АБАЙДЫ ОҚЫ, ТАҢЫРҚА!

Президент Абайдың 175 жылдық мерейтойы туралы Жарлыққа қол қойды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 30 мамырда ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы жарлыққа қол қойды.

2020 жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Осыған байланысты мемлекет басшысы үкіметке бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, биыл 1 шілдеге дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылуы тиіс. Ал 1 қазанға дейін мерейтойдың жалпыреспубликалық жоспары бекітілуі керек. Бұдан өзге мемлекет басшысы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін жаңғыртуды, Абайдың мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуді, ақын еңбектерін шет тілдерге сапалы аудару сияқты шараларды іске асыруды тапсырған болатын. Сол жарлық бойынша бүкіл республика бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр, Шымкент қаласының З.Хусанов атындағы №110 жалпы орта мектептің қазақ тілі мұғалімдері Қалдар Әбдірова мен Маржан Алимбековалардың ұйымдастыруымен «Абайды оқы, таңырқа!» атты әдеби-сайыс кешін ұйымдастырыпты. Бір кереметі, маған қатты әсер еткені сол кешті Сайрам ауылының музейінде өткізгені, кіре берісінде ақын Абайға арналып жасалған кітап көрмесі, ары қарай музейдің жәдігерлерін тамашалай екінші қабатқа көтерілгенде шаңырақ жасалып, онда Абайдың бейнесіндегі кітап оқып, өз шығармашылығымен айналысып отырған Ибрахим Пардабековты кездестіргенде баяғы Семейде Абай Құнанбайұлының ауылында жүргендей сезімде болдым. Әсерімді ары қарай балалардың Халмуратханова Мариямхон, Халмурат Кумишбуби (5кл.)Юнусметова Севинчтер ерекше беріліп өлеңдерін де қара сөздерін де әндерін де шырқап жатты. Шадиметов Д., Абдукадиров Н., Каримова Ч., Турсиметова С., Расулметов М., Махаматкулов А., Султаниязова М., Юнусметова М., Якуббекова У., Ботабаев Е., Абдуразақов А., Абай өлеңдері, әндері, қара сөздерімен толықтырып, кезек-кезек жалғастырып, бірінен соң бірі алып кетіп айтқанда мен сонау Абай атамыздың жылдарына, кезеңіне саяхаттап барып келдім. Әсіресе мені шын мәнісінде таза қазақ тілінде сөйлегені соншалық, (қазақ ауылында жүргендей сезіндім), өзбек балалары деп аты-жөндерін айтып таныстырғанда риза болдым.

Балалардың осындай өнерлерін көргенде қазіргі балалар кітап оқымайды дегенге кішкене сеніңкіремейді екенсің. Кештің соңы музей қызметкерлерінің құран бағыштап, ас беруімен аяқталды. Демалыс күнімді аталған мектептің жоспарланған іс шарасына арнағаныма қатты қуанбасам, өкінбедім. Барлығын сабақтастырып, байланыстыра отырып әдемі ұйымдастырған ұстаздар Қалдар мен Маржан ханымға, музейдің директоры Алимбекова Меруерт ханымға ерекше алғыстан басқа айтарым жоқ. Жұмыстарыңызға табыс тілей отырып, биік белестерден көрінулеріңізге тілектестігімді іштей білдіріп, әдемі сезімнен арыла алмай үйге қайттым.

Гүлшахар ӨТЕБАЙҚЫЗЫ,

Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған