Ақбаянның жанары жасаурап тұрғанын көрсе де сезімі селт етпеді. Бар есіл-дерті «Жұлдыз көріп қоймаса екен. Басқаша ойлап қалып жүрмесе екен» деумен тезірек Ақбаяннан құтылғанша асықты. Әңгімелері енді жараса бастағанда, айырылып қалғысы жоқ. Іштей қылпылдап келеді. Өз кабинетіне кірмей, тіке екінші қабаттағы Жұлдыз отыратын кабинетке бет алды.

– Жүретін қызың ба? – деді есіктен кіргені сол Жұлдыз сызданып. Мараттың жүрегі зуылдап кетті. Жұлдыздың жүзіндегі өзгерісті де тез байқап, қобалжи бастады.

– Жоға, жәй бір танысым ғой.

– Жәй танысқа ұқсамайды.

– Жұлдыз…

– Саған деген көзқарасынан білдім. Жасырмай-ақ қойсаңшы.

– Ия, бұрын болған. Қазір…

– Ол қыз сені сүйеді екен.

– Ол сүйгенмен, мен сүймесем оның несі махаббат?

– Ия, рас айтасың махаббат емес, опасыздық деуге болады.

– Мен махаббат пен құмарлықты шатастырып алыппын. Нағыз махаббатымды енді кезіктірген секілдімін. 

Марат Жұлдыздың тұла бойын көзімен тінтіп, сұқтанып барады. Нені меңзеп тұрғанын жақсы түсінген әккі қызда қылымси жымиып қойды.

– Қайдам, ертеңгі күні қызыңмен проблеме туындап жүрмесе болғаны да.

– Ол жағынан қам жемеші, бәрін өзім реттеймін, – деді, қыз өзіне ыңғай таныта бастағанына жүрегі жарылардай қуанып. Лезде Ақбаянды кері ысырып тастап, ойынан шығара салды. Қол жетпес армандай болып көрінетін Жұлдызы жылышырай танытып тұрғанына сене алар емес. Жүрегі лүпілдей, талай күннен бері арманына айналған сүйріктей қолдарынан аялай ұстап:

– Кешкі асқа шақырсам, қалай қарайсың? – деп еді, Жұлдыз да осы ұсынысты көптен бері күтіп жүргендей, көзі жайнап кетті.

   ***

Арманындағы аруға қол жеткізген Мараттың екі езуі құлағында, жағасы жайлауда. Қаладан аудан орталығына жұмыс бабымен келген сұлу қызға көптің көңілі ауып, ынтызары құрығаны рас. Сол көптің бірі болып, Мараттың да сұлулыққа тамсанғаны соншалық, қыз алдында құрдай жорғалап кетті. Тіпті ер жігітке тән емес қылықтарға да қалай барып жүргенін өзі де сезер емес. Әйтеуір Марат үшін Жұлдыздай арудың тек өзіне ғана тиесілі болғаны. Түстікке де кешкі асқа да екеуі бірге қолтықтасып кетіп бара жатады. Жұлдыз үнемі ашық-жарқын жаздай жадырап жүреді. Оның жанында Марат жан-жағына маңғаздана қарап, алшаң басып кетіп барады. Жұлдызбен бірге қолтықтасып жүргенін өзіне мәртебе санайтын да секілді. Бар арманы орындалып жатқандай, бақытты. Тек… Сол бақытқа тосқауыл болып тұрған жалғыз – Ақбаян ғана секілді. Өткен күні әдеттегідей Жұлдызбен кетіп бара жатқанында қарсы алдынан Ақбаянның шыға келмесі бар ма? Жұлдыз да әдейі «не істер екен?» дегендей, Маратқа одан сайын жабыса түсті.

– Жаным, бүгін қайда барамыз? – деп қояды үзіле жаздап. Марат та қыз сынағын жақсы түсініп тұрды.

– Қазір көресің, – деп Ақбаяннан еш ұялмастан, құшағына кіріп бара жатқан Жұлдыздың ернінен шөп еткізіп сүйіп алды. Түрі өрт сөндіргендей әлемтапырақтанып кеткен Ақбаян Маратқа ызалана қарады.

– Мен «екі жыл бойы ер жігітпен көңіл қосып жүрдім» десем, қателескен екенмін ғой. Мен ер жігітпен емес, ез жігітпен жүріп, уақытымды текке кетіріппін. Қайран, қор болған екі жылдық өмірім-ай, – деп кете барған. Бақытына балаған сүйіктісінің алдында абыройы айрандай төгіліп, көк тірейтіндей болған асқақтығы жермен-жексен болды да қалды. Ісіп-кеуіп тұратын көкірегінен жұғым да қалмаған. Жұлдыздың да гүлдей жайнаған түрі түтігіп кетіпті. Жігітінің құшағынан дереу сытылып шығып, жек көре қарай қалыпты.

– Айтып едім саған, «проблеме болып жүрмей ме?» деп, сен бой бермедің? Қане «бәрін өзім реттеймін» дегенің? Аузыңа құм құйылғандай, дымың шықпай қалды ғой. Менің ертеңгі күні сол қыздың кебінін киіп жүрмесіме кім кепіл? Осы жерден қош айтысалық. Қош бол, «Дон жуан» жігіт! – деп теріс айналды. Жанын аяздай қарып өткен осы сөз секілді. Жүрегі аузына тығыла, қорқыныштан есінен алжаса жаздады. Ақбаянның сөздерін шыбын шаққан құрлы көрмеп еді. Тек қыз жанында ыңғайсыз жағдайда қалғаны болмаса. Қалбалақтап Жұлдыздың соңынан жүгірді. Қыз адымын тездетіп, ашуланып кетіп барады. Мараттың жалына айқайлағанына бөгелетін сыңай танытпайды. Қайта Марат «тоқташы,» деген сайын жүрісін жеделдетуде. Жаны мұрнының ұшына тірелген Марат қыздың оң жағына бір, сол жағына бір шығады.

– Жаным, сен мені дұрыс түсінбедің? Ол өзі сондай қыз. Арсыз, ұяттан безген оның бұл ауданда жүрмеген жігіті қалмаған шығар. Әркіммен бір жүріп, менің қыр соңымнан қалар емес. Маған тиіп алғысы бар көрінеді. Мен онымен екі жыл жүргенім жоқ. Әншейін танысқанымызға екі жыл болған шығар. Ол жынды ғой, бәрін ойынан құрастырып, бөсіп жүреді екен. Жындының сандырағына бола, маған өкпелемеші. Ол әдейі екеуміздің арамызға от тастағалы жүр.

Мараттың аузы жабылар емес. Еш қисынға келмейтін қырық өтірікті жігіт басымен аянбай шындай етіп баяндап келеді. Ақбаянға аяусыз қара күйені жаға берді. Аузына түскен сөздері осы болыпты. «Мейлі, әйтеуір Жұлдыздың көңілі қалмаса екен. Енді Құдай маған бұндай перизатты жолықтыра бермес. Қайтсем, қыз жүрегін жаулап аламын» деумен, өзінің де еркек екендігін ұмытып бара жатқандай. Жұлдыз тырысып, тымырайған сайын, жағымпаздана жалынады. Алдына тізерлей отыра қалып, кешірім сұрайды.

– Сенен өзге ешкімді де сүймеймін. Өмір бойы сені алақаныма салып өтемін, – деп ант-су ішкеннен кейін Жұлдыздың тырысқан қабағы аздап жадырай бастады. Ашуланғанда сұлулығының ізі де қалмай кетеді екен. Сазарған түріне тура қарауға жүрегі шайлығып еді. Енді езуіне күлкі үйіріле, суық жүзіне жылы шырай еніп, қалпына келе бастады. Онысын көрген Мараттың есі шығып кетті. Көше ортасында Жұлдызды тік көтеріп, шыр айналдырып, қуанышын жасыра алар емес.

– Өлгенімше сені сүйіп өтемін. Қара да тұр, – дейді еліріп. Жұлдыз да жігітті артынан жүгіртіп, біраз әбігерге салғанына өз-өзіне іштей дән риза. Әккі қыз ұтымды сәтті қалт жіберсін бе? «Темірді қызған кезде соқ» демекші, аузын бұртита назданып:

– Тағы да сол қыздың ши шығарғанын көрсем, айтпады деме! Менің көлеңкеме де зар болып қаласың. Сен де ол қыздан бойыңды аулақ ұстайтын бол! Мені сыртымнан мазақ еткеніңді сезсем, оңдырмаймын. Мен өте қызғаншақпын, – деді. Өзін қызғанғанға Мараттың төбесі екі елі жетпей қалғандай, көзі жайнап, танауы желбіреп кетті. Мұғалімнің алдында тұрған кінәлі оқушыдай, бас шұлғи берді.

  ***

– Марат, маған жақсы бір қыз тауып берші. Тез арада үйленуім керек.

– Тыныштық па? Аяқ астынан үйленгені несі?

– Жағдай солай болып тұр ғой. Анам хәл үстінде жатыр. «Ең болмаса сенің үйленгеніңді де көре алмай, арманда кетіп барамын-ау» дегенінде жүрегім суырылып кете жаздайды, – деп мұңайды бірге оқыған курстасы Жалғас бір қалада оқығандарымен екеуі де екі облыста қызмет жасайды. Анда-санда телефон арқылы хабарласып тұрғандары болмаса, жақын араласпаған. Бүгін осы ауданға қызмет бабымен жолы түскен Жалғас көкейіндегісін курстасына ақтарып салды.

– Қыздан көп халық жоқ қой. Өзіңнің қалауыңа неге үйленбейсің? Мен тауып берген қызбен қалай жарасып кетер екенсің?

– Сен менің мінезімді білесің ғой. маған лайық қызды тауып берсең болды. Қалғаны менің шаруам ғой.

– Үш жылдан бері бір қызбен таныса алмай, ай қарап жүрдің бе?

Марат өз сөзіне өзі шегі қата риза болып күліп алды. Жалғас күлмеді. Күлетіндей де көтеріңкі көңіл-күйі жоқ еді. Көзімен жер шұқылап, мұңая берді.

– Анам осы жақтың қызы. «Оңтүстіктің қызын ал! Ол жақтың қыздары ибалы, иманды болып келеді.» деп еді. Анамның соңғы өтінішін орындап, арманына тезірек жеткізсем деп едім. Мен бұл жақтың қыздарын танымаймын ғой. Өзің білесің. Сондықтан менің өтінішімді жерге тастамашы. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» дейді ғой, қайтарармын жақсылығыңды.

– Ойланып көрейін.

– Саған сенемін. Жауабыңды асыға күтемін, достым, – деген Жалғас үміттене қарады. Марат бас шұлғып, ойланып қалған.

  ***

– Марат, саған бір қыз келіп тұр. «Үйге кірсейші» десем, ұялып тұрма, кірмеді. Тезірек шықсайшы, – деді әжесі. Теледидар тамашалап жатқан Мараттың жүрегі зуылдап кетті. Кім іздеп келуі мүмкін? Жұлдызды жаңа ғана қалаға шығарып салып еді ғой. Демек, іздеп келген Ақбаян болды ғой. Басқа кімнің іздеп келуі мүмкін? Қап, желімдей жабысқан бұл қыздан қалай құтылсам екен? Онысын сездіргісі келмей, байсалды кейіп танытты.

– Кім екен? Бұрын көрген қызыңыз ба?

– Қайдам, әйтеуір жүзі таныс қыз секілді. Көрсем көрген шығармын. Бізде де қайбір ес қалды дейсің, шырағым. Ойбуй, бетім-ай. Екеуміз әңгімелесе беріптік қой. Шықсайшы, анау қыз жаурап қалды ғой. Ұят болды-ау ә.

Мараттың шыққысы келмей, кежегесі кейін тартып тұрса да, ләж жоқ шықты. «Ақбаян болса, шу шығарнып жүрмесін» деген пиғылмен ғана аяғын санай басып, әзер шықты. Ойлағанындай Ақбаян екен. Жақтырмағанын білдіріп, амандық сұрасудың орнына дүрсе қоя берді.

– Неге келе бересің? Жұмысқа да барасың, енді үйіме іздеп келгенің не? Ұялмайсың ба?

Ақбаянның әбден жылағаны ісіп кеткен қабағынан білініп тұр. Аз күннің ішінде әжептеуір жүдеп те кетіпті.

– Марат, – деді даусы дірілдей, жыларман хәлде тұрып, – екі жыл бойы мені «сүйемін» деп келгенің расымен де жалған болғаны ма? Сүйе алмасаң, нең бар еді мені пәктігімнен айырып? Айтшы нең бар еді жанымды жаралап? Нең бар еді?

Ақбаян өз-өзін ұстай алмай, Маратты сабалап жылай берді. Үй жағына алаңдап, қарағыштап тұрған Мараттың зәресі ұшып кетті. «Біреу-міреу көріп қоя ма?» деген қорқынышпен Ақбаянды жұбата бастады.

– Баян, өзіңді ұсташы. Сен дұрыс түсінбедің? Жүрші, басқа жаққа барып, дұрыстап сөйлесейік, – дей берді. Іштей Ақбаянның қылығына зығырданы қайнай, жынданып тұрса да даусын барынша жұмсартып, үйінен аулаққа алып барады. Біраз жерге дейін ұзаған соң, етегі жасқа толып, егіліп тұрған Ақбаянды сілкілеп-сілкілеп алды. Даусын да зорайтып:

– Неменеге көзіңнің сорасын ағыза бересің? Үйге келіп айқай шығарғанда, бірдеңе өзгереді ғой, деймісің? Сен менің көз жасыңмен сезімімді оята алмайсың, керісінше ығырымды шығарасың. Не болды, тезірек айт! Менің уақытым жоқ, – деді зіркілдеп. Өткендегі айтқан сөзі әлі де жадынан шығар емес. Ашу терісіне сыймай, ызаланып әрең тұр.

– Менің енді шынымен де саған керегім жоқ па?

– Оған өзің кінәлісің?

– Менің кінәм болса неге ашып айтпайсың? Мені еңіретпей, бәрін өзіме ашық айтып, түсіндірмейсің бе? Өз аузыңнан естіген маған да жеңіл болар еді. Үн-түнсіз жоғалып кетіп, артыңнан іздеп барсам жын көргендей боласың? Адамгершіліктен жұрдай екенсің. Бұрын қалай байқамағанмын.

– Тағы да бастадың ба, мені жазғыруды? Сенімен салғыласып тұра беретін жәйім жоқ, – деп бұрыла берді. Бар намысын кері ысырып, Ақбаян соңынан ерді. Қайтеді енді? Құрсағында Мараттың сәбиі өсіп келеді. Күн өткен сайын үлкейіп, іші де білінуге жақын қалды. Әке-шешесі білсе, масқара. Оларды ұяттан өртегенше, өзі-ақ бар намысын жиыстырып, Маратқа жалынғаны дұрыс. Ия, жалынғаны дұрыс. Бәлкім, әке болатындығын естісе қуанар. Жүрегі жібіп, райынан қайтар. Қайта жарасып кетерміз. Не дегенімен де ортада дәнекр бар емес пе? Қалай жараспасын бір-біріне жіпсіз байланып тұрғанда. Бірақ, бұл тек Ақбаянның ғана ойы екен.

– Екі жылдық махаббатыңның бәрі де бекер болғаны ма? Бір-ақ сәтте бәрін ұмыта салғаның ба?

– Бәрін ұмыттырып жіберген өзіңсің.

– Соны неге бетіме басып айтпай, теріс айнала бересің? Мен де саған жабысып қалмайсын ғой.

Жұлқынып бұрылған Марат Ақбаянды екпінімен құлата жаздады. Көздері аларып, шатынап барады.

– Бұдан бұлай мені сен де ұмыт. Бұрынғының бәрі тек уақыт өткізу үшін ғана болған тірлік. Бәрі де жалған, – деген сөздері тісінің арасыннан ысылдай шықты. Ақбаянның жүрегі тоқтап қала жаздады. Әйтседе сезімге берілетін уақыт емес. Тез арада бойын жинап алды. Марат болса, зымырап кетіп барады. Ызаланған Ақбаян айқай салды.

– «Бәрі жалған» дейсің бе? Сонда мен құрсағымдағы баланы күлге аунап көтеріппін бе?

Зымырап кетіп бара жатқан Марат қалт тоқтады. Кілт бұрылған оның көздері шарасынан шыға жаздап бақырайып барады. Бір-екі аттап, Ақбаянның жанына жетіп келді.

– Не дейсің? Қандай бала? Сен не сандырақтап тұрсың? – дегенді тұтығып тұрып әрең айтты.

– Мен сенің балаңды көтеріп жүрмін. Марат, ақылға келші. Саған не көрінді? Қандай түлен сені түртіп жүрген? Екеуміздің махаббатымыздың жалған болуы мүмкін емес. Қалайша бәрін демде-ақ ұмыта саласың? Екеуміздің баламыз болады. Мені олай қинамашы, Марат.

Ақбаян солқылдап жылап жіберді. қыздың көз жасына селт етер Марат жоқ. Көздері ақиланып, Ақбаянның жағасынан бүре ұстады.

– Бәлеңді маған жаппа! Құдай білсін, сенің кіммен көңіл көтергеніңді?

– Марат?!

– Менің миымды баламен ашытпа. «Баламен айналдырып аламын» десең қателесесің.

– Өз балаңнан безгенің бе?

– Мен баламның сенен туылғанын қаламаймын, – деді де итеріп жіберді. Әупірімдеп Ақбаян теңселіп барып, құламай қалды. Мараттың сөздері өңменінен өтуде. Әр сөзі жанын аяздай қарып барады. Сонда да, өмірге келмеген бейкүнә сәбиі үшін тапталған ар-намысын да ұмытып, қайта жалынуға көшті.

– Мені танымайтындай сөйлемеші. Білесің ғой, сенен өзге ешкімді де қаламайтынымды? Неге жанымды қинай бересің? Марат, түсінші мені. Енді менің күнім не болмақ? Қарным шермиіп қалай жүремін. Бұлай сорлатып тастап кетпеші мені. Жалынамын саған. Аяшы мені. Балаңды қалай тірі жетімек етпексің? Марат, – деген Ақбаян солығын баса алмай, егіле берді. Аяқтары дірілдеп, бойынан әл кете тізерлеп отыра кетті. Өз хәлінің нашарлап бара жатқандығымен шаруасы жоқ, ашуға булығып тұрған Маратқа жәутеңдеп, телміре қарайды. Үлкен үмітпен күтуде. Жан-жағына алақ-жұлақ қараған Марат зіркілдеп тұр.

– Ертең барып баланы алғызасың.

– Немене? – Ақбаянның даусы тым ащы шықты. Басқаны күтсе де дәл бұндай сорақылықты күтпепті. Жаны сығылып, қиналып барады.

– Марат, есің дұрыс па? Ол – екеуміздің баламыз ғой. Қалай өз қолыммен оның өмірін қиямын?

– Соны о баста ойлануың керек еді.

– Марат?!

Ақбаянның жаны шырқырап, аузына мардымды сөз де түспей, өксікке тұншықты. Мараттың санасын оятар, жетесіне жетер сөз таппай, жаны ышқынды. Бұрынғы Маратын қалай өзіне қаратарын білмей, дал болды. Бір кездердегі көзімен аялай, әлпештеп елпек қағып тұратын сүйгенінің салқындығына жаны түршігіп барады. Еңсесін езген қайғыдан бойын жинай алмай, тізелері дірілдей бүгіле берді. Марат болса, төбесінен төне қарап, зіркілдеуін әсте доғарар емес.

– Менің басымды қатырмай, баланы алғыз. Маған әлі бала керек емес. Қазір үйленбеймін де. Ал, саған тіпті де үйленетін ойым жоқ. Осыны қазірден бастап түсінгенің жөн. Уақытты созбай баладан құтыл. Ақша керек болса өзім тауып беремін. Жұртты шулатып, өзіңнің абыройыңды текке кетіріп жүрме! Бәрібір мен сені алмаймын.

Сүйегінен өтіп жатқан сөздер Ақбаянды одан сайын жерге тығып, тұқыртуда. Байғұс қыздың сол кездегі жай-күйі кез-келген жанның жанын түршіктіріп, көзіне жас алдырары хақ. Ал, Марат міз бақпастан, жек көре қарап тұра берді. Оның бар ойы – Ақбаяннан да, баласынан да тезірек құтылу. Әйтпесе, Жұлдыз сезіп қалар болса, басынан бағының тайғаны. Ақбаяннан құтыла алмай жүрген де оның құрсағындағы баласы тіптен есінен алжастыра жаздады. Еш кінәсіз Ақбаян көзіне әзірейілдей болып көрінуде, Сондықтан да шығар қыз жанын аяусыз жаралай түсті. Онсыз да екі иығы үздіксіз селкілдей егіліп отырған Ақбаянды қитұрқы сөздерімен түйрей берді. 

– Өзің емес пе едің? «біздің көп балалырымыз болса, біз солардың қызықшылығын бірге көріп, жұбымызды жазбай бірге қартайсақ,» демейтін бе едің? Қайда сол кездердегі сезімге толы сөздерің мен берген уәделерің? Қайда? Айтшы, неге менің сезіміммен ойнайсың? Неге?

Тығырыққа тірелген қыз жаны бұл азапқа шыдай алмай, ышқына жылайды. Жанындай сүйген, иманындай сенген Маратының әрбір сүйектен өтер сөздері мен жанына аяздай батар қылықтары өзегін өкінішпен өртеуде. Ақбаянның әсерлі сөздері де көз жасы да, тіпті өз қанынан жаралған баласы да Маратты өткен күндерге қайтарта алмады. Жұлдыз оның бар ақыл-есін жаулап алған тәрізді.

  ***

– Бір түрлі ыңғайсыздау ғой. Танысып-біліспей жатып, ол қызды қалай басып алып қашамын.

– Өй, сен де бір… Жігіт емеспісің, барған соң көндіріп аларсың.

– Көнбей қойса ше?

– Көнеді. Көнбегенде қайда барады дейсің? Қыздардың әдеті емес пе, іштей қалап тұрса да, бәлсіне беретін.

– Қайдам, әйтеуір шу шығарып, «сотқа беремін!» деп жүрмесе не қылсын. Ауру шешемді келін түсіріп қуантамын деп жүріп, ажалынан үш күн бұрын жөнелтіп жібермейін.

Жалғас ауыр бір күрсініп салды. Дәл қазіргі кезде үйленіп, жар құшағында алаңсыз ләззатқа батып жатқысы да жоқ. Тек қайран шешесінің ажал тырнағына ілініп жатқандағы «аһ» ұрып, «шіркін-ай», деген бір асыл арманына жеткізсем екен деген ғана ниетте. Әйтпесе, аяулы анасының жанары сөніп бара жатқан кезінде той тойлап, көңіл көтеруге қалай жүрегі дауаласын. Көзін ашып көргелі тек анасының ыстық алақаны мен мейірімді жанары ғана. Әкесі ертеректе өзге әйелдің соңынан кеткен. Содан бері қаншама жылдар өтсе-дағы мамасы ешкімге де дес бермей, сезімге ерімей келеді. Сезімге берілмей, нәзіктігін мойындамайтын әйел болушы ма еді? Тек ұлын ешкімге жәутеңдетіп, өгейлік көрсеткісі жоқ. «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» жалғыз өзі өсіріп жетілдірді. Еліміз егемендік алып, тоқырауға ұшырап, аяққа тұра алмай жатқанда, күндіз-түні еңбек етіп, Жалғасты жоғарғы оқу орнына түсіріп еді. Өз денсаулығын да ұмыт қалдырып, жалғызының жолында құрбан болды. Ақыры сол салғырттығынан ауруы асқынып, дәм-тұзы таусылатын күн де таяу екен. Қандай қиындықтарды бастан кешірсе де, ұлының болашағына сенім артып, сол сенімді көңіліне медеу тұтып, жігерленіп жүруші еді. Енді, сол бейнетінің зейнетін де көре алмай, арманда кетіп барады. Жалғастың анасынан айырылып қалатынын іші сезіп, жүрегі тілімдене сыздауда. Жаратылысқа қарсы келе алмайтын шарасыз хәлде. Әйтеуір қолынан бар келері, перзенттік борышы – тезірек келін түсіріп, қолынан шәй ішкізу еді. Уайымнан арыла алмай жүргенде қайдан қыз таңдап жатсын? Төрт жыл бірге оқыған досының көмегіне жүгінді. Жақсы жар тауып беруіне қалтықсыз сеніп еді.

– Ол қызды қалай шығарамыз? Әке-шешесі не дер екен? Өмірінде көрмеген бейтаныс жігітке тұрмысқа шыққанына қарсы болатын шығар. Үйге келіп, қырғын шығарып жүрмей ме? – Жалғастың қайта ұнжырғасы түсіп, сары уайымға салына берді.

– Түу, сен неменеге уайымдай бересің? Бәрін өзім ұйымдастырып беремін.

– Қандай қыз өзі? Шешеме қарайтын қыз ба?

– Тамаша қыз. Жаны нәзік, көңілі бостау, сен сияқты. Сен оның өткенін қозғап, көңілін қалдыра берме. Былайынша керемет қыз ғой. Тек жанын түсініп, сыйлай білсең…

– Жақсы қыз болса, болды. Маған оның өткенінің де кеткенінің де қажеті шамалы. Тек шешеме оң қабақ танытып, иіліп тұрса болды. Анам өмір бойы менің өсіп-өнгенімді аңсап, бар күш-жігерін жұмсап келеді, – деген Жалғастың даусы дірілдеп, теріс бұрыла берді. Көзіне келіп қалған жасты досына көрсеткісі жоқ. Көңілі құлазып, жан-дүниесі азынап барады.

– Мақұл, бәрін өзім реттеймін. Кешке орталық аялдамада тұра бер. Қызды өзіміз алып шығамыз, – деді Марат арамдығын ішке бүгіп. Адамның пейілі бұзылмасын, бір бұзылса қайта қалпына келуі қиын екен-ау. Қиындығы соншалық, адамның санасына кірмейтін сорақылыққа да аянбай бара береді екен. Мараттың қылығы бір оқпен екі қоянды атқанмен теңдей болуда. Ақбаяннан қалай құтыларын білмей, басы қатып жүргенінде, «іздегенге сұраған» демекші, Жалғастың өзі де келе қалды. «Бұл Жаратқанның маған жіберген көмегі, жәрдемі. Тығырықтан шығар жолды өзі меңзеп тұр емес пе?» деген жаңсақ пікірде болған Марат ойға алған ісінен еш тартынбастан қызу кірісіп те кетті. Үстінен ауыр жүк түскелі тұрғандай, терең-терең тыныс алып, жүзіне күлкі үйіріле береді. Өзінің ісінен еш ағаттықты көріп тұрған жоқ. Қайта қиналған екеуінің де сауабын алып, бақытқа кенелтемін дейді. Махаббаттан көзі де көкірегі де біржолата соқырланып барады. Ақбаянның құрсағындағы өз перзентіне де сезімі селт етер емес. Тезірек, басына машақат тудырған олардан құтылғанша асықты. «Арғы жағы өздеріне байланысты» деп күбірлеп қояды.

  ***

Ақбаянның жүрегі аузына тығыла жаздап, дүрсілдейді. Көңілі қанша жермен-жексен болса да, Маратты көргенде бәрі-бәрі ұмыт қалды. Айна алдында тұрғанына да едәуір уақыт болды. Көңілі толқып, бір күледі, бір жылайды. Әйтеуір, жан-дүнесінің аласапыраны шығуда. Босағада бақылап тұрған жеңгесіне жалт қарап, қуанғанына жылап жіберді.

– Жеңеше, сізге айттым ғой. Марат мені сүйеді. Ол мені кешке кездесуге шақырды. Бәсе деймін-ау, менің Маратым қалайша тез өзгере қалды десем. Анау қаладан келген қыз басын айналдырып, маған қарсы қойған екен ғой. Әйтпесе, Марат мені шексіз сүйеді. Біз қайта жарасып, бақытты боламыз. Жеңеше, мен қандай бақыттымын, – деп жеңгесін құшақтай алды. Нұргүл қайынсіңілісінің жүрегінің дүрсілінен-ақ, ессіз ғашық екендігін түсінді. Алайда, осы уақытқа дейін тым-тырыс кеткен жігітінің шынайы сезіміне сене алмаған көңілі күпті еді. Неше күннен бері нәр татпай, жылай берген қайынсіңілісінің сүзектен тұрғандай солыңқы жүзінің бүгін ерекше жадырап тұрғанын қуанып, ләж жоқ, басын изей берді.

– Қайда барамыз, Марат? – деді көлікке отырып жатып. Арада еш нәрсе болмағандай, өкпе-ренішсіз жарқылдай сөйледі. Шынында да солай еді. Мараттың не бір жанға батар сөздері мен қылықтары Ақбаянның жадынан шығып кеткендей, Көздері жайнап, бақыттан екі беті қызара балбырайды. Рульде отырған жүргізуші жас жігіттен де ұялып-қысылар емес. Үнсіз түнеріп отырған Мараттың иығына асыла кетті.

– Біліп едім, сенің мен тастамайтындығыңды. Сүйетіндігіңді мына жерім сезеді ғой, – деп Мараттың қолын сол жақ жүрек тұсына жақындатты. Көңіліне ерекше шаттық ұялаған бейбақ қыздың даусы да жарқын-жарқын шығады. Жүргізуші жігіт түкке түсінер емес. Айнасынан артқы салонда отырған екеуіне қайта-қайта қарайды. «Басқаша келіскен едік қой. Мына қыз неменеге Маратқа үздігіп өліп барады. Әлде… Мараттың дені сау ма? Жүретін қызын өзге біреуге өз қолымен шығарып беретіні қалай? Бейшара қыз-ай, аңқылдап отыр ғой, ағынан жарылып. Имандай сенген жігітің сені тұзаққа түсіргелі отыр. Өзіне емес, мүлде бөтен адамның қармағына» дейді іштей, Ақбаянға жаны ашып. Айтуға әттең тіл қысқа.

Орталық аялдамаға келгенде келісілгендей көлік сырғи келіп тоқтады. Жүргізуші жігіт көліктен шығып кетті. Оңаша қалған сәтте Марат Ақбаянның қолынан ұстап, өзіне қаратты да;

– Ақбаян, өмір деген осы. Тағдырдың пешенемізге жазғанынан артық көреріміз жоқ. Сен басыңа түскенді иығымен еш мүжілмей көтереріңе нық сенімдімін. Мені кешір, – деді күмілжи отырып. Ақбаянның алып-ұшқан жүрегі тоқтап қала жаздады. Бал-бұл жайнаған реңі де өзгеріп сала берді.

– Не айтып кеттің? Астарламай, турасын айтсаңшы, – деді үрейлене. Қызды үркітіп алмаудың амалына көшкен намыссыз жігіт ыржалақтай берді.

– Бүгін сен келін болып, ақ босағаны аттағалы отырсың? Өзіңе алдын-ала ескертпегеніме ренжіме. Бұл барлығымыз үшін ең тиімді жолы осы болды.

– Рас па? Неге соны адамның үрейін ұшырып айтасың? – деген Ақбаян Мараттың мойнына асыла кетті. Қайдан білсін арам пиғылдың құрбаны болып кетеріне? «Марат мені үйіне алып барып, басыма орамал жабады екен» деген қуаныштан есі шығып, екі көзіне ерік берді. Басқаша ойлауға ол кезде бейбақ қыздың мұршасы да болған жоқ. Аңғал қызда арам ой қайдан болсын?

– Үйге бармас бұрын қалаға барып қыдырып, қайталық, – деді.

– Жарайды. Сен мені жердің түбіне алып барсаң да, саған еріп жүре беремін.

– Ақбаян, – деді, Марат жүзі мың құбыла түсіп, өтіріктің қисынын қалай құрастырарын білмей, абдырап, – Сен маған көлік ішінде жабысып, сезімге беріле бер ме? Жарай ма? Жалғас деген досымның жағдайы қиын. Тіпті мүшкіл десем де болады. Соның көзінше әңгімелеспей-ақ қоялық. Ол қалаға барғанда өз жөнімен кетеді ғой. оған дейін үн-түнсіз барайық.

Көңіліне еш күдік алмаған қыз басын изеп, «мақұлдай» берді.

 Олар қалаға жеткенше үн-түнсіз барды. Тек тыныштықты бұзып тұрған әсем ән ғана. Барлығыда әсем әннің әуеніне елітіп, әркім өз ойларымен арпалысып кетті. Қалаға жеткенде уәде бойынша Марат жолда түсіп қалды.

– Сендер жүре беріңдер. Мен қазір бір досыммен бірге арттарыңнан қуып жетемін, – деген. Ақбаян танымайтын жігіттердің арасында жалғыз отырғысы келмей, көздері бақырая берген. Әлдене деуге оқтала бергенінде, Марат алдын орап, сөйлеуге мұршасын келтірмеді.

Көлік межелі жерге емес, қаладан шығып, басқа жаққа бет алды. Артына жалтақ-жалтақ қарайлаумен болған Ақбаянның басқа жолға түскеннен кейін көңіліне күдік ұялай бастады. Жүргізуші жігіттің иығынан жұлқылап:

– Біз қайда барамыз? Марат қайда қалды? Қане оның соңымыздан қуып жетемін дегені? – деп үрейлене сұрақты жаудыра бастады. Жүргізуші жігітте үн жоқ. Тістеніп алған. Бар ашуын рульден алғысы келетіндей, сығымдай ұстап алыпты. Жанында отырған Жалғасқа ызала көз тастап қояды. Аңғал қыздың шыр-пыры шыққанына ет-жүрегі езіле жаздап отырса да, келісілген шешім осы. Бұның міндеті тек айтылған жерге тіке жеткізу ғана. Қалғанында шаруасы жоқ.

Мүлдем көрмеген жаққа бағыт алып бара жатқан көлікте Ақбаянның шырылдаған үні құлақ тұндыра жаздады. Сәт сайын Мараттың опасыздығы  түйсігіне ақырындап жетіп жатты. Соны сезінудің өзі қыз үшін өте ауыр соққы болуда. Жалғастың да үні шығар емес. Іштей ұстараның жүзінде отырғандай, қылпылдап барады. Қызға жаны ашығанымен ауру шешесінің көз жұмбас алдын арманына жеткізгісі келген ниеті басымырақ болып барады. «Бақытты болып кетерміз. Анам үшін оны бақытты етуге барынша тырысамын,» деп іштей өз-өзін қайраттандырып келеді. Жол әлі ұзақ. Біраз шақырымдарды артқа тастаулары керек. Ақбаян болса, шырқырап, тыным табар емес.

– Қайда барамыз? Қайда? Сендер Маратпен неге келісіп едіңдер? Сендердің де қарындастарың бар шығар. Мені аясаңдар не етті?

Жүргізуші жігіт бұдан арыға шыдай алмады. Тап осыны өзі ұйымдастырып, үлкен күнәға батқалы тұрған жандай, жаны қысылып кетті. Зуылдап келе жатқан көлігін жол жиегіне бұра берді.

– Замандас, – деді, Жалғасқа қарап, – сендерге қыз баласы мал емес қой, артып алып жүре беретін. Неге алдын-ала келісіп алмайсыңдар? Маған дүниенің құнын төлесеңдер де бұдан ары жүре алмаймын. Маған біреудің көз жасының артылғаны керек емес. Обал емес пе? Қалайша дәттерің барады? Сендер бір-біріңді танымайсыңдар да? Мына қыз қайда, кімге, не үшін кетіп бара жатқандығын да білмейді. Сана-сезімі бар адам баласысыңдар ғой, бір-біріңе жағдайды түсіндіріп айтыңдар. Осы бастан ашып айтыңдар, – деді де, екеуін оңаша қалдырып, көліктен түсті.

Бір шикіліктің барын түсінген Ақбаян Жалғасқа тарпа бас салды.

– Сен кімсің? Мені қайда алып барасың? Не мақсатпен алып барасың? Бәрін айт, қане! Марат пен қалай келістің? Ол оңбаған саған не деді? – деген сияқты сұрақтарды қарша боратты. Алғашында үнсіз отырған Жалғас даусы дірілдей отырып, бәрін баяндап берді. Ақбаянның мына сұмдықты естіп, жаны түршікті. Тіпті есінен адаса жаздады десе де болғандай. Аузына сөз түсер емес. Маратты жазғырар, оның айуандығына тең келер теңеу сөз таба алар емес. Миы шыңылдап, қаны басына шапты. Бір сәт есеңгіреп, отырып қалды. Әлден уақыттан кейін барып, әзер тілге келді.

– Мен өзімді бұлайша қорлайды деп ойламаппын. Қалайша оның бұндай тірлікке дәті барады? Сене алар емеспін. Қалай байқамай келгенмін? Мен сонда қандай жанды сүйгенмін? Көр соқыр екенмін ғой. Қалайша оның құшағында жатып, арамдығын сезе алмағанмын?

Ақбаян қыстыға жылады. Жалғас елең ете қалды. Артына шұғыл бұрылып;

– Не дедің? Сонда сендер…, – деді де тосылып қалды.

– Ия, біздер бір кездердегі айырылмас ғашықтар едік. Бір кездердегі деймін-ау, күні кеше қол ұстасып, талай түнді бірге өткізіп едік.

– Олай болса, Марат неге маған сені ұсынды екен? Түкке түсінсем бұйырмасын?!

– Өйткені…, – Ақбаян өксігін баса алар емес. Жүрегі тілімдене ашып бара жатқан секілді. Әр сөзін үзіп-созып әрең айтады. – Өйткені, бір ай болды, жұмысына жаңадан келген қызбен көңіл жарастырып жүргеніне. Мені адам құрлы көрмей, тастап кетті. Тіпті ешнәрсені де түсіндірместен, жанымды жаралап, хайуаннан бетер болып кетті ғой.

Екі оттың ортасында қалғандай күй кешкен Жалғастың басы қатып кетті. Қыздың да жан-дүниесін түсініп, жаны ашып тұр. Әйтсе де уақыт тығыздығы жағдайды саралауға мұрша берер емес. Ойланып отырды да, қызға жалт қарады. Көзінен ерекше ұшқын оты да жарқ етті.

– Ақбаян, бәрібір енді Маратпен жарасып кете алмасың анық. Текке жүрегіңді жаралап, соның бейнесімен өміріңді өксіткенше, жолымыздан қалмайық.

Нені меңзеп, астарлап тұрғанын жақсы түсінген қыздың өзегі өртене жаздап барады.

– Жоқ, ол мүмкін емес, – дейді, ішкі зарын көз жасымен шығара отырып.

– Анам хәл үстінде жатыр. Ең соңғы арманына жеткізсем деп едім. Сен мені кешір. Екеуміз қосылсақ, мен сені жылатпаймын.

Ақбаян басын шайқады.

– Менің анамнан басқа ешкімім жоқ. Түсінші мені. Білемін буынсыз жерге пышақ ұрып тұрғанымды. Бірақ, екеуміздің де жетісіп тұрғанымыз шамалы ғой.

– Болмайды.

– Қайдан білесің, біз бақытты болып кетерміз. Ақбаян, сенің жақсылығыңды өмір бойы ұмытпаймын. Өзіңе қарыздар, борыштар болып өтер едім. Уақыт жоқ. Біз барғанша анам үзіліп кетпесе жарар еді. Көмектесіңізші. Жаны қысылған Жалғас еңкілдеп жылап жіберді. Соқталдай жігіттің еңіреп отырғанына жаны ашыса да, қолдан келер қайран жоқ. Әттең, көмектескісі келеді. Анасын ақтық сапарға армансыз аттандырғысы келеді-ақ. Бірақ…

– Жыламаңызшы. Өтінемін, жыламаңызшы, – дей беріпті сасқанынан. Өзінің де ет-жүрегі езіле, қосыла жылап отыр. Әп-сәттің ішінде болып жатқан оқиғалар жанын жаншып-ақ жіберді.

– Менің келіншегім болыңызшы. Анама бір кесе шәйіңізді күлімсірей құйып берсеңіз, мен сіздің өмір бойы құлыңыз болып өтер едім. Қолымдағы барымды берер едім.

Жігіттің жалына жылап отырғанына шыдай алмады.

– Барар едім. Әттең… Әттең құрсағымда Мараттың баласы болмағанда сіздің жарыңыз болуға әбден келісер едім.

– Не-е?

– Ия, жағдай солай. Мараттың жылтыр сөзіне сеніп, оның баласын көтеріп жүрмін.

– Марат білмейтін ба еді?

– «Маған қазір баланың керегі жоқ. Алғызып таста!» деген.

– Марат мен ойлағаннан да ары хайуан екен ғой. Өзінің бас пайдасы үшін екеумізді де құрбандыққа шалыпты.

Жалғас қайта тұңғиыққа батты. Ең соңғы үміті үзілгендей, екі иығы селкілдей ұзақ жылады.

– Анам не бары жиырма бес жасында тірі жесір атанып, мені өзі жалғыз өсіріп еді. Талай қиындықтарды мен үшін жеңіп келіп еді. Мен перзенттік борышымды да өтей алмадым. Бейнетінің зейнетін көре алмай, кетіп барады. Менің қызықшылығымнан өзге еш нәрсені де армандап аңсаған емес. Тым болмаса, көзінің тірісінде келін де түсіріп бере алмадым-ау.

– Анаңыз жазылып кетсін, Иншаллаһ. Өзіңізге адал досты да, адал жарды да таңдауда енді қайтып қателеспеуіңізді тілеймін. Мені босатыңыз. Уақыт созбай анаңыздың жанына барыңыз. Дұрысы сол. Ризалығыңызды беріп, қамқорлығыңызды аямасаңыз, анаңыз да армансыз өтер.

Жалғас басын шұлғи берді. Екеуінің де Маратқа деген ашу-ызалары шексіз. Опасыздығына, иттігіне қатты көңілдері қалып, қапаланды.

  ***

Бәрінен де оңай құтылғанына Марат өз-өзіне іштей дән риза. Жалғас та, Ақбаян да қайтып алдына әлі бір рет те келген емес. Ұзын құлақтан естуі бойынша, олар үйленбепті. Ақбаян жарты жолдан кері қайтыпты. Біраз күнге дейін Марат қорқынышпен жүрді. «Екеуінің біреуі келіп, сазайынымды тартқыза ма?» деп үрейленіп, қуыстанып жүрген. Ешкім артынан іздеп келіп, қудаламаған соң, бәрін ұмыт қалдырды. Ақбаянның қалай тым-тырыс жатқанына таңқалды. Тыңшылары арқылы Ақбаянның қалаға кетіп қалғанын естіді. Сәрі, жұрт көзіне көрінуге дәті шыдамаса керек. Марат онысын естіп, қуанбаса, өкінген жоқ. Еш кедергісіз, Жұлдызбен айлы түнде қыдырып, қызыққа батып жатты. Ақбаянның жүктілігі есіне сап етіп түсуі мұң екен. Бүкіл денесі тітіркеніп кетті. «Ол босанып алғанша, Жұлдызбен үйленіп алуы керек. Әйтпесе туып алған соң, тағы да қырғын шығарып, есімді алып жүрер. Тезірек Жұлдызға үйленбесем, айырылып қалармын» деген өзінің арам пиғылына басып, тыпырши бастады. Көп өтпей-ақ, Жұлдызбен отау құрды.

  ***

Ақбаянның бойындағы өзгерісті алғаш байқаған анасы Рахима еді. Күнде көзі бұлаудай болып ісіп кететін қызының сырын түсіне алмай, келінін ортаға сала беретін. Алайда, қайынсіңілісінің тек өзіне ғана ашылып айтар сырын Нұргүл енесінен жасырып қалатын. Аяғының ауырлағанын білгенде іштей өкініп те, қорқып та қалды. Енесінің айбатынан қаймығып, қипақтап, жанын қоярға жер таппай кетті.

– Қап, бекер жасырған екенмін. Екеуінің түнделетіп кездесулеріне талай рет мен көмектесіп едім, Енді барлығымыздың да ісіміз әшкере болатын болды. Нем бар еді, соларға жаным ашып? – деп өз-өзін іштей мүжи берді. Айналшықтап, Ақбаянның жанынан шықпайды.

– Еркем, – дейді атын атамай, еркелете, – апам бәрін біліп қойыпты. Сен енді бәрін айтасың ба?

Басына түскен қат-қабат қайғылардан есін жия алмай отырған Ақбаян басын шайқай берді. Не үшін басын шайқап жатқаны өзіне де аян емес-ау. Жеңгесінің де бір сөзін естісе, бір сөзін есітпейді. Естіген сөздеріне мән беріп те жатқан жоқ. Мең-зең күйде мәңгүрт жандарша еш сезімсіз жата береді. Мараттың бір айдың ішіндегі оқыс қылықтарын санасына сіңіре алмай, тұңғиыққа батуда.

– Сен бәрін айтар болсаң, енем бірінші мені аямайтын шығар. Ағаң мені ұрып өлтіреді. Сенің жүктілігіңді менен көретіні анық. «Әдейі ұйымдастырғансың» деместеріне кім кепіл? Нең бар еді, өзіңді сүймейтін сүмелекпен байланысып? Өткенде кездесуге гүл-гүл жайнап кетіп едің ғой. Түн ортасы ауғанда келгендегі түрің адам шошырлық. Не болды, айтсайшы. Марат сені ренжітті ме?

«Білмеймін» дегендей, Ақбаян иығын қиқаң еткізді. Шын мәнінде жеңгесінің бір сөзін де түсініп жатқан жоқ. Қайталап сұрауға зауқы соқпады. Ойлау жүйесі өз жұмысын тоқтатқандай, дел-сал күйге түскен.

Рахима қызын қанша тергеп-тексере қыспаққа алса да, мардымды жауабын ала алмай, діңкесі құрыды. Отағасынан, қала берді үлкен ұлының қиқар мінезінен қаймыққан шарасыз ана өзінің де қызының да абыройын ойлап, қалада тұратын сіңілісінің үйіне бір-ақ күнде аттандырып жіберді. Сіңлісіне де қайта-қайта пысықтап, етегі жасқа толардай, егілді.

– Көзімнің қарашығындай бір-ақ түйір қызым еді. Нағима-ау, қызыма бас-көз болып, пана болшы. Сенен өзге сүйенер кімім бар? Әкесі білсе, мені де оны да тірі қоймайды. Ел-жұрттан да ұят-тағы. Жасанды түсік жасатуға да жүрегім дауалар емес. Құдайдан қорқамын. Жұрттың өсегінен қорқып, өз қолыммен қызымды өмір бойы аналық бақытынан айырып жіберемін бе? деген қорқынышым да жоқ емес. Бұл тығырықтан шығар жолды бірге табайық. Сенің көз алдыңда жүре тұрсын. Аудан орталығында тұратын біздің үйге күніне бір емес бірнеше ағайындарымыз бас сұқпай өтпейді. Сен бізге көмектесші.

Сіңлісі әпкесінің тоқтаусыз аққан көз жасына жаны ашып, еш қарсылықсыз келісе берді. Әрі өзі жұмыста кезінде кішкентайларының ас-ауқатын даярлайтын сіңілісінің келгеніне қуанбаса ренжіген жоқ.

– Қызың қайда? – деп сұраған күйеуінің көзіне тіке қарамастан;

– Оқуына кетті. Шұғыл шақыртқан екен, – дей салды. Алайда көзі ашық Омардың көкейіне күдік ұялай, қайта сұрады.

– Қайдағы оқу? Ол сыртқы бөлімде оқымайтын ба еді? Әлі сессиясы басталар уақыт емес қой.

Рахима сасқалақтап, қызарақтап әбіржіп кетті. Кемпірінің сыры өзіне аян. Әлдебір жайтты жасырып тұрғанын іші сезіп, сұрақтың астына алды.

– Қызың қайда? Көзіме тура қарап жауап бер!

– Қалада ғой, – деген Рахима көзін жерден алмастан, басы салбыраған күйі күмілжи берді. Омар үстелді дәу жұдырығымен қойып қалды. Үстіндегі ыдыстар саңғырлап, кейбірі құлап жатты. Рахима қоянның көжегіндей, дір-дір етіп бүрісе берді. «Ұсталған жерім осы. Құрыдық, біттік. Өлдік бәріміз» деп өмірінен үмітін үзе бастап еді. Есік ауызда тың тыңдап тұрған Нұргүл жайраң қағып келе қалды.

– Апа, Еркемді оқуға тұрғызып келдіңіз бе? Негізінде жақсы оқу ғой. Әттең мен де сол үш айлық оқуды оқып алсам жаман болмас еді. Үйде отырып-ақ, тігіс тігіп, ақша табар едім, – де-еп отыр.

– Ол қандай үш айлық оқу?

– Тігіншілік оқу екен. Еркемнің біраз құрбылары оқып алыпты. Жақсы ғой, үйде отырып-ақ тапсырыстар қабылдап, ақша табуға болады. Сізге айтпақшы болған. Бірақ, ашуыңыздан қорықты. «Бір оқуды қарық қылып, бітіріп алмай ма? екі оқуына қалай ақша тауып беремін» деп айқайлай ма деп айта алмады. Әрі қабылдар, қабылдамасын білмей, әрі-сәрі күйде кетіп еді. Қыз баласына жүдә дауа жұмыс қой, – деп аузы-аузына жұғар емес. Еш шімірікпестен өтірікті шындай етіп, бөсіп отыр. Омар иланған сыңай танытып, тырысқан қабағы жазыла бастады.

– Е-е, онысы несі екен? «Өнер оқып, үйренемін» десе, жолынан қалдырмас едім ғой. Мейлі, алдынан жарылқасын.

Рахиманың иығын басқан зіл аздап жеңілдегендей, еңсесін көтере, «уһ» деп, тереңінен дем алды. Маңдайынан мұздай тер бұрқ етті. Ажал тырнағынан құтқарып қалғандай, келініне жыламсырай қарады.

– Жазған-ау, неге өтірік айттың? – деді бір қаға беріс оңашада.

– Енді олай етпесем, сіз шыныңызды айтып, бәріміздің көзімізден сорамыз ағып отырар едік қой.

– Жарайсың, саған үлкен рахмет. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» дейді ғой, қысылған сәтте сөз тауып, құтқарып қалдың. Дегенмен, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, күндердің күнінде тағы да өтірігіміз шығып, анық сорлайтын күн сонда туып жүрмесін.

– Оған дейін тағы бір сылтау табармыз. Ең бастысы Еркемді атамның көзіне шалындырмай, аман-есен босандырып алуымыз керек.

– Содан кейін не істейміз? – деген енесі келініне телміре қарап қалыпты.

– Одан кейін, тәуірлеу жігітке тұрмысқа беріп жіберейік.

Рахиманың көздері бадырайып барады. Келінінің айлакерлігіне таңқала, жағасын ұстауда.

– Ойбай-ау, бала туған әйелді қандай тәуірлеу жігіт алсын? Қатыны өлген немесе ажырасқандары болмаса.

– Ой, апа, ол жағынан қам жемеңізші. Сіз тек аузыңызға берік болсаңыз болғаны. Мен Еркемді қыздай етіп, қолдан ұзатамын, – деп лепіре сөйлеген келініне не сенер, не сенбесін білмей, Рахиманың басы қатып кетті.

  ***

– Әпке, тез жетіңіз! Ақбаянның хәлі нашарлап барады, – деген хабарды ести сала, қос өкпесін қолына ұстай, Рахима қалаға қарай құстай ұшты. Қызының қылығынан қанша көңілі қалып, сыртқа тепсе де, іштен шыққан шұбар жыланы емес пе? Қалаға жеткенше зәре-құты қашып, жанын шүберекке түйгендей, дегбірі қашып барды. Әншейінде лезде-ақ жетіп баратын көліктерде шыдамын тауысып, әрең жетті. Жол бойы ойына не бір жаман ойлар оралып, жүрегі де қысылып, бей-жай күйге түсті. Әйтеуір шыдамының түгесілер шағында қалаға да келіп жетті-ау. Сіңілісі күтіп алды. Ол бейшараның да түрінен-түр қалмаған. Әбден қорыққаны үрейленген көзінен білініп тұр.

– Қызым қайда? Не болып қалды менің қарашығыма? – деген Рахима амандықтан бұрын жыламсырай үн қатқаны осы болды. Осы бір-екі ауыз сөздің өзін әрең айтты. Аузын ашса-ақ болды жылап жіберудің сәл-ақ алдында.

– Ақбаян қазір перзентханада. Жүріңіз тезірек сонда барайық, – деген олар такси ұстап, тіке перзентханаға бет алды.

– Қызыңыздың хәлі нашарлап барады. Сіздерден несін жасырайын? Ота жасауға рұқсат етіңіздер. Бәрібір одан басқа шарамыз қалмады. Ақбаянның өзі босануына бойында әл-қуаты қалмай, әлсіреп барады. Тезірек іске кіріспесек, екеуінен де айырылып қалу қаупіміз бар, – дегенде Рахима шалқасына құлай жаздады. Тосын хабар басына найзағайдың отын түсіргенмен тең болуда. Бір сәт есеңгіреп, теңселіп кетті.

– Сабыр сақтаңыз. Бәрі жақсы болсын, десеңіз қызыңыздың амандығын тілеп, Құдайға сыйына беріңіз. Құр байбалам салып жылағанмен ешнәрсе өзгермейді, – деген бас дәрігер асыға кетіп барады. Рахима тілден айырылғандай, меңіреу кейіпке еніп кеткен. Әрбір минут олар үшін жылмен теңдей, уақыт шіркінді өткізе алмай, есіктен кірген-шыққан ақ халаттылардың жүзіне телміре қарайды. Ота жасау уақыты үш сағатқа созылды. Осы аралықта бейбақ анада сан рет өліп-тірілгендей, аласұрып кетті. Маңдайының терін сүрткілей, бас дәрігер де шықты. Рахиманың көзіне қараған дәрігер айтар ойын жинақтай алмай, әбіржіді де қалды. Өйткені Рахиманың жанарынан қаймығып, жаны түршікті. Қызынан айырылып қалу қаупінен жан иманы қалмай, қорыққан ананың мұңға толған жанары қабырғасын қайыстыр барады. Сонда да ләж жоқ, бәрін айтуға тура келіп тұр. Көңілін аулап жасырғанымен, «қар астына жасырғаның, күн шыққанда белгілі болады» деген бар емес пе? Ақбаянның санаулы-ақ сағаттары қалғанын біліп тұрып, жалған айтып, ана жүрегін тағы да тілімдегісі келмеді. Шындықты айтты. Рахима аңыраған күйі құлай берген.

–  Негізі жан сақтау бөліміне бөгде адамдардың кіруіне қатаң тыйым салынған. Әйтсе де, қаны бір қазақпыз ғой. Ақбаянның өтінішін жерге тастай алмадым. Айтары бар көрінеді. Тек біреуіңіз ғана кіресіздер. Сіздерден өтініш, көп сөйлетпеңіздер. Байғұс қыз онсыз да көп қиналды, жылап, жігерін жасытпаңыз. Ең…, – деген дәрігер тосылып қалды. «Ең болмаса, өлер алдында жаны жай тапсын,» дей жаздап, тілін тістей қойды.

– Әпке, жыламаңыз. Жарай ма? Ақбаянға ризалығыңызды беріп, маңдайынан сүйіңіз, – деген Нағима есік аузында қалып қойды.

Рахима қызының түрін көріп, жүрегі үзіліп кете жаздады. Ернін тістелеген күйі тамағына тіреліп тұрған ащы өксіктерін әрең тежейді. Қап-қара болып түнеріп кеткен қызының жүзіне қарап, ет-жүрегі езіліп кетті. Әттең, қызы үшін өз жанын пида етер еді. Егер одан қызы аман қалар болса…

– Қызым…

Рахима одан артық сөзді айта алмады. Айтар сөзі көп-ақ. Тек жылап жіберуден қорқып, өксікке тұншығып, сөйлей алмай қалды. Ақбаян әлдене дегісі келіп, мамасына қиыла қарайды. Қараған жанарының өзі анасының жүрегін тілгілеп барады.

– Мам.. кешірші. Баламды… әкесіне табыс етіңізші, – деген сөздердің өзін күш көріп, үзіп-созып әрең айтты. «Баламды жетімдер үйіне немесе осы жерге тастап кетпеңіздер. Ешкімге де бермеңіздер. Білемін сіздер оны асырай алмайсыздар. Әкем не дер екен? Өмірдің есігін ашпай жатып, шешесінен айырылған балапаным тым болмаса әкесінің қамқорында болсын. Мені кешіріңіздерші. Әттең…, әттең.» деген өкініш аралас өтінішпен телміре қараған қызының жанарынан осы сөздерді оқығандай болды. Оқығандай емес-ау, ана жүрегі қызының жан-дүниесіндегі арпалысты аналық түйсігімен сезініп тұр. Сезінген сайын езілуде. Қолдан келер қайран жоқ. Уақытты текке кетірмей, ажалмен арпалысып жатқан қызын қинағысы келмей, басын изей берді.

– Әкесі кім? – деп маңдайынан аялай сипады. Алақаны мұздай терді сезініп, тұла бойы түршігіп, тоңған адамша қалшылдап барады.

– Жеңешем… біледі.

– Мақұл жаным. Әкесіне табыс етеміз. Сендей қызымның барына мен бақыттымын. Ризамын саған, жарығым, дей берді. Өз-өзін ұстай алмай, екі көзінен жас моншақтары парлай жөнелді.

– Ма-ма, – деген Ақбаян сәл күлімсірегендей болды да, көзін жұма берген. Рахиманың зарлы даусы бүкіл аурухана ішін күңірентіп жіберді.

 ***

– Марат!

– Ау, жаным? Не дейсің?

– Мен өзімді біртүрлі сезініп жүрмін.

– Неге? Саған біреу күн көрсетпей жүр ме? Әлде төркініңді сағындың ба? Ертең барып келейік.

– Жоқ, олай емес.

– Енді не?

– Менің аяғым ауыр сияқты.

Марат бір сәт есеңгіреп тұрып қалды да, қарсы алдында тұрған келіншегін жас балаша көтеріп алды.

– Рас па? Мен әке боламын ба? Мен қандай бақыттымын, – дейді үйді басына көтере айқайлап.

– Қойшы, айқайламасай. Ұят қой. Түсір мені, – деп, Жұлдыз ыңғайсызданып барады. Марат үй ішінің әлі ұйқы құшағында жатқаны жадынан шығып кеткендей. Бар даусымен айқайлап, қуанышын жасыра алмады. Жанұя мүшелері де таң атпастан шыққан дауысқа оянып, барлығы да жақсы жаңалықтан құлағдар болып, мәре-сәре болуда. Таңғы шайларын жүздері бал-бұл жайнай, шүйіркелесіп отырып ішті. Әке боларына шексіз қуанған Марат жас балаша елпек қағып кетті. Тап осы кезде үйге Рахима мен құндақтаулы нәресте көтерген келіні кіріп келе жатты. Бейтаныс жандардың суық түрлері мен суыт жүрістеріне таңдана қараған отбасы мүшелері бір-біріне аңтарылыса қарап қалыпты. Мараттың жадыраңқы жүзі бірден өзгеріп сала берді. Іші әлем-жәлем. Бұл адамдар өзіне жақсы таныс. Іштей бір сұмдықтың боларын сезіп, мелшиді де қалды.

Рахима мен келіні кезек-кезек жылап отырып, бәрін айтты. Мараттың әкесі де шешесі де бұл тосын жайттан өз-өздеріне келе алмай, еңселері түсіп кетті. Жұлдыздың аппақ жүзі бір бозарып, бір сұрланды. Марат та үн жоқ. Басын салбыратқан күйі көзін жерден алар емес.

– Немере расымен біздікі болса, неге сыртқа тебейік. Аламыз. Әттең, сәл ертерек білгенімізде, бұндай өкінішке бой алдырмас па едік? – деп күрсініп салды, Мараттың әкесі. Салы суға кетіп отырған Марат көзінің астымен Келіншегіне ұрлана қарады. Жұлдыздың түтіккен түрін көріп, батылданып шыға келді.

– Жоқ, мен ала алмаймын, – деді. Отырғандар дауыс шыққан жаққа жалт қарасты. Бәрі үрпиісе таңдана қарап қалыпты.

– Неге алмайсың? Оңбаған хайуан! Шешесін сорлатқаның аздай, енді келіп кінәсіз сәбиден де бас тартып, сорлатпақшымысың?

Әкесі адал, турашыл жан екен. Ұлының қылығына ұяттан өртене жаздап, әрең отыр. Ал, шешесінде үн жоқ. Бақуатты жерден шыққан келініне жалтақ-жалтақ қарап отыр.

– Ия, ата біз бұл баланы ала алмаймыз. Жақында өз баламыз да өмірге келеді. Мен біреудің баласын бауырыма баса алмаймын, керегі жоқ, – деген Жұлдыз без-без етеді. Тіпті әкесінен үлкен қайынатасынан да, өзінің кесірінен осындай қайғылы жағдайға душар болған Ақбаянның шешесінен де қысылып-қымтырылар емес.

– Асылық жасама, келін шырақ. Онсыз да тастанды атанған бейкүнә періштенің не кінәсі бар? Наласынан қорықсаңдаршы, – деп, атасы байғұс тұншығып қалды.

Етегі жасқа толып, өзегін өкініш өртеп отырған Рахиманың ашуы терісіне сыймай, әрең отыр.

– Жалғыз қызымның көзі бұл. Артында қалған жалғасы. Өзім-ақ, ешкімге бермей, қызымның көзіндей көріп, бауырыма басар едім. Тек қызымның соңғы өтініші осы болды. «Әкесіне табыстаңызшы» деп қиылып жатып үзіліп еді. Мен аманатқа қиянат жасай алмаймын. Қызымның әруағы үшін келіп отырмын. Әйтпесе, қызымның ажалына себепші болған ұлыңызды көрмек түгілі есіме де алғым жоқ. Қайтейін енді, ішім оттай қызып барады.

– Тым болмаса, Құдайдан қорықсаңыздаршы. Осы әрекеттеріңіз ерте ме кеш пе әлі алдарыңыздан шығар. Қайғыдан қан жұтып отырған апамды неге қинай бересіздер? – деп, Нұргүл жұлынды.

Еншісін алып, бөлек шыққан ағасы мен жеңгесі де дәл осы кезде қыдырып келе қалған. Олар да мән-жайдың сырына қанықты. Айша Жұлдыздай қаныпезер емес еді. Емшек іздеп шырқырап жылап жатқан нәрестеге жаны ашып кетті. Өзінің босанғанына да көп бола қоймаған. Үш айлық нәрестесі бар. Қолды-аяққа тұрмай, шырқырай берген баланы қолына алып, теріс бұрыла берді. Иіп кетті. Мәмесін аузына салып еді, бала жылауын сап тыйып, борпылдатып сора жөнелді. Бәрінің де назары осы жаққа ауған. Рахима жылап отырып, қызының өтінішін қайталап айтты. Әлден уақытта басын көтерген Айшаның жанары жасқа толып тұр еді.

– Жандосымның сыңарындай көріп, мен өзім өсіремін. Бұл менің балам болады, – деді. Барлығы да осы сөзге тоқталғандай, амалсыздан бастарын шұлғып отыра берген.

  ***

Жұмыс бабымен іссапарда жүрген Марат Жұлдыздың перзентханаға кеткенін ести сала бар жылдамдықпен зымырап келеді. Жұмысы да жайына қалған. Есіл-дерті Жұлдызы аман-есен босанса екен деумен бар ерезені бұзып та келеді. Сапырылысқан көліктерден де қаймығатын емес. Көзіне жын көрінгендей, жылдамдықты үдете берді. Үдете берді. Көңіліндегі үрейі көзін соқырлап тастағандай. Тезірек келіншегінің жанына бармаса, ол да Ақбаянның соңынан кетердей, жан иманы қалмай барады. Жол да ұзарып кеткендей, шыдамын тауысты. Тығырыққа тірелген санасынын түкпірінен әлдебір ойлар оянып, мазасын қашыруда. Ақбаянға жасаған қиянатын енді түсініп, іштей өкінетін де секілді. Неге екенін, әйтеуір осы жолда Ақбаян есіне түсе берді. Мұңлы жүзі көз алдынан көлбеңдеп, кетпей қойды. Мараттың сана-сезімі енді оянғандай, Ақбаянға жаны ашып, өзегін өкініш осып өтті. Басына іс түскелі тұрғанда Құдайды есіне алып, жасаған күнәлары үшін жалбарына кешірім сұрауда. Ақбаянның да әруағынан жалына кешірім сұрап, жан-дүниесі әлем-жәлем болып жатты. Қатты ойға беріліп кетті ме, әлде тағдырының жазуы сол болды ма екен? Алдындағы көліктен басып озамын дегенінде қарсы шыққан жүк көлігіне соқтығысты. Одан арғысы есінде жоқ. Құлағына «іңгәлаған» сәби үні талып жетеді.

   ***

Жұлдыз өзінің жүкті екендігін міндет қылып, жан-жағындағылардың бәрін мезі етіп, ығырларын шығарды. Қит етсе, өзіне ұнамаған жайттар туындап жатса, «мен баламды алғызамын. Тумаймын!» деп шыға келетін. Бәрі оның айтқанын жасап, жата кеп жалынатын. Әбден есірген жас келін басы артық тірлік істемей, өз жағдайын ғана жасап, жатып алатын. Жеріктігі мен тәлпіштігінде де шек жоқ. Туып жатқан жалғыз өзідей-ақ, тым асқақтап кетіп еді. Бойына бала біткеннен бастап, босанғанынша әбден жұрттың есін алып, шаршатып-ақ жіберді. Іштей тынған енесі де күйініп кеткенде, «Тезірек туатын баласын туса екен. Өлетін болдық қой бәріміз соның көңілін таба алмай,» деп қамыға жылап қалатын. Ол күн де алыс емес екен. Жұлдыздың таң ата басталған толғағы кешке дейін ұласты. Марат қалада болғандықтан, енесі жанында болған. Байғұс келінінің кекірейген түрінен түр қалмай, қиналып барады.

– Апа, апа-ау мені құтқарыңызшы. Апатайым, жаным-ай, – деп ернін тістелеп, зар еңіреген келініне қосыла енесі де егілді. Бар өкпе-реніштерін де ұмытып кеткен. Әбден әлсіреген Жұлдызды дәрігерлер ота жасау бөліміне алып кетті де, етегі жасқа толған енесі сыртта қалды. Аурухана есігінде жылап тұрған ананың жүрегі әлденеге қобалжулы. Аурухана есігіне бір, көше жаққа бір телміре қарай-қарай көзі талды.

– Бұл бала неге келмей жатыр? Неге кешікті екен? «Жолға шығып барамын» дегеніне де біраз болды ғой. Осы уақытқа дейін мына тұрған қалаға бір емес екі-үш рет барып келетін уақыт болды. Қайда жүр екен. Аман болсыншы, жарығым. Иншаллаһ, аманшылық бере геөр. Жаман аттарын естірте көрмеші, Жаратқан, – деген ана жүрегі әлденеден секемденетін де секілді. Әйтеуір, құрғыр жүрегі тағат таппай, кеудесін жарып шығардай дүрсіл қағады. Бір жамандықтың боларын жүрегі сездіріп жатса да , тек жақсылыққа жори берді. Өз ойынан өзі де қорқып, жалғыз өзі кешқұрым сәкі үстінде күбірлей берді. Күбірлей берді. Кеш батып, айналаны қараңғылық басқан сәтте, көше жақтан үлкен ұлы мен келінінің қарасы көрінді. Түрлерінің солғындығын көрген кейуана отырған жеріне қозғала алмай қалды.

– Маратыма не болды? Неге кешігіп жатыр? – деп, сезімін тұсаулай алмай, еңкілдеп жылап жіберді. Күні бойы уайыммен қорыққан ұлы мен келіні келгенде көз жасымен ағыл-тегіл төгіліп жатты. Келіні көзін алып қашып, ернін тістелей берді. Ұлы болса, анасын құшағына қысып, дір-дір етеді. Әлдебір сұмдықтың болғанын іші сезген анасы аңырай жөнелді.

– Ұлым-ау, жарығым-ау, қайдасың? Тірідей өлтірдің ғой, бармысың? Қайда менің Маратым? Жоқ па? Өлді ме? – дейді жүрегі тілімдене. Айша енесін құшақтап, жұбата алмай әлек.

– Апа, екі кештің арасында жаман ырым бастамаңызшы. Жұлдыздың аман-есен болуын тілейік. Апа, жылағаныңыз не?

– Маратым қайда? Айырылып қалдым ба?

– Қайдағыны айтпаңызшы? Айырылғаны несі?

– Қайда онда? Неге келмей жатыр?

Айша көзін тайдырып әкетті. Қалай айтарын білмей, іштей қиналуда. Айтпайын десе, енесі аурухана ауласын басына көтере аңырауда. Лаж жоқ, шындықты айтуға тура келді.

– Апа, Марат жолда асығып келе жатып, апатқа ұшырапты.

– Құлыным-ау, бізді тастап кеткенің бе? – деген енесі дауыс салып, аңырай жөнелді. Жан-жағындағылардан қысылған Айша енесін көндіре алмай, әбігерге түсті.

– Түу, апа! Қойыңызшы, жаман ырым бастап, жоқтай бермей. Балаңыз аман ғой. Неге жоқтау сала бересіз?

– А-а? қайда өзі?

– Ауруханада жатыр.

– Тәуір ме?

– Бастысы аман екен. Соған шүкіршілік етейік. Сынған сүйектері қалпына келер. Сіз жылай берсеңіз, жамандық шақырасыз? Жұлдыздың жағдайы қалай? – деп сөзді басқа арнаға бұрды. Бір сәт есеңгіреп қалған енесі есін жия алар емес.

– Үш сағаттай уақыт болды ғой, ота жасалынып жатқанына. Әлі ешкім маған бір дерегін айтар емес. Байғұс келінім әбден қиналды-ау. Байы ана жақта қиналуда, өзі мына жақта. Құдайға не жазып еді сонша, қосарлана қиналып? – деп, енесі жаулығының ұшымен көзін сүрткіштей берді. Ұлы жұбатып әлек. Ал, Айша не дерін білмеді. Дәлірек, айтар сөзін айта алмай, іштен тынды. «»Құдайға не жазып еді?» деп тіл тигізгеніңіз қалай? Күпірлік еткен өздері. Олар не істемеді? жап-жас өрімдей қызды екі қабат күйінше мазақ етіп тастап кетті. Онысымен қоймай, жәбірлепті. Жүйкесі тозаған қыз өздігіне босана алмай, бақилық болып кетті. Аманат еткен баласын да сыртқа теуіп, өз баласынан жиреніп, сыртқа тепті. Ақыл қосатын ақылшысы жан-жары ма? Отқа май құйғандай ол да жыланның баласын бауырына басардай, сонша ыршып, жанына жуытпап еді? Адамның наласы ешқайда жібермейді. Құдай бар. Жазаларын ерте ме кеш пе, бәрібір тартады. Бұл олардың өздерінің жасаған күнәларының қайтарымы. Оған несіне таңқаласыз?» дегісі-ақ келді. Алайда, дәл қазір ондай сөздердің бірін де егіліп отырған ана жүрегі көтере алмасы анық.

  ***

Жұлдыздың баласы іштен өлі туылды. Ота жасау кезінде жатыры зақымданып, кейіннен жатыры түгелімен алып тасталынды. Оны естіген Жұлдыз қайғыдан еңсесін көтере алмай, төсек тартып жатып қалды. Өмір бойы аналық бақытты сезіне алмайтын бақытсыздығына тек өзін кінәлай, өзегін өкініш өртей, ұзақ жылады. Күйеуінің де мүгедектігі жанына аяздай батуда. Марат аман қалғанымен өздігінен жүріп-тұра алмайтын хәлге душар болған. Екі аяғынан бірдей айырылып, кескен томардай болып қалған. Екеунің де жанарлары жасқа толып, өзектері өртенуде. Екеуі екі бөлмеде жатып, күні ұзақ егіледі. Өз қателіктерін кеш те болса, түсініп, Жаратқаннан жалбарына кешірім сұрауда. Адамның наласы жібермейді екен. Әсіресе, қорғансыз еш кінәсіз періште сәбидің наласының жазасы тым күшті болады екен.

  ***

Айша егіз ұлдардай етіп екі баласын да бірдей етіп киіндіріп, қолдарынан ұстап жетектеп кіріп келеді. Екеуі де сүп-сүйкімді. Көрген жандар олардың расымен де егіз екендіктеріне шүбә келтірмейді. Бір-бірінен аумай қалған. Қанша дегенімен бауырлардың ұлдар емес пе? Әрі бір емшектен нәр алып, құлын-тайдай тебісіп, бірге өсіп келеді. Екі жасқа енді аяқ басқан олардың тілдері де қылықтары да тәтті. Лезде, құлазып тұрған үй ішін толассыз бақытқа кенелтіп жіберді. Екеуі де жүгіріп келіп, бірі атасының, бірі апасының мойындарына асылуда. Еркелеп, қайғыдан жаншылған көңілге шаттық ұялатты. Шәй жасап жүрген Жұлдыздың көзіне жас үйірілді. Кезінде осы баланы жатсынып, керек етпеген имансыз жүрегіне зығырданы қайнай, бөлмесіне кіре төсегіне өкіре құлады. Қол арбада отырған Марат өз ұлына сұқтана қарап қалыпты. Екі көзінен жас парлай ағуда. Сүп-сүйкімді өзінің аузынан түсіп қалғандай бауыр еті баласының әрбір қылығына жүрегі елжірей сүйсініп қарауда. Айшаны «мамалап» мойнына асылғанда ішін қызғаныштың оты шарпып өтті. Осын сезгендей анасы да, даусы дірілдей:

– Айбекжан, Марат көкеңнің бетінен сүйе қойшы. Сені сағынып қалыпты, – дегенді тамағына тас тығыла әзер айтты.

Пәк көңілді періште сәби құлдыраңдай келіп, қол арбада отырған Мараттың бетінен құшырлана ынты-шынтысымен шөпілдетіп сүйіп жатыр. Марат шыдай алмады. Жан-дүниесінің астаң-кестеңі шығып, ұлын құшақтаған күйі екі иығы селкілдей берді.

– Балам менің, құлыным. Жүрегім менің, жаным. Ұлым, ұлым, – дей берді. Ұлынан тап қазір айырылып қалардай, баланың қарсылығына қараймай, тарс қылып құшақтап алыпты. Айбек те әкесі екендігін білмесе де жұдырықтай жүрегі сезді ме екен? Әйтеуір, соқталдай «көкесінің» аңырап жылап, өзін жібермей қатты құшақтап тұрғанына қорықпай, үнсіз тұр. Жаны рахаттанатындай, көздерін жұмып алыпты. Екеуіне қарап көзіне жас алмаған жан қалмады. Айша тумаса да туғанында болып кеткен ұлының сыңарынан айырылып қаларын сезді ме, аузын басқан күйі сыртқа атылып шықты.

Ия, бұны тағдыр дейміз бе? Әлде адамдардың өздері қолдан жасап алған, астамшылдықтан туған бақытсыздығы дейміз бе? Не десекте, Марат та, Жұлдыз да өз қателіктерін бар жан-тәндерімен мойындап, Өзектерін өкініш өртеуде. Тек көңілдеріне шаттық ұялатар, өмірге деген құштарлықтарын оятар орталарындағы Айбек қана. Кезінде керек етпеген баланы екеуі де жүректері елжірей, асты-үстіне түсе жаздап, бәйек болуда. Сол бала үшін өмірден баз кешпей, өмір сүріп келеді.

Айшадай жаны нұрға бөленген пенделер кемде-кем шығар, бұл өмірде. Сұрастырып жүріп, таныс-тамыр арттырып, Мараттың аяғына протоз салып беретін дәрігермен өзі келісіп келді.

Кезінде көкірегі көк тірердей шікірейген Марат бұл күнде протез аяқпен таксист болып, адамдарға қызмет жасап жүр. Жұлдыз екеуі Айбекті орталарына алып, апта сайын, балаларының нағашылары, яғни Рахима апаның үйіне қонаққа барып тұрады. Ерке де сүйкімді бала ол жақты да қуанышқа көмкеріп, мәре-сәре болып қайтады. Өмір –қателік пен сабақтан тұрады біле білген жанға…

Ақ НИЕТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған