«ДӘУІР ДАСТАНГЕРІ»

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасында оқырмандар арасында Қазақстанның халық жазушысы Ілияс Есенберлиннің 105 жылдығына орай «Дәуір дастангері» атты іс-шара өтті.

Жазушы, ұлт мақтанышы Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ халқы тарихының төрінен алатын дара тұлға. Олай деуіміздің бірнеше себебі бар. Ол қазақ хандығының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресі тақырыбына қалам тартты. Қалам тартып қана қойған жоқ, өзінің эпикалық құлашы, халық өмірінің сан алуан қырын кең қамтуы, қазақ тарихының кемеңгер көсемдерінің қайталанбас бейнесін сомдауы жағынан өзге туындылардан оқ бойы алда тұрған талантты шығармасы – «Көшпенділер» тарихи трилогиясын дүниеге әкелді. Бүгінде дүниежүзінің көптеген халықтарының тіліне аударылып, әлденеше рет басылған жазушының осы еңбегін хандық дәуірдегі қазақ өмірінің энциклопедиясы десек артық айтқандық болмас. Шын мәнінде Ілияс Есенберлин – қазақ халқының сан ғасырғы тарихын көркем тілмен бейнелеп, қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан үздік қаламгер. Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінің тарихында бүгінгі күнге дейін ең көп роман жазған жазушы ретінде белгілі. Оның қолынан шыққан романдарының барлығы да оқырманның оң бағасына ие болған.

Іс-шара барысында «Дәуір дастангері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрме сөрелеріне ЖБШ, БНШ, «сөйлейтін» кітаптар қойылды. Оқырмандар арасынан Лесбек Аманов, Ниязбек Наханов, Мадина Ермаханова Ілияс Есенберлиннің шығармаларынан өздері оқыған туындыларын ортаға салып, пікір алмасып, ойларымен бөлісіп, шығармаларды талдады. Сонымен қатар, өздеріне қажетті рухани ақпарат алып, дара тұлғаның өмірімен танысып қана қоймай, ой түйісіп тарасты.

Роза ШОЛДАНБАЕВА,

Шымкент қалалық арнайы кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған